Байланыс формасы

Атом энергиясын пайдалану туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 442-V ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң адамдардың өмiрi мен денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудiң құқықтық негiзi мен қағидаттарын айқындайды және ядролық қаруды таратпау режимiн, атом энергиясын пайдалану кезiнде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталады.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) алып қою деңгейі – атом энергиясы пайдаланылатын объектінің ядролық, радиациялық, геометриялық, салмақтық сипаттамаларын айқындайтын, гигиеналық нормативтерде, техникалық регламенттерде көзделген физикалық шама мәндері, осындай мәндер болғанда немесе осы мәндерден төмен болғанда атом энергиясы пайдаланылатын объектілер мемлекеттік бақылаудан алып тасталады;

      2) атом энергиясы – ядролық реакциялардан және радиоактивті ыдырау кезінде босатылатын энергия, сондай-ақ генерацияланатын иондандырушы сәулелер энергиясы;

      3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілер – иондандырушы сәулелену көздері, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылып болған ядролық отын, ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар, сақтау және көму пункттері, көліктік қаптама комплектілері мен ядролық материалдар;

      4) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалану – атом энергиясын пайдалану саласында жеке немесе заңды тұлға жүзеге асыратын әкімшілік, шаруашылық және инженерлік-техникалық қызмет;

      5) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді дайындау, жеткізу, пайдалану, пайдаға асыру, пайдалануға беру және пайдаланудан шығару, қайта өңдеу, монтаждау, жөндеу, техникалық қызмет көрсету, зарядтау, қайта зарядтау, бөлшектеу, кәдеге жарату, консервациялау, тасымалдау, импорттау, экспорттау, активсіздендіру, кейіннен кәдеге жарату, сақтау, көму кезінде олармен қолмен жасалатын және (немесе) автоматтандырылған операциялардың, әрекеттердің жиынтығы;

      6) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің өмірлік циклі – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді орналастыру, жобалау, шығару, құрылысы немесе салу, пайдалануға беру, пайдалану, реконструкциялау, күрделі жөндеу, пайдаланудан шығару, тасымалдау, айналымы, сақтау, көму және кәдеге жарату;

      7) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау – атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;

      8) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) иондандырушы сәулелену көздері – радиоактивті заттар, құрамында радиоактивті заттар бар аппараттар немесе құрылғылар, сондай-ақ иондандырушы сәуле шығаратын немесе шығаруға қабілетті электрофизикалық аппараттар немесе құрылғылар;

      10) иондандырушы сәулелену көздерінің тізілімі – иондандырушы сәулелену көздерін экспорттау мен импорттау кезінде орнын ауыстыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы мәліметтердің ұдайы жаңартылып тұратын жиынтығын білдіретін, иондандырушы сәулелену көздерінің дерекқоры;

      11) кейіннен кәдеге жарату – күрделі құрылыстардың (үйлердің, ғимараттардың, кешендердің) пайдаға асырылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейін, регенерацияланатын элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ регенерацияға жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, оларды бөлшектеу және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені;

      12) көму – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көму пунктіне оларды алып қою ниетінсіз орналастыру;

      13) көму пункті – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;

      14) көму пунктін жабу – көму пунктін қауіпсіз жағдайға келтіріп, көмгеннен кейін барлық операцияларды аяқтау;

      15) қондырғыны пайдалануға беру – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының компоненттері мен жүйелерін оның құрылысы аяқталғаннан және қажетті сынақтар жүргізілгеннен кейін жұмыс жағдайына келтіру жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;

      16) қондырғыны пайдаланудан шығару – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдалануды тоқтату және қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;

      17) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      18) пайдаланылып болған ядролық отын – ядролық реакторда сәулеленген және одан біржола алып тасталған ядролық отын;

      19) персонал – иондандырушы сәулелену көздерімен тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін немесе еңбек жағдайларына байланысты олардың әсер ету аясында болатын жеке тұлғалар;

      20) радиациялық қатер – сәуле алу нәтижесінде, оның салдарының ауырлығын ескере отырып, адамның өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығы;

      21) радиациялық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектейтін іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, атом энергиясы пайдаланылатын объектінің қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;

      22) радиациялық қауіптілік санаты – атом энергиясы пайдаланылатын объектімен жұмыс істеген кезде немесе ықтимал авария жағдайларында халық және (немесе) қоршаған орта үшін оның радиациялық қауіптілік дәрежесі бойынша атом энергиясы пайдаланылатын объектінің сипаттамасы;

      23) радиациялық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылыстар мен жабдықтарды қоса алғанда, радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;

      24) радиоактивті заттар – құрамында радионуклидтер бар, кез келген агрегаттық жағдайдағы, шығу тегі табиғи немесе техногендік кез келген материалдар;

      25) радиоактивті қалдықтар – құрамында алып қою деңгейінен жоғары радионуклидтер бар, одан әрі пайдаланылуы көзделмейтін радиоактивті заттар, ядролық материалдар немесе радионуклидті көздер;

      26) радионуклидті көз – құрамында радиоактивті заттар бар, оны пайдалы қолдану үшін арнайы жасалған немесе қандай да бір қызмет түрінің жанама өнімі болып табылатын иондандырушы сәулелену көзі;

      27) сақтау – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттеріне олармен одан әрі жұмыс істеу үшін оларды алу мүмкіндігі көзделетін уақытша орналастыру;

      28) сақтау пункті – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;

      29) көліктік қаптама комплекті – тасу кезінде радиоактивті құрамды толық орналастыру мен ұстап тұру үшін қажетті элементтердің жиынтығы;

      30) физикалық қорғау – атом энергиясы пайдаланылатын объектіге рұқсатсыз қол жеткізуіне жол бермеу жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесі;

      31) электрофизикалық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылыстар мен жабдықтарды қоса алғанда, иондандырушы сәулелерді генерациялайтын немесе генерациялауға қабілетті арнайы, ядролық немесе радиациялық болып табылмайтын қондырғы;

      32) ядролық қауiпсiздiк – ядролық авариялардың мүмкiн болмайтындығы белгiлi бiр ықтималдықпен қамтамасыз етілетін, атом энергиясы пайдаланылатын объектiнiң қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;

      33) ядролық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылыстар мен жабдықтарды қоса алғанда, ядролық материалдармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын арнайы қондырғы;

      34) ядролық материалдар – бөлiнетiн (ыдырайтын) радионуклидтерден тұратын немесе оларды шығаруға қабілетті материалдар;

      35) ядролық физикалық қауіпсіздік – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерге және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, диверсия, рұқсатсыз қол жеткізу, заңсыз беру, жұмыс істеу фактілеріне немесе басқа да құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеуге, анықтауға және (немесе) ден қоюға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

3-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу

      Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметіне;

      2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклімен байланысты жұмыстарды орындау кезіндегі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне;

      3) ядролық сынақтар мониторингіне;

      4) бұрынғы ядролық сынақ полигондары аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметке;

      5) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына;

      6) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды даярлауға және аттестаттауға қатысты қолданылады.

4-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері және қағидаттары

      1. Атом энергиясын пайдалану кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын, олардың мүлкін тиімді қорғау, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті, ядролық қаруды таратпау режимін ұстап тұру атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері болып табылады.

      2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) атом энергиясын пайдалану кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;

      2) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің атом энергиясын пайдаланудың басқа аспектілерінен басымдығы;

      3) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылаудың міндеттілігі мен үздіксіздігі;

      4) атом энергиясы пайдаланылатын объектiлер қауіпсіздігінің

      жай-күйі мен халыққа және қоршаған ортаға әсерi туралы ақпараттың қолжетімділігі, объективтiлiгi және уақтылығы;

      5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің радиациялық әсерімен келтірілген зиянды өтеудің міндеттілігі;

      6) қоршаған ортаның нормативтен тыс радиоактивтік ластануына жол бермеу;

      7) өзінің радиоактивті қалдықтарының кері импортын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарының және пайдаланылып болған ядролық отынының импортына және олардың көмілуіне жол бермеу;

      8) атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті мемлекеттік реттеудің міндеттілігі қағидаттарына негізделеді.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғалардың ядролық қаруды әзiрлеу, жасау, шығару, сынау, сақтау немесе тарату мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметiне тыйым салынады.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу ауданы, олардың құрылысы және құрылысын болғызбау туралы шешімдер қабылдайды;

      3) ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару немесе көму пункттерін жабу туралы шешім қабылдайды;

      4) ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын бекітеді;

      5) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидаларын бекітеді;

      6) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын бекітеді;

      7) ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын бекітеді;

      8) Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік инспекцияларын ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

      9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асырады;

      2) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      3) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;

      4) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

      5) атом энергиясын пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді және бекітеді;

      6) ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) иондандырушы сәулелену көздерін және сақтау пункттерін физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын әзірлейді;

      9) Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік инспекцияларын ұйымдастыру тәртібін әзірлейді;

      10) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      11) ядролық материалдарды мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      13) радионуклидті көздермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      14) ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын әзірлейді;

      15) ядролық материалдарды тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      16) радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      17) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын әзірлейді;

      18) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлейді;

      19) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      20) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      21) халықтың және (немесе) қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық қондырғыларды пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару немесе көму пункттерін жабу туралы ұсыну енгізеді;

      22) ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке қою немесе мемлекеттік есептен шығару туралы шешім қабылдайды;

      23) ядролық материалдардың мемлекеттік есебін жүргізеді;

      24) иондандырушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебін жүргізеді;

      25) атом энергиясын пайдалану саласындағы экспорттық бақылауды жүзеге асырады;

      26) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты, сараптама ұйымы ұсынған есеп-қисаптар әдістемесін келіседі;

      27) көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту тәртібін айқындайды және көліктік қаптама комплектілерінің конструкциясын бекітеді, сондай-ақ басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен, Қазақстан Республикасының аумағында оларға сертификаттар-рұқсаттар күшін қолданады;

      28) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету және ядролық сынақтар мониторингі жөніндегі зерттеулерді ұйымдастырады;

      29) радиоактивті қалдықтарды және пайдаланылып болған ядролық отынды жинауды, сақтауды және көмуді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      30) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектінің Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау әдістері мен тәсілдеріне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлейді және бекітеді;

      31) әртүрлі радиоизотоптар үшін шекті белсенділік шамасының мәнін белгілейді;

      32) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау нысанында жүзеге асырылады.

      Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеру осы Заңның 7-1-бабына сәйкес жүргізіледі.

      Қызметін ядролық қондырғыларды қоспағанда, ықтимал радиациялық қауіптілігі ІІІ және IV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

      Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және IV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

      Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және IV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы баптың 3 – 11-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.

      2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылыққа қарай лауазымды адамдар мынадай актілер шығарады:

      1) тексеру нәтижелері туралы акт – субъектінің Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеру нәтижелері бойынша атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам беретін құжат;

      2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою туралы нұсқама;

      3) жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама;

      4) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау қорытындысы бойынша ұсыным.

      3. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау алдын алу-профилактикалық сипатта болады.

      4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау:

      1) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар ұсынатын ақпарат пен есептілікті;

      2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзушылық туралы ақпарат келіп түскен кезде өз құзыреті шегінде уәкілетті органның сұрау салуы бойынша алынған, осы заңнаманы сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратты;

      3) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын сақтау мәселелеріне қатысты үшінші тұлғалардан келіп түсетін ақпаратты талдау жолымен жүргізіледі.

      5. Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және IV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілер атом энергиясын пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу субъектілері болып табылады.

      6. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті орган бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсыным ресімдейді және жібереді.

      7. Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – алғаны туралы белгі қойылғаннан бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хат жіберу арқылы;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау және қадағалау субъектісі уәкілетті органға бұрын ұсынған құжаттарда көрсетілген бақылау және қадағалау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелту арқылы табыс етілді деп есептеледі.

      8. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды орындауға арналған мерзім ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап кемінде он жұмыс күнін құрауға тиіс.

      9. Бақылау және қадағалау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті органға ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      10. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізудің жартыжылдық графигіне енгізуге алып келеді.

      11. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізудің жиілігі қажеттілікке қарай, бірақ Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында көзделген ақпарат пен есептілік беру кезеңділігінен жиілетпей айқындалады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-1-бап. Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеруді жүзеге асыру тәртібі

      1. Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді (бұдан әрі – қадағалау субъектілері) тексеруді уәкілетті орган кезеңділік негізінде, бірақ тоқсанына бір реттен жиілетпей және жоспардан тыс жүргізеді.

      Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында уәкілетті орган қадағалау субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру кезеңділік негізіндегі тексеру болып табылады.

      Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында нақты қадағалау субъектісіне қатысты тексеру тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша уәкілетті орган тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.

      2. Мыналар жоспардан тыс тексерудің негіздері болып табылады:

      1) ядролық қондырғы жүйелеріндегі, жабдықтарындағы, құжаттамасындағы ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер туралы ақпарат;

      2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікпен байланысты авариялар мен оқыс оқиғалар туралы ақпарат;

      3) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері.

      3. Тексеруді тағайындау туралы акт негізінде тексеру жүргізіледі, онда мыналар көрсетіледі:

      1) актінің нөмірі мен күні;

      2) уәкілетті органның атауы;

      3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;

      4) тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;

      5) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;

      6) тексеру нысанасы;

      7) тексеру жүргізу мерзімі;

      8) тексеру жүргізу негіздері;

      9) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және уәкілетті органның мөрі;

      10) қадағалау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.

      4. Тексеру қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен, бірақ тексеруді тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркей отырып жүргізіледі.

      5. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:

      1) осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде қадағалау субъектісінің аумағына және үй-жайына кедергісіз кіруге;

      2) қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қосып тіркеу үшін алуға, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;

      3) мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.

      6. Лауазымды адамдар тексеру кезінде қызметтік куәлігін және тексеруді тағайындау туралы актіні көрсетуге міндетті.

      7. Тексеруді тағайындау туралы акт қадағалау субъектісіне табыс етілген кез тексеру жүргізудің басталғаны деп есептеледі.

      8. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      9. Тексеру жүргізу мерзімін уәкілетті органның басшысы (не оны алмастыратын адам):

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу;

      2) күрделі және (немесе) ұзаққа созылатын сараптамалар (талдаулар, сынақтар) жүргізу;

      3) өзіне қатысты тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау қажет болған жағдайларда ғана осы баптың 8-тармағында айқындалған мерзімдерге бір рет қана ұзарта алады.

      Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту қадағалау субъектісін хабардар етіп және құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркете отырып, тексеруді ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркеу нөмірі мен күні және ұзарту себебі көрсетіледі.

      10. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тексеру жүргізу үшін қажет субъектілерге (объектілерге) және (немесе) материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда хаттама жасалады, оған тексеруді жүзеге асырған лауазымды адамдар және қадағалау субъектісі не оның уәкілетті өкілі қол қояды.

      11. Қадағалау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды.

      12. Тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексеру нәтижелері бойынша екі данада тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

      Тексеру нәтижелері туралы актіде:

      1) актінің нөмірі, жасалған күні, уақыты мен орны;

      2) уәкілетті органның атауы;

      3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;

      4) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;

      5) тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;

      6) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;

      7) тексеру жүргізілген күн, орын және кезең;

      8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;

      9) қадағалау субъектісінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазба;

      10) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы көрсетіледі.

      13. Қадағалау субъектісі тексеру нәтижелеріне жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

      14. Тексеру нәтижелері туралы актіге жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар болған кезде) қоса беріледі.

      15. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, қадағалау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды.

      Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркелуі мүмкін, бұл жөнінде тиісті белгі жасалады.

      Қадағалау субъектісінде түпнұсқа түрінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін қадағалау субъектісіне не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.

      16. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы акт қадағалау субъектісіне табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.

      17. Тексеру нәтижелері туралы акт мынадай тәсілдермен:

      1) қолма-қол – алғаны туралы белгі қойылғаннан бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хат жіберу арқылы табыс етіледі.

      18. Тексеру жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіге тиісті жазба жасалады.

      19. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, лауазымды адамдар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді, сондай-ақ қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу түрінде жедел ден қою шараларын қабылдайды.

      20. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:

      1) нөмірі мен күні;

      2) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;

      3) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;

      4) тексеру нәтижелері туралы актінің нөмірі мен күні;

      5) анықталған бұзушылықтар және оларды жою туралы талап;

      6) нұсқаманы орындау мерзімдері;

      7) шағым жасау тәртібі.

      21. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін айрықша жағдайларда лауазымды адамның қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін соттың шешімінсіз үш тәуліктен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оларға тыйым салуға құқығы бар. Көрсетілген мерзімде уәкілетті орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдарды сотқа жіберуге міндетті.

      Қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама сот қаулысы шығарылғанға дейін қолданылады.

      22. Қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:

      1) нөмірі, жасалу күні мен орны;

      2) осы нұсқаманы берген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;

      3) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;

      4) тексеру нәтижелері туралы актінің нөмірі мен күні;

      5) осы шараны қолдану негізі;

      6) қызметті жүзеге асыруы уақытша тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға жататын объект;

      7) қызметтің іс жүзінде тоқтатыла тұру уақыты;

      8) тұлғаның түсініктемелері;

      9) істі дұрыс шешу үшін қажет өзге де деректер.

      23. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама қадағалау субъектісіне немесе оның өкіліне осы баптың 17-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен табыс етіледі.

      24. Нұсқамалар қадағалау субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

      25. Лауазымды адамдар беретін нұсқамаларға жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тарау 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ

8-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болуға;

      2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен нысаналы жұмыс істеуді қамтамасыз етуге;

      3) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің жобалау және пайдалану сипаттамалары мен өлшемдерінің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік экспорттық бақылау талаптарына және (немесе) ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;

      4) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;

      5) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық материалдарды есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;

      6) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;

      7) ядролық материалдарды есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;

      8) иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;

      9) уәкілетті органға ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелердегі, жабдықтардағы, ядролық қондырғы құжаттамасындағы кез келген өзгерістер туралы хабарлауға;

      10) уәкілетті органға ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікке байланысты авариялар мен оқыс оқиғалар туралы хабарлауға;

      11) өмірлік циклінің бүкіл кезеңі ішінде ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету үшін қажетті ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық ресурстарына ие болуға және білікті персоналы болуға;

      12) ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару, көму пунктін жабу, кейіннен кәдеге жарату, радиоактивті қалдықтарды көму, радиациялық авариялардың салдарын жою, адамдардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын көздеуге;

      13) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

      14) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде ядролық және радиациялық қауіпті жұмыстарға жіберілген жұмыскерлердің сәуле алу мөлшерін есепке алу мен талдауды жүргізуге және олардың өтемақы алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге;

      15) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды даярлауды, біліктілігін сақтауды және уақтылы аттестаттауды жүзеге асыруға міндетті.

      2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың және (немесе) мұндай объектілердің меншік иелерінің атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді басқа жеке және заңды тұлғаларға, егер бұл тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиялары болмаса, беруге құқығы жоқ.

      3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызметін тоқтатқан кезде қызметті қауіпсіз тоқтату жөніндегі мынадай іс-шараларды орындауға:

      1) ядролық материалдарды және (немесе) иондандырушы сәулелену көздерін атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, олармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар жеке және заңды тұлғаларға беруге;

      2) радиоактивті қалдықтарды және (немесе) пайдаланылған радионуклидті көздерді сақтау немесе көму пункттеріне беруге;

      3) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау немесе көму пункттеріне не атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, ядролық материалдармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар заңды тұлғаларға беруге;

      4) қоршаған ортаны қалпына келтіру, аумақтарды рекультивациялау, тоқтатылатын қызметті жүзеге асыру кезінде ластанған жабдықтар мен үй-жайларды активсіздендіру бойынша жұмыстар жүргізуге міндетті.

9-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Алып қою деңгейінен жоғары атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен қызмет лицензиялануға жатады.

      2. Қызметтің түрлері: атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклінің кезеңдеріне байланысты жұмыстарды орындау; ядролық материалдармен жұмыс істеу; радиоактивті заттармен, құрамында радиоактивті заттар бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; иондандырушы сәулеленуді генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу; ядролық материалдарды, радиоактивтi заттарды, иондандырушы сәулеленудің радиоизотоптық көздерiн, радиоактивтi қалдықтарды транзиттiк тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде тасымалдау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша алуға өтінішті қарау мерзімі – ол ұсынылған күннен бастап:

      1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылар, көму пункттері үшін – он айдан аспайды;

      2) радиациялық қауіптілігі 3 және 4-санаттардағы ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін – бес айдан аспайды;

      3) радиациялық қауіптілігі 3-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін – алпыс жұмыс күнінен аспайды;

      4) радиациялық қауіптілігі 4-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін – қырық жұмыс күнінен аспайды;

      5) пайдаланылып болған ядролық отынды, активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды тасымалдау үшін – төрт айдан аспайды;

      6) ядролық материалдарды тасымалдау үшін – елу жұмыс күнін;

      7) активтілігі орташа, активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды, радиоактивті заттар мен жабық радиоактивті көздерді тасымалдау үшін – отыз жұмыс күнін құрайды.

      3. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларға қатысы жоқ иондандырушы сәулелену көздерімен немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, сондай-ақ қызметтің түрлері: атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету; бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа аумақтардағы қызмет; ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау; ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты персоналды арнайы даярлау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру туралы өтініштерді қарау мерзімі отыз жұмыс күнін құрайды.

      4. Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде аспаптардың, қондырғылардың, материалдардың, заттардың, қалдықтардың түрі көрсетіледі, бұлармен лицензиат мынадай тізбе бойынша жұмыс жүргізеді:

      1) ядролық отын және оның компоненттерін дайындайтын қондырғылар;

      2) атом энергетикалық станциялары;

      3) ядролық (атом) зерттеу реакторлары;

      4) термоядролық реакторлар;

      5) табиғи уран өндіретін және қайта өңдейтін қондырғылар;

      6) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;

      7) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;

      8) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;

      9) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау пункттері;

      10) радионуклидті көздерді сақтау пункттері;

      11) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;

      12) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;

      13) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;

      14) пайдаланылып болған ядролық отынды көму пункттері;

      15) пайдаланылған радионуклидті көздерді көму пункттері;

      16) изотоптық құрамы көрсетілген ядролық материалдар;

      17) радиоактивті заттар;

      18) радиофармпрепараттар;

      19) нейтрон генераторлары;

      20) құрамында уран бар заттар;

      21) құрамында торий бар заттар;

      22) табиғи уранның қайта өңделген өнімдері;

      23) белсенділігі көрсетілген жабық радионуклидті көздер;

      24) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтар;

      25) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтар;

      26) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтар;

      27) радиоизотоптық спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;

      28) рентгендік спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;

      29) стационарлық радиоизотоптық дефектоскоптар;

      30) көшпелі радиоизотоптық дефектоскоптар;

      31) стационарлық рентгендік дефектоскоптар;

      32) көшпелі рентгендік дефектоскоптар;

      33) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған радиоизотоптық қондырғылар;

      34) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған рентген жабдығы;

      35) адамды жеке-дара жете тексеруге арналған рентген жабдығы;

      36) энергиясы 10 МэВ дейін электрондарды үдеткіштер;

      37) энергиясы 10 МэВ жоғары электрондарды үдеткіштер;

      38) энергиясы 2 МэВ/нуклонға дейін иондарды үдеткіштер;

      39) энергиясы 2 МэВ/нуклоннан жоғары иондарды үдеткіштер;

      40) зарядталған бөлшектерді медициналық үдеткіштер;

      41) жалпы мақсаттағы медициналық рентген қондырғылары;

      42) медициналық рентгендік дентальдық жабдық;

      43) медициналық рентгендік маммографиялық қондырғылар;

      44) медициналық рентгендік ангиографиялық жабдық;

      45) медициналық компьютерлік рентгендік томографтар;

      46) медициналық радиоизотоптық диагностикалық жабдық;

      47) медициналық рентгендік терапиялық жабдық;

      48) медициналық рентгендік симуляторлар;

      49) медициналық гамма-терапиялық қондырғылар.

      5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет түрлеріне лицензиялардың қолданылуы мынадай жағдайларда:

      1) радиациялық авариялар және (немесе) оқыс оқиғалар кезінде;

      2) тексерулер нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылған кезде;

      3) лицензия алу кезінде лицензиат ұсынған материалдарда анық емес мәліметтер анықталған кезде;

      4) уәкілетті органның нұсқамалары белгіленген мерзімдерде орындалмаған кезде алты айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.

      6. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде лицензиат ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастырады.

      7. Лицензияны тоқтата тұру немесе одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

10-бап. Қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттары

      1. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар мынадай төрт радиациялық қауіптілік санатына бөлінеді:

      1) 1-санат – авария кезінде олардың санитариялық-қорғау аймағының шегінен тысқары жерде халыққа радиациялық әсері болуы мүмкін қондырғылар;

      2) 2-санат – авария кезінде радиациялық әсер олардың санитариялық-қорғау аймағының аумағымен шектелетін қондырғылар;

      3) 3-санат – радиациялық әсері оларды орналастыру алаңымен шектелетін қондырғылар;

      4) 4-санат – радиациялық әсері атом энергиясын пайдалана отырып қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жүргізілетін үй-жайлармен немесе жұмыс орнымен ғана шектелетін қондырғылар.

      2. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттарын атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын және (немесе) қондырғылардың меншік иелері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес айқындайды.

      3. Заңды тұлғалар ғана радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық және радиациялық қондырғылардың, сондай-ақ электрофизикалық қондырғылардың меншік иелері бола алады.

11-бап. Радионуклидті көздердің қауіптілік санаттары

      1. Радиациялық қорғануды оңтайландыру және ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында радионуклидті көздер адамға қауіпті әсер туғызатын шекті белсенділікке көздің белсенділігінің қатысымен айқындалатын бес қауіптілік санатына бөлінеді:

      1) 1-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1000-нан астам мәнге ие көздер;

      2) 2-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 10-нан 1000-ға дейінгі мәнге ие көздер;

      3) 3-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1-ден 10-ға дейінгі мәнге ие көздер;

      4) 4-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден 1-ге дейінгі мәнге ие көздер;

      5) 5-санат – белсенділігі алып қою деңгейінен жоғары мәнге ие және белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден кем мәнге ие көздер.

      2. Әртүрлі радиоизотоптар үшін шекті белсенділік шамасының мәндерін уәкілетті орган белгілейді.

12-бап. Ядролық қондырғылар мен көму пункттерін салу

      1. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғыны немесе көму пунктін салу жоспарланатын жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) елдің және оның жекелеген өңірлерінің шаруашылық міндеттерін шешу үшін оларға деген қажеттіліктерді;

      2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сай келетін көрсетілген объектілерді орналастыру үшін қажетті жағдайлардың болуын;

      3) жақын орналасқан азаматтық және әскери объектілер тарапынан көрсетілген объектілерге қауіпсіздік қатерінің жоқ екендігін;

      4) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптарды;

      5) көрсетілген объектілерді орналастырудың өңірдің өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық және әлеуметтік дамуына ықтимал әлеуметтік және экономикалық салдарын ескере отырып, қабылдайды.

      2. Салу және салу ауданы туралы шешім қабылданғаннан кейін ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңын таңдау жұмыстары жүргізіледі.

      3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңы:

      1) табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлер;

      2) радиоактивті заттардың ықтимал көшірілуі;

      3) ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану нәтижесінде немесе оқыс оқиғалардың немесе авариялардың туындауы салдарынан халыққа және қоршаған ортаға келтірілетін нұқсанды болғызбау мүмкіндігі ескеріле отырып, айқындалуға тиіс.

      4. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау, салу және пайдалануға беру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Ядролық қондырғылардың және көму пункттерінің жобалау құжаттары міндетті түрде мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардан өткізіледі.

      6. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салуға заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі.

      7. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қондырғыны немесе көму пунктін салуды тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.

13-бап. Ядролық физикалық қауіпсіздік

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланушы ұйым ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

      2. Ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді физикалық қорғау жүзеге асырылады, ол:

      1) атом энергиясы пайдаланылатын объектіні ядролық материалдарды рұқсатсыз алып қоюдан, ұрлаудан немесе ядролық қондырғыны заңсыз басып алудан қорғауды;

      2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді диверсиядан қорғауды;

      3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде болуы ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын жеңілдетуді немесе барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиіс.

      3. Радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды күзетуді ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері жүзеге асырады.

14-бап. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiн мемлекеттік есепке алу

      1. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерi уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттiк есепке алынуға жатады.

      2. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу ядролық материалдардың, иондандырушы сәулелену көздерінің қолда бар санын, олармен жұмыс істеу кезінде олардың орын ауыстыруын және орналасқан жерін айқындауды қамтамасыз етеді.

      3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiнің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептерді ұсынады.

      4. Уәкілетті орган иондандырушы сәулелену көздерінің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы алынған ақпаратқа талдау мен салыстыруды жүзеге асырады және оны иондандырушы сәулелену көздерінің тізіліміне енгізеді.

15-бап. Атом энергиясын пайдалану саласында экспорт пен импортты жүзеге асыру

      1. Ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтардың, қондырғылардың, технологиялардың, иондандырушы сәулелену көздерінің, қосарлы қолданылатын (мақсаттағы) жабдықтардың және тиісті тауарлар мен технологиялардың, оларды шығаруға байланысты жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты уәкілетті органның келісуі бойынша экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде жүзеге асырылады.

      2. Өнімнің немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерінің экспортына, егер мұндай өнім немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелері ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлеуде, жасауда, сынауда және беруде пайдаланатындығы экспорттаушыға анық белгілі болса, тыйым салынады.

      3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы экспорттық бақылаудың нормалары мен талаптарын қамтамасыз ету мақсатында экспорттаушылар Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасына сәйкес фирмаішілік экспорттық бақылау жүйелерін құрады.

16-бап. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау

      1. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау көліктік қаптама комплектілерін дайындауға және оларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүктерді дайындауға, тиеуге, жөнелтуге, транзиттік сақтауды қоса алғанда, тасуға, соңғы межелі пунктте түсіруге және қабылдап алуға байланысты барлық операциялар мен жағдайларды қамтиды.

      3. Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдауды қауіпсіз орындауға қажетті жағдайларды жасауға міндетті.

      4. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.

      5. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тасуға рұқсат етілген ядролық материалдар, радиоактивті заттар және радиоактивті қалдықтар қаптамасының коды мен типі, тасу шарттары, тіркеу нөмірі мен күні, олардың қолданылу мерзімі көрсетіле отырып, конструкциясын уәкілетті орган бекітетін көліктік қаптама комплектілерінде жүзеге асырылады.

17-бап. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілген радиоактивті қалдықтар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде халық пен қоршаған ортаны радиациялық қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.

      2. Радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды барынша азайту шараларын қабылдауға міндетті.

      3. Пайдаланылып болған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және пайдалану құжаттамасында көзделуге тиіс.

      4. Пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберіледі.

      5. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.

      6. Радиоактивті қалдықтармен және (немесе) пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

      7. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген талаптар сақталуға тиіс.

18-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметті жүзеге асыру

      1. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.

      2. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтарда осы аумақтардың шекаралары олардың радиоактивті ластануы ескеріле отырып белгіленеді.

19-бап. Құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардың пайдаланылуын бақылау

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке жатпайтын өндірістік қызметте пайдаланылатын материалдардың құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтердің болуына байланысты жұмыскерлер мен тұрғындардың сәуле алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтерден аспауға тиіс.

      2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жұмыскерлер мен тұрғындарды құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардан нормативтен тыс сәуле алудан қорғау мақсатында радиациялық бақылауды жүзеге асырады.

20-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігі

      1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті, авариялық әзірлікті қамтамасыз ету және ядролық және (немесе) радиациялық аварияларға ден қою үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті біліктілігі болуға тиіс.

      2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) мамандар – жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;

      2) техниктер – бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;

      3) жұмысшылар – дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.

      3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.

      4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілік талаптарына сай келмейтін және (немесе) мәлімделген жұмыс түріне медициналық қарсы көрсетілімдері бар жұмыскерлерді жіберуіне тыйым салынады.

      5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті кәсіби деңгейін қолдау және білімі мен дағдыларын арттырудағы қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

21-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау

      1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкестігін айқындау тұрғысынан аттестаттаудан өтеді.

      2. Персоналды аттестаттау ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      3. Уәкілетті орган:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін мамандарды;

      2) ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау, ядролық қондырғы мен ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін ядролық қондырғы персоналын;

      3) радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін радиациялық, электрофизикалық қондырғы персоналын аттестаттауды өткізеді.

      Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар аттестаттайды.

      4. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) бастапқы аттестаттау;

      2) мерзімді аттестаттау;

      3) кезектен тыс аттестаттау.

      5. Персоналды бастапқы аттестаттау жұмыскер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі. Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:

      1) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде оқыс оқиғалар туындағанда – олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;

      2) уәкілетті органның тексерулері нәтижесінде анықталған, ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік талаптары, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда – бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;

      3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.

      6. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы аттестаттау комиссиясы қорытындысын алған жұмыскерді жіберуіне тыйым салынады.

22-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және көму пункттерін жабу

      1. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау сатысында ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көму пунктін жабудың алдын ала жоспарын Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді.

      2. Пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін немесе көму пунктін жапқаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.

      3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану кезінде пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.

      4. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.

      5. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.

      6. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      7. Көму пунктін жабу туралы шешімді оны жабу жөніндегі іс-шаралар аяқталған кезде уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Уәкілетті органның ұсынуы:

      1) көму пунктін пайдалану салдарынан ластанған аумақты рекультивациялауды;

      2) көму пункті орналасқан алаңдағы радиациялық ахуалды бақылап өлшеуді жүргізуді;

      3) көмілген радиоактивті қалдықтарды, көму пунктінің конструкциясын, көму пункті орналасқан алаңның геотектоникалық, геологиялық және геофизикалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, құжаттама топтамасын архивке беру үшін ресімдеуді қамтитын, пайдаланушы ұйым орындаған көму пунктін жабу жөніндегі іс-шараларға негізделеді.

23-бап. Авариялық әзірлік және ден қою

      1. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:

      1) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаңның шегінен тысқары шыққан немесе олардың шығу қатері болған жағдайда;

      2) әсері немесе әсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын, басқа мемлекеттің аумағында орын алған трансшекаралық ядролық немесе радиациялық авариялар кезінде уәкілетті органның шешімімен қолданысқа енгізіледі.

      2. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:

      1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ядролық немесе радиациялық авария жағдайындағы құқықтары мен міндеттерін;

      2) ядролық және радиациялық аварияларға әзірлік және ден қою жөніндегі әрекеттер мен іс-шараларды басқару тәртібін;

      3) ядролық немесе радиациялық авария жағдайында және оның салдарын жою жағдайында ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіруді айқындайды.

      3. Уәкілетті орган тиісті ядролық немесе радиациялық авария туралы ақпаратты алған кезде ол жөнінде, сондай-ақ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын қолданысқа енгізу туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға дереу хабарлайды.

      4. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді. Аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларында оқыс оқиғалар кезінде және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының радиациялық қауіптілік санатына сәйкес персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайту жөніндегі әрекеттер тәртібі мен іс-шаралар көзделеді.

      5. Пайдаланушы ұйымдар атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

      6. Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.

4-тарау. ЯДРОЛЫҚ, РАДИАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКАЛЫҚ
ҚАУІПСІЗДІК САРАПТАМАСЫ. ЯДРОЛЫҚ, РАДИАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ
ФИЗИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САРАПТАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН
ҰЙЫМДАРДЫ АККРЕДИТТЕУ

24-бап. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы

      1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың, көліктік қаптама комплектілерінің қауіпсіздігін олар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңіне тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

      2. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің мерзімділігі үш жылда бір рет болады.

      3. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын осы қызмет түрін жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттелген ұйымдар жүргізеді. Бұл ретте атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғамен немесе пайдаланушы ұйымның лауазымды адамдарымен жақын туыстық немесе жекжаттық қарым-қатынаста тұрған адам, сондай-ақ атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғамен, пайдаланушы ұйыммен еңбек қатынастарында немесе өзге де шарттық қатынастарда тұрған жеке тұлғалар сарапшы бола алмайды.

      4. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына құжаттарды пайдаланушы ұйым немесе атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға ұсынады.

      5. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижелері бойынша сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға жол беру мен ықтималдық туралы қорытынды беріледі.

      6. Сараптаманың теріс қорытындысын алу сараптама қорытындысында көрсетілген барлық ескертулерді жойған пайдаланушы ұйымды немесе атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаны сараптама жүргізу үшін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.

      7. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын қаржыландыру пайдаланушы ұйымның немесе атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

25-бап. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасының объектілері

      Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына:

      1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды орналастыру және салу алаңдарын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасы;

      2) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды, көліктік қаптама комплектілерінің жобалау және пайдалану құжаттамасы;

      3) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды, көліктік қаптама комплектілерін техникалық жаңғыртуға арналған жобалау құжаттамасы;

      4) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды, көліктік қаптама комплектілерін пайдаланудан шығару жөніндегі жобалау және пайдалану құжаттамасы жатады.

26-бап. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу

      1. Уәкілетті орган ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеуден өткізеді.

      2. Аккредиттеу жүргізудің нәтижелері бойынша аккредиттеу туралы куәлік беріледі. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі үш жылды құрайды. Аккредиттеу туралы куәлік аккредиттеу саласын, аккредиттеу саласындағы жұмыс түрлерін, қолданылатын есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық-техникалық құралдарды қамтиды.

      3. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымның:

      1) аккредиттеу саласында немесе аккредиттеу саласымен тікелей байланысты қызметте кемінде бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі;

      2) аккредиттеудің тиісті саласындағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуге қабілетті білікті персоналы;

      3) мәлімделген жұмыс түрлерін орындау үшін бағдарламалық-техникалық құралдары және (немесе) есеп-қисап әдістемелері болуға тиіс.

      4. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      5. Мыналар:

      1) ұсынылған құжаттарда анық емес ақпараттың болуы;

      2) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) өтініш берушінің персоналы біліктілігінің мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;

      4) есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық құралдарының мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;

      5) мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы өтініш берушіні аккредиттеуден бас тартуға негіз болып табылады.

      Аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      6. Аккредиттелген ұйымдар:

      1) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша аккредиттеу саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты құжаттаманы ұсынуға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыстарды орындау барысында алынған құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.

      7. Уәкілетті орган ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізеді.

      8. Аккредиттелген ұйымдар ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу кезінде уәкілетті органмен келісілген есеп-қисап әдістемелерін қолданады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

28-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан келтірілген зиянды өтеу

      1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

      2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен тиісінше жұмыс істемеуге кінәлі жеке және заңды тұлғалар, жерді рекультивациялауға және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті.

29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      2. "Атом энергиясын пайдалану туралы" 1997 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 83-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 8, 52-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 жылғы 3 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады