Байланыс формасы

"Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 5 шілдедегі № 27-V Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз

      1-бап. «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 21, 382-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2005 ж., № 7-8, 22-құжат; 2007 ж., № 14, 102-құжат; 2011 ж., № 4, 37-құжат; № 16, 128-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 2-баптың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) алдын ала тұрғын үй заемы – шарттық соманы алғанға дейiн негiзгi борышты өтеу талабынсыз, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында шарттық соманың шегiнде салымшыға тұрғын үй құрылысы жинақ банкi беретiн нысаналы заем, ол бойынша қалдық осы Заңға, банктiң iшкi кредиттiк саясатына және банктiк заем шартының талаптарына сәйкес шарттық соманың есебiнен өтеледi;
      2) аралық тұрғын үй заемы – жинақталған ақшаның ең төменгi қажеттi мөлшерiн жинақтау талабымен тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында салымшыға тұрғын үй құрылысы жинақ банкi беретiн нысаналы заем, ол бойынша қалдық осы Заңға, банктiң iшкi кредиттiк саясатына және банктiк заем шартының талаптарына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша шарттық соманың есебiнен өтеледi;»;
      2) 3-баптың 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға және салымды, оған тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақыны алуға құқылы. Бұл ретте салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгiленген талаптарға сәйкес салымды үш жылдан аса жинақтаған кезде мемлекеттiң сыйлықақысын алуға құқылы.»;
      3) 5-бапта:
      2-тармақтың бірінші бөлігінде:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) аударым операциялары – жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдары жөнiндегi тапсырмаларын орындау;»;
      6) тармақшадағы «ұйымдастыру жатады.» деген сөздер «ұйымдастыру;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      «7) заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу жатады.»;
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктері Қазақстан Республикасының банк заңнамасында екінші деңгейдегі банктер үшін көзделген, лицензияның болуын талап етпейтін қызмет түрлерімен айналысуға құқылы.»;
      4) 7-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi салымшылар алдындағы шарттық соманы немесе жинақталған ақша сомасын беру жөнiндегi мiндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығында заем қаражаттарын тартуға құқылы.
      Меншікті және тартылған қаражаттарды тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi осы Заңда көзделген қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланады.
      Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы алдын ала тұрғын үй заемдарын беру үшін пайдаланыла алмайды.»;
      5) 8-бапта:
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Жинақтау мерзiмi өткенде және салымшы жинақталған ақшаның ең төменгi қажеттi мөлшерін жинақтамаған жағдайда оның салымды, оған тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақыны, сондай-ақ салым үш жылдан аса жинақталған кезде мемлекеттiң сыйлықақысын алуға не мемлекеттiң сыйлықақысы есептеле отырып, тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде жинақтауды жалғастыруға құқығы бар.
      Мемлекеттiң сыйлықақысы тұрғын үй заемын алуға өтiнiш берiлген кезге дейiн есептеледi.»;
      5-тармақтағы «банк заемының бөлек» деген сөздер «банктік заем» деген сөздермен ауыстырылсын;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдарын беру мақсатында сыйақының жеңiлдiктi мөлшерлемесі бойынша ұзақ мерзiмдi бюджеттiк кредиттер пайдаланылуы мүмкiн.
      Аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдары ұзақ мерзiмдi бюджеттiк кредиттер қаражатының немесе ұзақ мерзiмдi бюджеттiк кредиттер мен тұрғын үй құрылысы жинақ банкі қаражатының есебiнен тұрғын үй құрылысының мемлекеттік және салалық бағдарламаларына қатысушыларға беріледі.
      Ұзақ мерзiмдi бюджеттiк кредиттер қаражатының немесе ұзақ мерзiмдi бюджеттiк кредиттер мен тұрғын үй құрылысы жинақ банкі қаражатының есебiнен тұрғын үй құрылысының мемлекеттік және салалық бағдарламаларына қатысушыларға берілетін аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі кредиттік шартқа сәйкес белгіленеді.»;
      6) 10-бапта:
      4-тармақтың бірінші бөлігінде:
      «беріледі» деген сөз «есептеледі» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Мемлекеттiң сыйлықақысы салымшының шотына есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде есепке жатқызылады.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттiң сыйлықақысын есептеу мен төлеу қағидаларын бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекітеді.»;
      7) 11-баптың 1-тармағында:
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) ақшаны үш жылдан аз уақытта жинаған кезде заем берілген күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде заемды қайтарғанда;»;
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде салымдарды жинақтау мерзiмi үш жылдан кем болған кезде тараптар тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзғанда;»;
      8) 12-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының осы Заңның 8-бабы 2-тармағының талаптарын орындағаны-орындамағанына қарамастан, ол тұрғын үй заемын алудан бас тартқан және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, үш жыл ақша жинақтағаннан кейiн оның мемлекеттің сыйлықақысын алуға құқығы бар.
      Қарыз алушы заем берілген күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде тұрғын үй заемын қайтарған жағдайда, үш жыл ақша жинақтағаннан кейін оның мемлекеттің сыйлықақысын алуға құқығы бар».

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Осы Заңның 1-бабы 2) тармақшасының, 5) тармақшасы екінші және  үшінші абзацтарының, 7) және 8) тармақшаларының күші бұрын жасалған қолданыстағы шарттардан туындаған қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады