Байланыс формасы

"Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 12 ақпандағы N 131-IV Заңы

       1-бап . "Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы" 2003 жылғы 4 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 21-22, 150-құжат; 2007 ж., N 2, 14-құжат; N 20, 153-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқару тиімділігі - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті басқару мақсаттары мен нәтижелері арасындағы арақатынасты сипаттайтын көрсеткіштер;
      2) меншікті басқару - меншікті иелену, пайдалану және оған билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыру;
      3) меншіктің мемлекеттік мониторингі - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншік объектілерінің меншік құрылымы мен басқару тиімділігінің жай-күйін бақылау, ақпарат жинау, талдау, бағалау және болжау;
      4) мониторинг объектілері - жеке тұлғаларды қоспағанда, өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүргізілетін заңды тұлғалар және олардың аффилиирленген тұлғалары, мемлекеттік немесе жеке меншік мүлкінің барлық түрлері;
      5) уәкілетті орган - берілген өкілеттіктер шегінде меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      6) ұйымды басқару - ұйым қызметінің мақсаттарын қалыптастыру мен оларға қол жеткізу үшін қажетті шаралар кешені;
      7) экономикалық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан оның ұлттық экономикасы қорғалуының жай-күйі;
      8) экономиканың стратегиялық маңызы бар салалары - отын-энергетикалық пайдалы қазбаларды (көмірді, мұнайды, газды, уранды және металл кендерін) өндіру және қайта өңдеу, машина жасау, ғарыш қызметі, агроөнеркәсіптік кешен, су шаруашылығы, химия өнеркәсібі, көлік пен байланыс, электр энергиясын өндіру мен бөлу, сондай-ақ әскери-өнеркәсіптік мақсаттағы өнімдерді өндіретін салалар;
      9) экономикалық тиімділік - жұмсалған ресурстарға қатысты алынған нәтиженің арақатынасымен сипатталатын экономикалық қызметтің бағалау көрсеткіштері.";

      2) 1-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:

      "5-1-бап. Объектілерді экономиканың стратегиялық маңызы бар
                салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік
                мониторингі жүзеге асырылатын объектілері тізбесіне
                енгізу критерийлері

      Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілері тізбесіне енгізілуге жататын объектілер экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларына жатуға және мынадай критерийлердің біріне сәйкес келуге тиіс:
      қалыптастырылуы мен бекітілуі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес көзделген объектілер тізбесінде бар болуы;
      ұлттық холдингтерге және (немесе) ұлттық компанияларға тиесілі болуы.";

      3) 12-баптың 2) тармақшасы ", оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 13-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсынымдары бойынша экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілері тізбесін өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде үш жылда кемінде бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;";

      5) 15-баптың 4) тармақшасындағы "айқындауға" деген сөз "қалыптастыруға, өзгертуге және (немесе) толықтыруға" деген сөздермен ауыстырылсын.

       2-бап . Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                    Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады