Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 3 шілдедегі № 86-VI ҚРЗ.

Баспасөз релизі

      2017 жылғы 3 шілдеде Елбасымен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына (бұдан әрі - Заң) қол қойылды.

      Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша Жұмыс тобының отырысында атап өтілген тапсырманы орындау мақсатында әзірленген. Заң Президенттің конституциялық өзгерістерді талап етпейтін заңмен бекітілген өкілеттіктерін қайта бөлуді көздейді.

      Осылайша, Заңмен 4 кодекске (Жер, Су, Бюджеттік, Кәсіпкерлік) және 22 заңға экономикалық процесстерді реттеу саласындағы, әлеуметтік маңызы бар мәселелері бойынша, сондай-ақ ұйымдастырушылық сипаттағы Үкіметке Президенттің бірқатар өкілеттіктерін беруді көздейтін өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

      Атап айтқанда, Үкіметке Президенттің экономикалық процесстерді реттеу саласындағы келесі өкілеттіктері берілді:

      - индустриялық-инновациялық қызметті қолдау саласындағы экономиканың басым секторларын айқындау;

      - республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін анықтау;

      - стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың есебін жасау және ұсыну тәртібін орнату;

      - арнайы экономикалық аймақтарды құру;

      - Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде арнайы валюталық режимді енгізу;

      - мемлекеттік-жекешелік әріптестік мақсаттарына берілмейтін объектілер тізбесін айқындау.

      Сонымен қатар, Үкімет Президенттің немесе Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша келесі қызметтерді жүзеге асыратын болады:

      - мемлекеттік жоспарлау жүйесін анықтау

      - жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді белгілі бір мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдау;

      - мемлекеттік орган туралы Үлгілік ережені бекіту;

      - меншіктен шығаруға жатпайтын мемлекеттің меншігіндегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің тізімін бекіту және т.б.

      Президенттің әлеуметтік маңызы бар өкілеттіктерін беру бойынша Үкіметке мерекелік күндер тізбесін бекіту және Президент Әкімшілігінің келісуімен мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібін айқындау өкілеттіктері берілді.

      Президенттің ұйымдастырушылық сипаттағы өкілеттіктерін беру бойынша Үкіметке облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын анықтау, айрықша стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізімін анықтау, Президент Әкімшілігінің келісуімен әуе кеңістігінде тәртіп бұзушы әуе кемелеріне қару және әскери техниканы пайдалану тәртібін бекіту және т.б.

      Президенттің шетелдік қызметкерлерді мемлекеттік органдарына жұмысқа алу кезінде міндетті арнайы тексеруден өткізу тәртібін анықтау өкілеттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді, осы функцияны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп жүзеге асыратын болады.

      Заң мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз