Магистральдық құбыр туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 22 маусымдағы № 20-V Заңы.

      "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының
2012 жылғы 22 маусымдағы Заңына
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

      Қазақстан Республикасының экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында әзірленген "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) 2012 жылғы 22 маусымда Мемлекет Басшысы қол қойды.

      Заңның басты ұстанымдары:

      1. Заң мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншікте болуы мүмкін жаңадан құрылатын магистральдық құбыр жобасында мемлекеттің қатысу артықшылығы құқығын бекітеді. Мемлекет мүдделерінің бірінші кезекте сақталуы олардың ел экономикасындағы маңызды рөлін білдіреді.

      2. Магистральдық құбырдың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, заң олардың шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың меншігінде болуына тыйым салады.

      3. Заңмен "ұлттық оператор" институты енгізіледі. Оның иелерінің дауыс беру акцияларының елу және одан астам пайызы тікелей немесе жанама мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға жататын болса, оған республика аумағындағы магистральдық құбыр бойынша қызмет көрсетуге "эксклюзивтік" құқық беру көзделуде.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру мақсатында оның дауыс беру акцияларының (қатысу үлесі) елу немесе одан астам пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға жататын болса, Үкіметтің шешімімен мұндай құқық басқа заңды тұлғаға берілуі мүмкін.

      4. Заңда уәкілетті мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланып жіктелген, ол магистральдық құбыр саласында мемлекеттік басқару жүйесін реттеуге мүмкіндік береді.

      5. Заң магистральдық құбырмен өнімді тасымалдау бойынша қызметке қол жеткізу мәселелерін реттейтін ережелерді қамтиды.

      6. Заңда бекітілген жаңалық өнімнің сапа банкін қолдану мүмкіндігі болып табылады, ол өнім сапасында көрсеткіштердің айырмашылығына байланысты өнімнің сапасы және саны бойынша мәліметтердің негізінде жөнелтушілер арасында өзара ақшалай есептесу жүргізу тетігін білдіреді.

      7. Заңда магистральдық құбырды пайдалану, консервациялау және жою кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ оларды жобалау және салу ерекшеліктері қамтылған.

      Жалпы, Заң ішінде де, оның аумағынан тыс жерлерде де өнімді тасымалдау бөлігінде мұнай-газ саласының алдында тұрған мәселелерді кешенді және жүйелі шешуге бағытталған.

      Қазақстан Республикасының

      Мұнай және газ министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз