Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 13 қарашадағы № 399-V ҚРЗ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 127, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат; № 3-4, 12-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 17-18, 111-құжат; № 22, 130-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 28-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 14, 117-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; № 23, 179-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 6, 43, 44-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 93-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 64-құжат; № 14, 72, 74-құжаттар; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 6, 9-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 11, 67-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 118, 122-құжаттар; № 22, 128-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42, 44-құжаттар):
      1) 33-бапта:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен тығыз байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлік) берілетін құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады.»;
      мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
      «5. Тараптардың бірі заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, өзіне қатысты банкрот деп тану туралы шешім заңды күшіне енген азамат не өзіне қатысты оңалту рәсімін қолдану және (немесе) банкрот деп тану туралы шешім заңды күшіне енген заңды тұлға болса, оған қатысты оңалту рәсімін қолдану немесе осындай тұлғаны банкрот деп тану туралы шешім шығарған соттың судьясы талап қоюларды қарайды.
      Судья болмаған кезде:
      1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен судьяның өздігінен бас тартуы немесе қарсылық білдіруі туралы өтініш жасалған және ол қанағаттандырылған;
      2) ауырған, демалыста, оқуда, қызметтік іссапарда болған жағдайларда оның ауыстырылуы мүмкін.»;
      2) 237-бап 8) тармақшадағы «тану туралы шешімдер дереу орындауға жатады» деген сөздер «тану туралы;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
      «9) төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы;
      10) борышкерді банкрот деп тану туралы шешімдер дереу орындауға жатады.»;
      3) 289-баптың бірінші бөлігінде:
      5)5-1 және 5-2) тармақшалар алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 5-3) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-3) төлем қабілетсіздігін реттеу, оңалту және банкроттық туралы;»;
      4) 313-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың төлем қабілетсіздігін реттеу, олардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту рәсімі және оңалту туралы iстердi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктерімен осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.»;
      5) 383-1-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық шағым жасау және наразылық келтіру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа тұлғаларға тиесілі.
      Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың төлем қабілетсіздігін реттеу туралы істер бойынша, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімі шеңберінде туындаған даулар, оның ішінде борышкердің жасасқан мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша шешімдері кассациялық шағымдануға жатпайды.»;
      6) 384-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      «4) бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың төлем қабілетсіздігіін реттеу туралы істер бойынша, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімі шеңберінде туындаған даулар, оның ішінде борышкермен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша шешімдері кассациялық шағымдануға жатпайды.».
      2. 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 22-I, 22-II, 112-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 13-14, 63-құжат; № 15-16, 74-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 28, 29-құжаттар; № 11, 58-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат; № 22, 130, 132-құжаттар; № 24, 145, 146, 149-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 116-құжат; № 14, 117-құжат; 15, 120-құжат; № 16, 128-құжат; № 20, 151-құжат; № 21, 161-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 11, 15-құжаттар; № 3, 21, 22, 25, 27-құжаттар; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 6, 43, 44-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 11, 80-құжат; № 1, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; № 21-22, 124-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 2, 7, 10-құжаттар; № 3, 15-құжат; № 4, 21-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 76, 81, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 21-22, 114, 115-құжаттар; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 49-құжаттар; № 10, 52-құжат; № 11, 63, 64, 65, 69-құжаттар; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 128, 131-құжаттар; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 7, 34-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 11, 52-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат):
      1) 609-бапта:
      3-1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді сот бекіткен жағдайда – осындай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап қолданылады;»;
      мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
      «3-2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес салық төлеушінің төлем қабілетсіздігі реттелген жағдайда осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілін қолдану сот төлем қабілетсіздігін реттеу туралы рәсімді қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.»;
      2) 614-баптың 2-тармағы 4) тармақшасындағы «бастап қолданылмайды» деген сөздер «бастап;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      «5) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді соттың бекітуі – осындай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап қолданылмайды.».
      3. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 7, 27-құжат; № 24, 145-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 5, 43-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 6, 27-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат):
      47-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «1-1) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы заңды күшіне енсе;»;
      2-тармақтың екінші бөлігі «1),» деген цифрдан кейін «1-1),» деген цифрлармен толықтырылсын.
      4. «Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 4-5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 15, 78-құжат):
      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «8-1) бітімгершілік келісім – банкроттық рәсімнің кез келген сатысында оны тоқтату мақсатында, борышкер (банкрот) мен кредиторлар арасында сот бекітетін келісім жасасу жолымен қолданылатын рәсім;»;
      2) 4-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Егер өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексi 49-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы осы Заңда белгiленген қағидалар бойынша банкроттық рәсімін жүргізу үшін мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге міндетті.»;
      3) 11-бап:
      1-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) осы Заңда көзделген жағдайларда оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;»;
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттарда банкроттық рәсім барысында бітімгершілік келісім жасасуға;»;
      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайды қоспағанда, борышкер төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;»;
      4) 15-баптың 14) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «14) оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы уақытша әкімші мен банкроттықты басқарушы қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;»;
      5) мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:

«2-1-тарау. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі

      28-1-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы шешім
                қабылдау

      1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, борышкер осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген бір немесе одан да көп шарттар басталған кезде борышкердің және (немесе) кредиторлардың оңалту рәсімін қолдану және (немесе) борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінгеніне дейін өзінің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы шешім қабылдауға құқылы.
      2. Борышкер төлем қабілетсіздігін дәлелдейтін құжаттарды қоса бере отырып, төлем қабілетсіздігін реттеу туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
      Борышкер сотқа өтініш берген кезде бір мезгілде кредиторларды хабардар етеді.
      Бұл ретте егер:
      төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы соттың ұйғарымы шыққан;
      төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасаспаған жағдайда осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жыл өтпесе, борышкердің сотқа осындай өтінішпен жүгінуге құқығы жоқ.
      3. Сот борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы өтінішін қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мына шешімдердің бірін шығарады:
      1) төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы;
      2) төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолданудан бас тарту туралы.
      Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген төлем қабілетсіздігі белгілерінің борышкерде болмауы соттың төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолданудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
      4. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі дереу орындауға жатады.
      5. Борышкер сот қабылдаған шешім туралы уәкілетті органды және кредиторларды дереу хабардар етеді.
      6. Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі қолданылғаны туралы хабарландыруды орналастырады.

      28-2-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану
                 салдарлары

      Борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдарлар туындайды:
      1) борышкердің барлық берешек түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу тоқтатылады;
      2) кредиторға (кредиторларға) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасу кезеңінде борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге тыйым салынады;
      3) борышкерге мүлікті (активтерді) иеліктен шығару бойынша қандай да бір мәмілелер жасасуға тыйым салынады.

      28-3-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім

      1. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасуға міндетті.
      2. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімде келісімнің шарттары, борышкердің кредитор (кредиторлар) алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.
      Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады.
      3. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне қабылдайтын үшінші тұлғалардың төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімге қатысуына рұқсат беріледі.
      4. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім:
      1) борышкер міндеттемелерінің орындалуын кейінге қалдыру және (немесе) мерзімін ұзарту;
      2) борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беру;
      3) борышты толық немесе ішінара кешіру;
      4) тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептен шығару;
      5) алынған кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақы мөлшерін азайту;
      6) кредитордың (кредиторлардың) талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру шарттарымен жасалуы мүмкін.
      5. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жазбаша нысанда қазақ және орыс тілдерінде жасалады және оған борышкердің, борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшысының (қатысушысының) не ол уәкілеттігін берген тұлғаның және әрбір кредитордың қолдары қойылады.         Кредитор келісімнің шарттарымен келіспеген жағдайда мұндай келісімнің жасалуы мүмкін емес.

      28-4-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді
                 соттың бекітуі

      1. Осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей борышкер өзінің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
      2. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішке борышкер:
      1) борышкер мен кредитор (кредиторлар) қол қойған төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді;
      2) олардың тұратын жерін немесе орналасқан жерін, сондай-ақ берешек сомасын көрсете отырып, барлық кредиторлардың тізімін қоса береді.
      3. Борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішін қарау нәтижелері бойынша сот мына ұйғарымдардың бірін шығарады:
      1) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы;
      2) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы.
      4. Борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден соттың бас тартуы үшін:
      1) кредиторлардың және (немесе) үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы;
      2) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келуі негіз болып табылады.
      5. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім борышкердің, кредитордың (кредиторлардың) және (немесе) келісімге қатысқан үшінші тұлғалардың мұндай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күнінен бастап орындалуға міндетті болып табылады.
      6. Сот келісімді бекітуден бас тартқан жағдайда борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу аяқталған болып саналады, ал осы Заңның 28-2-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдарлардың әрекеті төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
      7. Кредитор (кредиторлар):
      1) борышкер мұндай келісімнің шарттарын бұзған жағдайда – төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бұзу және борышкерді банкрот деп тану туралы;
      2) мынадай:
      осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасалмаған;
      сот төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайларда борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
      8. Осы Заңның 28-3-бабының 3-тармағында көрсетілген үшінші тұлғалар борышкер төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімнің шарттарын бұзған жағдайда осындай келісімді бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
      9. Кредитордың (кредиторлардың) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім қолданылған кезең ішінде егер борышкер мұндай келісімнің барлық шарттарын сақтаған жағдайда, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы жоқ.

      28-5-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді
                 соттың бекітуінің салдары

      Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдарлар басталады:
      1) борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу және сыйақы (мүдде) тоқтатылады;
      2) борышкердің шоттары бойынша мемлекеттік органдар қойған барлық шектеулер оларды қойған тиісті органдардың шешім қабылдауынсыз алып тасталады;
      3) төлеу мерзімі төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасқаннан кейін басталған, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есепке алмай, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешімдерін орындау тоқтатылады;
       4) борышкердің мүлкіне жаңадан тыйым салуға және оның мүлкіне билік етуге өзге де шектеулер қоюға мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен алуды талап ету туралы борышкерге қойылған талап қоюлар бойынша ғана жол беріледі»;
      6) 42-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      «6. Осы Заңның 95-1-бабы 4-тармағында көзделген жағдайда борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:
      1) осы Заңның 95-1-бабында көзделген тәртіппен келісілген оңалту жоспары;
      2) оңалту жоспарын келiсу туралы кредиторлар жиналысының хаттамасы;
      3) оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы банкроттықты басқарушының қорытындысы қоса берiледi.»;
      7) 55-баптың 1-тармағы 6) тармақшасындағы «ұйғарым қабылдауы мүмкін.» деген сөздер «ұйғарым;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3) және 6-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      «5-1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін жою туралы ұйғарым;
      5-2) банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім;
      5-3) банкроттық рәсімін тоқтатудан, оңалту рәсімін қолданудан және оңалту жоспарын бекітуден бас тарту туралы шешім;»;
      «6-1) бітімгершілік келісімін бекіту және банкроттық рәсімін тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.»;
      8) мынадай мазмұндағы 59-1-баппен толықтырылсын:
      «59-1-бап. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін
                  қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы
                  шешім

      1. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы сот шешімін осы Заңның 95-1-бабында көзделген шарттарда және тәртiппен сот шығарады.
      2. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы сот шешімінде:
      1) банкроттық рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін орындау және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату;
      2) банкроттықты басқарушының өкілеттіктерін тоқтату;
      3) оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту;
      4) осы Заңда көзделген оңалту рәсiмiн қолдану салдарларының басталуы;
      5) мүліктің меншік иесінің немесе борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару жөніндегі құрылтайшының (қатысушының) құқығын қалпына келтіру не уәкілетті органға шешімнің заңды күшіне енген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде кандидатурасын кредиторлар жиналысы ұсынған оңалтуды басқарушыны тағайындауды тапсыру;
      6) банкроттықты басқарушының құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруi туралы нұсқау қамтылуға тиiс.
      3. Сот:
      оңалту жоспарын бекіту туралы кредиторлар жиналысының келісімі болмаған;
      егер борышкер сот талқылауы барысында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін дәлелдемеген жағдайларда банкроттық рәсiмiн тоқтатудан, оңалту рәсiмiн қолданудан және оңалту жоспарын бекітуден бас тартады.»;
      9) 62-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «62-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi,
                шешiмдi (ұйғарымды) қайта қарау

      1. Осы Заңның 55-бабында көрсетілген сот актілерінің заңды күшіне енуі және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша оларды қайта қарау, сондай-ақ оларға шағым жасау (наразылық білдіру) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.»;
      10) 70-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) осы Заңда көзделген жағдайда сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындыны уәкілетті орган белгілеген нысанда ұсынуға;»;
      11) 89-бапта:
      1-тармақтың 2) тармақшасындағы «кредит алуға құқылы» деген сөздер «кредит алуға;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      «3) осы Заңда көзделген тәртіппен бітімгершілік келісім жасауға құқылы.»;
      2-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «7-1) борышкер кредиторлар жиналысымен келісілген оңалту жоспарын ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде борышкер мүлкінің меншік иесіне немесе құрылтайшыға (қатысушыға) не ол уәкілеттік берген адамға оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындыны ұсынуға;»;
      16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «16) құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды:
      борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде – борышкерге немесе оңалтуды басқарушыға;
      банкроттың кәсіпорнын сату кезінде табыстау актісіне қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде – сатып алушыға беруге;»;
      12) 93-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 14-3), 14-4) және 14-5) тармақшалармен толықтырылсын:
      «14-3) бітімгершілік келісім жасасу туралы шешім қабылдау;
      14-4) банкроттық рәсімі барысында оңалту рәсіміне өту туралы шешім қабылдау;
      14-5) осы Заңның 95-1-бабында көзделген жағдайда оңалту жоспарын келісу;»;
      13) мынадай мазмұндағы 95-1-баппен толықтырылсын:
      «95-1-бап. Банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту

      1. Борышкерге қатысты оңалту рәсiмi қолданылмаған, ал банкроттық рәсімі барысында мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) осы Заңның 73-бабы 1, 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін оңалту жоспарын әзірлеген жағдайда мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) немесе ол уәкілеттік берген адам банкроттықты басқарушыға әзірлеген оңалту жоспарын және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндігін қарау үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы өтiнiшхатпен жүгінуге құқылы.
      Банкроттықты басқарушы мүліктің меншік иесінен немесе құрылтайшыдан (қатысушыдан) не ол уәкілеттік берген адамнан өтiнiшхат түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Заңның 25-бабында көзделген тәртіппен кредиторлар жиналысын өткізу туралы кредиторларды хабардар етуге міндетті.
      2. Кредиторлар жиналысы ұсынылған оңалту жоспарымен және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өтумен келіскен жағдайда жиналыс сонымен бір мезгілде мүліктің меншік иесінің немесе борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару жөніндегі құрылтайшының (қатысушының) құқығын қалпына келтіру мәселесін шешуге не уәкілетті органда тіркелген адамдар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдауға міндетті.
      3. Банкроттықты басқарушы оңалту жоспарын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды жасауға және борышкер мүлкінің меншік иесіне немесе құрылтайшыларға (қатысушыларға) жіберуге міндетті.
      4. Борышкер мүлкінің меншік иесі, құрылтайшы (қатысушы) не ол уәкілеттік берген адам кредиторлар жиналысының келісімі және банкроттықты басқарушының оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындысы болған кезде банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
      5. Сот борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшының (қатысушының) не ол уәкілеттік берген адамның банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішін осы Заңда көзделген ерекшеліктерімен азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды.
      6. Істі қарау нәтижелері бойынша сот банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту не бас тарту туралы шешім шығарады.
      7. Сот оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім шығарған жағдайда борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып борышкерді тарату туралы шешiмді оны шығарған сот жоюға тиіс.»;
      14) 99-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Банкроттың мүлкін (активтерін), сондай-ақ банкроттың кәсіпорнын тікелей сату кезінде сатудың бағасы және басқа да шарттары, сондай-ақ сатып алушы және онымен сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі кредиторлар жиналысының бірауыздан қабылданған шешімімен және борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) келісімімен айқындалады.»;
      15) мынадай мазмұндағы 99-1-баппен толықтырылсын:
     «99-1-бап. Банкроттың кәсіпорнын сату

      1. Осы баптың мақсаттары үшін банкроттың кәсіпорны деп кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, құрал-саймандарды, шикiзатты, өнiмдерді, жер учаскесiне құқықты, талап ету құқықтарын, борыштарды, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтарды (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтарды қоса алғанда, мүліктің барлық түрлерін қамтитын мүліктік кешен ұғынылады.
      2. Кәсіпорынды сату тікелей сату жолымен жүзеге асырылады.
      3. Кәсіпорынды сату банкроттықты басқарушы сатып алушымен жасасатын кәсіпорынды сатып алу-сату шартымен ресімделеді.
      4. Кәсіпорынды сату кезінде сатып алушы кәсіпорынды сатып алу-сату шартына сәйкес шартқа қол қойылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде төлемді жүзеге асыруға тиіс.
      Төлем жүргізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушы әкімшілік шығыстар сметасына сәйкес банкроттық рәсімін жүргізу барысында жұмсалған әкімшілік шығыстар сомасын шегеріп, сатудан түскен ақша қаражатын мүліктің меншік иесіне немесе құрылтайшыға (қатысушыға) табыс етуге міндетті.
      Банкроттықты басқарушының кәсiпорынды беруi және оны сатып алушының қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптар қол қоятын және ресімделетін өткізу актiсi бойынша жүзеге асырылады.
      5. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
      6. Банкроттың кәсіпорнын сату кезінде сот қорытынды есепті бекітеді.
      Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қолдана отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін шешімді шығарған сот жоюға тиіс.».
      16) 110 және 111-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      «110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі

      1. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы тарату теңгерімі мен кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiктi пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
      Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайда тарату теңгерімі қоса берілмейді.
      2. Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебi мен тарату теңгерімін бекiтедi және олар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
      Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайды қоспағанда, банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейiн сот бiр апта мерзiмде бiрiншi кезектегi кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары туралы мәлiметтер қамтылған, банкроттықты басқарушының бекiтiлген қорытынды есебiнен үзiндi көшiрмені уәкiлеттi органға жiбередi.
      Банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымда банкроттықты басқарушыға сыйақы төлеуге және банкроттың өткізілмей қалған мүлкiне байланысты реттелмеген мәселелер де шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкроттың кредиторларына жiбередi. Осы бөліктің күші банкроттың кәсіпорнын сату жағдайларына қолданылмайды.

      111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында банкроттар
                тізімін орналастыру

      1. Банкроттық саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері күшіне енген банкроттардың (дара кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың) тізімін орналастырады.
      Борышкерді банкрот деп тану туралы шешімнің күші жойылған, бітімгершілік келісім жасалған немесе банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайларда ол тізімнен алып тасталады.
      Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауы, экономикалық қызмет түрі, борышкердің деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың (қатысушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот ұйғарымының күндері көрсетіледі.
      2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған банкроттар тізімі оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері өткен айда заңды күшіне енген банкроттарды енгізу, сондай-ақ оларға қатысты бітімгершілік келісімді бекіту немесе банкроттың кәсіпорнын сату шартымен қорытынды есепті бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген банкроттарды алып тастау жолымен ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірілмей жаңартылады.»;
      17) 112-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлердiң мемлекеттiк тiркелiмдерiне бұл туралы жазба енгiзiлгеннен кейін банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп саналады.»;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Банкроттың кәсіпорнын сату борышкерді банкрот деп тану және шешім шығарған соттың банкроттық рәсімді қозғай отырып оны тарату туралы сот шешімінің күшін жоюға негіз болып табылады.
      Шешімнің күші жойылғаннан кейін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.»;
      18) мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:

«6-1-тарау. Бітімгершілік келісім

      112-1-бап. Бітімгершілік келісімді жасасу шарттары

      1. Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісімді жасасуға құқылы.
      2. Кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабылданады.
      Банкрот тарапынан бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді мүліктің меншік иесі, банкроттың құрылтайшысы (қатысушысы) және банкроттықты басқарушы қабылдайды.
      Бітімгершілік келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне алатын үшінші тұлғалардың бітімгершілік келісімге қатысуына жол беріледі.
      3. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді.
      Бітімгершілік келісімді бекіткен кезде сот бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда банкроттық рәсімінің тоқтатылатыны және борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімді қолдану туралы шешімнің орындауға жатпайтыны көрсетіледі.
      4. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы күшіне енген күннен бастап ол күшіне енеді және бітімгершілік келісімге қатысатын борышкер, кредиторлар және үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
      5. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.

      112-2-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны

      1. Бітімгершілік келісім:
      1) банкрот міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру және (немесе) мерзімін ұзарту;
      2) банкроттың талап ету құқықтарын басқаға беру;
      3) банкроттың міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы;
      4) борышты аудару;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулерді ескере отырып, кредиторлардың талаптарын банкроттың акцияларына, жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне алмастыру;
      6) кредиторлар талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру жағдайларында жасалуы мүмкін.
      2. Бітімгершілік келісімде банкрот міндеттемелерін орындау мөлшері, тәртібі мен мерзімдері туралы және (немесе) оның міндеттемелерін тоқтату туралы мәліметтер болуға тиіс.
      3. Банкрот тарапынан бітімгершілік келісімге мүліктің меншік иесі, банкрот құрылтайшысы (қатысушысы) не ол уәкілеттік берген тұлға және банкроттықты басқарушы қол қояды. Бітімгершілік келісімге кредиторлар атынан кредиторлар жиналысының төрағасы қол қояды.
      4. Егер бітімгершілік келісімге үшінші тұлғалар қатысқан жағдайда олардың тарапынан бітімгершілік келісімге осы тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қояды.
      5. Бітімгершілік келісім борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібі мен мерзімдері туралы ережелерді қамтуға тиіс.
      6. Бітімгершілік келісім жасасуға қарсы дауыс берген немесе дауыс беруге қатыспаған кредиторлар үшін бітімгершілік келісімнің шарттары оны жасауды жақтап дауыс берген кредиторларға арналған шарттарға қарағанда нашар болмауға тиіс.

      112-3-бап. Мемлекеттік орган тарапынан бітімгершілік
                  келісім жасасу шарттары

      1. Егер бітімгершілік келісім жасасу кезінде кредиторлардың бірі болып мемлекеттік орган қатысқан жағдайда бітімгершілік келісім бекітілген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге мұндай мемлекеттік орган алдында берешекті өтеуді кейінге қалдыру шартымен бітімгершілік келісім жасалуы мүмкін.
      Осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптар сақталған жағдайда салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек банкроттың және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы және (немесе) банк кепілдігімен өтеледі.
      2. Кепілге қойылатын мүлік өтімді, жоғалудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуға тиіс және оның нарықтық құны салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:
      1) тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
      2) энергияның электр, жылу және өзге де түрлері;
      3) тыйым салынған мүлік;
      4) мемлекеттік органдар салған шектеулері бар мүлік;
      5) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;
      6) тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері кепіл заттары бола алмайды.

      112-4. Бітімгершілік келісімді соттың бекітуі

      1. Бітімгершілік келісімді бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешек өтелгеннен кейін ғана соттың бекітуі мүмкін.
      2. Банкроттықты басқарушы бітімгершілік келісім жасасу туралы кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сотқа бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш беруге міндетті.
      3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішке:
      1) осы Заңның 112-2-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тұлғалар қол қойған бітімгершілік келісім;
      2) бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді қабылдаған кредиторлар жиналысының хаттамасы;
      3) кредиторлардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, сондай-ақ берешек сомасы көрсетілген кредиторлар тізімі;
      4) бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешектің өтелуін растайтын құжаттар;
      5) бітімгершілік келісімді жасасуға қарсы дауыс берген кредиторлардың жазбаша қарсылықтары қоса беріледі.
      4. Бітімгершілік келісім жасасқан және сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны жөнінде тиісті түрде хабардар етілген адамдар сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер осы адамдардан бітімгершілік келісімді бекіту мәселесін олардың қатысуынсыз қарастыру туралы өтініш түспесе, сот бұл мәселені қарамайды.
      5. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымына Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға (наразылық білдіруге) болады.
      6. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою банкроттық рәсімін қозғау үшін негіз болып табылады.

      112-5-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту салдарлары

      1. Бітімгершілік келісімді бекіту банкроттық рәсімін тоқтату үшін негіз болып табылады.
      Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешім одан әрі орындауға жатпайды.
      2. Банкроттықты басқарушының өкілеттігі бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
      3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап:
      1) бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі;
      2) осы Заңның 87-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдарлардың күші тоқтатылады.

      112-6-бап. Бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту
                  және оның салдарлары

      1. Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тартуы үшін:
      1) борышкердің және (немесе) үшінші тұлғалардың бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешекті өтеу міндеттерін орындамауы;
      2) осы Заңда белгіленген бітімгершілік келісімді жасасу тәртібін бұзуы;
      3) банкроттық рәсіміне қатысушылардың және (немесе) үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы;
      4) бітімгершілік келісім шарттарының Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келуі негіз болып табылады.
      2. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады, оған Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға (наразылық келтіруге) болады.
      3. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда бітімгершілік келісім жасалмаған болып саналады.
      4. Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы жаңа бітімгершілік келісімді жасасуға кедергі болмайды.

      112-7-бап. Бітімгершілік келісімді бұзу және оның
                  салдарлары

      1. Жекелеген кредиторлар мен борышкер арасындағы сот бекіткен бітімгершілік келісімді бұзуға жол берілмейді.
      2. Өтініш берілген күні кредиторлар талаптарының тізіліміне кірген талаптардың жалпы сомасынан жиырма бес пайыздан кем емес талаптарды иеленетін кредитордың (кредиторлардың) өтініші бойынша, сондай-ақ осындай кредиторларға қатысты борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісім шарттарын орындамаған жағдайда бітімгершілік келісім барлық кредиторларға қатысты сот шешімі бойынша бұзылуы мүмкін.
      3. Бітімгершілік келісімді бұзу туралы өтінішті оны бекіткен сот қарайды.
      4. Бітімгершілік келісімді бұзу туралы өтініш бойынша істі сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.

      112-8-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот
                  ұйғарымының күші жойылғаннан немесе
                  бітімгершілік келісім бұзылғаннан кейін
                  банкроттық рәсімін қолдану

      1. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы негізінде тоқтатылған банкроттық рәсімі:
      1) соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күші жойылған;
      2) сот бітімгершілік келісімді бұзу туралы шешім шығарған жағдайларда қозғауға жатады.
      2. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою туралы немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы шешім қабылдаған сот банкроттық рәсімінің қозғалғаны және уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан уақытша басқарушының тағайындалғаны туралы сот актісінде көрсетуге міндетті.
      3. Банкроттық рәсімі осы Заңның 6-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Уақытша басқарушы өзінің тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың бірінші жиналысын өткізуге міндетті.

      112-9-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот
                  ұйғарымының күшін жоюдың немесе бітімгершілік
                  келісімді бұзудың салдарлары

      1. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою немесе бітімгершілік келісімді бұзу бірінші кезектегі кредиторлардың берешекті өтеу есебінен өздерінің алғанын банкротқа қайтару міндетіне әкеп соқпайды.
      2. Бітімгершілік келісім шарттарында есеп айырысу жүргізілген кредиторлардың талаптары өтелген болып есептеледі.
      3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күші жойылған немесе бітімгершілік келісім бұзылған және банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда өздеріне қатысты бітімгершілік келісім жасалған кредиторлар талаптарының көлемі бітімгершілік келісімде белгіленген шарттар ескеріле отырып айқындалады.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады