Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 21 қыркүйектегі № 348-V ҚРЗ

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы
адамдарды ұстап беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы
      егемендікті өзара құрметтеу, теңдік және өзара пайда негізінде қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екі ел арасында тиімді құқықтық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
      бұл мақсатқа адамдарды ұстап беру мәселелеріндегі бірлескен іс-әрекетті белгілейтін екіжақты шартты жасасу арқылы қол жеткізу мүмкіндігін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес және Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша оның аумағындағы Сұрау салушы Тарап оған қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру барысында бас бостандығын шектеу шарасын қолдану немесе бас бостандығынан айыруға байланысты сот үкімін орындау мақсатында іздестіріп жатқан кез келген адамды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде адамды ұстап беру туралы сұрау салу жолданған кезде екі Тараптың заңнамаларына сәйкес жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза немесе одан қатаң жаза көзделетін қылмыстар танылады.
      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу Сұрау салушы Тарап сотының түпкілікті үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, егер, сұрау салу түскен кезде бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалған жаза мерзімі кемінде алты (6) ай болатын жағдайда ғана осы адам ұстап берілуі мүмкін.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты анықтау кезінде екі мемлекеттің заңнамасында осы қылмысты құрайтын әрекетті осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызылуының немесе осы қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгіленуінің маңызы болмайды.
      4. Кеден, салық заңнамасын және валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында Сұрау салушы Тараптың заңнамасындағыдай ұқсас салықтық және кедендік норма немесе валюталық реттеу саласындағы норма көзделмейді деген негізде ғана бас тартыла алмайды.
      5. Ұстап беру, егер сұратылып отырған қылмыс Сұрау салушы Тарап аумағынан тыс жерде жасалған кезде, егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында оның аумағынан тыс жерде жасалған осыған ұқсас қылмысқа жаза көзделген жағдайда да жүзеге асырылады.
      6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу әрқайсысы екі Тараптың да заңнамаларымен жазаланатын екі немесе одан да көп қылмыстарға жататын болса және олардың біреуі осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шарттарға сәйкес болса, онда Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруді барлық қылмыстарға қатысты қанағаттандыра алады.

3-бап
Бас тарту үшін міндетті негіздер

      Адамды ұстап беру, егер:
      а) Сұрау салынатын Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, жыныстық, діни сенімі белгісі, ұлттық және этникалық тиесілілігі, әлеуметтік мәртебесі немесе саяси көзқарасы бойынша қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында берілген деп пайымдауына негіздер бар болса;
      b) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмысқа қатысты Сұрау салушы Тарапта өлім жазасы немесе Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында тыйым салынған кез келген тәсілмен жазалау қолданылатын болса, жүзеге асырылмайды. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамға қатысты қылмыстық қудалауды бастау мақсатында істі өзінің құзыретті органдарына беруге тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа өзінде бар дәлелдемелерді, құжаттарды, материалдарды және өзге де қажетті ақпаратты береді. Сұрау салынатын Тарап қылмыстық қудалаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды;
      с) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Тарап аумағынан тыс жерде жасалып, бірақ Сұрау салынатын Тараптың мүддесіне қарсы бағытталса;
      d) Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалу құқығын қоса алғанда, адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе басқа да кез келген іс-әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшыратылған немесе ұшыратылатын болады деп пайымдауға негіздері бар болса;
      е) ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес мерзімінің өтіп кетуі салдарынан не өзге де заңды негіз бойынша қылмыстық қудалау басталмайтын немесе үкім орындалмайтын болса;
      f) іздестіріліп жатқан адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары адамды ұстап беру сұратылып отырған сол қылмыс үшін түпкілікті үкім шығарған болса;
      g) ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
      h) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру оның егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мемлекеттік мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін немесе Конституциясына не оның заңнамасының негізгі қағидаттарына қайшы келеді деп санаса;
      і) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру сұратылып отырған қылмысты саяси қылмыс немесе осындай санаттағы қылмыстарға қатысты деп қараса, жүзеге асырылмайды. Бұл ретте:
      1) Мемлекет немесе Үкімет басшысын немесе олардың отбасы мүшелерін өлтіру не олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қарсы өзге де қылмыстар жасау;
      2) терроризм, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық шартқа, конвенцияға немесе келісімге сәйкес саяси болып табылмайтын өзге де қылмыстар саяси қылмыстар болып табылмайды;
      j) адамды ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша тікелей әскери қылмыс болып табылса, жүзеге асырылмайды.

4-бап
Бас тарту үшін факультативтік негіздер

      Адамды ұстап беруден мына мән-жайлардың кез келгені негізінде:
      а) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясына жатса және іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен нақ сол қылмысқа қатысты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары қудалап жатса;
      b) Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға алып, ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына қарай ізгілік түсінігімен үйлеспейді деп есептесе, бас тартылуы мүмкін.

5-бап
Өз азаматтарын ұстап беру

      1. Әрбір Тарап өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.
      2. Ұстап беруден бас тартқан жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамға қатысты қылмыстық қудалауды бастау мақсатында істі өзінің құзыретті органдарына беруге тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы Сұрау салынатын Тарапқа өзінің иелігіндегі қажетті дәледемелерді, құжаттар мен материалдарды және кез келген басқа да ақпаратты береді.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қолданылған іс-әрекеттер туралы және іс бойынша талқылаудың қорытындылары туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың органдары шығарған түпкілікті үкімін орындауға құқылы. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттаманы жіберуге тиіс. Сұрау салынатын Тарап үкімнің орындалу нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

6-бап
Тараптардың орталық органдары

      1. Осы Шарттың мақсатында Тараптар осы баптың 2-тармағында айқындалған орталық органдар арқылы тікелей адамдарды ұстап беру туралы сұрау салуларды жолдайды және бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура орталық орган және Италия Республикасы үшін Әділет министрлігі орталық орган болып табылады.
      3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдарды өзгерткен жағдайда, екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы мұндай өзгеріс туралы хабарлайды.

7-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша түрде әзірленеді және мыналарды:
      а) сұрау салушы органның атауын;
      b) аты мен тегін, туған күнін, айын, жылын, жынысын, азаматтығын, іздестіріліп жатқан адамның тұратын немесе тіркелген жерін, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді және жеке басын немесе оның орналасқан жерін анықтауға септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса ерекше белгілерін, фотосуреттерін және саусақ іздерін;
      с) қылмыс жасалған күн мен орнын, сондай-ақ оның заңдық саралануы көрсетіле отырып, оны жасағаны үшін адамды ұстап беру сұратылып отырған қылмысты құрайтын фактілердің баяндалуын;
      d) қылмысты саралау, қылмыстық қудалауды бастау үшін шарттар, ықтимал жазаны анықтау туралы, қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімін белгілейтін ережелерін қоса алғанда, тиісті заңдар ережелерінің мәтінін қамтиды. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салушы Тарап аумағынан тыс жерде жасалса, осы Тараптың юрисдикциясын растайтын заң ережелерінің мәтіні беріледі.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша адамды ұстап беру туралы сұрау салуға:
      а) егер сұрау салу қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға қатысты болса — Сұрау салушы Тарап сотының қамауға алу туралы қаулысының расталған көшірмесі;
      b) егер сұрау салу Сұрау салушы Тараптың сот органдары шығарған түпкілікті үкімді орындауға қатысты болса - орындалуға жататын үкімнің расталған көшірмесі, сондай-ақ қажет болған кезде адамды соттауға дейін оны күзетпен ұстау туралы мәлімет қоса беріледі.
      3. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес ұсынған ұстап беру туралы сұрау салу мен өзге де ілеспе құжаттарға оның құзыретті органдары қол қойып немесе мөрімен расталып, ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.

8-бап
Қосымша ақпарат

      1. Егер Сұрау салушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қолдау үшін ұсынған ақпарат Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды алған кезден бастап қырық бес күн ішінде ұсынылуға тиіс қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      2. Егер сұратылған қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Алайда Сұрау салушы Тарап осы адамды нақ сол қылмыс үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды жолдауға құқылы.
      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап екі күн ішінде бұл туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.

9-бап
Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдау

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес және өзінің заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлай отырып, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім қабылдайды.
      2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартса, бас тарту себептері Сұрау салушы Тарапқа хабарлануға тиіс.

10-бап
Арнайы қағида

      Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам:
      а) қылмыс ол ұстап берілгеннен кейін жасалған;
      b) ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан ұстап беруден кейін кетіп қалған және өз еркімен қайта оралған;
      с) ұстап берілген адам кету мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес күн ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалмаған жағдайларды қоспағанда, қылмыстық қудалауға, жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір басқа шараға ұшыратылмайды, оны ұстап бергеннен өзгеше қандай да бір басқа қылмыс үшін сотталмайды немесе ұсталмайды. Алайда мұндай кезеңге жоғарыда аталған адамның өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт қосылмайды;
      d) егер Сұрау салынатын Тарап бұған келісім берген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық қудалауға, жеке бас бостандығын шектейтін қандай да бір басқа шараға ұшыратылмайды, оны ұстап бергеннен өзгеше қандай да бір басқа қылмыс үшін сотталмайды немесе ұсталмайды. Осындай жағдайда Сұрау салушы Тараптың арнайы сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап ұстап берілген адамды ол ұстап берілгеннен басқа қылмыс үшін сот қудалауына немесе оған қатысты түпкілікті үкімді орындауға келісуге құқылы. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты беруді сұратуға құқылы.

11-бап
Адамды үшінші мемлекетке ұстап беру

      Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 10-бабы 1-тармағының b) және с) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші мемлекеттің сұрау салуы бойынша оған ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке оны ұстап бергенге дейін жасалған қылмыстары үшін беруге құқығы жоқ. Сұрау салынатын Тарап осы мәселе бойынша шешім қабылдау үшін осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен ақпаратты ұсынуды сұратуға құқылы.

12-бап
Экстрадициялау мақсатында қамауға алу

      1. Шұғыл жағдайларда Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кейіннен ұсына отырып, іздестіріліп жатқан адамды қамауға алуды сұратуға құқылы. Қамауға алу туралы сұрау салу осы Шарттың 6-бабында айқындалған орталық органдар арқылы, Интерпол (Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы) арналары бойынша немесе екі Тараппен келісілген өзге де тәсілмен жазбаша түрде ұсынылуға тиіс.
      2. Қамауға алу туралы сұрау салу таяу уақытта ұстап беру туралы сұрау салу ұсынылатыны туралы міндеттемені көрсете отырып, Сұрау салушы Тарап сот қаулыларының негізінде ұстап беру сұрау салынатын оларға сілтемені қамтуға тиіс.
      3. Қамауға алу туралы сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды қамауға алу үшін қажетті шараларды қолданады және Сұрау салушы Тарапқа оның сұрау салуын қарау нәтижелері туралы дереу хабарланады.
      4. Егер адамды қамауға алған күннен бастап қырық тәулік өткен соң Сұрау салынатын Тараптың орталық органы ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамауға алынған адам күзетпен ұстаудан босатылады. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша қамау мерзімі жиырма тәулікке ұзартылуы мүмкін.
      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кешірек алса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімін жалғастыру мүмкіндігіне кедергі келтірмейді.

13-бап
Адамды ұстап беру туралы бірнеше мемлекеттен жолданған
сұрау салулар

      Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты қоса алғанда, екі немесе одан көп мемлекеттен дәл сол немесе әртүрлі қылмыстары үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алса, Сұрау салынатын Тарап шешім қабылдау кезінде мынадай мән-жайларды:
      а) сұрау салу қолданыстағы шарттардың негізінде жолданғандығын не жолданбағандығын;
      b) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;
      с) қылмыстың жасалу уақыты мен орнын;
      d) талап етілетін адамның азаматтығы мен тұрақты тұратын жерін;
      е) ұстап беру туралы сұрау салудың ұсынылған күнін;
      f) адамды кейінірек үшінші мемлекетке беру мүмкіндігін ескереді.

14-бап
Адамды беру

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырса, Тараптар іздестіріліп жатқан адамды беруге қатысты уақытты, орынды және кез келген басқа тиісті мәселені дереу келіседі. Сұрау салушы Тарапқа іздестіріліп жатқан адамның ұстап беру мақсатымен күзетпен ұсталған кезеңінің ұзақтылығы туралы хабарланады.
      2. Іздестіріліп жатқан адамды берудің кезеңі Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салудың қанағаттандырылуы жөнінде хабардар етілген күннен бастап қырық тәулікті құрайды.
      3. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілуге тиіс адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Тарап ол адамды күзетпен ұстаудан дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Сұрау салушы Тараптың осы адамды нақ сол қылмысы үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуын қабылдамауға құқылы.
      4. Егер Тараптардың бірі өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша келісілген мерзімде адамды бере алмаса немесе қабылдай алмаса, тиісті Тарап екінші Тарапқа ол туралы хабарлайды және олар берудің жаңа күнін келіседі.
      5. Ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта қылмыстық қудалау немесе жазаны өтеу аяқталғанға дейін Сұрау салынатын Тараптың аумағына қашып кеткен жағдайда, ол адам Сұрау салушы Тарап жолдаған ұстап беру туралы жаңа сұрау салу бойынша сол қылмыс үшін қайта ұстап берілуі мүмкін. Бұл жағдайда Сұрау салушы Тарап үшін осы Шарттың 7-бабында көзделген құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ.
      6. Үйде қамауда ұстауды қоса алғанда, ұстап беру мақсатында күзетпен ұстаудың уақыты Сұрау салушы Тарапта тағайындалған жазаның жалпы мерзіміне есептеледі.

15-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты қылмыстық қудалау жүрзеге асырылып жатса немесе ол ұстап беру сұратылып жатқаннан өзге қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді қылмыстық қудалау аяқталғанға дейін немесе жазаны толық өтегенге дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап мұндай кейінге қалдыру туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Соған қарамастан Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес уақытша берудің мерзімі мен шарттарын келісе отырып, жүргізіліп жатқан қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау үшін іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруге құқылы. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезең аралығында күзетпен қамауда ұсталады және Сұрау салынатын Тарапқа келісілген мерзімде қайтарылады. Күзетпен ұстауда өткізілген уақыт адамның Сұрау салынатын Тарапта өтеуге тиіс жаза мерзіміне есептеледі.
      3. Сондай-ақ іздестіріліп жатқан адамды денсаулық жағдайына байланысты орнын ауыстыру оның өміріне қауіп төндіретін немесе оның денсаулығы жағдайын нашарлататын болса, адамды ұстап беру кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген толық медициналық есеп береді.

16-бап
Оңайлатылған ұстап беру рәсімі

      1. Ұстап беру сұратылып отырған адам осыған өз келісімін беретін болса, экстрадиция осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды ұсынбай ұстап беру туралы сұрау салу негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді жүзеге асыру үшін қажет деп санайтын қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
      2. Іздестіріліп жатқан адамның келісімі туралы мәлімдеме оны осы Шарттың 10-бабында көзделген арнайы қағидаға сәйкес ұсынылуы мүмкін стандартты ұстап беру рәсіміне құқығы туралы, қорғалуға құқығы туралы, сондай-ақ осы мәлімдеменің кері шақырылмайтыны туралы іздестіріліп жатқан адамға хабарлауға тиіс Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдында қорғаушының қатысуымен берілген жағдайда заңды болып есептеледі.
      3. Осы мәлімдеме оның заңдылық шарттары сақталғанын көрсете отырып, талқылау материалдарына қоса тігіледі.

17-бап
Заттарды беру

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес өзінің аумағында табылған дәлелдік маңызы болуы мүмкін қылмыс заттары мен құралдарын, сондай-ақ кез келген басқа да мүлікті алып қоюды жүргізеді. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап осы заттарды Сұрау салушы Тарапқа береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар Сұрау салынатын Тараптың келісімімен тіпті бұрын адамды ұстап беру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, оны беруге мүмкіндік болмаған жағдайда да берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осындай талқылау аяқталғанға дейін осы баптың 1-тармағында  көрсетілген заттарды беруді кейінге қалдыруға не Сұрау салушы Тарап оларды талқылау аяқталғаннан кейін қайтарады деген шартпен оларды уақытша беруге құқылы.
      4. Алынған заттарды Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың мұндай заттарға кез келген құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптың жазбаша сұрау салуы бойынша заттарды сот талқылауы аяқталғаннан кейін осы тараптардың мұндай заттарға құқықтарына нұқсан келтірмей дереу және ақысыз қайтарады.

18-бап
Транзит

      1. Егер Тараптардың бірі үшінші мемлекетпен ынтымақтаса отырып,  екінші Тараптың аумағы арқылы ұстап берілген адамдардың транзитін жүзеге асыратын болса, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алу үшін сұрау салу жіберуге тиіс.
      2. Әуе көлігін пайдаланған жағдайда және екінші Тараптың аумағында қону жоспарланбаса, мұндай рұқсат алу талап етілмейді.
      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тараптың транзит туралы сұрау салуын қанағаттандырады.

19-бап
Шығыстар

      1. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарап аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, ұстап берілген адамды тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.
      2. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзит туралы сұрау салумен өтініш жасаған Тарап көтереді.

20-бап
Нәтижелер туралы хабарлау

      Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған түпкілікті үкімді орындау туралы ақпаратты не осы адамның үшінші мемлекетке ұстап берілуі туралы ақпаратты Сұрау салынатын Тарапқа дереу ұсынады.

21-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Шарт Тараптардың адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша өздері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес бір-бірімен ынтымақтастық жасауына кедергі келтірмейді.

22-бап
Құпиялылық

      Тараптар бұл туралы мүдделі Тараптың өтініші болса, екінші Тараптан алынған немесе оған берілген құжаттама мен мәліметтердің құпиялылық сипатын немесе құпиялылығын сақтауға міндеттенеді.

23-бап
Дауларды реттеу

      Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген дау орталық органдар арасында консультациялар өткізу арқылы шешіледі. Егер келісімге қол жеткізілмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы консультациялар өткізу жолымен шешілетін болады.

24-бап
Шарттың күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы екі жазбаша хабарламаның екіншісі дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Тараптардың жазбаша келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер осы баптың 1-тармағында көзделген  тәртіппен күшіне енеді және осы Шарттың бөліктері болып табылады.
      3. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап екінші  Тарапты дипломатиялық арналар арқылы ол туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Шарттың қолданылуын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданылуы тиісті хабарлама алынған күннен бастап бір жүз сексен күн еткен соң тоқтатылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған өздерінің мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада әрқайсысы қазақ, итальян және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіні басым болып табылады.

Қазақстан Республикасы үшін       Италия Республикасы үшін

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарттың қазақ, итальян және ағылшын мәтінінің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.

      Начальник Департамента
      международного сотрудничества
      Генеральной Прокуратуры               С. Досполов

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың итальян және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады