Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 12 шілдедегі № 96-VI ҚРЗ.

      2016 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттама

      (2017 жылғы 14 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 5, 67-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,

      Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағына Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі іс-шаралар жоспары ("жол картасы") туралы" 2014 жылғы 29 мамырдағы № 74 және "Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын ескере отырып, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының бірыңғай экономикалық кеңістігіне Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі іс-шаралар жоспары ("жол картасы") туралы" 2014 жылғы 10 қазандағы № 75 шешімдерін орындау маңыздылығын тани отырып,

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім) іске асыру мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімнің 3-бабына сәйкес Тараптар осы Хаттамамен Қырғыз тарапына көмек көрсету тәртібін, сондай-ақ оның пайдаланылуын бақылауды айқындайды.

2-бап

      1. Осы Хаттаманы іске асыру Тараптардың уәкілетті органдарына жүктеледі.

      Техникалық жәрдем көрсету іс-шарасына жауапты уәкілетті орган - техникалық жәрдем көрсету іс-шараларын келісу үшін Тараптар уәкілеттік берген мемлекеттік орган немесе ұйым.

      Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға сәйкес уәкілетті орган техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға сәйкес Тараптар ынтымақтастығы процесінде берілетін және (немесе) көрсетілетін көмекті беруге, алуға және пайдалануға Тараптар уәкілеттік берген мемлекеттік орган немесе ұйым.

      2. Келісім мен оған хаттамалардың шеңберінде бақылау процесі және орындалатын міндеттемелердің нәтижелері бойынша Тараптар арасында ақпарат алмасу:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне;

      Қырғыз тарапынан - еуразиялық интеграция шеңберінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органға жүктеледі.

3-бап

      Келісім, осы Хаттама және техникалық жәрдем көрсету туралы тиісті хаттама күшіне енген күннен бастап көмек Келісім ережелеріне сәйкес көрсетіледі және техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалар негізінде кезең-кезеңімен беріледі.

      Қажет болған кезде Қазақстан Республикасының бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы осы Хаттаманың 4-бабында көзделген іс-шараларды қаржыландыру және Қазақстан Республикасы уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

4-бап

      Келісімнің 2-бабына сәйкес көмек Қырғыз тарапына:

      1) жабдықтарды, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, құрылысқа ақша қаражатын аудару;

      2) жаңа тауарлар және/немесе жабдықтар беру;

      3) оқыту бойынша қызметтерді ұсыну арқылы берілуі мүмкін.

5-бап

      Осы Хаттаманың 4-бабының 1) тармақшасында көрсетілген, техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалардың қосымшаларына сәйкес тауарларды, жабдықтарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мен құрылыс үшін көмек Қырғыз тарапына ақшалай нысанда беріледі.

6-бап

      1. Осы көмек мынадай тәртіппен беріледі:

      1) техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларды жасасу мақсатында еуразиялық интеграция шеңберінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын Қырғыз Республикасының уәкілетті органы сатып алынатын тауарлар, жабдықтар, көрсетілетін қызметтер мен құрылыс үшін: техникалық жәрдем көрсету іс-шараларының тізбесін және техникалық ерекшеліктің, баға ұсыныстарының, техникалық тапсырманың, техникалық-экономикалық негіздеменің, Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысының бар екендігі туралы қорытындыны Қазақстан Республикасының бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органына ұсынады;

      2) Қазақстан тарапының техникалық жәрдем көрсету іс-шараларына жауапты уәкілетті органы техникалық жәрдем көрсету іс-шараларының тізбесін және осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қажетті қорытындыны алғаннан кейін, келіскен жағдайда, Қырғыз тарапына ақша қаражатын бөлуге дайын екендігі туралы хабарлайды;

      3) Тараптар дайындалған техникалық жәрдем көрсету іс-шараларының тізбесінің негізінде техникалық жәрдем көрсету туралы хаттама әзірлейді және оған қол қояды;

      4) осы Хаттаманың 2-бабының 2-тармағында аталған уәкілетті органның атынан Қырғыз тарапы техникалық жәрдем көрсету туралы хаттама күшіне енген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, осы Хаттаманың 2-бабының 2-тармағында аталған Қазақстан тарапының уәкілетті органына ақша қаражатының сомаларын аудару үшін банктік деректемелерді жеткізеді;

      5) ақша қаражатын аудару ұсынылған банктік деректемелерге сәйкес Қырғыз тарапының шотына техникалық жәрдем көрсету туралы тиісті хаттаманың іс-шараларында көзделген қаражат сомасының 100 (бір жүз) пайызы мөлшерінде АҚШ долларымен жүргізіледі;

      6) Қырғыз тарапының шотына түскен ақша қаражатын алғаннан кейін техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға сәйкес іс-шараға жауапты Қырғыз тарапының уәкілетті органы Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды, жабдықтарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға сәйкес іс-шараға жауапты Қырғыз тарапының уәкілетті органы тиісті келісімшартты жасасқандығы туралы оның көшірмесін қоса бере отырып, техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға сәйкес іс-шараға жауапты Қазақстан тарапының уәкілетті органын хабардар етеді.

      Сатып алуды жүргізу қорытындысы бойынша үнемделген қаражат Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігінің Орталық қазынашылығындағы тиісті есеп айырысу шотында жинақталады, оған одан әрі билік ету Тараптардың келісуі бойынша жүргізіледі.

      2. Қырғыз тарапы осы бапта көзделіп ұсынылған құжаттаманың толықтығы мен анықтығы үшін жауапты болады.

      3. Қырғыз тарапы объектілерді салу бойынша бас мердігерді іріктеуді жүзеге асырады, ол өз кезегінде құрылысты Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      4. Қазақстан тарапы Қырғыз тарапының, бас мердігердің және қосалқы мердігерлердің міндеттемелері үшін жауапты болмайды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2017 № 94-VI Заңымен.

7-бап

      1. Осы Хаттаманың 4-бабының 2) тармақшасында көрсетілген, техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалардың қосымшаларына сәйкес жаңа тауарлар және/немесе жабдықтар беру нысанындағы көмек Келісім, осы Хаттама және техникалық жәрдем көрсету туралы тиісті хаттама күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде жүзеге асырылады.

      2. Тауарларды және/немесе жабдықтарды Қырғыз Республикасының аумағына жеткізуге байланысты барлық шығыстар (дайындауға, сақтауға, тиеуге, тасымалдауға арналған шығыстар және жеткізу жолындағы күтпеген басқа да шығыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан тарапына жүктеледі.

      3. Осы Хаттаманың 4-бабының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларды және/немесе жабдықтарды Қырғыз Республикасының аумағында тиісінше қолдануға рұқсат беру мақсатында Қырғыз тарапы Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуге тиіс.

      4. Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға сәйкес іс-шараға жауапты Тараптардың уәкілетті органдарының өзара уағдаластығы бойынша осы тауарларды және/немесе жабдықтарды Қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының аумағынан өз бетінше әкете де алады.

      5. Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес сапасы мен қауіпсіздігі сәйкестік сертификаттарымен расталуға тиіс берілетін тауарлар және/немесе жабдықтар беру кезінде пайдалануға және қолдануға жарамды болуға тиіс.

      6. Тауарлар және/немесе жабдықтар алуды, сондай-ақ олардың пайдалануға және қолдануға жарамдылығын Тараптар қабылдау-тапсыру актісіне қол қою арқылы растайды.

      7. Тауарлар және/немесе жабдықтар берілген, Тараптар тиісті қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған кезден бастап кездейсоқ толық істен шығу немесе бүліну тәуекелі меншік құқығының пайда болуымен бір мезгілде Қырғыз тарапына өтеді.

      8. Қазақстан тарапы тауарларды және/немесе жабдықтарды Қырғыз тарапына бергеннен кейін оларды тасымалдау, сақтау немесе қолдану салдарынан келтірілген залал үшін Қырғыз тарапы жауапты болады.

      9. Қырғыз тарапы алған тауарларды және/немесе жабдықтарды Қазақстан тарапының алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа пайдалануға бермеуге міндеттенеді.

      10. Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалардың қосымшаларында көрсетілген Қазақстан тарапының уәкілетті органы Қырғыз тарапына сол немесе өзге бір тауарларды және/немесе жабдықтарды беру бөлігінде осы Хаттаманы іске асыру үшін жауапты болып табылады.

      Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалардың қосымшаларына сәйкес тауарларды және/немесе жабдықтарды беретін, техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға сәйкес іс-шараға жауапты Қазақстан тарапының уәкілетті органы беруді, тасымалдауды, жеткізуді, монтаждауды, баптауды және Қырғыз тарапына беру үшін қажетті өзге де іс-шараларды жүзеге асырады.

8-бап

      Осы Хаттаманы іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және аумағынан әкетілетін тауарлар және/немесе жабдықтар техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға сәйкес іс-шаралардың тізбелері бойынша кедендік алымдар, баждар және салықтар төленбей бірінші кезекте кедендік рәсімдерге орналастырылады.

      Осы Хаттаманы іске асыру шеңберінде Қырғыз Республикасының аумағына әкелінетін және аумағынан әкетілетін тауарлар және/немесе жабдықтар техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға сәйкес іс-шаралардың тізбелері бойынша кедендік алымдар, баждар және салықтар төленбей бірінші кезекте кедендік рәсімдерге орналастырылады.

      Осы Хаттама шеңберінде Қырғыз Республикасының аумағына тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жеткізу қосылған құн салығын және сатудан түсетін салықты төлеуден босатылады.

9-бап

      Осы Хаттаманың 4-бабының 3) тармақшасында көрсетілген, техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамалардың қосымшаларына сәйкес Қырғыз мамандарын оқыту бойынша қызметтер көрсету нысанында көмек беру Қазақстан Республикасының оқу орталықтарының базасында немесе Қырғыз Республикасында жүзеге асырылатын болады.

      Оқу бағдарламасы Тараптардың келісуі бойынша әзірленетін болады.

      Тиісті оқу сертификаты аяқтау нысаны болып табылады.

10-бап

      Қырғыз тарапы көрсетілетін көмекті нысаналы пайдалануды орындауға міндеттенеді.

11-бап

      1. Ұсынылатын көмектің нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесі шеңберінде бірлескен екіжақты Ревизиялық комиссия құрылатын болады.

      2. Ревизиялық комиссияның құрамы мен тексеру жүргізу тәртібі бақылау мерзімі мен кезеңі белгілене отырып, Үкіметаралық Кеңестің шешімімен бекітіледі.

      3. Ревизиялық комиссияның өкілеттігіне:

      1) сатып алу және пайдалану кезінде сатып алынатын жабдықтардың, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің Қырғыз Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізу;

      2) тауарлардың және жабдықтардың бар екендігін, сақталуын, тиімділік қағидаты сақтала отырып, олардың нысаналы пайдаланылуын тексеру;

      3) бухгалтерлік операциялардың дұрыс көрсетілуі, бөлінген қаражатты аудару, іссапар және шаруашылық шығыстарын төлеу негізділігі, сондай-ақ Тараптардың келісуі бойынша тексеруді жүзеге асыру барысында туындайтын басқа да мәселелер кіреді.

      4. Тексеру нәтижелері қорытынды (акт) түрінде ресімделеді және Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесіне беріледі, ол оны қарау қорытындысы бойынша осы Хаттама шеңберінде одан әрі қаржыландыру туралы шешім қабылдайды.

      5. Тараптар Келісімнің шарттарын түпкілікті орындағанға дейін ревизия жылына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

      6. Ревизиялық комиссия Келісім мен осы Хаттамадан туындайтын барлық міндеттемелерді Тараптардың орындағаны туралы Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесінің шешімі бойынша өз қызметін тоқтатады.

12-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты келіспеушіліктер мен дауларды Тараптар консультациялар және келіссөздер арқылы реттейді.

13-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Хаттаманың ажырамас бөліктері болып табылады.

14-бап

      Осы Хаттама мен Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап осы Хаттама күшіне енеді.

      Тараптардың осы Хаттамада көзделген барлық міндеттемелері орындалған кезден бастап осы Хаттаманың қолданылуы тоқтатылады.

      2016 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Хаттаманы түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Хаттаманың қырғыз тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады