Ұлттық әл-ауқат қоры туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 1 ақпандағы № 550-IV Заңы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, мақсаттарын, міндеттері мен өкілеттіктерін, Ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ акциялары (қатысу үлестері) Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі заңды тұлғалардың және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін өзге де ұйымдардың құқықтық жағдайының жекелеген ерекшеліктерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жанама иелену – Қордың әрбір келесі ұйымының өзге ұйымның акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында иеленуі;
      2) компаниялар – ұлттық даму институттары, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тиесілі басқа да заңды тұлғалар;
      3) Қордың даму стратегиясы – Қордың тобына кіретін ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайтуға, Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқаруға бағытталған, Қордың компанияларды басқару жөніндегі миссиясын, болжап көруін, мақсаты мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін құжат;
      4) Қордың тобы – Қор, компаниялар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы компанияларға тиесілі олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы компаниялардың көрсетілген еншілес ұйымдарына тиесілі, осы Заңмен өздеріне қатысты арнаулы құқықтық жағдай белгіленетін заңды тұлғалар.
      Қордың тобына:
      кепілге салынған акцияларын (қатысу үлестерін) сату жөніндегі сауда-саттық Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өткізілмеді деп жарияланған кезде акциялары (қатысу үлестері) Қордың тобына кіретін банктің меншігіне келіп түскен заңды тұлғалар;
      банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында акциялары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне келіп түскен банктер кірмейді;
      5) Ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі – Қор) – ұлттық басқарушы холдинг.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Қор туралы
             заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
      3. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы Қордың тобына қолданылады.
      4. Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге кіретін компанияларға қолданылмайды.

      3-бап. Қордың акцияларына меншік мәселелері

      Қордың акциялары мемлекеттің айрықша меншігі болып табылады және иеліктен шығаруға жатпайды.

      4-бап. Қордың мақсаты мен міндеттері

      1. Қор қызметінің мақсаты Қордың тобына кіретін ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайту, Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру болып табылады.
      2. Қордың міндеттері:
      1) Қордың тобына кіретін ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін, нарықтық құнын және кірістілігін арттыру;
      2) Қордың тобына корпоративтік басқарудың ең озық тәжірибесін енгізу;
      3) инновациялық процестер мен технологияларды әзірлеуді және оларды Қордың тобына енгізуді ынталандыру;
      4) Қазақстан Республикасына инвестициялар тартуға қатысу, Қордың тобына кіретін ұйымдардың инвестициялық белсенділігі үшін жағдай жасау, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасында инвестициялық ахуалды жақсарту;
      5) ұлттық, салааралық және өңірлік ауқымдағы инвестициялық стратегиялық жобалар әзірлеу және оларды іске асыру, Қазақстан экономикасын жаңғырту және әртараптандыру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      6) кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға қатысу;
      7) Қазақстан Республикасының экономикасын орнықты дамытуға ықпал ететін әлеуметтік маңызы бар индустриялық-инновациялық жобаларды Қордың іске асыруының осы Заңда белгіленген ерекшеліктерін ескере отырып, оларды іске асыруға қатысу болып табылады.

      5-бап. Қор қызметінің қағидаттары

      Қордың қызметі:
      1) Қордың жалғыз акционері ретінде мемлекеттің мүдделерін сақтау;
      2) Қордың және Қордың тобына кіретін басқа да ұйымдар қызметінің кірістілігі, тиімділігі, транспаренттілігі және есептілігі;
      3) шешімдерді қабылдау мен оларды іске асырудағы жүйелілік пен жеделдік;
      4) Қордың әлеуметтік жауапкершілігі;
      5) заңдылық қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. ҚОРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      6-бап. Қордың органдары

      Қордың органдары мыналар болып табылады:
      1) жалғыз акционер – жоғары орган;
      2) директорлар кеңесі – басқару органы;
      3) басқарма – атқарушы орган;
      4) Қордың жарғысына сәйкес өзге де органдар.

      7-бап. Қордың жалғыз құрылтайшысы және акционері

      1. Қордың жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
      2. Қордың жалғыз акционерінің айрықша құзыретіне мынадай:
      1) Қордың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
      2) Қордың жылдық қаржылық есептілігін бекіту;
      3) Қордың даму стратегиясын бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      4) Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      5) Қордың жария етілген акцияларының санын көбейту немесе Қордың орналастырылмаған жария етілген акцияларының түрін өзгерту туралы шешім қабылдау;
      6) Қордың директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      7) Қордың жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлік басқаруға беру;
      8) Қордың жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдау;
      9) Қор басқармасының төрағасын тағайындау және қызметінен мерзімінен бұрын босату;
      10) Қордың есепті қаржы жылындағы таза кірісін бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім  қабылдау және Қордың бір жай акциясына шаққандағы дивидендтің мөлшерін бекіту;
      11) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайлар орын ала бастаған кезде жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;
      12) Қордың дивидендтік саясатын айқындау;
      13) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 19) тармақшасына сәйкес қабылданған Қордың директорлар кеңесінің шешімін бекіту;
      14) банктердің акцияларын иемдену және иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлік басқаруға беру;
      15) корпоративтік басқару кодексін, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтыруларды бекіту мәселелері;
      16) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
      3. Осы баптың 2-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша, Қор жалғыз акционері (қатысушы) болып табылмайтын компанияларға қатысты шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі мақсатында акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау үшін Қордың жалғыз акционері қабылдайды.
      4. Осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және (немесе) Қордың жарғысымен жалғыз акционердің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке қаулы түрінде қабылдайды.
      Қордың жалғыз акционерінің шешімдер қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      8-бап. Қордың директорлар кеңесі

      1. Қордың директорлар кеңесі жалғыз акционер сайлайтын төрағадан және мүшелерден тұрады.
      2. Лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
      Қордың директорлар кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің арасынан, Қордың басқарма төрағасынан, тәуелсіз директорлардан және өзге де адамдардан қалыптастырылады.
      Директорлар кеңесінің сандық құрамы Қордың жарғысымен айқындалады, бұл ретте тәуелсіз директорлардың саны директорлар кеңесі сандық құрамының бестен екі бөлігінен кем болмауға тиіс.
      3. Қордың директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне мынадай мәселелер:
      1) Қордың даму жоспарын бекіту;
      2) Қордың даму жоспарының орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу, бекіту, оларға мониторинг жүргізу, олардың іске асырылуын бағалау, беру тәртібін, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптарды айқындау;
      3) Қордың даму жоспарының орындалуын бақылау мен талдауды, іске асырылуын бағалауды жүзеге асыру;
      4) Қордың даму жоспары шеңберінде Қор қызметінің негізгі көрсеткіштерін айқындау;
      5) Қордың жылдық бюджетін әзірлеу, бекіту, орындау және оған мониторинг жүргізу тәртібін бекіту;
      6) Қордың жылдық бюджетін бекіту;
      7) осы Заңмен тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім Қордың жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған компанияларды қоспағанда, компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдау;
      8) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жария етілген акциялардың саны шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
      9) акцияларды қоспағанда, орналастырылған бағалы қағаздарды Қордың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;
      10) Қордың саясаттарын: тәуекелдерді басқару, қайырымдылық көмек жөніндегі, әлеуметтік жауапкершілік туралы, ақпаратты ашу, кредиттік, индустриялық-инновациялық және өзге де саясаттарын бекіту;
      11) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды және жылдық бюджетті бекіту шеңберінде оның қызметтеріне ақы төлеудің шекті мөлшерін айқындау;
      12) мәселелерді жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;
      13) тәуелсіз директорларға сыйақылардың мөлшері мен оларды төлеу шарттарын айқындау;
      14) Қордың штат санын бекіту;
      15) Қордың директорлар кеңесі жанынан комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;
      16) басқарманың сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, басқарма мүшелерін сайлау, сондай-ақ Қор басқармасының төрағасын қоспағанда, олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      17) басқарма төрағасы мен оның мүшелерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін және еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын айқындау;
      18) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы мен сыйлықақы мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;
      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін іске асыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылатын Қор тобына кіретін ұйымдар акцияларының бағасы, саны, орналастыру құрылымы туралы шешім қабылдау;
      20) Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту. Директорлар кеңесі бекітуге тиіс құжаттардың тізбесін ол дербес айқындайды;
      21) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелердің Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында жасалуының тәртібін айқындау;
      22) Қордағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін бекіту;
      23) Қорға тиесілі барлық активтердің жиынтығында жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын активтердің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы Қордың өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы;
      24) Қордың міндеттемелерін оның меншікті капиталы мөлшерінің он және одан көп пайызын құрайтын шамаға ұлғайту;
      25) Қордың басқа заңды тұлғалар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын иемденуі;
      26) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығару және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір және одан да көп пайызы сомасына Қордың өзге де қарыз тартуы шарттарын айқындау;
      27) Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізетін ұсыныстар бойынша Қордың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;
      28) Қордың жалғыз акционері бекітетін әдістемеге сәйкес Қордың директорлар кеңесінің қызметіне жыл сайын бағалау жүргізу;
      29) осы Заңға сәйкес Қордың жалғыз акционерінің, басқармасының немесе басқарма төрағасының айрықша құзыретіне жататын шешімдерді қоспағанда, директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда көзделген шешімдерді қабылдау;
      30) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
      4. Осы баптың 3-тармағының 7) және 19) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі мақсатында акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау үшін Қордың директорлар кеңесі қабылдайды.
      5. Қордың директорлар кеңесінің қызметін, оның ішінде директорлар кеңесі отырысының күн тәртібін қалыптастыратын және Қордың директорлар кеңесінің мүшелеріне отырыстың өткізілетіні туралы хабарлама жіберетін корпоративтік хатшы және Қор қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері

      1. Неғұрлым маңызды мәселелерді қарау және Қордың директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін Қордың директорлар кеңесінің жанынан тұрақты жұмыс істейтін комитеттер құрылуы мүмкін.
      Егер Қор директорлар кеңесінің қарауына шығарылатын мәселе қандай да бір комитеттің өкілеттіктеріне кіретін жағдайда, ол тиісті мәселені міндетті түрде алдын ала қарайды және ол бойынша қорытынды дайындайды.
      Осы Заңның 14-бабында көзделген мамандандырылған комитет міндетті түрде құрылады.
      2. Қордың директорлар кеңесінің комитеттері Қордың директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіптік білімі бар сарапшылардан тұрады.
      Қор басқармасының төрағасы Қордың директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
      3. Қордың директорлар кеңесінің шешімдер қабылдауының сапалық деңгейін арттыру мақсатында Қордың жылдық бюджеті шеңберінде директорлар кеңесі немесе оның комитеттері қарайтын мәселелер бойынша консультанттарды, оның ішінде халықаралық дәрежедегі консультанттарды тартуға арналған қаражат көзделеді.
      4. Қордың директорлар кеңесінің комитеттерін қалыптастыру мен олардың жұмыс тәртібі, олардың өкілеттіктері, сандық құрамы Қордың директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда белгіленеді.

      10-бап. Қор басқармасы

      1. Қор басқармасы басқарма төрағасынан, оның орынбасарларынан және өзге де адамдардан тұрады.
      2. Қор басқармасының айрықша құзыретіне мынадай:
      1) Қордың бағалы қағаздарын айырбастау шарттары мен тәртібін айқындау, сондай-ақ оларды өзгерту;
      2) Қор акцияларына төлемге берілген не ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және компаниялардың жарғыларына сәйкес компаниялар акционерлері (қатысушылары) жалпы жиналысының құзыретіне жататын, олар бойынша шешімдерді (осы Заңға сәйкес Қордың директорлар кеңесі компаниялар қызметінің мәселелері бойынша қабылдайтын шешімдерді қоспағанда) Қор басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайтын компаниялар қызметі мәселелерінің тізбесін, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындау;
      4) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тиесілі компаниялардың атқарушы органдарының басшыларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелерін келісу;
      5) инвестициялық шешімдер мен инвестициялық жобаларды іске асырудың толымдылығы мен мерзімдері бойынша іркіліс болуына жол бермеу жөнінде компанияларға қатысты жедел шаралар қолдану;
      6) компанияларға қатысты (оның ішінде компаниялар қызметінің салалары бойынша) қаржылық, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық, ақшаны басқару жөнінде біртұтас кадр саясатын, әлеуметтік және өзге де саясатты қалыптастыру;
      7) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты әдістемелік ұсынымдар мен корпоративтік стандарттарды бекіту;
      8) компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, келісу, бекіту, түзету, оларды орындау және олардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту;
      9) дивидендтік саясатты және компаниялар үшін дивидендтер есептеу нормативтерін бекіту;
      10) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялардың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;
      11) Қордың штат кестесі мен ұйымдық құрылымын бекіту;
      12) Қордың филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешімдер қабылдау;
      13) Қор басқармасы үшін ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Қор басқармасының жанынан Қордың, компаниялардың қызметкерлерінен және өзге де адамдардан тұратын комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;
      14) Қор немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты айқындау;
      15) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығарудың және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір пайызынан аспайтын сомаға Қордың өзге де қарыз тарту шарттарын айқындау;
      16) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 20) тармақшасында көзделгендерді қоспағанда, Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту;
      17) осы Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес орталықтандырылған қызметтер құру;
      18) жыл сайынғы негізде компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдау және Қордың директорлар кеңесіне компаниялар қызметінің нәтижелері туралы есептер беру мәселелері;
      19) осы Заңда және (немесе) Қордың жарғысында Қордың басқа органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелер жатады.
      3. Осы баптың 2-тармағының 3) және 9) тармақшаларында көрсетілген, Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі үшін акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау мақсатында Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайды.
      4. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мәселелермен қатар Қор басқармасы төрағасының құзыретіне:
      1) компанияларда және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамын тікелей немесе жанама түрде компаниялар иеленетін өзге де заңды тұлғаларда тексерулер (ревизиялар) тағайындау туралы шешімдер қабылдау;
      2) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компанияларға олардың қызметі мәселелері бойынша орындауы үшін тікелей (жедел) тапсырмалар беру;
      3) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығында Қорға тиесілі компаниялар атқарушы органдарының басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту;
      4) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жатады.
      5. Осы баптың 2-тармағының 4)-6) тармақшаларында және 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көрсетілген шешімдер Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен компаниядағы корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып қабылданады.
      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде компаниялардың акцияларын (қатысу үлестерін) Қор сенімгерлік басқаруға берген жағдайда осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген өкілеттіктерді Қор (оның органдары мен лауазымды адамдары) және сенімгерлік басқарушы іске асырмайды.

      11-бап. Қордың ішкі аудит қызметі

      1. Қордың ішкі аудит қызметін Қордың қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды, ішкі бақылау саласында, тәуекелдерді басқару жүйесін, корпоративтік басқару саласындағы құжаттардың орындалуын бағалауды және Қор қызметін жетілдіру мақсатында консультация жасауды жүзеге асыру үшін Қордың директорлар кеңесі құрады.
      2. Қордың ішкі аудит қызметі Қордың директорлар кеңесіне тікелей бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді.

3-тарау. ҚОР ТОБЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      12-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың
              өзара іс-қимылы

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылы осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қорға оның қызметі мәселелері бойынша қоятын талаптарын;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды.
      Қордың корпоративтік хатшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім ережелерінің тиісінше орындалуын ұйымдастырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор акцияларының меншік иесі ретінде Қорды оның органдарының тиімді басқаруы үшін жағдайларды қамтамасыз ету арқылы Қордың Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуіне ықпал етеді.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі атқарушы билік органдары жүйесін басқаратын алқалы орган ретінде, заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың жедел (ағымдағы) қызметіне араласпайды.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционердің осы Заңда және (немесе) Қордың жарғысында көзделген өкілеттіктерін іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің Қордың директорлар кеңесіндегі өкілдігі арқылы ғана Қорды басқаруды жүзеге асырады.
      Қорға жалпы басшылық жасауды және оның ағымдағы қызметіне басшылық жасауды өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын директорлар кеңесі және басқарма тиісінше жүзеге асырады.

      13-бап. Мемлекеттік органдардың Қормен және Қордың
              тобына кіретін ұйымдармен өзара іс-қимылы

      1. Мемлекеттік органдар мен Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың арасындағы Қордың жалғыз акционері қызметінің, мемлекеттік органдар басшыларының Қордың директорлар кеңесіндегі мүшелігінің шеңберіндегі өзара іс-қимылға жатпайтын өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен реттеледі.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың жедел (ағымдағы) қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан араласуға жол берілмейді.
      3. Ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде тікелей көзделген есептілікті қоспағанда, Қордың және Қор тобына кіретін ұйымдардың мемлекеттік органдарға есептілік ұсынуы Қордың интернет-ресурсына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Қордың интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысанын және орналастыру кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      14-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің
              экономиканы немесе экономиканың жеке
              алғанда бір саласын дамытуға әсерін
              талдау тәртібі

      1. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алғанда бір саласын дамытуға әсерін кешенді және объективті талдау (бұдан әрі – талдау), олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, республикалық бюджеттің қаражатын, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдалануға байланысты мәселелерді қоспағанда, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің қызметі шеңберінде жүзеге асырылады.
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің тұрақты мүшесі – дауыс беру құқығы бар сарапшы болып табылады, ол Қордың бюджетіне салынған қаражат шегінде Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитінің, сондай-ақ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті белгілеген мәселелер қойылатын талдаудың міндетті түрде жүргізілуіне бастамашылық жасайды.
      Қордың тобына кіретін ұйымдарға жүргізілген сыртқы аудиттің нәтижелері Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылады.
      3. Директорлар кеңесі басқарма төрағасына құрамына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі кіретін талдау жүргізу жөніндегі тексеру тобын құруға не Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитін жүргізу туралы тапсырма беруге құқылы.
      4. Қордың тобына кіретін ұйымды талдаудың нәтижелері Қордың директорлар кеңесіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылатын актімен ресімделеді.
      5. Қордың тобына кіретін ұйымның тиімсіз қызмет жасау жағдайлары анықталған кезде, Қордың органдары осындай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар қолданады.
      6. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің жұмысы барысында алынған ақпаратты өз қызметінде пайдалануға құқылы.

      15-бап. Қордың әлеуметтік маңызы бар және
               индустриялық-инновациялық жобаларды іске
               асыруының ерекшеліктері

      1. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатыса алады.
      2. Қордың немесе Қордың тобына кіретін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық жасайтын рентабельділігі төмен болып табылатын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда толық немесе ішінара бюджеттік қаржыландыру және (немесе) мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар іске асыратын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды рентабельділігі төмен жобаларға жатқызу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      3. Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйым индустриялық-инновациялық қызметті жүзеге асырған кезде оған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

      16-бап. Қордың және Қордың тобына кіретін ұлттық
               компаниялардың даму стратегиялары мен даму
               жоспарлары

      1. Қордың даму стратегиясы Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары ескеріле отырып, он жылға әзірленеді.
      2. Даму стратегиясын іске асыру мақсатында Қордың бес жылға арналған даму жоспары әзірленеді. Қордың даму жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен оның мазмұнына қойылатын ең төменгі талаптардың негізінде Қордың директорлар кеңесі айқындайды. Компаниялар өз қызметінің саласы шегінде Қордың даму стратегиясын әзірлеуге тартылады.
      3. Компанияларда Қордың даму стратегиясы негізінде компаниялардың он жыл мерзімге арналған даму стратегиялары әзірленеді. Компанияның даму стратегиясын оның директорлар кеңесі бекітеді.
      Компаниялардың директорлар кеңестері өздерінің даму стратегияларын іске асыру мақсатында бес жыл мерзімге әзірленетін даму жоспарларын бекітеді.

      17-бап. Қордың тобындағы басқару қағидаттары

      1. Қордың тобындағы басқару корпоративтік басқарудың ең озық тәжірибесіне сәйкес және мынадай қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады:
      1) компаниялар активтерінің нарықтық құнын ұлғайту;
      2) корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі;
      3) дивидендтік саясаттың тиімділігі;
      4) ақпаратты ашу және ашықтық.

4-тарау. ҚОР ТОБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      18-бап. Қордың ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз етуге
              арналған ерекше өкілеттіктері

      1. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың мынадай ерекше өкілеттіктері:
      1) жеке тұлға немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға стратегиялық объектiнi иелiктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет бiлдiрген, сондай-ақ стратегиялық объектiге өндiрiп алу қолданылған немесе оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы стратегиялық объектiнi иелiктен шығарған не кепiл ұстаушы кепiлге қойылған мүлiктi (стратегиялық объектiнi) соттан тыс тәртiппен өткізген, не стратегиялық объектiге сот актiсiнің негiзiнде өндiрiп алу қолданылған жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша стратегиялық объектiлерге ие болуға басым құқығы;
      2) акцияларының пакеттерi (жарғылық капиталда қатысу үлестері, пайлары) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектiлерге жатқызылған ұйымдар немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша мүліктік массаны сатып алуға басым құқығы;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын иемденуге құқығы бар.
      2. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалану құқығына және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге ие тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару ниеті болған жағдайда мемлекет Қор, ұлттық компания немесе уәкілетті мемлекеттік орган арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иемденудің басым құқығына ие болады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19-бап. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін
               қызметтерді сатып алу

      1. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерінде көзделген арнаулы тәртібі Қор және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидалар негізінде жүргізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидаларға сәйкес сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін жауапты құрылымдық бөлімшесі болуға тиіс.
      4. Қор осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мәселелері бойынша бақылауды, әдіснамалық басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
      Бақылау осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың  тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және қадағалау жөніндегі Қордың қызметін білдіреді. Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға қатысты бақылауы Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен олардың корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      5. Алып тасталды - ҚР 27.10.2015 № 365-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      6. Жергілікті қамту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі бойынша айқындалады.
      7. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту жөніндегі ақпарат индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде ұлттық басқарушы холдинг атынан шоғырландырылған түрде ұсынылады.
      8. 1-тармақты қоспағанда, осы баптың ережелері екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстанның Даму банкі мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа) және олардың еншілес ұйымдарына қолданылмайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 365-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      20-бап. Ақшаны басқару

      1. Қордың және барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңды тұлғалардың ақшасын басқару жөніндегі Қордың директорлар кеңесі бекітетін бірыңғай саясатты Қор іске асырады.
      2. Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге ұйымдарға, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың директорлар кеңесі бекітетін ішкі кредит саясатында айқындалады.
      4. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қордың директорлар кеңесі бекітетін, қайырымдылық көмек көрсету мөлшерінің лимиті көзделетін қайырымдылық бағдарламасына сәйкес қайырымдылық көмек көрсете алады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      21-бап. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан
              Республикасының Заңында жасалуына қатысты
              ерекше шарттар белгіленген мәмілелер

      «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында олар қолданылмай, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жасалады.

      22-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдардың өзге заңды
               тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін)
               иемденуі

      Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп пайызын иемденудің «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.

      23-бап. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге
              мүлікті енгізу арқылы оған мемлекеттік
              меншікті тоқтату

      1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
      2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасының  азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігінде тұрған басқа мүлікке айырбастау арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне берілуі мүмкін.

      24-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдарды басқару

      1. Қордың тобында ішкі аудиттің бірыңғай орталықтандырылған қызметтері, сондай-ақ Қорға және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қызметті жүзеге асыратын Қордың орталықтандырылған қауіпсіздік қызметі құрылуы мүмкін. Ішкі аудиттің орталықтандырылған қызметін, орталықтандырылған қауіпсіздік қызметін құру туралы шешімді Қор басқармасы қабылдауы мүмкін.
      2. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
      1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
      2) ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      3) директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      4) директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;
      5) «алтын акцияны» енгізу және оның күшін жою мәселелері қосылмайды.
      3. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
      1) қызметтің басым бағыттарын айқындау;
      2) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
      3) қоғамның орналастырылған акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;
      4) атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      5) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық жалақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы мен сыйлықақы төлеудің шарттарын айқындау;
      6) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметінің қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
      7) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелері қосылмайды.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      24-1-бап. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу
                  үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе
                  жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі
                  ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру

      1. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
      2. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар активтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Активтерді бәсекелес ортаға беру:
      1) әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін активтер бойынша тәуелсіз консультанттарды тарта отырып жүзеге асырылады. Мұндай активтерді өткізу тәсілін Қордың директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстары негізінде айқындайды;
      2) өзге де активтер бойынша аукцион тәсілімен жүзеге асырылады.
      4. Аукцион:
      бірінші рет – бағаны көтеру әдісімен;
      екінші және үшінші рет – бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
      Екінші сауда-саттықта активті сату өткізілетін активтің алғашқы бағасының елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгілене отырып, бағаны төмендету әдісі қолданылып аукционда жүзеге асырылады.
      Үшінші сауда-саттықта активті сату ең төмен баға белгіленбей, бағаны төмендету әдісі қолданыла отырып аукционда жүзеге асырылады.
      Әрбір кейінгі сауда-саттық жиырма жұмыс күні мерзімінде жүзеге асырылады.
      5. Аукционды өткізу кезінде өткізілетін активтің бастапқы бағасы өткізілетін активті сатудың алғашқы бағасына тең.
      6. Өткізілетін активтің алғашқы бағасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес сатушы белгілейді.
      Өткізілетін активтің алғашқы бағасы өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.
      7. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың аукцион тәсілімен активтерді өткізуі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жүзеге асырылады.
      8. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен баға бойынша өткізуге жол беріледі.
      9. Үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша өткізілмеген активтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.
      10. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін тікелей атаулы сату тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
      Ескерту. 4-тарау 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      25-бап. Қордың және оның лауазымды адамдарының
               жауапкершілігі

      Қор, Қордың тобына кіретін өзге де ұйымдар және олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауапты болады.

      26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2009 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 2-3, 17-құжат; № 24, 133-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады