Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 21 қыркүйектегі № 350-V ҚРЗ

      2014 жылғы 14 қарашада Софияда жасалған Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы
қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы
ШАРТ

(2015 жылғы 5 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 6, 59-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы
      қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл және қылмыстық сот төрелігін жүзеге асыру саласындағы халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып,
      қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор мән бере отырып,
      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-тарау
Жалпы ережелер

1-бап
Құқықтық көмек көрсету міндеті

      1. Тараптар өз заңнамаларына және осы Шарттың ережелеріне сәйкес бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетеді.
      2. Осы Шарттың мақсаттары үшін «қылмыстық істер» деген термин жазалануы сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстарға қатысты тергеп-тексеруді, қудалауды және іс жүргізуді білдіреді.
      3. Қылмыстық істер салық және кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстарға байланысты істерді де немесе кірістерге байланысты басқа да барлық істерді білдіреді және сұрау салынған Тараптың заңнамасы сұрау салушы Тараптың заңнамасындағындай дәл осындай салық түрлерін қолданбайды немесе сол түрдегі салықтарды, алымдарды және кедендік міндеттемелерді қамтымайды деген негізбен құқықтық көмек көрсетуден бас тартуға болмайды.
      4. Осы Шарттың шеңберіндегі құқықтық көмек:
      а) шақыру қағаздары мен басқа да құжаттарды табыс етуді;
      б) дәлелдемелер жинауды;
      в) қарап-тексеруді, тінтуді және алып қоюды;
      г) сараптама жүргізуді;
      д) жәбірленушілерден, күдіктілерден, айыпталушылардан, сотталушылардан, куәлардан, сарапшылардан жауап алуды;
      е) заттар мен құжаттарды беруді;
      ж) үкімдерді немесе сотталғандығы туралы мәліметтерді беруді;
      з) үкімдер туралы ақпарат беруді қоса алғанда, құқықтық ақпаратпен алмасуды;
      и) сұрау салынған Тараптың заңнамасында тыйым салынбаған, осы Шарттың нысанасымен үйлесетін көмектің кез келген басқа да нысанын қамтиды.
      5. Осы Шарт адамдарды ұстап беруге, қылмыстық істер бойынша үкімдерді орындауға, сотталған адамдарды беруге және қылмыстық істерді беруге қатысты қолданылмайды.

2-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту және оны кейінге қалдыру

      1. Сұрау салынған Тарап, егер:
      а) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау оның заңнамасына қайшы келсе немесе осы Шарттың ережелеріне сәйкес келмесе;
      б) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма келіп түскен қылмыс сұрау салушы Тарапта сұрау салынған Тараптың заңнамасында тыйым салынған жазалау түрімен жазаланатын болса;
      в) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма нәсіліне, жынысына, діни сеніміне, ұлтына немесе саяси көзқарасына қатысты себептер бойынша адамға қарсы қылмыстық қудалау, жазалау немесе басқа да әрекет түрлеріне жәрдемдесу мақсатында бағытталған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздер болса;
      г) сұрау салынған Тарапта құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада көрсетілген қылмыс үшін дәл сол адамға қатысты қылмыстық талқылау басталса немесе сот үкімі шығарылса;
      д) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау сұрау салынған Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қауіп төндіретін болса не оның заңнамасының іргелі қағидаттарымен қарама-қайшылықтар туындауына себеп болса, сұрау салынған құқықтық көмек көрсетуден толық не ішінара бас тарта алады.
      2. Сұрау салынған Тарап, егер құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау оның аумағында жүргізілетін қылмыстық талқылауға кедергі болып табылса, оны орындауды кейінге қалдыра алады.
      3. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындаудан бас тартудан немесе оның орындалуын кейінге қалдырудан бұрын, сұрау салынған Тарап белгілі бір шарттарда құқықтық көмек көрсету мүмкіндігі туралы мәселені қарауға құқылы. Осы мақсатта осы Шарттың 3-бабына сәйкес айқындалған Тараптардың орталық органдары өзара консультациялар жүргізеді және сұрау салушы Тарап келіскен жағдайда құқықтық көмек оған белгілі бір шарттарда келісілген тәртіппен көрсетіледі.
      4. Сұрау салынған Тарап құқықтық көмек көрсетуден бас тартқанда немесе оны кейінге қалдырғанда, ол сұрау салушы Тарапты мұндай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

3-бап
Байланыстарды жүзеге асыру тәртібі

      1. Соттар, прокуратура, ішкі істер органдары және басқа да құзыретті органдар құқықтық көмекті Тараптардың орталық органдары арқылы көрсетеді. Мыналар:
      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
      Болгария Республикасы үшін - Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
      2. Осы Шартты орындау кезінде Тараптардың орталық органдары өзара тікелей байланыс орнатады.
      3. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін күнтізбелік отыз (30) күн ішінде Тараптар мекенжайларды және басқа да қажетті деректерді қоса алғанда, орталық органдар туралы мәліметтермен алмасады. Осы мәліметтердегі барлық өзгерістер туралы Тараптар бір-біріне дереу ақпарат береді.

4-бап
Құжаттардың жарамдылығы

      1. Тараптардың бірінің аумағында берілген немесе құзыретті орган не оған арнайы уәкілеттік берілген адам өз құзыреті шегінде және белгіленген нысанда куәландырған және ресми мөрмен бекемделген құжаттар екінші Тараптың аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз қабылданады.
      2. Тараптардың бірінің аумағында ресми құжаттар ретінде қаралатын құжаттар екінші Тараптың аумағында дәл осындай ресми құжаттардың заңды күшін пайдаланады.

5-бап
Тіл

      1. Осы Шартты орындау кезінде Тараптар өзара қарым-қатынастарда орыс тілін немесе екінші Тараптың ресми тілін пайдаланады.
      2. Тараптардың ресми тілінде немесе басқа тілде жасалған құжаттар орыс тіліндегі аудармасымен беріледі.
      3. Құжаттардың жазбаша аудармасының дұрыстығын куәландыру Тараптардың заңнамасына және осы Шарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап
Шығыстар

      1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өз заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Құқықтық көмек көрсету жөніндегі шығыстарды, осы Шартта өзгеше көзделмеген жағдайларды қоспағанда, сұрау салынған Тарап көтереді.
      3. Сұрау салушы Тарап:
      а) осы Шарттың 10-бабында көрсетілген адамдардың жол жүру және сұрау салынған Тарапта болу шығыстарын;
      б) осы Шарттың 11-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүру және сұрау салушы Тарапта болу, жұмыста болмаған күндері үшін алмаған жалақысын өтеу шығыстарын;
      в) осы Шарттың 15-бабына сәйкес күзетпен қамауда ұсталатын немесе оларды айдауылмен алып жүретін адамдарды беруге және күзетуге байланысты шығыстарды;
      г) сарапшылар мен аудармашылардың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды;
      д) алып қойылған заттарды сақтауға және беруге байланысты шығыстарды көтереді.

7-бап
Құқықтық мәселелер жөніндегі ақпарат

      Тапсырманың негізінде Тараптардың орталық органдары олардың мемлекетіндегі қолданыстағы немесе қолданылған заңнама және оны қолдану практикасы туралы ақпаратты, сондай-ақ құқықтық мәселелер жөніндегі басқа да ақпаратты өзара негізде ұсынады.

2-тарау
Құқықтық көмек көрсету тәртібі

8-бап
Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма және оны орындау тәртібі

      1. Осы Шартта көзделген қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек жазбаша нысанда жасалатын, сұрау салушы Тараптың лауазымды адамы қол қоятын және құзыретті органының мөрімен куәландырылатын тапсырманың негізінде көрсетіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салынған Тарап факсимильді байланыспен, сондай-ақ коммуникацияның өзге де құралдарын пайдалана отырып жіберілген тапсырманы қабылдай алады. Мұндай жағдайда тапсырманың түпнұсқасы мүмкіндігінше қысқа мерзімде жіберіледі.
      2. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма сұрау салынған Тараптың заңнамасына және егер олар сұрау салынған Тараптың заңнамасына және оның құқығының негізгі қағидаттарына қайшы келмесе, тапсырмада сипатталған рәсімдерге сәйкес орындалады.
      3. Егер сұрау салынған Тарап тапсырмада қамтылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп пайымдаса, ол қосымша ақпарат сұрата алады.
      4. Тараптардың орталық органдары құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы уақтылы және толық орындау үшін қажетті шаралар қабылдайды. Егер құқықтық көмекті осы Шарттың 2-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша көрсету мүмкін болмаса, сұрау салынған Тараптың орталық органы құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы және оған қоса берілген құжаттарды сұрау салушы Тараптың орталық органына қайтарады.

9-бап
Құкықтық көмек көрсету туралы тапсырманың мазмұны

      1. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада:
      а) тергеп-тексеру жүргізетін құзыретті органның немесе соттың атауы;
      б) жасалған уақыты мен орнын және болған жағдайда, келтірілген зиянды көрсете отырып, қылмыс фактісінің сипаттамасы;
      в) қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдерінің өтуі туралы ережелерді және құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыс үшін жауаптылық көзделетін қылмыстық заңнамадан үзінді көшірмені қоса алғанда, заңнаманың қолданылатын ережелеріне нұсқама;
      г) сұрау салынған іс-шаралардың сипаттамасы;
      д) негізделген шұғыл жағдайларда, құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманың орындалуы күтілетін мерзімнің көрсетілуі;
      е) осы Шарттың 10-бабына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау кезінде қатысулары қажет адамдардың көрсетілуі;
      ж) осы Шарттың 11-бабына сәйкес сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстардың өтемақылары туралы ақпарат көрсетіледі.
      2. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада мүмкіндігінше мыналар:
      а) өздеріне қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан адамдар туралы ақпарат;
      б) танылуға немесе оның тұрған жері анықталуға тиіс адам туралы ақпарат;
      в) құжаттар табыс етілуге тиіс адамның жеке басы және тұрғылықты жері туралы ақпарат, сондай-ақ табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;
      г) айғақтар беруге немесе мәлімдеме жасауға тиіс адамның жеке басы және тұрғылықты жері туралы ақпарат;
      д) қарап-тексерілуге тиіс орынның немесе заттың орналасқан жері мен сипаттамасы;
      е) тінту жүргізілуі қажет орынның орналасқан жері мен сипаттамасы және алып қойылуы немесе тыйым салынуы қажет заттардың көрсетілуі;
      ж) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау үшін талап етілетін кез келген арнайы рәсімді және ол үшін тиісті жағдайлардың көрсетілуі;
      з) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесі және тиісті негіздеме;
      и) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындауға ықпал ете алатын кез келген басқа ақпарат та қамтылады.

10-бап
Құқықтық көмек көрсету кезінде құзыретті органдар
өкілдерінің қатысуы

      Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының өкілдері сұрау салынған Тараптың келісімімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындау кезінде қатыса алады.

11-бап
Жәбірленушілер мен олардың өкілдерін, азаматтық талапкерлер
мен азаматтық жауапкерлерді, куәлар мен сарапшыларды шақыру

      1. Тараптардың бірінің аумағында сотқа дейінгі іс жүргізуге немесе сотта істі қарауға қатысу үшін қажет болған жағдайда екінші Тараптың аумағындағы жәбірленушілер немесе олардың заңды өкілдері, азаматтық талапкерлер, азаматтық жауапкерлер, куәлар немесе сарапшылар шақырылуы мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың өтінішхаттары бойынша сұрау салушы Тараптың құзыретті органы оларға осы Шарттың 6-бабы 3-тармағының б) тармақшасында көзделген тиісті шығыстарды жабуға аванс төлейді. Авансты төлеу сұрау салушы Тараптың дипломатиялық өкілдігі арқылы жүргізілуі мүмкін.
      3. Келмеген жағдайда шақырылған адам санкцияларға немесе мәжбүрлеу шараларына ұшырамайды.

12-бап
Иммунитет

      1. Сұрау салушы Тараптың аумағында осы Шарттың 11-бабына сәйкес шақырылған жәбірленушіні немесе оның заңды өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді, куәні немесе сарапшыны өзінің азаматтығына қарамастан, оның мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін өздері жасаған іс-әрекет үшін, сондай-ақ қараудың нысанасы болып табылатын іс бойынша өздерінің айғақтарына немесе сарапшылардың қорытындыларына байланысты қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға, қамауға алуға немесе жазалауға ұшыратуға болмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар, егер олар осыған мүмкіндігі бола тұра, олардың бұдан әрі болуының қажеті жоқтығы туралы хабарланған күннен бастап он бес (15) тәулік өткенге дейін сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, осы тармақта көзделген иммунитеттен айырылады. Бұл адам оның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт осы мерзімге есептелмейді.

13-бап
Құжаттарды табыс ету тәртібі

      1. Құжаттарды табыс ету сұрау салынған Тараптың заңнамасында көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
      2. Сұрау салынған Тарап құжаттардың табыс етілгені туралы растаманы - алғаны туралы қолхатты (күні мен алушының қолтаңбасын көрсете отырып) немесе табыс ету тәсілі мен уақыты туралы және құжаттарды алған адам туралы мәліметтерді қамтитын хаттаманы сұрау салушы Тарапқа жолдайды.
      3. Егер құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада көрсетілген мекенжай бойынша табыс етуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес мекенжайды анықтау үшін қажетті шаралар қабылдайды. Мекенжайды анықтау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынған Тараптың орталық органы бұл туралы сұрау салушы Тараптың орталық органын хабардар етеді және табыс етуге жататын құжаттарды оған қайтарады.

14-бап
Дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің өкілеттіктері

      Тараптардың екінші Тараптың аумағындағы өз азаматтарына дипломатиялық және консулдық өкілдіктер арқылы құжаттарды табыс етуге құқығы бар.

3-тарау
Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы арнайы ережелер

15-бап
Күзетпен ұсталатын немесе бас бостандығынан айыру түрінде
жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша беру

      1. Қажет болған жағдайда Тараптардың біреуінің тапсырмасы бойынша өзінің азаматтығына қарамастан, екінші Тараптың аумағында күзетпен ұсталатын немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адам күзетпен ұстауда қалады және Тараптар келіскен мерзімде қайтарылатын болады деген шартпен қылмыстық іс бойынша процестік әрекеттерді жүргізу үшін оның келісімімен сұрау салушы Тарапқа уақытша берілуі мүмкін.
      2. Адамды уақытша беру осы адамға қатысты сұрау салынған Тарапта жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге нұқсан келмейтіндей етіп жүзеге асырылуға тиіс.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген адам қолданылатын жерде осы Шарттың 12-бабында көзделген иммунитетті пайдаланады.
      4. Осы бап бойынша берілген адамның сұрау салушы Тарапта күзетпен ұстауда болған мерзімі сұрау салынған Тарапта шығарылған үкіммен тағайындалған жазаны өтеудің жалпы мерзіміне кіреді.
      5. Уақытша беруді жүзеге асыру үшін күзетпен ұсталатын адамды үшінші мемлекеттің аумағы арқылы транзиттеу қажет болған жағдайларда сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттің құзыретті органына транзит туралы сұрау салуды жолдайды және тиісті құжаттаманы жібере отырып, жоғарыда аталған сұрау салуды қарау нәтижелері туралы сұрау салынған Тарапты алдын ала хабардар етеді.

16-бап
Тінту және алып қою

      1. Тапсырмада сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес осындай әрекеттерді жүргізу қажеттігін дәлелдейтін ақпарат қамтылған жағдайда, сұрау салынған Тарап өз заңнамасына сәйкес тінтуді, алуды жүргізу және заттар мен құжаттарды сұрау салушы Тарапқа беру туралы тапсырмаларды орындайды.
      2. Сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тараптың тінту нәтижелеріне, орны мен мән-жайларға және заттар мен құжаттарды кейіннен алып қоюға қатысты сұратуы мүмкін ақпаратты ұсынады.
      3. Сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тараптан беруге жататын затқа байланысты үшінші тараптың мүдделерін қорғау үшін қажет деп есептелетін тәртіппен және шарттармен келісуді сұрай алады.

17-бап
Заттар мен құжаттарды беру

      1. Тиісті өтінішхат болған жағдайда сұрау салынған Тараптың аумағында табылған, тергеп-тексерілуі үшін құқықтық көмек көрсетілетін қылмыс нәтижесінде алынған барлық заттар мен құжаттар сұрау салушы Тарапқа беріледі. Беру үшінші тұлғалардың заттарға және құжаттарға құқықтарын сақтай отырып жүргізіледі.
      2. Егер заттар мен құжаттар сұрау салынған Тарапқа қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде қажет болса, оларды беру іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
      3. Егер заттар мен құжаттар сұрау салынған Тараптың аумағында алып қойылуға немесе тәркіленуге жатса, бұл Тарап оларды беруден бас тарта алады немесе оларды уақытша бере алады.
      4. Егер сұрау салынған Тараптың заңнамасы немесе үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау мүдделері осыны талап етсе, осылайша берілген барлық заттар мен құжаттар сот талқылауы аяқталғаннан кейін осы Тараптың талап етуі бойынша сұрау салынған Тарапқа өтеусіз қайтарылады.
      5. Осы Шартқа сәйкес берілетін заттарға кеден баждары, салықтар мен алымдар есептелмейді.

18-бап
Екі Тарап соттарының соттылығына жататын істерді қарау тәртібі

      Тараптар соттарының соттылығына жататын бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін адамға немесе адамдар тобына айып тағылған кезде аумағында сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталған Тараптың соты оларды қарауға құзыретті. Мұндай жағдайда іс осы Тараптың қылмыстық іс жүргізу қағидалары бойынша қаралады.

19-бап
Құпиялылық

      1. Тиісті өтініш болған жағдайда сұрау салынған Тарап құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы, қоса берілген құжаттарды алу фактісінің және олардың мазмұнының және тапсырманы орындауға байланысты қолданылған барлық әрекеттердің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды. Егер бұл өтінішті құпиялылықты бұзбай қанағаттандыру мүмкін болмаса, сұрау салынған Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді, ол кейін осы өтінішті қанағаттандыру туралы сұраудың керек-керек еместігін айқындайды.
      2. Сұрау салынған Тараптың өтініші бойынша сұрау салушы Тарап, осы ақпарат пен дәлелдемелер құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада көрсетілген тергеп-тексеру мен сот талқылауын жүргізу үшін талап етілетін жағдайларды қоспағанда, өзіне сұрау салынған Тарап ұсынған ақпарат пен дәлелдемелерді құпия сақтайды.

20-бап
Пайдалануды шектеу

      1. Сұрау салынған Тараптың келісімінсіз сұрау салушы Тарап өзіне осы Шартқа байланысты ұсынылған дәлелдемелерді немесе ақпаратты құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада сипатталғаннан ерекшеленетін тергеп-тексеру немесе сот талқылауы үшін пайдаланбайды және бермейді.
      2. Айыптау өзгертілген жағдайда ұсынылған дәлелдемелер немесе ақпарат жасалғаны үшін айып тағылған қылмыс осы Шартқа сәйкес оған қатысты құқықтық көмек көрсетілуі мүмкін қылмысты білдіретін дәрежеде пайдаланылуы мүмкін.

21-бап
Куәларды, жәбірленушілерді және қылмыстық процестің
басқа да қатысушыларын қорғау

      Тараптар бірлескен тергеп-тексеру жүргізілетін қылмыстардың істері бойынша, сондай-ақ, егер сот төрелігін жүзеге асыру мүддесі осыны талап етсе, сотта осындай істер қаралған кезде куәларды, жәбірленушілерді және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларын қорғау үшін олардың заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

22-бап
Үкімдер және сотталғандығы туралы мәліметтер туралы хабардар ету

      1. Тараптардың әрқайсысы сұрау салу бойынша екінші Тараптың азаматтарына және екінші Тараптың аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар адамдарға қатысты күшіне енген үкімдер туралы екінші Тарапқа ақпарат береді.
      2. Тиісті өтініштің негізінде Тараптар, егер осы адамдар сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болса, олардың соттарында сотталған адамдардың сотталғандығы туралы бір-біріне ақпарат береді.

4-тарау
Қорытынды ережелер

23-бап
Дауларды шешу

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

24-бап
Басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы

      1. Осы Шарттың ережелері Тараптардың өздері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. Тараптар өзара осы Шартта көзделген мәселелер бойынша оның ережелерін толықтыру немесе олардың қолданылуын кеңейту мақсатында немесе онда жазылған қағидаттардың қолданылуын жеңілдету үшін келісімдер, оның ішінде ведомствоаралық сипаттағы келісімдер жасаса алады.

25-бап
Толықтырулар мен өзгерістер енгізу

      Осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 26-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.

26-бап
Күшіне енуі

      Осы Шарт ратификациялануға жатады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.

27-бап
Қолданылу мерзімі және күшін жою

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, кез келген уақытта осы Шарттың қолданылуын тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданылуы тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

28-бап
Шарттың қолданылуы

      Осы Шарт құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындау кезінде және ол күшіне енгенге дейін жасалған іс-әрекеттерге қатысты қолданылады.

      Софияда 2014 жылғы 14 қарашада қазақ, болгар және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасы үшін         Болгария Республикасы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың болгар тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады