Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 23 мамырдағы № 98-V Заңы

      2012 жылғы 21 қарашада Мадридте жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы шарт

(2013 жылғы 1 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 4, 43-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі
      екі мемлекет арасында қалыптасқан байланыстарды қолдауға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
      қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан түрлері мен терроризмге қарсы күрес саласында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың және сот үкімдерін орындаудың тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып,
      екі мемлекет арасында олардың ұстап беру саласындағы заңнамасына сәйкес қылмыскерлерді ұстап беру рәсімдерін жақсартуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Ұстап беру міндеттемесі

      Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар бір-біріне жазбаша сұрау салу бойынша өздерінің аумақтарында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту не үкімді орындау үшін іздестіріліп жатқан адамдарды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап. Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Ұстап беру екі Тараптың заңнамаларына сәйкес қылмыстық жазаланатын әрекеттерге байланысты ғана, мынадай мән-жайлар болған кезде:
      а) ұстап беру туралы сұрау салу қылмыс жасаған адамды екі Тараптың заңнамаларына сәйкес оны жасағаны үшін жаза кемінде бір жылға бас бостандығынан айыруды құрайтын қылмыстық жауаптылыққа тартуға бағытталған; немесе
      b) егер ұстап беру туралы сұрау салу осы баптың алдыңғы тармағында көзделген мән-жайлардан басқа, сұрау салуды берген кезде кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін сот үкімін орындауға бағытталған кезде жүргізіледі.
      2. Жасалғаны үшін ұстап беру сұратылып отырған әрекеттің екі тараптың заңнамаларына сәйкес қылмыс болып табылатыны не табылмайтыны туралы мәселені шешу кезінде қылмыстың жекелеген белгілерінің сипаттамасындағы және пайдаланылатын терминологиядағы айырмашылықтардың маңызы болмайды.
      3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың ұлттық заңнамаларына сәйкес әрқайсысы қылмыстық жазаланатын екі немесе одан да көп қылмысқа қатысты болса және ең аз дегенде олардың біреуі осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға әкеп соқтырса, Сұрау салынатын Тарап барлық қылмыстар үшін ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыра алады.

3-бап. Ұстап беруден міндетті түрде бас тарту үшін негіздер

      Егер:
      а) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру сұратылып отырған қылмыс саяси қылмыс болып табылады деп есептесе, ұстап беруден бас тартылады. Бұл ретте, террористік қылмыстар саяси қылмыс ретінде жіктелмейді;
      b) Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы сұрау салу адамды оның нәсілдік, жыныстық, діни, ұлттық тиесілігіне немесе саяси нанымдарына байланысты қудалау не жазалау үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау мақсатына байланысты немесе осы себептердің кез келгені іздестіріліп жатқан адам үшін қолайсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін деп пайымдауына объективті себептер болса;
      c) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша тек әскери қылмыс болып табылса;
      d) ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса немесе оған Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
      е) кез келген Тараптың заңнамасы бойынша адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетсе;
      f) Сұрау салынатын Тарапта сот іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін шешім шығарса немесе талқылау аяқталса не Сұрау салынатын Тарапта немесе үшінші мемлекетте оған қарсы нақ сол қылмыс үшін тергеу жүзеге асырылса, сот шешімі шығарылса немесе ол жазадан босатылса немесе оны өтеп қойса;
      g) ұстап беру туралы сұрау салуды Сұрау салушы Тарап сырттай шығарылған үкімді орындау үшін жолдаса және Сұрау салушы Тарап ұстап берілгеннен кейін іздестіріліп жатқан адамның осындай тілегі болған кезде оның қайта сот талқылауына құқығы туралы қажетті кепілдіктер бермесе;
      h) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес өлім жазасымен жазаланса және өлім жазасы үкімі шығарылмайтыны немесе ол шығарылған жағдайда орындалмайтыны туралы қажетті кепілдіктер ұсынылмаса, ұстап беруден бас тартылады.

4-бап. Ұстап беруден қалауы бойынша бас тарту шарттары

      Егер:
      a) ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясы қолданылса және ол бұл қылмыстар үшін сұратылып отырған адамға қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асырса немесе жүзеге асыруды жоспарласа;
      b) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс екі Тараптың аумақтарынан тыс жерде жасалса және Сұрау салынатын Тарап өз аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстарға өз юрисдикциясын қолданбаса;
      с) Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және  Сұрау салушы Тараптың мүдделерін ескере отырып, ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына немесе денсаулық жағдайына байланысты ізгілік қағидаттарына қайшы келеді деп есептесе;
      d) адамды ұстап беру өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін қылмыс үшін сұратылса және Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа оған өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыру қолданылмайтындығына қажетті кепілдіктер ұсынбаса;
      е) ұстап беру туралы сұрау салу 16 жасқа толмаған адамға қатысты түссе және осы ұстап берудің оның әлеуметтік бейімделуі немесе оңалтылуы үшін теріс салдары болуы мүмкін болса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

5-бап. Сұрау салынатын Тараптың қылмыстық қудалауды
жүзеге асыру міндеті

      1. Егер іздестіріліп жатқан адамның Сұрау салынатын Тарапқа азаматтық тиесілігіне байланысты ұстап беруден бас тартылса, онда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың өтініш хаты бойынша іздестіріліп жатқан адамға қатысты экстрадициялау мақсаты болып табылған қылмыстық қудалауды немесе Сұрау салушы Тараптың үкімін орындауды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
      2. Бұл мақсатта Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа қылмыстық істі, дәлелдемелерді және қажетті құжаттарды береді. Үкімді орындау қажет болған жағдайда заңды күшіне енген сот шешімі де жолданады.
      3. Бұл құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса жіберілуге тиіс.

6-бап. Қатынастар тәртібі

      Осы Шартты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура, Испания Корольдігі үшін - Әділет Министрлігі Тараптардың құзыретті органдары болып табылады.
      Тараптардың осы органдары арасындағы қатынастар шұғыл жағдайларда тікелей қатынасу мүмкіндігі сақтала отырып, дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.

7-бап. Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Ұстап беру туралы сұрау салулар жазбаша түрде ұсынылады және мыналарды қамтиды немесе мынадай құжаттар қоса беріледі:
      а) Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес берілген қамауға алу туралы шешімнің түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі. Егер адам үкімді орындау үшін іздестіріліп жатса, сұрау салуға соттың түпкілікті үкімінің түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі және жазаның өтелген және өтелуге жататын мерзімі көрсетілетін құжат қоса берілуге тиіс;
      b) іздестіріліп жатқан адамның тегі, аты, жынысы және ұлты, сондай-ақ адамның жеке басын және оның ықтимал тұрғылықты жерін анықтауға көмектесуі мүмкін кез келген басқа ақпарат және мүмкіндігі бойынша сырт бейнесінің сипаттамасы, фотосуреттері және саусақтарының іздері;
      c) қылмыстың жасалған орны мен уақытын барынша дәл көрсете отырып, сұрау салуға байланысты болатын жасалған қылмыстың сипаттамасы, сондай-ақ оның жіктелуі және оған қолданылатын қылмыстық заңнама нормалары;
      d) қылмысты жіктеуге және ықтимал жазаны белгілеуге қатысты, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің көшірмелері.
      2. Құзыретті адам қол қойған ұстап беру туралы сұрау салу және қоса берілген құжаттар құзыретті органның елтаңбалы мөрімен куәландырылады және Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса беріледі.

8-бап. Қосымша ақпарат

      Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салумен бірге берілген ақпаратты жеткіліксіз деп есептесе, ол оны ұсынудың қисынды мерзімін көрсете отырып, қосымша ақпаратты сұратуға құқылы. Егер Сұрау салушы Тарап көрсетілген мерзімде қосымша ақпаратты жолдамаса, Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қараусыз қалдыруға құқылы, ол жөнінде Сұрау салушы Тарапқа хабарланады. Сұрау салуды қараусыз қалдыру Сұрау салушы Тарапқа ұстап беру туралы сұрау салуды қайта жолдауға кедергі келтірмейді.

9-бап. Экстрадициялау мақсатында тұтқындау

      1. Шұғыл жағдайда бір Тарап екінші Тараптан ұстап беру туралы сұрау салуды Сұрау салынатын Тарап алғанға дейін іздестіріліп жатқан адамды тұтқындау туралы сұрата алады. Көрсетілген сұрау салу осы Шарттың 6-бабында көзделген тәртіппен жазбаша түрде не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы жіберіледі.
      2. Алдыңғы тармақта көзделген жасалған қылмыс пен іздестіріліп жатқан адамды сәйкестендіру үшін деректер көрсетілген сұрау салу ұстап беру туралы сұрау салу қосымша жолданатындығы туралы кепілдіктерді қамтуға және адамды қамауға алу туралы шешім қоса берілуге тиіс.
      3. Сұрау салынатын Тарап тұтқындау туралы сұрау салуды қарау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етуге міндетті.
      4. Егер адамды тұтқындаған күннен бастап 40 тәулік өткен соң  Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, тұтқындалған адам босатылады. Сұрау салушы Тараптың алдын ала сұрау салуы бойынша тұтқындау мерзімі тағы 20 тәулікке ұзартылуы мүмкін.
      5. Алдыңғы тармаққа сәйкес адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кешірек алса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімін жалғастыру мүмкіндігіне кедергі келтірмейді.

10-бап. Ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім

      1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы шешімді өзінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен қабылдайды, ол жөнінде Сұрау салушы Тарап дереу жазбаша түрде хабардар етіледі. Ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда мұндай шешім дәлелденеді.
      2. Ұстап беруден елеулі себептер бойынша бас тарту Сұрау салушы Тарапқа нақ осы қылмыстар үшін сол адамға қатысты ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды жолдауға кедергі келтіреді.

11-бап. Адамды беру

      1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беруге келіскен жағдайда Тараптар ұстап берілген адамды берудің орнын, уақытын және өзге де шарттарын келісіп алады. Бұл ретте, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты осы адам ұстап берілгенге дейін тұтқында болған мерзімі туралы хабардар етеді.
      2. Егер Сұрау салушы Тарап адамды берудің келісілген күнінен кейінгі 30 тәулік ішінде адамды қабылдай алмаса, Сұрау салынатын Тарап оны дереу босатады және осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда нақ осы қылмыстар үшін сол адамға қатысты ұстап беру туралы қайта сұрау салуды қабылдамауы мүмкін.
      3. Егер Сұрау салушы Тарап адамды келісілген мерзім шегінде өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қабылдамаса, ол бұл туралы Сұрау салынатын Тарапқа дереу хабарлауға міндетті. Бұл жағдайда Тараптар осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерін қолдана отырып, берудің шарттарын қайта келісіп алады.

12-бап. Ұстап беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру

      1. Егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тарапта ұстап беру сұратылғаннан өзгеше қылмыс үшін тергеуде болса немесе жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруге келісімін бергеннен кейін іздестіріліп жатқан адамды беруді қылмыстық процесс аяқталғанға дейін немесе ол жазаны өтегенге дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай шешім туралы Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес ұстап беруді кейінге қалдыру нәтижесінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды Сұрау салушы Тараптың заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін болса не Сұрау салушы Тарапта істі тергеу қиындаса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің заңнамасымен көзделген тәртіппен адамды Тараптар келіскен уақытқа және шарттарда ұстап беруге құқылы.
      3. Сұрау салушы Тарап уақытша ұстап берудің мақсаттарына қол
жеткізгеннен кейін адамды Сұрау салынатын Тарапқа дереу қайтаруға
тиіс. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша уақытша ұстап
берудің мерзімін Сұрау салынатын Тарап қисынды мерзімге ұзарта алады.

13-бап. Ұстап беру туралы бәсекелес сұрау салулар

      Егер бір ғана адамды нақ сол немесе әртүрлі әрекеті үшін ұстап беру бір мезгілде бірнеше мемлекеттен, оның ішінде осы Шарттың екінші Тарапынан сұратылса, онда Сұрау салынатын Тарап барлық мән-жайларды, әсіресе қылмыс жасалған жерді және оның ауырлығын, сұрау салулар келіп түскен күнін, сұратылған адамның ұлтын және оны кейіннен екінші мемлекетке ұстап беру мүмкіндігін ескере отырып, шешім қабылдайды.

14-бап. Қылмыстық қудалаудың шектері

      Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта оны ұстап бергенге дейін жасалған, олар бойынша ұстап беру жүргізілмеген қылмыстар үшін тұтқындалмайды, қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды немесе сотталмайды, сондай-ақ үшінші мемлекетке ұстап берілмейді, бірақ оған мына жағдайлар жатпайды:
      a) Сұрау салынатын Тарап өз келісімін білдірсе. Мұндай келісімді беру үшін Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 7-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтерді сұратуға құқылы. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа ұстап берілген адамның ол Сұрау салушы Тараптың Сұрау салынатын Тарапқа оның ұстап берілуіне дейін жасалған қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға немесе оған қатысты үкімді орындауға сұрау салуды жолдағаны туралы хабарланғандығы жөніндегі мәлімдемесін де жолдайды;
      b) адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан босатылғаннан кейін 30 күн ішінде кетпесе. Бұл мерзім осы адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша кете алмаған уақытты қамтымайды; немесе
      с) адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткеннен кейін оған өз еркімен қайта оралса.

15-бап. Меншікті беру

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өз заңнамасымен рұқсат етілген шекте өзінің аумағында табылған қылмыс заттарын және құралдарын, сондай-ақ дәлелдік құндылығы бар болуы мүмкін кез келген басқа мүлікті алып қоюды немесе тәркілеуді жүргізеді. Егер адамды ұстап беру жүргізілген жағдайда олар Сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше адамды беру кезінде табыс етіледі.
      2. Сұрау салынатын Тараптың келісімімен алдыңғы тармақта аталған объектілер Сұрау салушы Тарапқа адамды ұстап беру мүмкін болмаған жағдайда да берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында аталған объектілерді Сұрау салушы Тарапқа беруді осындай талқылау аяқталғанға дейін кейінге қалдыруға не көрсетілген объектілер Сұрау салушы Тарап талқылау аяқталғаннан кейін қайтаратын шарттарда уақытша беруге құқылы.
      4. Алып қойылған немесе тәркіленген мүлікті Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың құқықтарын кемсітпей жүзеге асырылады. Сұрау салушы Тарап сот талқылауы аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптың жазбаша сұрау салуы бойынша оларға алынған объектілерді осы тараптардың сол мүлікке құқықтарына мөлшерлес түрде дереу және ақысыз қайтарады.

16-бап. Транзит

      1. Егер бір Тарапқа адамды үшінші мемлекет ұстап берсе және ұстап беру мақсатында осындай адам екінші Тараптың аумағы арқылы жүрсе, онда бірінші Тарап транзитке рұқсат беруді сұратады. Әуе көлігін осы екінші Тараптың аумағына қонбай пайдаланған жағдайда мұндай транзитке рұқсат талап етілмейді.
      2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің ұлттық заңнамасына нұқсансыз транзитке рұқсат береді.

17-бап. Қылмыстық қудалаудың нәтижелері туралы хабарлама

      Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық қудалаудың немесе үкімді орындаудың нәтижелері туралы, сондай-ақ осы адамды үшінші мемлекетке қайта экстрадициялау туралы Сұрау салынатын Тарапқа дереу хабарлауға міндетті. Тараптардың өтініштері бойынша мұндай шешімдердің көшірмелері де жолданылуы мүмкін.

18-бап. Шығыстар

      Сұрау салынатын Тарап өз аумағында ұстап беруді жүзеге асыру нәтижесінде пайда болған шығыстарды төлейді. Ұстап берілген адамды беруге байланысты тасымалдау және транзиттеу шығыстарын Сұрау салушы Тарап көтереді.

19-бап. Басқа шарттарға қатыстылығы

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап. Дауларды шешу

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін кез келген дау келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілетін болады.

21-бап. Шарттың күшіне енуі

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейінгі келесі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

22-бап. Шарттың қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Әрбір Тарап өзінің осындай ниеті туралы Хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жолдай отырып, осы Шарттың қолданылуын тоқтата алады. Осы Шарттың қолданылуы Тараптардың бірі осындай хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін өздерінің мемлекеттері осы мақсатта тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
      2012 жылғы 21 қараша Мадридте әрқайсысы қазақ және испан тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы                   Испания Корольдігі
            үшін                                     үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың испан тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады