Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 485-V ҚРЗ.

      1970 жылғы 18 наурызда Гаагада жасалған Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенция осы Заңға

      1 және 2-қосымшаларға сәйкес мәлімдемелермен және ескертпемен қоса ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  "Азаматтық немесе сауда істері
бойынша шетелде дәлелдемелерді
алу туралы конвенцияны
ратификациялау туралы"
2016 жылғы 6 сәуірдегі
Қазақстан Республикасының
№ 485-V ҚРЗ Заңына
1-қосымша

Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияға мәлімдемелер

      Қазақстан Республикасы Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) сәйкес мынадай мәлімдемелер жасайды:

      1) екінші Уағдаласушы мемлекеттердің дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктері Конвенцияның 15-бабында көзделген азаматтық немесе сауда істері бойынша дәлелдемелерді Қазақстан Республикасы құзыретті органының рұқсаты болғанда ғана мәжбүрлеусіз алуы мүмкін;

      2) Конвенцияның 16 және 17-баптарымен көзделген азаматтық немесе сауда істері бойынша дәлелдемелерді Қазақстан Республикасы құзыретті органының алдын ала рұқсатынсыз мәжбүрлеусіз алуы мүмкін;

      3) дәлелдемелерді алу үшін тағайындалған дипломатиялық немесе консулдық өкіл немесе уәкілетті адам Конвенцияның 18-бабында аталған көмек көрсету туралы өтінішпен, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес болса, Қазақстан Республикасының құзыреттi органына жүгіне алады;

      4) Конвенцияның 23-бабы негізінде Қазақстан Республикасының аумағында құжаттарды сотқа дейін ашу сияқты кәдімгі құқық қолданылатын мемлекеттерде белгілі материалдарды алу мақсатында жіберілетін сот тапсырмалары орындалмайды;

      5) Қазақстан Республикасының заңдары шеңберінде Конвенцияның 27-бабының b) және c) тармақтарына сәйкес іс-қимылдарды орындауға және дәлелдемелерді алудың басқа тәсілдерін пайдалануға рұқсат етіледі.

  "Азаматтық немесе сауда істері
бойынша шетелде дәлелдемелерді
алу туралы конвенцияны
ратификациялау туралы"
2016 жылғы 6 сәуірдегі
Қазақстан Республикасының
№ 485-V ҚРЗ Заңына
2-қосымша

Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде
дәлелдемелерді алу туралы конвенцияға ескертпе

      Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияның 4 және 33-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы өз аумағында сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттердің сот тапсырмаларын, егер олар ағылшын тілінде жасалса және тиісті түрде куәландырылған қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге берілсе, орындауға қабылдайды.

АЗАМАТТЫҚ НЕМЕСЕ САУДА ІСТЕРІ БОЙЫНША ШЕТЕЛДЕ
ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ АЛУ ТУРАЛЫ
КОНВЕНЦИЯ

      (1970 жылы 18 наурызда жасалған)

      Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер,

      Сот тапсырмаларын беруді және орындауды оңайлатуға және осы мақсаттарда пайдаланатын әртүрлі әдістерді жақындастыруға ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      Азаматтық немесе сауда істері бойынша өзара сот ынтымақтастығын арттыруға ұмтыла отырып,

      Аталған мақсаттарға орай осы Конвенцияны жасауға шешім жасады және мынадай уағдаластықтарға қол жеткізді:

І ТАРАУ. СОТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

1-бап

      Конвенцияға қол қойған бір Уағдаласушы мемлекеттің сот органы өз заңнамасының ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органынан сот тапсырмасы арқылы азаматтық немесе сауда істері бойынша дәлелдемелерді алу немесе басқа да іс жүргізу әрекетін орындау үшін сұрау сала алады.

      Тапсырма басталған немесе белгіленіп отырған сот процесіне арналмаған дәлелдемелерді алу үшін пайдаланыла алмайды.

      "Басқа да іс жүргізу әрекеті" деген сөз тіркесі сот шешімдерін немесе бұйрықтарын орындау немесе мәжбүрлеп орындау не уақытша немесе алдын ала сақтық шараларын қолдану үшін бұйрықтар шығару мақсаттарында сот құжаттарын тапсыруды немесе сот рәсімін қозғауды қамтымайды.

2-бап

      Уағдаласушы мемлекет орталық органды тағайындайды, оған екінші Уағдаласушы мемлекеттің сот органынан шығатын сот тапсырмаларын қабылдау және оларды орындау үшін құзыретті органдарға беру міндеті жүктеледі. Әрбір мемлекет орталық органды өз заңнамасына сәйкес құрады.

      Сот тапсырмалары сұрау салынатын мемлекеттің орталық органына осы мемлекеттің қандай да бір басқа органының делдалдығынсыз жіберіледі.

3-бап

      Сот тапсырмасы мынадай деректемелерді:

      а) оны орындауды талап ететін билік органының және егер ол сұрау салушы органға белгілі болса, сұрау салынатын органның атауын;

      b) сот процесіндегі тараптардың және мұндайлар бар болса, олардың өкілдерінің атауын және мекенжайларын;

      c) тапсырманы орындауға қажетті мәліметтер жазыла отырып дәлелдеме талап етілетін сот талқылауының мәні мен нысанасын;

      d) алынуы талап етілетін дәлелдемені немесе орындалуға тиіс басқа да іс жүргізу әрекетін қамтуға тиіс.

      Тиісті жағдайларда тапсырма:

      e) жауап алынуға тиіс адамдардың тектері мен мекенжайларын;

      f) жауап алынатын адамдарға қойылуға тиіс сұрақтарды немесе олардан жауап алынатын мән-жайларды;

      g) қарап тексеруге жататын құжаттарды немесе басқа да жылжымайтын мүлікті немесе жеке мүлікті;

      h) ант бере отырып немесе растай отырып куәлік айғақтарды алу туралы және ерекше нысанды пайдалану туралы талапты;

      i) қолданылуы 9-бапқа сәйкес талап етілетін ерекше тәртіпті немесе рәсімді қамтуға тиіс.

      Сот тапсырмасы 11-бапты қолдану үшін қажет ақпаратты да қамтуы мүмкін.

      Заңдастыру немесе басқа да осыған ұқсас ресмиеттіліктер талап етілмейді.

4-бап

      Сот тапсырмасы сұрау салынатын органның тілінде жасалады немесе осы тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      Алайда Уағдаласушы мемлекет, егер бұл жөнінде 33-бапта көзделген ескертпелер болмаса, ағылшын немесе француз тілінде жасалған не осы тілдердің біріндегі аудармасы қоса берілген сот тапсырмасын қабылдауға тиіс.

      Бірнеше ресми тілі бар және ішкі заңнамасына сәйкес сот тапсырмасын өзінің барлық аумағында осы тілдердің бірінде қабылдай алмайтын Уағдаласушы мемлекет өз аумағының белгілі бір бөліктерінде сот тапсырмасының орындалуы үшін оның қай тілде жасалуы немесе қай тілге аудармасын жасау қажет екенін айқындайтын мәлімдеме жасауға тиіс. Осы мәлімдемеде айқындалған қағидалар негізделмеген себептер бойынша сақталмаған кезде талап етілетін тілге аудармасын жасау жөніндегі шығыстарды сұрау салушы мемлекет көтереді.

      Уағдаласушы мемлекет мәлімдемеде басқа тілді немесе сот тапсырмасы жасалуы және оның орталық органына жіберілуі мүмкін алдыңғы абзацта аталғаннан басқа да тілдерді көрсете алады.

      Сот тапсырмасына қоса берілген әрбір аударма мәтінінің дұрыстығын дипломатиялық не консулдық өкіл немесе алқабилер аудармашысы немесе мемлекеттердің кез келгенінде бұған уәкілеттік берілген кез келген басқа тұлға куәландыруға тиіс.

5-бап

      Егер орталық орган өтінішті Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейді деп есептесе, ол тапсырмаға байланысты туындаған қарсылықтарды жаза отырып, бұл туралы сұрау салушы мемлекеттің сот тапсырмасын жіберген органына дереу хабарлайды.

6-бап

      Егер сот тапсырмасы жіберілген органның оны орындауға құзыреті жетпесе, тапсырма осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес оны орындауға құзыретті органға мақсатына орай дереу жіберілуге тиіс.

7-бап

      Мүдделі Тараптар немесе олардың өкілдері іс жүргізу әрекеттеріне қатыса алуы үшін Сұрау салушы орган өзі сұратып отырған іс жүргізу әрекеттерінің жүзеге асырылатын күні мен орны туралы ақпаратты талап ете алады. Бұл ақпарат, егер сұрау салушы мемлекеттің органы оны қаласа, көрсетілген Тараптарға немесе олардың өкілдеріне тікелей жіберіледі.

8-бап

      Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салушы органының сот персоналы қызметкерлері сот тапсырмасын орындау кезінде қатыса алады деп мәлімдеуі мүмкін. Бұл үшін мәлімдеуші мемлекет тағайындаған құзыретті органның алдын ала келісімін алу талап етілуі мүмкін.

9-бап

      Сот тапсырмасын орындайтын сот органы орындау әдістері мен рәсімдеріне қатысты өз мемлекетінің заңдарын қолданады.

      Алайда, егер сұрау салушы құзыретті билік органы ерекше нысанды сақтау туралы өтінетін болса, мұндай өтініш, егер осы нысан сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін немесе оны қолдану мемлекетішілік практикаға және рәсімге сәйкес келмеуінен немесе іс жүзіндегі қиындықтарға байланысты мүмкін болмайтын жағдайда қанағаттандырылады.

      Сот тапсырмасы кідіріссіз орындалады.

10-бап

      Сұрау салынатын сот билігі органы сот тапсырмасын орындау кезінде өз мемлекеті өкіметінің бұйрықтарын немесе Тараптардың мемлекет ішіндегі сот процесіндегі өтінішхаттарын орындау үшін ішкі заңнамасында көзделген дәл сондай мәжбүрлеу құралдарын сондай жағдайларда және сол көлемде пайдаланады.

11-бап

      Сот тапсырмасы өзіне қатысты адам оны орындау кезінде:

      а) сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес не

      b) сот тапсырмасында ескертілген сұрау салушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес немесе сұрау салушы органның сұрау салынатын органға өтінішінде өзгеше расталған болса, айғақтар беруден бас тартуға артықшылықтары бар шамада немесе қызметтік борышы көлемінде айғақ беруден бас тарта алады.

      Бұдан басқа, Уағдаласушы мемлекет осы мәлімдемеде көрсетілген шеңберде сұрау салынатын немесе сұрау салушы өзге мемлекеттен басқа мемлекеттердің заңнамасында белгіленген осындай босатылуларды және тыйым салуларды мойындайтынын қосымша мәлімдей алады.

12-бап

      Егер:

      a) сұрау салынатын мемлекетте тапсырманы орындау сот билігінің құзыретіне кірмейтін болса немесе егер

      b) сұрау салынатын мемлекет өзінің егемендігіне және қауіпсіздігіне ол нұқсан келтіруі мүмкін деп тапқан жағдайда ғана сот тапсырмасын орындаудан бас тартылуы мүмкін.

      Сұрау салынатын мемлекет ішкі заңнамасына сәйкес ұсынылып отырған қуынымның мәні бойынша өзінің айрықша құзыреті туралы мәлімдеуі немесе ішкі заңнама осы жағдайда қуынымға құқықты көздемеуі себебімен ғана орындаудан бас тарта алмайды.

13-бап

      Сот тапсырмасының орындалғанын растайтын құжаттарды сұрау салынатын орган сұрау салушы органның өзі пайдаланған дәл сол тәсілмен жібереді.

      Тапсырма толық немесе ішінара орындалмаған әрбір жағдайда, сұрау салушы орган бұл жөнінде орындалмау себептері түсіндіріле отырып, дереу хабардар етілуге тиіс.

14-бап

      Сот тапсырмасын орындау қандай да бір алымдар мен шығындарды өндіріп алу үшін себеп бола алмайды.

      Алайда сұрау салынатын мемлекеттің сұрау салушы мемлекеттен сарапшылар мен аудармашыларға төленген сыйақыны және 9-баптың екінші абзацына сәйкес сұрау салушы мемлекет талап еткен ерекше рәсімді қолдануға байланысты болған шығындарды өтеуді талап етуге құқығы бар.

      Заңнамасы Тараптардың өздеріне дәлелдемелерді жинау міндетін жүктейтін және сот тапсырмасын өзі орындай алмайтын сұрау салынатын мемлекеттің органы, сұрау салушы органның осыған келісімін алғаннан кейін мұны жасауды соған лайықты адамға тапсыруы мүмкін. Сұрау салынатын орган бұл мәселе бойынша оған жүгіне отырып, осы рәсімге байланысты болатын шығыстардың шамамен мөлшерін көрсетеді. Егер сұрау салушы орган келісімін берсе, ол болған барлық шығыстарды өтейді. Сұрау салушы орган осындай келісім болмаған жағдайда, бұл шығыстарға жауапты болмайды.

ІІ ТАРАУ. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ НЕМЕСЕ КОНСУЛДЫҚ ӨКІЛДЕРДІҢ ЖӘНЕ
УӘКІЛЕТТІ АДАМДАРДЫҢ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ АЛУЫ

15-бап

      Уағдаласушы мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі өз функцияларын орындап жүрген екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағында және округінде өздері өкілдік ететін мемлекеттің соттары бастаған сот талқылауларына көмек ретінде өзі өкілдік ететін мемлекеттің азаматтарынан азаматтық немесе сауда істері бойынша куәлік айғақтарды мәжбүрлеусіз алуы мүмкін.

      Уағдаласушы мемлекет дипломатиялық немесе консулдық өкілдердің куәлік айғақтарын тек осы мемлекет тағайындаған құзыретті органның көрсетілген өкілден немесе оның атынан түскен өтініш бойынша берген рұқсаты болған кезде ғана алуы мүмкін болатынын мәлімдей алады.

16-бап

      Уағдаласушы мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі, егер:

      а) осы өкіл өз функцияларын орындап жүрген мемлекет тағайындаған құзыретті орган оған не жалпы сипаттағы, не нақты іс бойынша рұқсат берсе;

      b) ол құзыретті органның өзінің рұқсатында көрсеткен талаптарды сақтайтын болса, өз функцияларын орындап жүрген екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағында және округінде де өзі өкілдік ететін мемлекеттің соттары бастаған сот талқылауларына көмек ретінде өз функцияларын орындап жүрген мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің азаматтарынан куәлік айғақтарды мәжбүрлеусіз алуы мүмкін.

      Уағдаласушы мемлекет осы бапқа сәйкес дәлелдемелердің алдын ала рұқсатсыз алынуы мүмкін деп мәлімдей алады.

17-бап

      Азаматтық немесе сауда істері бойынша тиісті түрде уәкіл болып тағайындалған кез келген адам Уағдаласушы мемлекеттің аумағында, егер:

      а) дәлелдемелер алынуға тиіс мемлекет тағайындаған құзыретті орган осыған не жалпы сипаттағы, не нақты іс бойынша рұқсат берсе;

      b) осы адам құзыретті органның рұқсатында көрсетілген шарттарды сақтайтын болса, екінші Уағдаласушы мемлекеттің соттары бастаған сот талқылауларына көмек ретінде дәлелдемелерді мәжбүрлеусіз алуы мүмкін.

      Уағдаласушы мемлекет дәлелдемелердің осы бапқа сәйкес оның алдын ала рұқсатынсыз алынуы мүмкін деп мәлімдей алады.

18-бап

      Уағдаласушы мемлекет 15, 16 және 17-баптарға сәйкес дәлелдемелерді алу үшін тағайындалған дипломатиялық немесе консулдық өкілдің немесе уәкілетті адамның мәжбүрлеу тәртібімен дәлелдемелерді алуға қажетті жәрдем алу үшін осы мемлекет тағайындаған құзыретті органға жүгіне алады деп мәлімдей алады. Мәлімдемеде мәлімдеуші мемлекет енгізуі мүмкін деп есептейтін талаптар қамтылуы мүмкін.

      Егер бұл орган өтінішті қанағаттандырса, ол лайықты болып табылатын және мемлекетішілік сот процестерінде қолданылу үшін заңда көзделген кез келген мәжбүрлеу шараларын қолданады.

19-бап

      Құзыретті орган 15, 16 және 17-баптарда көзделген рұқсатты бере отырып немесе 18-бапта көзделген өтінішті қанағаттандыра отырып, ол дәлелдемелерді алуға болатын уақыт пен орынға сәйкес деп санауға болатын талаптарды белгілей алады. Осы арқылы ол өзіне қисынды мерзім ішінде дәлелдемені алудың уақытын, күні мен орнын алдын ала хабарлауды талап ете алады; бұл жағдайда аталған органның өкілі дәлелдемені алатын кезде қатыса алады.

20-бап

      Осы тараудың кез келген бабына сәйкес дәлелдемелерді алу кезінде оған қатысатын адамдардың атынан олардың адвокаттары өкілдік ете алады.

21-бап

      Дипломатиялық немесе консулдық өкіл не уәкілетті адам 15, 16 және 17 баптардың ережелеріне сәйкес дәлелдемелерді алуға рұқсат алғанда:

      а) ол болып жатқан мемлекеттің заңдарына немесе аталған баптардың негізінде берілген рұқсатқа қайшы келмейтін дәлелдемелердің барлық түрлерін ала алады және сол шектерде ант бергізуге немесе растауды алуға құқылы,

      b) егер адам іс қозғалу жүргізіліп отырған мемлекеттің азаматы болып табылмаса, келуге немесе айғақтар беруді талап ету дәлелдеме алынуға тиіс жердің тілінде жасалады не осы тілдегі аудармасы қоса беріледі,

      c) талап етуде адамға оның атынан адвокатың өкілдік ете алатындығы және ол 18-бапқа сәйкес мәлімдеме жасамаған кез келген мемлекетте келуге және айғақтар беруге міндетті емес екендігі туралы хабардар етілуі тиіс,

      d) айғақтар іс қаралатын сотта қолданылатын заңда көзделген тәсілмен, бұл тәсілге айғақтар алынатын мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған жағдайда алынуы мүмкін,

      e) жауап алу талап етілетін адам айғақтар беруден бас тартқан кезде 11-бапта көзделген артықшылықтар мен қызметтік парызға сілтеме жасай алады.

22-бап

      Дәлелдемелерді алуға жасалған, осы тарауда көзделген рәсімге сәйкес әрекеттің адамның айғақ беруден бас тартуы себебінен іске аспай қалу фактісі, дәлелдемелерді алу туралы бірінші тараудың ережелеріне сәйкес кейін өтініш жолдауға кедергі болмайды.

ІІІ ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

23-бап

      Уағдаласушы мемлекет қол қою, ратификациялау немесе қосылу кезінде құжаттарды сотқа дейін ашу сияқты кәдімгі құқық қолданылатын мемлекеттерде белгілі материалдарды алу мақсаттарында жіберілетін сот тапсырмаларын орындамайтынын мәлімдей алады.

24-бап

      Уағдаласушы мемлекет орталық органнан өзге басқа да органдарды тағайындап және олардың құзыретін айқындай алады. Алайда сот тапсырмасы әрқашан орталық органға жолдануы мүмкін.

      Федералдық мемлекеттер өздерінің қалауы бойынша бірнеше орталық органдарды тағайындай алады.

25-бап

      Бірнеше құқықтық жүйе қолданылатын Уағдаласушы мемлекет осы жүйелердің бірінің органдарын тағайындай алады, олар осы Конвенцияға сәйкес сот тапсырмаларын ғана орындауға құзыретті болады.

26-бап

      Уағдаласушы мемлекет, егер бұл конституциялық нормаларға сәйкес талап етілсе, сұрау салушы мемлекетке сот тапсырмасын орындауға байланысты, адамның айғақтар беруі үшін келуін қамтамасыз ету жөніндегі рәсімді орындағаны, адамнан жауап алғаны және жауап алу хаттамасын жасағаны үшін шығыстар мен сыйақыларды өтеуді ұсына алады.

      Егер мемлекет алдыңғы абзацтың ережесіне сәйкес талап етуді мәлімдейтін болса, кез келген екінші Уағдаласушы мемлекет осы мемлекетке осыған ұқсас шығыстарды өтеуді ұсына алады.

27-бап

      Осы Конвенцияның ережелері Уағдаласушы мемлекеттің:

      а) өзінің сот органы сот тапсырмалары 2-бапта көзделгеннен басқа арналар бойынша жіберілуі мүмкін екенін мәлімдеуі үшін;

      b) Конвенцияда көзделген кез келген іс-қимылды, болмашы шектеулер жағдайларында өз заңнамасы немесе практикасы шеңберінде орындауға мүмкіндік беруі үшін;

      с) өз заңнамасы немесе тәжірибесі шеңберінде, дәлелдемелерді алудың осы Конвенцияда көзделгеннен өзге тәсілдерін пайдалануға рұқсат беруіне кедергі болмайды.

28-бап

      Осы Конвенция екі немесе одан да көп Уағдаласушы мемлекеттің:

      а) сот тапсырмаларын беру тәсілдеріне қатысты - 2-баптан;

      b) пайдаланылуы мүмкін тілдерге қатысты - 4-баптан;

      c) тапсырмаларды орындау кезінде заңгер персоналдың болуына қатысты - 8-баптан;

      d) куәлік айғақтарды берудегі артықшылықтар мен шектеулерге қатысты - 11-баптан;

      e) орындауды растайтын құжаттарды берудің тәсілдеріне қатысты - 13-баптан;

      f) шығыстарға қатысты - 14-баптан;

      g) ІІ тараудың ережелерінен шегініске қатысты өзара уағдаласу жасай алатындығына кедергі болмайды.

29-бап

      Осы Конвенция өзінің Гаагада 1905 жылғы 17 шілдеде және 1954 жылғы 1 наурызда қол қойылған Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенциялардың біріне немесе екеуіне де қатысушы болып табылатын олардың қатысушылары арасындағы қатынастарда бұдан неғұрлым бұрынғы Конвенциялардың 8-16-баптарын ауыстырады.

30-бап

      Осы Конвенция 1905 жылғы Конвенцияның 23-бабының немесе 1954 жылғы Конвенцияның 24-бабының қолданылу мәселесін қозғамайды.

31-бап

      Егер қатысушы мемлекеттер өзгеше уағдаласпаса, 1905 және 1954 жылғы Конвенциялардың қатысушылары арасындағы қосымша келісімдер осы Конвенцияға қолданылатын келісім ретінде қаралады.

32-бап

      Осы Конвенция 29 және 31-баптардың ережелеріне нұқсан келтірместен Уағдаласушы мемлекеттер қатысушы болып табылатын немесе қатысушы болатын және осы Конвенцияның қамтитын мәселелері бойынша ережелері бар конвенцияларды қозғамайды.

33-бап

      Әрбір мемлекеттің қол қою, ратификациялау немесе қосылу кезінде 4-баптың екінші абзацының және ІІ тараудың ережелерін тұтас немесе ішінара қолданысын алып тастауға құқығы бар. Басқадай ешбір ескертпелерге жол берілмейді.

      Уағдаласушы мемлекет кез келген уақытта өзі жасаған ескертпені қайтарып алуы мүмкін, ескертпенің қолданысы оны кері қайтарып алу туралы хабардар етілгеннен кейін алпысыншы күні тоқтатылады.

      Мемлекет ескертпе жасағанда, бұған қатысы бар кез келген екінші мемлекет ескертпе жасаған мемлекетке қатысты дәл сол қағиданы қолдануы мүмкін.

34-бап

      Уағдаласушы мемлекет кез келген уақытта өзінің мәлімдемесін кері қайтарып ала алады немесе өзгерте алады.

35-бап

      Уағдаласушы мемлекет не ратификациялау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру кезінде, не кейіннен Нидерланд Сыртқы істер министрлігін 2, 8, 24 және 25-баптарда көзделген органдарды тағайындауы туралы хабардар етеді.

      Осындай тұрғыда, Уағдаласушы мемлекет тиісті жағдайларда Министрлікке төмендегі туралы:

      а) хабарламалар жіберілуге тиіс, рұқсаттар алу қажет және дипломатиялық немесе консулдық өкілдер 15, 16 және 18-баптарға сәйкес дәлелдемелерді талап еткен кезде жәрдем көрсетуге сұрау салынуы мүмкін органдарды тағайындау;

      b) 17-бапқа сәйкес рұқсаты қажет болуы мүмкін және 18-бапта көзделген көмекті көрсете алатын органдарды тағайындау;

      c) 4, 8, 11, 15, 16, 17, 18, 23 және 27-баптарда көзделген мәлімдемелер;

      d) жоғарыда көрсетілген тағайындаулар мен мәлімдемелерді әрбір алып тастау немесе өзгерту;

      e) кез келген ескертпелерді кері қайтарып алу туралы хабардар етеді.

36-бап

      Уағдаласушы мемлекеттер арасында осы Конвенцияны қолдануға байланысты туындауы мүмкін қиындықтар дипломатиялық тәртіппен шешілетін болады.

37-бап

      Осы Конвенция Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының он бірінші сессиясында өкілдік еткен мемлекеттерге қол қою үшін ашық.

      Ол ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталары Нидерланд Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылуға тиіс.

38-бап

      Осы Конвенция 37-баптың екінші абзацында көзделген үшінші ратификациялау грамотасын тапсырғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

      Конвенция оған қол қойған және оны кейін ратификациялаған әрбір мемлекет үшін, ол өзінің ратификациялау грамотасын сақтауға тапсырғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

39-бап

      Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференцияның он бірінші сессиясында өкілдік етілмеген, Конференцияға немесе Біріккен Ұлттар Ұйымына немесе осы Ұйымның мамандандырылған мекемесіне мүше немесе Халықаралық Соттың Жарғысына қатысушы болып табылатын кез келген мемлекет осы Конвенцияның қолданысы 38-баптың бірінші абзацына сәйкес күшіне енгеннен кейін оған қосыла алады.

      Қосылу туралы акт Нидерланд Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылуы тиіс.

      Конвенция оған қосылған мемлекет үшін өзінің қосылу туралы актісін сақтауға тапсырғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

      Қосылу қосылып отырған мемлекет пен қосылуға өздерінің келісімін мәлімдейтін Уағдаласушы мемлекеттердің арасындағы қатынастар үшін ғана жарамды болады. Бұл мәлімдеме Нидерланд Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылуы тиіс; соңғысы оның куәландырылған көшірмесін әрбір Уағдаласушы мемлекетке дипломатиялық арналар бойынша жібереді.

      Конвенция қосылып отырған мемлекет пен осындай қосылуға келісімін мәлімдеген мемлекеттің арасындағы қосылуға келісім туралы мәлімдемені сақтауға тапсырғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

40-бап

      Кез келген мемлекет қол қою, ратификациялау немесе қосылу кезінде осы Конвенцияның қолданысы өзі халықаралық қатынастарына жауапты болатын барлық аумаққа не біреуіне немесе олардың кейбіреулеріне қолданылатынын мәлімдей алады. Бұл мәлімдеме осы Конвенция осы мемлекет үшін күшіне енген күнінен бастап қолданылатын болады.

      Осыдан кейін қолданыс аясының осындай кеңейтілуі туралы Нидерланд Сыртқы істер министрлігі әрдайым хабардар етілуге тиіс.

      Конвенция кеңейту туралы мәлімдемеде көрсетілген аумақтар үшін алдыңғы абзацта аталған хабарламадан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

41-бап

      Осы Конвенция, соның ішінде оны ратификациялайтын немесе оған кешірек қосылатын мемлекеттер үшін де 38-баптың бірінші абзацына сәйкес оның күшіне енген күнінен бастап, бес жыл бойы күшінде болады.

      Егер Конвенцияның күші жойылмаса оның қолданылуы тараптардың үнсіз келісімімен одан кейінгі әрбір бес жыл сайын ұзартылатын болады.

      Нидерланд Сыртқы істер министрлігі бес жылдық мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын күшін жою туралы хабардар етілуге тиіс.

      Ол Конвенцияның күші қолданылатын кейбір аумақтарымен шектелуі мүмкін.

      Күшін жою ол туралы мәлімдеген мемлекетке қатысты ғана күшінде болады. Конвенция басқа Уағдаласушы мемлекеттерге қатысты күшінде қалады.

42-бап

      Нидерланд Сыртқы істер министрлігі 37-бапта аталған мемлекеттерді, сондай-ақ 39-бапқа сәйкес қосылған мемлекеттерді төмендегі туралы:

      а) 37-бапта көзделген қол қою және ратификациялау;

      b) 38-баптың бірінші абзацының ережесіне сәйкес осы Конвенцияның күшіне енуі басталатын күн;

      c) 39-бапта аталған қосылулар және олардың жарамды болып есептелетін күні туралы;

      d) 40-бапта аталған аясын кеңейту және олардың жарамды болып есептелетін күні;

      e) 33 және 35-баптарда сөз болып отырған тағайындаулар, ескертпелер және мәлімдемелер;

      f) 41-баптың үшінші абзацында аталған күшін жоюлар туралы хабардар етеді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ орайында тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойғандар осы Конвенцияға қол қойды.

      1965 жылғы 15 қарашада Гаагада ағылшын және француз тілдерінде ЖАСАЛДЫ, әрі екі мәтіннің күші бірдей, бір данасы Нидерланд Үкіметінің мұрағаттарында сақталады және оның куәландырылған көшірмесі дипломатиялық арналар арқылы Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының он бірінші сессиясында өкілдік еткен әрбір мемлекетке жіберіледі.

      (Қолдар)

      РҚАО-ның ескертпесі
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

       Осымен 1970 жылғы 18 наурыздағы Гаагада жасалған Азаматтық немесе сауда істер бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы Конвенцияның қазақ тіліндегі аудармасы Конвенция мазмұнына сәйкес келетін куәландырамын.

Қазақстан Республикасы


Әділет министрлігінің


Халықаралық құқық және ынтымақтастық


департаментінің директоры

А. Ахметова


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады