Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы

Жаңа

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ. 1991 жылғы 16 желтоқсан.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi

      Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып,

      Адам хұқыларының жалпыға бiрдей Декларациясында, халықаралық хұқтың жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адамның хұқылары мен бостандықтарының үстемдігін мойындай отырып,

      қазақ ұлтының өзiн-өзi билеу хұқын растай отырып,

      азаматтық қоғам және хұқылық мемлекет құруға бел байлағандығын басшылыққа ала отырып,

      бейбітшiлiк сүйгiш сыртқы саясат жүргiзе отырып,

      ядролық қаруды таратпау принципi мен қарусыздану процесіне адалдығын мәлiмдей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсiздiгiн салтанатты түрде жариялайды.

1-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ - ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ

1-бап. Қазақстан Республикасы - тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi.

2-бап. Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық хұқ принциптерi бойынша құрады.

3-бап. Өзiнiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiн басқа мемлекеттер тануы үшiн Қазақстан Республикасы ашық.

4-бап. Қазақстан Республикасының бүкiл территориясында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық хұқ нормалары қолданылады.

5-бап. Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларында бiртұтас, бөлiнбейтiн және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады.

2-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛҚЫ
МЕН АЗАМАТЫ

6-бап. Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның бiртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендiктiң бiрден бiр иесi және мемлекеттік биліктің қайнар көзi болып табылады, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негiзiнде тiкелей де, сондай-ақ өзі сайлайтын мемлекеттiк органдар арқылы да мемлекеттiк өкімет билiгiн жүзеге асырады.

      Республика азаматтары өздерiнiң ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бiрлестiкке жататынына, тегiне, әлеуметтік және мүлiктiк жағдайына, шұғылданатын қызметiне, тұрғылықты орнына қарамастан бiрдей хұқықтар иеленiп, бiрдей міндеткерлікте болады.

      Қазақстан Республикасы территориясында тұратын және оның азаматы емес адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және мемлекетаралық шарттарында көзделген хұқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеткерлiкте болады, Республиканың заңдары мен мемлекетаралық шарттарында көзделген ерекшелiктер бұған жатпайды.

      Азаматтық тең хұқылыққа қастандық жасау заң бойынша жазаланады.

7-бап. Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады.

      Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады.

      Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды.

8-бап. Қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар өкілдерінiң мәдениетiн, дәстүр-салтын, тiлiн қайта түлетiп, дамыту, ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту мемлекеттiң аса маңызды міндеттерінің бiрi болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.

3-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК
ӨКІМЕТ ОРГАНДАРЫ

9-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк өкiмет билігі бұл биліктiң заңдық, атқарушы және сот билiгi болып бөлiнуi принципін басшылыққа ала отырып құрылады және жүзеге асырылады.

      Республика халқы атынан сөйлеу хұқы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi мен Президентiне берiледi.

10-бап. Заң шығару билiгiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының басшысы және оның атқарушы өкіметі Президент болып табылады.

      Сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғары Арбитраждық Соты атқарады.

      Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғары орган Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты болып табылады.

4-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК
ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

11-бап. Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдіктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық потенциал Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң негiзiн құрай отырып, тек қана соның меншiгiнде болады.

      Қазақстан Республикасының тәуелсiз мемлекет мәртебесіне сай келетiн және меншiктiң алуан түрлiлiгiне, барлық формаларының теңдiгiне негiзделетiн дербес экономикалық жүйесі бар.

      Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттердiң, олардың Республика заңдарына сәйкес Республика территориясында шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыратын азаматтары мен ұйымдарының мүлiктiк хұқыларын қорғауды қамтамасыз етеді.

12-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк ұлттық банкiсi бар, ол өзiнiң қаржы-кредит, ақша жүйелерiн жасауға қақылы, республикалық салық және кеден жүйесiн ұйымдастырады.

      Қазақстан Республикасы өзiнiң алтын қорын, алмас және валюта қорларын қалыптастырады.

5-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ - ДҮНИЕЖҮЗІЛІК
ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ МҮШЕСІ

13-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық хұқтың субъектiсi болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық хауiпсiздік жүйесіне кiруiне және олардың қызметiне қатысуына болады.

14-бап. Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi.

6-тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК
ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚОРҒАУ

15-бап. Қазақстан Республикасы өзiнiң тәуелсiздігін қорғау және ұлттық мемлекеттiгiн нығайту жөнiнде шаралар қолданады.

      Республиканың ажырағысыз хұқы болып табылатын мәселелердi шешуге араласудың қандайы болса да оның мемлекеттік тәуелсiздiгiне қол сұғушылық деп бағаланады.

16-бап. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің қарулы күштерін құруға қақылы. Республика өз азаматтарының әскери қызмет атқару тәртібі мен шарттарын дербес белгілейді, өз территориясында әскерлер, қару-жарақ пен техника орналастыру мәселелерін шешеді.

7-тарау
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

17-бап. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік символдары - елтаңбасы, жалауы, әнұраны бар.

      Қазақстан Республикасының астанасы - Алматы қаласы.

18-бап. Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заң актілерінің нормалары аталған Заңға қайшы келмейтін болса ғана қолданылады.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады