Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімін ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 12 наурыздағы № 291-V ҚРЗ.

      2012 жылы 17 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімі ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімі (2015 жылғы 13 сәуірде күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 3, 24-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,

      Кеден одағына мүше мемлекеттердің және Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара сауданы кеңейту мақсатында,

      1994 жылғы 15 сәуірде көпжақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундының қорытындылары бойынша қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісім мен Санитариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі келісімде белгіленген қағидалар мен қағидаттарды, сондай-ақ 1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясатты жүргізу туралы келісімнің, 2005 жылғы 24 наурыздағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы келісімінің, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясатты жүргізу туралы келісімнің, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының санитарлық шаралар туралы келісімінің, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімінің, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімінің, 2010 жылғы 18 қарашадағы Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімінің, 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шарттың ережелерін назарға ала отырып,

      Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жоюға ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:

      1-бап

      Осы Келісімде саудадағы техникалық кедергілер деп өзара саудада кедергілерге әкеп соғатын өнімдердің аттас түрлеріне қатысты Кеден одағына мүше мемлекет болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің ұлттық техникалық регламенттері, стандарттары мен сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері және Кеден одағының техникалық регламенттері, Кеден одағында қолданылатын стандарттар және Кеден одағының сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері талаптарының айырмашылықтары түсініледі.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясатты жүргізу туралы келісімде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімінде және 2010 жылғы 18 қарашадағы Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімде белгіленген мағынада қолданылады.

      2-бап

      1. Кеден одағына мүше мемлекет болып табылмайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекет (бұдан әрі - Мүдделі мемлекет) Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) өнімнің белгілі бір түрлеріне қатысты өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы сұрау салуды жолдауға құқылы.

      Комиссия Мүдделі мемлекеттің сұрау салуы негізінде Мүдделі мемлекеттің сұрау салуында айқындалған өнім түрлеріне қолданылатын Кеден одағының техникалық регламенттерінің тізбесін, сондай-ақ көрсетілген техникалық регламенттерді пайдалану үшін қажетті Комиссия шешімдерінің тізбесін белгілейді және оларды Мүдделі мемлекеттің назарына жеткізеді.

      2. Мүдделі мемлекеттің сұрау салуында айқындалған өнім түрлеріне қатысты өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою шарты Мүдделі мемлекеттің Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарын және осы Келісімде көзделген тәртіппен және жағдайларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген Комиссияның тиісті шешімдерін қолдануы болып табылады.

      3. Мүдделі мемлекеттің осы Келісімде көзделген тәртіппен және жағдайларда, Кеден одағының техникалық регламенттерін оның аумағында қолдануы оның таңдауы бойынша баламасыз немесе баламалы негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Кеден одағының техникалық регламенттерін баламасыз негізде қолдану Кеден одағының көрсетілген техникалық регламенттерінің қолданысы саласында Мүдделі мемлекеттің ұлттық техникалық регламенттерінің және өзге де заңнамалық актілерінің қолданысын тоқтату шартымен алып қоюсыз жүзеге асырылады.

      Кеден одағының техникалық регламенттерін баламалы негізде қолдану мүдделі мемлекеттің өтініш берушілерінің (экономикалық қызметке қатысушылардың) таңдауы бойынша Кеден одағының көрсетілген техникалық регламенттерінің қолданысы саласында Мүдделі мемлекеттің қолданыстағы ұлттық техникалық регламенттерімен және өзге де заңнамалық актілерімен қатар алып қоюсыз жүзеге асырылады.

      3-бап

      Мүдделі мемлекет Кеден одағына мүше мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою мақсатында:

      а) осы Келісімге сәйкес Мүдделі мемлекет қолданатын Кеден одағының барлық техникалық регламенттерінің, оның ішінде осындай техникалық регламенттерге енгізілген өзгерістердің, сондай-ақ көрсетілген техникалық регламенттерді қолдану үшін қажетті Комиссия шешімдерінің өзінің аумағында тікелей қолданысын қамтамасыз етеді;

      б) 2010 жылғы 18 қарашадағы Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің 6-бабында көзделген Комиссия бекіткен құжаттар тізбелерін, оның ішінде көрсетілген тізбелерге өзгерістерді қолдануды қамтамасыз етеді;

      в) айналымға шығарылатын өнімнің көрсетілген техникалық регламенттерде айқындалған тәртіппен Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігіне бағалау (растау) жүргізуді қамтамасыз етеді. Кеден одағының техникалық регламенттерін баламалы негізде қолданған жағдайда, егер Мүдделі мемлекеттің өтініш берушісі Кеден одағының техникалық регламентін таңдаса, осы тармақтың ережелері қолданылады;

      г) Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қажетті рәсімдерінен өткен, қолданысы өнімнің аталған түріне қатысты қолданылатын Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келетін және көрсетілген техникалық регламенттерде қамтылған талаптарға қатысты осындай өнімге қосымша талаптар қоймай және сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қосымша рәсімдерін өткізбей, Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында, өз аумағында өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланған өнім айналымын қамтамасыз етеді.

      д) Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарына өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерінің салыстырмалылығына қол жеткізу мақсатында өлшем бірлігін қамтамасыз етеді;

      е) Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттерінің талаптарына өнімнің сәйкестігін бағалаудың (растаудың) осы техникалық регламенттерде белгіленген тәртіппен алынған нәтижелерін қамтитын құжаттарды таниды;

      ж) Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдарының және сынақ зертханаларының (орталықтарының) бірыңғай тізілімінің (бұдан әрі - Бірыңғай тізілім) ұлттық бөлігін қалыптастыруды және жүргізуді қамтамасыз ететін уәкілетті органды айқындайды;

      з) Кеден одағының техникалық регламенттерінде көзделген сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі құжаттардың бірыңғай тізілімінің ұлттық бөліктерін қалыптастыруды және жүргізуді, сондай-ақ оларға еркін кіруді қамтамасыз ете отырып, оларды органның ресми сайтына жедел орналастыруды жүзеге асыратын уәкілетті органды айқындайды;

      и) Кеден одағының тиісті техникалық регламенттерінде көзделген техникалық реттеу объектілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдарды айқындайды;

      к) Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарының бұзылғаны үшін, сондай-ақ көрсетілген техникалық регламенттері талаптарына өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) рәсімдерін жүргізу кезіндегі бұзушылық үшін жауаптылықты белгілеу саласында өз заңнамасын Тараптардың заңнамасымен үйлестіреді;

      л) Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын уәкілетті органдарды айқындайды;

      м) Кеден одағының Сыртқы және өзара саудадағы ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне техникалық реттеу саласына жататын бөлігінде қосылады.

      4-бап

      1. Осы Келісімде көзделген тәртіппен және жағдайларда Кеден одағына мүше мемлекеттер мен Мүдделі мемлекет арасындағы өнімнің белгілі бір түрлеріне қатысты өзара саудадағы техникалық кедергілердің жойылған күні, өнімнің осы түрлеріне қолданылатын Кеден одағының техникалық регламенттерінің тізбесі және көрсетілген техникалық регламенттерді қолдану үшін қажетті Комиссия шешімдерінің тізбесі осы Келісімнің 3-бабында көзделген шарттарды Мүдделі мемлекеттің орындауын Комиссия белгілегеннен кейін Комиссия және Мүдделі мемлекет туралы Шарт негізінде Комиссия қол қоятын хаттамада айқындалады.

      Көрсетілген хаттамаға Мүдделі мемлекеттің осы Келісімде көзделген міндеттемені өзіне қабылдайтыны туралы ереже енгізіледі.

      2. Мүдделі мемлекеттің осы Келісімнің 3-бабында көзделген шарттарды орындауын тексеруді жүзеге асыру барысында Комиссия Мүдделі мемлекеттен қажетті ақпаратты сұратуға, сондай-ақ Мүдделі мемлекеттің аумағында тиісті көшпелі тексерулер ұйымдастыруға құқылы.

      5-бап

      1. Мүдделі мемлекет Кеден одағының техникалық регламенттерін баламасыз негізде қолданған жағдайда Тараптар мыналарды:

      а) Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келетін және Мүдделі мемлекеттің аумағынан түсетін, оның ішінде көрсетілген техникалық регламенттерде қамтылған талаптарға қатысты осындай өнімге қосымша талаптар қоймай және сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қосымша рәсімдерін өткізбей, Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында, үшінші елдерден шыққан, Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланған өнім айналымын;

      б) Кеден одағының техникалық регламенттерінің жобаларын және осындай техникалық регламенттерге өзгерістердің жобаларын бұқаралық талқылау рәсімдерін Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органының жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      2. Мүдделі мемлекет Кеден одағының техникалық регламенттерін баламалы негізде қолданған жағдайда, Тараптар Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келетін және көрсетілген техникалық регламенттерде қамтылған талаптарға қатысты осындай өнімге қойылатын қосымша талаптарды қоймай және сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қосымша рәсімдерін өткізбей, Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында Мүдделі мемлекеттің аумағынан шыққан, Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланған өнім айналымын қамтамасыз етеді.

      3. Кеден одағының техникалық регламенттерін баламасыз немесе баламалы негізде қолданған жағдайда, Комиссия белгіленген тәртіппен мыналарды:

      а) Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органының Кеден одағының Сыртқы және өзара саудасының ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне техникалық реттеу саласына жататын бөлігінде қол жеткізуін;

      б) Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органының ұсыныстары бойынша сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі аккредиттелген органдарды (бұдан әрі - сертификаттау жөніндегі органдар) және сынақ зертханаларын (орталықтарын) (бұдан әрі - зертханалар) Бірыңғай тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.

      4. Кеден одағының техникалық регламенттерін қолдану мәселелері бойынша Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылды Комиссия жүзеге асырады.

      6-бап

      1. Мүдделі мемлекеттің аумағында Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарына өнімнің сәйкестігін міндетті бағалау (растау) Кеден одағының тиісті техникалық регламенттерінде белгіленген нысандарда жүзеге асырылады.

      2. Кеден одағының баламасыз негізде қолданылатын техникалық регламенттері талаптарына сәйкестікті декларациялаған кезде Мүдделі мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның аумағында дара кәсіпкер ретінде тіркелген не дайындаушы немесе сатушы болып табылатын не жеткізілетін өнімнің Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бөлігінде және жеткізілетін өнімнің көрсетілген техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болмағаны үшін жауаптылық бөлігінде онымен жасалған шарт негізінде шетелдік дайындаушының (Мүдделі мемлекеттердің аумағында шетелдік дайындаушының функциясын орындайтын тұлға) функциясын орындайтын заңды тұлға немесе жеке тұлға өтінім беруші бола алады.

      3. Балама негізде қолданылатын Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестікті декларациялаған кезде Мүдделі мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның аумағында дара кәсіпкер ретінде тіркелген, дайындаушы болып табылатын заңды тұлға немесе жеке тұлға өтінім беруші бола алады.

      4. Мүдделі мемлекет қолданатын Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін және аталған техникалық регламенттердің белгіленген сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерінен өткен өнім, егер Кеден одағының техникалық регламентінде өзгеше белгіленбесе, Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланады.

      7-бап

      1. Мүдделі мемлекеттің аумағында Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды Бірыңғай тізілімге енгізілген Мүдделі мемлекеттің сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдары және зертханалары жүзеге асырады.

      2. Тараптар Мүдделі мемлекеттің ұлттық аккредиттеу жүйесінде сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сертификаттау жөніндегі органдар мен зертханалар қызметінің нәтижелерін мына шарттар сақталған кезде таниды:

      Мүдделі мемлекеттің ұлттық аккредиттеу жүйесінде аккредиттеуді жүзеге асыру үшін халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін қағидалар мен рәсімдер қамтылады;

      аккредиттеу мына:

      еріктілік;

      аккредиттеу қағидаларының ашықтығы мен қолжетімділігі;

      аккредиттеуді жүзеге асыратын органдардың құзыреттілігі мен тәуелсіздігі;

      аккредиттеуді алуға үміткер өтінім берушілерге тең жағдайларды қамтамасыз ету;

      аккредиттеу және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі қызметті қоса орындауға жол бермеу қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

      3. Мүдделі мемлекеттің сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдарын және зертханаларын Бірыңғай тізілімге енгізу Комиссия белгілеген критерийлерге сәйкес Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органының ұсынысы бойынша жүзеге асырылады.

      8-бап

      1. Мүдделі мемлекет қолданатын Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау (қадағалау) Мүдделі мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      2. Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерінен өткен өнімге қатысты бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру кезінде Мүдделі мемлекеттің мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары осы Келісімге сәйкес Мүдделі мемлекет қолданатын техникалық регламенттерді бекіту туралы Комиссия шешімімен айқындалған зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің әдістерін, үлгілерді іріктеу қағидаларын қолданады.

      3. Мүдделі мемлекет аумағында Кеден одағының қолданылатын техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтін өнім немесе сәйкестігін бағалауға (растауға) жататын, айналымға сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжатсыз келіп түскен немесе айналымда жүрген және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланбаған өнім анықталған кезде, Мүдделі мемлекеттің уәкілетті органдары Мүдделі мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы өнімнің айналымға түсуіне және Кеден одағының кедендік аумағына оның әкелінуіне жол бермеу, оны айналымнан алып тастау бойынша шаралар қолданады, сондай-ақ ол туралы Комиссияға хабарлайды және Кеден одағының Сыртқы және өзара саудасының ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне тиісті хабарлама жібереді.

      9-бап

      Адамның өмірін немесе денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау мүдделерін басшылыққа ала отырып, Тараптар мен Мүдделі мемлекет зиян келтіру қаупінің болуы туралы қолда бар тиісті ақпараттың (тиісті халықаралық ұйымдардан алынған ақпаратты қоса алғанда), сондай-ақ басқа мемлекеттер қолданатын санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат негізінде өнімнің жекелеген түрлеріне қатысты санитариялық, ветеринариялық-санитариялық немесе фитосанитариялық шектеу шараларын уақытша енгізуі мүмкін.

      Осындай жағдайда Тараптар мен Мүдделі мемлекет қабылданған уақытша шаралар туралы Комиссияға дереу хабарлайды және осы мәселе бойынша консультациялар мен келіссөздер процесіне кіріседі.

      Тараптар мен Мүдделі мемлекет қауіп-қатерді неғұрлым объективті бағалау үшін қажетті, адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге төнген қауіп туралы қосымша ақпарат алуға және міндетті уақыт кезеңі аралығында уақытша санитариялық, ветеринариялық-санитариялық немесе фитосанитариялық шектеу шараларын тиісінше қайта қарауға ұмтылады.

      10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

      11-бап

      Осы Келісімге ескертулер беруге жол берілмейді.

      12-бап

      Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі және жеке хаттамалармен ресімделеді.

      13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      2012 жылғы 17 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Комиссияда сақталады.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасы

Республикасы

Федерациясы

үшін

үшін

үшін


      Осымен берілген мәтіннің Мәскеу қаласында 2012 жылғы 17 желтоқсанда

      Белорусь Республикасы үшін - Белорусь Республикасы Премьер- министрінің Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Кеден Одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде сыртқы экономикалық қызмет мәселелері жөніндегі орынбасарының, оның ішінде Беларусь Республикасы Президентінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 376 Жарғысымен берілген Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде Беларусь Республикасының өкілі өкілеттігі негізінде "Беларусь Республикасының Даму банкі" ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы - С.Н. Румас;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің орынбасары Қ.Н. Келімбетов;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Үкімет төрағасының бірінші орынбасары И.И. Шувалов қол қойған Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімінің толық және төлнұсқалық көшірмесі болып табылатынын растаймын.

      Төлнұсқалық данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

Құқықтық департамент директоры

В.И. Тараскин


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады