Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы Экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 1 маусымдағы № 68-VІ ҚРЗ.

      1977 жылғы 16 – 22 мамырда Триполиде Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 8-ші сессиясында қабылданған Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы Экономикалық, техникалық жəне сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім осы Заңға 1 жəне 2-қосымшаларға сəйкес мəлімдемемен жəне ескертпелермен қоса ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
      

  "Ислам Конференциясы
Ұйымына мүше елдер
расындағы Экономикалық,
техникалық және сауда
ынтымақтастығы туралы бас
келісімді ратификациялау
туралы" 2017 жылғы 1
маусымдағы № 68-VI ҚРЗ
Қазақстан Республикасының
Заңына № 1 қосымша

Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық,
техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімге
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәлімдемесі

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімнің (бұдан әрі – Бас келісім) Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейтін ережелерін орындайтынын мәлімдейді".


  "Ислам Конференциясы
Ұйымына мүше елдер
арасындағы Экономикалық,
техникалық және сауда
ынтымақтастығы туралы бас
келісімді ратификациялау
туралы" 2017 жылғы 1
маусымдағы № 68-VI ҚРЗ
Қазақстан Республикасының
Заңына № 2 қосымша

Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің ескертпелері

      1. 6-бапқа ескертпе: "Қазақстан Республикасының Үкіметі Бас келісімнің 6-бабын осы Келісімнің қатысушыларына Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерге залал келтірмей кез келген басқа үшінші мемлекет үшін қолайлылығы кем емес режим беру міндеттемесі ретінде қолданатын болады".

      2. 8-бапқа ескертпе: "Қазақстан Республикасының Үкіметі Бас келісімді өзі қатысушысы болып табылатын еркін сауда аймағы және кеден одақтары туралы келісімдер шеңберінде бекітілген өз құқықтары мен міндеттемелеріне залал келтірмей қолданатын болады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүргізілетін сыртқы сауда саясатына сәйкес Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттермен преференциялық сауда келісімдерін жасасу және/немесе саудада жеңілдік режимін белгілеу құқығын өзінде қалдырады".

Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім

Кіріспе

      Ислам Конференциясына мүше елдердің үкіметтері - осы келісімге қол қоюшылар:

      Ислам Конференциясы Ұйымының жарғысында айқындалған міндеттерге сәйкес және Лахорда өткен Екінші ислам саммитінің қарарын орындау үшін;

      мүше елдердің экономикалық прогресі мен дамуы үшін ең жақсы ықтимал мән-жайлар мен жағдайлар жасауға ұмтыла отырып және өз халқының өмір сүру жағдайын арттыру мақсатында;

      барлық салаларда өздерінің ортақ мүдделеріне қол жеткізу үшін мүше елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға ниет білдіре отырып;

      мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы ислам мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуын шоғырландырудың негізгі құралдарының бірі болып табылатындығына сенім білдіре отырып;

      ислам әлемінде қолжетімді экономикалық, адами және техникалық қабілеттіліктер мен мүмкіндіктерді халықтардың саламаттылығы мен өркендеуіне мүше елдер арасындағы берік және жүйелі ынтымақтастық тұрғысында оларды ең жақсы түрде жұмылдыру және қолдану мақсатында барынша пайдалану үшін күш-жігер жұмсай отырып;

      осы келісімді мақұлдады және оның іске асырылуын қамтамасыз ету үшін және ұжымдық күш-жігер арқылы немесе екіжақты және көпжақты іс-шаралар шеңберінде өз мақсаттарына қол жеткізу мақсатында экономикалық және техникалық ынтымақтастық тұрғысында өздерінің барлық күш-жігерін жұмсауға уағдаласты.

І ТАРАУ
Экономикалық ынтымақтастық 1-бап

      Мүше елдер қажет болған кезде әрбір мүше елдің қолданыстағы заңдары мен ережелеріне сәйкес барлық ислам мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу және Ислам әлеміндегі экономикалық ресурстардың оңтайлы пайдаланылуына жаңа мүмкіндіктер беру мақсатында өздерінің арасында капиталдар мен инвестициялар трансфертін көтермелеу үшін талап етілетін жағдайларды, кепілдіктерді және ынталандыруларды ұсынады.

2-бап

      Мүше елдер кең ауқымды экономикалық пайда және басымдықтар беретін, сондай-ақ экономикалық өзара толықтыруды және мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық құрылымдарын тереңдететін және алға ілгерілететін бірлескен жобаларды көтермелеуге тиіс.

3-бап

      Мүше елдер бірлескен жобаларды инвестициялау мүмкіндіктерін зерделеу және айқындау бойынша әртүрлі зерттеулер әзірлеуде ынтымақтасады.

4-бап

      Мүше елдер ислам елдерінде тамақ өнімдері өндірісінің әлеуетін барынша пайдалануға жәрдемдесетін болады және ислам әлемінде тамақ өнімдеріне қажеттілікті қанағаттандыруда ынтымақтасатын болады.

ІІ ТАРАУ
Техникалық ынтымақтастық 5-бап

      Мүше елдер сарапшылар алмасу, зерттеулер және оқытуға арналған стипендиялар, мамандарды даярлау мен біліктілікті арттыру және әртүрлі ғылыми және техникалық конференциялар мен семинарлар өткізу арқылы өздеріне қолжетімді тәжірибе мен техникалық мүмкіндіктерден барынша пайда алуға ұмтылатын болады.

6-бап

      Жұмыс күші саласындағы өз қажеттіліктерін қанағаттандыру және қолда бар техникалық және әкімшілік тәжірибеден пайда алу үшін ислам мемлекеттері осы салаларда тәжірибе алмасуда ынтымақтасуға және бұрын жасалған екіжақты және көпжақты келісімдерді ескере отырып және осы саладағы ұлттық заңнамаларға сәйкес басқа да барлық тең жағдайларда мүше елдерден келетін жұмыс күшіне артықшылық беруге тиіс.

7-бап

      Мүше елдер озық ғылым мен технологияның исламдық қорын құру үшін барлық қажетті шараларды қолдануға келіседі.

ІІІ ТАРАУ
Сауда ынтымақтастығы 8-бап

      Мүше елдер өздерінің арасында бұрын жасалған басқа да шарттар бойынша міндеттемелерді ескере отырып, олар:

      а) сыртқы сауда саясатына қатысты бір-бірімен тең құқылы және кемсітпейтін сауда тәсілдерін қолдануға ұмтылатын болады;

      b) өз араларында сауда алмасуды, атап айтқанда, екіжақты немесе көпжақты сауда келісімдері негізінде сауданы ырықтандыру арқылы, өздерінің арасындағы экспорт/импорт қызметіне қолданылатын кедендік және басқа да шектеулерді азайту немесе жою жолымен ұлғайтуға және дамытуға күш-жігер жұмсайтын болады; және

      с) неғұрлым төмен дамыған мүше елдердің ерекше мән-жайлары мен жағдайларын ескеретін болады.

9-бап

      Түптеп келгенде мүше елдер ислам мемлекеттері арасындағы сауданы дамыту жөніндегі орталықты құруға келіседі, оның негізгі міндеті мүше елдер арасындағы сауда алмасуларды ілгерілету және дамыту болады.

10-бап

      Мүше елдерде өз өнімін ұсыну мен өткізу үшін мүше елдер көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруға күш-жігерін жұмсайды. Олар сол мақсатпен мүше елдердің өнімдерімен танысу және өзара сауда алмасуды дамытуға мүмкіндіктерді ұлғайту үшін басқа мүше елдерде өткізілетін халықаралық жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысуға да тырысатын болады. Әрбір мемлекет осы мақсаттар үшін қазіргі экономикалық саясат пен жүйелер шеңберінде басқа мүше елдер үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді.

ІV ТАРАУ
Қорытынды ережелер 11-бап

      Экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ислам комиссиясы Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшылығымен ынтымақтаса отырып, осы келісімнің іске асырылуына, сондай-ақ, осындай іске асырудың нәтижелеріне шолу жасауға және оларды бағалауға жауапты болады.

12-бап

      Осы Келісім Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің қол қоюы және ратификациялауы үшін ашық, ратификациялау құралдары Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшылығында сақталуға тиіс.

13-бап

      Осы Келісім Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің жартысынан астамы ратификациялау құралдарын ұсынғаннан кейін күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім үш түпнұсқада араб, ағылшын және француз тілдерінде жасалды - үшеуінің де күші бірдей.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің араб, ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

      Осымен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімінің қазақ тіліндегі мәтіні ағылшын тіліндегі тең түпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика вице-министрі
Т. Жақсылықов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады