Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 44-баптан қараңыз.

      Осы Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дайындаушы – өткізу үшін тауар өндіретін жеке немесе заңды тұлға;

      2) жарамдылық мерзімі – бітуіне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;

      3) жұмыс – тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатқа ие қызмет;

      4) кемшілік – тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі;

      5) кепілдік мерзімі – тауар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) дайындалған, сатып алынған күннен бастап есептелетін, осы уақыт кезеңі ішінде тауар тиісінше пайдаланылған және сақталған жағдайда, сатушы (дайындаушы, орындаушы) оның (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына кепілдік беретін, сатушы (дайындаушы, орындаушы), Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта күндермен, айлармен, жылдармен белгіленген уақыт кезеңі немесе сағаттармен, іске қосылу циклдарымен, жол жүру километрлерімен немесе осыған ұқсас өзге де көрсеткіштермен белгіленген атқарым;

      6) көрсетілетін қызмет – тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатта болмайтын қызмет;

      7) қызмет ету мерзімі – тауарды (жұмыс нәтижесін) мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болатын, тауардың (жұмыс нәтижесінің) функционалдық мақсатына қарай заңнамада немесе шартта көзделген күндермен, айлармен, жылдармен белгіленген уақыт кезеңі немесе сағаттармен, іске қосылу циклдарымен, жол жүру километрлерімен немесе осыған ұқсас өзге де көрсеткіштермен белгіленген атқарым;

      8) орындаушы – шарт бойынша жұмысты орындаушы немесе қызмет көрсетуші жеке немесе заңды тұлға;

      9) сақтау мерзімі – белгіленген сақтау шарттары сақталған кезде тауар (жұмыс нәтижесі) осы уақыт кезеңі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарда және (немесе) шартта көрсетілген сапасын, қасиеттерін және сипаттамаларын сақтайтын уақыт кезеңі;

      10) сатушы – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды өткізуші жеке немесе заңды тұлға;

      11) тауар – кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес, жеке, отбасылық, үй ішiнде немесе өзге де пайдалануға арналған дайындаушы (орындаушы) қызметінің нәтижесі (өнімі);

      12) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігі – тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың, кәдеге жаратудың әдеттегідей жағдайларында немесе жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы;

      13) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы – тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынушы қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне жататын сипаттамаларының жиынтығы;

      14) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжат – бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат;

      15) тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға;

      16) тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі – тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында азаматтардың ерiктi бiрiгуi нәтижесiнде құрылған ұйым;

      17) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-1-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі қағидаттары

      Тұтынушылардың құқықтарын қорғау:

      1) тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу және осы мүдделерді қорғау;

      2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) туралы ақпараттың қолжетімділігі және дұрыстығы;

      3) тұтынушыларды сауаттандыру;

      4) тұтынушылардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;

      4-1) электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің басқа сауда нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем емес қорғалуын қамтамасыз ету;

      5) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы;

      6) тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тарау 2-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

3-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу

      Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) мемлекеттік саясаттың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы негізгі бағыттарын әзірлейді;

      1-1) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      1-2) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      4) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      5) тұтынушылардың шағымдарына жартыжылдық, жылдық талдауды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне жыл сайынғы талдауды жүргізеді;

      6) мемлекеттік органдарға осы Заңды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұза отырып қабылдаған өз шешімдерінің күшін жою туралы ұсыныс (ұсынымдар) енгізеді;

      7) тұтынушыларға ақпарат беруді, консультация жүргізуді және сауаттандыруды жүзеге асырады;

      8) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғайды және қарайды;

      9) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      10) оннан астам тұтынушының сол бір мәселе бойынша құқықтары бұзылған жағдайларда тұтынушылардың айқындалмаған тобының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгінеді;

      11) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      12) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысады;

      13) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде зерттеулер, ақпараттық-ағарту жұмысын жүргізу және халыққа консультациялық көмек көрсету бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады;

      14) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

      1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      2) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзушыларға жауаптылық шараларын қолданады;

      3) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4) тұтынушыларға ақпарат беруді, консультация жүргізуді және сауаттандыруды жүзеге асырады;

      5) тұтынушыларға олардың денсаулығына және қауіпсіздігіне қауіп келтіретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) туралы ақпарат береді;

      6) уәкілетті органға тұтынушылар құқықтарының бұзылуы туралы келіп түскен өтініштер бойынша және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қызмет туралы жыл сайынғы ақпаратты есептік жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей және жартыжылдық ақпаратты ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей ұсынады;

      7) оннан астам тұтынушының сол бір мәселе бойынша құқықтары бұзылған жағдайларда тұтынушылардың айқындалмаған тобының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгінеді;

      8) тұтынушылар құқықтарының бұзылуы туралы келіп түскен өтініштер, оларды қарау нәтижелері бойынша статистикалық деректерді және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қызмет туралы ақпаратты жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасын тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жетілдіру қажеттілігі нысанасына талдау жасайды және оның қорытындылары бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-1-бап. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру тәртібі

      Ескерту. 2-тарау 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ

7-бап. Тұтынушылардың құқықтары

      Тұтынушылардың:

      1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға;

      2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сауаттандыруға;

      3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға;

      4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға;

      5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға;

      6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;

      7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;

      8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге;

      9) сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға;

      10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға;

      11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;

      12) моральдық зиянды өтетуге;

      13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;

      14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

8-бап. Тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасу құқығы

      Тұтынушының тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасуға құқығы бар.

      Тұтынушыны тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.

8-1-бап. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын талаптар

      1. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.

      2. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптар:

      1) тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жағдайда сатушыны (орындаушыны, дайындаушыны) жауапкершіліктен босату немесе оны негізсіз шектеу;

      2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) шарттық міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда тұтынушының құқықтарын болғызбау немесе шектеу;

      3) өтеулі тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша сатушы (орындаушы, дайындаушы) қосымша таңған тұтынушылардың міндеттерін белгілеу;

      4) туристік қызмет көрсетуге арналған шарттарды және қайтарылмайтын тарифтер бойынша авиабилеттер сатып алу шарттарын қоспағанда, тұтынушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда, оның мөлшерлес емес үлкен (тауар, көрсетілетін қызмет, жұмыс құнының отыз пайызынан астам) соманы төлеуі жөнінде талап белгілеу;

      5) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты өзгерту және бұзу негiздерi мен тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, шартты біржақты тәртіппен өзгерту және (немесе) бұзу құқығын беру;

      6) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты бұзған жағдайда ұсынылмаған тауар (көрсетілмеген қызмет, жұмыс) үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын беру;

      7) тұтынушыға шартты бұзу құқығын берместен, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) бағаны ұлғайту мүмкіндігін беру;

      8) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) тауардың шарт талаптарына сәйкестігін анықтау құқығын беру немесе оған шартты түсіндіру құқығын беру;

      9) сатушының (орындаушының, дайындаушының) өкілдері алған міндеттемелер бойынша оның жауапкершілігін шектеу;

      10) егер сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, тұтынушының барлық міндеттемелерді орындау міндетін белгілеу;

      11) міндеттемедегі адамдардың ауысуы туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шарт бойынша өз құқықтарын және міндеттерін үшінші тұлғаға беру құқығын беру;

      12) тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын өзге де талаптар.

      3. Егер тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын шарттың талаптарын қолдану нәтижесінде тұтынушыға залал келтірілген болса, кінәлі адам оларды толық көлемде өтеуге тиіс.

      4. Тұтынушының өзіне сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз жағдайының артықшылықтарын пайдалануына байланысты келтірген залалды өтетіп алуға құқығы бар.

      5. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) мен тұтынушының арасында жасалған тауарды сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету туралы кез келген шарт оларды түсіну үшін арнайы білімді қажет етпейтін, нақты тұжырымдалған және екіұшты түсіндіруді болғызбайтын талаптарды қамтуға тиіс.

      Ескерту. 3-тарау 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың сауаттану құқығы

      Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың сауаттану құқығы тиісті талаптарды мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және білім беру бағдарламаларына енгізу арқылы, сондай-ақ тұтынушыларды олардың құқықтары және сол құқықтарды қорғау жөніндегі қажетті іс-қимылдар туралы ақпарат беру жүйесін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы

      1. Тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар.

      2. Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру:

      тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;

      сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;

      тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.

11-бап. Тұтынушылардың қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құқығы

      Тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың белгіленген шарттарына сай оның тұтынушы өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпсіз болуына құқығы бар. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Тұтынушылардың тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдау құқығы

      Тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар.

13-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына құқығы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, тұтынушының осы талаптарға сай келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.

      2. Тұтынушының иеленетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықталымын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болатын болса, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексертуді немесе оның дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуын көрсетуді жүргізуге құқығы бар.

      3. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыға (орындаушыға) тауарды иеленудің (жұмысты орындаудың, қызмет көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, оның тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.

      4. Тауарды үлгісі және (немесе) сипаттамасы бойынша сату кезінде тұтынушының үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды алуға құқығы бар.

14-бап. Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы

      1. Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.

      Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.

      2. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.

      3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Тұтынушылардың тиісті емес сападағы тауар сатылған жағдайдағы құқығы

      1. Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:

      1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;

      2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы.

      Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін;

      3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;

      4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;

      5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;

      6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады.

      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы тауарды сатып алу орны бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды қоюға құқылы.

      3. Тұтынушы, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар осы Заңда белгіленген мерзімде анықталған жағдайда, осы талаптарды қоюға құқылы.

16-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтету құқығы

      1. Тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктері салдарынан өз өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқығы бар.

      2. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, кез келген тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеуді талап ету құқығы танылады.

17-бап. Тұтынушының тауардағы кемшіліктерге қатысты талаптар қою мерзімдері

      1. Жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы.

      2. Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоюға құқылы.

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі.

      Егер тауарға кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады.

      Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүре бастайды.

      Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі.

      Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талаптарды олар негізгі бұйымның кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде қоюға құқылы.

      Егер шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, егер негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері оған белгіленген кепілдік мерзімі ішінде табылса, тұтынушы тауардың кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.

      Тауарларды үлгілері бойынша, пошта арқылы, электрондық сауда жолымен сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі – тауарды тұтынушыға берген (жеткізген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын