Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 231-IV Заңы

      Мәскеуде 2009 жылғы 9 маусымда қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н. Назарбаев.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы
ШАРТ

      Ескерту. Шарттың атауындағы және мәтіні бойынша «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қоры» деген сөздер тиіс септікте «Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

      Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Армения Республикасы (бұдан әрі - құрылтайшы мемлекеттер),
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің (мемлекеттер басшылары деңгейіндегі) 2009 жылғы 4 ақпандағы № 415 шешімін басшылыққа ала отырып,
      мына төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Құрылтайшы мемлекеттер ұлттық экономикалардың әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстың теріс салдарын еңсеруі, олардың экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Қорға қатысушы мемлекеттер экономикаларының ықпалдастығын одан әрі тереңдетуге жәрдемдесу мақсатында Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (бұдан әрі - Қор) құрады.
      Қордың қаражатын қалыптастыру, орналастыру және беру, Қордың қаражатын басқару, Қорға қатысушылар құрамынан шығу және Қордың операцияларын тоқтату тәртібі, сондай-ақ Қордың мәртебесі осы Шартқа қосымша болып табылатын Қор туралы ережеде айқындалады.

2-бап

      Қордың қаражаты:
      - әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстың келеңсіз салдарын еңсеру мақсатында Қорға қатысушы мемлекеттерге егемен қарыздар беру;
      - кіріс деңгейі төмен Қорға қатысушы мемлекеттерге тұрақтандыру кредиттерін беру;
      - мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
      - әлеуметтік салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін кіріс деңгейі төмен Қорға қатысушы мемлекеттерге гранттар беру үшін пайдаланылады.
      Қордың қаражаты ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттармен беріледі.
      Қорды құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті дәрежеде және осы Шарттың ережелері мен Қор туралы ережені ескере отырып, Қордың қаражаты әлеуметтік салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін Қордың таза үлесі есебінен гранттар беруді қоспағанда, қандай да болсын шектеулерден, нұсқамалардан және мораторийлерден бос болады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

3-бап

      Құрылтайшы мемлекеттердің Қорға бастапқы жарналарын құрайтын мөлшері:
      Беларусь Республикасы - 10 млн. АҚШ долларына балама,
      Қазақстан Республикасы - 1 млрд. АҚШ долларына балама,
      Қырғыз Республикасы - 1 млн. АҚШ долларына балама,
      Ресей Федерациясы - 7,5 млрд. АҚШ долларына балама,
      Тәжікстан Республикасы - 1 млн. АҚШ долларына балама,
      Армения Республикасы - 1 млн. АҚШ долларына балама.
      Қорға бастапқы жарналарды құрылтайшы мемлекеттер осы Шарт пен осы Шарттың 4-бабында айтылған Қордың қаражатын басқару туралы келісім күшіне енген күнінен бастап 6 (алты) ай ішінде мынадай тәртіппен төлейді:
      - Қор туралы ережеде айқындалған тәртіпке сәйкес құрылтайшы мемлекеттердің әрқайсысы жоғарыда көрсетілген соманың 10 %-ін (он процентін) АҚШ долларымен және/немесе еуромен төлейді;
      - қалған 90 %-ін (тоқсан процентін) құрылтайшы мемлекеттердің әрқайсысы өтелуі Қор туралы ережеде айқындалған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылатын қарапайым, айналмайтын және процентсіз вексель шығару арқылы төлейді.

4-бап

      Қордың қаражатын басқаруды Қор туралы ережеде көзделген тәртіппен Қорға қатысушы мемлекеттердің қаржы министрлері және Қорға қатысушы халықаралық ұйымдардың өкілдері мүшелері болып табылатын Қор Кеңесі Қордың қаражатын басқарушымен бірлесіп жүзеге асырады.
      Құрылтайшы мемлекеттер мен Банк арасында жасалатын Қордың қаражатын басқару туралы келісім негізінде Қордың қаражатын басқарушы функцияларын атқару Еуразия даму банкіне (бұдан әрі - Банкке) жүктеледі.
      Қордың қаражатын басқарушыны ауыстыруды Қор Кеңесінің ұсынысы негізінде Қорға қатысушылар жүзеге асыруы мүмкін.

5-бап

      Осы Шарт күшіне енген күннен кейін басқа да мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың қосылуы үшін ашық.
      Депозитарий болып табылатын Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі осы Шартқа қосылу туралы құжатты алған күннен бастап осы Шарт оған қосылатын мемлекеттер және халықаралық ұйымдар үшін күшіне енеді.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

6-бап

      Осы Шартқа өзгерістер құрылтайшы мемлекеттердің және Қорға қатысушылардың өзара келісімі бойынша енгізіледі және жеке хаттамалармен ресімделеді, олар Депозитарий Қорға қатысушылардың олардың күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      Өзгерістер енгізу туралы хаттамалар күшіне енгеннен кейін осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

7-бап

      Осы Шартқа ескертпелер енгізуге жол берілмейді.
      Құрылтайшы мемлекеттер және/немесе Қорға қатысушылар және/немесе Қордың бұрынғы қатысушылары арасында туындайтын осы Шартты қолдануға және түсіндіруге қатысты даулар Қор туралы ережеде көзделген тәртіпке сәйкес реттеледі.

8-бап

      Осы Шарт Депозитарий құрылтайшы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді және Қор туралы ережеде көзделген тәртіппен Қор операцияларын тоқтату рәсімі толық аяқталғанға дейін күшінде болады.
      Қор туралы ережеде көзделген тәртіпке сәйкес Қорға қатысушылардың құрамынан шығу кезінде Қорға кез келген қатысушы осы Шарттан шығуға құқылы. Қордың осы қатысушысына қатысты Қорға қатысушылар құрамынан шығу рәсімі аяқталғаннан кейін оның осы Шартқа қатысуы дереу тоқтатылады.
      2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Шарттың түпнұсқа данасы Депозитарийде сақталады, ол құрылтайшы мемлекеттерге оның расталған көшірмелерін жібереді.

      Беларусь              Қазақстан            Қырғыз
      Республикасы үшін     Республикасы үшін    Республикасы үшін

      Ресей                Тәжікстан             Армения
      Федерациясы үшін     Республикасы үшін     Республикасы үшін

2009 жылғы 9 маусымдағы   
Еуразиялық тұрақтандыру және
даму қорын құру туралы шартқа
қосымша           

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереженің атауындағы және мәтіні бойынша «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қоры» деген сөздер тиіс септікте «Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

      Осы Ереже 2009 жылы 9 маусымда қол қойылған Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шарттың (бұдан әрі - Қор құру туралы шарт) ажырамас бөлігі болып табылады.

I бөлім
Қор

1-бап
Қордың мәртебесі

      1. Қор құру туралы шартта белгіленген мақсаттарда Қор қаржы ресурстарын тарту, шоғырландыру және пайдалану құралы болып табылады.
      Қор заңды тұлға немесе ұйым болып табылмайды. Қорға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларының ұйымдарды құру, қызметін лицензиялау, реттеу мен тоқтату тәртібін белгілейтін ережелерінің әрекеті Қордың шеңберінде жүзеге асыратын қызметке қолданылмайды.
      2. Қор қаражаты Қорға қатысушыларға тиесілі.
      Қорға қатысушылар қатысушының Қор қаражатындағы үлесі шегінде Қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қызметке байланысты шығындардың тәуекелін көтереді.
      3. Қор қаражатындағы Қорға қатысушының үлесі ол Қорға қатысушылардың құрамынан шыққан немесе осы Ережеде айқындалған тәртіппен Қор операциялары тоқтатылған жағдайда ғана осындай қатысушыға төлеуге жатады.
      Қор қаражатындағы Қорға қатысушының үлесі осы Ереженің 20 және 22-баптарына сәйкес Қор Кеңесі белгілейтін тәртіппен айқындалады.
      4. Қор қаражаты есебінен Қорға қатысушылардың Қор операцияларына жатпайтын міндеттемелерді орындауына жол берілмейді.
      Қор қаражатының үшінші тұлғалардың талаптары бойынша Қорға қатысушылардың Қор операцияларына жатпайтын міндеттемелерді орындау есебіне мәжбүрлеу тәртібімен алып қойылуы мүмкін емес.
      5. Қорға қатысушылар Қор қаражатындағы өз үлесі шегінде Қор операциялары шеңберінде өздері қабылдаған міндеттемелер бойынша жауапты болады.

2-бап
Қордың құжаттары

      Қор шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет мынадай құжаттармен (бұдан әрі - Қордың құжаттары):
      - қолданылатын халықаралық шарттармен;
      - Қор құру туралы шартпен және осы Ережемен;
      - құрылтайшы мемлекеттер мен Қор қаражатын Басқарушы арасында жасалатын Қор қаражатын басқару туралы келісіммен;
      - Қор Кеңесінің шешімдерімен;
      - қолданылуы осы Ережеде, Қор қаражатын басқару туралы келісімде немесе Қор Кеңесінің шешімінде көзделген ішкі құжаттармен және Қор қаражатын Басқарушының шешімдерімен регламенттеледі.

3-бап
Қордың құрылтайшы мемлекеттері және Қорға қатысушылар

      1. Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Армения Республикасы Қор құру туралы шартқа сәйкес Қордың құрылтайшы мемлекеттері болып табылады.
      2. Қордың құрылтайшы мемлекеттері ақшалай қаражат төлеуді және вексельдер беруді қоса алғанда, бастапқы жарнаны енгізу жөніндегі міндеттемелерді орындағаннан кейін оған қатысушылар болады.
      3. Қордың мақсаттарын бөлісетін кез келген мүдделі мемлекет немесе халықаралық ұйым да Қорға қатысушы бола алады.
      Мұндай мемлекет немесе халықаралық ұйым Қор құру туралы шартқа және осы Ереженің 2 және 18-баптарында айтылған Қор қаражатын басқару туралы келісімге қосылғаннан және ақшалай жарнаны төлеуді және егер көзделсе - осы Ереженің 7-бабына сәйкес вексельдер беруді қоса алғанда, Қорға жарна төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындағаннан кейін Қор Кеңесінің шешімі негізінде Қорға қатысушы болады.
      Қор құру туралы шартқа және Қор қаражатын басқару туралы келісімге қосылу Қордың жаңа қатысушысының Қордың барлық қолданыстағы Құжаттарын осындай қатысушы Қорға енгізген кез келген ресурстарға қолдануға келісетінін білдіреді.

4-бап
Қор операцияларының басталуы

      1. Қор Кеңесінің бірінші отырысының күні Қор операцияларының басталған күні болып табылады.
      Қор қаражатын пайдалану мынадай үш шарт орындалғаннан кейін:
      а) Қор құру туралы шарт және Қор қаражатын басқару туралы келісім күшін енгенде;
      б) осы Ереженің 3-бабының 2-тармағында көзделгендей, Қордың кемінде 3 (үш) құрылтайшы мемлекеті Қорға қатысушылар болғанда;
      в) Қорға енгізілген ақшалай қаражаттың жалпы сомасы Қор құру туралы шартқа сәйкес бастапқы жарналар түрінде Қордың құрылтайшы мемлекеттері Қорға жарна ретінде жататын ақшалай қаражаттың жалпы сомасының кемінде жартысын құрағанда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап
Қордың тілі

      Орыс тілі Қордың жұмыс істеу және ресми тілі болып табылады.

II бөлім
Қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану

6-бап
Қор қаражаты

      Мыналар:
      а) Қорға жарналар;
      б) Қордың уақытша пайдаланылмайтын қаражатын орналастырудан (инвестициялаудан) түсетін түсімдер;
      в) қайтарымды негізде Қор қаражатын беруден түсетін түсімдер;
      г) Қорға қайырмалдықтар;
      д) Қорға түсетін өзге де түсімдер Қор қаражаты болып табылады.

7-бап
Қорға жарналар

      1. Қордың құрылтайшы мемлекеттерінің бастапқы жарналары Ереженің осы бабының 4-6-тармақтарын ескере отырып, Қор құру туралы шартта көзделген тәртіпке сәйкес төленеді.
      2. Қорға жаңа қатысушылардың жарналары осы Ереженің 3-бабының 3-тармағында көзделген рәсімдер сақтала отырып, Қор Кеңесі айқындаған мөлшерде және тәртіппен төленеді.
      Қор Кеңесінің шешімінде АҚШ долларына балама жарна сомасы, жарна төлеу тәртібі, жарна төлеу кестесі, жарна төленетін валюта, сондай-ақ қажет болған кезде жарна енгізудің басқа да шарттары көрсетіледі.
      Егер бұл соманы Қор Кеңесі өзгертпесе, Қорға жарнаның ең төменгі бастапқы сомасы 1000000 (бір миллион) АҚШ долларын құрайды, оның кемінде 100000 (бір жүз мың) АҚШ доллары Қорға ақшалай қаражат түрінде енгізіледі.
      3. Қорға кез келген қатысушы кез келген уақытта Қор Кеңесіне Қорға өз жарнасының сомасын ұлғайту туралы ұсыныс енгізе алады. Мұндай ұлғайту оны Қор Кеңесі мақұлдағаннан кейін ақшалай қаражатты Қор Кеңесі мақұлдаған мөлшерде және тәртіппен Қорға аудару жолымен жүргізіледі.
      Қордың барлық қолданыстағы Құжаттары осындай қосымша жарналарға қолданылады.
      4. Қорға жарналар ақшалай нысанда және талап ету бойынша номиналмен өтеуге жататын жай, айналысқа түспейтін және процентсіз вексельдермен төленеді. Мұндай талаптарды Қор Кеңесінің шешімі бойынша қажеттілігіне қарай Қор қаражатын Басқарушы қояды.
      5. Қорға әрбір жарна АҚШ долларымен номиналданады және Қор қаражатын басқару туралы келісімге сәйкес айқындалатын бағам бойынша АҚШ долларымен және/немесе еуромен төленеді.
      6. Осы Ереженің 3-бабының 1-тармағында санамаланған Қордың құрылтайшы мемлекеттерінің бастапқы жарналары Қордың құрылтайшы мемлекеттері өздерінің орталық (ұлттық) банктерінде ашқан шоттарға оларды есепке жатқызу жолымен төленеді.
      7. Егер Қор Кеңесі өзгеше шешім қабылдамаса, Қорға жарналар Қор қаражатын алушының оларды пайдалануының қандай-да бір бағытымен немесе Қор жобасымен байланысты бола алмайды.

8-бап
Қор қаражатын пайдаланудан түсетін түсімдер

      Қор қаражатын пайдаланудан түсетін түсімдер, оның ішінде Қор қаражатын орналастырудан (инвестициялаудан) және беруден түсетін түсімдер Қор қаражатына есептеледі және осы Ереженің 1-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қорға қатысушыларға төленбейді.

9-бап
Қорға қайырмалдықтар

      1. Қор Кеңесінің шешімі бойынша Қор шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет мақсатында пайдалану үшін кез келген мүдделі мемлекеттен, халықаралық немесе өзге ұйымнан еркін айырбасталатын валютада өтеусіз және қайтарымсыз негізде ақшалай қаражат (қайырмалдықтар) қабылданады.
      2. Қорға қайырмалдық түрінде ақшалай қаражат енгізу қайырмалдық берушінің көрсетілген қаражатты Қордың Құжаттарына сәйкес пайдалануға келісім беруін білдіреді.
      3. Қайырмалдық беруші Қорға қатысушы болмайды және Қор қаражатын басқаруға қатыспайды. Қайырмалдық берушінің өтініші бойынша оған Қордың қызметі туралы жылдық есептердің көшірмелері жіберіледі.
      4. Қорға қайырмалдық ретінде енгізілген қаражат пен көрсетілген
қаражатты орналастырудан (инвестициялаудан) және беруден алынған кірістер Қор операциялары тоқтатылғанға дейін Қорға қатысушылардың құрамынан өзінің шығатыны туралы мәлімдеген Қор қатысушысының үлесін айқындау кезінде ескерілмейді.

10-бап
Қор қаражатын беру

      1. Қор қаражатынан қаржыландыру Қор құру туралы шарттың 2-бабында айқындалған бағыттар бойынша беріледі.
      2. Қор қаражатынан қаржыландыру Қор құру туралы шарттың 1-бабында айқындалған мақсаттарға сәйкес Қорға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында жүзеге асырылады.
      3. Қор қаражатынан қаржыландыруды беру Қор Кеңесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. Қор Кеңесінің шешімінде қаражатты алушы, берілетін сома, беру мақсаттары, қаражатты беру және оны алушының қайтару тәртібі мен шарттары, қаражатты беру және қайтару валютасы, қаражатты берудің Қор Кеңесі маңызды деп есептейтін басқа да шарттары көрсетіледі.
      4. Қор қаражаты АҚШ долларымен және/немесе еуромен беріледі.
      5. Қор қаражаты Қор Кеңесінің шешіміне сәйкес Қор қаражатын Басқарушы Қор қаражатын алушымен жасасатын келісімдер (бұдан әрі - Қор қаражатын беру туралы келісімдер) негізінде беріледі.
      Қор қаражатын беру туралы келісімдерде өзгелермен қатар:
      а) халықаралық құқыққа және алушының ұлттық заңнамасына сәйкес алушының Қор қаражатын пайдалануға қатысы бар құқыққа қарсы іс-әрекеттердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі шаралар қабылдау міндеттемесі көзделеді. Көрсетілген талаптың бұзылуы немесе мұндай құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жүзеге асыру жағдайларының анықталуы Қор Кеңесінің қаржыландыруды тоқтату, Қор қаражатын беру туралы келісімді бұзу туралы шешім қабылдауы, көрсетілген жағдайларға қатысы бар қаражатты мерзімінен бұрын қайтару туралы талап қоюы үшін негіз болып табылуы мүмкін;
      б) Қор операцияларына, Қор қаражатын беру туралы келісімдер бойынша төлемдерді жүзеге асыруға және Қор қаражатын беру туралы келісімдерден туындайтын басқа да заңды талаптарды қанағаттандыруға кедергі келтірмес үшін Қор қаражатын алушыларды ұлттық заңнамамен қорғау туралы ереже;
      в) қолданылуы Қор қаражатын басқару туралы келісімде көзделген рәсімдерге сәйкес мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде алушының Қор қаражаты есебінен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру міндеттемесі көзделеді.
      6. Қор Кеңесінің Қор қаражатын беру жөніндегі шешімдері Қор шеңберінен тыс Қорға қатысушылардың өз арасында және халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен жүзеге асырылатын екі жақты қаржылық көмек бағдарламаларымен үйлестіріледі.
      7. Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалар аумағында Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаны жүзеге асыру ұйғарылатын Қорға қатысушы мемлекеттің келісімімен жүзеге асырылады.
      Тиісті операцияны мақұлдау туралы мәселе бойынша Қор Кеңесінде осындай мемлекеттің өкілі оң дауыс берген жағдайда осындай келісім берілген болып есептеледі.
      8. Қор қаражаты мемлекеттер, халықаралық қаржы институттары және өзге де мүдделі ұйымдар беретін қаражатпен бірге берілуі мүмкін.
      9. Қор қаражаты Қор қатысушыларының міндеттемелерін, Қор қаражатын Басқарушының міндеттемелерін және кез келген басқа да міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуге қызмет етпейді.

11-бап
Қордың уақытша пайдаланылмайтын қаражатын орналастыру
(инвестициялау)

      1. Осы Ереженің 10-бабына сәйкес қаржыландыруды беру мақсаттарына таяу уақытта пайдалану үшін талап етілмейтін Қор қаражаты депозиттерге инвестициялануы және/немесе орналастырылуы мүмкін.
      2. Депозиттерге мұндай инвестициялау және/немесе орналастыру осы Ереженің 13-бабының 2(м)-тармағында айтылған Қор Кеңесінің шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

III бөлім
Қор қаражатын басқару

12-бап
Қор қаражатын басқарудың жалпы принциптері

      1. Қорға қатысушылар Қор Кеңесі арқылы Қор қаражатын басқаруды жүзеге асырады.
      Қор қаражатын басқаруды Қор қаражатын басқарушымен бірлесіп Қор Кеңесі жүзеге асырады.
      2. Қор Кеңесі Қорға жарналар тартуды, сондай-ақ қалай да оның мақсаттары мен міндеттеріне зиян келтіруі, оларды шектеуі, олардан ауытқуға әкеп соқтыруы немесе оларды өзгеше тәсілмен өзгертуі мүмкін қандай да бір өзге көмек немесе жәрдем алуды санкцияламайды.
      3. Шешімдер қабылдау кезінде Қор Кеңесі Қор шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет мақсаттарын ғана басшылыққа алады.

13-бап
Қор Кеңесі

      1. Қор Кеңесі Қор қаражатын тартудың, орналастырудың (инвестициялаудың) мен пайдаланудың барлық мәселелері және Қорға байланысты кез келген басқа мәселелер бойынша Қорға қатысушылардың мүдделерін білдіреді.
      2. Қор Кеңесі:
      а) Қорға жаңа қатысушылардың қабылдануын санкциялайды;
      б) Қорға қосымша жарналар мен қайырмалдықтар енгізуді санкциялайды;
      в) жаңа қатысушылардың жарналар, Қорға қосымша жарналар мен қайырмалдықтар енгізудің шарттары мен тәртібін мақұлдайды;
      г) Қорға жарналар енгізуді, вексельдерді өтеуге және олар бойынша төлемдерді жүзеге асыруға ұсынылуын қадағалауды жүзеге асырады;
      д) Қор Шоттарын ашу үшін банктердің тізбесін бекітеді;
      е) Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын қызмет бағдарламаларын және одардың орындалуы туралы жыл сайынғы есептерді бекітеді;
      ж) қаржыландыруды берудің негізгі шарттарын бекіте отырып, Қор қаражатын беру туралы шешімдер қабылдайды;
      з) Қор қаражатын Басқарушының Қор қаражатын басқаруға арналған әкімшілік шығыстарының сметасын және оның орындалуы туралы есептерді жыл сайын бекітеді;
      и) Қор қаражатын Басқарушының Қор қаражатын әкімшілік басқару және оған иелік ету жөніндегі қызметін қадағалауды жүзеге асырады;
      к) Қор қаражатын Басқарушының Қор қаражатын беру және Қордың уақытша пайдаланылмайтын қаражатын орналастыру (инвестициялау) жөніндегі қызметін қадағалауды жүзеге асырады;
      л) Қор қаражатын Басқарушының Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын операциялардың тиімділігі туралы есептерін қарайды;
      м) мыналарды:
      - Қор қаражатынан тұрақтандыру кредиттерін және егемен қарыздарды беру тәртібін;
      - мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Қор қаражатын беру тәртібін;
      - Қордың уақытша пайдаланылмайтын қаражатын орналастыру (инвестициялау) тәртібін (Инвестициялық декларация);
      - әлеуметтік салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін Қор қаражатынан гранттар беру тәртібін қарайды және қабылдайды;
      н) Қор қаражатын беру туралы келісімдердің шарттарына сәйкес осындай келісімдердің негізінде жүзеге асырылатын қаржыландыруды тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
      о) Қор қаражатын Басқарушының Қор қаражатын әкімшілік басқару және оған иелік ету жөніндегі қызметі туралы жылдық есептерді, аудиторлық қорытындыларды және Қор шеңберіндегі қызмет туралы басқа да есептерді қарайды және бекітеді;
      п) қатысушы Қордан шыққан жағдайда қайтару мақсатында Қорға қатысушының Қор қаражатындағы үлесін айқындайды;
      р) Қор операциялары тоқтатылғаннан кейін қаражатты қайтару мақсатында Қорға қатысушылар арасында Қор қаражатын бөлу мерзімдері мен шарттарын айқындауды қоса алғанда, Қор операцияларын тоқтата тұру және тоқтатуға бастамашылық ету туралы шешімдер қабылдайды;
      с) Қор операцияларын тоқтату рәсімдерін айқындайды;
      т) осы Ереженің 23-бабының 1-тармағында айтылған дауларды шешеді;
      у) құрылтайшы мемлекеттерге және Қорға қатысушыларға, Қор құру туралы шартқа, осы Ережеге және Қор қаражатын басқару туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар береді;
      ф) Қорға қатысушыларға Қор қаражатын Басқарушыны ауыстыру туралы ұсыныстар береді;
      х) Қор қаражатын басқарудың кез келген басқа да мәселелерін шешеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

14-бап
Қор Кеңесінің жұмыс регламенті

      1. Әрбір Қорға қатысушының Қор Кеңесінде таныстырылу және оның отырыстарына қатысу құқығы бар. Қор Кеңесінің құрамына Қордың әрбір қатысушысынан бір өкілетті өкіл кіреді.
      2. Қор Кеңесінде Қорға қатысушы мемлекеттің қаржы министрі осындай қатысушы мемлекеттің өкілетті өкілі болып табылады. Қорға қатысушы халықаралық ұйымдар Қор отырыстарына қатысу үшін өздерінің өкілетті өкілдерін жібереді.
      3. Егер Қорға бірнеше қатысушы оған өз келісімін берсе және бұл туралы Қор Кеңесін және Қор қаражатын Басқарушыны алдын ала хабардар етсе, Қор Кеңесінде осындай қатысушыларды бір тұлға бір уақытта білдіре алады.
      4. Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушының әрбір өкіліне дауыс беру кезінде оның Қорға ақшалай жарнасының мөлшеріне барабар дауыс саны беріледі. Қор Кеңесінде Қорға қатысушының дауыс санын есептеу үшін жарна мөлшерін айқындау кезінде төленбеген вексельдер назарға алынбайды. Қор Кеңесінде дауыс беру мақсаттары үшін бір дауыс ақшалай жарна түрінде Қорға төленген әрбір 100000 (бір жүз мың) АҚШ долларына баламалы. Қор Кеңесінің барлық шешімдері берілген дауыстардың қарапайым көпшілігімен қабылданады.
      5. Қор Кеңесінің отырыстарында Қор қаражатын Басқарушының өкілдері, сондай-ақ Қор Кеңесінде Қорға қатысушылардың өкілдерімен ілесіп жүретін сарапшылар қатыса алады.
      6. Қор Кеңесі Төрағасының шақыруымен күн тәртібінің нақты тармақтарын қарау кезінде мемлекеттердің, халықаралық және өзге ұйымдардың, оның ішінде Қорға қатысушылар болып табылмайтын өкілдері Қор Кеңесінің отырыстарына бақылаушылар ретінде қатыса алады.
      7. Қор Кеңесіндегі өз міндеттемелерін орындағаны үшін Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдері және олардың сарапшылары Қор қаражатынан қандай да болмасын сыйақы алмайды. Қорға қатысушылар өз өкілдерінің Қор Кеңесінің отырыстарына қатысуына байланысты шығыстарын өздері төлейді.
      8. Қор Кеңесі өз отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізеді.
      9. Қор Кеңесінің кезектен тыс отырыстарын Қор Кеңесінің Төрағасы Қор Кеңесінің шешімі бойынша, Қор Кеңесі Төрағасының жеке бастамасы бойынша, сондай-ақ Қор қаражатын Басқарушының немесе үлесіне осындай өтініш жасалған күнгі жағдай бойынша Ереженің осы бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын Қорға енгізілетін барлық жарналардың жиынтық сомасының кемінде үштен бір бөлігі тиесілі Қорға қатысушының(-лардың) өтініші бойынша шақырады.
      10. Қор Кеңесінің отырысы Ереженің осы бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын Қорға енгізілетін барлық жарналардың жалпы сомасының кемінде 90 %-іне (тоқсан процентіне) ие Қорға қатысушылардың өкілдері қатысса, заңды болып табылады.
      Қор Кеңесінің кворум болмаған кез келген отырысы Қорға қатысушылар өкілдерінің отырысқа қатысып отырғандардың басым көпшілігінің шешімімен ең көбі 2 (екі) күн мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай кейінге қалдырылған отырыс туралы хабарлама жіберілмейді.
      11. Қор Кеңесі отырыста уақытша үзіліс жариялап, үзілістен кейін өз жұмысын жалғастыра алады.
      12. Қор Кеңесінің отырыстарын өткізу орны мен мерзімдерін Қор Кеңесі немесе кезектен тыс отырыстар өткізілген не Қор Кеңесінің тиісті шешімі болмаған кезде Қор Кеңесінің Төрағасы айқындайды.
      13. Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдері Қор Кеңесінің әрбір отырысының өткізілу күні, уақыты, орны және күн тәртібі туралы хабардар етілуге тиіс.
      Егер Қор Кеңесі өзге шешім қабылдамаса, мұндай хабарламаларды кез келген кезекті отырыс басталған күнге дейін 45 (қырық бес) күннен кешіктірмей және кезектен тыс отырыс басталған күнге дейін 30 (отыз) күн бұрын Қор Кеңесінің Төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша Қор кеңесінің хатшылығы жібереді. Төтенше жағдайлар болған жағдайда, мұндай хабарламалар отырыс басталған күнге дейін 10 (он) күн бұрын жіберілуі мүмкін.
      14. Қор Кеңесінің кез келген отырысының күн тәртібі туралы хабарламалар жіберілгеннен кейін Қорға кез келген қатысушының немесе Қордың қаражатын Басқарушының өтініші бойынша оған қосымша мәселелер енгізілуі мүмкін.
      Егер Қор Кеңесінің Төрағасымен неғұрлым кеш мерзім келісілмеген болса, қосымша мәселелерді күн тәртібіне енгізу туралы мұндай өтініштер тиісті отырыс басталған күнге дейін 15 (он бес) күннен кешіктірілмей, Қор Кеңесі хатшылығының хабарламасымен бірге Қор Кеңесінің Төрағасына жіберілуге тиіс.
      15. Қор Кеңесі өз отырысының барысында күн тәртібін өзгерте, толықтыра немесе оның тармақтарын алып тастай алады.
      16. Қор Кеңесінің Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушының кез келген өкілінің өтінішіне негізделген Қор Кеңесі Төрағасының немесе Қор қаражатын Басқарушының шешімі бойынша Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдеріне жазбаша сырттай сұрау салу жолымен дауыс беру (сырттай дауыс беру) жүргізуге құқығы бар. Мұндай шешімдер Қор Кеңесінің сырттай дауыс беру хаттамасымен ресімделеді, ол Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдеріне жіберіледі.
      Сырттай дауыс беру айрықша жағдайларда, нақты мәселе бойынша шешім қабылдау Қор Кеңесінің келесі кезекті отырысына дейін кейінге қалдыру мүмкін болмайтын кезде жүргізіледі және Қор Кеңесінің кезектен тыс отырысын шақыру үшін негіз бола алмайды.
      Мұндай жағдайда, Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушының әрбір өкілінің атына осы мәселе бойынша дауыс беру өтінішімен осы мәселеге қатысты ұсыныс жіберіледі. Дауыс беру туралы мұндай өтінішке жауаптар сауалда белгіленген мерзімде жіберілуге тиіс. Жауап беру мерзімін дауыс беру туралы ұсыныс алынған күннен бастап 30 (отыз) күннен кем болып белгілене алмайды.
      Жауаптардың түскен мерзімі өткеннен кейін Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдері сырттай дауыс беру нәтижелері туралы хабардар етіліп, бұл нәтижелер хаттамаға енгізіледі.
      Ереженің осы бабының 4 және 10-тармақтарында айқындалған, берілген дауыстардың саны бойынша және кворум бойынша талаптар ескеріле отырып, сырттай дауыс беру нәтижелері бойынша Қор Кеңесінің шешімі қабылданған болып есептеледі.
      17. Қор Кеңесінің отырыстары мен сырттай дауыс беру хаттамаларына Қор Кеңесінің Төрағасы қол қояды. Қол қойылған хаттамалардың көшірмелері Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушының әрбір өкіліне және Қор қаражатын басқарушыға жіберіледі.
      18. Қор Кеңесінің шешімі Қордың Сараптамалық кеңесі қорытындыларының негізінде және олар ескеріле отырып қабылданады. Қордың Сараптамалық кеңесі дайындаған Қор Кеңесінің алдағы отырысының күн тәртібі және сырттай дауыс беру мәселелері бойынша қорытындылар Ереженің осы бабының 13-тармағына сәйкес айқындалатын мерзімде Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың барлық өкілдеріне жіберіледі.
      19. Қор Кеңесі өзінің қызметін қамтамасыз ету үшін көмекші органдар құра алады, олар Қордың қаражатын басқару органдары болып табылмайды.

15-бап
Қор Кеңесінің Төрағасы

      1. Үлесіне осы Ереженің 14-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын, Қор Кеңесіндегі дауыстардың неғұрлым көп саны келетін Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушының өкілі Қор Кеңесінің Төрағасы болып табылады.
      Үлесіне Қор құру туралы шартқа сәйкес Қорға неғұрлым ең көп жарна сомасы келетін, Қор Кеңесіндегі Қордың құрылтайшы мемлекетінің өкілі Қор Кеңесінің бірінші Төрағасы болып табылады.
      2. Қор Кеңесінің Төрағасы:
      а) Қор Кеңесі отырыстарының күн тәртібін келіседі;
      б) осы Ереженің 14-бабының 12-тармағына сәйкес Қор Кеңесінің отырыстарын өткізу орны мен мерзімдерін айқындайды;
      в) осы Ереженің 14-бабының 16-тармағына сәйкес Қор Кеңесінде сырттай дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды;
      г) Қор Кеңесінің отырыстарын немесе сырттай дауыс беруін өткізу туралы хабарлама жібереді немесе Қор Кеңесінің хатшылығына тиісті тапсырмалар береді;
      д) осы Ереженің 16-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес Қордың Сараптамалық кеңесінің құрамын бекітеді;
      е) осы Ереженің 16-бабына сәйкес алдын ала сараптама жүргізу үшін Қордың Сараптамалық кеңесіне Қор Кеңесінің қарауына шығарылатын құжаттар мен материалдарды жібереді, Қордың Сараптамалық кеңесімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады және оған көрсетілген мәселелер бойынша орындалуы міндетті тапсырмалар береді;
      ж) Қор Кеңесінің отырысын жүргізеді;
      з) Қор Кеңесі отырыстарының және сырттай дауыс беруінің хаттамаларына қол қояды;
      и) Қор Кеңесінің отырыстарын өткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қор Кеңесінің хатшылығымен өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде Қор Кеңесінің хатшылығына орындалуы міндетті тапсырмалар береді;
      к) қажеттілігіне қарай мемлекеттердің, халықаралық және өзге де ұйымдар өкілдеріне Қор Кеңесінің отырыстарында қадағалаушы ретінде қатысуға шақыру жібереді;
      л) Қор Кеңесі Төрағасының функцияларын орындау шеңберінде өзге де мәселелерді шешеді.

16-бап
Қордың Сараптамалық кеңесі

      1. Қордың Сараптамалық кеңесі Қор Кеңесінің қарауына шығарылатын барлық мәселелердің, құжаттардың және материалдардың алдын ала сараптамасын жүзеге асырады және көрсетілген мәселелер, құжаттар және материалдар бойынша шешімдердің ұсынымдарымен және жобаларымен Қор Кеңесі үшін сараптамалық қорытындылар дайындайды.
      2. Қордың Сараптамалық кеңесінің құрамы Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдерінен қалыптастырылады, олардың әрқайсысы Қордың Сараптамалық кеңесіне бір-бір сарапшыдан тағайындайды және оларды Қор Кеңесінің Төрағасы бекітеді.
      3. Қордың Сараптамалық кеңесінің шешімі Қор Кеңесінде қабылданған шарттарға ұқсас дауыс беру жолымен қабылданады.
      4. Қордың Сараптамалық кеңесінің қорытындылары кейіннен Қордың Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдеріне жіберу үшін Қор Кеңесінің Төрағасына жіберіледі.
      Егер сараптама жүргізу қорытындылары бойынша Қордың Сараптамалық кеңесі тиісті мәселе, құжат немесе материал Қор Кеңесінің қарап, шешім шығаруы үшін дайын емес деп шешсе, бұл мәселе, құжат немесе материал тек Қор Кеңесі Төрағасының жекелеген шешімі негізінде Қор Кеңесінің қарауына шығарылуы мүмкін.
      5. Қордың Сараптамалық кеңесі Қор Кеңесі бекітетін регламент негізінде іс-қимыл жасайды.

17-бап
Қордың хатшылығы

      1. Қордың хатшылығы Қор Кеңесінің жұмысын қамтамасыз етеді және Қор Кеңесінің отырыстарын дайындауға және өткізуге жауап береді, оның ішінде:
      а) Қор Кеңесінің Төрағасымен келісім бойынша Қор Кеңесінің әрбір отырысы үшін күн тәртібінің жобасын дайындайды;
      б) Қор туралы ережеде көзделген тәртіппен және мерзімде Қор Кеңесінің отырыстарын өткізу туралы хабарлама дайындайды және жібереді;
      в) осы Ережеде көзделген тәртіппен және мерзімде Қор Кеңесінің сырттай дауыс беруін өткізу туралы хабарлама дайындайды және жібереді;
      г) осы Ережеде көзделген жағдайларда және тәртіппен Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдерін Қор Кеңесінің отырысының күн тәртібіндегі қосымша мәселелер туралы еш кідіріссіз хабардар етеді;
      д) Қор Кеңесінің отырысы хатшысының функциясын орындайтын лауазымды адамды тағайындайды;
      е) есепті деректердің негізінде Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдерін алдағы отырыста дауыс беру үшін оларды алатын дауыстардың саны туралы хабардар етеді;
      ж) Қор Кеңесі отырыстарының және сырттай дауыс беру хаттамаларын жүргізеді, Қор Кеңесінің Төрағасы қол қойған хаттамаларды Қор Кеңесіндегі Қор қатысушылары өкілдеріне жібереді;
      з) Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдерін Қор туралы ережеге сәйкес Қорға қатысушылардың құрамынан шығу туралы хабарламалар алынғаны туралы хабардар етеді;
      и) Қор Кеңесінің отырыстарын өткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да функцияларды орындайды.
      2. Еуразия даму банкі Қор Кеңесі хатшылығының функцияларын орындайды.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.02.2016 № 462-V Заңымен.

18-бап
Қордың қаражатын басқарушы

      1. Қордың қаражатын әкімшілік басқаруды және оған иелік етуді Қордың қаражатын басқару туралы келісімнің негізінде Қорға қатысушылардың атынан және тапсырмасы бойынша Қордың қаражатын басқарушы жүзеге асырады.
      2. Қор Кеңесі ұсынысының негізінде Қорға қатысушылар Қордың қаражатын басқарушыны ауыстыруды жүзеге асыра алады.

19-бап
Қордың қаражатын есепке алу және аудит

      1. Қор қаражатына қатысты оқшау есепке алу мен есептілік жүргізіледі. Осы мақсаттар үшін дәйекті қолданылатын және тиісті түрде Қордың қаражаты есебінен қаржыландырылатын қызметке байланысты қызметті, ресурстарды және шығыстарды көрсететін Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес есептік құжаттаманы және бухгалтерлік шоттарды жүргізу және қаржылық есептілік жасау кіретін Қор қаражатын қаржылық басқару жүйесі қолданылады.
      2. Қордың қаражатымен жүзеге асырылатын операциялар бойынша есепке алудың жүргізілуін тексеру және қаржылық есептіліктің анықтығын растау үшін жыл сайын тәуелсіз сыртқы аудит жүргізу қамтамасыз етіледі. Сыртқы аудит есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жүргізіледі.
      Жылдық есепті және аудиторлық қорытындыларды Қор Кеңесі қарайды. Жылдық есеп ашықтық принципіне негізделіп жарияланады.
      3. Қордың қаражатымен жасалатын операциялар Қор Кеңесі бекіткен банктерде ашылған Қордың шоттары (бұдан әрі - Қордың шоттары) арқылы жүзеге асырылады.
      4. Қордың шоттары АҚШ долларымен немесе еуромен жүргізіледі.
      5. Күнтізбелік жыл Қордың қаржы жылы болып табылады.

IV Бөлім
Қорға қатысушылардың құрамынан шығу, Қордың операцияларын
тоқтата тұру және тоқтату, дауларды шешу

20-бап
Қорға қатысушылардың құрамынан шығу

      1. Қорға кез келген қатысушы өзінің ниеті туралы Қор Кеңесіне жазбаша хабарлай отырып, Қорға қатысушылардың құрамынан шығуға құқылы. Мұндай жазбаша хабарлама Қор Кеңесінің хатшылығына көшірмесімен Қор Кеңесі Төрағасының атына жіберіледі және оны қор Кеңесінің хатшылығы еш кідіріссіз Қор Кеңесінің барлық мүшелерінің және Қор қаражатын басқарушының назарына жеткізеді.
      2. Қорға қатысушылардың құрамынан шығу туралы көрсетілген хабарлама алынған күннен бастап:
      а) Қорға қатысушылардың құрамынан шығу құқығынан басқа, Қорға осы қатысушыға берілген барлық құқықтар Қордың Құжаттарына сәйкес тоқтатыла тұрады;
      б) оның Қордағы үлес мөлшерін айқындау мәселелері жөніндегі шешімдерді қоспағанда, Қорға осы қатысушының Қор Кеңесі қандай да болмасын шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге құқылы емес. Бұл ретте оған қайтарымды негізде берілген Қор қаражатының қандай да бір бөлігі төленіп болғанға дейін Келісімнің осы қатысушысымен жасалған Қордың қаражатын беру туралы келісім бойынша барлық міндеттемелер сақталады;
      в) Қорға осы қатысушы Қордың операцияларына өзінің қатысуын тоқтату ниеті туралы хабарлама алынғаннан кейін жасалған Қордың қаражатымен жасалатын мәмілелер бойынша міндеттемелер алмайды.
      3. Қорға қатысушының Қорға қатысушылардың құрамынан шығуы туралы хабарламасын алған күннен бастап бір жылдың ішінде осы қатысушымен Қор Кеңесі шешімінің негізінде Қор қаражатын басқарушы Қордың қаражатындағы осы қатысушының үлесін төлеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасасады.
      Мұндай қатысушының Қордың қаражатындағы үлесі осындай қатысушының іс жүзінде төленген жарнасының мөлшері және оны енгізу мерзімі ескеріліп және осы Ереженің 9-бабының 4-тармағы ескеріліп, Қор Кеңесі қабылдаған тәртіпке сәйкес айқындалады.
      4. Қорға қатысушының Қорға қатысушылардың құрамынан шығуы туралы хабарлама алынған күннен бастап бір жыл өткенге дейін не үлесін төлеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасасқан күнге дейін (көрсетілген күннің қайсысы бұрын басталуына қарай) осы Қордың қатысушысы Қор Кеңесіне Ереженің осы бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен көрсетілген хабарламаның күші жойылғаны туралы жазбаша хабарлай алады.
      5. Қор Кеңесіне Қорға қатысушылардың құрамынан шығуы туралы хабарлама жіберген Қорға қатысушы өз үлесін төлеу мерзімі және тәртібі туралы келісім жасасқан күннен бастап, бірақ Қорға қатысушылардың құрамынан шығуы туралы оның жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, Қорға қатысушылар құрамынан шыққан болып есептеледі.

21-бап
Қордың операцияларын уақытша тоқтата тұру

      Төтенше жағдайда Қор Кеңесі Қордың қаражатын беру туралы жаңа келісімдер жасасуды және Қор Кеңесі қалыптасқан жағдайда қарап, қажетті шаралар қабылдағанға дейін Қордың қаражатымен басқа да мәмілелер жасасуды тоқтата тұруға шешім қабылдай алады.

22-бап
Қордың операцияларын тоқтату

      1. Қордың операцияларын тоқтатуға бастама жасау туралы шешімді Қор Кеңесі қабылдайды. Қор Кеңесінің ұсынысы бойынша Қорға қатысушылар Қордың операцияларын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
      2. Қордың Кеңесі тиісті шешім қабылдағанға дейін туындаған Қордың қаражаты есебінен төлеуге жататын Қордың қаражатын қорғау және сақтау, Қордың қаражатын беру туралы қолданыстағы келісімдер бойынша төлемдерді жинақтау және міндеттемелерді реттеу жөніндегі қызметті қоспағанда, Қор Кеңесі Қордың операцияларын тоқтатуға бастама жасау туралы шешім қабылдаған кезде Қордың қаражатымен жасалатын барлық операциялар еш кідіріссіз тоқтатылады.
      3. Қордың міндеттемелері түпкілікті реттелгенге және қаражаты бөлінгенге дейін Қорға қатысушылардың Қордың операцияларына байланысты барлық құқықтары мен міндеттемелері толық көлемде күшін сақтайды.
      4. Қорға қатысушылардың арасында Қордың қаражатын бөлу Қор Кеңесі қабылдаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. Үлестер мүмкіндігінше тиісті жарналар енгізілген валютамен, Қордың Кеңесі негізді және әділ деп есептеген сол мерзімдерде, сол валютамен және сомалармен бөлінеді.
      5. Қордың қаражатын бөлу тек Қордың барлық міндеттемелері (Қордың қаражатын басқарушыға тиесілі төлемдерді қоса алғанда) орындалғаннан немесе ескерілгеннен кейін жүргізіледі. Қордың қаражатын бөлу тәртібімен Қордың қаражатын Қорға қатысушыға кез келген берілуі Қордың осы қатысушысының жарнасына қатысты барлық реттелмеген талаптарды алдын ала реттеумен жасалады.

23-бап
Дауларды шешу тәртібі

      1. Қор құру туралы шарттың 7-бабында айтылған Қордың құрылтайшы мемлекеттері және/немесе Қорға қатысушылар және/немесе Қордың бұрынғы қатысушылары арасында туындайтын немесе Қордың операциялары барысында туындайтын дауларды тараптар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.
      2. Егер осындай даулар туындаған сәттен бастап кемінде 6 (алты) ай ішінде олар келіссөздер мен консультациялар жолымен шешілмеген жағдайда, даудың кез келген тарабы оны Қордың Кеңесіне шешуге береді.
      3. Даудың Тараптарының кез келгені, біреуін - Қор Кеңесі, екіншісін - Қор Кеңесінің шешімін даулайтын Қорға тиісті қатысушы, ал үшіншісін тағайындалған төрешілердің келісімі бойынша не, егер төрешілер өздері тағайындағаннан кейін 6 (алты) айдың ішінде бірыңғай келісімге келмесе, Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық Сотының Төрағасы тағайындайтын үш төрешіден тұратын аралық соттың қарауына дауды бере отырып, Қор Кеңесінің шешімін даулай алады. Сайланған төрешілер үшінші төрешіні таңдау кезінде оның даудағы тарап-мемлекеттің азаматы немесе даудағы тарап-халықаралық ұйымның өкілі болмауға тиіс ережені басшылыққа алады.
      Дауды шешу кезінде Төрешілер даудың жария-құқықтық сипатын ескере отырып ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентін басшылыққа алады. Орыс тілі төрелік талқылау тілі болып табылады.
      Төрешілер көпшілік дауыспен шешім қабылдайды және олар қабылдаған шешім даудың тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

      Осымен, осы аударма 2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шарттың куәландырылған көшірмесінің мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Кадрлық қамтамасыз ету және құжат
      айналымы департаментінің
      Басқарма бастығы                                     Н. Шабанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады