Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 22 наурыздағы № 82-V Заңы

      2009 жылғы 26 қаңтарда Боннда жасалған Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысы ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев.

Бейресми аударма

Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің
(ИРЕНА)
ЖАРҒЫСЫ

      Осы Жарғыға қатысушы мемлекеттер

      орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергияны кеңінен таратуды және пайдалануды ынталандыруға ниет білдіре отырып;
      энергетикалық қауіпсіздік пен энергия жеткізгіштерінің өзгермелі бағалар проблемаларын біртіндеп шешу үшін жаңартылатын энергиямен берілетін кең көлемдегі мүмкіндіктерге берік сене отырып;
      климатты тұрақтандыруға ықпал ететін және көмір аз тұтынылатын экономикаға экологиялық тұрғыдан ұтымды, қауіпсіз және бірте-бірте көшуді мүмкін ететін жаңартылатын энергияның парниктік газдардың атмосфераға шоғырлануын азайтудағы үлесіне кәміл сене отырып;
      жаңартылатын энергия технологияларының орнықты экономикалық өсуге және жаңа жұмыс орындарын құруға қолайлы әсерін күшейтуге ұмтыла отырып;
      әсіресе дамушы елдерде энергияға орталықсыздандырып қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ оқшауланған, шалғайдағы аудандар мен аралдарда энергияға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергияның орасан зор әлеуетін ықыласпен атап көрсете отырып;
      халықтың денсаулығы үшін отынның қазба түрлерін пайдаланудың және дәстүрлі биомассаны тиімсіз пайдаланудың айтарлықтай теріс зардаптарына байланысты алаңдаушылық білдіре отырып;
      жаңартылатын энергияның энергия пайдаланудың жоғары тиімділігімен бірге, болашақта едәуір өседі деп болжанып отырған энергияға әлемдік сұранысты барған сайын қанағаттандыра түсуге қабілетті екендігіне сене отырып;
      өз мүшелерінің арасындағы ынтымақтастықты жеңілдететін және жаңартылатын энергияны пайдалануды көтермелейтін қазіргі ұйымдармен тығыз байланыста іс-қимыл жасайтын жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық ұйым құруға өзінің ниетін растай отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

I бап
Агенттікті құру

      А. Осы Жарғыға мүше мемлекеттер мынадай жағдайларға сәйкес Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттікті (бұдан әрі - Агенттік) құрады.
      В. Агенттік өз қызметінде барлық мүшелерінің теңдігі қағидатын басшылыққа алады және мүшелерінің егемен құқықтары мен өкілеттіктерін тиісінше ескереді.

II бап
Мақcаттары

      Агенттік:
      а) жаңартылатын энергияны құрамдастыра пайдалану және энергия пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде алынған мемлекеттік және мемлекетішілік артықшылықтар мен игіліктерді;
      b) табиғи ресурстарға қысымды шектеу, орман селдіреуінің азаюына (әсіресе, тропикалық аудандарда), шөлейттенуге, биологиялық вариативтіліктің жоғалуына қарсы күрес арқылы қоршаған ортаны сақтау үшін, климатты қорғау; кедейлікті жоюды және орнықты дамуды қоса алғанда, экономикалық өсу және әлеуметтік ынтымақтастық үшін, энергия көздеріне қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін; өңірлік даму мен бүгінгі және болашақ ұрпақтың өзара жауапкершілігі үшін жаңартылатын энергияның мәнін назарға ала отырып, жаңартылатын энергияның барлық түрлерін кеңінен таратуды және тұрақты пайдалануды ынталандырады.

III бап
Анықтама

      Осы Жарғының мақсаттары үшін «жанартылатын энергия» термині экологиялық ұтымды тәсілмен жаңартылатын көздерден алынған энергияның барлық түрін білдіреді, атап айтқанда:
      1. Биоэнергия.
      2. Геотермальды энергия.
      3. Су энергиясы.
      4. Басқалардың арасынан толқындар энергиясын және мұхиттың жылу энергиясын қоса алғанда, мұхит энергиясы.
      5. Күн энергиясы.
      6. Жел энергиясы.

ІV бап
Қызмет түрлері

      А. Жаңартылатын энергия технологиялары саласындағы сараптамалық орталық бола тұра, жаңартылатын энергияны пайдалану саласындағы саясатты әзірлеу және нақты іске асыру үшін өз тәжірибесін ұсынып, қажетті жәрдем көрсете отырып, жаңартылатын энергияға қатысты барлық мәселелер бойынша қолдау көрсете отырып және мемлекеттерге тиімді дамудан, тәжірибе мен технологиялар алмасудан пайда табуға көмектесе отырып, Агенттік мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
      1. Әсіресе, өз мүшелерінің мүддесі үшін іс-қимыл жасай отырып, Агенттік:
      а) мүше мемлекеттерге осы саладағы саясатқа қатысты міндеттемелер жүктемей, осы саладағы саясатты іске асыру тетіктерін, көтермелеу мен жеңілдіктерді, инвестициялау тетіктерін, ұсынылатын практикаларды, қолжетімді технологияларды, интеграцияланған жүйелер мен жабдықтарды, сондай-ақ осы практиканың табыстылығына әсер ететін факторларды қоса алғанда, жаңартылатын энергия саласында талдау, мониторинг және қазіргі заманғы практикаға жүйелеу жүргізеді;
      b) осы және шектес салаларда пікірталастарға бастамашы болады және басқа үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдармен және олардың жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      с) мүшелердің сұрау салуы бойынша олардың мұқтажын назарға ала отырып, осы саладағы саясат мәселелері бойынша консультация беруді жүзеге асырады, жаңартылатын энергия саласындағы саясатқа, мұндай саясаттың негіздемелік шарттарына қатысты пікірталасты халықаралық деңгейде қолдайды;
      d) тиісті білімдерін тереңдетеді, технологияларды беруге жәрдемдеседі, мүше мемлекеттердің әлеуетін дамытуды ынталандырады, осы үшін қажетті байланысты қолдайды;
      e) кадрларды даярлау мен оқытуды қоса алғанда, мүше мемлекеттердің әлеуетін арттыруға ықпал етеді;
      f) мүшелердің сұрау салуы бойынша жаңартылатын энергияға байланысты жобаларды қаржыландыруға қатысты консультация беруді жүзеге асырады, тиісті тетіктерді қолдануға ықпал етеді;
      g) әлеуметтік-мәдени саладағы зерттеулерді қоса алғанда, зерттеулерді көтермелейді, ғылыми-зерттеу жүйелерін құруға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, жаңа технологияларды дамытуға және өрістетуге жәрдемдеседі;
      h) әртүрлі халықаралық форумдарға қатысуға байланысты мұқият зерттеудің негізінде жаңартылатын энергия саласындағы ұлттық және халықаралық техникалық стандарттарды дамытуға және енгізуге қатысты ақпарат ұсынады.
      2. Сонымен бірге, Агенттік жаңартылатын энергияны пайдаланудың игіліктеріне және оларға берілетін мүмкіндіктерге қатысты ақпаратты таратады және қоғамның хабардар болу деңгейін арттырады.
      В. Агенттік өз қызметін жүзеге асыру барысында:
      1. Халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастыққа жәрдемдесу
мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес және Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму саласындағы стратегияларына сәйкес іс-қимыл жасайды.
      2. Өз ресурстарын, оларды тиімді пайдалануды, дамушы елдердің, шалғайдағы және оқшауланған өңірлер мен аралдардың ерекше қажеттіліктерін назарға ала отырып, Агенттіктің мақсаттарын тиісінше іске асыруды және Агенттіктің мүшелері үшін және әлемнің барлық өңірлерінде мүмкін болатын пайданы барынша алу жөніндегі оның қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз ететіндей етіп бөледі.
      3. Функцияларды қажетсіз қайталауға жол бермеу, осы саладағы мүмкіндіктерді жинақтауға және тиімді іске асыруға, үкіметтердің, өзге де ұйымдар мен агенттіктердің жаңартылатын энергияны пайдалануды ынталандыруға бағытталған тұрақты қызметіне жәрдемдесу мақсатында жұмыс істеп тұрған ұйымдармен тығыз ынтымақтасады және өзара тиімді қатынастарды қолдауға ұмтылады.
      С. Агенттік:
      1. Мүшелерге өз қызметі туралы жыл сайын баяндама ұсынады.
      2. Саясат мәселелері бойынша ұсынымдар бергеннен кейін мүшелерді осындай ұсынымдар туралы хабардар етеді.
      3. Мүшелерді осы салада іс-қимыл жасайтын халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және осындай ұйымдардың қызметі туралы хабардар етеді.

V бап
Жұмыс бағдарламасы мен жобалар

      А. Агенттік өз қызметін Хатшылық дайындаған, Кеңес қараған және Ассамблея қабылдаған жылдық жұмыс бағдарламасының негізінде жүзеге асырады.
      В. Мүшелермен консультация жүргізгеннен кейін және келіспеушілік болған жағдайда, Ассамблея мақұлдағаннан кейін Агенттік жұмыс бағдарламасын іске асырудан басқа, Агенттіктің ақшалай емес ресурстары жеткілікті болған кезде, мүшелер бастамашы болған және қаржыландыратын жобаларды жүзеге асыруы мүмкін.

VI бап
Мүшелік

      А. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері болып табылатын мемлекеттер, сондай-ақ осы Жарғыда көзделген қызметтің мақсаттары мен түрлеріне сәйкес іс-қимыл жасауды қалайтын және қабілетті экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары Агенттіктің мүшесі бола алады. Агенттікке мүшелік үшін экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымын ең кемінде оның біреуі Агенттіктің мүшесі болып табылатын егемен мемлекеттер құруға тиіс. Бұл ретте мүше мемлекеттер Агенттіктің қызмет саласына кіретін мәселелердің ең болмағанда біреуін осындай ұйымның құзыретіне беруге тиіс.
      В. Мұндай мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары:
      1. Жарғыға қол қойып және ратификациялау туралы құралды сақтауға тапсырып, Агенттіктің бастапқы мүшелері.
      2. Олардың мүшелігі мақұлданғаннан кейін қосылу туралы хабарламаны сақтауға тапсырып, Агенттіктің басқа мүшелері болады. Егер Агенттіктің мүшелеріне тиісті өтініш жібергеннен кейін үш ай ішінде қарсылық білдірмесе, мүшелік мақұлданған болып саналады. Егер қарсылық білдірсе, Ассамблея өтінішті IX баптың Н абзацының 1-тармағында белгіленген тәртіппен қарайды.
      С. Экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымы, ұйым және оған мүше мемлекеттер осы Жарғы бойынша міндеттемелердің орындалуына жауапкершіліктің аражігін ажыратады. Ұйым мен оған мүше мемлекеттердің осы Жарғы бойынша дауыс беру құқығын қоса алғанда, құқықтарды бір мезгілде іске асыруға құқығы жоқ. Өзінің ратификациялау немесе қосылу туралы құжаттарында жоғарыда аталған ұйымдар осы Жарғыны реттеу нысанасына кіретін мәселелер бойынша өз құзыретінің шегін айқындайды. Бұл ұйымдар өз құзыретінің кез келген елеулі өзгерістері туралы да депозитарийге хабарлайды. Өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша дауыс берген жағдайда экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары Агенттіктің мүшелері болып табылатын осы ұйым мүшелерінің санына тең дауыс санына ие болады.

VII бап
Бақылаушылар

      А. Байқаушы мәртебесін Ассамблея:
      1. Жаңартылатын энергия саласында белсенді қызметті жүзеге асыратын үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарға.
      2. Осы Жарғыға қол қойған, бірақ ратификацияламаған мемлекеттер мен ұйымдарға.
      3. Мүшелік туралы өтініші VI баптың В абзацының 2-тармағында
көзделген тәртіппен мақұлданған өтініш берушілерге беруі мүмкін.
      B. Бақылаушылар Ассамблеяның және оның көмекші органдарының ашық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатыса алады.

VIII бап
Органдар

      А. Агенттіктің негізгі органдары ретінде:
      1. Ассамблея.
      2. Кеңес.
      3. Хатшылық құрылады.
      В. Ассамблея мақұлдаған кезде Ассамблея және Кеңес осы Жарғыға сәйкес олардың функцияларын іске асыру үшін қажетті деп санаған осындай көмекші органдарды құруы мүмкін.

ІХ бап
Ассамблея

      А. 1. Ассамблея - Агенттіктің жоғары органы.
      2. Ассамблея осы Жарғының шеңберіндегі немесе құрылуы осы Жарғыда көзделген кез келген органның функцияларына және өкілеттіктеріне жататын кез келген мәселені талқылай алады.
      3. Ассамблея осы мәселелердің кез келгені бойынша:
      а) шешім қабылдай алады және кез келген осындай органға ұсынымдар бере алады;
      в) Агенттіктің мүшелеріне олардың сұрау салуы бойынша ұсынымдар беруі мүмкін.
      4. Сонымен бірге, Ассамблея Кеңестің талқылауына мәселелерді ұсынуға және Агенттіктің жұмыс істеуіне қатысты кез келген мәселе бойынша Кеңеспен Хатшылықтан баяндамаларды сұратуға құқылы.
      В. Ассамблея Агенттіктің барлық мүшелерінен тұрады. Егер Ассамблея өзгеше шешім қабылдамаса, кезекті жыл сайынғы сессияға жиналады.
      С. Агенттіктің әрбір мүшесінің Ассамблеяда бір өкілі болады. Өкілдерге орынбасарлар мен кеңесшілер еріп жүруі мүмкін. Ассамблеяның жұмысына қатысуға байланысты шығыстарды тиісті мүшесі өтейді.
      D. Егер Ассамблея өзгеше шешім қабылдамаса, Ассамблеяның сессиясы Агенттіктің орналасқан жері бойынша өткізіледі.
      Е. Ассамблея әрбір кезекті сессиясының басында әділ географиялық өкілдік қағидатын назарға ала отырып, Төрағаны және оның өзге де қажетті лауазымды адамдарын сайлайды. Осы лауазымды адамдардың өкілеттігі кезекті сессияда жаңа Төрағаны және өзге де лауазымды адамдарды сайлаумен тоқтатылады. Ассамблея осы Жарғыға сәйкес өзінің рәсімдік қағидаларын белгілейді.
      Ғ. VI баптың С абзацына сәйкес Агенттіктің әрбір мүшесі Ассамблеяда бір дауысқа ие болады. Ассамблея дауыс беруге қатысушы мүшелердің жай көпшілік дауысымен рәсімдік мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды. Мәні бар мәселелер жөніндегі шешімдер қатысушы мүшелердің консенсусымен қабылданады. Егер консенсусқа қол жеткізілмесе, осы Жарғыда көзделген жағдайларды қоспағанда, екіден аспайтын мүшесі қарсылық білдірген кезде, консенсусқа қол жеткізілген болып саналады. Нақты мәселе мәні бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген сұрақ туындаған кезде, егер Ассамблеяға қатысушы мүшелердің консенсусымен өзгеше шешім қабылдамаса, мұндай мәселе мәні бар мәселе ретінде қаралады. Бұл ретте, егер консенсусқа қол жеткізілмесе, екеуден аспайтын мүшесі қарсылық білдірген кезде, консенсусқа қол жеткізілген болып саналады. Агенттік мүшелерінің басым көпшілігі Ассамблеяның кворумын құрайды.
      G. Ассамблея қатысушы мүшелердің консенсусы негізінде:
      1. Кеңестің мүшелерін сайлайды.
      2. Өзінің кезекті сессияларында Кеңесте қарауға берілген Агенттіктің бюджеті мен жұмыс бағдарламасын қабылдайды және Агенттіктің бюджеті мен жұмыс бағдарламасына түзетулер енгізуге қатысты шешімдер қабылдауға құқылы.
      3. Агенттіктің қаржылық саясатын бақылауға, қаржылық қағидаларына, өзге де қаржылық мәселелеріне және аудиторды сайлауға қатысты шешімдер қабылдайды.
      4. Жарғыға түзетулерді мақұлдайды.
      5. Көмекші органдарды құруға қатысты шешімдер қабылдайды және олардың құзыретін айқындайды.
      6. XVII баптың А абзацы негізінде дауыс беруге рұқсатқа қатысты шешімдер қабылдайды.
      Н. Ассамблея қатысушы мүшелердің екеуден аспайтын мүшесі қарсылық білдірген кезде, қол жеткізілген болып саналған консенсус негізінде:
      1. Қажет болған кезде, мүшелік туралы өтініштерге қатысты шешімдер қабылдайды.
      2. Кеңес қарауға ұсынған Ассамблея мен Кеңестің рәсімдік қағидаларын мақұлдайды.
      3. Жылдық баяндаманы, сол сияқты басқа да баяндамаларды қабылдайды.
      4. Осы Жарғының шеңберінде кез келген мәселелер бойынша
келісімдердің қорытындысын мақұлдайды.
      5. V баптың В абзацына сәйкес көзделген қосымша жобаларға қатысты мүшелер арасында келіспеушіліктер болған жағдайда шешім қабылдайды.
      I. Ассамблея Агенттіктің және Хатшылық Бас директорының (бұдан әрі Бас директор деп аталатын) орналасатын жерін қатысушы мүшелердің консенсусы негізінде немесе егер консенсусқа қол жеткізілмесе, мүшелердің, қатысушылардың және дауыс беруге қатысушылардың үштен екісінің көпшілік дауысымен айқындайды.
      J. Ассамблея өзінің бірінші сессиясында IX баптың Ғ-І абзацтарында тиісті мәселелер үшін көзделген дауыс беру рәсімдеріне сәйкес Дайындық Комиссиясы әзірлеген кез келген шешімдерді, келісімдердің, қаулылар мен ұсынымдардың жобаларын қарайды және қажет болған кезде мақұлдайды.

Х бап
Кеңес

      А. Кеңес Ассамблеяда сайланған Агенттік мүшелерінің кемінде 11 өкілінен және 21-ден аспайтын өкілінен тұрады. Өкілдердің дәл саны Кеңеске дауыс беру басында Агенттік мүшелерінің саны негізінде айқындалатын Агенттік мүшелерінің үштен бірінің дөңгелектенген баламасына сәйкес келеді. Кеңестің мүшелері дамыған және дамушы елдер Кеңесінің қызметіне нақты қатысуды қамтамасыз ету, әділ географиялық өкілдікке және Кеңестің тиімді жұмысына қол жеткізу қажеттігін ескере отырып, Ассамблеяның рәсімдік қағидаларымен бекітілген ротация қағидаттарына сәйкес сайланады. Кеңес мүшелері екі жылдық мерзімге сайланады.
      В. Егер Кеңес өзгеше шешім қабылдамаса, Кеңес Агенттіктің орналасқан жері бойынша жарты жылда бір рет жиналады.
      С. Кеңестің әрбір отырысының басында осы отырыстың аяғына дейінгі мерзімге Кеңес өз арасынан Төрағаны, сондай-ақ қажет болған жағдайда өзге де лауазымды адамдарды сайлайды. Кеңес өзінің рәсімдік қағидаларын әзірлеу құқығын сақтайды. Осы рәсімдік қағидалар Ассамблеяға мақұлдау үшін ұсынылады.
      D. Кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Рәсімдік мәселелер бойынша Кеңес өз мүшелерінің жай көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды. Мәні бар мәселелер бойынша шешімдер Кеңестің үштен екі мүшесінің көпшілік дауысымен қабылданады. Нақты мәселе мәні бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген сұрақ туындаған кезде, егер Кеңестің үштен екі мүшесінің дауысымен Кеңес өзгеше шешім қабылдамаса, бұл мәселе мәні бар мәселе ретінде қаралады.
      Е. Кеңес Ассамблеяға есеп береді және оның алдында жауапты. Кеңес, өзіне осы Жарғыда берілген өкілеттіктер мен функцияларды, сондай-ақ оған Ассамблея жүктеген функцияларды іске асырады. Бұл ретте ол шешімдерге сәйкес және Ассамблеяның ұсынымдарын назарға ала отырып іс-қимыл жасайды, олардың тиісінше және тұрақты орындалуын қамтамасыз етеді.
      Ғ. Кеңес:
      1. Мүшелер арасында консультациялар жүргізуге және ынтымақтастыққа ықпал етеді.
      2. Бюджеттің және жылдық жұмыс бағдарламасының жобаларын қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады.
      3. Күн тәртібінің жобасын әзірлеуді қоса алғанда, Ассамблея
сессияларына дайындық жөніндегі шараларды бекітеді.
      4. XI баптың Е абзацының 3-тармағына сәйкес Хатшылық дайындаған Агенттіктің қызметі туралы жылдық баяндаманың жобасы мен өзге де баяндамаларды қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады.
      5. Ассамблеяның сұрау салуы бойынша кез келген өзге де баяндамаларды дайындауды жүзеге асырады.
      6. Ассамблеямен алдын ала келісілген кезде Агенттіктің атынан
мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық агенттіктермен шарттар және халықаралық құжаттар жасасады.
      7. Ассамблея қабылдаған жұмыс бағдарламасын қабылданған бюджет шеңберінде Хатшылықтың іске асыруы мақсатында оны толықтырады және нақтылайды.
      8. Мәселелерді Ассамблеяның қарауына беруге құқылы.
      9. VIII баптың В абзацына сәйкес қажет болған кезде көмекші органдарды құрады, олардың өкілеттіктері мен жұмыс істеу ұзақтығын айқындайды.

ХІ бап
Хатшылық

      А. Хатшылық Ассамблеяға, Кеңеске және олардың көмекші органдарына оларға жүктелген функцияларды іске асыруына жәрдемдеседі. Хатшылық өзіне осы Жарғы, сондай-ақ Ассамблея немесе Кеңес жүктеген өзге функцияларды да атқарады.
      В. Хатшылық, оның басшысы және басты әкімшілік лауазымды адамы болып табылатын Бас директордан және қажет болуы мүмкін осындай лауазымды адамдардан тұрады. Бас директорды Кеңестің ұсынымы бойынша төрт жыл мерзімге Ассамблея тағайындайды, ол тағы да осындай бір мерзімге бір рет ұзартылуы мүмкін.
      С. Бас директор Ассамблея мен Кеңестің алдында жауапты. Атап айтқанда, ол кадрларды іріктеуге, Хатшылықты ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне жауап береді. Персоналды іріктеу және оның қызмет жағдайларын айқындау кезінде тиімділіктің, құзыреттіліктің және адалдықтың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бірінші кезекте мән беріледі. Персоналды қабылдаудың маңыздылығы бірінші кезекте мүше мемлекеттерде барынша кең географиялық негізде тиісті түрде ескерілуге тиіс, дамушы елдердің барабар өкілдігіне және гендерлік теңгерілімнің сақталуына ерекше назар аударылуға тиіс.
      Бюджетті әзірлеу кезінде персоналды қабылдау жөніндегі ұсыныстар Хатшылықтың штат саны Хатшылықтың функцияларын тиісінше атқаруы үшін барынша аз қажеттілік қағидатына негізделуге тиіс.
      D. Бас директор немесе ол тағайындаған өкіл Ассамблея мен Кеңестің барлық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатысады.
      Е. Хатшылық:
      1. Агенттіктің жұмыс бағдарламасы мен бюджетінің жобаларын әзірлейді және Кеңестің қарауына ұсынады.
      2. Агенттіктің жұмыс бағдарламасын және оның шешімдерін іске асырады.
      3. Жылдық баяндаманы және Ассамблея немесе Кеңес сұратуы мүмкін
кез келген өзге де баяндамаларды әзірлейді және Кеңестің қарауына ұсынады.
      4. Ассамблеяның, Кеңестің және олардың көмекші органдарының
қызметіне әкімшілік және техникалық қолдауды жүзеге асырады;
      5. Агенттік пен оның мүшелері арасында ақпарат алмасуға ықпал етеді.
      6. IV баптың С абзацының 2-тармағына сәйкес Агенттік мүшелеріне
жаңартылатын энергия саласындағы саясат мәселелері бойынша ұсыным
бергеннен кейін осы ұсынымдарды таратады, олардың әрбір отырысы үшін
саясат мәселелері бойынша ұсынымдар жөнінде баяндама әзірлейді және оны Ассамблея мен Кеңестің қарауына ұсынады. Кеңеске берілетін баяндамада жылдық жұмыс бағдарламасын іске асыруға байланысты саясат мәселелері бойынша жоспарланатын ұсынымдар да қамтылуға тиіс.
      Ғ. Бас директор мен Хатшылықтың басқа да қызметкерлері өз міндеттерін атқару кезінде қандай да бір үкіметтен немесе Агенттікке бөтен өзге де көзден нұсқаулар сұратпауға немесе алмауға тиіс. Олар Ассамблея мен Кеңес алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды адамдар ретінде өздерінің жағдайына әсер етуі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден тартынуға тиіс. Агенттіктің әрбір мүшесі Бас директордың және Хатшылықтың басқа да қызметкерлері міндеттерінің халықаралық сипатын қатаң сыйлауға және өз міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал етуге тырыспауға міндеттенеді.

XII бап
Бюджет

      А. Агенттіктің бюджеті:
      1. БҰҰ шығыстарын бөлуге арналған жарналар шәкіліне негізделіп, мүшелердің Ассамблея айқындаған міндетті жарналары.
      2. Ерікті қайырмалдықтар.
      3. Осы Жарғының IX бабының G абзацында көзделгендей, консенсус
негізінде Ассамблеяның қабылдауына жататын қаржылық қағидаларға сәйкес өзге де ықтимал көздер есебінен қалыптасады. Қаржылық қағидалар және бюджет Агенттік қызметінің сенімді қаржылық негізін, оның жұмыс бағдарламасында айқындалған Агенттік қызметінің түрлерін тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс. Агенттік қызметінің негізгі түрлері және оның әкімшілік шығыстары міндетті жарналар есебінен қаржыландырылады.
      В. Агенттік бюджетінің жобасын Хатшылық әзірлейді және ол Кеңестің қарауына енгізіледі. Кеңес жобаны мақұлдау туралы ұсыныммен бірге оны Ассамблеяға жіберуі не пысықтау және қайтадан енгізу үшін Хатшылыққа қайтаруы мүмкін.
      С. Ассамблея сыртқы аудиторды тағайындайды, оның өкілеттік мерзімі, қайта сайлану құқығымен төрт жылды құрайды. Алғашқы тағайындалған аудитор бұл лауазымды екі жыл бойы атқаратын болады. Аудитор Агенттіктің шоттарын тексеруді жүзеге асырады және басқару тиімділігіне және ішкі қаржылық бақылауға қатысты қажетті ескертпелер мен ұсынымдар жасайды.

XIII бап
Құқық субъектілігі, артықшылықтар мен иммунитеттер

      А. Агенттік халықаралық құқық субъектілігін иеленеді. Ұлттық заңнамаға сәйкес өзінің әрбір мүшесінің аумағында Агенттік өзінің функцияларын орындау және өзінің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болуы мүмкін ұлттық құқыққа сәйкес құқықтық қабілеттілігін пайдаланады.
      В. Агенттік мүшелері Агенттіктің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы жеке келісімге қатысты шешім қабылдайды.

XIV бап
Басқа ұйымдармен өзара қарым-қатынас

      Ассамблеяның мақұлдауы бойынша Кеңеске Агенттіктің атынан келісімдер жасасуға уәкілетті болады. Осындай келісімдермен Агенттік пен Біріккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ қызметі Агенттіктің қызметіне байланысты кез келген басқа да ұйымдардың арасында тиісінше байланыс орнатылады. Осы Жарғының ережелері мүшелердің басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне нұқсан келтірмейді.

ХV бап
Түзетулер, шығу, қайта қарау

      А. Осы Жарғыға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды Агенттіктің кез келген мүшесі енгізе алады. Бас директор ұсынылған кез келген түзету мәтінінің куәландырылған көшірмелерін дайындауды жүзеге асырады және оларды Ассамблеяда қаралғанға дейін кемінде тоқсан күн бұрын оның барлық мүшелеріне жібереді.
      В. Түзетулер Агенттіктің барлық мүшелері үшін:
      1. Кеңестің ескертулері қаралғаннан кейін олардың әрқайсысына қатысты түзетулерді Ассамблея мақұлдаған жағдайда.
      2. Барлық мүшелері өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес олар үшін түзетулердің міндеттілігіне келісімін білдіргеннен кейін күшіне енеді. Агенттік мүшелері осы Жарғының XX бабының А абзацында айқындалған тиісті құжатты депозитарийге беру жолымен түзетулердің міндеттілігіне келісімін білдіреді.
      С. Агенттік мүшесі осы Жарғының XIX бабының D абзацына сәйкес күшіне енген күннен бастап бес жыл өткен соң кез келген уақытта Агенттіктен шығатыны туралы Кеңесті және оның барлық мүшелерін дереу хабардар ететін, осы Жарғының XX бабының А абзацында айқындалған депозитарийге жазбаша түрде хабарлай отырып, Агенттіктен шыға алады.
      D. Мұндай шығу тиісті хабарлама жіберілген жыл аяқталысымен күшіне енеді. Мүшенің Агенттіктен шығуы V баптың В абзацына сәйкес туындаған оның шарттық міндеттемелерінің не осы мүшенің Агенттіктен шығатын жылғы қаржылық міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеп соқпайды.

XVI бап
Дауларды шешу

      А. Агенттік мүшелері осы Жарғыны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты барлық дауларды бейбіт тәсілдермен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2-бабының 3-абзацына сәйкес шешеді және осы мақсатта дауларды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 33-бабының 1-абзацында көрсетілген тәсілдермен шешуге ұмтылады.
      В. Кеңес ізгілікті қызметтерді ұсынуды, мүшелерді өздері таңдаған тәсілдерді пайдалану арқылы дауларды шешуге кірісуге шақыруды, келісімге қол жеткізуге қатысты кез келген рәсімге арналған уақытша негіздемелерді ұсынуды қоса алғанда, өзі қолайлы деп санайтын кез келген тәсілдермен дауларды шешуге жәрдемдесуі мүмкін.

XVII бап
Құқықтарды уақытша тоқтата тұру

      А. Агенттіктің алдында қаржылық міндеттемелері бойынша өтелмеген берешегі бар Агенттіктің кез келген мүшесі, егер оның берешегінің сомасы осының алдындағы толық екі жылда алынатын жарналардың сомасына тең болса немесе асып кетсе, дауыс беру құқығынан айырылады. Алайда, Ассамблея Агенттіктің мұндай мүшесіне, егер ол төлем мерзімінің өтуі өзіне қатысы жоқ жағдайларға байланысты болғандығын мойындаса, дауыс беруге қатысуға рұқсат беруі мүмкін.
      В. Агенттік мүшесі осы Жарғының немесе осы Жарғыға сәйкес жасалған кез келген өзге де келісімнің ережелерін жүйелі түрде бұзған жағдайда, Ассамблея қатысып отырғандардың және дауыс беруге қатысушы мүшелердің үштен екісінің дауысымен Кеңестің ұсынымы бойынша мұндай мүшенің Агенттікке мүшелікке байланысты кұқықтары мен артықшылықтарын іске асыруын тоқтата тұруы мүмкін.

XVIII бап
Агенттіктің орналасқан жері

      Агенттіктің орналасатын жерін Ассамблея өзінің бірінші сессиясында анықтайды.

XIX бап
Қол қою, ратификациялау, күшіне ену

      А. Осы Жарғы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері болып табылатын барлық мемлекеттер үшін, сондай-ақ VI баптың А абзацында айқындалғанындай, экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін Құрылтай конференциясында қол қою үшін ашық болады. Осы Жарғы ол күшіне енетін күнге дейін қол қою үшін ашық күйінде қалады.
      В. Осы Жарғыға қол қоймаған VI баптың А абзацында айқындалған, мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін осы Жарғы осы мемлекеттердің не ұйымдардың мүшелігін Ассамблея VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес мақұлдағаннан кейін қосылу үшін ашық болады.
      С. Осы Жарғының міндеттілігіне келісімін білдіру ратификациялау не қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру арқылы жүзеге асырылады. Осы Жарғыны ратификациялауды не оған қосылуды мемлекеттер өздерінің ішкі заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.
      D. Осы Жарғы ратификациялау туралы жиырма бесінші құжат сақтауға тапсырылған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Е. Осы Жарғы күшіне енгеннен кейін ратификациялау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған мемлекеттер не экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін осы Жарғы тиісті құжат сақтауға тапсырылған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Ғ. Осы Жарғының ережелеріне ескертпелерге жол берілмейді.

ХХ бап
Депозитарий, тіркеу, мәтіннің тең түпнұсқалығы

      А. Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі осы Жарғының, сондай-ақ ратификациялау және қосылу туралы құжаттардың депозитарийі болып тағайындалады.
      В. Осы Жарғының депозитарийі оны тіркеуді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес жүзеге асырады.
      С. Осы Жарғының тең түпнұсқалы ағылшын тіліндегі мәтіні депозитарийдің мұрағаттарында сақталады.
      D. Осы Жарғының тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін депозитарий осы Жарғыға қол қойған не мүшелігі VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес мақұлданған сол мемлекеттердің үкіметтеріне және сол экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдарының атқарушы органдарына жіберетін болады.
      Е. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды әрбір құжаттың сақтауға тапсырылған күні туралы, Жарғыны ратификациялау және оның күшіне енген күні туралы дереу хабардар етеді.
      Ғ. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды, сондай-ақ Агенттік мүшелерін мемлекеттердің және экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдарының Агенттікке кірген күні туралы дереу хабардар етеді.
      G. Депозитарий мүшелік туралы жаңа өтініштерді VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес қарау үшін Агенттіктің барлық мүшелеріне дереу жіберетін болады.
      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар, осы Жарғыға қол қойды.
      2009 жылғы 26 қаңтарда Бонн қаласында ағылшын тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осымен жоғарыда берілген мәтін Германия Федеративтік Республикасының Үкіметіне сақтауға тапсырылған түпнұсқаның дәл көшірмесі екенін растаймын.

      Берлин, 2009 жылғы 12 наурыз

      (Қолы)

      Д-р Людвиг Бивер

      Елшіліктің бірінші сатылы кеңесшісі

      СІМ Саяси мұрағат бөлімінің бастығы

      Осымен 2009 жылғы 26 қаңтарда Бонн қаласында жасалған Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысының орысша тілінен қазақша тіліне аударылған мәтінінің дұрыс екендігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Индустрия және жаңа
      технологиялар вице-министрі                   Б. Жақсалиев

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Жарғының ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады