Байланыс формасы

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 24 қазандағы N 73-IV Заңы

      Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                    Н. Назарбаев

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісім

(2009 жылғы 15 қаңтарда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - мүше мемлекеттер),
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - ҰҚШҰ) жауапты аймағында және шекаралас өңірлерде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың ұжымдық негізінде қамтамасыз етуге өз талпынысын растай отырып,
      БҰҰ Жарғысында бекітілген мақсаттар мен принциптерге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне, халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына адалдығы туралы мәлімдей отырып,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартының мақсаттарын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысын, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгершілік қызметінің тетігін қалыптастыру және қызмет ету тұжырымдамасы туралы шешімін басшылыққа ала отырып,
      ҰҚШҰ мен оған мүше мемлекеттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі әлемдік қоғамдастықты күшейтуге тиімді түрде қатысуды қамтамасыз етудің маңыздылығына сүйене отырып,
      бітімгершілік қызметіне ҰҚШҰ-ның қатысуы әлемдік және өңірлік істердегі оның халықаралық ұстанымын, беделін және саяси салмағын нығайтудың пәрменді құралы деп есептей отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде берілген терминдер мынаны білдіреді:
      "ҰҚШҰ-ның бітімгершілік қызметі" - дауларды шешуге бағытталған (БҰҰ жарғысына сәйкес), бейбіт құралдар мен іс-қимылдарды, сондай-ақ үшінші тараптың араласуы жолымен мемлекеттер арасындағы немесе мемлекеттер шегіндегі әскери іс-қимылдарды болдырмауға, шектеуге және тоқтатуға бағытталған әскери, милиция (полиция) және азаматтық персоналды пайдалана отырып, мүше мемлекеттер қабылдайтын ұжымдық іс-қимылдарды қамтитын және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға ықпал ететін шаралар жиынтығы;
      "бейбітшілікті қолдау жөніндегі ҰҚШҰ операциясы" (бұдан әрі - бітімгершілік операциясы) - әлеуетті немесе болып жатқан жанжалдар аудандарындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қолданылатын, бітімгершілік операцияларын өткізуге арналған мандатқа сәйкес жүзеге асырылатын және жанжалды шешуге ықпал ететін жағдай жасауға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және қалпына келтіруге бағытталған әділ әскери, милиция (полиция) және азаматтық персоналдың мақсаттары, міндеттері, орны және уақыты бойынша өзара байланысты іс-қимылдар жиынтығы;
      "ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгершілік контингенттері" (бұдан әрі - бітімгершілік контингенттері) - арнайы даярланған әскери, милициялық (полициялық) және азаматтық персонал, сондай-ақ ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің құрамына мүше мемлекеттер ұсынатын күштер мен құралдар;
      "ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштері" (бұдан әрі - Бітімгершілік күштер) - ҰҚШҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысу үшін тағайындалған бітімгершілік контингенттер жиынтығы;
      "ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері" (бұдан әрі - ҰБК) - бітімгершілік операцияларын өткізу кезеңіне мүше мемлекеттер бөлінетін бітімгершілік контингенттер құрамының бөлімдері (бөлімшелері);
      "бітімгершілік операцияларын өткізуге арналған мандат" (бұдан әрі - Мандат) - ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (бұдан әрі - ҰҚК) шешімі немесе мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары бітімгершілік операциясын өткізген жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі, онда нақты бітімгершілік қызметтің мақсаттары мен міндеттері, уақытша және кеңістік шектері, басқа да бөлшектері, сондай-ақ келісімге келтірушінің өкілеттілігі айқындалады.
      Мандат ҰБК-ны жанжал аймағына орналастыру үшін құқықтық негіз және бітімгершілік операциясының жоспарын әзірлеу үшін бастапқы құжат болып табылады;
      "ҰҚШҰ бітімгершілік миссиясының басшысы" (бұдан әрі - бітімгершілік миссиясының басшысы) - ҰҚК тағайындаған және жанжал аймағында тиісті өкілеттіліктер берілген, оның атынан әрекет ететін және оған есеп беретін ресми тұлға;
      "ҰҚШҰ бітімгершілік операциясын дайындау жөніндегі жедел жұмыс тобы" (бұдан әрі - Топ) - әскери-саяси жағдай мониторингін жүргізу, жұмыс жағдайын орнында айқындау және бітімгершілік операцияларын өткізудің мақсаттылығы, болжамды мерзімдері мен ауқымдары, ҰБҚ құрамы мен міндеттері туралы ұсыныстарды, ұсынымдарды пысықтау, оларды бітімгершілік операцияларын өткізу ауданына өрістетуді қамтамасыз ету мақсатында ҰҚК уақытша құратын және әлеуетті немесе болып жатқан жанжал аймағына жіберілетін жұмыс тобы;
      "ҰБК персоналы" - ҰБҚ құрамына мүше мемлекеттердің бөлген бітімгершілік контингенттерінің арнайы даярланған әскери, милициялық (полициялық) және азаматтық персоналы.

2-бап

      Мүше мемлекеттер бітімгершілік операцияларына қатысу үшін тұрақты негізде Бітімгершілік күштерін құрады.
      Бітімгершілік күштерін жасақтау үшін өзі ұлттық заңнамасына сәйкес тұрақты негізде бітімгершілік контингенттерін бөледі.
      ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Бітімгершілік контингенттері ҰҚШҰ арналған бірыңғай бағдарламалар бойынша даярлықтан өтеді, қару-жарақтың және байланыстың бірыңғай немесе бірлескен нұсқаларымен жарақтандырылады, тұрақты бірлескен оқу-жаттығуларға қатысады.

3-бап

      Мүше мемлекеттердің аумағында бітімгершілік операциясын өткізу туралы шешімді мүше мемлекеттердің, оның аумағында бітімгершілік операциясын өткізу туралы ресми өтінішінің немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ҰҚШҰ-ға кірмейтін мемлекеттің аумағында бітімгершілік операциясын өткізу туралы шешімі негізінде мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын ескере отырып ҰҚК қабылдайды.
      Бітімгершілік операциясын өткізу туралы ҰҚК-ның шешімін дайындау ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңесінің хатшылар комитетінің (бұдан әрі - СІМК, ҚМК және ҚКХК) ұсынымы бойынша жүзеге асырылады.
      Әлеуетті немесе болып жатқан жанжал аймағындағы әскери-саяси жағдайды талдау және бітімгершілік операциясын өткізудің мақсаттылығы, оның ауқымы, мерзімі және ҰБҚ-ның құрамы туралы ұсыныстар әзірлеу үшін ҰҚК Топ құрады.
      Топтың құрамы, міндеттері мен функциялары ҰҚК бекітетін жеке Ережемен айқындалады.
      Бітімгершілік операциялары келіссөздер және басқа да бейбіт құралдары жолымен жанжалды реттеуді алмастырмайды.

4-бап

      ҰҚК мүше мемлекеттің аумағында бітімгершілік операциясын өткізуге өз шешімі туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін шұғыл хабардар етеді. Жанжалдың жағдайына, ауқымына және өңірдегі жағдайға оның ықпалына қарай, ҰҚК БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінен бітімгершілік операцияны өткізуге немесе БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін бітімгершілік операцияның барысы туралы кезең-кезеңімен хабардар ету рәсімін белгілеуге өкілеттік (Мандат) сұратуы мүмкін.
      Мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары жерлерде бітімгершілік операцияларын өткізу туралы шешім қабылданған жағдайда ҰҚК БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне бітімгершілік операцияларын өткізуге тиісті Мандатты беруіне сұрау салумен өтініш жасайды.
      ҰҚК Мандатты алғаннан кейін Бітімгершілік миссиясының басшысын тағайындайды.
      Бітімгершілік миссиясы басшысының мәртебесі мен өкілеттілігі ҰҚК бекітетін жеке Ережеде айқындалады.

5-бап

      Нақты бітімгершілік операциясына қатысу үшін Бітімгершілік күштері құрамынан ҰБК құрылады.
      ҰБК-ны жасақтау, оның құрылымы, міндеттері мен функциялары, ҰБК персоналының құқықтық мәртебесі, олардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен қаржыландыру ҰҚК бекітетін жеке Ережеде айқындалады.
      ҰҚК-ның құрамы, құрылымы мен саны әрбір бітімгершілік операциясы үшін ҰБК шешімімен жеке айқындалады.
      ҰБК қабылдайтын іс-қимылдар жанжалдасушы тараптардың айқын сипатталған келісуі кезінде және олар жанжал аумағында атыс және басқа да күш көрсету іс-қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол жеткізген жағдайда және бітімгершілік контингентінің қауіпсіздігі мен оның өзін-өзі қорғау құқығымен қамтамасыз еткен жағдайда алаламайтын, бейтараптық және ашықтық рухында жүзеге асырылады.
      Мүше мемлекеттердің бітімгершілік қызметін жүзеге асыруы тек ерікті сипатта болады.

6-бап

      ҰБК бітімгершілік операциясын дайындау мен өткізу барысында ҰҚК тағайындайтын және оған есеп беретін ҰБК-ның Қолбасшысына бағынады.
      ҰБК-ны дайындау жөніндегі іс-шараларды үйлестіру және бітімгершілік операцияларын өткізу ҰҚШҰ-ның Біріккен штабына жүктеледі.

7-бап

      ҰБК ҰҚК-ның шешімі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті шешімдері негізінде жүзеге асырылатын бітімгершілік операцияларына қатысуы мүмкін.
      ҰБК ҰҚК шешімі бойынша БҰҰ Жарғысының ережелеріне сәйкес және мәжбүрлеу іс-қимылдарынан тұрмайтын, олардың заңдық иелігінде жүзеге асырылатын және өңірлік ұйымдардың заңды шешімдері мен операцияны оның аумағында өткізуге мемлекеттің келісімі болған кезде өңірлік ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатысу үшін жіберіледі.

8-бап

      ҰҚШҰ БҰҰ-мен ұжымдық ерекше (резервтік) келісім жасасуы мүмкін.
      БҰҰ-мен ерекше (резервтік) келісімі бар әрбір мүше мемлекеттің ҰҚК-ға өзінің қатысуын хабарлай отырып, өзінің бітімгершілік контингенттерінің БҰҰ-ның мандаты бойынша немесе өңірлік ұйымдардың саясында бітімгершілік операцияларына қатысуға құқығы бар.

9-бап

      Мүше мемлекеттер жауынгерлік іс-қимылдардың қатысушысы ретінде ҰБК жауапкершілік аймағындағы міндеттерін орындайтын ҰБК-ның персоналын мойындайды және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы мәртебені сақтауға кепілдік береді.

10-бап

      Осы Келісім БҰҰ Жарлығының 102-бабына сәйкес БҰҰ-ның Хатшылығында тіркеледі.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді мүше мемлекеттер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

12-бап

      Осы Келісім депозитарийдің оған қол қойған мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енгізіледі.
      Осындай мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған мүше мемлекеттер үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарламаны сақтауға тапсырған күнінен бастап күшіне енгізіледі.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелері олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын мүше мемлекеттердің құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

14-бап

      Кез келген мүше мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлама жолдау арқылы осы Келісімнен шығуы мүмкін.
      Осы Келісімнің қолданылуы осы мүше мемлекетке қатысты депозитарийдің осындай хабарлама алған күнінен бастап 6 ай өткеннен кейін тоқтатылады.

15-бап

      Осы Келісімге кез келген мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша басқа мүше мемлекеттердің келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Олар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамамен ресімделеді.
      Өзгерістер мен толықтырулар туралы хаттамалар осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енгізіледі.
      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын ҰҚШҰ-ның Хатшылығында сақталады.

  Армения Республикасы үшін      Ресей Федерациясы үшін

  Беларусь Республикасы үшін     Тәжікстан Республикасы үшін

  Қазақстан Республикасы үшін    Өзбекстан Республикасы үшін

  Қырғыз Республикасы үшін

       Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды

      ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары

      полковник                           Ә. Кулбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады