Қайырымдылық туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 402-V ҚРЗ.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қайырымдылық саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) демеуші – демеушілік қызметті жүзеге асыратын тұлға;

      2) демеушілік қызмет – демеушінің осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес демеушінің атын көпшілікке танымал ету шарттарымен қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі қызметі;

      3) демеушінің атын көпшілікке танымал ету – іс-шараны қаржыландырғаны және (немесе) материалдық-техникалық қолдағаны үшін көрнекі және (немесе) дыбыстық нысанда демеушінің жеке аты (атауы), оның тауарлары, тауар белгілері, жұмыстары, көрсететін қызметтері туралы ақпарат тарату;

      4) ерікті қайырмалдықтар – пайдаланушыларға олардың ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін күнтізбелік жыл ішінде бір мәрте берілген, тұлғалардан түскен ақша, сондай-ақ өзге де мүлік;

      4-1) кіші отан – аумағында жеке тұлға туған және (немесе) өз өмірінің бір бөлігін өткізген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;

      4-2) кіші отанға қолдау көрсететін адам – кіші отанға қолдау көрсететін жеке тұлға;

      4-3) кіші отанды қолдау – патриотизмге негізделген, кіші отанға қолдау көрсетуге бағытталған ерікті қызмет;

      5) қайырымдылық – қайырымдылық көмек көрсетуге және ізгілік қажеттіліктерді қанағаттандыруға негізделген, филантропиялық, демеушілік және меценаттық қызмет, сондай-ақ кіші отанға қолдау көрсету түрінде ерікті, өтеусіз не жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылатын әлеуметтік пайдалы қызмет;

      6) қайырымдылық бағдарламасы – қайырымдылық көмекті жүзеге асыру мерзімдері мен тәртібін қамтитын шаралар жүйесі;

      7) қайырымдылық волонтері – қайырымдылық жасаушымен жасалған шарттың негізінде өз тәжірибесін, арнайы дағдыларын, білімін, икемін, жеке байланыстарын қолдану арқылы қайырымдылыққа қатысатын жеке тұлға;

      8) қайырымдылық гранты – пайдаланушыға қаржылай көмек көрсету үшін бөлінетін, нысаналы пайдаланылуы есеппен расталатын ақша;

      9) қайырымдылық жасаушы – қайырымдылықты жүзеге асыратын адам, филантроп және (немесе) демеуші және (немесе) меценат және (немесе) кіші отанға қолдау көрсететін адам;

      10) қайырымдылық көмек – пайдаланушыға қаржылық және (немесе) материалдық жағдайын жақсарту үшін жәрдемдесу мақсатында қайырымдылық жасаушы:

      жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде;

      демеушілік көмек түрінде;

      жарғылық қызметін қолдау мақсатында коммерциялық емес ұйымға;

      қызметін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес айқындалатын әлеуметтік салада жүзеге асыратын ұйымға өтеусіз негізде беретін мүлік;

      11) қайырымдылық ұйымы – осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қайырымдылықты жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым;

      12) меценат – меценаттық қызметті жүзеге асыратын тұлға;

      13) меценаттық қызмет – меценаттың осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес ғылымды, білімді, мәдениетті, өнерді, спорттық шеберлікті дамытуға, қоғам мен мемлекеттің тарихи және этномәдени игілігін сақтауға өзінің ізгілік еркі негізінде қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі қызметі;

      14) нысаналы капитал (эндаумент) – қайырымдылық жасаушы капиталдың бастапқы мөлшерін сақтау шартымен қайырымдылық көмекті жүзеге асыруға бағыттайтын қайырымдылық жасаушы капиталының бастапқы мөлшерінен түсетін инвестициялық кіріс;

      15) пайдаланушы – әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуде қайырымдылық көмек алатын тұлға;

      16) филантроп – филантропиялық қызметті жүзеге асыратын тұлға;

      17) филантропиялық қызмет – филантроптың осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қоғамның және адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, олардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін өзінің жеке ресурстарын бөлуге негізделген ерікті қызметі.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қайырымдылықтың мақсаты мен міндеттері

      1. Қоғамда қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту арқылы қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруын дамытуға жәрдемдесу қайырымдылықтың мақсаты болып табылады.

      2. Қайырымдылықтың мақсатына мынадай міндеттерді орындау арқылы қол жеткізіледі:

      1) бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді, халық бірлігін, рухани мәдениетті, отбасының қоғамдағы беделі мен рөлін нығайтуға жәрдемдесу, сондай-ақ ана болуды қорғау, балалар мен жастарды патриоттық тәрбиелеу;

      2) азаматтар мен қоғамның материалдық, мәдени-білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      3) қайырымдылық көмек көрсету, оның ішінде әлеуметтік және медициналық мекемелерге, этномәдени бірлестіктерге, мәдениет пен өнер, білім беру, ғылым, спорт ұйымдарына және Қазақстан халқы үшін мәдени-тарихи маңызы бар объектілерге, сондай-ақ көрсетілген салалардың дамуына үлес қосқан жекелеген қайраткерлерге қайырымдылық көмек көрсету;

      4) табиғат пайдалануды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесін және өсімдіктер әлемін қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру.

3-бап. Қайырымдылық қағидаттары

      1. Қайырымдылық жасаушылар мен пайдаланушылар қайырымдылыққа заңдылық, тең құқықтылық, еріктілік және жариялылық қағидаттары негізінде қатысады.

      Заңдылық қағидаты құқықтың шынайы әрекетін белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді, онда барлық тұлғалар Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітілген құқықтық нормаларды қатаң сақтайды.

      Тең құқықтылық қағидаты қайырымдылық жасаушылардың, пайдаланушылардың шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымдарына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, заң мен сот алдындағы тең құқықтарын қамтамасыз ететін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.

      Еріктілік қағидаты қайырымдылық жасаушының пайдаланушыға қайырымдылық көмек көрсету құқығын және пайдаланушының үшінші тұлғалар тарапынан мәжбүрлеп ықпал етусіз оны алу немесе алмау құқығын белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.

      Жариялылық қағидаты қайырымдылық жасаушының және пайдаланушының қайырымдылыққа ашық түрде қатысу, осындай қатысу нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында еркін жариялау құқығын, сондай-ақ қайырымдылыққа қатысты салық, қаржылық және бухгалтерлік есептілік туралы ақпаратты ашуға кедергі келтірмеу міндетін белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.

      2. Осы Заңда көзделген іске асырылатын қайырымдылық міндеттерін таңдау еркіндігі Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана шектелуі мүмкін.

4-бап. Қайырымдылықтың түрлері, объектілері мен субъектілері

      1. Филантропиялық, демеушілік, меценаттық қызмет, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет қайырымдылықтың түрлері болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар, олардың тұратын және демалатын, өндірістік қызмет орындары; ғимараттар мен құрылыстар; жануарлар мен өсімдіктер қайырымдылық объектілері болады.

      3. Қайырымдылық жасаушылар мен қайырымдылық волонтерлері қайырымдылық субъектілері болып табылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

5-бап. Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Қайырымдылық субъектілері арасындағы, сондай-ақ олар мен пайдаланушылар арасындағы шарттық қатынастарды ресімдеу тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес белгіленеді.

6-бап. Мемлекет және қайырымдылық

      1. Қайырымдылық субъектілерінің және пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мемлекет кепілдік береді.

      2. Қайырымдылықпен айналысатын қайырымдылық субъектілері ісіне мемлекеттің, ал мемлекет ісіне қайырымдылық жасаушылардың заңсыз араласуына, оларға мемлекеттік органдардың функцияларын жүктеуге жол берілмейді.

      3. Пайдаланушының қайырымдылық көмек алуы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған көмектің, төлемдердің немесе жеңілдіктердің қандай да бір басқа түрлерін шектеуге немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды.

      4. Қайырымдылық жасаушылар филантропиялық және (немесе) демеушілік және (немесе) меценаттық қызметті және (немесе) кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асырған кезде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай алады.

      5. Мемлекеттік органдар бюджет қаражаты есебінен қайырымдылықпен айналысуға, сондай-ақ қайырымдылық жасаушы бекіткен қайырымдылық бағдарламасына біржақты тәртіппен өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқылы емес.

      6. Мемлекет қайырымдылық субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы қайырымдылықты ынталандырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Қайырымдылықты үйлестіру және бақылау

      1. Жергілікті атқарушы органдардың қайырымдылық жасаушылар қайырымдылық көмек көрсету туралы ұсыныстармен өздеріне жүгінген кезде әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде олардың қызметін үйлестіруге құқығы бар.

      2. Қайырымдылық ұйымы кірісінің мөлшері мен құрылымы, сондай-ақ оның мүлкінің құрамы, шығыстары, жұмыскерлерінің саны мен құрамы, олардың еңбегіне ақы төлеу туралы мәліметтер коммерциялық құпия болып табылмайды.

      3. Қазақстан Республикасының резиденттері жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық ұйымдар, шетелдіктер және (немесе) азаматтығы жоқ адамдар қайырымдылық көмек көрсетуге өтеусіз берген қаражаттың пайдаланылуы туралы есепті жариялауға міндетті.

      4. Қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын шетелдік және (немесе) халықаралық қайырымдылық ұйымының филиалы және (немесе) өкілдігі жыл сайын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында құрылтайшылары (қатысушылары), мүліктің құрамы, кірістің қалыптасу көздері және ақшаны Қазақстан Республикасында жұмсаудың бағыттары туралы мәліметтерді қамтитын қызметі туралы есепті жариялауға міндетті.

      5. Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді, халық бірлігін нығайту мақсатында елде қайырымдылықты дамытуға жәрдемдеседі, қайырымдылық саласында үйлестірушілік және өзге де қолдау көрсетеді.

8-бап. Қайырымдылық ұйымының құқықтары мен міндеттері

      1. Қайырымдылық ұйымының:

      1) өз қызметі туралы ақпаратты таратуға;

      2) соттарда, мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде өз мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

      3) бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

      4) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;

      5) осы Заңға және "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайырымдылық саласындағы өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қайырымдылық ұйымы:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;

      2) өз мүшелеріне (қатысушыларына) олардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен және шешімдермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      3) өз мүшелеріне (қатысушыларына) мүліктің түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;

      4) осы Заңға және "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайырымдылық саласындағы өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      3. Қайырымдылық ұйымы жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

9-бап. Халықаралық қайырымдылық

      1. Халықаралық қайырымдылықты қайырымдылық субъектілері осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      2. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік және халықаралық ұйымдар осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қайырымдылықты жүзеге асыруға қатыса алады.

10-бап. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезіндегі салық жеңілдіктері

      Қайырымдылықты жүзеге асыратын қайырымдылық жасаушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салық жеңілдіктерін пайдаланады.

11-бап. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезіндегі қаржы-шаруашылық қызмет және бухгалтерлік есептілік

      1. Қайырымдылық жасаушы қайырымдылықты осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Қайырымдылық жасаушы жүзеге асырылатын қайырымдылық қызмет бойынша есепке алуды жүргізеді және уәкілетті мемлекеттік органдарға осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен ақпарат береді.

      3. Өз мүлкін пайдаланушыға берген қайырымдылық жасаушының одан аталған мүлікті пайдалану туралы есепті талап етуге құқығы бар.

      4. Нысаналы сипаты бар қайырымдылық көмекті (қайырымдылық гранттарын) алған пайдаланушы қайырымдылық жасаушыға есеп ұсынуға міндетті.

12-бап. Қайырымдылық ұйымының кірістері мен шығыстары

      1. Қайырымдылық ұйымының кірістері мынадай көздер:

      1) мүлікті, сондай-ақ оған құқықтарды сыйға тарту, өсиет етіп қалдыру немесе өтеусіз беру;

      2) ерікті қайырмалдықтар;

      3) қайырымдылық аукциондарынан, конкурстарынан түскен кірістер;

      4) нысаналы капитал (эндаумент);

      5) кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістер;

      6) қайырымдылық жасаушылардың жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден, жеке шығармашылық қызмет нәтижелерін беруден түскен кірістері;

      7) қайырымдылық жасаушылардың қайырымдылық объектілерін күтіп-ұстау жөніндегі шығындарды өтеуі;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген басқа да көздер есебінен қалыптастырылады.

      2. Қайырымдылық жасаушылар кірістерді:

      1) бір жылдың ішінде бір рет немесе бірнеше рет қайырымдылық көмекке;

      2) ұзақ мерзімді қайырымдылық көмекке;

      3) әлеуметтік жарнаманы өткізуге жәрдемдесуге;

      4) қайырымдылық ұйымының қызметін жүзеге асыруға;

      5) осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа да іс-шараларға жұмсайды.

      3. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қайырымдылықты ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар қайырымдылық бағдарламасында көрсетіледі.

      4. Ерікті қайырмалдықтар көрсету қайырымдылық бағдарламасында көрсетілмейді.

13-бап. Қайырымдылық бағдарламасы

      1. Қайырымдылық бағдарламасын қайырымдылық жасаушы әзірлейді, бекітеді және орындайды.

      2. Қайырымдылық бағдарламасының бюджеті кіріс және шығыс бөліктерінен тұрады.

      Бюджеттің кіріс бөлігі осы Заңның 12-бабының 1-тармағында көзделген іс-шараларды қамтиды.

      Бюджеттің шығыс бөлігі осы Заңның 12-бабының 2-тармағында көзделген іс-шараларды қамтиды.

      3. Қайырымдылық бағдарламасының орындалуы қайырымдылық жасаушының есебімен расталады.

14-бап. Қайырымдылық ұйымы

      1. Қайырымдылық ұйымы осы Заңда көзделген қайырымдылық міндеттерін орындау үшін құрылады.

      2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қайырымдылық ұйымының құрылтайшылары болады.

      3. Қайырымдылық ұйымының кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы бар, одан түскен кіріс қайырымдылық көмек көрсетуге пайдаланылады және құрылтайшылар арасында қайта бөлуге жатпайды.

      4. Қайырымдылық ұйымының кәсіпкерлік қызметінен түсетін кірісі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.

3-тарау. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҰЙЫМДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

15-бап. Қайырымдылық ұйымының жарғысы

      1. Қайырымдылық ұйымы жарғының негізінде әрекет етеді.

      2. Қайырымдылық ұйымының жарғысында:

      1) қызметтің атауы, нысанасы мен мақсаты;

      2) орналасқан жері;

      3) басқару органдарының құрылымы, қалыптасу тәртібі мен құзыреті;

      4) қайырымдылық ұйымы мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен міндеттері;

      5) мүлікті қалыптастыру көздері;

      6) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

      7) қызметті қайта ұйымдастыру және тоқтату шарттары;

      8) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;

      9) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер қамтылады.

      3. Қайырымдылық ұйымының жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа ережелер де қамтылуы мүмкін.

16-бап. Қайырымдылық ұйымының басқару органдары

      1. Қайырымдылық ұйымының жарғысында көзделген тәртіппен қалыптастырылатын алқалы орган – қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органы болып табылады.

      2. Қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының атқарушы органын тағайындайды, қайырымдылық ұйымы қызметінің оның жарғысының мақсатына сай болуын бақылауды, сондай-ақ жарғыда бекітілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органының құзыретіне:

      1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      2) қайырымдылық бағдарламасын бекіту;

      3) алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын, бюджетті, сондай-ақ өткен жылдың есебін бекіту;

      4) қайырымдылық ұйымын қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау жатады.

      4. Қайырымдылық ұйымының атқарушы органы оның жарғысында бекітілген өкілеттіктерді жүзеге асырады.

17-бап. Қайырымдылық ұйымының мәртебесі

      1. Қайырымдылық ұйымдары мәртебесі бойынша халықаралық және республикалық болып бөлінеді.

      Халықаралық қайырымдылық ұйымдарына қызметі Қазақстан Республикасының аумағына және одан тысқары жерлерге таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.

      Республикалық қайырымдылық ұйымдарына филиалдары мен өкілдіктерінің қызметі Қазақстан Республикасының аумағына таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.

      2. Мәртебесіне қарамастан, белгіленген тәртіппен құрылған және тіркелген қайырымдылық ұйымдарының жаңа заңды тұлғаларды құрып, одақтар (қауымдастықтар) қабылдаған құрылтай шарттарының және жарғылардың негізінде қайырымдылық ұйымдарының одақтарын (қауымдастықтарын) құруға, сондай-ақ халықаралық одақтардың (қауымдастықтардың) қатысушысы болуға құқығы бар.

18-бап. Қайырымдылық ұйымының мүлкі, мүлікті қалыптастыру көздері

      1. Қайырымдылық ұйымының меншігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатып алынған мүлік болады.

      2. Қайырымдылық ұйымының мүлкі:

      1) құрылтайшының (құрылтайшылардың) түсімдері;

      2) жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сондай-ақ басқа қайырымдылық ұйымдары берген қайырымдылық қайырмалдықтары, мүліктік жарналар, сыйға тарту, өсиеттер, нысаналы капиталдар (эндаументтер);

      3) қайырымдылық жасаушылардан алынған мүлікті өткізу жөніндегі қайырымдылық аукциондары мен конкурстарын өткізуден түсетін түсімдер;

      4) қайырымдылық ұйымдарының меншігіндегі акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақы (мүдде);

      5) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шетелдік және (немесе) халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қайырымдылық көмегі;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен құрылады.

      3. Қайырымдылық ұйымының мүлкін саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және сайлау қорларын қолдау үшін пайдалануға болмайды.

      4. Қайырымдылық ұйымының мүлкі не оның бір бөлігі кепіл нысанасы болып табылмайды.

19-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру

      1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қайырымдылық ұйымы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес қайырымдылық қайырмалдығы, сыйға тарту, өсиет объектілерін басқаруға және (немесе) жалға беруге арналған шарттың (шарттардың) негізінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында не шетелдік валютада активтер қалыптастыру жолымен құрады.

      2. Нысаналы капиталды (эндаументті) жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ жер учаскелері есебінен қалыптастыру олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы нарықтық құны негізінде жүргізіледі.

      3. Нысаналы капиталды (эндаументті) толықтыру қайырымдылық бірлестіктерінің меншігіндегі акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақы (мүдде) есебінен жүргізіледі.

      4. Нысаналы капитал (эндаумент) бір жүз миллион теңге мөлшеріндегі сомадан асқан кезде қайырымдылық ұйымы нысаналы капиталды (эндаументті) сенімгерлік басқаруды басқарушы компанияға береді.

      5. Бір жүз миллион теңгеден аз соманы құрайтын нысаналы капиталды (эндаументті) басқаруды қайырымдылық ұйымының қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады.

20-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) пайдалану

      1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастырған қайырымдылық ұйымы оны өз жарғысына сәйкес пайдалануға міндетті.

      2. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кірісті бөлу қайырымдылық бағдарламасының бюджетіне сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кіріс білім, ғылым, мәдениет, өнер, денсаулық сақтау, спорт, музей және архив ісі, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану салаларындағы қайырымдылық гранттарын құруға бағытталады.

      4. Қайырымдылық гранттарының саны мен мөлшерін осы Заңның 19-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес қамқоршылық кеңес немесе басқарушы компания белгілейді.

      5. Басқарушы компанияның нысаналы капиталды (эндаументті) басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты әкімшілік-басқарушылық шығыстары нысаналы капиталдың (эндаументтің) жылдық кіріс сомасының жиырма пайызынан аспайды.

      6. Пайдаланушы қайырымдылық грантын пайдалануды қайырымдылық жасаушымен жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырады.

21-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату

      1. Мыналар:

      1) нысаналы капиталды (эндаументті) қайырмалдық, сыйға беру, өсиет шартына (шарттарына) сәйкес пайдалану;

      2) нысаналы капитал (эндаумент) қалыптастырылған мерзімнің өтуі;

      3) басқарушы компанияны қайта ұйымдастыру туралы шешім;

      4) қайырымдылық ұйымын таратып жіберу туралы шешім;

      5) қайырымдылық жасаушы (қайырымдылық жасаушылар) берген капиталдың бастапқы мөлшерінің құнын он пайыздан астам мөлшерге азайту нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз болуы мүмкін.

      2. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату туралы шешімді қайырымдылық ұйымының қамқоршылық кеңесі осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің біреуі болған кезде қабылдайды.

      3. Басқарушы компанияның не қайырымдылық ұйымының жарғының нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру және пайдалану жөніндегі талаптарын және (немесе) осы Заңның нормаларын өрескел немесе бірнеше рет бұзуы соттың шешімі бойынша нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз бола алады.

      4. Егер қайырмалдық, сыйға тарту, өсиет шартында (шарттарында) өзгеше көзделмесе, таратылуға жататын нысаналы капитал (эндаумент) осындай капиталдарды қалыптастырған қайырымдылық ұйымдары арасында жасалған шартқа сәйкес басқа нысаналы капиталға (эндаументке) берілуі мүмкін.

      5. Таратылуға жататын нысаналы капиталды (эндаументті) кәсіпкерлік қызметте пайдалануға болмайды.

4-тарау. ФИЛАНТРОПИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

22-бап. Филантропиялық қызмет объектілері

      Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:

      1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, өмірлік қиын жағдайдағы, әлеуметтік оңалтуға және олардың арасында қадағалаусыз қалу мен құқық бұзушылық профилактикасы жүргізілуіне мұқтаж кәмелетке толмағандар;

      2) төтенше жағдайлардан зардап шеккен және өздеріне қайырымдылық көмек көрсетілуіне мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар, сондай-ақ аумақтар;

      3) дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасалуына мұқтаж мүгедектер;

      4) өздерінің құқықтарын өз бетінше іске асыруға және (немесе) өзінің тыныс-тіршілігі мәселелерін (заңды өкілдік, құқықтық көмек көрсету, қорғаншылыққа алу және басқасы) шешуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар;

      5) арнайы медициналық мекемелерде есепте тұрған адамдар;

      6) басқа да объектілер филантропиялық қызмет объектілері болып табылады.

23-бап. Жеке тұлғаның филантропиялық қызметі

      1. Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік меншік нәтижелерін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.

      2. Қайырымдылық волонтері болып табылатын жеке тұлғаның осындай қызметті жүзеге асыру құқығын белгілейтін, нотариат куәландырған сенімхаттың негізінде қайырымдылық бірлестігінің пайдасына қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Қайырымдылық волонтері болып табылатын және қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыратын жеке тұлға қайырымдылық жасаушыға оның нәтижелері туралы есепті ұсынуға міндетті.

      4. Мемлекеттік қызметші болып табылатын жеке тұлғаның қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

24-бап. Заңды тұлғаның филантропиялық қызметі

      1. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.

      2. Филантропиялық қызметпен айналысатын заңды тұлғалардың заңды тұлға құрмай, уақытша бірлестіктерді құруға құқығы бар.

5-тарау. ДЕМЕУШІЛІК ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

25-бап. Демеуші жүзеге асыратын қайырымдылық көмектің көздері

      1. Демеуші қайырымдылық көмекті меншік құқығындағы мүліктің және демеушінің атын көпшілікке танымал етуден және (немесе) жарнаманы, оның ішінде әлеуметтік жарнаманы таратудан түскен қаражат есебінен жүзеге асыра алады.

      2. Демеуші көрсететін қайырымдылық көмек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылмайды.

26-бап. Жеке тұлғаның демеушілік қызметі

      1. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның үшінші тұлғаларға меншік құқығында тиесілі тауар белгісі, өндірілетін тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратуға құқығы жоқ.

      2. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.

      3. Қарапайым серіктестік құрған жеке тұлғалардың қайырымдылық көмек көрсету үшін серіктестік айқындаған, ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, демеушілік қызметпен айналысуға құқығы бар.

27-бап. Заңды тұлғаның демеушілік қызметі

      1. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлға пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес өзінің атауы, тауар белгісі, өндірілген тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратады.

      2. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.

6-тарау. МЕЦЕНАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

28-бап. Меценаттық қызмет объектілері

      Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:

      1) ғылым, білім, мәдениет, өнер, спорт объектілері, тарихи және этномәдени ескерткіштер, сондай-ақ аталған салаларда жұмыс істейтін не оларды дамытуға үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар;

      2) Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және (немесе) шет елдегі медициналық мекемелерде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар;

      3) ақылы білім алу және (немесе) кәсіби қабілеттерін арттыру үшін атаулы стипендияларға мұқтаж адамдар;

      4) авариялардың және (немесе) дүлей зілзаланың салдарынан зардап шеккен және кезек күттірмейтін қайырымдылық көмекті қажет ететін қайырымдылық объектілері;

      5) басқа да объектілер меценаттық қызмет объектілері болып табылады.

29-бап. Жеке тұлғаның меценаттық қызметі

      1. Меценаттық қызметпен айналысатын жеке тұлғаның қайырымдылық көмек көрсету мақсатында жеке меншік құқығындағы мүлікті не оған мүліктік құқықтарды пайдаланушыға беруге құқығы бар.

      2. Жеке тұлғаның пайдаланушыға жедел көмек көрсетуді қажет ететін меценаттық қызметі қайырымдылық бағдарлама әзірленбестен көрсетілуі мүмкін.

30-бап. Заңды тұлғаның меценаттық қызметі

      1. Меценаттық қызметпен айналысатын заңды тұлғаның қайырымдылық бағдарламасында қайырымдылық грантының, жеке стипендияның ақшалай мәндегі мөлшерлерін, мақсатын, тағайындалу және пайдаланылу тәртібін көрсете отырып, оларды белгілеуге құқығы бар.

      2. Қайырымдылық грантын, жеке стипендияны пайдалану тәртібін пайдаланушы заңды тұлғаның келісімімен өзгерте алады.

      3. Қайырымдылық грантының, жеке стипендияның игерілмеген бөлігі қайтарымды қаржылай көмек болып табылады және заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.

6-1-тарау. Кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібі

      Ескерту. Заң 6-1-тараумен толықтырылды - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

30-1-бап. Кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері

      Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;

      2) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, спорт объектілері, аумақтар;

      3) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы өзге де объектілер.

30-2-бап. Жеке тұлғаның кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметі

      Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік қызметінің нәтижелерін пайдалана отырып, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметпен айналысады.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

31-бап. Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады