Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 300-IV Заңы.

      2010 жылғы 20 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ (2010 жылғы 14 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2010 ж., N 4, 27-құжат)

      Бұдан әрі "қазақстандық Тарап" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және "америкалық Тарап" деп аталатын Америка Құрама Штаттарының Үкіметі, ал бірлескен түрде "Тараптар" деп аталады,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005) және 1707 (2006) қарарларының ережелерін назарға ала отырып; және

      Ауғанстан Ислам Республикасының (бұдан әрі - Ауғанстан деп аталады) қауіпсіздігін, тұрақтылығын және қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерге жәрдемдесу қажеттілігін пайымдай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Ауғанстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерге қолдау корсету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы америкалық Тараптың моторлы, қару-жарақсыз, доңғалақты брондалған көлік құралдары, сондай-ақ бірге жүретін персоналы, оның ішінде кері бағытта осындай көлік құралдары мен америкалық Тарап персоналы тасымалының коммерциялық теміржол транзитіне арналған рәсімдерін белгілейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

      а) "коммерциялық теміржол транзиті" - төменде белгіленгеніндей, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық теміржол көлігімен осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында көрсетілген өткізу пункттері арқылы арнайы жүкті және бірге жүретін персоналды тасымалдауды білдіреді;

      б) "арнайы жүк" - моторлы, қару-жарақсыз, стандартты контейнерлерде не жабық ыдыста тасымалданатын, доңғалақты брондалған көлік құралдарын білдіреді (арнайы жүктің әр бірлігі 60 тонна брутто салмақтан аспайды және жүктің көлемі 1520 мм теміржолда қабылданған шамадан аспайды);

      в) "бірге жүретін персонал" - арнайы жүкпен бірге жүретін, америкалық Тараппен немесе оның атынан шарт жасасқан заңды тұлға жалдаған қаруланбаған адамдарды білдіреді;

      г) "өткізу пункті" — теміржол станциясы шегіндегі аумақты, сондай-ақ шекаралық және кедендік, ал қажет болғанда бақылаудың және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық теміржол транзитін өткізудің басқа да түрлері жүзеге асырылатын басқа арнайы жабдықталған орынды білдіреді.

3-бап

      1. Арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық теміржол транзиті тек қана осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген мақсаттарда және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органы осы баптың 3-тармағына сәйкес берген рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық теміржол транзиті мынадай өткізу пункттері арқылы өтуге тиіс:

      а) Ресей Федерациясынан/Ресей Федерациясына: Илецк/Жайсаң;

      б) Өзбекстан Республикасынан/Өзбекстан Республикасына: Сарыағаш/Келес және/немесе Бейнеу/Қарақалпақстан;

      в) Қазақстан Республикасынан/Қазақстан Республикасына: Ақтау порты;

      г) Қазақстан Республикасынан/Қазақстан Республикасына: Құрық порты.

      3. Арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитіне рұқсат алу үшін америкалық Тарап Экспорттық бақылауға жататын өнімнің транзитіне рұқсат беру қағидаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына жоспарланған келуге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей (Қазақстан Республикасының мерекелік күндерін есептемегенде) алдағы транзитке қатысты құжаттарды жолдайды.

      4. Арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитіне рұқсат алғаннан кейін, бірақ Қазақстан Республикасының аумағына келуіне дейін 72 сағаттан кешіктірмей америкалық Тарап мынадай ақпаратты орыс және ағылшын тілдерінде береді:

      а) арнайы жүкті жөнелтушінің атауы мен мекенжайы;

      б) арнайы жүк жөнелтілген станция;

      в) арнайы жүк баратын станция;

      г) арнайы жүкті алушының атауы;

      д) арнайы жүктің сипаттамасы, оның көлемдік мөлшері, салмағы, ауырлық орталығының координаттары;

      е) арнайы жүктегі бірдей бірліктерінің саны; және

      ж) шектес мемлекеттердің өздерінің тиісті аумақтары арқылы арнайы жүк транзитіне рұқсат бергені жөніндегі растауы.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 № 488-ІV; 04.05.2018 № 152-VІ Заңдарымен.

4-бап

      1. Қазақстандық Тарап, егер арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитінің осы Келісімге сәйкес келмейтіндігі немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анықталса, арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитіне рұқсат беруден бас тартуға немесе бұрын берілген рұқсаттың күшін жоюға құқылы.

      2. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитіне рұқсат берудің күші жойылады.

      3. Коммерциялық теміржол транзитіне рұқсаттың күші жойылған жағдайда, америкалық Тарап арнайы жүкті және бірге жүретін персоналды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге қайтаруды өз есебінен қамтамасыз етеді.

5-бап

      1. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бірге жүретін персоналдың транзиті Қазақстан Республикасының визалық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тараптар бірге жүретін персоналдың Қазақстан Республикасы аумағында болуын қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасасады.

6-бап

      1. Бірге жүретін персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

      2. Транзит бағыты бойынша бірге жүретін персонал теміржол құрамы мен арнайы жүкті техникалық тексеріп қарауды, сондай-ақ теміржол құрамында болу бірге жүретін персоналдың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының рұқсатынсыз теміржол құрамын тастап кете алмайды.

7-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында болатын уақытта бірге жүретін персоналға Қазақстан Республикасының қылмыстық юрисдикциясы қолданылады.

8-бап

      1. Коммерциялық теміржол транзиті кезінде арнайы жүк және бірге жүретін персонал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекаралық және кедендік бақылаудан және қажет болған жағдайда бақылаудың басқа да түрлерінен өткізіледі.

      2. Қазақстандық Тараптың кедендік бақылау органдары кедендік тексеріп қарауды тікелей теміржол құрамының вагондарында жүргізуге құқылы. Егер арнайы жүкті және тиісті құжаттаманы тексеріп қарағаннан кейін кедендік бақылау органдары өкілдері осы Келісімді іске асыру үшін арнайы жүк осы Келісімнің 3-бабына сәйкес рұқсат алу үшін мәлімделген ақпаратқа сәйкес келмейтіндігіне негіздеме бар деп санаса, осы арнайы жүк одан әрі тексеріп қарау үшін ішінара немесе толық түсірілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда арнайы жүк не инспекция жүргізу үшін теміржол вагондарынан түсіріледі, не, балама ретінде, теміржол құрамы келген өткізу пункті арқылы бірге жүретін персоналмен қоса, коммерциялық теміржол транзитін аяқтамастан, теміржол құрамының жоспарланған баратын пунктіне Қазақстан Республикасының аумағы шегінен қайтарылады.

9-бап

      Америкалық Тарап немесе реті келген жағдайда, америкалық Тараппен немесе оның атынан шарт жасасқан заңды тұлғалар қазақстандық Тарапқа және қазақстандық заңды тұлғаларға коммерциялық теміржол транзиті барысында сұрау салынған және алынған тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің құнын өтейді.

10-бап

      1. Бір Тарап коммерциялық теміржол транзитіне байланысты алған ақпарат осындай ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз, қандай жағдайларда болмасын, үшінші Тарапқа берілмейді.

      2. Осы баптың 1-тармағының қолданылуы Тараптардың кез келгені арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық теміржол транзитіне қатысты іске тартылатын заңды тұлғаларға беретін ақпаратқа қолданылмайды.

11-бап

      Осы Келісім шеңберінде коммерциялық теміржол транзитін жүзеге асыру кезінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар жағдайларға байланысты:

      а) залал үшін жауапты жеке және/немесе заңды тұлғалар;

      б) Тараптар арасындағы консультациялар арқылы; немесе

      в) консультациялардан кейін 1951 жылғы 19 маусымдағы Қарулы күштердің мәртебесіне қатысты Солтүстік Атлантика шартына қатысушылар арасындағы келісімнің VIII бабының ережелеріне сәйкес қанағаттандырылады.

12-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісім ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

13-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдердің орындалғандығын растайтын Тараптардың дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша түзетулер енгізілуі мүмкін.

      3. Түзетулер жеке хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      4. Осы Келісім бір жыл мерзім ішінде күшінде қалады және, егер Тараптардың бірі кезекті бір жылдық мерзім аяқталғанға дейін 60 (алпыс) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын ұзартпау туралы ниетін екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар етпесе, өздігінен бұдан кейінгі біржылдық кезеңдерге ұзартылады.

      5. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы хабарлай отырып, оны кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы тиісті хабарлама алынған күннен кейін 60 (алпыс) күннен кейін тоқтатылады.

      6. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда осы Келісімнің 11-бабында жазылған міндеттемелер Тараптар өзгеше уағдаластыққа келгенге дейін Тараптар үшін күшінде қала береді.

      Астана қаласында 2010 жылғы 20 маусымда әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының

Үкіметі үшін

Америка Құрама Штаттарының

Үкіметі үшін


      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады