Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 352-V ҚРЗ

      2014 жылғы 14 қарашада Бухаресте жасалған Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық
істер бойынша құқықтық көмек туралы
ШАРТ

(2016 жылғы 21 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 15-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Румыния
      екі Тараптың да құзыретті органдары арасында қылмыстық істердегі ынтымақтастықты дамытуға және оған ықпал етуге ұмтыла отырып,
      Тараптардың қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге өзара мүддесін ескере отырып,
      қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек саласында ынтымақтастықтың екіжақты негізін жасауға және қатысушылары Қазақстан Республикасы мен Румыния болып табылатын көпжақты халықаралық шарттардың ережелерін қолдануға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      мыналар туралы уағдаласты:

1-бап
Көмектің мақсаты

      1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар көмек туралы сұрау салуды беру кезінде жолын кесу Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстарға қатысты кез келген іс талқылауларда мүмкіндігінше бір-біріне барынша құқықтық көмек көрсетеді.
      2. Құқықтық көмек іс-шаралардың мынадай түрлерін:
      а) құжаттар тапсыруды;
      b) адамдардың және заттардың тұрған жерін айқындауды немесе оларды сәйкестендіруді;
      с) айғақтар мен арыздар алуды, оның ішінде бейнеконференция арқылы алуды;
      d) күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша беруді;
      е) тінтуді, алып қоюды және тәркілеуді жүзеге асыруды;
      f) заттарды және орындарды қарап тексеруді;
      g) ақпарат және дәлелдемелер алмасуды;
      h) бақыланатын берілімдерді, жасырын тергеп-тексерулерді және бірлескен тергеу топтарын;
      і) Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.

2-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар өзара тікелей іс-қимыл жасайды.
      2. Мыналар орталық органдар болып табылады:
      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
      Румыния үшін — Румынияның Әділет министрлігі.
      3. Орталық органдарының атауы өзгертілген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

3-бап
Сұрау салулардың нысаны және мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, оған қол қойылады және оны Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы мөрмен куәландырады.
      2. Сұрау салуда мыналар:
      а) сұрау салуды жасаған құзыретті органның атауы;
      b) сұралатын көмектің мақсаты мен сипаттамасы;
      с) іс-әрекеттің сипаттамасы және оны құқықтық саралау;
      d) қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдері туралы ережені қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету;
      е) дәлелдеменің, ақпараттың немесе өзге де іс-шаралардың сұратылу себептері;
      f) қажет болған жағдайларда келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер; және
      g) қажет болған жағдайларда сұрау салудың орындалуы кезінде қатысуы қажет адамдарды көрсету қамтылады.
      3. Мүмкіндікке қарай сұрау салуда:
      а) құжат тапсырылатын адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат та, оның процестік мәртебесі және тапсыру жүргізілуге тиіс тәсіл де;
      b) айғақ беруге немесе іс талқылауға көмек көрсетуге тиіс адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат та;
      с) орналасқан жері айқындалуға тиіс адамның жеке басы немесе зат туралы ақпарат та;
      d) тінтуге жататын орынның немесе адамның және тәркіленуге жататын құралдардың дәл сипаттамасы да;
      е) кез келген куә айғақтар немесе арыздар қабылдануға және тіркелуге тиіс тәсілдің сипаттамасы да;
      f) тыңдалатын адамға қойылуға қажет сұрақтардың тізбесі;
      g) сұрау салу орындалатын кезде сақталуға тиіс кез келген нақты рәсімнің сипаттамасы да;
      h) құпиялылықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар да; және
      і) сұрау салуды орындауға септігін тигізу үшін Сұрау салынатын Тарапқа берілуі мүмкін кез келген басқа ақпарат та қамтылады.
      4. Осы Шартқа сәйкес көмек туралы сұрау салуды беру үшін тиісті электрондық байланыс құралдары, атап айтқанда, сұрау салулардың төлнұсқалығына және құпиялылығына, сондай-ақ берілетін деректердің анықтылығына кепілдік берілген жағдайда факс пайдаланылуы мүмкін.

4-бап
Тіл

      1. Сұрау салу және оған қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және ағылшын тіліндегі аудармасымен бірге беріледі.
      2. Сұрау салуды орындау жөніндегі құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тілінде жасалады және ағылшын тіліндегі аудармасымен бірге беріледі.
      3. Сұрау салуды орындау жөніндегі құжаттар көлемі үлкен болған жағдайда, Тараптардың орталық органдары ағылшын тіліне аударылуға жататын құжаттар тізбесін айқындау үшін консультациялар жүргізеді.

5-бап
Көмек беруден бас тарту

      1. Егер:
      а) сұрау салу Сұрау салынатын Тарап саяси қылмыс ретінде қарастырып жатқан қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты немесе саяси қылмысқа жататын қылмысқа қатысты болса;
      b) сұрау салу әдеттегі қылмыстық құқыққа сәйкес қылмыс болып табылмайтын, Сұрау салынатын Тарап әскери қылмыс ретінде қарастырып жатқан қылмысқа қатысты болса;
      с) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне қауіп төндіретін болса;
      d) сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келетін мәжбүрлеу шараларына қатысты болса;
      е) сұрау салу адамның нәсілдік тиесілігі, жынысы, діни нанымы, ұлты, этностық шығу тегі немесе саяси сенімі себептеріне қатысты қылмыстық қудалау мақсатына бағытталған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша залал келтірілуі мүмкін деп пайымдауға дәлелді негіздер бар болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салынған көмекті көрсетуден толық немесе ішінара бас тарта алады.
      2. Көмек беруден бас тартпас бұрын Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органымен консультациялар жүргізеді.
      3. Көмек беруден кез келген бас тарту уәжді болуға тиіс және бас тартудың негіздері Сұрау салушы Тарапқа хабарлануға тиіс.

6-бап
Сұрау салуларды орындау

      1. Сұрау салулар Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады.
      2. Егер сұрау салу Сұрау салушы Тарап белгілеген рәсімдік талаптарға сәйкес толық немесе ішінара орындалуы мүмкін болмаса, егер тіпті Сұрау салынатын Тарапта мұндай талаптар көзделмеген болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің негізге алынатын құқықтық қағидаттарына қайшы келмейтіндей дәрежеде орындайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауды, егер мұндай орындау Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүргізіп жатқан қылмыстық істі талқылауға кедергі келтіретін болса, кейінге қалдыра алады.
      4. Көмек беруді кейінге қалдырғанға дейін Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараппен мүмкін болатын консультациялардан кейін өзінің оны толық немесе ішінара немесе өзі қажет деп есептейтін жағдайда орындай ала ма деген мәселені қарайды.
      5. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру туралы кез келген шешім уәжді болуға тиіс. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындауды едәуір кідіртуге алып келетін үлкен ықтималдығы бар себептер туралы хабарлайды.
      6. Сұрау салынатын Тарап көмек туралы сұрау салуды Сұрау салушы Тарап көрсеткен процестік және өзге де мерзімдерді толық ескере отырып, мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде орындайды. Мұндай жағдайда Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындаудың мерзімін көрсетудің себептерін негіздейді.

7-бап
Пайдаланудың құпиялылығы мен шектеулілігі

      1. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптан, сұрау салуды орындаумен сыйыспайтын жағдайлардан басқа кезде, сұрау салудың және оның мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз етуді сұрай алады. Егер Сұрау салынатын Тарап құпиялылық туралы талапты орындай алмайтын болса, ол бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды, ол сұрау салу әлі орындалуы тиіс пе деген мәселені айқындайды.
      2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан осы Шарт бойынша алынған кез келген ақпаратты немесе дәлелдемелерді сұрау салуда айтылғаннан басқа, кез келген өзге де іс талқылауларда Сұрау салынатын Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбауды сұрай алады. Мұндай жағдайларда Сұрау салушы Тарап бұл талапты сақтайды.

8-бап
Құжаттарды тапсыру

      1. Сұрау салынатын Тарап өзіне Сұрау салушы Тарап осы мақсатпен берген құжаттарды тапсыруды жүргізеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап тапсырылғаннан кейін Сұрау салушы Тарапқа тапсыруды жүзеге асырған лауазымды адамның қолымен және органның мөрімен, жеткізудің жылын, айын, күнін, уақытын, орнын және тәсілін, сондай-ақ құжаттар тапсырылған адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, тапсыру туралы растауды жібереді. Егер тапсыру жүргізілмесе, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді және тапсырылмаудың себептері туралы хабарлайды.
      3. Адамдардан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының алдында тұруды талап ететін шақыру туралы шақырту қағазы Сұрау салынатын Тарапқа кем дегенде белгіленген келу күніне дейін күнтізбелік алпыс (60) күн бұрын беріледі. Шұғыл жағдайларда Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзімге келісе алады.
      4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келмеген адам, тіпті келмеген жағдайда ықтимал жауаптылық туралы шақырту қағазында ескерту жазылса да, Сұрау салушы Тараптың аумағына ерікті түрде кіргеннен және сонда қайта шақырылғаннан басқа жағдайларда, кез келген жазаны немесе мәжбүрлеу шарасын қолдануға жатпайды.

9-бап
Иммунитет

      1. Өзінің азаматтығына қарамастан, шақырту бойынша Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келген адамды Сұрау салушы Тараптың аумағына келу қарсаңындағы және шақырту қағазында көрсетілмеген іс-әрекеттеріне немесе соттылығына қатысты осы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, күзетпен ұстауға немесе оның жеке басының бостандығын қандай да бір басқаша шектеуге болмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда аталған адам:
      а) өзінің болуы қажет емес болып табылатындығы туралы ресми хабардар етілген кезден бастап он бес (15) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, өз қолданысын тоқтатады. Бұл мерзімге жоғарыда аталған адам өзіне қатысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған кезең кірмейді;
      b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып келсе, өз қолданысын тоқтатады.

10-бап
Адамдардың және заттардың тұрған жерін айқындау немесе оларды сәйкестендіру

      1. Тараптардың кез келгені екінші Тараптан қылмыстық процесте құзыретті органдардың алдында тұруға тиіс және болжаммен алғанда сол екінші Тарапта жүрген адамдардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және іздестіріп жатқан үстіндегі адамдардың тұратын жерін немесе тіркелген орнын хабарлауды сұрата алады.
      2. Тараптардың кез келгені екінші Тараптан заттардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және тиісті деректерді хабарлауды немесе өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тұрған жерін анықтауға, сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген басқа да шара қолдануды сұрата алады.
      3. Сұрау салынатын ақпарат осы Шарттың 3-бабына сәйкес жіберілген сұрау салу негізінде Сұрау салушы Тараптың назарына жеткізілуге тиіс. Шұғыл жағдайларда сұрау салу Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымы (Интерпол) арқылы жіберілуі де мүмкін.

11-бап
Күзетпен ұсталып отырған адамдарды Сұрау салушы Тарапқа
уақытша беру

      1. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталып отырған, куә немесе айыпталушы ретінде өзінің келуін Сұрау салушы Тарап сұратып отырған адам осы Тараптың аумағына Сұрау салынатын Тарап көрсеткен, алты (6) айдан аспауға тиіс мерзімде кері берілетін жағдайда, уақытша беріледі. Сұрау салушы Тарап көрсетілген мерзімнің ұзартылуын сұрата алады. Ұзарту бір рет қана берілуі мүмкін.
      2. Егер:
      а) күзетпен ұсталып отырған адам бұған келісім бермесе;
      b) күзетпен ұсталып отырған адамның қатысуы Сұрау салынатын Тарапта жүзеге асырылып жатқан қылмыстық іс талқылауларда талап етілсе;
      с) адамды күзетпен ұстау мерзімінің сұратылып отырған уақытша беру кезеңінде аяқталуы мүмкін болса;
      d) оны Сұрау салушы Тарапқа беруге қарсы өзге де негіздер бар болса, беруден бас тартылуы мүмкін.
      3. Сұрау салынатын Тарап берілген адамды босатуды сұрайтын жағдайлардан басқа кезде, ол Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталады, оның ішінде Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша транзит жүзеге асырылатын мемлекеттің аумағында да күзетпен ұсталады. Сұрау салушы Тараптың пенитенциарлық мекемесіне қабылдау осы баптың негізінде жүзеге асырылады.
      4. Берілетін адам Сұрау салынатын Тараптың шекаралық пунктінде айдауылмен берілуге және қабылдануға жатады.

12-бап
Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталып отырған адамды
Сұрау салынатын Тарапқа уақытша беру

      1. Көмек сұраған, өзінің аумағында күзетпен ұсталып отырған адамның өзі келуін талап ете алатын Сұрау салушы Тарап осы адамды сұрау салу орындалатын Сұрау салынатын Тараптың аумағына уақытша бере алады.
      2. Адамды уақытша беруді жүзеге асыруға арналған қаражат және осы адам Сұрау салынатын Тарапқа берілуге тиіс мерзім Тараптардың құзыретті органдары берген ақпараттар мен деректер негізінде орталық органдар арасында келісілуге тиіс.
      3. Сұрау салушы Тарап берілген адамды босатуды сұрайтын жағдайлардан басқа кезде, ол Сұрау салынатын Тарапта және қажет жағдайларда транзит сұратылатын мемлекеттің аумағында күзетпен ұсталады. Сұрау салынатын Тараптың пенитенциарлық мекемесіне қабылдау осы баптың негізінде жүзеге асырылады.
      4. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталу мерзімі Сұрау салушы Тарапта осы адам өтейтін күзетпен ұсталу мерзіміне кіреді.

13-бап
Тінту және алып қою

      1. Сұрау салынатын Тарап қайсы бір затты тінтуді, алып қоюды және беруді, көмек туралы сұрау салуда осындай әрекеттерді Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес негіздейтін ақпарат қамтылған және сұрау салуды жіберумен байланысты қылмыс екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жазаланатын болып табылған жағдайларда жүргізеді.
      2. Зат алынып қойылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап оның төлнұсқалығын, сақталу ұзақтығын және осы заттың жай-күйіндегі кез келген өзгерісті куәландырады. Сұрау салушы Тарапта іс талқылауларда осы аспектілерді анықтау үшін ешқандай қосымша куәландыру талап етілмейді.
      3. Сұрау салынатын Тарап берілетін затқа қатысты үшінші тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Сұрау салынатын Тарап қажет деп есептейтін жағдайларға байланысты Сұрау салушы Тараптың өз келісімін беруін талап ете алады.

14-бап
Тәркілеу рәсімдеріндегі көмек

      1. Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар қылмыстық жолмен алынған кірістерді немесе қылмыс заттарын анықтауды, табуды, тыйым салуды және тәркілеуді қамтитын рәсімдер шеңберінде бір-біріне көмек көрсетеді.
      2. Тараптардың бірі қылмыстық жолмен алынған кірістер немесе қылмыс заттары екінші Тараптың аумағында екенін, осы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оларға тыйым салынуы немесе олардың тәркіленуі мүмкін екенін білген кезде, ол бұл туралы екінші Тарапқа хабар бере алады. Егер хабар берілген Тарап қажетті юрисдикцияға ие болса, мұндай ақпарат оның құзыретті органдарына шаралар қолдану мүмкіндігін айқындау үшін табыс етілуі мүмкін. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары өзінің қолданатын ұлттық заңнамасына сәйкес шешім шығарады және кез келген қолданылған шаралар туралы екінші Тарапқа хабарлайды.
      3. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыстық жолмен алынған кез келген кірістерді немесе қылмыс заттарын, сондай-ақ оларды өткізуден алынған кез келген қаржы қаражатын Тараптар арасындағы келісілген шарттарға сәйкес толық не ішінара береді. Осыған байланысты Сұрау салынатын Тарап осындай тәркіленген, қылмыстық жолмен алынған кірістерді, қылмыс заттарын немесе оларды өткізуден алынған қаржы қаражатын бөлу туралы тұрақты негізде немесе әрбір нақты жағдайда екінші Тараппен уағдаластыққа қол жеткізу мүмкіндігін қарастыра алады. Мұндай уағдаластықтарға Тараптардың орталық органдары арасында қол жеткізіледі.

15-бап
Банкті белгілеу және қаржылық ақпарат

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасады деген күдікті немесе айыпталушы адам банктік шоттың немесе өзінің аумағында орналасқан кез келген банктегі шоттардың ұстаушысы болып табыла ма дегенді дереу анықтайды және Сұрау салушы Тарапты, осындай шоттарды пайдалануға уәкілеттік берілген адамдар, олармен байланысты соңғы және кез келген транзакциялардың орналасқан жері туралы мәліметтерді қоса алғанда, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар банктерден ерекшеленетін қаржы институттарына да қатысты болуы мүмкін.
      3. Осы бапта көрсетілген көмектен банктік құпия негізінде бас тартуға болмайды.

16-бап
Уақытша шаралар

      Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап ағымдағы жағдайды қамтамасыз ету үшін немесе қауіп төніп тұрған заңды мүдделерді қорғау үшін дәлелдемелерді сақтау жөнінде уақытша шаралар қолдану туралы шешімді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

17-бап
Заттарды қайтару

      Сұрау салушы Тарапқа берілген кез келген меншік, сол сияқты материалдардың немесе құжаттардың түпнұсқалары Сұрау салынатын Тарап өзінің оларды қайтару құқығынан бас тарту жағдайларынан басқа кезде, оған алғашқы мүмкіндік болған кезде қайтарылады.

18-бап
Бейнеконференция арқылы тыңдау

      1. Егер Тараптардың бірінің аумағындағы адамның келуге мүмкіндігі болмағанда және оны куә, сарапшы, жәбірленуші, күдікті немесе айыпталушы ретінде екінші Тараптың құзыретті органдары тыңдауға тиіс болса, соңғысы осы баптың 2-8-тармақтарында көзделгендей, бейнеконференция арқылы тыңдауды сұрата алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция жүргізуге өзінің техникалық құралдары болған жағдайда бейнеконференция арқылы тыңдауға келіседі. Егер Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференция жүргізуге арналған техникалық құралдарға қолжетімділігі болмаса, мұндай құралдарды оған Сұрау салушы Тарап өзара келісім бойынша беруі мүмкін.
      3. Бейнеконференция арқылы тыңдау туралы сұрау салуларда осы Шарттың 3-бабында көрсетілген ақпаратқа қосымша тыңдау жүргізетін құзыретті органның атауы және адамдардың аты қамтылуға тиіс.
      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тиісті адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес келу үшін шақырады.
      5. Бейнеконференция арқылы тыңдау кезінде мынадай қағидалар қолданылады:
      а) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдау кезінде қатысып отырады, қажет болған жағдайда аудармашының қызметін пайдаланады, сондай-ақ тыңдалатын адамды сәйкестендіруді және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізге алынатын қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдау барысында Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттары бұзылды деп есептесе, ол тыңдаудың көрсетілген қағидаттарға сәйкес жалғасуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды дереу қолдануға тиіс;
      b) тыңдалатын адамды қорғау жөніндегі шаралар қажет болған кезде Тараптардың құзыретті органдарының арасында келісілуге тиіс;
      с) тыңдауды Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның құзыретті органы тікелей немесе басшылығымен жүргізеді;
      d) Сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап қажет болған кезде тыңдалатын адамды аудармашының көмегімен қамтамасыз етеді;
      е) тыңдалатын адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айғақ бермеу құқығын пайдалана алады.
      6. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамдарды қорғау үшін келісілген қандай да бір шараларға нұқсан келтірмей, тыңдаудың жылын, айын, күнін және орнын, тыңдалған адамның жеке басын, Сұрау салынатын Тарапта тыңдауға қатысқан барлық басқа адамдардың жеке басын және мәртебесін, тыңдау өткізілген кездегі кез келген ант пен техникалық жағдайларды көрсете отырып, тыңдаудың өткізілгені туралы хаттама жасайды. Хаттама Тараптардың орталық органдары арқылы жіберіледі.
      7. Куә, сарапшы немесе жәбірленуші көрінеу жалған айғақтар берген немесе айғақтар беруден бас тартқан жағдайда, олар ішкі рәсімдерде қолданылатын осыған ұқсас жауаптылыққа тартылуға жатады.
      8. Егер күдікті немесе айыпталушы адамды бейнеконференция арқылы тыңдау сұратылса, бейнеконференция өткізу және оны өткізудің тәртібі туралы шешім екі Тараппен де келісіледі және ол өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес келуге тиіс. Күдікті немесе айыпталушы адамның келісімі тыңдау өткізу үшін міндетті болып табылады. Келісім туралы өтініш Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы алдында беріледі және хаттамаға енгізіліп, ол Сұрау салушы Тарапқа жіберіледі.

19-бап
Бақыланатын берілімдер

      1. Сұрау салу бойынша Тараптардың әрқайсысы өз аумағында бақыланатын берілімдер жүргізу жөнінде қажетті шараларды қабылдайды.
      2. Бақыланатын берілімдер жүргізу туралы шешімді әрбір жекелеген жағдайда Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары осы Тараптың ұлттық заңнамасын ескере отырып қабылдайды.
      3. Бақыланатын берілімдер Сұрау салынатын Тараптың рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Іс-қимыл жасау, операцияларға басшылық ету және оны бақылау құзыреті өз аумағында Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына тиесілі.

20-бап
Жасырын тергеп-тексеру

      1. Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келетін жағдайлардан басқа кезде, Тараптар жасырын немесе астыртын іс-қимыл жасайтын лауазымды адамдардың қылмыстарды тергеп-тексеру жүргізуінде бір-біріне жәрдемдесуін келісе алады.
      2. Сұрау салу бойынша шешімді әрбір жекелеген жағдайда Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары өзінің ұлттық заңнамасын ескере отырып қабылдайды. Жасырын тергеп-тексерудің ұзақтығын, егжей-тегжейлі шарттарды және жасырын тергеп-тексеру жүргізу уақытында тиісті лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесін Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасын тиісінше ескере отырып келіседі.
      3. Жасырын тергеп-тексеру жасырын тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан аумақтағы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Тараптар жасырын тергеп-тексеруге дайындықты және оны бақылауды қамтамасыз ету үшін ынтымақтасады және жасырын немесе астыртын іс-қимыл жасайтын қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды.

21-бап
Бірлескен тергеу топтары

      1. Екі Тараптың құзыретті органдары нақты істер бойынша және шектеулі кезеңге бірлескен тергеу тобын құра алады, ол Тараптардың бірінде қылмыстық тергеп-тексеру жүргізу үшін өзара келісім бойынша ұзартылуы мүмкін. Топ құрамы келісілуге тиіс.
      2. Бірлескен тергеу тобы, атап айтқанда:
      а) екі Тараптың құзыретті органдары жүргізетін тергеп-тексеру күрделі болып табылған және екінші Тараппен бірлескен іс-шаралар жүргізу талап етілген;
      b) екі Тараптың құзыретті органдары қылмыстарды тергеп-тексерулерді жүргізген кезде олар бойынша істің мән-жайлары екі Тараптан да үйлестірілген және келісілген іс-қимылдар қажеттігі туындаған кезде қалыптастырылуы мүмкін. Бірлескен тергеу тобын құру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жасауы мүмкін.
      3. Осы Шарттың 3-бабының тиісті ережелерінде көрсетілген ақпаратқа қосымша бірлескен тергеу тобын құруға арналған сұрау салуда топ құрамы туралы ұсыныстар қамтылуға тиіс.
      4. Тергеу іс-шараларын бұлар жүргізілетін аумақтағы Тараптың бірлескен тергеу тобының мүшелері жүзеге асырады.
      5. Осындай топты құрған Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері болып табылмайтын басқа адамдардың бірлескен тергеу тобының қызметіне қатысуға қатысты уағдаластыққа Тараптардың ұлттық заңнамасының немесе олардың өздерінің арасында қолданылатын кез келген құқықтық құжат ережелерінің қаншалықты жол беретініне қарай қол жеткізілуі мүмкін.

22-бап
Ақпаратты ерікті түрде беру

      1. Кез келген Тараптың құзыретті органдары өздерінің тергеп-тексерулеріне немесе іс талқылауларына нұқсан келтірмей, бұл ретте алдын ала сұрау салмай, екінші Тараптың құзыретті органдарына өздерінің тергеп-тексеруінен алған ақпаратты, мұндай ақпарат оны алған Тараптың тергеп-тексеруге немесе іс талқылауына бастама жасауына немесе оны аяқтауына көмектеседі немесе мұндай ақпарат екінші Тараптың осы Шартқа сәйкес сұрау салуды жіберуіне себеп болуы мүмкін деп есептегенде береді.
      2. Беруші Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай ақпаратты қабылдаушы Тараптың пайдалануына шарттар қоя алады. Қабылдаушы Тарап бұл шарттарды сақтайды.
      3. Осы бап екінші Тараптың юрисдикциясына жататын іс-әрекеттерге байланысты Тараптардың құзыретті органдарына жеке адамдар табыс еткен ақпаратты беру үшін де қолданылады.

23-бап
Жеке деректерді қорғау

      1. Осы Шартқа сәйкес жасалған сұрау салуды орындау мақсатында бір Тарап екінші Тарапқа беретін жеке деректерді, олар берілген Тарап:
      а) осы Шарт қолданылатын іс талқылаулар мақсаттары;
      b) осы тармақтың а) тармақшасында көзделген іс талқылауларға тікелей байланысты басқа да сот және әкімшілік іс талқылаулар;
      с) қоғамдық қауіпсіздікке төнген тікелей және елеулі қауіп-қатерді болғызбау үшін ғана пайдалануы мүмкін.
      Алайда, мұндай деректер осы ақпаратты берген Тараптың немесе мүдделі адамның алдын ала жазбаша келісімімен кез келген өзге мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін.
      2. Мұндай деректер өзінің ұлттық заңнамасымен қорғалған және екінші Тарап осы деректер үшін бірінші Тарап сияқты қорғауды қамтамасыз ету жөнінде өзіне міндеттеме қабылдамайтын жағдайларда, Тараптардың кез келгені осы Шартқа сәйкес жасалған сұрау салуды орындау барысында алынған деректерді беруден бас тарта алады.
      3. Осы Шартқа сәйкес жасалған сұрау салуды орындау барысында алынған деректерді беретін Тараптардың кез келгені екінші Тараптан мұндай деректерді пайдаланғаны туралы өзіне хабарлауды талап ете алады.

24-бап
Шығыстар

      1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді. Бұл ретте Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:
      а) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының g) тармақшасында аталған адамдардың Сұрау салынатын Тарапта жүріп-тұруына және болуына арналған шығыстарды;
      b) осы Шарттың 8-бабында аталған адамдардың Сұрау салушы Тарапта жүріп-тұруына және болуына арналған шығыстарды;
      с) осы Шарттың 11-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
      d) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;
      е) жазбаша және ауызша аударма үшін шығыстар мен гонорарларды және көшірме жасау шығындарын;
      f) алып қойылған заттарды сақтау және беру жөніндегі шығындарды көтереді.
      3. Бейнебайланысты орнатуға және оның жұмыс істеуіне байланысты шығыстарды қоспағанда, бейнеконференция арқылы тыңдау өткізуге байланысты барлық шығыстарды Сұрау салынатын Тарап көтереді.
      4. Сұрау салуды орындау болжап болмайтын сипаттағы шығыстарға әкеп соғатын кезде, сұрау салу орындалуға тиіс жағдайлар мен тиісті шығыстарды бөлу критерийлерін келісу мақсатында Тараптар консультациялар жүргізеді.

25-бап
Қылмыстық іс талқылаулар туралы ақпарат алмасу

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық іс талқылаулар, бұрынғы сотталғандықтары және шығарылған үкімдер туралы ақпаратты береді.

26-бап
Қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы сот шешімдерін
және анықтамаларды беру

      1. Қылмыстық іс бойынша сот шешімін беру кезінде Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап бұл жөнінде сұрау салса, тиісті сот талқылауы туралы ақпаратты да береді.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына қажет сотталғандықтар туралы анықтамалар, егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына олар дәл осындай мән-жайлар кезінде берілуі мүмкін болса, беріледі.

27-бап
Құжаттар мен материалдарды заңдастырудан босату және
олардың заңдық күші

      Осы Шартқа сәйкес берілген құжаттар мен материалдар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде қолдануға толық болады.

28-бап
Халықаралық шарттармен арақатынас

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын кез келген халықаралық шарттардан туындайтын, ал Румыния үшін Еуропалық Одаққа мүше мемлекет ретінде туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

29-бап
Консультациялар

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген дау Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

30-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көрсетілген ережелерге сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
      3. Осы Шарт Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап жүз сексен (180) тәулік өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
      5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға қатысты да қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті дәрежеде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      Бухарестте 2014 жылғы 14 қарашада әрқайсысы қазақ, румын және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын мәтініне басымдық беріледі.

      Қазақстан Республикасы үшін        Румыния үшін

      2014 жылғы 14 қарашада Бухарестте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың қазақ, румын және ағылшын тілдеріндегі мәтінінің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.

      Начальник Департамента
      международного сотрудничества
      Генеральной прокуратуры
      Республики Казахстан                  С. Досполов

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың румын және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады