Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 6 мамырдағы № 201-V ҚРЗ

      2013 жылғы 14 маусымда Ташкентте жасалған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы
арасындағы стратегиялық әріптестік туралы
ШАРТ

(2014 жылғы 3 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 4, 31-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы
      Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының тарихи және мәдени ортақтығын, достық пен тату көршілік қатынастарын ескере отырып,
      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты негізге ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актісінің мақсаттары мен қағидаттарына және жалпыға танылған басқа да халықаралық құқықтың нормаларға адалдықтарын растай отырып,
      бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей өздерінің ұлттық мүдделері және мемлекеттік даму мақсаттары негізінде сарабдал және жауапты сыртқы саясатты жүзеге асыруға әр мемлекеттің егемендік құқығын екіжақты мойындау мен құрметтеуді негізге ала отырып,
      Орталық Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің жоғары деңгейін сезіне отырып,
      екіжақты қарым-қатынастарды Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының әлеуеті мен мұқтаждықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге шығаруға ұмтыла отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың негізі ретінде стратегиялық әріптестікті шарттық-құқықтық бекіту барлық бағыттарда ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сене отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Тараптар өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік негізінде құрады.
      Тараптар ең алдымен жоғарғы және жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің тетігін пайдаланып және жетілдіре отырып, тұрақты түрде пікірлер алмасуды өткізу және өзара мүддені білдіретін екі жақты қатынастар мәселелері мен халықаралық өзекті проблемалар бойынша ұстанымдарды келісу арқылы стратегиялық әріптестікті нығайтады.

2-бап

      Тараптар мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күш қолдану қаупінен тартыну міндеттемесін қуаттайды, әскери одақтарға кірмеуге немесе мемлекеттердің қандай да бір топтарына, сондай-ақ, екінші Тарапқа қарсы бағытталған іс-әрекеттерге қатыспауға міндеттенеді.
      Тараптар екіжақты қауіпсіздік мүдделеріне немесе олардың біреуінің қауіпсіздік мүддесіне кері әсерін тигізетін жағдай туындаса, өзара келісім арқылы ұстанымдарды келісу және осындай жағдайды реттеу бойынша практикалық шараларды үйлестіру үшін консультациялардың тиісті тетігін іске қосады.
      Тараптар үшінші елдермен екінші Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін шарттар жасасуды қоса алғанда, қандай да бір іс-қимылдарға бармайды. Ешбір Тарап өз аумағын екінші Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретіндей үшінші мемлекеттердің пайдалануына жол бермейді.

3-бап

      Тараптар өңірдегі бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасайды.
      Тараптар мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын мойындай отырып, олардың тәуелсіздігіне, егемендігіне, аумақтық тұтастығына қауіп төндіруді болдырмау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді.

4-бап

      Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымында, оның арнайы мекемелерінде, басқа да көпжақты мемлекетаралық құрылымдарда белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды. Тараптар өздерінің ұлттық мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде біріне-бірі қолдау көрсетеді және өздерінің ұстанымдарын келісу үшін консультациялар жүргізеді.
      Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) және оның барлық аспектілерінде таратпау режимін тиімді жүзеге асыруда өзара іс-қимыл жасайды.
      Тараптар БҰҰ-ның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігеріне жәрдемдесу мақсатында Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт шеңберінде ынтымақтасу бойынша бірлескен күш-жігерлерін жалғастырады.

5-бап

      Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету бойынша қажетті шараларды қолданады, оның ішінде тауар номенклатурасын әртараптандыру және өздерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес бұл үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасайды.

6-бап

      Тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетеді және ішкі нарықтарға мұнай мен газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолданады.

7-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда жүктерін халықаралық нарыққа жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін сенімді және қауіпсіз көлік дәліздерін құруды қолдайды, осыған байланысты оларды тасымалдау үшін логистиканың тиімділігін арттыру бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастырады.
      Тараптар ұлттық және халықаралық көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту мен пайдалану және жүктерді транзиттік тасымалдауды жүзеге асыру үшін өз аумағында қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету ісінде өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетеді.

8-бап

      Тараптар Орталық Азияда халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына сәйкес және аталған өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстарды салуды қоса алғанда, су-энергетикалық саладағы барлық мәселелерді шешуді көздейтін су пайдаланудың әділ жүйесін дамытуға қатысты бірыңғай келісілген ұстаным ұстанады.
      Тараптар Орталық Азиядағы экологиялық жағдайды жақсарту, су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңызды алаңы болып табылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметін нығайтады және жетілдіреді.
      Тараптар қоршаған ортаның ластануын болдырмау және табиғатты ұғымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолданады. Тараптар экологиялық апаттардың және табиғи ортаға оның ішінде, трансшекаралық аспектіде антропогендік ықпал етудің зардабымен күрес саласында ынтымақтастықты дамытады.

9-бап

      Тараптар әскери және әскери-техникалық, сондай-ақ азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою салаларында ынтымақтасады, жекелеген халықаралық шарттардың негізінде екі мемлекеттің тиісті ведомствалары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі.

10-бап

      Тараптар ғылым мен техника, денсаулық сақтау, білім және мәдениет, туризм мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты көтермелейді.
      Тараптар Тараптардың құзыретті органдары, ғылыми, мәдени, шығармашылық, қоғамдық ұйымдар және одақтар арасында байланыстар орнатуға және оларды қолдауға жәрдемдесу және алмасу, аталған бағыттар бойынша бірлескен бағдарламалар мен іс-шараларды іске асыру арқылы гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытады.

11-бап

      Тараптар Тараптардың заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді және екі мемлекет азаматтарының арасындағы байланыстарға жан-жақты жәрдемдеседі.

12-бап

      Тараптар халықаралық терроризмге, экстремизм зорлық-зомбылығына, жаппай қырып-жою қаруының таралуына, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорлары мен қарулардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасына, заңсыз көші-қонға және қауіпсіздіктің басқа жаңа  қатерлері мен сес көрсетулеріне қарсы іс-қимыл мен оларды бейтараптандыру тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған өздерінің күш-жігерлерін үйлестіреді және біріктіреді.

13-бап

      Осы Шарт үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталмаған және Тараптардың олар қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын қандай да бір құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Осы Шарттың ережелерін іске асыру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.

15-бап

      Тараптар өзара келісу бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын толықтырулар мен өзгерістер енгізе алады, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың 16-бабына сәйкес күшіне енеді.

16-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Осы Шарт бір Тарап оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысын тоқтатады.
      2013 жылғы 14 маусымда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Тараптар осы Шарттың ережелерін түсіндіру мақсатында орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ             ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
               ҮШІН                              ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады