Байланыс формасы

Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 534-IV Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Кодексімен

«Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы»
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңы (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасын Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тануды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген.
      Заң Қазақстан Республикасының экономикалық басым секторларында индустриялық-инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін белгілеуге бағытталған және оны мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды. Ол мемлекеттің индустриялық-инновациялық қызметін қолдау міндеттері мен қағидаттарын айқындауды және нақтылауды көздейді.
      Заңды қабылдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негізінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
      Аталған мақсатқа қол жеткізу экономикалық орнықтылық пен әл-ауқаттың жоғары дәрежесін қамтамасыз етуге қабілетті дамудың инновациялық үлгісіне жоспарлы ауысуын талап етеді.
      Ағымдағы жағдайларды бағалау негізінде және елдің экономикалық дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына сүйене отырып, мемлекеттік индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыру шаралары мен бағыттарын, қағидаттарын, негізгі мақсаттарын, ұғымдарын заң жүзінде бекіту қажет.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіптің басымдық салаларын селективті қолдауға әрі сыртқы және ішкі нарықтарда сұранысқа ие отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға негізделетін жоғары қосылған құны бар өндірісті ынталандыру қажет. Мұндай тәсіл ұзақ мерзімді перспективада ұлттық экономиканың орнықты өсуін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
      Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды – экономиканың басым секторларының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтитын, оның орнықты өсімін қамтамасыз ету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттің жүйелік шараларының кешені деп түсіну қажет.
      Заң шеңберінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
      1) индустриялық-инновациялық жобаларды қайта қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру;
      2) қарыздар бойынша кепілді міндеттемелер мен кепілдік беру;
      3) қаржы институттары арқылы кредиттеу;
      4) қаржы институттарына берілетін кредиттер бойынша сыйақы және облигациялар бойынша купондық сыйақы ставкаларын субсидиялау;
      5) жарғылық капиталға инвестицияларды жүзеге асыру;
      6) кепілдік берілген тапсырыс;
      7) инновациялық гранттар беру;
      8) білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету;
      9) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
      10) жер учаскелері мен жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру;
      11) ішкі нарықта қолдау;
      12) инвестицияларды тарту;
      13) экспортты жылжыту.
      Бұл ретте, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер учаскелерін және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ ішкі нарықтағы қолдаулар уәкілетті органдар мен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің арасында жасалатын келісімшарттарда анықталатын болады.

      Қазақстан Республикасының
      Индустрия және жаңа технологиялар
      министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз