Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 30 қазандағы № 102-VІ ҚРЗ.

      2012 жылғы 25 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім

      (2017 жылғы 18 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 1, 12-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі (бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын),

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен жолаушы және жүк автомобиль тасымалдарының дамуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

      экологиялық тұрғыдан қолайлы болатын,

      төмендегілер туралы келісті:

1. Жалпы ережелер

1-бап. Анықтамалар

      1) "Тіркеу мемлекеті" тасымалдаушы және оның автокөлік құралы тіркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді;

      2) "Болатын мемлекеті" тасымалдаушы тіркеусіз және өзінің автокөлік құралын тіркемей жұмыс істейтін Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді;

      3) "Жолаушы моторлы көлік құралы" тек жолаушыларды тасымалдау үшін ғана жабдықталған және пайдаланылатын кез келген механикалық жетекті автокөлік құралын білдіреді;

      4) "Коммерциялық автокөлік құралы" әдетте жүктердің автомобиль тасымалдары үшін пайдаланылатын кез келген механикалық жетекті автокөлік құралын білдіреді. Осы Келісімнің мақсатында коммерциялық автокөлік құралы термині сонымен қатар кез келген коммерциялық автокөлік құралымен қосылған тіркемелерге немесе жартылай тіркемелерге, сондай-ақ автокөлік құралдарының кез келген құралымында қолданылады;

      5) "Тұрақты жолаушылар тасымалдары" көрсетілген уақыт аралықтарында келісілген бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдауды білдіреді, бұл ретте Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келіскен, алдын ала белгіленген аялдама пункттерінде жолаушылар бортқа қабылданады және түсіріледі;

      6) "Маятниктік жолаушылар тасымалдары" күні бұрын құрылған жолаушылар тобы сол бір жөнелту пунктінен сол бір жеткізу пунктіне тасымалданатын екі жақты қатынастағы тасымалдарды білдіреді. Жеткізу пунктіне жол жүруді аяқтаған жолаушылардан тұратын бұл топтар келесі сапар барысында жөнелту пунктіне кері тасымалданады. Жөнелту пункті мен жеткізу пункті деп кететін немесе келетін жерді, сондай-ақ одан 50 км қашықтықта орналасқан оның төңіректері түсінілуі тиіс.

      Маятниктік тасымалдар сериясындағы жөнелту пунктіне алғашқы сапар және жеткізу пунктіне соңғы сапар бос күйінде жүзеге асырылады;

      7) "Рұқсат беру" бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген көлік құралына екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүргенде, жүруді жеткізу пунктіне және кері қарай немесе транзитпен құқық беретін құжатты білдіреді;

      8) "Каботаж" болатын мемлекеттегі пункттер арасында жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдауды білдіреді.

2-бап. Қолданылу саласы

      Өзінің тіркелген мемлекетінде халықаралық автокөлік операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар тасымалдаушы осы Келісімде көрсетілген шарттарда болатын мемлекеттің аумағына/аумағынан, болатын мемлекеттің аумағы арқылы транзитпен немесе үшінші елдерге/елдерден осындай операцияларды жүзеге асыруы мүмкін.

3-бап. Құзыретті органдар

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі мәселелерді келісетін Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:

      Қазақстан Тарапынан — Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі:

      Норвегия Тарапынан - Норвегия Корольдігінің Көлік және коммуникация министрлігі:

      Жоғарыда аталған құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Уағдаласушы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы туралы бір-бірін дереу хабардар етуге тиіс.

4-бап. Бірлескен комиссия

      Осы Келісімнің ережелерін тиісті түрде орындау және оны орындауға байланысты мәселелерді шешу мақсатында Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдерінен тұратын Бірлескен комиссия (бұдан әрі - Бірлескен комиссия) құрады.

      Бірлескен комиссияның отырыстары Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында олардың құзыретті органдарының өтініші бойынша балама түрде өтуі тиіс.

2. Жолаушылар тасымалы

5-бап. Рұқсат беру жүйесі

      Осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген көлік операцияларын қоспағанда, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасындағы немесе олардың аумағы арқылы транзитпен жолаушы автокөлік құралдары пайдаланылатын барлық көлік операциялары болатын мемлекеттің құзыретті органдары берген рұқсаттар болған кезде жүзеге асырылуы тиіс.

6-бап. Тұрақты және маятниктік тасымалдар

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен немесе автобуспен тұрақты тасымалдар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының алдын ала мақұлдауымен жүзеге асырылуы тиіс.

      Тасымалдаушылар рұқсат алуға өтінімдерді тіркеу мемлекетінің құзыретті органдарына жіберуі тиіс. Егер құзыретті органдар өтінімді бекітсе, олар осы өтінімді өздерінің ұсынымымен бірге болатын мемлекеттің құзыретті органдарына жібереді.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсат беру қаулылары мен шарттарын, кестені, тарифтерді және жолаушылар алатын және түсіретін аялдау орындары көрсетілген бағыттарды, сондай-ақ шекараларды кесіп өту пункттерін өзара келісуі тиіс.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен маятниктік тасымалдар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген, олар алдын ала алмасатын рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады. Осы мақсатта құзыретті органдар квота бойынша рұқсат беру бланкілерімен алмасады.

7-бап. Рұқсаттарды талап етпейтін тұрақты емес және басқа да тасымалдар

      Тасымалдардың мынадай санаттары осы Келісімнің 5-бабында аталған рұқсаттарсыз жүзеге асырылады:

      1. Жолаушылардың тұрақты емес тасымалдары. Сол бір жолаушылар сол бір автокөлік құралымен:

      a) автокөлік құралы тіркелген мемлекеттің аумағында басталатын және аяқталатын екі жаққа да жол жүруде (жабық есік сипатындағы жол жүру);

      b) автокөлік құралы оны тіркеген мемлекеттің аумағына жолаушыларсыз қайту шартымен автокөлік құралы тіркелген мемлекеттің аумағында басталатын және болатын мемлекеттің аумағындағы жеткізу пунктінде аяқталатын жол жүруде;

      c) тұрақты емес сипаттағы транзиттік тасымалда тасымалданса, тасымал тұрақты емес деп саналады.

      2. Жүргізушіні қоса алғанда, 9-дан кем адамды тасымалдау үшін құрастырылған және пайдаланылатын жолаушы автокөлік құралымен екі жаққа да жолаушылардың екі жақты тасымалдары.

3. Жүк тасымалдары

8-бап. Рұқсат беру жүйесі

      Рұқсаттар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында жүктерді тасымалдау үшін, сондай-ақ осы Келісімнің 9-бабында аталған тасымалдарды қоспағанда, олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдар үшін талап етіледі.

      Әрбір тасымалға бір рұқсат қажет, егер рұқсаттың өзінде өзгеше ескерілмесе, ол тасымалдаушыға екі жаққа да жол жүруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын жүктерді тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерінің келісілген санымен өзара алмасуы тиіс.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары әрбір көлік құралы үшін бір жолғы рұқсат беруі тиіс.

9-бап. Ерекшеліктер

      Рұқсаттар мынадай:

      a) жүкпен бірге ең жоғары салмағы 6 тоннадан аспайтын немесе тіркемелерді жүк көтергіштігімен қоса алғанда, ең жоғары жүк көтергіштігі 3,5 тоннадан аспайтын автокөлік құралдарымен жүктерді;

      b) зақымдалған автокөлік құралдарын;

      c) поштаны;

      d) жәрмеңке және көрме жүктерін;

      e) театрға, музыкалық және басқа да мәдени іс-шараларға, цирк қойылымдарына, фильмдерді, радио және телебағдарламаларды көрсетуге арналған декорацияларды және басқа да жүктерді;

      f) төтенше жағдайлар, атап айтқанда дүлей зілзалалар кезінде, сондай-ақ ізгілік көмек көрсету кезінде қажетті дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды тасымалдау кезінде талап етілмейді.

4. Басқа да ережелер

10-бап. Үшінші елдерге тасымалдау

      Тасымалдаушылар болатын мемлекеттің және үшінші мемлекеттердің аумақтары арасында автомобиль тасымалдарын тек болатын елдің құзыретті органдары берген арнайы рұқсаттың негізінде ғана жүзеге асыруы мүмкін.

11-бап. Каботаж

      Жолаушылар мен жүктердің каботаждық тасымалдарына тыйым салынады.

12-бап. Тасымалдаушылардың міндеттемелері және бұзушылықтар

      Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тасымалдаушылары және олардың көлік құралдарының экипаждары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында болғанда, оның ұлттық заңнамасын сақтауы тиіс.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары осы Келісімнің ережелерін бұзған жағдайда, аумағында бұзушылық болған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы өз мемлекетінің іс жүргізу іс-әрекеттеріне нұқсан келтірмей, бұл туралы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайтын екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлайды. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бір-бірін қабылданған шешімдер туралы хабардар етеді.

13-бап. Салмақ пен габариттер

      Автокөлік құралдарының рұқсат етілген ең ауыр салмағы, білікке түсетін жүктемесі және көлемдері тіркеу құжаттарында көрсетілген параметрлерден және болатын мемлекеттің аумағында қолданылып, рұқсат етілетін ең жоғары параметрлерден аспауы тиіс.

      Бөлінбейтін ірі көлемді және ауыр салмақты жүгі бар көлік құралдарын болатын мемлекетте күні бұрын өтінім берілген арнайы рұқсатпен ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

14-бап. Түзетулер мен толықтырулар

      Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіпте күшіне енетін жеке хаттамаларда ресімделеді.

15-бап. Дауларды реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар арқылы шешеді.

16-бап. Күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткен соң қолданылуын тоқтатады.

      2012 жылғы 25 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, норвег, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Норвегия КорольдігініңҮкіметі үшін

      2012 жылғы 25 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
бірінші хатшысы
Т. Ахметжанов

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің норвег және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады