Газ және газбен жабдықтау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Заңы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 35-баптан қараңыз.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк», «Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк» деген сөздер тиісінше «газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік», «Газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) автогаз құю станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдары иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы – тауарлық газды сұйытуға, сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдарының иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;
      3) аккредиттеу – газ желісі ұйымдарын Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді деп уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
      4) бөлшек саудада өткізу – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, өз мұқтаждықтары үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      5) бірыңғай техникалық дәліз – бір трасса бойымен қатар салынған, бірыңғай бағытта (көліктік лекте) тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ететін магистральдық газ құбырларының (немесе учаскелерінің) және магистральдық газ құбырлары жүйелерінің (оның ішінде әртүрлі қысымдағы жүйелерінің) жиынтығы;
      6) газ – шикі, тауарлық, сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;
      7) газбен жабдықтау – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу саласындағы қызмет;
      8) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы – пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және оларды зақымдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің айналасына орнатылатын айрықша пайдалану жағдайындағы аумақ;
      9) газбен жабдықтау жүйесі – тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндіруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысты объектілер кешені;
      10) газдандыру – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалануға бағытталған іс-шаралар кешені;
      11) газ жабдығы – газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);
      12) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік – Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газды тереңдетіп өңдеуді және өзара тиімді жағдайларда қосылған құны жоғары өнім өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекет пен инвестордың өзара іс-қимыл жасау нысаны;
      13) газ желісі ұйымы – аккредиттеу туралы куәлігі бар және газ толтыру стансасын пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген шарттарда сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      14) газ құбыры – бекітпе арматурасы бар, бір-бірімен қосылған құбырлардан тұратын және газ тәріздес немесе екі фазалық күйдегі газды тасымалдауға арналған құрылыс;
      15) газ тарату жүйесі – газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтыну жүйелеріне дейін тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысты құрылыстар кешені;
      16) газ тарату ұйымы – тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      17) газ тасымалдау ұйымы – осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және (немесе) тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді көрсететін заңды тұлға;
      18) газ толтыру пункті – сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға арналған инженерлік құрылыс;
      19) газ толтыру станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға, теміржол цистерналарына, автогаз тасымалдағыштарға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;
      20) газ тұтыну жүйесі – газ тарату жүйесінен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалануға арналған газ құбырлары (желілік бөлік) мен газ жабдығы кешені;
      21) есепке алу аспаптары – мынадай функцияларды: газды өлшеуді, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемі, температурасы, қысымы және аспаптардың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетуді орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;
      22) жалғастырушы газ құбыры – шикі газды келісімшарттық аумақтан газ өңдеу зауытына немесе шикі газды өнеркәсіптік тұтынушыға дейін тасымалдауға не тауарлық газды газ өңдеу зауытынан магистральдық газ құбырына дейін тасымалдауға арналған газ құбыры;
      23) кәсіпшілік газ құбыры – газды келісімшарттық аумақ шегінде тасымалдауға арналған газ құбыры;
      24) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, кәсіпкерлік, коммерциялық емес немесе өзге қызметті жүзеге асыру кезінде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
      25) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      26) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өткiзу жөнiндегi, сондай-ақ газ тарату ұйымының газын нормативтік техникалық шығасыларға өткізген жағдайлардағы кәсiпкерлiк қызмет;
      27) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері – Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға қажетті тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газының көлемі;
      28) магистральдық газ құбыры – тасымалданатын газдың қысымын арттыруды және төмендетуді қамтамасыз ететін бір немесе бірнеше газ құбырынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден, телебасқару, байланыс құралдарынан және өзге де коммуникациялардан тұратын, тауарлық газды тасымалдауға арналған инженерлік құрылыс. Магистральдық газ құбыры объектілерінің құрамы жобалық құжаттамада және техникалық регламенттер талаптарында айқындалады;
      29) өндіруші – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      30) өнеркәсіптік тұтынушы – өнеркәсіп өндірісінде отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға;
      31) сұйытылған мұнай газы – жеңіл көмірсутегілердің (пропан-бутан фракциясының, пропанның, бутанның) тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін қоспасы;
      32) сұйытылған табиғи газ – құрамында метаны басым көмірсутегілердің тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;
      33) тасымалдау – газ құбырлары арқылы шикі немесе тауарлық газды айдаудың технологиялық процесі;
      34) тауарлық газ – құрамында метаны басым көмірсутегілердің газ тәріздес күйде болатын, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;
      35) тауарлық газ қоймасы – тауарлық газды сақтауға арналған, технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;
      36) топтық резервуарлық қондырғы – ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекітпе және реттеуші арматурадан, газ құбырларынан тұратын және сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған инженерлік құрылыс;
      37) тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік қызметте пайдалану және оларды одан әрі өткізу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;
      38) тұтыну нормасы – есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін өздері тұтынған тауарлық немесе сұйытылған мұнай газының орташа айлық көлемін көрсететін есептік шама;
      39) тұтынушы – тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсіптік тұтынушы;
      40) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ елді мекендердің шекаралары шегінен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      41) ұлттық оператор – акцияларының бақылау пакетінің меншік иесі мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      42) шикi газ – тазартылмай өндiрiлген табиғи, iлеспе, қатпарлы газ, көмiр қабаттарындағы метан, сондай-ақ шығу көзi өзгеше көмiрсутегi газы.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен
              жабдықтау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заңның ережелері сұйытылған мұнай газын сыйымдылығы бір килограмнан аз баллондарда өткізу кезінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.

      4-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік
              реттеудің негізгі мақсаттары, қағидаттары мен
              міндеттері

      1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары Қазақстан Республикасының энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.
      2. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеу:
      1) газбен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сенімділігі;
      2) газ ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығы;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газымен Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан объектілерді газдандыру басымдығы;
      5) газ және газбен жабдықтау саласындағы баға саясатының теңгерімділігі қағидаттарына негізделеді.
      3. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері:
      1) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру;
      2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
      3) Қазақстан Республикасында тұтынылатын отын-энергетика ресурстарының жалпы көлеміндегі тауарлық және сұйытылған мұнай газының үлесін ұлғайту.

2-тарау. ГАЗ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) ұлттық операторды айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекітеді;
      5) - 13) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекіту тәртібін бекітеді;
      15) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      16) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      17) тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың экспортын реттейді;
      18) экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешім қабылдайды;
      19) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) өз құзыретінің шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін әзірлейді;
      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлейді;
      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      6) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын айқындау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      7) тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және оларды айқындау тәртібін бекітеді;
      8) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
      9) ұлттық оператордың немесе дауыс беруші акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін иеліктен шығаруды келіседі;
      10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіру, өткізу және тұтыну балансын жүргізуді ұйымдастырады;
      11) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттарын әзірлейді және бекітеді;
      13) тауарлық, сұйытылған мұнай және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингі бойынша мәліметтер ұсынудың тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;
      16) елді мекендердің шекаралары (сызықтары) шегінен тыс газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
      17) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      18) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын жасау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      19) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      20) газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      21) газ желісі ұйымдарын аккредиттеуді жүзеге асырады;
      22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де
              уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:
      1) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады әрі жүргізеді және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
      3) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
      4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:
      1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      2) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлейді және бекітеді;
      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      4. Стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын келіседі;
      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
      3) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;
      4) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;
      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу көзделген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен резервке қояды;
      6) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін береді;
      6-1) тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      6-2) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ДАМУЫ

      8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі

      1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.
      2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.
      Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.
      3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
      4. Мыналар:
      1) ұлттық оператор;
      2) тауарлық газды өндірушілер;
      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
      6) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;
      7) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
      8) тауарлық газдың өнеркәсіптік тұтынушылары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің субъектілері болып табылады.
      5. Уәкілетті орган тауарлық газды өндірушілердің, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.
      6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мақсатында тауарлық газды өндірушілер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін пайдаланудың белгіленетін технологиялық режимдерін сақтауға міндетті.

      9-бап. Ұлттық оператор

      1. Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      3) осы Заңға сәйкес шикі және тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын жүзеге асырады;
      4) осы Заңға сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерді және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға мемлекеттің басым құқығын жүзеге асырады;
      5) тауарлық газдың іркіліссіз тасымалдануын және сақталуын, оның ішінде газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарымен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етеді;
      6) тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асырады;
      7) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің технологиялық жұмыс режимін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды қамтамасыз етеді;
      8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық газды тасымалдау, сақтау және өткізу жөніндегі, мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде шикі және тауарлық газды сатып алу жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ұсынады;
      9) тауарлық газды тасымалдау режимдерін басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіндегі тауарлық газды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
      2. Ұлттық оператор:
      1) осы Заңда белгіленген шарттармен тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне қосылған тұтынушыларды тауарлық газбен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды, пайдалануды, жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды қамтамасыз етуге;
      3) энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологиялар мен жабдықтарды тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің ұлттық оператор иелік ететін объектілерінде пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Ұлттық оператордың немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері уәкілетті органмен келісім бойынша иеліктен шығарылуы мүмкін.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10-бап. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері

      1. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ тұтыну жүйелерінің, автогаз құю станцияларының және сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілердің жиынтығын білдіреді.
      2. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
      3. Мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      4) газ желісі ұйымдары;
      5) газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелері;
      6) сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылар сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің субъектілері болып табылады.
      4. Уәкілетті орган сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, газ желісі ұйымдарының және сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылардың есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.

      11-бап. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы

      1. Қазақстан Республикасының аумағын газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы ескеріле отырып, тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың болжамды балансы негізінде әзірленеді.
      3. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастыру схемасын, салу, жаңғырту, және (немесе) реконструкциялау жоспарланған газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын, қажетті қаржы ресурстары мен олардың көздерін, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресурстарын, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ беру схемасын қамтиды.
      4. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тауарлық газды, оның ішінде сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған газды пайдалануының басымдығы ескеріле отырып әзірленеді.
      5. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын қаржыландыру ұлттық оператордың табыстары, бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
      6. Газдандырудың бас схемасын іске асыру үшін жер учаскелерін резервке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      12-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жобалау,
               салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау

      1. Магистральдық газ құбырларын салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен келісіледі.
      2. Газ тарату жүйелерін және сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері объектілерін салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
      3. Экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      4. Магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға арналған техникалық талаптарды осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау не газ тарату немесе газ желісі ұйымы береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерінің жаңадан салынып жатқан, жаңғыртылатын және (немесе) реконструкцияланатын объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады.
      5. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі.
      6. Тұтынушылардың жаңадан қосылатын және реконструкцияланатын газ жабдығы техникалық регламенттерге және нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес орындалуға, сондай-ақ жобалық құжаттамамен қамтамасыз етілуге тиіс.

      13-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін салу және
               пайдалану кезінде жер пайдалануды реттеу

      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу және пайдалану үшін берілетін жерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қала құрылысы және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      2. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне кіру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығында тиесiлi жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын мүдделi жеке және заңды тұлғаларға беруге мiндеттi.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін күрделі жөндеу, оларға қызмет көрсету, оларды жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін осы объектілерді пайдаланатын ұйымға жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша жер пайдалануға беріледі.

4-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

      14-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы
               басым құқығы

      1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері – заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқығы (бұдан әрі – мемлекеттің басым құқығы) бар.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылмаған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру осы баптың 4-6-тармақтарында көзделген тәртіппен ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.
      4. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
      5. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс түскен күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру туралы немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      6. Егер ұлттық оператор мемлекеттің басым құқығынан жазбаша түрде бас тартқан не бір ай мерзімде оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, онда осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) өзге тұлғаларға иеліктен шығарып беруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте иеліктен шығару шартының осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға үшін тиімділігі ол ұлттық операторға ұсынған шарттардан кем болмауға тиіс.
      7. Осы баптың ережелері мынадай жағдайларға:
      1) автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және өнеркәсіптік тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін иеліктен шығаруға;
      2) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналымға түсетін акцияларды иеліктен шығаруға;
      3) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін):
      қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесіне тиесілі болатын еншілес ұйымға;
      әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде белгілі бір тұлғаға тиесілі болатын заңды тұлғалар арасында беруге;
      4) егер осындай берудiң нәтижесiнде тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі – заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiнiң (акциялар пакетiнiң) кемiнде 0,1 пайызына тiкелей немесе жанама түрде (үшiншi тұлғалар арқылы) билiк ету құқығын сатып алса, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлғадағы акцияларды (қатысу үлестерiн) беруге қолданылмайды.

      15-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы
               артықшылықты құқығы

      1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі иеліктен шығарылатын шикі газды, сондай-ақ өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген және өздеріне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес тиесілі тауарлық газды сатып алуға артықшылықты құқығы (бұдан әрі – мемлекеттің артықшылықты құқығы) бар.
      2. Мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі газдың бағасын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы айқындайды және ол:
      1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газды өндіруге жұмсалған шығыстарды;
      2) ұлттық операторға шикі газды өткізетін жерге дейін оны тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды;
      3) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
      4. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың бағасын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы айқындайды және ол:
      1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газды өндіруге жұмсалған шығыстарды;
      2) шикі газдан тауарлық газды өндіруге жұмсалатын шығыстарды;
      3) ұлттық операторға тауарлық газды өткізетін жерге дейін оны тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды;
      4) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
      5. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі немесе тауарлық газдың бағасы сараптауға және уәкілетті органның бекітуіне жатады.
      6. Алдағы күнтізбелік жылы шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газ бағасының құжаттамалық расталған есептерін уәкілетті органға сараптамаға жібереді.
      7. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың есептелген бағасын сараптау нәтижелері бойынша уәкілетті орган материалдарды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жер қойнауын пайдаланушыға мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың есептелген бағасын бекіту туралы хабарлама не оны өзгерту қажеттігі туралы дәлелді қорытындыны жібереді.
      8. Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың уәкілетті орган бекіткен бағасынан асырмауға міндетті.
      9. Алдағы күнтізбелік жылы шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар жоспарланған кезең басталғанға дейін бес айдан кеш емес мерзімде ұлттық операторға мыналарды:
      1) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін;
      2) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың бағасын;
      3) шикі және (немесе) тауарлық газдың жеткізілу пунктін көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
      10. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс алынған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және осы мерзімде коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      11. Егер ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырудан жазбаша түрде бас тартқан не оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарламаны бір ай мерзімде жібермеген жағдайда, тауарлық газдың меншік иесі, жер қойнауын пайдаланушы осы Заңның талаптарына сәйкес өзге тұлғаларға шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      12. Ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырған кезде жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық оператор арасында жасалатын шарттар күнтізбелік бір жылдан асатын мерзімге жасалуы мүмкін.
      13. Тараптардың келісімі бойынша көрсетілген шарттарға иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін ұлғайтуды және (немесе) осы баптың 5–7, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдерді сақтамай, шарттардың қолданылу мерзімдерін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      14. Осы баптың ережелері мыналарды:
      1) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газды;
      2) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газдан өндірілген тауарлық газды;
      3) сұйытылған табиғи газды және оны қайтадан газға айналдыру процесінде алынған тауарлық газды;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өткізілетін шикі газды;
      5) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газды;
      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды;
      7) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде өндірілген тауарлық газды;
      8) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 308-1-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығын иеленетін, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген шикі және (немесе) тауарлық газды иелiктен шығару жағдайларына қолданылмайды.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-бап. Ілеспе газбен байланысты қатынастарды реттеу

      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасына тиесілі;
      2) өндірілген ілеспе газға жер қойнауын пайдаланушының меншігі көзделген, жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мемлекет меншігіне берген ілеспе газ мемлекеттің меншігінде болады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ілеспе газ уәкілетті орган айқындаған көлемде оның шешімімен уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен және талаптармен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде тартылатын инвестордың меншігіне беріледі.
      3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газдан тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органның шешімі бойынша тараптар келіскен бағамен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде одан әрі пайдалану үшін тауарлық газды ұлттық операторға немесе тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын тартылатын инвесторға береді.
      4. Газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде инвестор уәкілетті органмен жасасқан шарт, оның ішінде мынадай талаптарды:
      1) ілеспе газды тауарлық, сұйытылған мұнай газы және (немесе) сұйытылған табиғи газ етіп өңдеуді;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып, өндірілген тауарлық, сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың белгілі бір көлемін бірінші кезекте Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беруді қамтуға тиіс.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      17-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған
               табиғи газды өткізудің жалпы шарттары

      1. Қоршаған ортаны және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау мақсатында шикізат ретінде пайдалану үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға шикі газды өткізуді қоспағанда, тұтынушыларға тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газы ғана беріледі.
      2. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, тауарлық газды тек қана:
      1) ұлттық оператордың;
      2) тауарлық газды өндірушілердің;
      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің;
      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің;
      6) газ тарату ұйымдарының;
      7) автогаз толтыру компрессорлық станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.
      3. Сұйытылған табиғи газды өткізуді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығын ескере отырып жүзеге асырады.
      4. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, сұйытылған мұнай газын тек қана:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің;
      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
      4) газ желісі ұйымдарының;
      5) газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.
      5. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өткізу осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды есепке алудың бақылау аспаптары арқылы міндетті түрде өткізе отырып жүзеге асырылады.
      6. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шарттары үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.
      Осы тармақтың ережесі:
      1) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушыларға;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы иелері тауарлық газды;
      3) автогаз толтыру станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын;
      4) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу жағдайларына қолданылмайды.
      7. Тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын пайдаланудың артықшылықты құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие болады.
      8. Газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы осы Заңда белгіленген шарттарда осындай ұйымның газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғысына қосылған тұтынушыларды тауарлық немесе сұйытылған мұнай газымен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.
      9. Мынадай:
      1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған;
      2) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері техникалық жарамсыз болған;
      3) тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан;
      4) газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдері газ құбырларына, газ жабдығына және есепке алу аспаптарына жіберілмеген;
      5) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес жеткізіліп берілген тауарлық немесе сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек болған жағдайларда, газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.

      18-бап. Газ желісі ұйымдарын аккредиттеу

      1. Газ желісі ұйымдары газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуге жатады.
      2. Аккредиттеу аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады және аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
      3. Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды, мерзімі белгіленбеген, иеліктен шығарылмайтын болып табылады және оны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге болмайды.
      4. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтату мынадай:
      1) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен қайтарған;
      2) газ толтыру станциясын және (немесе) топтық резервуарлық қондырғыларды меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде иелену тоқтатылған;
      3) заңды тұлға таратылған немесе ол бөлiну нысанында қайта ұйымдастырылған;
      4) аккредиттеу туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
      5. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      19-бап. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ
               жабдығын пайдалану

      1. Газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз жұмысы үшін жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
      3. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
      4. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын пайдаланатын коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын газ жүйесі ұйымымен немесе газ толтыру пунктінің иесімен өздеріне тиесілі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
      5. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады.
      6. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым олардың техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      20-бап. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта
               көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік
               реттеу

      1. Қазақстан Республикасында тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады.
      2. Тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағалары Қазақстан Республикасының өңiрлерiн газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтiк жағдайлары ескерiле отырып, әрбiр облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жыл сайын бірінші шілдеде жеке белгiленедi.
      3. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсу бойынша он бесінші мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң алдағы жылға арналған шектi бағаларын бекiтедi.
      4. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      5. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы тоқсан сайын белгіленеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
      6. Уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша жоспарланған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларын бекітеді.
      7. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумағында тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің белгіленген шекті бағаларын шектен асырмауға міндетті.
      9. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің осы бапта белгіленген шекті бағалары:
      1) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық операторға;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің ұлттық операторға;
      3) сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған;
      4) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 308-1-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығын иеленетін, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген тауарлық газды өткiзу жөнiндегi қатынастарға қолданылмайды.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған
               табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау
               және өткізу мониторингі

      1. Уәкілетті орган:
      1) Қазақстан Республикасында тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру көлемінің мониторингін;
      2) тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемінің мониторингін;
      3) Қазақстан Республикасында тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізу, оның ішінде олардың экспорты мен импорты көлемінің мониторингін;
      4) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың көтерме сауда бағаларының мониторингін;
      5) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларының мониторингін;
      6) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерінің мониторингін қамтитын тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингін жүзеге асырады.
      2. Тауарлық газды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға тауарлық, оның ішінде тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей ұсынады.
      3. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары ұлттық операторға тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
      4. Ұлттық оператор уәкілетті органға:
      1) тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және оны тауарлық газ қоймаларында сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей;
      2) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде сатып алынған шикі және тауарлық газдың көлемдері туралы мәліметтерді жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші ақпанынан кешіктірмей;
      3) Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
      5. Өндірушілер уәкілетті органға:
      1) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей;
      2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
      6. Сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар аумақтарында осындай өткізу жүзеге асырылатын облыстардың, республикалық маңызды қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына сұйытылған мұнай газын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына  әкелінген сұйытылған мұнай газын өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
      7. Облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға:
      1) облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей;
      2) облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
      8. Сұйытылған табиғи газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға сұйытылған табиғи, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
      9. Осы баптың 2–8-тармақтарында көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес ұсынылады.
      10. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасындағы тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың импорты мен экспорты туралы мәліметтерді уәкілетті органға ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей ұсынады.
      11. Уәкілетті орган мониторинг деректері негізінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды балансын жасайды.

5-тарау. ТАУАРЛЫҚ ГАЗДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ
ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      22-бап. Тауарлық газды тасымалдау және сақтау

      1. Тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді газ тасымалдау ұйымдары көрсетеді.
      2. Бір ғана жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары мен тауарлық газ қоймаларын екі және одан көп газ тасымалдау ұйымының пайдалануына тыйым салынады.
      3. Газ тасымалдау ұйымдары тек қана:
      1) ұлттық операторға;
      2) тауарлық газды өндірушілерге;
      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға ниет білдірген оның иелеріне тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетуге құқылы.
      4. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары:
      1) осы баптың 3-тармағында көзделген шектеулерді ескере отырып, тауарлық газдың иелеріне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес магистральдық газ құбырының, тауарлық газ қоймасының немесе газ тарату жүйесінің қуаттарына тең жағдайларда қол жеткізуді ұсынуға;
      2) уәкілетті органның сұрауы бойынша магистральдық газ құбырында, тауарлық газ қоймасында, газ тарату жүйесінде бос тұрған қуаттардың бар екені туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды пайдалану бағдарламасын ұсынуға;
      3) тауарлық газ иелерін және (немесе) тұтынушыларды тауарлық газды тасымалдау, сақтау және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі міндеттемелерді орындауға әсер ететін жоспарланған жөндеу және профилактикалық жұмыстар туралы хабардар етуге міндетті.
      5. Газ тасымалдау ұйымы:
      1) тауарлық газ техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
      2) жер қойнауын пайдаланушы тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығынан ұлттық оператордың жазбаша бас тартуын не жер қойнауын пайдаланушы газ тасымалдау ұйымына жүгінгенге дейін бір ай бұрын ұлттық оператордың тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін иеліктен шығару туралы коммерциялық ұсынысты алғанын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, тауарлық газ иесінің тауарлық газын тасымалдаудан және (немесе) сақтаудан бас тартуға міндетті.
      6. Газ тасымалдау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында және тауарлық газды тасымалдау және сақтау жөніндегі қызметтерді ұсыну шартында көзделген тәртіппен тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан негізсіз бас тартқаны үшін жауапты болады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      23-бап. Тауарлық газды көтерме саудада өткізу

      1. Тауарлық газды көтерме саудада өткізуді:
      1) ұлттық оператор;
      2) тауарлық газды өндірушілер;
      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
      5) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өткізілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
      6) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне өткізілген жағдайларда, газ тарату ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      Өзге тұлғалар тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Газ тарату ұйымдарының ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне көтерме саудада өткізу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардан тауарлық газды сатып алған тұлғаға оны көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруына тыйым салынады.
      Осы тармақтың ережелері ұлттық операторға қолданылмайды.

      24-бап. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізу

      1. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді:
      1) газ тарату ұйымдары;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
      3) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) газ тұтыну жүйелері магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тікелей қосылған өнеркәсіптік тұтынушыларға тауарлық газ бөлшек саудада өткізілген жағдайда, тауарлық газды өндірушілер, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық  газдың меншік иелері жүзеге асырады.
      Өзге тұлғалар тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын газ тарату жүйесіне қосуды, бос тұрған қуаттар болмаған жағдайда, қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемелерін жабуға қажетті газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ мұндай қосудың технологиялық схемасын өзгертуді газ тарату ұйымы осындай тұтынушылардың есебінен жүзеге асырады.
      3. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне тауарлық газды беруді газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы жүзеге асырады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      25-бап. Тауарлық газды есепке алу

      1. Тауарлық газдың көлемі есепке алынбайынша, оны тасымалдауға, сақтауға және өткізуге жол берілмейді.
      2. Магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалданатын тауарлық газ көлемін есепке алуды газ тасымалдау ұйымы газ өлшеу станцияларында тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған тауарлық газды есепке алу аспаптары бойынша деректерді ұдайы растай отырып, газды есепке алу аспаптары арқылы жүргізеді. Газ тасымалдау ұйымдары тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
      3. Газ тарату жүйелері арқылы тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алуды газ тарату ұйымдары есепке алу аспаптары бойынша жүргізеді. Газ тарату ұйымдары өткізілетін тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
      4. Өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
      1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;
      2) есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайда газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша жүргізіледі.
      5. Тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
      2) көп пәтерлі үйлердегі ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
      3) жеке тұрғын үйлердегі реттегіш немесе газ реттейтін пункттердің шкафтарында орнатылған ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
      4) жеке немесе ұжымдық есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмейтiн жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша жүргiзiледi.
      6. Тауарлық газды есепке алу аспаптары техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі Заңдарымен.

6-тарау. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН ЖӘНЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ТАБИҒИ ГАЗДЫ
ТАСУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      26-бап. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи
               газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су
               көлігімен тасу

      1. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының заңнамасында қауіпті жүктерді тасуға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасуға рұқсат етілген көлікпен тасуға рұқсат етіледі.
      2. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өз бетінше не сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөнінде қызметтер көрсететін тұлғаларды тарта отырып тасуды:
      1) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірушілер;
      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың меншік иелері;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасуды жүзеге асыруға ниет білдірген оның иелері;
      4) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асыруға құқылы.
      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөніндегі қызметтер көрсететін тұлғалар мұндай қызметтерді осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға ғана көрсетуге құқылы.
      4. Сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасуға байланысты құжаттар қауіпті жүктерді тасу үшін көліктің әрбір түріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      5. Сұйытылған мұнай газын немесе сұйытылған табиғи газды сақтау және теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасу құралдарының конструкциясы мен пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      27-бап. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізу

      1. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      4) газ толтыру пункттерiнiң және (немесе) автогаз құю станцияларының иелерiне сұйытылған мұнай газы өткiзiлген жағдайда, газ желiсi ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Газ желiсi ұйымдарының газ толтыру пункттерi және (немесе) автогаз құю станциялары иелерiне көтерме саудада өткiзу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тұлғалардан сұйытылған мұнай газын сатып алған тұлғаның оны көтерме саудада өткiзудi жүзеге асыруына тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасы ішкі нарығының сұйытылған мұнай газына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайын, жоспарланған айдың алдындағы айдың жиырма бесінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекітеді, онда:
      1) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, оның меншік иелерінің тізбесі;
      2) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізілуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемі;
      3) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері сұйытылған мұнай газын өткізуге міндетті газ желісі ұйымдарының тізбесі айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары жоспарланған айдың алдындағы айдың он бесінен кешіктірілмейтін мерзімде газ желісі ұйымдары уәкілетті органға жіберетін өтінімдер негізінде әзірленеді.
      5. Уәкілетті орган Қазақстанның ішкі нарығында өткізілуге міндетті сұйытылған мұнай газының көлемін өзіне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушінің, оның меншік иесінің әрқайсысына жеке-жеке, газ желісі ұйымдарының өтінімдерін  негізге ала отырып, сұйытылған мұнай газын өндіру көлеміне барабар айқындайды.
      6. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарына сәйкес өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына газ желісі ұйымдары ие болады.
      Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарына сәйкес сатып алынған сұйытылған мұнай газының көлемін газ желісі ұйымдары тек қана Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізеді.
      7. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын орындауға міндетті.
      8. Осы баптың 3, 5 және 7-тармақтарының ережелері:
      1) өздерінің сұйытылған мұнай газын жобалық өндіру қуаты жылына бес мың тоннадан аспайтын өндірушілерге;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне қолданылмайды.
      9. Сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге өткізу құқығына тек қана мыналар ие:
      1) сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер;
      2) өздерiне меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшiн әкелiнген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      4) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері.
      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
      10. Сұйытылған мұнай газын газ желiсi ұйымдары арасында көтерме саудада өткiзуге тыйым салынады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      28-бап. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу

      1. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді:
      1) газ желісі ұйымдары;
      2) газ толтыру пункттерінің иелері;
      3) автогаз құю станцияларының иелері;
      4) сұйытылған мұнай газы өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада өткізілген жағдайда, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асырады. Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Топтық резервуарлық қондырғыларды пайдаланатын газ желісі ұйымы олардың сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесіне қосуды, сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесінің объектілерін жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ қосудың технологиялық схемасын өзгертуді осындай тұлғалардың есебінен газ желісі ұйымы жүзеге асырады.
      4. Сұйытылған мұнай газын тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы бөлшек саудада өткізу тұтынушы мен газ желісі ұйымының арасындағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартының негізінде жүзеге асырылады.
      5. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті газ желісі ұйымдары және газ толтыру пункттерінің иелері жүзеге асырады.
      Бұл ретте тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құюға газ толтыру пункттерінде және газ толтыру станцияларында жол беріледі.
      6. Газ желісі ұйымдары және газ толтыру пункттерінің иелері:
      1) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушыларды абоненттік есепке алуды жүзеге асыруға;
      2) толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан тексеруге;
      3) тұрмыстық баллондарды газ желісі ұйымының немесе газ толтыру пункті иесінің тауарлық белгісімен таңбалауды жүзеге асыруға;
      4) тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонның сапасына кепілдік талонын беруге;
      5) газ баллондары қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.
      7. Мыналарға:
      1) қабаты екі қабаттан асатын көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға;
      2) сол бір ғана газ толтыру стансаларын екі және одан да көп газ желісі ұйымдарының бір мезгілде пайдалануына;
      3) сұйытылған мұнай газын өткізуге арналған газ толтыру пункттері мен автогаз құю станцияларын екі және одан да көп жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бір мезгілде пайдалануына тыйым салынады.
      8. Сұйытылған мұнай газын тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған үй ішіндегі газ жабдығын пайдаланатын газ желісі ұйымы оның сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
      Осы тармақтың ережесі тұрғын жай ішіндегі газ жабдығына қолданылмайды.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      29-бап. Сұйытылған мұнай газын есепке алу

      1. Автогаз құю станцияларындағы, газ толтыру станцияларындағы, газ толтыру пункттеріндегі және топтық резервуарлық қондырғылардағы сұйылтылған мұнай газын есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тұтынушыларға өткізілетін сұйытылған мұнай газын есепке алу осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, есепке алу аспаптары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Тұрмыстық тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілетін сұйытылған мұнай газын есепке алу:
      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
      2) жеке есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмеген жағдайда – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша көлемдiк әдiспен жүргiзiледi.
      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газына қолданылмайды.
      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

7-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      30-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін
               қамтамасыз ету

      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңнамасына және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иелері олардың қауіпсіз пайдаланылуын және жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге, өздеріне тиесілі объектілерге техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге немесе техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар олардың сапасын және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
      4. Ғимараттардың, үй-жайлардың түтіндік және желдеткіш арналарының, инженерлік коммуникацияларды қосу нығыздамаларының иелері олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
      5. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары өзінің құрамында, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жұмыс режиміндегі авариялық-диспетчерлік қызмет ұстауға міндетті.
      6. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары шарт негізінде авариялық жағдайларды жою үшін өзге де ұйымдардың авариялық-диспетчерлік қызметін тартуға құқылы.
      7. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады. Энергиямен жабдықтау ұйымдарына газбен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдаланатын ұйымдармен келіспей, газбен жабдықтау жүйелері объектілерінде энергия тұтынудың белгіленген лимиттерін шектеу жөніндегі режимдік іс-шараларды жүргізуге тыйым салынады.
      8. Бірыңғай техникалық дәлізді екі және одан да көп ұйымдардың пайдалануына тыйым салынады.

      31-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік
               бақылау және қадағалау

      1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      32-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет
               аймағы

      1. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болғызбау, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында оларға іргелес жатқан аумақтарда күзет аймақтары белгіленеді. Бірыңғай техникалық дәліз үшін бір күзет аймағы белгіленеді.
      2. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймақтарының шекаралары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес белгіленеді.
      3. Газбен жабдықтау жүйелері объектісінің күзет аймағында газбен жабдықтау жүйелерінің объектісін пайдаланатын ұйым беретін жазбаша рұқсатсыз құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтарды орнатуға байланысты iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды орналастыруға, материалдарды қоймаға жинауға, қоршаулар мен дуалдар соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге тыйым салынады.
      4. Газбен жабдықтау жүйелері объектісін пайдаланатын ұйымның жазбаша рұқсатынсыз шаруашылық қызметті жүргізетін тұлғалар күзет аймағындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықта болады.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      33-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен
               жабдықтау туралы заңнамасын бұзғаны үшін
               жауаптылық

      Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      34-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданысқа енгізілгенінен кейін туындайтын қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бір жылдан асатын мерзімге жасалған шикі, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шарттары бойынша сатушы немесе орындаушы осы Заңның ережелерін ескере отырып, 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде оларды қайта жасасуды жүзеге асыруға міндетті.
      Осы тармақтың ережесі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау шеңберінде жасалған шикі, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.
      3. Газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар аталған қызметті газ желісі ұйымдары ретінде жүзеге асыруды жалғастыру үшін өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге және 2012 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде аккредиттеу рәсімінен өтуге міндетті.

      35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң:
      1) 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларын1415-баптарды, 22-баптың 3-тармағын, 5-тармағының 2) тармақшасын, 26-баптың 2 және 3-тармақтарын;
      2) 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 6) тармақшасын, 20-баптың 4 және 7-тармақтарын;
      3) 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 18) тармақшасын, 17-баптың 2 және 4-тармақтарын, 23-баптың 1-тармағын, 24-баптың 1-тармағын, 27-баптың 1357-тармақтарын, 28-баптың 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларын;
      4) 2013 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 28-баптың 7-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады