Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 5 қаңтардағы N 120-IV Заңы

      Семейде 2006 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н. Назарбаев

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ
ШАРТ

      Осы Шарттың Тараптары,

      1997 жылғы 28 ақпанда қабылданған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Алматы декларациясын, 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері қабылдаған мәлімдемені, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру" деп аталған 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77А және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33W, 2002 жылғы 22 қарашадағы 57/69, 2003 жылғы 8 желтоқсандағы 58/518, 2004 жылғы 3 желтоқсандағы 59/513 және 2005 жылғы 8 желтоқсандағы 60/516 қарарлары мен шешімдерін және Орталық Азия елдері сарапшыларының консультативтік кеңесінің, ядролық қарулары бар мемлекеттердің және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған коммюникесін басшылыққа ала отырып ,

      осы қаруды жоюды түпкі мақсат етіп жаһандық деңгейде ядролық қаруды қысқарту жөніндегі жүйелі және дәйекті күш-жігер жұмсауды жалғастырудың, сондай-ақ, халықаралық қатаң да тиімді бақылау арқылы жалпыға бірдей және толық қарусыздану қажеттігін атап көрсете отырып және барлық мемлекеттер осы мақсатқа жетуге үлес қосуға міндетті екендіктеріне сенімді бола отырып,

      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ - ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдаланудағы ынтымақтастықты дамыту, радиоактивтік ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалтудағы ынтымақтастықты дамыту мен өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынына сенім білдіре отырып ,

      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ, әсіресе, егер Ядролық қаруды таратпау туралы 1968 жылғы шартта (бұдан әрі - ЯҚТШ деп аталады) танылған, ядролық қаруы бар бес мемлекет қоса беріліп отырған Қауіпсіздік кепілдігі туралы хаттамаға қосылатын болса, Орталық азия мемлекеттерінің қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдеседі деп есептей отырып ,

      Латын Америкасы мен Кариб бассейнін, Тынық мүхиттың оңтүстік бөлігін, Оңтүстік Шығыс Азия мен Африканы қоса алғанда, бірқатар өңірлерде ядролық қаруға иелік етуге, оны әзірлеуге, өндіруге, әкелуге және таратуға, сондай-ақ қолдануға немесе оны қолдану қаупіне тыйым салынған ядролық қарудан азат аймақтар құрылғанын тани отырып және осындай режимді бүкіл тіршілік игілігі үшін барлық ғаламшарымызға таратуға ұмтыла отырып ,

      1995 жылы Шарттың қолданысын қарау және ұзарту жөніндегі ЯҚШТ-ға, қатысушылардың конференциясында қабылданған ЯҚТШ-да "Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану принциптері мен мақсаттарында" және Шарттың қолданысын қарау жөніндегі ЯҚТШ-ға қатысушылардың 2000 жылғы конференциясының қорытынды құжатында баяндалған міндеттемелерді, сондай-ақ 1996 жылғы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартта баяндалған принциптер мен мақсаттарды қуаттай отырып ,

      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құруды шешті және төмендегілер туралы уағдаласты :

1-бап
Терминдердің анықтамасы және қолданылуы

      Осы Шарт пен оған Хаттаманың мақсаттары үшін:
      а) "Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ" - Қазақстан Республикасын, Қырғыз Республикасын, Тәжікстан Республикасын, Түркіменстанды және Өзбекстан Республикасын қамтиды;
      b) "ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғы" - осы қару немесе құрылғы әскери немесе азаматтық мақсаттарға қолданылуы мүмкін болуына қарамастан, ядролық энергия бөліп шығаруға қабілетті кез келген қаруды немесе басқа да жарылғыш құрылғыны білдіреді. Бұл термин құрастырылмаған немесе ішінара құрастырылған түрдегі осындай қаруды немесе құрылғыны қамтиды, алайда, егер одан ажыратуға болатын және оның ажырамас бөлігі болып табылмайтын болса, мұндай қаруды немесе құрылғыны тасымалдау немесе жеткізу құралдарын қамтымайды;
      с) "орналастыру" дегеніміз әкелуді, орналастыруды, жинақтауды, сақтауды, орнатуды және таратуды білдіреді;
      d) "ядролық материал" ол - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (бұдан әрі - МАГАТЭ деп аталады) ара-тұра енгізетін түзетулері есепке алына отырып, МАГАТЭ Жарғысының XX бабында белгіленгендей кез келген бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды білдіреді;
      е) "радиоактивті қалдықтар" - кез келген радиоактивті материалды, яғни іс жүзінде қолданудан шығарылатын немесе шығарылған және бұдан былай пайдаланылмайтын, оның белсенділігі және олардағы радионуклидтердің белсенділігінің шоғырлануы, МАГАТЭ жариялаған халықаралық нормалардың қолданысынан босату көзделетін төмен деңгейден артық радионуклиді бар кез келген затты білдіреді;
      f) "қондырғы" дегеніміз:
      і) реакторды, критикалық құрастырманы, конверсия жөніндегі зауытты, әзірлеу жөніндегі зауытты, қайта өңдеу қондырғысын, изотоптарды бөлуге арналған қондырғыны немесе жеке қойманы; немесе
      іі) әдетте бір эффективті килограмнан асатын мөлшердегі ядролық материал пайдаланылатын орынды білдіреді.

2-бап
Шарттың қолданысы

      а) Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты қолдану аясы Қазақстан Республикасына, Қырғыз Республикасына, Тәжікстан Республикасына, Түркіменстанға және Өзбекстан Республикасына тиесілі құрлықтағы кеңістіктер, барлық су кеңістіктері (айлақтар, көлдер, өзендер мен бұлақтар) және олардың үстіндегі әуе кеңістігі ретінде түгелдей осы Шарттың мақсаттарына арналып белгіленген;
      b) осы Шартта осы аймаққа кіруі немесе кірмеуі мүмкін, ештеңе де құрлықтықтағы немесе су кеңістігінің тиесілігіне немесе оның егемендігіне қатысты кез келген дауда Орталық Азия мемлекеттерінің кез келгенінің құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс және осы құқықтарды қандай да бір өзгеше түрде қозғамауға тиіс.

3-бап
Негізгі міндеттемелер

      1. Әрбір Тарап:
      а) кез келген нысанда және қай жерде болмасын кез келген ядролық қаруға немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыға зерттеу жүргізбеуге, әзірлемеуге, өндірмеуге, олардың қорын жинақтамауға немесе өзгедей түрде сатып алмауға, иеленбеуге немесе бақылау жасауды жүзеге асырмауға;
      b) кез келген ядролық қаруға немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыға зерттеу жүргізуге, оларды әзірлеуге, өндіруге, олардың қорларын жинақтауға, сатып алуға, иеленуге немесе оған бақылау жасауға ешқандай да көмек іздемеуге және алмауға;
      с) кез келген ядролық қаруға немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыға зерттеу жүргізуге, оларды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға, сатып алуға немесе иеленуге көмек көрсету үшін ешқандай іс-әрекет жасамауға және қолдамауға міндеттенеді;
      d) өз аумағында:
      і) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны өндіруге, сатып алуға, орналастыруға, сақтауға немесе қолдануға;
      іі) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны алуға, сақтауға, жинақтауға, орнатуға немесе иеленудің басқа да нысанына немесе оларға бақылау жасауға;
      ііі) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны әзірлеуге, өндіруге, олардың қорларын жинақтауға, сатып алуға және иеленуге немесе оларға бақылау жасауға жәрдем көрсетуге немесе қолдауға кімге болсын жол бермеуге міндеттенеді.
      2. Әрбір Тарап өз аумағында басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарын көмуге жол бермеуге міндеттенеді.

4-бап
Шетелдік кемелер, ұшу аппараттары және жер үсті көлігі

      Осы Шарттың мақсаттары мен міндеттеріне нұқсан келтірместен әрбір Тарап өзінің егемендік құқығын жүзеге асыру тәртібімен шетелдік кемелердің өзінің айлақтарына келуін және шетелдік ұшу аппараттарының өзінің әуежайларына қонуын қоса алғанда, өз аумағы арқылы әуе, құрлық немесе су жолдары транзитіне байланысты мәселелерді шешуге ерікті.

5-бап
Ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш
құрылғылар сынақтарына тыйым салу

      Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес әрбір Тарап:
      а) ядролық қарудың кез келген сынақ жарылысын және кез келген басқа да ядролық жарылысты жасамауға;
      b) өзінің заңды құзыреті аясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде мұндай кез келген ядролық жарылысқа тыйым салуға және оны болдырмауға;
      с) ядролық қарудың кез келген сынақ жарылысын және кез келген басқа да ядролық жарылысты жүргізуге түрткі болудан, көтермелеуден немесе қандай да бір қатысудан қалыс қалуға міндеттенеді.

6-бап
Экологиялық қауіпсіздік

      Әрбір Тарап ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларын әзірлеуге, өндіруге немесе сақтауға байланысты, атап айтқанда, уран қалдықтары қоймасының және ядролық сынақ полигондарының бұрынғы қызметінің нәтижесінде ластанған аумақтарды экологиялық тұрғыдан оңалту жөніндегі кез келген күш-жігерге жәрдемдесуге міндеттенеді.

7-бап
Ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану

      Тараптардың ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану құқығына осы Шарттың ешқандай ережесі нұқсан келтірмейді.

8-бап
МАГАТЭ кепілдіктері

      Әрбір Тарап:
      а) өзінің аумағында орналасқан, өзінің заңды құзыреті аясындағы немесе қай жерде болмасын өзінің бақылауындағы ядролық материалдарды және қондырғыларды тек қана бейбіт мақсаттарға пайдалануға;
      b) осы Шарт күшіне енгеннен кейін он сегіз айдан кешіктірмей ЯҚТШ-ға (INFCIRC/153 (Соrr.)) сәйкес, егер ол мұны әлі жасамаған болса, кепілдіктерді қолдану туралы МАГАТЭ-мен келісімді және Қосымша хаттаманы (ЕМТСІRС/540 (Соrr.)) жасасуға және оны қолданысқа енгізуге;
      с) ядролық қаруға иелік етпейтін кез келген мемлекетке, егер бұл мемлекет МАГАТЭ-мен осы баптың b) тармағында аталған жан-жақты кепілдіктер туралы келісімді және оған Қосымша хаттаманы жасаспаған болса, (і) бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды немесе (іі) жабдықтарды немесе арнаулы ыдырытқыш материалдарды өңдеуге, пайдалануға немесе оны өндіруге немесе материалды бермеуге міндеттенеді.

9-бап
Ядролық материалдар мен жабдықтарды іс жүзінде қорғау

      Әрбір Тарап рұқсатсыз пайдаланудың немесе айналымға салудың немесе ұрланудың алдын алу үшін ядролық материалдарды, қондырғылар мен жабдықтарды іс жүзінде қорғаудың тиімді стандарттарын қолдауға міндеттенеді. Әрбір Тарап осы мақсатта ішкі тасымалдау процесіндегі және сақтаудағы сондай-ақ халықаралық тасымалдау процесіндегі өз аумағында пайдаланылатын ядролық материалдарға қатысты және өз аумағындағы ядролық қондырғыларға қатысты 1987 жылғы Ядролық материалдарды іс жүзінде қорғау туралы конвенцияда және іс жүзінде қорғауға қатысты МАГАТЭ-де әзірленген ұсынымдарда және басшылық принциптерінде көзделген шаралардан тиімділігі кем емес, іс жүзінде қорғау шараларын қолдануға міндеттенеді.

10-бап
Консультативтік кездесулер

      Тараптар өз өкілдерінің жыл сайынғы кездесулерін алма-кезек өткізуге, сондай-ақ кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Шарттың сақталу мәселелерін немесе оны жүзеге асыруылуына байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін төтенше кездесулерге уағдаласады.

11-бап
Дауларды шешу

      Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, келіссөздер жолымен немесе Тараптар қажет деп тапқан өзге де құралдармен шешіледі.

12-бап
Басқа да келісімдер

      Осы Шарт Тараптардың осы Шарт күшіне енгенге дейін жасасуы мүмкін басқа да халықаралық шарттары бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.
      Тараптар Шартта баяндалған негізгі принциптерге сәйкес оның мақсаттарына тиімді түрде қол жеткізу және оның міндеттерін жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіс.

13-бап
Ескертулер

      Осы Шарт ескерту нысаны бола алмайды.

14-бап
Қол қою және ратификациялау

      а) осы Шарт Қазақстан Республикасы, Семей қаласында, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа енетін барлық мемлекеттердің: Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түркіменстанның және Өзбекстан Республикасының қол қоюы үшін ашық;
      b) осы Шарт ратификациялануға жатады.

15-бап
Күшіне енуі және қолданыс мерзімі

      а) осы Шарт ратификациялау туралы бесінші құжаттың Депозитарийге тапсырылған күнінен бастап 30 күн өтісімен күшіне енеді;
      b) осы Шарттың мерзімі шексіз болып табылады.

16-бап
Шарттан шығу

      а) Әрбір Тарап егер осы Шарттың мәніне байланысты ерекше жағдаяттар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Шарттан Депозитарий атына жазбаша хабарламаны жолдау арқылы шыға алады. Осындай хабарламада оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдаяттар туралы мәлімдеме болуы тиіс;
      b) Шарттан шығу Депозитарий хабарламаны алған күннен кейін 12 ай өткен соң күшіне енеді, осындай хабарламаны Шарттың барлық Тараптарына және Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге жібереді.

17-бап
Түзетулер

      а) Тараптардың бірі ұсынатын, Шартқа жасалатын кез келген түзету барлық Тараптарға жіберіледі және кем дегенде оның өткізілуінен кем дегенде тоқсан күн бұрын Консультативтік кездесуге ұсынылады;
      b) мұндай түзетуді қабылдау туралы шешімді Тараптар ымыраға келу арқылы қабылдайды;
      с) осындай жолмен қабылданған түзету осы түзетуді барлық Тараптардың ратификациялағаны туралы құжаттарды Депозитарий алғаннан кейін барлық Тараптар үшін күшіне енеді.

18-бап
Депозитарий

      а) осы Шарт осы Шарттың Депозитарийі болып тағайындалатын Қырғыз Республикасына сақтауға тапсырылады;
      b) Депозитарий, оның ішінде:
      і) осы Шартқа және оның Хаттамасына қол қою мүмкіндігін қамтамасыз етеді және осы Шартты және оның Хаттамасын ратификациялау туралы құжаттарды алады;
      іі) осы Шартты және оның Хаттамасын Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркейді;
      ііі) осы Шарттың және оның Хаттамасының куәландырылған даналарын барлық Тараптарға және Хаттаманың барлық Тараптарына жібереді және оларды осы Шартқа және оның Хаттамасына қол қойылғандығы және ратификацияланғандығы туралы хабардар етеді.

      Осыны куәландыру үшін , тиісті түрде оған уәкілетті төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      Екі мың алтыншы жылғы сегізінші қыркүйекте Қазақстан Республикасы, Семей қаласында ағылшын және орыс тілдерінде бір дана етіп жасалды және екі мәтін де тең түпнұсқа болып табылады.

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Түркіменстан үшін

Хаттама

      Осы Хаттаманың Тараптары,

      1997 жылғы 28 ақпанда қабылданған Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының Алматы декларациясына, 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері қабылдаған мәлімдемеге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру" деп аталған 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38 S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77А және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33 W, 2002 жылғы 22 қарашадағы 57/69, 2003 жылғы 8 желтоқсандағы 58/518, 2004 жылғы 3 желтоқсандағы 59/513 және 2005 жылғы 8 желтоқсандағы 60/516 қарарлары мен шешімдеріне және Орталық Азия елдері сарапшыларының консультативтік кеңесінің, ядролық қарулары бар мемлекеттердің және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған коммюникесіне сілтеме жасай отырып,

      түпкі мақсатқа - әлемді ядролық қарудан толық азат етуге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігіне, сондай-ақ осы мақсатқа қол жеткізуге барлық мемлекеттер өз үлесін қосуға міндетті екендігіне кәміл сенім білдіре отырып,

      осыған байланысты Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құруға жәрдем көрсетуге ұмтылыс білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Қауіпсіздіктің жағымсыз кепілдіктері

      Хаттаманың әрбір Тарабы ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны қолданбауға және Шарттың кез келген Тарапына қарсы олардың қолдану қаупін туғызбауға міндеттенеді.

2-бап
Заң бұзушылыққа жәрдемдеспеу

      Хаттаманың әрбір Тарабы олардың Тараптарының Шартты немесе осы Хаттаманы бұзатынын білдіретін ешқандай да актіге жәрдем көрсетпеуге міндеттенеді.

3-бап
Шартқа қатысты түзетулердің қолданысы

      Хаттаманың әрбір Тарабы Шарттың 17-ші бабына сәйкес Шартқа қатысты түзетулердің күшіне енуінен туындауы мүмкін осы Хаттама бойынша міндеттемелерінің кез келген өзгерісімен өзінің келісетінін немесе келіспейтінін Депозитарийге жазбаша хабарлама арқылы растауға міндеттенеді.

4-бап
Қол қою

      Осы Хаттама Қытай Халық Республикасының, Ресей Федерациясының, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің, Америка Құрама Штаттарының және Француз Республикасының қол қоюы үшін ашық.

5-бап
Ратификациялау

      Осы Хаттама ратификациялануға жатады.

6-бап
Хаттаманың қолданыс мерзімі және одан шығу

      а) осы Хаттама тұрақты сипатқа не және шексіз мерзімде өз күшінде қала береді;
      b) әрбір Тарап, егер осы Хаттаманың мәніне байланысты ерекше жағдаяттар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Хаттамадан Депозитарий атына жазбаша хабарламаны жолдау арқылы шыға алады. Осындай хабарламада оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдаяттар туралы мәлімдеме болуы тиіс;
      с) Хаттамадан шығу Депозитарий хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткен соң күшіне енеді, мұндай хабарламаны Шарттың барлық Тараптарына және осы Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге жібереді.

7-бап
Күшіне енуі

      Осы Хаттама оның әрбір Тарабы үшін оның Депозитарийге ратификациялау туралы өз құжатын тапсырған күнінен немесе Шарттың күшіне енген күнінен бастап - осы оқиғалардың қайсысының кешірек болатынына байланысты күшіне енеді.

      Қытай Халық Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі үшін

      Америка Құрама Штаттары үшін

      Француз Республикасы үшін

Орталық Азия мемлекеттерінің   
Сыртқы істер министрлері     
кездесуінің шешімімен қабылданды 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ
ШАРТТЫҢ 10-ШЫ БАБЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ
РӘСІМДІК ЕРЕЖЕЛЕР

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ
ШАРТҚА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕЗДЕСУЛЕРІ

       1. Консультативтік кездесулер

      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10-шы бабына сәйкес Тараптар Шартты сақтау мәселелерін немесе оны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін жылсайынғы немесе төтенше консультативтік кездесулерді өткізеді.

       2. Алғашқы жылсайынғы консультативтік кездесу.

      2.1. Алғашқы жылсайынғы консультативтік кездесу Шарт күшіне енгеннен кейін 2 айдан кешіктірілмей шақырылады.
      2.2. Алғашқы жылсайынғы консультативтік кездесу Тәжікстан Республикасы, Душанбе қаласында өткізіледі.
      2.3. Алғашқы жылсайынғы кездесудің соңында Тараптар келесі жылсайынғы кездесуді өткізудің орны мен мерзімдерін белгілейді.

      3. Төтенше консультативтік кездесу

      3.1. Төтенше консультативтік кездесулер Шарттың кез келген Тарабының өтініші бойынша, осындай бастаманы басқа екі Тарап қолдаған жағдайда шақырылады.
      3.2. Төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысты оған бастамашы болған Тарап оны шақырудың қажеттілігі негізінде сол кезде Қабылдаушы Тараптың міндетін атқарушы Тараптың мекен-жайына дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
      3.3. Қабылдаушы Тарап төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысты алған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей барлық басқа Тараптармен осындай кездесуді шақыру туралы мәселені келіседі.

      4. Консультативтік кездесулердің ұзақтығы

      Консультативтік кездесулердің ұзақтығы, егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, әдетте, 3 күннен артық болмайды.

       5. Делегация құрамы

      5.1. Тараптың ресми делегациясы делегация басшысын (немесе уәкілетті тұлғаны) және оның кеңесшілерін қамтиды.
      5.2. Тараптар ресми делегацияның және бірге жүретін адамдардың дербес құрамын, әдетте, кездесу басталардан бұрын 10 күннен кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
      5.3. Консультативтік кездесулерге қатысуға жіберілетін ресми делегацияның форматы "1+3" - тең көп болмауы тиіс.

      6. Қабылдаушы Тараптың төрағалық функциялары және оның міндеттері

      6.1. Қабылдаушы Тарап өзінің өкілі арқылы жылсайынғы және төтенше консультативтік кездесулерде Төрағаның міндеттерін атқарады.
      6.2. Қабылдаушы Тарап Төрағаның міндеттерін келесі жылсайынғы кездесуге дейін атқарады.
      6.3. Осы кезеңде, Шарттың тағайындалған Депозитарийі Шарттың 10-шы бабын жүзеге асыруға қатысты кез-келген хабарға жауап береді.

       7. Шешімдерді қабылдау

      7.1. Әрбір Тараптың бір дауысы бар.
      7.2. Консультативтік кездесулердің шешімдері ымыраға келу арқылы қабылданады.
      7.3. Тараптар қабылдаған шешімдер Тараптардың ресми делегацияларының басшылары (немесе уәкілетті тұлғалар) қол қойған қорытынды құжаттармен ресімделеді. Консультативтік кездесулер барысында қабылданған құжаттар қорытынды құжаттардың міндетті түрдегі қосымшасы болып табылады.
      7.4. Қорытынды құжаттар орыс тілінде және қажет болғанда ағылшын тілінде жасалады.

       8. Бақылаушылар

      Шарттың барлық Тараптарының келісімімен жылсайынғы және төтенше консультативтік кездесулерге бақылаушылар ретінде 1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау шартында ядролық қаруы бар деп танылған бес мемлекет, сондай-ақ тиісті халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

       9. Жұмыс тілдері

      Жылсайынғы және төтенше консультативтік кездесулердің жұмыс тілдері орыс және ағылшын тілдері болып табылады.

       10. Есеп беру

      Консультативтік кездесу аяқталысымен Қабылдаушы Тарап орыс тілінде және, қажет болса, ағылшын тілінде есебін дайындайды. Шарттың барлық Тараптарының келісімімен берілген есеп мүдделі халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ кездесуге қатысқан бақылаушыларға жіберлуі мүмкін.

       11. Шығысты жабу

      Көліктік шығысты және жатын орны шығысын қоспағанда, жылсайынғы немесе төтенше кездесулерді өткізуге байланысты шығыстарды Қабылдаушы Тарап көтереді.

Семей, 2006 жылғы 8 қыркүйек  

      Семейде 2006 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың көшірмесінің қазақ тіліндегі мәтінінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Көпжақты ынтымақтастық департаменті
      Директорының орынбасары                          С. Савельев

      РҚАО-ның ескертуі: бұдан әрі Келісім мен Хаттаманың ағылшын тіліндегі мәтіндері берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады