Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 7 ақпандағы № 139-VІ ҚРЗ.

      2017 жылғы 3 сәуірде Бакуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім

      (2018 жылғы 26 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 31-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі,

      көлік саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайларды назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы автомобиль қатынасын және олардың аумақтары бойынша транзитті одан әрі дамытуға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында немесе Әзербайжан Республикасында тіркелген автокөлік құралдарымен халықаралық автомобиль қатынасы үшін ашық жолдар бойынша жолаушылар мен жүктердің екі мемлекет арасында және олардың аумақтары бойынша транзитпен халықаралық тасымалдары жүзеге асырылады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдер:

      а) "тасымалдаушы" - меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде автомобиль көлік құралдарын иеленетін, ақысына немесе жалдау бойынша жолаушыларды, багажды, жүктерді тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынатын және осыған лицензиясы немесе белгіленген нысанда берілген тиісті рұқсаты бар Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      б) "автокөлік құралы":

      жүктерді тасымалдау кезінде - жүк автомобилі, тіркемесі бар жүк автомобилі, жартылай тіркемесі бар автомобиль тартқышы;

      жолаушыларды тасымалдау кезінде - жүргізушінің орнын қоса алғанда, сегізден астам отыратын орны бар жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған автобус;

      арнайы бейімделген автомобильдер (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдер (көбінесе әртүрлі көліктік емес жұмыстарды орындауға арналған);

      в) "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Тараптардың құзыретті органдары арасында алдын ала келісілген тарифтер, қозғалыс кестелері, қозғалыстың бастапқы және соңғы пункттері, жолаушыларды отырғызу және түсіру пункттері көрсетіле отырып, жол жүру маршруттары бойынша автокөлік құралдарымен жүзеге асырылатын жолаушылар тасымалы;

      г) "жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау" - тапсырыс берушімен жасалған шарт (тапсырыс) негізінде тасымалдаушы орындайтын және тұрақты тасымалдауға жатпайтын жолаушылар тасымалы;

      д) "транзиттік тасымалдар" - Тараптардың бірі мемлекетінің аумағы арқылы үшінші елдерге жүзеге асырылатын тасымалдар;

      е) "үшінші елдер" - осы Келісімге қатыспайтын мемлекеттер;

      ж) "рұқсат" - Тараптар мемлекеттерінің аумақтары бойынша екіжақты, транзиттік тасымалдарды, сондай-ақ үшінші елдерге/елдерден тасымалдарды орындау құқығын беретін құжат;

      з) "арнайы рұқсат" - тасымалдаушыға аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес автокөлік құралымен ірі габаритті, ауыр салмақты және қауіпті жүктерді тасымалдауды орындау құқығын беретін құжат;

      и) "қауіпті жүк" - өзіндік ерекше қасиеттері салдарынан тасымалдау немесе қайта тиеу кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі, қоршаған ортаның ластануын туғызуы, көліктік құрылыстардың, құралдардың және өзге де мүліктің зақымдануы мен жойылуын туғызуы мүмкін қауіпті зат, материалдар, бұйымдар және өндірістік қалдықтар;

      к) "тез бүлінетін жүк" - жарамдылық мерзімі шектеулі және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін жүк.

3-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі Тараптардың құзыретті органдары:

      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі;

      Әзербайжан Республикасынан - Әзербайжан Республикасының Көлік, байланыс және жоғары технологиялар министрлігі.

4-бап

      1. Жолаушыларды автокөлік құралдарымен тұрақты тасымалдау Тараптардың құзыретті органдары арасындағы алдын ала келісу бойынша ұйымдастырылады. Тараптардың бірінің тасымалдаушысы екінші Тараптың құзыретті органдарынан рұқсат алғаннан кейін екінші Тарап мемлекетінің аумағы бойынша тұрақты рейстерді немесе тұрақты рейстерді сол Тараптың құзыретті органдары беретін рұқсат негізінде жүзеге асырады.

      2. Жолаушылардың тұрақты тасымалдарын ұйымдастыру туралы ұсыныстарды Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне күні бұрын береді. Бұл ұсыныстар тасымалдаушының атауына, жол жүру маршрутына, қозғалыс кестесіне, тарифке, сондай-ақ тасымалдаулардың белгіленген кезеңімен орындалу тұрақтылығына қатысты деректерді қамтуға тиіс.

5-бап

      1. Осы Келісімнің 6-бабында көзделген тасымалдарды қоспағанда, автокөлік құралдарымен екі мемлекет арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру үшін Тараптардың құзыретті органдары беретін рұқсаттар талап етіледі.

      2. Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумағы бойынша өтетін жолдың сол бір учаскесіне рұқсат береді.

      3. Автокөлік құралымен жолаушылардың әрбір тұрақты емес тасымалына жеке рұқсат берілуге тиіс, егер рұқсаттың өзінде өзгеше ескертілмесе, ол баруға және кері қайтуға бір рейс жасау құқығын береді.

6-бап

      1. Осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген, екі мемлекет арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен автокөлік құралдарымен жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын орындауға арналған рұқсаттар сол бір құрамның жолаушылар тобы сол бір автобуспен бүкіл сапар бойы тасымалданған жағдайларда және бұл ретте:

      а) сапар автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталса және аяқталса;

      б) сапар автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталса және автокөлік құралы бұл аумақтан жолаушыларсыз кетсе немесе егер автокөлік құралы бұрын жеткізілген жолаушылар тобын алып кету үшін жолаушыларсыз кірген жағдайда, екінші Тарап мемлекетінің аумағында аяқталса, талап етілмейді.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын орындауға арналған рұқсат ақауы бар автокөлік құралын басқа автокөлік құралына ауыстыру кезінде талап етілмейді.

      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген тасымалдарды орындау кезінде автокөлік құралының жүргізушісінде Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген арнайы нысан бойынша жасалған жолаушылардың тізімі болуға тиіс.

7-бап

      1. Осы Келісімнің 8-бабында көзделген тасымалдарды қоспағанда, екі Тарап мемлекетінің арасында, олардың аумақтары бойынша транзитпен, сондай-ақ үшінші мемлекеттерге/мемлекеттерден жүктерді тасымалдау Тараптардың құзыретті органдары беретін рұқсаттар негізінде, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында тіркелген жүк автокөлік құралдарымен жүзеге асырылады.

      2. Әрбір жүк тасымалына жеке рұқсат беріледі, егер рұқсаттың өзінде өзгеше ескертілмесе, ол баруға және кері қайтуға бір рейс жасау құқығын береді.

8-бап

      1. Осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген рұқсаттар мынадай тасымалдарды орындау кезінде:

      а) жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған экспонаттарды, жабдықтар мен материалдарды;

      б) көлік құралдарын, жануарларды, сондай-ақ спорттық іс-шараларды өткізуге арналған әртүрлі мүкәммалдар мен мүліктерді;

      в) театрлық декорациялар мен деректеме, музыкалық аспаптарды, жабдықтарды және кино түсірілімге, радио және телевизиялық хабарларға арналған керек-жарақтарды;

      г) қайтыс болғандардың мәйіттері мен мүрдесін;

      д) пошта жөнелтілімдерін;

      е) Тараптардың бірі мемлекетінің аумағында тіркелген, бұзылған автокөлік құралдарын;

      ж) көшу кезінде жылжымалы мүлікті;

      з) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде талап етілмейді.

      Техникалық көмек автомобильдерінің жүруі үшін рұқсаттар талап етілмейді.

      2. Осы баптың 1-тармағының "а", "б" және "в" тармақшаларында көзделген ерекшеліктер, егер жүк автокөлік құралы тіркелген мемлекеттің аумағына қайтаруға жататын болса немесе егер жүк үшінші мемлекеттің аумағына тасымалданатын болса ғана қолданылады.

      3. Уақытша тіркеу (транзиттік) нөмірі бар жүксіз (бос) автокөлік құралдарын межелі жеріне айдап апарған кезде де рұқсат талап етілмейді.

9-бап

      Бір Тараптың тасымалдаушысына екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункт арасында жолаушыларды не жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.

10-бап

      1. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген рұқсат етілген салмақтан және/немесе габариттік параметрлерден асып кеткен жағдайда, тасымалдаушының екінші Тараптың тиісті құзыретті органы берген арнайы рұқсаты болуға тиіс.

      2. Егер осы баптың 1-тармағында айтылған арнайы рұқсат белгілі бір маршрут бойынша автокөлік құралының жүрісін көздесе, тасымалдау осы маршрут бойынша жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Қауіпті жүктерді тасымалдау 1957 жылғы 30 қыркүйектегі Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келісімге (ҚЖХЖТ) сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

      Тараптардың құзыретті органдары жыл сайын бір-біріне жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға арналған рұқсаттар бланкілерінің өзара келісілген санын беріп отырады.

      Бұл бланкілерде жауапты адамның қолтаңбасы және рұқсатты берген құзыретті органның мөрі болуға тиіс.

12-бап

      1. Осы Келісімде көзделген тасымалдарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарға жіберілген тасымалдаушылар ғана орындай алады.

      2. Халықаралық тасымалдарды орындайтын автокөлік құралдарында Тараптар мемлекеттерінің тіркеу белгілері болуға тиіс.

13-бап

      1. Автокөлік құралы жүргізушісінің автокөлік құралына ұлттық тіркеу құжаттары және өзі басқаратын автокөлік құралының санатына сәйкес келетін халықаралық жүргізуші куәлігі болуға тиіс.

      2. Осы Келісімде көзделген жүктерді тасымалдау, нысаны жалпыға ортақ қабылданған халықаралық үлгіге сәйкес келуге тиіс жүкқұжаттар бойынша жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Осы Келісімге сәйкес талап етілетін рұқсат және басқа да құжаттар автокөлік құралының жүргізушісінде болуға және бақылаушы органдардың талап етуі бойынша ұсынылуға тиіс.

14-бап

      Осы Келісімге сәйкес Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында рұқсаттар контингентінің негізінде автокөлік құралдарымен орындалатын халықаралық тасымалдар (транзитті қоса алғанда), ақылы жолдар мен көпірлер бойынша жол жүру ақысын қоспағанда, жолдарды пайдалануға немесе күтіп-ұстауға байланысты салықтар мен алымдардан босатылады.

15-бап

      Шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық және көліктік бақылауға қатысты Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелері қолданылады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелерді шешу кезінде әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы қолданылатын болады.

16-бап

      Жолаушыларды тұрақты тасымалдау кезінде, сондай-ақ жануарлар мен тез бүлінетін жүктерді тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық және көліктік бақылау кезектен тыс жүзеге асырылады.

17-бап

      1. Осы Келісім негізінде халықаралық тасымалдарды орындау кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін:

      а) аралық аялдама пункттерінде жол жүру уақытында автокөлік құралдарын қалыпты пайдалану үшін қажетті отын, жағармай материалдары, азық-түлік және басқа да мүлік;

      б) автокөлік құралдарының аварияларын (бұзылуларын) жоюға байланысты шетелден сатып алынған материалдық-техникалық жабдықтау заттары мен жарақтар кедендік декларациялау үшін кедендік алымдар мен баждардан босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген пайдаланылмаған немесе ауыстырылған тауарлар Тараптардың қолданылатын заңнамасына сәйкес кедендік бақылаумен кері әкетуге немесе жоюға жатады.

18-бап

      Тасымалдаушылар аумағында автокөлік құралы орналасқан Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы мен жол жүру қағидаларын сақтауға міндетті.

19-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушысы екінші Тарап мемлекетінің аумағында жол берген осы Келісімнің ережелері бұзылған жағдайда, осы Тараптың құзыретті органдары бұл туралы мемлекетінің аумағында автокөлік құралы тіркелген екінші Тараптың құзыретті органдарына хабарлайды.

      2. Аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетінің құзыретті органдары бұзушылыққа жол берген тасымалдаушыны жазалау жөнінде екінші Тараптың құзыретті органына:

      а) ескерту жасау;

      б) бұзушылыққа жол берілген сол Тарап мемлекетінің аумағы бойынша тасымалдарды орындауға тасымалдаушының құқықтарын уақытша, ішінара немесе толық тоқтату туралы ұсыныспен жүгіне алады.

      3. Осы баптың 2-тармағы негізінде қабылданған шаралар туралы Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне уақтылы хабарлайды.

      4. Осы баптың ережелері екінші Тарап мемлекетінің тасымалдаушысына бұзушылыққа жол берілген мемлекеттің ұлттық заңнамасымен көзделген санкциялардың қолданылуын жоққа шығармайды.

20-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін орындау және туындайтын даулы мәселелерді шешу үшін Тараптар тұрақты негізде бірлескен жұмыс тобын құрады.

      2. Бірлескен жұмыс тобының отырысы, егер Тараптардың бірінің ұсынысы бойынша шұғыл шақыру қажеттігі туындамаса, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен жылына бір реттен жиі емес өткізіледі.

      3. Бірлескен жұмыс тобына тасымалдарға арналған рұқсаттар контингентін айқындау және оларды бекіту үшін кейіннен ұсыныстар енгізе отырып, осы Келісімнің баптарына түзетулер жасау құқығы беріледі.

      4. Тасымалдарды жүзеге асыруға байланысты практикалық мәселелер Тараптардың тасымалдаушылары арасында тікелей реттеледі.

      5. Осы мақсаттарда тасымалдаушылар Тараптардың құзыретті органдарымен келісу бойынша екінші Тарап мемлекетінің аумағында өздерінің өкілдіктерін аша алады.

21-бап

      Осы Келісіммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешілетін болады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.

23-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 25-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.

24-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын, басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

25-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде біреуі ағымдағы бес жылдық кезең өткенге дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар етпесе, келесі бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

      2017 жылғы 3 сәуірде Баку қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей тең түпнұсқалы.

      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.

      Қазақстан Республикасының      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады