Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 5 ақпандағы № 451-V ҚРЗ

      2015 жылғы 20 шілдеде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

ҚАРЫЗ № 8490 - KZ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ арасындағы Қарыз туралы келісім (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру
жөніндегі жоба) 2015 жылғы 20 шілде

Қазақстан Республикасы мен
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын
ынталандыру жөніндегі жоба)

      2015 жылғы 20 шілдедегі ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ («Қарыз алушы») мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ («Банк») арасындағы келісім. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк төмендегілер туралы уағдаласты:

I БАП - ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АНЫҚТАМАЛАР

      1.01. Жалпы Шарттар (осы Келісімге қосымшада анықталғандар) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      1.02. Егер мән мәтінінен өзгеше туындамаса, онда осы Келісімде пайдаланылатын, бас әріптен басталатын терминдер Жалпы Шарттарда немесе осы Келісімге қосымшада оларға бекітіп берілген мағыналарына ие болады.

II БАП - ҚАРЫЗ

      2.01. Банк Қарыз алушыға сипаттамасы осы Келісімге 1-толықтыруда келтірілген жобаны («Жоба») қаржыландыруға жәрдем көрсету мақсатында осы Келісімде жазылған немесе онда сілтеме жасалған мерзімге және шарттарда осы Келісімнің («Қарыз») 2.08-бөлімінің ережелеріне сәйкес валюта айырбастау арқылы кезең-кезеңімен айырбастауға болатын бір жүз миллион (100000000 АҚШ доллары) АҚШ долларына тең соманы беруге келіседі.
      2.02. Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Келісімге 2-толықтырудың IV бөліміне сәйкес алуға құқылы.
      2.03. Қарыз алушы төлеуге тиіс біржолғы комиссия Қарыз сомасының бір пайызының төрттен бірін (0,25%) құрайды. Қарыз алушы біржолғы комиссияны осы Келісім күшіне енген күннен кейін алпыс күннен кешіктірмей төлейді.
      2.04. Қарыз алушы төлеуге тиіс резервке қойғаны үшін комиссия Қарыздың алынбаған қалдығының жылдық бір пайызының төрттен бірін (0,25%) құрайды.
      2.05. Қарыз алушы әрбір пайыздық кезең үшін төлеуге тиіс пайыздар Қарыз валютасы үшін референттік мөлшерлемеге өзгермелі спрэдті қосқанға тең мөлшерлеме бойынша есептелетін болады; Қарыздың негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігін конверсиялау кезінде осындай сома бойынша конверсиялау кезеңі уақытында Қарыз алушы төлеуге тиіс сыйақы мөлшері Жалпы Шарттардың ІV бабының ережелеріне сәйкес айқындалуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, егер Қарыздың алынған өтелмеген қалдығы бөліктерінің кез келгені уақтылы төленбей қалса және отыз күн ішінде төленбесе, Қарыз алушы төлеуге тиіс сыйақы мөлшері мұндай жағдайда Жалпы Шарттардың 3.02 (e) бөлімінің ережелеріне сәйкес есептеледі.
      2.06. Әр жылдың 15 наурызы және 15 қыркүйегі төлем күндері болып табылады.
      2.07. Қарыздың негізгі сомасы осы Келісімге 3-толықтыруда келтірілген өтеу кестесіне сәйкес өтеледі.
      2.08. (a) Қарыз алушы кез келген уақытта борышты ұтымды басқаруды қамтамасыз ету үшін Қарыз шарттарының мынадай конверсияларының кез келгенін жүргізуді сұрата алады:
      (і) мақұлданған валютаға алынған да, алынбаған да Қарыз валютасының барлық немесе Қарыздың негізгі сомасының кез келген бөлігін өзгерту;
      (іі) мыналарды: (А) өзгермелі мөлшерлемеден тіркелген мөлшерлемеге немесе керісінше Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігіне; немесе (В) референттік мөлшерлеме мен өзгермелі спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеден тіркелген референттік мөлшерлеме мен өзгермелі спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеге немесе керісінше Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігіне; немесе (С) өзгермелі спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеден тіркелген спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеге Қарыздың алынған және өтелмеген барлық негізгі сомасына қолданылатын пайыздық мөлшерлеме базисін өзгерту; және
      (ііі) өзгермелі мөлшерлеме немесе референттік мөлшерлеме үшін пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегін немесе пайыздық мөлшерлеменің төменгі шегін белгілеу арқылы Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігіне қолданылатын өзгермелі мөлшерлеменің немесе референттік мөлшерлеменің шектерін айқындау.
      (b) Осы бөлімнің (а) тармағына сәйкес сұратылған, Банк қабылдаған кез келген өзгеріс Жалпы Шарттарда айқындалғандай «Конверсия» деп есептеледі және Жалпы Шарттардың IV бабы мен конверсия жөніндегі нұсқама ережелеріне сәйкес күшіне енеді.

ІІІ БАП – ЖОБА

      3.01. Қарыз алушы өзінің Жоба мақсаттарын ұстанатыны туралы мәлімдейді. Осы мақсатта Қарыз алушы Жобаны Жалпы Шарттардың V бабының ережелеріне сәйкес Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (ДСӘДМ) арқылы іске асырады.
      3.02. Егер Қарыз алушы мен Банк арасында өзгеше келісілмесе, осы Келісімнің 3.01-бөлімінің ережелері үшін шектеусіз, Қарыз алушы осы Келісімге 2-толықтырудың ережелеріне сәйкес Жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді.

IV БАП – КҮШІНЕ ЕНУІ; ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ

      4.01. Келісімнің күшіне енуінің қосымша шарттары мыналар болып табылады:
      (a) Банк үшін қанағаттандырылған Жоба бойынша операциялық нұсқаманы Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы қабылдады.
      (b) Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы осы Келісімге 2-толықтырудың I.A.3-бөлімінде көрсетілгендей ЖБТ құру туралы бұйрық шығарады.
      4.02. Осы Келісім күшіне енетін соңғы мерзім осы Келісімге қол қойылған күннен кейін бір жүз сексен (180) күн өткен соң басталатын күн болып табылады.

V БАП – ӨКІЛ; МЕКЕНЖАЙЛАР

      5.01. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Қарыз алушының өкілі болып табылады.
      5.02. Қарыз алушының мекенжайы:
      Қаржы министрлігі
      Жеңіс даңғылы, 11
      Астана, 010000
      Қазақстан Республикасы
      Телекс:        Факс:
      265126 (FILIN) (7) (7172) 717785
      5.03. Банктің мекенжайы:
      Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі
      1818 Н, N.W. көшесі
      Вашингтон, Колумбия округі, 20433
      Америка Құрама Штаттары
      Телеграф мекенжайы:    Телекс:            Факс:
      INTBAFRAD              248423(MCI) немесе 1-202-477-6391
      Washington, D.C.       64145(MCI)

      __________________, _____________ жоғарыда көрсетілген жылы және күні КЕЛІСІЛДІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ үшін       

Қол қойған:                          
______________________________________
Уәкілетті өкіл        
Т.А.Ә.: ______________________________
Лауазымы:  ___________________________

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ           
ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ үшін             

Қол қойған:                        
_____________________________________
Уәкілетті өкіл         
Т.А.Ә.: _____________________________
Лауазымы:  __________________________

1-ТОЛЫҚТЫРУ

Жобаның сипаттамасы

      Жобаның мақсаты жұмыспен қамту және нысаналы бенефициарлардың еңбек дағдылары саласындағы нәтижелерді жақсарту мен техникалық және кәсіптік білім берудің, оқытудың және жоғары білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру болып табылады.
      Жоба мынадай бөліктерден тұрады:
      1-бөлік: Ұлттық біліктіліктер жүйесі үшін негіз қалыптастыру
      Техникалық және кәсіптік білім берудің және оқытудың, жоғары білім берудің өзектілігін арттыру, сондай-ақ өндірістен қол үзбей біліктілікті арттыру үшін Қарыз алушының институционалдық әлеуетін мынадай іс-шаралар арқылы күшейту:
      (a) кәсіптік стандарттарды, оның ішінде оларды жаңарту және келісу процестерін жетілдіру;
      (b) білім беру және оқыту стандарттары мен техникалық және кәсіптік білім беру, оқыту және жоғары білім беру бағдарламаларына шолу жасау және оларды жаңарту жүйесін әзірлеу және іске асыру; және
      (c) тестілеудің және кәсіптік сертификаттаудың пилоттық салалық орталықтарына техникалық қолдау көрсету арқылы бағалаудың және біліктіліктер берудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жол картасын әзірлеу.
      2-бөлік: Жұмыспен қамту және өнімділік саласындағы нәтижелерді арттыру үшін дағдыларды жетілдіру
      ЖОН-да көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес анықталатын және іріктелетін жұмыссыздар, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар және оқуға мұқтаж жұмысқа орналасқан адамдар үшін талап етілген оқуды мынадай іс-шаралар арқылы беру:
      (a) Жұмыссыздар және нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мынадай жолмен жетілдіру:
      i. ЖОН-ға сәйкес жүзеге асырылып жатқан қолда бар мүмкіндіктерді бағалау негізінде жұмыспен қамту орталықтары немесе бөлімдері арқылы жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жақсарту және кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру; және
      ii. (А) бейіндеу құралын енгізу, (В) жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдерінің қызметкерлері үшін қолжетімді ақпараттың сапасын арттыру мақсатында Қарыз алушының еңбек нарығының қолда бар ақпараттық жүйесін нығайту, сондай-ақ (С) жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға неғұрлым белсенді тәсілді қолдану үшін қызметкерлерді оқыту арқылы пайдаланушыларға ең жақсы қолдау көрсету үшін жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдерінің әлеуетін арттыру.
      (b) Мыналар арқылы жұмыс күшін оқыту өзектілігін арттыру:
      i. оқыту қызметтерін ұсынуға қатысты нормативтік-құқықтық базаға шолу жасау;
      ii. оқыту қызметтерін көрсетушілердің базасын кеңейту;
      iii. оқытудың өзектілігін бағалау және осы баға негізінде 2-бөліктің төмендегі (с) шеңберінде оқыту жүргізуге құқығы бар, алдын ала біліктіліктен өткен оқыту қызметтерін көрсетушілердің тізбесін құрастыру; және
      iv. 2-бөліктің төмендегі (с) шеңберінде ұсынылған оқытуды жүргізуді қоса алғанда, оқыту қызметтерін ұсыну өзектілігін арттыру үшін іріктелген оқыту қызметтерін көрсетушілерге қажетті қолдау көрсету.
      (с) а) Жұмыссыздарға және нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға; және b) оқуға мұқтаж жұмысқа орналасқан қызметкерлерге ЖОН-да жазылған өлшемшарттарға сәйкес оқытуды ұсынудан тұратын дағдылар деңгейін арттыру бойынша оқыту бағдарламасын жасау және іске асыру.
      3-бөлік: Жобаны басқару, мониторинг және бағалау
      (a). Жобаны басқаруға, мониторинг жүргізу жөніндегі іс-шараларға және бағалауға және операциялық шығыстарды жабуға қолдау көрсету.
      (b). Жоба бойынша ақпараттық-түсіндіру науқанын, кері байланыс пен проблемаларды шешу тетігін және жетістіктері үшін наградалар бағдарламаларын ЖОН-да жазылған өлшемшарттарға сәйкес әзірлеу және іске асыру.

2-ТОЛЫҚТЫРУ

Жобаның орындалуы

      I бөлім. Іске асыру тетіктері
      А. Институционалдық тетіктер
      1. Осы Келісімнің 3.01-бөлімінің ережелері үшін шектеусіз Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы Жобаны ЖОН-да ұсынылған талаптарға, өлшемшарттарға, ұйымдастыру тетіктері мен операциялық рәсімдерге сәйкес іске асырады.
      2. Қарыз алушы Банктің алдын ала келісімінсіз ЖОН-ның кез келген ережелерін қайта табыстауға, өзгерістер енгізуге, күшін жоюға немесе бас тартуға құқылы емес.
      3. Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы а) функциялары және міндеттері (оның ішінде Жобаға байланысты күнделікті іс-шараларды орындау міндеті) Банктің талаптарын қанағаттандыратын жобаны басқару жөніндегі топты (ЖБТ) құрады және Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде оның қызметін одан әрі жүзеге асырып, қолдайтын болады; және b) ЖБТ мүшелерінің Банктің талаптарын қанағаттандыратын біліктілігі және тәжірибесі болуын, Жобаның бүкіл уақыты ішінде ЖБТ жұмысына Жоба үйлестірушісінің басшылық жасауын және кем дегенде мына қызметкерлерді: (і) қаржылық басқару жөніндегі маманды; (іі) бухгалтерді; (ііі) сатып алу жөніндегі бір немесе бірнеше маманды (қажеттілігіне қарай); (іv) мониторинг және бағалау жөніндегі маманды; (v) экологиялық/әлеуметтік қорғау шараларын сақтау саласындағы маманды (қажеттілігіне қарай); (vі) ұлттық біліктіліктер жүйесі жөніндегі маманды; (vіі) жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер жөніндегі мамандарды (біреуі жұмысқа орналастыру қызметтерін көрсету бойынша және біреуі еңбек нарығының ақпараттық жүйесі бойынша); (vііі) жұмыс күшін оқыту жөніндегі маманды; және (іх) қажеттілігіне қарай ассистентті және аудармашыларды қоса алғанда, әкімшілік және көмекші персоналды қамтуын қамтамасыз етеді.
      4. Осы бөлімнің 3-тармағының ережелеріне қарамастан, осы Келісім күшіне енген күннен бастап қырық бес (45) күннен кешіктірмей Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы ЖБТ құрамына Жоба үйлестірушісін, қаржылық басқару жөніндегі маманды, кем дегенде сатып алу жөніндегі бір маманды және бухгалтерді жалдайды.
      5. Қарыз алушы Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде жобаны үйлестіру жөніндегі ұлттық ведомствоаралық топ болып табылатын, Жоба бойынша операциялық нұсқамада көзделген, тиісті министрліктер мен агенттіктердің жоғары басшылығы өкілдерін қамтитын құрамда, Банктің талаптарын қанағаттандыратын еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жұмыс тобының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
      6. Қарыз алушы Жоба бойынша операциялық нұсқамада айқындалған құрамда (өзгелермен қатар, ДСӘДМ, БҒМ және ҰКП өкілдерінен тұратын), функциялары мен міндеттері Банк үшін қолайлы, өзгелермен қатар, мынадай: (і) Жобаны басқаруды қадағалауды жүзеге асыру; және (іі) ДСӘДМ-ді Жобаны жалпы іске асыру бойынша стратегиялық және техникалық нұсқамамен қамтамасыз ету міндеттерін қамтитын Жобаның жұмыс комитетін құрады және одан әрі жобаны іске асыру кезеңінде қолдайтын болады.
      7. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап алпыс (60) күннен кешіктірмей Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы Жоба бойынша Банк үшін қолайлы қаржылық есептілікті қалыптастыру және бухгалтерлік есепті жүргізу үшін Жобаны жұмыс істеп тұрған бағдарламалық қамтамасыз етумен қамтамасыз етеді.

      B. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
      Қарыз алушы Жобаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқамаға сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      C. Қорғау шаралары
      1. Қарыз алушы Жобаны іске асыруды Қоршаған ортаны басқару жоспарының Бақылау тізбесіне (және осындай Жоспар шеңберінде дайындалған кез келген табиғатты қорғау іс-шаралары бойынша жергілікті жоспарларға) сәйкес жүзеге асырады және Банктің алдын ала келісімінсіз, оның қандай да бір ережелерін қайта табыстамайды, оларға өзгерістер енгізбейді, тоқтата тұрмайды, жоймайды, күшін жоймайды немесе олардан бас тартпайды.
      2. Қарыз алушы Жобаны іске асырумен байланысты ешқандай іс-шаралар адамдардың мәжбүрлі қоныс аударуына әкеп соқпауын немесе Банк айқындағандай сезімталдықпен, әртектілікпен немесе теңдессіздікпен сипатталатын, қоршаған ортаға елеулі теріс әсер етпеуін қамтамасыз етеді.

      II бөлім. Жобаның мониторингі, есептілігі және оны бағалау
      А. Жоба бойынша есептер
      Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы Жобаны іске асыру барысына мониторинг және бағалау жүргізеді, сондай-ақ Жалпы Шарттардың 5.08-бөлімінің ережелеріне сәйкес және Банк үшін қолайлы индикаторлар негізінде Жоба бойынша есептер дайындайды. Жоба бойынша әрбір есеп бір күнтізбелік тоқсан кезеңін қамтуға және осындай есеппен қамтылатын кезең аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірілмей Банкке ұсынылуға тиіс.

      B. Қаржылық басқару, қаржылық есептер және аудит
      1. Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы қаржылық басқару жүйесін Жалпы Шарттардың 5.09-бөлімінің ережелеріне сәйкес жүргізеді немесе оның жүргізілуін қамтамасыз етеді.
      2. Осы Бөлімнің А-бөлігінің ережелері үшін шектеусіз, Қарыз алушы ДСӘДМ арқылы Жоба бойынша тиісті күнтізбелік тоқсан үшін, нысаны және мазмұны бойынша Банк үшін қолайлы аралық аудиттелмеген қаржылық есептерді әрбір күнтізбелік тоқсан аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірмей дайындайды және Банкке ұсынады.
      3. Қарыз алушы Жалпы Шарттардың 5.09 (b) бөлімінің ережелеріне сәйкес өзінің қаржылық есептілігіне аудиторлық тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді. Қаржылық есептіліктің әрбір аудиті Қарыз алушының бір қаржы жылы кезеңін қамтуға тиіс. Аудиторлық тексеруден өткен әрбір осындай кезең үшін қаржылық есептілік Қарыз алушыға және Банкке тиісті кезең аяқталғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей ұсынылуға және Банк үшін қолайлы нысанда жұртшылық үшін уақытында қолжетімді болуға тиіс.

      III бөлім. Сатып алу
      А. Жалпы ережелер
      1. Тауарлар және консультациялық емес көрсетілетін қызметтер. Жоба үшін қажетті және Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын барлық тауарлар және консультациялық емес көрсетілетін қызметтер Сатып алу жөніндегі нұсқаманың I бөлімінде қамтылған немесе оларға сілтемелер қамтылған талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынуға тиіс.
      2. Консультациялық көрсетілетін қызметтер. Жоба үшін қажетті және Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын барлық консультациялық көрсетілетін қызметтер Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың I және IV бөлімдерінде қамтылған немесе оларға сілтемелер қамтылған талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынуға тиіс.
      3. Анықтамалар. Осы бөлімде сатып алудың жекелеген әдістерін сипаттау немесе Банктің жекелеген келісімшарттарды қарау үшін төменде пайдаланылатын, бас әріптердей басталатын терминдер, нақты жағдайға қарай, Сатып алу жөніндегі нұсқаманың II және III бөлімдерінде немесе Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың ІІ, ІІІ, IV және V бөлімдерінде сипатталған тиісті әдіске жатады.

      B. Тауарларды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жекелеген әдістері
      1. Халықаралық конкурстық сауда-саттық. Егер төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмесе, тауарларды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алу халықаралық конкурстық сауда-саттықтың рәсімдеріне сәйкес берілген келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Тауарларды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басқа да әдістері. Халықаралық конкурстық сауда-саттықтан басқа сатып алу жоспарында көрсетілген келісімшарттар бойынша тауарларды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алудың мынадай әдістері қолданылуы мүмкін:
      (а) осы 2-толықтыруға қосымшада көрсетілген қосымша ережелермен реттелетін ұлттық конкурстық сауда-саттық;
      (b) ашық нарықта сатып алу;
      (c) тікелей келісімшарттар.

      C. Консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жекелеген әдістері
      1. Сапа және құн негізінде іріктеу. Егер төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмесе, консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алу сапа және құн негізінде іріктеу рәсіміне сәйкес берілген келісімшарттар шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
      2. Консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басқа да әдістері. Сапа және құн негізінде іріктеуден басқа, сатып алу жоспарында көрсетілген келісімшарттар бойынша консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың мынадай әдістері қолданылуы мүмкін:
      (а) сапа негізінде іріктеу
      (b) тіркелген бюджет кезінде іріктеу
      (с) ең аз құн бойынша іріктеу
      (d) консультанттардың біліктілігі негізінде іріктеу
      (е) консалтингтік фирмалар көрсететін қызметтерді бір көзден сатып алу
      (f) жеке консультанттарды іріктеу үшін консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың 5.2 және 5.3-тармақтарында жазылған рәсімдер
      (g) жеке консультанттарды бір көзден іріктеу рәсімдері.

      D. Банктің сатып алу жөніндегі шешімдерді қарауы
      Сатып алу жоспарында Банктің алдын ала қарауына жататын келісімшарттар көрсетілуге тиіс. Барлық басқа келісімшарттар Банктің фактіден кейін қарауына жатады.

      IV бөлім. Қарыз қаражатын алу
      А. Жалпы ережелер
      1. Қарыз алушы Жалпы Шарттардың II бабының, осы бөлімнің және төмендегі 2-тармақта келтірілген кестеде көрсетілгендей Құқықтық шығыстарды қаржыландыру үшін Банк Қарыз алушыға берген хабарламасында көрсететін сол бір қосымша нұсқаулықтардың (2006 жылғы мамырдағы, Банк кезең-кезеңімен қайта қарайтын және осындай нұсқаулықтарға сәйкес осы Келісімге қолданылатын «Дүниежүзілік банктің жобалар қаражатын игеру жөніндегі нұсқамасын» қоса алғанда) ережелеріне сәйкес Қарыз қаражатын ала алады.
      2. Төмендегі кестеде Қарыз қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін Құқықтық шығыстардың санаттары («Санат»), әрбір Санат бойынша Қарыздың сомасын бөлу және әрбір Санат бойынша Құқықтық шығыстар ретінде қаржыландырылуға жататын шығыстардың пайыздық үлесі көрсетілген.

Санаты Қарыздың бөлінетін сомасы (АҚШ долларымен көрсетілген) Қаржыландырылуға жататын шығыстар үлесі

(1) Тауарлар, консультациялық емес көрсетілетін қызметтер, консультанттар көрсететін қызметтер, операциялық шығыстар және Жоба шеңберінде оқыту

100000000

73%

ЖАЛПЫ СОМА

100000000


      Осы кестенің мақсаттары үшін:
      «Операциялық шығыстар» Жобаны іске асыру шеңберінде кеңсе заттары мен басқа да шығыс материалдарын сатып алуға, үй-жайларды жалдауға, интернетке қосуға ДСӘДМ жұмсаған негізделген және қосымша шығыстарды, және байланысқа, ақпараттық жүйелерді қолдауға арналған шығыстарды, аударымға, коммуналдық қызметтер көрсетуге арналған шығыстарды, негізделген іссапарлар шығыстарын, көлікке арналған шығыстарды, тәулікақыны, тұруға (тұрғын үйге) арналған шығыстарды (оқытуға байланысты шығыстарды қоспағанда) және Банк үшін қолайлы жартыжылдық бюджеттердің негізінде Қарыз алушы мен Банк арасындағы уағдаластыққа сәйкес Жобаны іске асыруға тікелей байланысты басқа да негізделген шығыстарды білдіреді.

      B. Алу шарттары; алу кезеңі
      1. Осы Бөлімнің А бөлігінің ережелеріне қарамастан, қаражат:
      (a) Біржолғы Комиссияның толық сомасын Банк алғанға дейін Қарыз Шотынан; немесе
      (b) осы Келісім жасалған күнге дейін жасалған төлемдер бойынша алынбауға тиіс.
      2. Жабылу күні – 2020 жылғы 30 маусым.

2-ТОЛЫҚТЫРУҒА
қосымша

      Ұлттық конкурстық сауда-саттықты өткізу кезінде пайдаланылатын сатып алу рәсімдері 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістерімен «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-III Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген конкурстық сауда-саттықты өткізу рәсімдері болады; бұл ретте, мұндай рәсімдер Сатып алу жөніндегі нұсқаманың І бөлімінің және 3.3 және 3.4-тармақтарының ережелеріне, сондай-ақ мынадай қосымша ережелерге сәйкес жүргізілуі шарт:
      (a) Құқықтылық: Сауда-саттыққа қатысушылардың сатып алу процесіне қатысуға және Банк қаржыландыратын келісімшартты жасасуға құқықтылығы Сатып алу жөніндегі нұсқаманың I бөліміне сәйкес айқындалатын болады; тиісінше сауда-саттыққа қатысушының немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушының ешқайсысы Сатып алу жөніндегі нұсқаманың I бөлімінде көрсетілгеннен өзге себептермен Банк қаржыландыратын келісімшарттарды жасасуға құқығы жоқ деп жариялануы мүмкін емес. Сауда-саттыққа шетелдік қатысушыларға ҰКС рәсімдеріне қатысуға рұқсат етіледі және олар сатып алу процесіне қатысу үшін сауда-саттыққа жергілікті қатысушылармен әріптестік қатынастарға түсуге міндетті емес.
      (b) Тіркеу: конкурстық сауда-саттық алдын ала тіркелген фирмалармен шектелмеуге тиіс, сондай-ақ сауда-саттыққа шетелдік қатысушылардың конкурстық өтінімдерді беру шарты ретінде жергілікті билік органдарында тіркелуі талап етілмейді.
      (c) Преференциялар: қандай да бір түрдегі болсын, ешқандай преференция сауда-саттыққа қатысушының азаматтығы; тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің немесе жұмыс күшінің шыққан жері; жергілікті қамтуы; жергілікті меншік үлесі; және/немесе преференциялардың кез келген басқа да бағдарламалары негізінде конкурстық өтінімдерді бағалау кезінде қолданылмауға тиіс.
      (d) Конкурстық құжаттама: сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар, келісімшарттардың Банкке қолайлы ережелерін қоса алғанда, конкурстық құжаттаманың тиісті үлгілік топтамасын пайдалануға тиіс.
      (e) Сметалық шығындар: сметалық шығындар құпия ақпарат болып табылады және сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға жария етілмеуге тиіс.
      (f) Конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі: конкурстық өтінімдердің қолданылу мерзімін ұзарту, егер бұл айрықша мән-жайларға байланысты болса, мұндай ұзарту бағалауды аяқтау және/немесе келісімшартты беру үшін қажетті ең аз кезеңді ғана қамтыған жағдайда, сауда-саттыққа барлық қатысушылардан өтінімдердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін және бағалауды аяқтау немесе келісімшартты беру үшін қажетті ең аз кезеңге жазбаша нысанда талап етілуі мүмкін және төрт (4) аптадан аспауға тиіс. Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз ешқандай қосымша ұзарту сұратылуға тиіс емес.
      (g) Конкурстық өтінімдерді беру және ашу: сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға конкурстық сауда-саттыққа қатысуға шақыру жарияланған немесе конкурстық құжаттама әзір болған күннен бастап, конкурстық өтінімдерді дайындау және беру үшін көрсетілген оқиғалардың қайсысы кешірек басталуына қарай, кемінде отыз (30) күн берілетін болады. Өтінімдерді ашу оларды берудің түпкі мерзімі басталғаннан кейін тікелей жария түрде жүргізіледі. Конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасының көшірмесі дереу конкурстық өтінімдер берген сауда-саттыққа қатысушылардың барлығына және Банктің алдын ала қарауына жататын келісімшарттарға қатысты Банкке дереу берілуге тиіс.
      (h) Біліктілік: біліктілік өлшемшарттары конкурстық құжаттамада нақты көрсетілуге тиіс. Осындай құжаттамада көрсетілген өлшемшарттардың барлығы және осы көрсетілген өлшемшарттар ғана сауда-саттыққа қатысушының біліктілігін айқындау үшін пайдаланылуға тиіс. Біліктілік «өтті немесе өткен жоқ» деген әдіс бойынша бағалануға тиіс, бұл ретте ешқандай балл қолданылмауға тиіс. Мұндай бағалар: (i) тиісті жалпы және ерекше тәжірибенің және белгілі бір кезең ішінде осындай келісімшарттарды табысты орындаудың қанағаттанарлық қызметі туралы тізімнің болуын; (ii) қаржылық жағдайды; және мән-жайларға қарай (iii) құрылыс қуаттарының және/немесе өндірістік қуаттардың болуын қоса алғанда, объективті және өлшенетін факторлар ескеріле отырып, сауда-саттыққа қатысушының немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушының келісімшарттың тиімді орындалуы үшін қажетті мүмкіндіктері мен ресурстарына толық негізделуге тиіс.
      (i) Алдын ала біліктілік рәсімдері мен Банк үшін қанағаттанарлық құжаттар жұмыстарды орындауға арналған ірі, күрделі және/немесе мамандандырылған келісімшарттар үшін пайдаланылуға тиіс. Сауда-саттыққа қатысушының персонал мен жабдыққа қатысты ағымдағы міндеттемелері мен мүмкіндіктерін қоса алғанда, сауда-саттыққа қатысушының негізге алып, алдын ала біліктіліктен өткен ақпаратты тексеруі келісімшартты беру кезінде жүргізілуге тиіс.
      (j) Алдын ала біліктілік пайдаланылмайтын жағдайларда, келісімшартты беруге ұсынылған сауда-саттыққа қатысушының біліктілігі конкурстық құжаттамада көрсетілген біліктілік өлшемшарттары қолданыла отырып, біліктіліктен кейінгі процесте бағаланатын болады.
      (k) Конкурстық өтінімдерді бағалау: бағалау өлшемшарттары конкурстық құжаттамада нақты көрсетілуге тиіс. Конкурстық өтінімдерді бағалау конкурстық құжаттамада мәлімделген санмен өлшенетін өлшемшарттарға қатаң сәйкестікте жүргізілуге тиіс. Бағадан басқа, бағалаудың басқа өлшемшарттары ақшалай мәнде санмен айқындалуға тиіс. Баллдар мен ақырғы мәндер әдісі пайдаланылмауға тиіс, бұл ретте конкурстық өтінімдерді бағалау кезінде бағаның маңыздылығын айқындау үшін ешқандай да ең төмен баллдар немесе пайыздар қолданылмауға тиіс. Сауда-саттыққа қатысушылар болмашы, елеусіз ауытқулар негізінде одан шеттетілуге тиіс емес. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардан өздерінің конкурстық өтінімдерін бағалау үшін қажетті түсіндірулерді сұратуы мүмкін, бірақ ол конкурстық өтінімдер ашылғаннан кейін сауда-саттыққа қатысушылардан өздерінің конкурстық өтінімдерінің мәнін немесе бағасын өзгертуді сұрай алмайды немесе рұқсат бере алмайды.
      (l) Келісімшарттар конкурстық өтінімі: (i) негізінен конкурстық құжаттама талаптарына сай келетін; және (ii) ең төмен бағалау құнын ұсынатын сауда-саттыққа білікті қатысушыға берілуге тиіс. Конкурстық өтінімнің бағасына немесе мәніне қатысты ешқандай келіссөздер жүргізілмеуге тиіс.
      (m) Конкурстық өтінімдерді қабылдамау және қайтадан беру: конкурстық өтінімдердің ешқайсысы тек олардың бағасы нарықтық құнынан төмен болғандықтан немесе асып кеткендіктен, конкурстық өтінімдер құнының диапазоны шегінен немесе шекті мәндері шеңберінен шығып кеткендіктен қабылданбай қалуға тиіс емес. Конкурстық өтінімдердің барлығы (кемінде екі конкурстық өтінім алынған жағдайларды қоса алғанда) қабылданбай қалуға тиіс емес, сатып алу процесі болмай қалуға тиіс емес және жаңа конкурстық өтінімдерді беруге шақыру Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз жарияланбауға тиіс.
      (n) Кепілдіктер: конкурстық өтінімдерге және келісімшарттарды орындауға кепілдіктер формат түрінде берілуге және олардың конкурстық құжаттамада көрсетілген қажетті қолданылу мерзімі болуға тиіс. Қажет болған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету тіркелген сома түрінде көрсетілуі мүмкін және келісімшарттың сметалық құнының екі пайызынан (2%) аспауға тиіс. Аванстық төлемнің тиісті кепілдігі болмайынша мердігерлерге ешқандай аванстық төлемдер жүргізілмеуге тиіс.
      (o) Құпиялылық: конкурстық өтінімдерді бағалау процесі келісімшартты беру туралы ақпарат жарияланғанға дейін құпия болуға тиіс.
      (p) Электрондық сатып алу жүйелері: Банк жүйелердің параметрлеріне қанағаттанған жағдайда электрондық сатып алу жүйелері пайдаланылуы мүмкін, бұл ретте жүйе өзгелер арасында қауіпсіз болуға және берілген конкурстық өтінімдердің тұтастығы, құпиялылығы және тең түпнұсқалығы сақталуға тиіс.
      (q) Алаяқтық және сыбайлас жемқорлық: Сатып алу жөніндегі нұсқамаға сәйкес барлық конкурстық құжаттама және келісімшарттар Сатып алу жөніндегі нұсқамада айқындалғандай, алаяқтыққа және/немесе сыбайлас жемқорлық әрекетке қатысы бар фирмаларға немесе тұлғаларға санкцияларды қолдану жөніндегі Банк саясатының ережелерін қамтуға тиіс.
      (r) Тексерулер мен аудиттер жүргізуге қатысты құқықтар: Сатып алу жөніндегі нұсқамаға сәйкес конкурстық құжаттаманың әрбір топтамасында және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын әрбір келісімшартта сауда-саттыққа қатысушылар, өнім берушілер мен мердігерлер, сондай-ақ олардың қосалқы мердігерлері, агенттер, қызметкерлер, консультанттар, көрсетілетін қызметтердің провайдерлері немесе өнім берушілер өздерінің есепшоттарын, есептік және конкурстық өтінімдер беруге және келісімшарттарды орындауға қатысты басқа да құжаттаманы тексеруге Банкке рұқсат беретіні, сондай-ақ Банк тағайындаған аудиторларға есепшоттары мен есептік құжаттамасына аудит жүргізуге рұқсат беру туралы ережелер қамтылуға тиіс. Сатып алу жөніндегі нұсқамада көзделген тексерулер мен аудит жүргізу кезінде Банктің өз құқықтарын қолдануына елеулі қиындықтар жасауға бағытталған іс-әрекеттер көрсетілген Нұсқаманың айқындамасына сәйкес кедергі келтіретін практика болып табылады.
      (s) Келісімшарттарды беру туралы ақпаратты жариялау: сауда-саттықты ұйымдастырушы ашық қолжетімді тегін веб-сайтты немесе Банк үшін қолайлы басқа да жариялау құралдарын пайдалану арқылы келісімшарттарды беру туралы мынадай ақпаратты жариялауға тиіс: (а) өтінім берген конкурсқа әрбір қатысушының атауы; (b) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу кезінде жарияланған конкурстық өтінімдердің бағалау; (с) қатысушылардың атаулары және бағалаудан өткен әрбір конкурстық өтінімнің бағалау құны; (d) өтінімдері қабылданбаған сауда-саттыққа қатысушылардың атаулары және бұл өтінімдердің қабылданбау себептері; (е) сауда-саттық жеңімпазының атауы және ол ұсынған баға, сондай-ақ берілген келісімшарттың ұзақтығы мен ауқымына қысқаша шолу.

3-ТОЛЫҚТЫРУ

Өтеу кестесі

      1. Мына кестеде Негізгі борышты өтеу күндері және Негізгі борышты өтеудің әрбір күнінде төленуге жататын Қарыздың жалпы сомасының пайыздық үлесі («Өтеу үлесі») көрсетілген. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде толығымен алынатын болса, онда Негізгі борышты өтеудің осындай әрбір күнінде Қарыз алушы өтеуге тиісті Қарыздың негізгі сомасын Банк: (а) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде алынған қарыз сомасын (б) Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеу үлесіне көбейту жолымен айқындайтын болады және қажет болған кезде өтелетін сома осы Толықтырудың 4-тармағында көрсетілген валюта конвертациясы қолданылатын кез келген сомаларды алып тастау үшін өзгертілуі мүмкін.

Негізгі борышты өтеу күні Өтеу үлесі (пайызбен көрсетілген)

2020 жылғы 15 қыркүйектен бастап 2033 жылғы 15 қыркүйек аралығында әрбір 15 наурыз бен 15 қыркүйек

3,57 %

2034 жылғы 15 наурыз

3,61 %

      2. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күніне толығымен алынбаған болса, онда Негізгі борышты өтеудің осындай әрбір күніне Қарыз алушы өтеуге тиіс Қарыздың негізгі сомасы былайша айқындалатын болады:
      (a) Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған Қарыздың кез келген қаражаты шамасында Қарыз алушы осы Толықтырудың 1-тармағына сәйкес осындай күнге алынған Қарыз сомасын өтеуге тиіс,
      (b) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінен кейін алынған кез келген сома алымы негізгі борышты өтеудің осы күні үшін осы Толықтырудың 1-тармағындағы кестеде көрсетілген бастапқы Өтеу үлесі («Бастапқы Өтеу үлесі») болып табылатын және бөлгіші осындай күнге немесе одан кейінгі күнге Негізгі борышты өтеу күніне барлық қалған Бастапқы Өтеу үлестерінің сомасы болып табылатын бөлшекке әрбір осындай алу сомасын көбейту жолымен Банк айқындаған сомаларда осындай алу күнінен кейін Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтелуге тиіс және қажеттігіне қарай, өтелетін сомалар осы Толықтырудың 4-тармағында көрсетілген валюта конвертациясы қолданылатын кез келген сомаларды алып тастау үшін өзгертілуі мүмкін.
      3.(а) Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне дейін төленуге тиіс негізгі борыш сомаларын есептеу мақсатында ғана Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне дейін күнтізбелік екі ай ішінде алынған Қарыз сомалары алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күніне алынды және өтелмеді деп есептеледі және алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күнінен бастап Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеуге жататын болады.
      (b) Осы тармақтың (а) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер кез келген уақытта Банк төлем мерзімдері бойынша шоттарды шығару жүйесін қабылдаса, осы ретте шоттар Негізгі борышты өтеудің тиісті күніне немесе одан кейін берілсе, шоттарды шығарудың мұндай жүйесі қабылданғаннан кейін жасалған кез келген алуға осы тармақшаның ережелері қолданылмайтын болады.
      4. Осы Толықтырудың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Қарыздың алынған қалдығының барлық немесе қандай да бір бөлігін Бекітілген валютаға конвертациялау кезінде, Конвертациялау кезеңі ішінде басталатын Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне өтеуге жататын Бекітілген валютаға осындай түрде конвертацияланған соманы Банк тікелей Конвертациялау алдында осындай соманы (і) Конвертациялауға жататын Валюталық хедждік мәмілелер шеңберінде Банктің төлеуіне Бекітілген валютадағы негізгі борыш сомасын көрсететін айырбастау бағамына; жататын, немесе (іі) егер Банк Конверсия жөніндегі нұсқамаға сәйкес тиісті шешім қабылдаса, экрандық мөлшерлеменің валюталық құрауышына деноминациялау валютасында көбейту арқылы айқындайтын болады.
      5. Егер Қарыздың алынған қалдығы біреуден көп Қарыз валютасында берілсе, осы Толықтырудың ережелері әрбір осындай сома үшін өтеудің жеке кестесін ресімдеу үшін әрбір Қарыз валютасында берілген сомаға жеке қолданылады.

ҚОСЫМША

      I бөлім. Анықтамалар
      1. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқама» 2011 жылғы қаңтардағы өзгерістерімен және редакциядағы 2006 жылғы 15 қазандағы «ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері мен гранттарының қаражатынан қаржыландырылатын жобалардағы алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі нұсқаманы» білдіреді.
      2. «Санат» осы Келісімге 2-толықтырудың IV бөлімінің кестесінде көрсетілген санатты білдіреді.
      3. «Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқама» 2011 жылғы қаңтардағы «Дүниежүзілік банктің қарыз алушыларына берілетін ХҚДБ қарыздары, ХДҚ кредиттері мен гранттары шеңберінде консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманы» (2014 жылғы шілдедегі редакцияда) білдіреді.
      4. «Жұмыспен қамту орталығы» Қарыз алушының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Заңына (бұл ретте мұндай Заңға уақыт өте келе өзгерістер енгізілуі мүмкін) сәйкес, ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құратын мемлекеттік мекемені немесе оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      5. «Жұмыспен қамту бөлімі» Қарыз алушының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Заңға (бұл ретте мұндай Заңға уақыт өте келе өзгерістер енгізілуі мүмкін) сәйкес ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өңірлік деңгейде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі болып табылатын уәкілетті органды немесе оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      6. «Қоршаған ортаны басқару жоспарының бақылау тізбесі» ДСӘДМ дайындаған және Банк үшін қолайлы, Жобаны және салдарын жеңілдету жөніндегі ықтимал шаралардың тізімімен қоса алғанда, оңалтумен байланысты ықтимал экологиялық салдарды сипаттайтын 2014 жылғы 19 желтоқсанда ДСӘДМ веб-сайтында және Банктің InfoShop сайтында орналастырылған Қарыз алушының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы құжатын білдіреді.
      7. «Жалпы Шарттар» осы қосымшаның II бөлімінде көзделген өзгерістерімен 2012 жылғы 12 наурыздағы «Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі қарыз беруінің жалпы шарттарын» білдіреді.
      8. «Мәжбүрлі қоныс аудару» Жоба шеңберінде жерді мәжбүрлеп алып қою әсерін білдіреді, оған қатысы бар адамдар үшін мұны жүзеге асырудың мынадай салдары: (i) олардың өмір сүру деңгейіне теріс әсері; немесе (ii) қандай да бір үйдегі, жер учаскесіндегі (оның ішінде үй-жайлардағы, ауыл шаруашылығы және жайылым жерлеріндегі) құқықтарын, меншік құқықтарын, немесе үлесін немесе қандай да бір басқа жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті уақытша немесе тұрақты сатып алуға және иеленуге; немесе (iii) өндірістік активтерге қолжетімділікке уақытша немесе тұрақты теріс әсері; немесе (iv) бизнеске, кәсіпке, жұмысқа немесе тұрғылықты жеріне немесе тұратын жеріне уақытша немесе тұрақты теріс әсері болады.
      9. «ДСӘДМ» Қарыз алушының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін не оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      10. «БҒМ» Қарыз алушының Білім және ғылым министрлігін не оның кез келген құқықтық мирасқорын бiлдiредi.
      11. «ҰКП» Қарыз алушының «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» 2013 жылғы 4 шілдедегі № 129-V Заңына (бұл ретте мұндай Заңға уақыт өте келе өзгерістер енгізілуі мүмкін) сәйкес Қазақстан Республикасының бизнес қауымдастығымен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін ұйым Ұлттық кәсіпкерлер палатасын немесе оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      12. «ЖБТ» осы Келісімге 2-толықтырудың I.А.3-бөлімінде аталған Жобаны басқару тобын білдіреді.
      13. «ЖОН» – ДСӘДМ дайындаған және Банк талаптарын қанағаттандыратын, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Жобаны іске асыру рәсімдері және институционалдық тетіктерін баяндайтын, бұдан басқа, Жоба шеңберінде жүргізілуі қажет іс-шаралар графиктерін; Қарыз алушының Жобаны іске асыру процесіне тартылған ведомстволарының тиісті рөлдері мен міндеттерінің сипаттамасы, Жобаның 2-бөліміне (b) cәйкес оқыту қызметтерін берушілерді іріктеу өлшемшарттары және олардың тізімі, Жобаның штаттық кестесінің 2-бөліміне (с) сәйкес оқып білім алушыларды іріктеу өлшемшарттары, қаржылық басқару (бюджет жасау, бухгалтерлік есеп және ішкі бақылау, қаражат игеру және ақшалай қаражаттың қозғалысы, қаржылық есептілік, жылдық есептер, Жоба шоттарының арнайы схемасын қосқанда, ішкі және сыртқы аудит тетіктерін реттейтін рәсімдер) рәсімдерімен қоса алғанда, Жобаны іске асырудың фидуциарлық, техникалық және операциялық аспектілері, сатып алу рәсімдерін, мониторинг жүргізу және бағалау тетіктері және Банкпен келісу бойынша кезең-кезеңмен өзгерістер енгізілуі мүмкін басқа да фидуциарлық және әкімшілік тетіктері және қажетті техникалық тапсырмалар сипатталатын және жазылатын Қарыз алушының Жобасы бойынша операциялық нұсқаманы білдіреді.
      14. «Сатып алу жөніндегі нұсқама» 2011 жылғы қаңтардағы «ХҚДБ қарыздары, ХДҚ кредиттері мен гранттары бойынша Дүниежүзілік Банк қарыз алушыларының тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі нұсқаманы» (2014 жылғы шілдедегі редакцияда) білдіреді.
      15. «Сатып алу жоспары», 2015 жылғы 19 ақпандағы Жоба үшін ДСӘДМ дайындаған және Сатып алу жөніндегі нұсқаманың 1.18-тармағында және Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың 1.25-тармағында көрсетілген Қарыз алушының сатып алу жоспарын білдіреді, бұл ретте ол көрсетілген тармақтардың ережелеріне сәйкес кезең-кезеңмен жаңартылып отырады.
      16. «Жобаның жұмыс комитеті» осы Келісімге 2-толықтырудың І.А.5-бөлімінде аталған комитетті білдіреді.
      17. «Оқыту» Банк үшін қолайлы бюджетті тұрақты қайта қарау негізінде Жобаны іске асыру барысында келтірілген шығыстарды (консультациялық көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстармен байланысты емес), атап айтқанда (і) оқудың жүргізілуіне байланысты оқытушы құрамы мен оқуға қатысатындардың жол жүруіне, тұруына, тамақтануына арналған және тәулікақы негізделген шығыстарды; (іі) оқу ақысы; (ііі) оқытуға/семинарға арналған үй-жайларды және жабдықтарды жалдау және (iv) оқу материалдарын дайындауға, сатып алуға, көбейтуге және таратуға арналған осы тармақтың шеңберінде басқаша түрде көзделмеген шығыстарды білдіреді.
      18. «Жұмыс тобы» осы Келісімге 2-толықтырудың І.А.4-бөлімінде аталған топты білдіреді.

      II бөлім. Жалпы Шарттардағы өзгерістер
      Осымен Жалпы Шарттарға мынадай өзгерістер енгізіледі:
      1. Мазмұнында бөлімдерге сілтемелер, олардың атаулары мен нөмірленуі төмендегі тармақтарда көзделген өзгерістерді көрсету үшін өзгереді.
      2. 3.01. Бөлімге (Біржолғы комиссия) мынадай өзгеріс енгізіледі:
      «3.01. Бөлім Біржолғы комиссия; Резервке қою комиссиясы
      (a) Қарыз алушы Банкке Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме («Біржолғы комиссия») бойынша Қарыздың сомасына қатысты біржолғы комиссияны төлейді.
      (b) Қарыз алушы Банкке Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме бойынша Қарыздың алынбаған қалдығына қатысты резервке қою комиссиясын («Резервке қою комиссиясы») төлейді. Резервке қою комиссиясы Қарыз туралы келісім күнінен кейін алпыс күн өткен кейінгі күннен бастап Қарыз алушы қарыз шотынан соманы алған немесе оның күшін жойған кездегі тиісті күн аралығына есептеледі. Резервке қою комиссиясы жартыжылдық негізде әрбір кезеңнің аяғындағы әрбір Төлем күнінде төленуге тиіс».
      3. «Анықтамалар» қосымшасында бөлімдер мен тармақтардың нөмірлеріне жасалған барлық тиісті сілтемелер жоғарыдағы 2-параграфта көзделген өзгерістерді көрсету үшін қажеттігіне қарай өзгереді.
      (t) Қосымшаға кейінгі барлық тармақтардың нөмірлері тиісінше өзгертіле отырып, «Резервке қою комиссиясы» деген анықтамамен жаңа 19-тармақты қосу арқылы өзгеріс енгізіледі:
      «19. «Резервке қою комиссиясы» 3.01(b) бөлімінің мақсаттары үшін Қарыз туралы келісімде көзделген резервке қою комиссиясын білдіреді».
      5. Қосымшаның қайта нөмірленген 49-тармағында (бастапқы 48-тармақ) «Біржолғы комиссия» анықтамасы 3.01-бөлімінің сілтемесін 3.01 (a) бөліміне ауыстыру жолымен өзгертілген.
      6. Қосымшаның қайта нөмірленген 68-тармағында (бастапқы 67-тармақ) «Кредит бойынша төлем» деген терминнің анықтамасы былайша өзгертілген:
      «68. «Қарыз бойынша төлем» Қарыздың алынған қаражатының қандай да бір сомасын, сыйақыны, Біржолғы комиссияны, Резервке қою комиссиясын, мерзімі өткен төлем үшін пайыздық мөлшерлемені (егер ондай болса), мерзімінен бұрын өтеу үшін қандай да бір айыппұлды, конвертациялау үшін немесе конвертациялауды мерзімінен бұрын тоқтату үшін қандай да бір операциялық алымды, ауыспалы спрэдті тіркеу үшін төлемді (егер ондай болса), пайыздық мөлшерлеменің тіркелген жоғарғы немесе төменгі шегі белгіленгеннен кейін төленуге жататын қандай да бір сыйлықақыны және шарттардың өзгеруіне байланысты Қарыз алушының төлеуіне жататын кез келген шығыстарды қоса алғанда (бірақ шектелместен), Заңдық келісімдерге немесе осы Жалпы Шарттарға сәйкес Қарыз Тараптарының Банкке төлеуге тиіс кез келген сомасын білдіреді».
      7. Қосымшаның қайта нөмірленген 73-тармағында (бастапқы 72-тармақ) «Төлем күнінің» анықтамасы «пайыз» деген сөзден кейін «болып табылады» деген сөздерді алып тастау және «және Резервке қою комиссиясы» деген сөздермен толықтыру арқылы өзгертілген.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

      Осымен 2015 жылғы 20 шілдеде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) осы аудармасы ағылшын тіліндегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Құжат айналымы
      департаментінің
      Құжаттарды редакциялау
      және лингвистикалық сараптау
      басқармасы басшысы                    Б. Ахметжанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады