Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 ақпандағы № 566-IV Заңы

Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған "Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 ақпандағы Заңына БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

      «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында қабылданды. 
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдардағы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында атап көрсетілгеніндей, нарықтық экономика жағдайында, еңбек нарығы мен халықты жұмыспен қамту проблемалары болған жағдайда еңбектегі құқықтық қатынастар мәселесі өзекті мәселе болып табылады. Осыған орай, еңбек заңнамасының қолданылу практикасына жүйелі талдау жасау және осы саладағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны ұдайы жетілдіріп отыру қажет.
      Заң қоғам мүшелерінің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, жұмыскерлерге берілетін экономикалық және әлеуметтік кепілдіктерді арттыру және олардың еңбек жағдайларын жақсарту арқылы еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін, жалпы экономиканың үдемелі дамуын арттыруға бағытталған.
      Заңның негізгі міндеті қоғамдық келісімді және экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, лайықты еңбекке заң жүзінде қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік механизмдерді одан әрі дамыту мақсатында еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді жетілдіру болып табылады. 
      Атап айтқанда, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) сарапшыларының ұсыныстарын ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды күшейту мақсатында өндіріс қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия) құру ұсынылады.
      Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, еңбек саласы мен білім беру салаларының арасында тиімді механизм құру мақсатында кәсіптік стандарт – ұлттық біліктілік жүйесін құрудың негізі қаланады.
      Халықты жұмыспен қамтуда тиімділігін арттыратын қашықтықтан жұмыс істеу кезінде еңбекті реттеу ерекшеліктерін енгізу көзделеді, бұл күмәнсіз халықты жұмыспен қамтуда оң себебін тигізеді.
      Әлеуметтік әріптестік саласында, тараптар мүдделерінің өкілеттілігін қамтамасыз етудің, ұжымдық қатынастардың әдістері мен нысандарын жақсартуға бағытталған нормалар көзделген.
      Жұмысқа қабылдау не жұмыстан шығару тәжірибесін реттеу аясында, жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылуының алдын алатын нормаларды күшейту, оларды қолдану кезінде қателіктерге алып келетін қарама-қайшы нормаларды алып тастау қарастырылған.
      Аталан Заң Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейді және кері әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

      Қазақстан Республикасының
      Еңбек және халықты әлеуметтік
      қорғау министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз