Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 33-VІ ҚРЗ

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына
баспасөз релизі
      2016 жылғы 20 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойды.
      Заңның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметке орналасу үшін конкурстық рәсімдерді оңтайландыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің стандарттарын мемлекеттік қызметке жақындату болып табылады.
      Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасу конкурсы 3 сатыда жүргізіледі (1-ші, 2-ші ішкі және жалпы конкурстар), бұл ретте бос орындарға орналасу рәсімі 16 күннен 52 жұмыс күнін алады.
      Заң уәкілетті орган, яғни Агенттік айқындаған жағдайда мемлекеттік органдарға бірінші ішкі конкурс өткізілгеннен кейін бірден жалпы конкурс өткізу мүмкіндігін қарастырады.
      Бұндай тәсіл конкурстық рәсімдерді 16 күнге дейін оңтайландырады, бұл мемлекеттік органдардың кадрлық мәселелерін шешудегі ұтқырлығын арттырады және қызметкерлер тапшылығы мүмкіндігінің қаупін азайтады.
      Заң қабылданғаннан кейін Агенттікпен келісу арқылы конкурс өткізбей "А" корпусы қызметкерлерінің "Б" корпусы лауазымдарына өту тәртібі жеңілдетіледі.
      Бұл құзыретке бұдан бұрын Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия ие болған.
      Сонымен қатар, Заңға сәйкес Агенттікте құқық қорғау қызметіне кіретін кандидаттарға заңдарды білуге тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан міндетті өту бойынша талаптар қарастырылған.
      Одан басқа, Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі үшін 3-санатты жоғарғы біліктілік сыныбын беруге мүмкін лауазымдар енгізілді.
      Осылайша, Заңмен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіруге, оған қызығушылық арттыруға, меритократия қағидаттарын нығайтуға және жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігіне бағытталған шаралар іске асырылды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз