Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 18 маусымдағы N 262 Заңы

       РҚАО-ның ескертуі: Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз.

       1-бап . Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 2-3, 25-құжат; 2001 ж., N 20, 258-құжат; 2002 ж., N 5, 50-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат; N 13, 74-құжат; 2005 ж., N 17-18, 73-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат):

      3-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-2) мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік органдардың, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ лауазымды адамдардың мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметінің тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      1-3) мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет саны, сапасы және қол жетімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәндерін, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібі мен жеке және заңды тұлғалардың белгіленген сан мен сапада мемлекеттік қызметтер көрсетуді алу құқығын қамтамасыз ететін, орындалуы міндетті өзге де нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;".

      2.»"Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 20, 379-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат):

      1) кіріспе»"жол бермеуге" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қызметке" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 1-бап мынадай мазмұндағы 2-2, 2-3, 2-4 және 2-5-тармақтармен толықтырылсын:
      "2-2. Мемлекеттік қызметтер деп жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру аясында мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет ұғынылады.
      2-3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет саны, сапасы және қол жетімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәндерін, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібі мен жеке және заңды тұлғалардың белгіленген сан мен сапада мемлекеттік қызметтер көрсетуді алу құқығын қамтамасыз ететін, орындалуы міндетті өзге де нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.
      2-4. Мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік органдардың, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ лауазымды адамдардың мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметінің тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт.
      2-5. Мемлекеттік қызметтер тізілімі - біртектес қызметтер ұсынуды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарды көрсете отырып, осындай қызметтердің топтары мен кіші топтарын қамтитын, республикалық және жергілікті деңгейлерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізбесі.";

      3) 2-баптың 1-тармағы 6) тармақшадағы "органдарының қызметінде қолданылады." деген сөздер "органдарының;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) мемлекеттік қызметтерді ұсынуы кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерінің қызметінде қолданылады.";

      4) 3-бап 11) тармақшадағы»"тиімділік принциптеріне негізделеді." деген сөздер "тиімділік;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
      "12) мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы принциптеріне негізделеді.";

      5) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:

      "9-1-бап. Регламенттер мен стандарттар

      1. Мемлекеттік орган өз қызметін ұйымдастыру мен оның ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды.
      2. Мемлекеттік орган ішкі қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл қызметі мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламентін қабылдайды.
      Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламенті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін әрбір мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қабылданады.
      3. Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламенті, мемлекеттік органның регламенті Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік стандарттар мен регламенттер негізінде әзірленеді.";

      6) 13-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.";

      7) мынадай мазмұндағы 15-1 және 15-2-баптармен толықтырылсын:

      "15-1-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге
                 асыру

      1. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру аясында қызметтер ұсынатын мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілері болып табылады.
      Мемлекеттік қызметтер көрсетуді мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.
      2. Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызмет мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламентінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін бекітеді.
      4. Мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілері оны көрсету үшін мемлекеттік органдардан, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардан қосымша ақпарат алу қажет болатын қызметті ұсыну кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбеген болса, жеке және заңды тұлғалардан оны талап етпестен қажетті ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.

      15-2-бап. Мемлекеттік органдардың жеке және заңды
                тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсынуы

      1. Мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсыну үшін веб-сайттар құрады.
      2. Мемлекеттік органдардың веб-сайттары: 
      1) мемлекеттік органның қызметі туралы жалпы ақпаратты;
      2) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері мен оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының тізбесін, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
      3) аумақтық органдардың (олар болған кезде) тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
      4) мемлекеттік органның қарамағындағы тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбелерін;
      5) жалпыға қол жетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға ұсынылатын электрондық қызметтердің тізбелерін;
      6) мемлекеттік орган қабылдаған және қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді;
      7) мемлекеттік орган заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қарауға қабылдайтын өтініш құжаттарының үлгілерін;
      8) ашық конкурстық сауда-саттықтар (тендерлер, аукциондар), сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтерді және оларды өткізу шарттарын, сондай-ақ оларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;
      9) мемлекеттік органда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тәртібі туралы ақпаратты, азаматтарды қабылдау кестесін, өтініштерге шолуларды, оларды қараудың нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты;
      10) мемлекеттік органның жарияланған бос лауазымдары туралы мәліметтерді, мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасу үшін
кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын;
      11) мемлекеттік органдар басшыларының және олардың
орынбасарларының ресми сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерінің мәтіндерін;
      12) "Сұрақ-жауап" сервисінің болуын;
      13) азаматтарға интерактивті сұрақтар қоюды;
      14) жаңалықтар тізбегін;
      15) мемлекеттік органның құзыретіне қатысты бөлікте саланың даму жай-күйін және серпінін сипаттайтын статистикалық деректер мен көрсеткіштерді;
      16) мемлекеттік органның қызметі туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;
      17) мемлекеттік органның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының почталық мекен-жайларын, электрондық почтасы мекен-жайларын, анықтама қызметтерінің телефондарын;
      18) өзге де бөлімдерді қамтуға тиіс.
      3. Мемлекеттік органның веб-сайтындағы жаңалықтар тізбегін өзектілік орайында жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге де бөлімдерді өзектілік орайында жаңарту қажеттілігіне қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      4. Веб-сайттағы ақпарат осы Заңның 13-бабы 4-тармағының талаптары ескеріле отырып орналастырылады.
      5. Мемлекеттік органдардың интерактивті және транзакциялық қызметтерді ұсынуы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.";

      8) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "23-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық

      Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.".

       2-бап . Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады