Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Актінің нысаны мен тақырыбы өзгерді, кіріспе алынып тасталды - ҚР 2002.10.29 № 348 Заңымен.

1-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу ұғымы

      Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн тексерудi, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.

      Филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу есептік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеруді, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға есептік тіркеу туралы анықтама беруді, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізуді қамтиды.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудiң және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеудің мақсаттары

      Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу:

      заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру;

      Қазақстан Республикасының аумағында құрылған, қайта тіркелген, қайта ұйымдастырылған және өз қызметiн тоқтатқан заңды тұлғаларды, сондай-ақ құрылған, есептік қайта тіркеуден өткен және өз қызметін тоқтатқан филиалдар мен өкiлдiктердi есепке алу;

      Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізу;

      заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты (қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу мақсатында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

3-бап. Тiркеуге жататын заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер

      Өздерiнiң құрылу мақсатында, өз қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын барлық заңды тұлғалар мемлекеттiк тiркеуге жатады.

      Заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, оларға заңды тұлға құқығы берiлмей-ақ есептiк тiркеуге жатады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.10.29 № 348, 2004.03.18 № 537 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-бап. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдар

      Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады.

      Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар) жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi және филиалдар мен өкiлдiктердi есептік тiркеудi жүзеге асыру кезiндегi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң құзыры

      Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:

      осы Заңға сәйкес коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептiк тiркеудi;

      Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізуді;

      заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу жөнiндегi қызметке әдiстемелiк басшылық жасауды;

      Әдiлет министрлiгi аумақтық органдарының осы Заң талаптарының орындалуын бақылауды;

      заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу мәселелерi жөнiндегi өзiнiң аумақтық органдарының iс-қимылына шағымдарды қарауды жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, бақылау және қадағалау міндеттері жүктелген мемлекеттік органдарға олардың сұратуы бойынша ақпарат беруді жүзеге асырады.

      осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді- ҚР 1997.06.19 № 132, 2000.03.23 № 40-II, 2001.03.02 № 162, 2002.10.29 № 348, 2004.03.18 № 537 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді), олардың қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді (қайта тіркеуді) және есептік тіркеуден шығаруды жүзеге асыру кезінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының құзыреті

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы:

      осы Заңға сәйкес коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді), олардың қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді (қайта тіркеуді) және есептік тіркеуден шығаруды;

      Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді;

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалдарының осы Заң талаптарын сақтауын бақылауды;

      коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), олардың қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) және есептік тіркеуден шығару мәселелері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қорпорациясының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарауды;

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда бақылау және қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдарға олардың сұрау салуы бойынша ақпарат беруді жүзеге асырады.

      Ескерту. Заң 5-1 баппен толықтырылды - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-2-бап. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу саласындағы қызметін мемлекеттік бақылау

      1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қорпорациясының коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу саласындағы қызметін мемлекеттік бақылауды әділет органдары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік бақылау "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қорпорациясының коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу саласындағы қызметінің Қазақстан Республикасы заңнамасының:

      1) коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу;

      2) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмін жүргізу;

      3) көрсетілетін қызметті алушылардың коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу мерзімдерін бұзу фактілерін анықтау және олар туралы әділет органдарын хабардар ету жөніндегі талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда әділет органдары тіркеуші органға бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жібереді. Бұзушылық белгіленген мерзімде жойылмаған кезде әділет органдары анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға мәжбүрлеу туралы талап қойып, сотқа жүгінуге құқылы.

      Ескерту. Заң 5-2-баппен толықтырылды - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу тәртiбi

      Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн тіркеуші органға осы Заңның 7-бабында көрсетiлген, қазақ және орыс тiлдерiнде жасалған және екі данада ұсынылатын құрылтай құжаттары қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша өтiнiш берiледi.

      Акционерлiк қоғамдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтай құжаттарын қоспағанда, коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары мемлекеттік тiркеу кезінде ұсынылмайды. Акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу үшін қазақ және орыс тілдерінде жасалған, нотариат куәландырған жарғы қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі.

      Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу осы Заңның 6-1-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қызмет нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның рұқсатының бар-жоғы туралы мәліметтерді электрондық хабарлама арқылы алады.

      Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырады.

      Орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттiк тіркеу кезiнде өтiнiшке құрылтайшы немесе құрылтайшылардың бiреуi қол қояды не шетелдiк немесе шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе мемлекеттiк органдар не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жалғыз құрылтайшы не құрылтайшылардың бірі болып табылатын жағдайларда, құрылтайшының уәкiлеттiк берген адамы қол қояды және оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, нотариаттық тәртiппен куәландырылған құрылтай құжаттарын қоса бере отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына бередi.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде өтінішке құрылтайшы (құрылтайшылар) не осыған уәкілеттік берілген адам қол қояды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда нотариаттық тәртiппен куәландырылған құрылтай құжаттарын қоса отырып, оны тіркеуші органға береді.

      "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәйкестендіру нөмірлері жоқ тұлғаларды қоспағанда, шетелдік қатысатын орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, қосымша:

      құрылтайшы – шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге сауда тізілімінің заңдастырылған үзінді көшірмесінің көшірмесі немесе басқа да заңдастырылған құжат;

      нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшының паспортының көшірмесі немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжат ұсынылуға тиіс.

      Қоғамдық және дiни бiрлестiктердi мемлекеттік тiркеу "Қоғамдық бірлестіктер туралы", "Саяси партиялар туралы", "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" және "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы бапта белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Тіркеуші органға бір мезгілде коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат не шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылады.

      Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделгендерден басқа қандай да бір құжаттар мен мәлiметтердi талап етуге тыйым салынады.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде, сондай-ақ осы Заңның 6-1-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы міндетті түрде банктік шот ашуға және жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға (заңды тұлғаның құрылтайшысы (құрылтайшылары) қызметін жеке тұлғалармен еңбек қатынастарына түспей жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда) өтініш электрондық нысанда "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес беріледі.

      Екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктік шот ашудан бас тартуға құқылы.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде субъект Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген, жеке кәсіпкерлік субъектісінің критерийлеріне сәйкес санатты дербес айқындайды және оны өтініште көрсетеді.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 № 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-1-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеудің хабарлама тәртібі

      Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін құрылтайшы (құрылтайшылар) тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуы басталғаны туралы хабарлама береді.

      Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу "электрондық үкімет" веб-порталында толтырылатын электрондық хабарлама беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды.

      "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәйкестендіру нөмірлері жоқ тұлғаларды қоспағанда, шетелдік қатысатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, қосымша:

      құрылтайшы – шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге сауда тізілімінің заңдастырылған үзінді көшірмесінің көшірмесі немесе басқа да заңдастырылған құжат;

      нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшының паспортының көшірмесі немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжат ұсынылуға тиіс.

      Ескерту. 6-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 № 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-2-бап. Филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу тәртiбi

      Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу үшін тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі. Өтінішке филиалды (өкілдікті) құратын заңды тұлға уәкілеттік берген адам қол қояды және ол заңды тұлғаның мөрімен бекемделеді.

      Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, өтінішті мөрмен бекемдеу талап етілмейді.

      Өтінішке коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат не коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалардың, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдерінде екі данада филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғының (ереженің) көшірмелері және заңды тұлғаның (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) филиал (өкілдік) басшысына берген сенімхаты қосымша ұсынылады.

      Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу үшін белгiленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе, осы тәртiппен көзделген құжаттардан басқа, филиалды (өкілдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын, сауда тiзiлiмiнің заңдастырылған үзiндi көшiрмесі, шетелдiк заңды тұлғаның құрылтай құжаттары немесе басқа да заңдастырылған құжаты, сондай-ақ салықтық тіркеу нөмірі (немесе оның аналогы) көрсетіле отырып, шетелдік заңды тұлғаның инкорпорация еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжат қосымша ұсынылуға тиiс. Филиалды (өкiлдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның құжаттары нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдеріндегі аудармасымен бірге ұсынылады.

      Мемлекеттік кәсіпорын филиал (өкілдік) құрған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің не мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) филиал (өкілдік) құруға келісімін растайтын құжат қосымша ұсынылады.

      Акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдеріндегі филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғы (ереже) және филиалдың (өкілдіктің) басшысына берілген заңды тұлғаның сенімхаты қосымша қоса беріледі.

      Қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалын есептік тіркеу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi электрондық хабарлама арқылы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган рұқсатының бар-жоғы туралы мәліметтерді алады.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктердің филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. Заң 6-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-3-бап. Қайта ұйымдастыру жолымен құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу

      Ескерту. 6-3-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қайта ұйымдастыру жолымен құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;

      2) заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесінiң немесе меншiк иесi уәкiлеттік берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмi, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлеттік берiлген органның шешiмi немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сот шешiмi;

      3) заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы шешімді қабылдаған орган бекіткен, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша құқық мирасқорлығы туралы ережелер көрсетіле отырып, бірігу, қосылу, қайта құрылу кезінде – тапсыру актісі, бөліну, бөлініп шығу кезінде – бөліну балансы және заңды тұлғаның уәкілетті органының тапсыру актісі мен бөліну балансын бекіту туралы шешімі;

      4) заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылғаны туралы кредиторлардың жазбаша хабардар етілгенін растайтын құжат;

      5) коммерциялық емес ұйым болып табылатын қайта ұйымдастырылған заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат;

      6) коммерциялық ұйым болып табылатын қайта ұйымдастырылған заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат беріледі.

      Қосылу нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеген кезден бастап заңды тұлға қайта ұйымдастырылды деп есептеледі.

      Бірігу, бөліну, қайта құрылу кезінде өз қызметін тоқтатқан заңды тұлға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталуға тиіс (Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау оған заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер енгізу арқылы жүргізіледі), бұл жөнінде жаңадан құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы бұйрықта көрсетіледі.

      Қосылу кезінде өз қызметін тоқтатқан заңды тұлға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталуға тиіс (Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау оған заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер енгізу арқылы жүргізіледі), бұл жөнінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау туралы бұйрықта не қайта ұйымдастырылған заңды тұлға қосылған заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, оның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу кезінде көрсетіледі.

      Табиғи монополиялар субъектілері қайта ұйымдастырылған кезде тіркеуші органға табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның келісімі ұсынылады.

      Қайта ұйымдастыру жолымен құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу осы Заңның 9-бабында көзделген мерзімдерде жүргізіледі.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, қайта ұйымдастыру арқылы құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. Заң 6-3-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары

      Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тіркеуші органға құрылтай құжаттары ұсынылады.

      Мыналар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары болып табылады:

      1) мекеме үшін – меншік иесі (меншік иелері) бекіткен ереже (жарғы);

      2) қор, тұтыну кооперативі, заңды тұлғалар бірлестігі, дара кәсіпкерлер бірлестігі, қауымдастық (одақ) нысанындағы дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі үшін – құрылтайшылар бекіткен жарғы мен құрылтай шарты (меншік иелер (құрылтайшылар) саны біреуден көп болған кезде);

      3) қоғамдық бірлестік, діни бірлестік және акционерлік қоғам үшін – жарғы.

      Бiр адам (бiр қатысушы) құратын шаруашылық серiктестiктерiнiң, акционерлiк қоғамдардың және Заңның осы бабының екiншi бөлiгiнде аталғандарды қоспағанда, заңды тұлғалардың басқа түрлерiнің құрылтай құжаттары жарғы (ереже) және заңды тұлғаны құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiм (жалғыз құрылтайшының шешiмi) болып табылады.

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалар осы түрдегі ұйымдар туралы жалпы ереже немесе мазмұнын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын үлгілік жарғы негізінде әрекет ете алады.

      Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiлеріне жататын заңды тұлғалар мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын үлгiлік жарғы негiзiнде өз қызметiн жүзеге асыра алады.

      Егер заңды тұлғаның құрылтайшылары өз қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыруға шешім қабылдаған жағдайда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу процесінде жарғыны ұсыну талап етілмейді.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Құрылтай құжаттарының мазмұны

      Заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген деректер болуға тиiс.

      Филиал (өкілдік) туралы ережеде филиалдың (өкілдіктің) атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы, басқару тәртібі және басшысының құзыреті, сондай-ақ филиалды (өкілдікті) құрушы заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы, оны мемлекеттік тіркеу туралы деректер қамтылуға тиіс.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2001.01.05 № 135, 2002.10.29 № 348, 2004.03.18 № 537 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2005.12.23 № 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеу (қайта тіркеу), заңды тұлғалардың, филиалдардың (өкілдіктердің) құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу және құжаттарды беру мерзімдері

      Ескерту. 9-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу электрондық өтініш берілген кезден бастап бір сағат ішінде жүргізіледі.

      Акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік қайта тіркеу өтініш берілген кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәйкестендіру нөмірлері жоқ шетелдік тұлғалар қатысатын коммерциялық заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу өтініш берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларды, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін), сондай-ақ шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.

      Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларға, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарға, олардың филиалдарына (өкілдіктеріне) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы беру, сондай-ақ жарғыны (ережені) қайтарып беру қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, оларда кемшіліктер болған, құрылтай құжаттары бойынша сарапшының (маманның) қорытындысын алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу), олардың қызметінің тоқтатылуын тіркеу, филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеуден шығару, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу мерзімі анықталған кемшіліктер жойылғанға немесе тиісті қорытынды (сараптама) алынғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Тiркеу алымын төлеу

      Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу), олардың қызметінің тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеу, филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептiк тiркеу (қайта тiркеу), есептiк тiркеуден шығару кезiнде коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін қоспағанда, "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) айқындалатын тәртiппен тіркеу алымы алынады.

      Тіркеуші орган іске асыратын, коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бағалары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметін ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның шешімімен белгіленеді.

      Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Заңды тұлғаларды, филиалдарды (өкiлдiктердi)мемлекеттiк (есептiк) тiркеуден және қайта тiркеуден бас тарту

      Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) заңды тұлғаны құрудың, қайта тiркеудің және қайта ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiбiнің бұзылуы, құрылтай құжаттарының Қазақстан Республикасының заңына сәйкес келмеуі;

      2) тапсыру актiсiн немесе бөліну балансын ұсынбауы не оларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мирасқорлығы туралы ережелердiң болмауы;

      3) егер заңды тұлға немесе заңды тұлғаның жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) iс-әрекет етпейтiн заңды тұлға болып табылса;

      4) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға әрекет етпейтін заңды тұлғалардың жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылса;

      4-1) сот шешімі бойынша тәркіленген және (немесе) өндіріп алынған акцияларды (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) қоспағанда, егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген болса;

      4-2) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелуі деп танылса;

      4-3) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға хабар-ошарсыз кеткен деп танылса, қайтыс болды деп жарияланса, қайтыс болған ретінде тіркелсе не оның мәртебесі айқындалмаса;

      4-4) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлғаның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 216, 218, 218-1, 235-1, 237, 238-баптары бойынша қылмыстары үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар болса;

      4-5) егер мемлекеттік тіркеу кезінде, мерзiмдiк төлемдердi өндiрiп алу туралы атқарушылық iс жүргiзу бойынша борышкер болып табылатын және мерзiмдiк өндiрiп алулар туралы атқарушылық iс жүргiзу бойынша үш айдан астам берешегi жоқ тұлғаны қоспағанда, құрылтайшы (жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға), оның құрылтайшылары, заңды тұлғаның басшысы, заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) болып табылатын заңды тұлғаның құрылтайшысы және (немесе) басшысы атқарушылық құжат бойынша борышкерлер болып табылса;

      4-6) егер мемлекеттік қайта тіркеу кезінде, мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын және мерзімдік өндіріп алулар туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша үш айдан астам берешегі жоқ тұлғаны қоспағанда, жаңа құрылтайшылар (қатысушылар, мүшелер) және (немесе) үлесін иеліктен шығаратын тұлғалар атқарушылық құжат бойынша борышкерлер болып табылса;

      5) жеке басты куәландыратын жоғалған және (немесе) жарамсыз құжаттарды ұсынуы;

      6) сот актілерінің және сот орындаушылары мен құқық қорғау органдары қаулыларының (тыйым салуларының, қамауға алуларының) болуы.

      7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе сот актісінде өзгеше белгіленбесе, тіркеу әрекеттері мерзімді үзу үшін негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге үзіледі. Егер мерзімді үзу үшін негіз болған мән-жайлар бір ай ішінде жойылмаса, сарапшының (маманның) қорытындысын алуды қоспағанда, тіркеу әрекеттерінен бас тартылады.

      Өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) өтінішті қарауды тоқтату туралы өтінішхатпен тіркеуші органға өтініш жасауға құқылы.

      Бұл ретте кері қайтарып алынған өтінішті қарау тоқтатылады.

      Дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тартудың қосымша негiздерi "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.

      Филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тарту филиалды (өкiлдiктi) есептік тіркеудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiбi бұзылған, есептiк тiркеуге ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайларда жүзеге асырылады.

      Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден бас тартылған жағдайда, тiркеушi орган оған ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсiнiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгіне сiлтеме жасалған жазбаша түрдегі дәлелдi бас тартуды осы Заңның 9-бабында көзделген мерзiмдерде бередi.

      Заңды тұлғаларды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) мемлекеттік (есептік) тіркегені немесе қайта тіркегені үшін төленген тіркеу алымын қайтару Салық кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.

      Мемлекеттік тіркеуден (қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда) бас тартудың осы бапта көзделген негіздері шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.08.2015 № 343-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 325-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Заңды тұлғаны, филиалды (өкiлдiктi) мемлекеттiк (есептiк) тiркеуді (қайта тіркеуді) растайтын құжат

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлеген нысан бойынша анықтама заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенін (қайта тіркелгенін), филиалдың (өкiлдiктiң) есептiк тiркелгенін (қайта тiркелгенін) растайтын құжат болып табылады.

      Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтамада оның берілген күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) күні, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері, басшылары және құрылтайшылары (қатысушылары) туралы мәлiметтер қамтылады. Егер жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңда тұлға өзінің қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыратын болса, онда бұл туралы мәліметтер аталған анықтамада көрсетіледі.

      Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамада оның берілген жылы, айы, күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, есептік тiркеу (қайта тiркеу) жылы, айы, күні, филиалдың (өкiлдiктiң) атауы мен орналасқан жері, филиалды (өкiлдiктi) құрған заңды тұлғаның атауы туралы мәлiметтер қамтылады.

      Заңды тұлғаның, сондай-ақ қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлға филиалының мемлекеттік (есептік) тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын құжаттың болуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия алуды талап ететiн қызметтi бастау үшiн негiз болып табылмайды. Заңды тұлғаның, сондай-ақ қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлға филиалының лицензияланатын қызмет саласындағы құқықтық қабiлетi тиiстi лицензия алынған кезден бастап пайда болады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензияның қолданысы тоқтатылған немесе ол жарамсыз деп танылған кезден бастап тоқтатылады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 № 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Мемлекеттік статистикалық есеп

      Ескерту. 13-бап алынып тасталды - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.

14-бап. Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда заңды тұлға, филиал (өкілдік) мемлекеттік (есептік) қайта тiркелуге жатады.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу үшін:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу туралы өтініш;

      2) электрондық өтініш беруді қоспағанда, заңды тұлғаның уәкілетті органының заңды тұлға мөрімен бекемделген, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделетін, мемлекеттік (есептік) қайта тіркеу туралы шешімі не шешімінен үзінді-көшірме ұсынылады. Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, құжаттарды мөрмен бекемдеу талап етілмейді;

      3) жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар құрылтай құжаттарының екі данасы не құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні;

      3-1) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар, нотариат куәландырған жарғы (ереже) не акционерлік қоғамның жарғысына, филиалдың (өкілдіктің) ережесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні;

      4) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      5) коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркегені немесе оның филиалын (өкілдігін) есептік қайта тіркегені үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат;

      6) коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркегені немесе оның филиалын (өкілдігін) есептік қайта тіркегені үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылады.

      Шаруашылық серiктестiгіне қатысушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысы жүргізетін шаруашылық серiктестiктерін қоспағанда, қатысушылар құрамының өзгеруі негізі бойынша шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттік қайта тiркеу үшiн шаруашылық серiктестiгінің шығып қалатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (басқаға беру) шарты Қазақстан Республикасының заңдарына және құрылтай құжаттарға сәйкес ұсынылады.

      Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiгінің шығып қалатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шартын нотариат куәландыруға тиіс.

      Микроқаржы ұйымдарын банк етіп мемлекеттік қайта тіркеу үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі уәкілетті органның микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсаты және микроқаржы ұйымын банкке айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы ол мақұлдаған есеп қосымша ұсынылады.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.01.2021 № 412-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, заңды тұлға, филиал (өкілдік) жарғыға (ережеге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш береді.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Өтінішке, электрондық өтініш беруді қоспағанда, заңды тұлғаның мөрімен (ол болған кезде) бекемделген, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының шешімі не шешімінен үзінді көшірме, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні қоса беріледі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу орналасқан жері өзгерген, жарғы (ереже) жаңа редакцияда қабылданған жағдайларда жүргізіледі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген, мемлекеттік (есептік) қайта тіркеуге әкеп соқпайтын өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;

      2) заңды тұлғаның мөрімен (ол болған кезде) бекемделген, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының шешімі не шешімінен үзінді көшірме;

      3) заңды тұлғаның мөрімен бекемделген, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар құрылтай құжаттарының екі данасы не құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні;

      3-1) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар, нотариат куәландырған жарғы (ереже) не акционерлік қоғамның жарғысына, филиалдың (өкілдіктің) ережесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні;

      4) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      5) нақты орналасқан жерін (орналасқан жерін өзгерткен жағдайда) растайтын құжат ұсынылады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкiлдiктерi) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеуден бас тарту:

      1) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкiлдiк) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі бұзылған, құрылтай құжаттары (ереже) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес келмеген;

      2) сот актілері және сот орындаушылары мен құқық қорғау органдарының қаулылары (тыйым салулары, қамауға алулары) болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкiлдiктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттiк тiркеуден бас тартылған жағдайда, тiркеушi орган оған ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсiнiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгіне сiлтеме жасалған уәжді бас тартуды осы Заңның 9-бабында көзделген мерзiмдерде бередi.

      Осы баптың ережелері қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалына қолданылады.

      Ескерту. Заң 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-2-бап. Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тіркеу және өзге де мәліметтерін өзгерту мен толықтырудың хабарлама тәртібі

      Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар мынадай:

      1) акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жері өзгерген;

      2) басшы өзгерген (басшы тағайындалған, басшының міндетін атқарушы тағайындалған, заңды тұлғаның мүлкін және қызметін басқарушы тағайындалған, басшы лауазымынан шеттетілген);

      3) осы Заңның 14-1-бабында көзделген талаптарды қоспағанда, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген;

      4) жарғылық капиталдағы үлес сенімгерлік басқаруға берілген;

      5) шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталы ұлғайған;

      6) экономикалық қызметтің негізгі түрі өзгерген;

      7) саяси партияларды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшыларының (қатысушыларының, мүшелерінің) құрамы өзгерген;

      8) заңды тұлғаның бенефициарлық меншік иесі өзгерген кезде енгізіледі.

      Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар электрондық хабарлама негізінде автоматты режимде енгізіледі.

      Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) осы баптың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар осы бапта көзделген құжаттар қоса беріле отырып, электрондық хабарлама негізінде енгізіледі.

      Акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тұрған жерін өзгерту жылжымайтын мүліктің меншік иесінің электрондық цифрлық қолтаңба арқылы келісімімен жүзеге асырылады.

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес елді мекендер атауының, көше аттарының өзгеру жағдайлары бұған кірмейді.

      Заңды тұлғаның орналасқан жерінің өзгергені туралы тіркеуші органға уақтылы хабар бермеу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.

      Коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшыларының (қатысушыларының, мүшелерінің) құрамы өзгерген кезде, коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшыларының (қатысушыларының, мүшелерінің) тізімі тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, айы, жылы, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, байланыс телефонының нөмірі, жеке қолтаңбасы көрсетіле отырып, қосымша ұсынылады.

      Заңды тұлғалар, филиалдар (өкілдіктер) құрылтай құжаттарына 5) тармақшасын қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы тіркеуші органға құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде хабар береді.

      Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тіркеу және өзге де мәліметтеріне өзгерістер мен толықтырулар электрондық хабарлама берілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде енгізіледі.

      Сот актілерінің, сот орындаушылары мен құқық қорғау органдары қаулыларының (тыйым салуларының, қамаққа алуларының) болуы, сондай-ақ осы Заңның 11-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 4-1) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайлар, өтініш берушіге бұл туралы хабар бере отырып, электрондық хабарламаны орындамай қалдыру үшін негіз болып табылады.

      Заңды тұлға, филиал (өкілдік) енгізілген мәліметтердің толықтығы және анықтығы үшін жауапты болады.

      Ескерту. Заң 14-2-баппен толықтырылды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 26.01.2021 № 412-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру

      Тiркеушi орган заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша бір жұмыс күні iшiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын бередi.

      Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру үшiн:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтiнiш;

      2) заңды тұлғаның мөрiмен (ол болған кезде) бекемделген, жарғының (ереженiң) телнұсқасын алу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының шешiмi не шешімінен үзiндi көшірме;

      3) жарғы (ереже) түпнұсқасының жоғалғаны туралы ақпараттың мерзiмдi баспасөз басылымында жарияланғанын растайтын құжат ұсынылады.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеу

      Тарату негiзi бойынша заңды тұлға қызметiнің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін:

      1) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш;

      2) заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не бұған құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi ұсынылады. Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, құжаттарды мөрмен бекемдеу талап етілмейді;

      3) заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат;

      4) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (02.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      5) заңды тұлғаның мөрiн (ол болған кезде) жою туралы құжат;

      6) коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат;

      7) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылады.

      Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң ұсынылады.

      Сот заңды тұлғаға қатысты оны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарған заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу заңды күшіне енген осындай шешім негізінде жүзеге асырылады.

      Мүліктік кешен ретінде жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін сатып алушы:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің (жергілікті атқарушы органның) мемлекеттік кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешімін;

      3) мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешенін сатып алу-сату шартының көшірмесін;

      4) мемлекеттік кәсіпорынның тапсыру актiсiнің көшірмесін;

      5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркегені үшін ақы төленгенін растайтын құжатты ұсынады.

      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы шешімді алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тарату тәртібінің сақталуын тексереді, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізеді.

      Мемлекеттік кіріс органдары қызметін тоқтататын заңды тұлға бойынша Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсынады не мұндай заңды тұлға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайда берешегі туралы аталған мәліметтерді ұсынудан бас тартады.

      Егер тексеру процесінде тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш қажетті құжаттарымен қоса берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді. Табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеудi тiркеушi орган табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырады.

      Заңды тұлғаны тарату тәртібін бұзушылықтар анықталған кезде, сондай-ақ таратылатын заңды тұлғаның есептік тіркеуден шығарылмаған филиалдары (өкілдіктері) болған, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегі болған не мемлекеттік кіріс органдары берешегі туралы көрсетілген мәліметтерді ұсынудан бас тартқан, мұндай заңды тұлға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, тіркеуші орган заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім шығарады.

      Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.

      Бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген: бизнес-сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру үшін заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тіркеуші органға жүгінбеген; мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеушілер ретінде тіркелмеген кезде заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметі мәжбүрлі тәртіппен тоқтатылуға жатады. Қызметті мәжбүрлі тәртіппен тоқтату заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның өтініші бойынша сот тәртібімен жүргізіледі. Заңды тұлғаларды бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау соттың заңды күшіне енген мәжбүрлеп тарату туралы шешімінің негізінде жүргізіледі.

      Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 432-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-1-бап. Заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден шығару

      Ескерту. 16-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Филиал (өкiлдiк):

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша филиалдың (өкiлдiктiң) қызметiн тоқтату туралы заңды тұлғаның өтiнiшi;

      2) акционерлік қоғамдарды қоспағанда, филиал (өкiлдiк) туралы ереже;

      3) коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркеуден шығарғаны үшiн тіркеу алымының бюджетке төленгенiн растайтын құжат;

      4) коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркеуден шығарғаны үшiн "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенiн растайтын құжат негiзiнде есептік тіркеуден шығарылуға жатады.

      Мемлекеттік кіріс органдары бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде шетелдік заңды тұлғаның қызметін тоқтататын филиалы (өкілдігі) бойынша, есепке алынуы мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсынады не шетелдік заңды тұлғаның мұндай филиалы (өкілдігі) міндеттемелерді "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен орындамаған жағдайда, берешек туралы көрсетілген мәліметтерді ұсынудан бас тартады.

      Сот оған қатысты борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы шешім шығарған заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуден шығару соттың банкроттық рәсімді аяқтау туралы заңды күшіне енген ұйғарымының негізінде жүзеге асырылады.

      Сот заңды тұлғаға қатысты оны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарған заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуден шығару заңды күшіне енген осындай шешім негізінде жүзеге асырылады.

      Қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалы осы Заңның осы бабы бірінші бөлігінің 1), 2) және 4) тармақшаларында және 16-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген құжаттардың негізінде есептік тіркеуден шығарылуға жатады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалын есептік тіркеуден шығару қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның филиал қызметін ерікті немесе мәжбүрлеп тоқтату рәсімін аяқтау туралы шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

      Заңды тұлға филиалының (өкілдігінің) қызметін тоқтатудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртібін бұзушылықтар анықталған кезде, сондай-ақ шетелдік заңды тұлға филиалының (өкілдігінің) есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегі болған не шетелдік заңды тұлғаның мұндай филиалы (өкілдігі) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары берешегі туралы көрсетілген мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайларда, тіркеуші орган филиалды (өкілдікті) есептік тіркеуден шығарудан бас тарту туралы шешім шығарады.

      Заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуден шығару қажетті құжаттарымен қоса филиалдың (өкілдіктің) қызметін тоқтату туралы заңды тұлғаның өтініші берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2002.10.29 № 348 Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 432-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Дауларды қарау

      Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден және филиалдарды (өкiлдiктердi) есептiк тiркеуден бас тартуға, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтаруға, сол сияқты заңды тұлғаның құрылтайшылары мен тіркеуші орган арасындағы өзге де дауларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Мемлекеттiк тiркеусiз заңды тұлға ретiндегi қызметке жол берiлмейдi. Мемлекеттiк тiркеуден өтпей жасалған қызметтен алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджеттiң кiрiсiне алынады.

      Заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік қайта тiркелуге әкеп соғатын заңды тұлға деректерiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер бiр ай мерзiмде берілмегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.

      Тiркеушi орган заңды тұлғаларды, филиалдарды (өкілдіктерді) мемлекеттік (есептік) тіркеуден (қайта тіркеуден), заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеуден заңсыз бас тартқан жағдайда, өтініш берушi өзi шеккен залалдардың орнын толтыруды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.

      Акционерлiк қоғам акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге немесе ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн алуға құжаттарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда, осы қоғам Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен таратылуға немесе қайта құрылуға тиiс.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2001.01.05 № 135, 2002.10.29 № 348, 2004.03.18 № 537 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Осы Заңның күшiне ену тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады