Байланыс формасы

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 5 шiлдедегі N 19 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 11.04.2014 № 188-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - XI" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 11" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, ұйымдар", "Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ұйымдар" деген сөздер тиісінше "Ұйымдар" деген сөзбен ауыстырылды; ", меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан,", "меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан", "меншік нысанына қарамастан" деген сөздер алып тасталды;
      "Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы", "Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі атқарушы органының", "Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органына" деген сөздер тиісінше "уәкілетті орган", "Уәкілетті органның", "уәкілетті органға" деген сөздермен ауыстырылды;
      "өкілеттігі" деген сөз "құзыреті" деген сөздермен ауыстырылды;
      "бақылау мен қадағалауды", "бақылау мен қадағалау", "бақылау мен қадағалаудың", "Бақылау мен қадағалаудың" деген сөздер "бақылауды", "бақылау", "бақылаудың", "Бақылаудың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлар мен олар туғызған зардаптардан қорғау мемлекеттiк саясатты жүргiзудiң басым салаларының бiрi болып табылады.
      Осы Заң Қазақстан Республикасы аумағында табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1 тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      авария - технологиялық процестiң бұзылуы, механизмдердiң, жабдықтар мен ғимараттардың зақымдануы;
      апат - аймақтық және iрi ауқымды төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан жойқын құбылыс;
      дүлей зiлзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан зiлзала;
      зiлзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан жойқын құбылыс;
      өнеркәсiп объектiсiнiң қауiпсiздiгi декларациясы - өнеркәсiп объектiсiндегi ықтимал төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымы туралы ақпарат беретiн және объектiнi пайдалануға беру, оның жұмыс iстеуi мен пайдаланудан шығарылуы кезеңдерiнде олардың алдын алу және жою жөнiнде меншiк иесi қабылдаған шаралар туралы хабарлайтын құжат;
      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар - дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, көшкiн, су тасқыны және басқалар), табиғи өрт, iндеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың кеселдерi мен зиянкестерi арқылы зақымдануын туғызған төтенше жағдайлар;
      техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар - өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық жағынан қауiптi заттарды тарататын (тарату қаупi бар) авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердiң бұзылуы, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр-энергетика және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған төтенше жағдайлар;
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге нұқсан келтiрген немесе келтiруi мүмкiн, халықты едәуiр дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тiршiлiк жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкiн авария, зiлзала немесе апат салдарынан белгiлi бiр аумақта туындаған жағдай;
      төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай туындаған белгiлi бiр аумақ. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар таралу ауқымына және келтiрген нұқсанның көлемiне қарай объектiлiк, жергiлiктi, өңiрлiк және жаhандық болып бөлiнедi;
      төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар пайда болған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағының одан әрi таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтiру жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстар;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргiзiлетiн және төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн мүмкiн болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмiрiн сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерiн кемiтуге бағытталған шаралар кешенi.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.29 N 209, өзгерту енгізілді - 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының табиғи және
              техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
              саласындағы заңдары

      Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен түзiледi.
      Бұл Заң әлеуметтiк және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезiндегi құқықтық қатынастарды реттемейдi.

      3-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезiнде халықты, қоршаған ортаны және
              шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың
              негiзгi принциптерi

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың негiзгi принциптерi мыналар:
      - жариялылық және халық пен ұйымдарды болжанып отырған және пайда болған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралар туралы хабардар ету;
      - егер ұйымдар мен азаматтардың қызметi ықтимал қауiп туғызатын болса, оның қатер төндiру және зиян келтiру деңгейiн алдын ала анықтау, халықты қорғаныс әдiстерiне үйрету және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүзеге асыру;
      - төтенше жағдайларды жою жөнiндегi құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу мiндеттiлiгi, шұғыл медициналық жәрдем көрсету, халықты және зардап шеккен қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келген зиянды өтеу болып табылады.

      4-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
              жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi
              шараларға азаматтық қорғаныс күштерiнiң қатысуы

      Азаматтық қорғаныс күштерi (әскери бөлiмдер, аумақтық және ведомстволық әскерилендiрiлмеген құрылымдар, мамандандырылған авариялық-құтқару қызметтерi) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға заңдарға сәйкес тәртiппен қатысады.

      5-бап. Ұйымдардың табиғи және техногендiк сипаттағы
              төтенше жағдайлар саласындағы мiндеттерi

      Ұйымдар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - өз жұмысының орнықтылығын арттыру және қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жоспарлап, өткiзуге;
      - төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi туралы немесе пайда болуы туралы белгiленген тәртiппен ақпарат берiп отыруға, қызметкерлер мен халықты бұл жөнiнде хабардар етуге;
      - қызметкерлерге төтенше жағдайлар кезiнде әскерилендiрiлмеген құрылымдар құрамында қорғану және әрекет ету әдiстерiн үйретуге, төтенше жағдайлар туралы хабардар ететiн жергiлiктi жүйе құрып, оны үнемi әзiрлiкте ұстауға;
      - қарауындағы өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлерде, соларға iргелес аумақтарда бекiтiлген жоспарларға сәйкес қорғану шараларын құтқару, авариялық-қалпына келтiру және төтенше жағдайларды жою жөнiндегi басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге;
      - заңдарда көзделген реттерде, төтенше жағдайлардың салдарынан қызметкерлер мен басқа да азаматтарға келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлар жойылғаннан кейiн қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру шараларын жүзеге асыруға мiндеттi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбе бойынша қызметiнде төтенше жағдайлардың пайда болу қатерi басым ұйымдар қаржы және материалдық ресурс резервтерiн жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi күштер мен құралдар құрылуын, дайындалуы мен әзiрлiкте ұсталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Ұйымдар уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өнеркәсіп объектілерінің қауіпсіздігі декларациясын табыс етеді.
      Өнеркәсіп объектісінің қауіпсіздігі декларациясында келтірілген мәліметтер тізбесі мен оларды ресімдеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      Ұйымдардың басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралардың, арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдардың мiндеттi күшi бар нұсқамаларының орындалуына дербес жауап бередi.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.03.12 N 347, 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
              жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға
              қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуы

      Қоғамдық бiрлестiктер табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, олардан халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау жөнiндегi шараларға Қазақстан Республикасының заңдарына және өздерiнiң жарғыларына сәйкес қатыса алады.
      Төтенше жағдайларды жоюға қоғамдық бiрлестiктерден қатысушылардың мемлекеттiк аттестация қуаттаған арнайы даярлығы болуға тиiс.

2 тарау
Халықтың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
жағдайлар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      7-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және
              техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
              саласындағы құқықтары

      Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерлерде болғанда өздерi душар болуы мүмкiн қатер туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралары туралы хабардар болуға;
      - азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан және олар тигiзетiн зардаптардан қорғау мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей жүгiнуге, жеке және ұжымдық үндеулер жолдауға;
      - төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға қатысуға, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, азаматтарды қорғауға арналған басқа да мүлiктi пайдалануға;
      - төтенше жағдайлар пайда болған ретте өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
      - төтенше жағдайларды жою барысындағы мiндеттердi орындау үшін оларды тарту кезiнде өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген залал үшiн өтемақылар мен жеңiлдiктер алуға;
      - зақым алуына немесе ауруға шалдығуына байланысты еңбек ету қабiлетiнен айрылған, зақымданудан немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айрылған жағдайда, егер олар төтенше жағдайларды жою жөнiндегi мiндеттерiн атқару салдарынан болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға;
      - төтенше жағдайлар салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды өтетуге құқығы бар.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи
              және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
              саласындағы мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының азаматтары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар және азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi олардан қорғау саласындағы заңдарын сақтауға;
      - төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн авария, зiлзала және апат жайында тиiстi органдарды хабардар етуге;
      - тұрмыста, күнделiктi еңбек және шаруашылық қызметiнде қауiпсiздiк шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк және технологиялық тәртiптің, қауiпсiздiк талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
      - азаматтық қорғаныс дабылдарын, төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi төнген немесе олар пайда болған кезде жүрiп-тұрудың белгiленген ережелерi мен iс-қимыл тәртiбiн бiлуге, негiзгi қорғану әдiстерiн, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсiлдерiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану ережелерiн үйренуге, өздерiнiң осы бiлiмi мен практикалық дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;
      - төтенше жағдайларды жою жөнiнде өткiзiлетiн оқу-жаттығуларға қатысуға, халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау құралдарына ұқыпты қарауға мiндеттi.

      9-бап. Шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың
              табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
              жағдайлар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      Шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында, егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген құқықтарды пайдаланып, мiндеттердi атқарады.

3 тарау
Мемлекеттiк органдардың табиғи және техногендiк
сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құзыреті

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң табиғи және
               техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
               саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкiметi табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - бiртұтас мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асырудың стратегиялық және тактикалық шараларын әзiрлейдi;
      - орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
      - халықты, табиғи ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан қорғаудың жай-күйi туралы мемлекеттiк баяндамаларды қарайды және бекiтедi;
      - уәкілетті орган туралы ереженi бекiтедi;
      - техникалық регламенттердi бекiтедi;
      - төтенше жағдайлар жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссиялар құрып, олар туралы ережелердi бекiтедi;
      - төтенше жағдайлардың сыныпталуын белгiлейдi;
      - жағдайды қадағалау, бақылау және төтенше жағдайларды болжау қызметiн, шұғыл медициналық жәрдемдi, авариялық-құтқару қызметiн, төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiн ұйымдастырады;
      - төтенше жағдайлар саласында хабардар ету, бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету тәртiбiн белгiлейдi;
      - төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi мемлекеттiк сараптама мен мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады, олардың қызметiнiң және төтенше жағдайлар саласында мемлекеттiк есеп жүргiзудiң тәртiбiн белгiлейдi;
      - төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларды қаржыландыру, мемлекеттiк резервтердi, материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа ресурстар қорларын жасау тәртiбiн белгiлейдi және бұл қорларды төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға бөледi;
      - төтенше жағдайларды жою үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен қаражат бөледi;
      - табиғи және техногендiк сипаттағы жаhандық төтенше жағдайлардың зардаптарын жою туралы шешiм қабылдайды;
      - төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен азаматтар мен қызметкерлердi әлеуметтiк қамсыздандырудың жүйесi мен ережелерiн, азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген залалдың өтелу тәртiбiн белгiлейдi;
      - Қазақстан Республикасы аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып, шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың қызмет тәртiбiн белгiлейдi;
      - авариялық-құтқару қызметтерiн (соның iшiнде аэроұтқыр жасақтарды) құрады;
      - өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2000.05.19 N 51, 2004.06.15 N 563, 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді), 2006.12.29 N 209, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      - орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ғылыми ұйымдардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы жұмысын үйлестiредi;
      - техникалық регламенттердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi немесе келiседi, төтенше жағдайлар саласында мемлекеттiк есеп жүргiзедi, халықты, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан қорғаудың жай-күйi туралы мемлекеттiк баяндамалар дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзедi;
      - азаматтық қорғаныс күштерiнiң төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға қатысуына, өз қарамағындағы жағдайды қадағалайтын, бақылайтын және болжайтын қызметтерге, төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне басшылық етедi;
      - мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына басшылық етеді, өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды үйлестіреді;
      - төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк сараптамаға басшылық етедi және қажет болған жағдайда халықаралық сараптама ұйымдарын тарта отырып тәуелсiз сараптама ұйымдастырады;
      - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiнде мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      - төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерді аттестаттауды өткізеді;
      - мемлекеттiк органдарға, ұйымдар мен азаматтарға табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiнде мiндеттi күшi бар нұсқамалар бередi;
      - төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зiлзала мен апатты тексеру iсiн ұйымдастырады, материалдарды белгiленген тәртiппен лауазымды адамдарды, азаматтар мен ұйымдарды жауапқа тартуға бередi;
      - халықты және ұйымдарды қажетті қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы хабардар етеді;
      - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерi бойынша аймақтық және барынша ауқымды төтенше жағдайларды жоюға тiкелей басшылық етудi жүзеге асырады;
      - төтенше жағдайларды жою кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдырады;
      - халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасы аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi қызметiн қамтамасыз етедi, iзгiлiк шараларын өткiзудi ұйымдастырады;
      - авариялық-құтқару қызметтерiнiң (оның iшiнде аэроұтқыр жасақтардың) iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында зардап шеккендерге, оның iшiнде авариялық-құтқару қызметтерiнiң қызметкерлерiне шұғыл медициналық көмек көрсетедi;
      - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
      - Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      - осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.12.09 N 307, 1999.03.12 N 347, 2000.05.19 N 51, 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді), 2006.12.29 N 209, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Орталық мемлекеттiк органдардың табиғи және
               техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
               саласындағы құзыреті

      Орталық мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде:
      - төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларды ұйымдастырады;
      - төтенше жағдайлар саласындағы нормативтердi, стандарттар мен ережелердi бекiтедi немесе келiседi, мемлекеттiк есеп жүргiзедi және оның деректерiн уәкілетті органға табыс етедi;
      - техникалық регламенттер әзiрлейдi және оларды әзiрлеуге қатысады;
      - төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық комиссиялар құрады және олардың жұмысын қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      - өз қарамағындағы жағдайды қадағалайтын, бақылайтын және төтенше жағдайларды болжайтын қызметтерге басшылық етедi;
      - салалық мемлекеттiк сараптама жүргiзедi, төтенше жағдайлар саласында ғылыми зерттеулер, бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету iсiн ұйымдастырады;
      - салалық мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады, өз мiндеттерiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдарға, ұйымдар мен азаматтарға нұсқамалар бередi, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зiлзала мен апатты тексеруге қатысады, лауазымды адамдарды, азаматтар мен ұйымдарды белгiленген тәртiппен жауапқа тартады;
      - төтенше жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысады;
      - осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29 N 209, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 

      13-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
               органдарының табиғи және техногендiк сипаттағы
               төтенше жағдайлар саласындағы құзыреті

      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар тиiстi аумақтағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою үшiн жауапты болады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi өкiлдi органдары тиiстi (ведомстволық бағынысты) аумақтағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралар туралы есептерiн тыңдайды;
      - төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға қатысты бөлігінде көзделмеген шығыстарды қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджет құрамындағы резервінің көлемі туралы, сондай-ақ материалдық-техникалық, азық-түлік медициналық және басқа ресурстардың жергілікті қорларын құру туралы шешімдер қабылдайды;
      - төтенше жағдайлар пайда болған кезде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiнде мiндеттi ережелер қабылдауға құқылы, оларды бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық көзделедi. Мiндеттi ережелер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмеуге тиiс және дереу күшiне енедi;
      - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      - құзыреті шегінде уәкілетті органның аумақтық органдарымен бірлесіп, жергiлiктi ауқымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi, оның ішінде мүлікті реквизициялау жөніндегі іс-шараларды «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орындауды ұйымдастырады;
      - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияларды құрады және олардың құрамын айқындайды. Жергілікті атқарушы органдардың басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың төрағалары болып, ал уәкілетті органның аумақтық органдарының басшылары комиссия төрағаларының орынбасарлары болып табылады;
      - бюджет қаражаты болған кезде уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес уәкілетті органның аумақтық органдарын, ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруда, сондай-ақ үйлер мен ғимараттар салуда, оларды реконструкциялауда және жөндеуде уәкілетті органға жәрдемдесуге құқылы;
      - төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зiлзала мен апатты тергеуге қатысады;
      - бекітілген бюджет нысаналарына сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
      - материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа ресурстардың жергiліктi қорларын құрады және пайдаланады;
      - төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен халықтың және қызметкерлердiң әлеуметтiк қорғалуын, азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген зиянның өтелуiн, медициналық қызмет көрсетудi, төтенше жағдайлар аймақтарында тұрғаны және жұмыс iстегенi үшiн өтемақылар мен жеңiлдiктер алуды өз құзыретi шегiнде қамтамасыз етедi;
      - төтенше жағдайлар жойылғаннан кейiн қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      - жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы аумағында жергiлiктi өзiн-өзi басқару орындарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою iсiне қатысуына жол берiледi, бұл халықтың жергiлiктi мәнi бар мәселелердi дербес шешуiн қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2000.05.19 N 51, 2004.06.15 N 563, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап күшіне енеді), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын
алу

      14-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлардың алдын алу жөнiндегi шаралар

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөнiндегi шараларға мыналар жатады:
      - ғылыми зерттеулер, жағдайды қадағалау, бақылау, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкiн аварияны, зiлзала мен апатты болжау және олардың қаупi туралы хабарлау;
      - төтенше жағдайлар саласындағы бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, қорғану шаралары;
      табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы техникалық регламенттерге талдау жасау.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      15-бап. Ғылыми зерттеулер, жағдайды қадағалау, бақылау
               мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайларды болжау

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы ғылыми зерттеулердiң негiзгi мiндеттерiне мониторинг әдiстерiн әзiрлеу мен төтенше жағдайлардың деректер банкiн жасау, төтенше жағдайларды болжау, алдын алу әдiстерiн, бақылау шаралары мен қорғану құралдарын, оларды болжау, зардаптарына баға беру, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi нысаналы және ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзiрлеу кiредi.
      Жағдайды қадағалау, бақылау мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды болжау қызметi (сейсмологиялық қызмет, сел жүретiнiн хабарлау, радиациялық қауiпсiздiктi бақылау жүйелерi және басқалар) арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдардың жанынан құрылады және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттiк жүйесiне енгiзiледi.

      16-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы жариялылық пен ақпарат

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ұйымдар қызметiнiң қаншалықты қатерлi және зиянды екенi, қажеттi қауiпсiздiк, зардаптар, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралар туралы мәлiметтерден құралады. Ол ашық және жария болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары, байланыс және хабар беру жүйелерi арқылы жариялануға тиiс.
      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында ақпаратты лауазымды адамдардың жасырып қалуына, мезгiлiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат беруiне жол берiлмейдi.
      Мемлекеттiк органдарды ақпараттық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесi құрылады.

      17-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау,
               халықты және мамандарды оқытып-үйрету

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы бiлiмдi насихаттау iсiн арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады. Бiлiмдi насихаттау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланылуы мүмкiн.
      Халықты оқытып-үйрету мектеп жасына дейiнгi мекемелер мен жалпы орта бiлiм беретiн мекемелерде, жұмыс орындары мен тұрғылықты жерлердегi ұйымдарда, ал мамандарды оқытып-үйрету орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм беру, бiлiктiлiктi арттыру және кадрларды қайта даярлау ұйымдарында, төтенше жағдайдағы iс-қимылға дайындау және азаматтық қорғаныс орталықтарында, жұмыс орнындағы ұйымдарда жүргiзiледi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      18-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы қорғану шаралары

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған кезде қатер төнуiн, шығындар мен залалды мүмкiн болғанынша барынша азайту үшiн мынадай қорғану шаралары жүзеге асырылуға тиiс:
      - сейсмикалық жағынан берiк құрылыстар салу және үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық берiктiгiн күшейту;
      - гидротехникалық және инженерлiк-геологиялық қорғану шаралары;
      - көлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және көлiкте төтенше жағдайларды болғызбау үшiн коммуникациялар жүйелерiн жетiлдiру;
      - қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi қорғану шаралары;
      - өрттерге (жарылыстарға), iндеттер мен малдың жұқпалы ауруларына, ауылшаруашылық өсiмдiктерi мен ормандардың кеселдермен және зиянкестермен зақымдануына жол бермеу шаралары;
      - арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың мiндеттi күшi бар нұсқамаларында көздеген басқа да шаралар.
      Ұйымдар мен азаматтардың төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiне байланысты қызметi Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері туралы заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес сақтандырылуға тиiс.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою

      19-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
              жағдайларды жариялау

      Ескерту. 19-бап алынып тасталды - ҚР 2004.06.15 N 563 Заңымен.

      20-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайларды жою жөнiнде бiрiншi кезекте
               жасалатын iс-қимыл

      Бұрын бекiтiлген жоспарларға сәйкес төтенше жағдай аймағында орналасқан авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын тарта отырып, уәкілетті органның аумақтық органдарымен бірлесіп жергiлiктi атқарушы органдар және ұйымдардың басшылары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөнiндегі бiрiншi кезектегі iс-қимылдарды ұйымдастырады.
      Бiрiншi кезекте жасалатын iс-қимыл кезiнде халықты төтенше жағдай аймағынан уақытша көшiру, ұйымдардың қажеттi материалдық- техникалық ресурстарын жұмылдыру iсi жүргiзiлуi мүмкiн, авария, зiлзала немесе апат болған объектiнiң жұмысы тоқтатылады немесе тоқтатыла тұрады, ұйымдарда жұмыс режимi өзгертiледi, адамдардың жүрiп-тұруы мен жүктердiң тасымалдануына шектеу (карантин) енгiзiледi, мүмкiн болатын құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстары жүзеге асырылады, қоғамдық тәртiп пен объектiлердi қорғау қамтамасыз етiледi.
      Төтенше жағдайлар аймағының шекараларын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындалған төтенше жағдайларды жою басшылары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген төтенше жағдайларды сыныптау негiзiнде айқындайды.
      Жеке және заңды тұлғалардың мүлкін реквизициялау жөніндегі іс-шаралар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі бiрiншi кезектегі iс-қимыл туралы жоспарда көзделеді.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.15 N 563, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайларды жою кезiндегi шұғыл
               медициналық жәрдем көрсету

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезiнде шұғыл медициналық жәрдем қызметi дереу iске қосылады, ал ол жеткiлiксiз болған жағдайда орталық мемлекеттiк органдардың және ұйымдардың медициналық күштерi мен құралдары тартылады. қараңыз.P100608
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      22-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi

      Авариялық-құтқару қызметтерi техникамен, арнаулы жабдықтармен, құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарына қажеттi құрал-саймандармен және аспаптармен жарақтандырылады.
      Еңбек ету қаупi жоғары болуына байланысты құтқарушыларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ерекше мәртебе берiледi.

      23-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимiн
               енгiзу

      Жағдайды тез арада тұрақтандыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге жағдай жасау мақсатында табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимi енгiзiлуi мүмкiн.
      Төтенше жағдай режимi енгiзiлген кезде басқарудың ерекше түрлерiнiң белгiленуi, азаматтардың жекелеген құқықтары мен бостандықтарының шектелуi, Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген басқа да шаралардың қолданылуы мүмкiн.

      24-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды тоқтату және
               қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен
               азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру
               жөнiндегi шараларды жүргiзу

      Ескерту. 24-бап алынып тасталды - ҚР 2004.06.15 N 563 Заңымен.

       24-1-бап. Материалдық-техникалық, азық-түлiк,
                  медициналық және басқа ресурстар қорларын
                  жасау, табиғи және техногендiк сипаттағы
                  төтенше жағдайлар кезiнде көлiк құралдарымен
                  қамтамасыз ету

      Халықтың, қоршаған ортаның және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді қорғалуын қамтамасыз ету үшiн алдын ала материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа ресурстардың мемлекеттiк резервi жасалады.
      Төтенше жағдайларды жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстары және көлiк құралдары жұмылдырылады, ал шұғыл медициналық жәрдемнiң және авариялық-құтқару қызметтерінің күштерi мен құралдары төтенше жағдайлар аймақтарына алдын ала бекiтiлген жоспарларға сәйкес бiрiншi кезекте жеткiзiлiп, керi қайтарылады.
      Ескерту. 5-тарау 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді) Заңымен.

      24-2-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
                 жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа да ресурстардың халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзу объектiлерiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшiн құрылған мемлекеттік резерв болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-тарау 24-2-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  6 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы сараптама мен мемлекеттiк есеп

      25-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы сараптаманың
               мiндеттерi мен объектiлерi

      Сараптаманың мiндеттерi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi нормативтердi, стандарттар мен ережелердi, шаралардың толық және тиiмдi жүргiзiлуiн зерттеу болып табылады.
      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы сараптамаға мыналар жатады:
      - нормативтiк, техникалық, құжаттама және жобалау құжаттамасы;
      - егер ұйымдар мен азаматтардың қызметi ықтимал қауiп төндiрсе, оның қатерлiлiк және зияндылық деңгейiн анықтау;
      - жағдайды қадағалау, бақылау және төтенше жағдайларға болжам жасау шараларын орындау;
      - бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету;
      - қорғану шараларын және төтенше жағдайларды жою жұмыстарын жүзеге асыру.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      26-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласында сараптама және мемлекеттiк
               есеп жүргiзу

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында мемлекеттiк сараптаманы арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар, ал қоғамдық сараптаманы өздерiнiң жарғыларына сәйкес қоғамдық бiрлестiктер жүргiзедi.
      Үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды салуға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, қалпына келтiруге, күрделi жөндеуге) арналған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бөлiгiнде мемлекеттiк сараптама Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
      Ұйымдар төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан авария, зiлзала мен апат туралы есеп бередi, ал арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың мемлекеттiк есебiн жүзеге асырады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.07.02 N 454, 2006.12.29 N 209 Заңдарымен.

7 тарау
      Ескерту. 7-тарау алынып тасталды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

8 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы бақылау

      30-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы бақылаудың мiндеттерi

      Бақылаудың мiндетi - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi жоспарлар мен шаралардың толық және тиiмдi орындалуын, белгiленген нормативтер, стандарттар мен ережелер талаптарының сақталуын, лауазымды адамдардың, күштер мен құралдардың дайындығын, олардың iс-қимылын тексеру.
      Ескерту. 30-бапта мемлекеттік тілдегі мәтін өзгертусіз қалдырылды - ҚР 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      31-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлардың алдын алу және оларды жою
               саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту  енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      32-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы ведомстволық,
               өндiрiстiк және қоғамдық бақылау

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында ведомстволық бақылауды орталық мемлекеттiк органдар, өндiрiстiк бақылауды ұйымдар, қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жүзеге асырады.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

9 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк

      33-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан
               аварияны, зiлзала мен апатты тексеру

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан авария, зiлзала мен апат Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тексерiлуге тиiс.
      Лауазымды адамдар мен азаматтардың құқыққа қарсы әрекеттерi немесе әрекетсiздiгi анықталған жағдайда тексеру материалдары кiнәлiлердi жауапқа тарту үшiн тиiстi органдарға берiлуге тиiс.

      34-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы заң және өзге де
               нормативтiк актiлерiн бұзғандық үшiн
               жауапкершiлiк түрлерi

      Белгiленген нормативтердiң, техникалық регламенттер мен ережелердiң орындалмауына немесе немқұрайды орындалуына, аварияның, зiлзала мен апаттың пайда болуына жағдайлар мен алғышарттар жасалуына, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау жөнiнде шаралар қолданылмауына және басқа да құқыққа қарсы әрекеттерге кiнәлi лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк, әкiмшілiк, мүлiктiк және қылмыстық жауапқа, ал ұйымдар мүлiктiк жауапқа тартылады.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      35-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар салдарынан келтiрiлген залалды өтеу

      Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығына келтiрiлген залал зардап шегушiнiң еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн, оның емделуiне, денсаулығын қалпына келтiруiне, ауруды бағып-күтуге жұмсалған шығындарды, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындалған бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақыларды ескере отырып, залал келтiрушiнiң есебінен толық көлемiнде өтелуге тиiс.
      Ұйымдар мен азаматтар залал келтiрушiлерден өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалға, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтардың қызметi туғызған техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан адамның өлуiне байланысты шеккен мүлiктiк зияндарын және ұйымдардың, авариялық-құтқару жұмыстарына және төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысушы жеке адамдардың шығындарын толық өтеудi талап етуге құқылы.
      Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеледi.
      Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуына кiнәлi ұйымдар мен азаматтар жерге, суға, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне (аумағына) келтiрiлген залалды, соның iшiнде жердi қайта түлету және жердiң табиғи құнарлылығын қалпына келтiру жөнiндегi шығындарды өтеуге мiндеттi.

  10 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы дауларды шешу

      36-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы дауларды шешу

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы дауларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен соттар шешедi.

11 тарау
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен халықаралық шарттар

      37-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
               жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы жалпыға бiрдей және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, шет мемлекеттердi қауiпсiздiк тұрғысынан олар үшiн маңызды болуы мүмкiн төтенше жағдайлар туралы дер кезiнде және толық хабардар ету, халыққа, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге ұлттық шекарадан тыс залал келтiрiлуiне жол бермеу, мемлекеттердiң өзара көмегi мен олардың арасында туындаған дауларды бейбiт жолмен шешу принциптерiн басшылыққа ала отырып, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысады.

      38-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
               Республикасы аумағындағы табиғи және техногендiк
               сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен
               оларды жою жөнiндегi қызметi

      Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасы аумағындағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi қызметiне, егер ол Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе Республика бекiткен халықаралық шарттармен реттелетiн болса, жол берiледi.

      39-бап. Қазақстан Республикасының табиғи және
               техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
               саласындағы халықаралық шарттары

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады