Байланыс формасы

Сот сараптамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 12 қарашадағы N 188 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 20 қаңтардағы № 240-IV Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 2010.01.20 № 240-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 51-б. қараңыз) Заңымен.

МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      сот сараптамасы - шешiлуi үшiн маңызы бар жағдаяттарды белгiлеу мақсатында, арнаулы ғылыми бiлiм-бiлiк негiзiнде жүргiзiлетiн қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк iстердiң материалдарын зерттеу;

      сот-сараптама қызметi - арнаулы ғылыми бiлiм-бiлiк негiзiнде қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк процестiң не аралық сотта, төрелiкте iс қараудың қатысушысы болып табылатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету мақсатында сот сараптамасын ұйымдастыру мен жүргiзу жөнiндегi қызмет; 

      сот сарапшысы - сот, тергеушi, жауап алушы сот сараптамасын жүргiзудi тапсырған iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы ғылыми бiлiм-бiлiгi бар адам; 

      сот сарапшысының қорытындысы - Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен ресiмделген, сот сараптамасын тағайындаған адам не азаматтық процестiң тарабы сот сарапшысының алдына қойған мәселелер бойынша негiзделген қорытындылар; 

      сот сараптамасы органдары - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сараптама қызметiн жүзеге асыру жөнiндегi функциялар жүктелген мемлекеттiк мекемелер.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.28. N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.05.20. N 51 , 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Сот сараптамасы туралы заңдар

      Қазақстан Республикасының сот сараптамасы туралы заңдары Конституцияға негiзделедi және Қазақстан Республикасының осы Заңынан, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттардан тұрады.

2-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ

      3-бап. Сот сараптамасының принциптерi

      Сот сараптамасы мынадай принциптерге: 

      1) заңдылыққа; 

      2) сот сарапшысының iс жүргiзу тәуелсiздiгiне; 

      3) сот сараптамасы органдарының тәуелсiздiгiне; 

      4) зерттеулердi жүргiзу құралдары мен әдiстерiнiң ғылыми негiздiлiгiне; 

      5) құзыреттiлiкке, жан-жақтылыққа, толықтыққа және объективтiлiкке; 

      6) кәсiби этиканы сақтауға негiзделедi.

      4-бап. Сот сараптамасы органдары

      Сот сараптамасын: 

      1) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Сот сараптамасы орталығы мен оның аумақтық бөлiмшелерi; 

      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының Сот медицинасы орталығы мен оның аумақтық бөлiмшелерi; 

      3) Қазақстан Республикасының заңдарымен қылмыстық қудалау функциясы жүктелген мемлекеттiк органдардың және ұйымдардың бөлiмшелерiнен басқа функциясына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот сараптамасын жүргiзу жатқызылған мемлекеттiк органдардың мамандандырылған бөлiмшелерi енетiн сот сараптамасы мемлекеттiк мекемелерiнiң жүйесi жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 , 2005.05.20. N 51 Заңдарымен.

      5-бап. Сот сараптамасы органдарының сот-сараптама
              қызметiнiң мазмұны

      Сот-сараптама қызметiнiң мазмұны мыналарды: 

      1) сот сараптамасы органдарының қызметiн ұйымдастыруды; 

      2) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк iстер бойынша сот  сараптамасын жүргiзудi; 

      3) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулердi; 

      4) сот сараптамасын ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз етудi; 

      5) сот сарапшыларын iрiктеудi, кәсiби даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтиды.

      6-бап. Сот сараптамасын жүргiзудiң тәртiбi

      1. Сот сараптамасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы уәкiлеттiк берiлген субъект - сот сарапшысы жүргiзедi. 

      2. Сараптамалық зерттеудiң нәтижелерi бойынша сарапшының қорытындысы ресiмделедi.

      7-бап. Сот сарапшысының қорытындысы

      1. Қажеттi зерттеулер аяқталған соң алынған нәтижелердi ескере отырып, сот сарапшысы /сарапшылары/ өз атынан дәлелдемелi жазбаша қорытынды жазады, оны өзiнiң қолымен, жеке мөрiмен куәландырады және сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жолдайды. Сот сараптамасын сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылатын сот сарапшысы жүргiзген жағдайда, сот сарапшысының (сарапшыларының) қолы көрсетiлген органның мөрiмен расталады. 

      2. Сот сарапшысы қорытындысын ресiмдеу тәртiбi мен оның құрылымы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

       8-бап. Сот сараптамасының түрлерi

      1. Сот сараптамасының түрлерiне бастапқы, комиссиялық, кешендi, қосымша және қайталама сараптамалар жатады. 

      2. Комиссиялық сараптама - бiр мамандықтағы сот сарапшыларының комиссиясы жүргiзетiн сот сараптамасы. 

      3. Кешендi сараптама - егер iс үшiн маңызы бар жағдаяттарды анықтау үшiн бiлiмнiң түрлi салаларының негiзiнде зерттеу қажет болған жағдайларда, әртүрлi мамандықтағы сот сарапшыларының комиссиясы жүргiзетiн сот сараптамасы.

      4. Қосымша сараптама - алдыңғы сараптаманың нәтижелерi бойынша сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде анық болмаған не сот сарапшысы өзiнiң алдына қойылған мәселелердi толық шешпеген не алдыңғы зерттеумен байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайларда жүргiзiлетiн сот сараптамасы. 

      5. Қайталама сараптама - алдыңғы сараптаманың нәтижелерi бойынша сарапшының қорытындысы жеткiлiктi негiзделмеген не оның дұрыстығы күмән тудыратын, не сараптама жүргiзудiң iс жүргiзу нормалары елеулi түрде бұзылғанда жүргiзiлген сот сараптамасы.

      9-бап. Көзi тiрi адамдарға сот сараптамасы

      1. Көзi тiрi адамдарға сот сараптамасы тиiстi сарапшылық зерттеулер жүргiзу үшiн қажеттi жағдайлар болған кезде, сондай-ақ сарапшылық зерттеу жүргiзiлетiн адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауды қамтамасыз ету шартымен жүзеге асырылады. 

      2. Көзi тiрi адамдарға сот сараптамасын жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

3-тарау. СОТ САРАПШЫСЫ

      10-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн
               адамдар

      1. Мыналар: 

      1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiне; 

      2) лицензияның негiзiнде сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын адамдарға; 

      3) осы Заңның талаптарына сәйкес сот сараптамасын жүргiзу бiр жолғы тәртiппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкiн. 

      1-1. Бір жолғы тәртіппен сараптама жүргізу: 

      1) сараптама түрлерінің заңдарда белгіленген тізбесінде көзделмеген сараптама тағайындалған; 

      2) осы заңның 27-бабына сәйкес шет мемлекеттің сот сараптамасы саласындағы маман сарапшы ретінде тартылған; 

      3) сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын тиісті мамандықтағы барлық сарапшыларға қарсылық қанағаттандырылған не осы адамдар және тұтас алғанда тиісті сот сараптамасы органы сараптама жүргізуден дәлелді себептермен шеттетілген жағдайларда тапсырылуы мүмкін. 

      2. Сот сарапшысының жоғары бiлiмi және сот сараптамасының белгiлi бiр түрi саласында арнаулы ғылыми бiлiгi болуы тиiс.
      Осы баптың 1-тармағының 1), 2)-тармақшаларында көрсетiлген адамдардың белгiлi бiр түрдегi сот сараптамасын жүргiзу құқығына арналған бiлiктiлiк куәлiгi болуы тиiс.
      Осы баптың 1-тармағының 2)-тармақшасында көрсетiлген адамдардың сот-сараптама қызметiн жүргiзу құқығына лицензиясы болуға тиiс. 

      3. Мына адамдарға:
      1) заңмен белгiленген тәртiпте iс-әрекет қабiлетi шектеулi және iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған; 

      2) бұрын сотталған;

      3) сот-сараптама қызметiн жүзеге асыруға байланысты лауазымнан келеңсiз себептер бойынша босатылған адамдарға сот сараптамасын тапсыруға болмайды.
      Адамға сот сараптамасын жүргiзудi тапсыру мүмкiндiгiн болдырмайтын өзге де жағдаяттар Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу азаматтық iс жүргiзу заңдарында не әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы заңдарында көзделген. 

      4. Адамды сот сарапшысы етiп тағайындау рәсiмi осы Заңмен  айқындалады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 , 2001.11.06. N 251 , 2005.05.20. N 51 Заңдарымен.

      11-бап. Сот сарапшысының мiндеттерi

      Сот сарапшысы: 

      1) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкiлеттiк берiлген орган (адам) өзiнiң алдына қойған мәселелер бойынша ғылыми негiзделген және объективтi қорытынды беруге; 

      2) егер қойылған мәселелер оның арнаулы бiлiмiнiң шегiнен шығатын немесе ұсынылған материалдар қорытынды беру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; 

      3) зерттеу әдiстерiн таңдау кезiнде сараптама объектiлерiнiң барынша сақталу талабын ескеруге;

      4) оны шақырушы қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процесс жүргiзушi органға (адамға), сондай-ақ қылмыстық немесе азаматтық процестiң тарабына шығыстардың сметасы мен келтiрiлген шығыстар туралы есеп ұсынуға; 

      5) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестердi жүргiзушi органның (адамның) шақыруы бойынша процеске қатысушыларға қорытындыны табыс ету үшiн келуге; олардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ қорытындының мазмұнын түсiндiруге; 

      6) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органға (адамға) оның бiлiктiлiгiн растайтын құжаттарды ұсынуға; 

      7) қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк процестердi жүргiзушi органның (адамның), сондай-ақ тараптардың талап етуi бойынша соттың отырысында өзiнiң кәсiптiк тәжiрибесi мен iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдармен қарым-қатынасы туралы хабарлауға; егер ол көрсетiлген адамдармен әлдеқандай қарым-қатынаста болған жағдайда қорытынды беруден бас тартуға; 

      8) оның қатысуымен жүргiзiлген тергеу қызметi және осы ретте анықталған жағдаяттар туралы мәлiметтердi, сондай-ақ жабық сот отырысының деректерiн, сондай-ақ мемлекеттiк коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты қозғайтын жағдаяттар туралы өзiне мәлiм болған деректердi жария етпеуге мiндеттi.

     12-бап. Сот сарапшысының құқықтары

      Сот сарапшысының: 

      1) қорытынды беру үшiн қажеттi объектiлер, оның iшiнде салыстырмалы зерттеу үшiн үлгiлер алуға; 

      2) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органның (адамның) рұқсатымен сараптаманың мәнiне қатысты iстiң материалдарымен танысуға және қорытынды беру үшiн қажеттi мәлiметтердi көшiрiп алуға; 

      3) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органның (адамның) рұқсатымен iс жүргiзу әрекетiне қатысуға және оған қатысушыларға сот сараптамасының мәнiне қатысты сұрақтар қоюға; 

      4) сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келiсiмi бойынша оның алдына қойылған мәселелер жөнiнде ғана емес, өз құзыретiнiң шегiнде сот сарапшысының бастамашылығы бойынша белгiленген өзге де жағдаяттар бойынша да қорытынды беруге; 

      5) сот пен процеске қатысушылардың назарын сараптаманың мәнiне, соның iшiнде сарапшыға сұрауларды тұжырымдауға байланысты жағдаяттарға аударуға;

      6) өзi қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиiстi бөлiгiмен танысуға және оның қызметiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертпелер жасауға; 

      7) iс жүргiзу кезiндегi шығыстарға және қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органның (адамның) заңсыз iс-әрекетiнен келтiрiлген залалға өтем алуға; 

      8) егер өзiнiң қызметтiк мiндетi болып табылмайтын болса, орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқығы бар;

      13-бап. Сот сарапшысының жауапкершiлiгi

      Сот сарапшысы өз мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiптiк, материалдық, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуы мүмкiн.

      14-бап. Сот сарапшысы тәуелсiздiгiнiң және оның
               қорытындысының дұрыстығымен кепiлдiктерi

      1. Сот сарапшысының тәуелсiздiгiне: 

      1) Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу , азаматтық iс жүргiзу заңдарында және әкiмшiлiк тәртiп бұзушылықтар туралы  заңдарында көзделген сот сараптамасын тағайындау тәртiбiмен; 

      2) сараптамалық зерттеу жүргiзуге және сарапшының қорытындысын дайындауға араласуға тыйым салумен кепiлдiк берiледi. 

      2. Сот сарапшысы қорытындысының дұрыстығына:

      1) комиссиялық, кешендi, қосымша және қайталама сот сараптамасын тағайындау мүмкiндiгiмен;

      2) сот сарапшысын iрiктеу, оларды кәсiптiк даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн құрумен; 

      3) сот сарапшыларын аттестациялау және лицензиялау жүйесiмен; 

      4) сот сараптамасы iсiн жүргiзудi тиiстi материалдық-техникалық қамтамасыз етумен; 

      5) сарапшының көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатындығымен кепiлдiк берiледi.

      15-бап. Сот сарапшысының бiлiктiлiк куәлiгi

      1. Сараптаманың белгiлі бiр түрiн жүргiзу құқығына арналған сот сарапшысының бiлiктiлiк куәлiгi бiлiктiлiк емтиханын тапсырған адамдарға берiледi.

      2. Сараптаманың белгiлi бiр түрiн жүргiзу құқығына сот сарапшысының бiлiктiлiк куәлiгiн тиiсiнше Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органының бiлiктiлiк комиссиясы бередi. V053784
      Бiлiктiлiк комиссиясының қызмет тәртiбi мен құрамын тиiсiнше Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органы айқындайды .
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 , 2005.05.20. N 51 Заңдарымен.

      16-бап. Сот сарапшысын аттестациялау

      Кәсiптiк даярлығының деңгейiн анықтау мақсатында тиiсiнше Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органының Аттестациялық комиссиясы сот сарапшыларын әрбiр бес жыл сайын аттестациялаудан өткiзуге тиiс. V053784
      Аттестациялық комиссияның қызмет тәртібі мен құрамын тиісінше Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды .
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.05.20. N 51 Заңымен.

      17-бап. Сот-сараптама қызметiн лицензиялау

      1. Сот-сараптама қызметін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. 

      2. Нақты тұлғалардың ғана сот-сараптама қызметi лицензиялануға тиiс.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 , 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмi

      1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлерi болып табылатын, сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын, сондай-ақ сот-сараптама қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия алған адамдар қалыптастыру мен пайдалану мақсаттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасы Үкiметi бекiтетін ережелермен айқындалатын Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi. 

      2. Анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттар сараптама жүргiзудi, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген мамандарға тапсыруы тиiс.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 Заңымен.

4-тарау. СОТ-САРАПТАМА ҚЫЗМЕТIНIҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДIСТЕМЕЛIК ЖӘНЕ
ОҚУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      19-бап. Сот-сараптама қызметiн ғылыми-әдiстемелiк және
               оқумен қамтамасыз ету

      1. Сот-сараптама қызметiн ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету, сондай-ақ сот сарапшыларын кәсiптiк даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Сот сараптамасы орталығы мен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының Сот медицинасы орталығына жүктеледi. 

      2. Меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдар Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Сот сараптамасы орталығына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының Сот медицинасы орталығына оларда сот сараптамасы мен сот медицинасының бiрыңғай ақпараттық-әдiстемелiк базасын құру үшiн олардың сұрауы бойынша өз өнiмдерiнiң үлгiлерiн немесе каталогын, техникалық және технологиялық құжаттамаларды және ақпараттық мәнi бар басқа да материалдарды бередi. Бұл ретте Сот сараптамасы мен сот медицинасы орталықтары алынған мемлекеттiк құпиялар, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын құпия құрайтын мәлiметтердiң жария болмауын қамтамасыз етедi. 

      3. Сот сараптамасы органдары iс бойынша жұмыс аяқталған соң ғылыми, практикалық және әдiстемелiк қызметтерге пайдалану үшiн соттар мен құқық қорғау органдарынан өздерiнiң сұрау салуы бойынша заттай айғақ болып табылатын заттарды алуға хақылы.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47 Заңымен.

      20-бап.
      Ескерту. 20-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді).

5-тарау. СОТ-САРАПТАМА ҚЫЗМЕТIН ҚАРЖЫЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТIК,
МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      21-бап. Сот сараптамасын жүргiзудi
               материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң
               стандарттары мен талаптары

      Сот сараптамасы өз қызметiн сот сараптамасы органдарының ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн стандарттар мен талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған үй-жайлар болғанда жүзеге асыра алады.

      22-бап. Сот-сараптама қызметiн қаржыландыру

      Сот сараптамасы органдарында қылмыстық, азаматтық iстер және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша сот сараптамаларын жүргiзудi қаржыландыру Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу  заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген, соттың дәлелдi ұйғарымымен расталған негiздемелер болған жағдайлардан басқа кезде, сот сараптамасы органдарында азаматтық iстер бойынша сот сараптамаларын жүргiзуге ақы төлеудi тараптар жүзеге асырады және алдын ала төлеу нысанында тиiстi бюджетке енгiзiледi.
      Мамандандырылған зерттеулер жүргiзу, сондай-ақ бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн бағдарламаларға кiрмейтiн ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк зерттеулер жүргiзу үшiн ақы төлеу алдын ала төлеу нысанында тиiстi бюджетке енгiзiледi.
      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      23-бап.

      Ескерту. 23-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді).

      24-бап. Сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын
               адамдарды әлеуметтiк, материалдық қамтамасыз ету

      1. Сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын, сот сараптамасы органдарының қызметкерлерi болып табылатын адамдардың еңбегiне ақы төлеу және оларды әлеуметтiк қорғау жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
      2. алып тасталды
      3. алып тасталды  

      4. Сарапшыларды зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 , 2007.05.15. N 253 Заңдарымен.

  6-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

      25-бап. Сот сараптамасы саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      Сот сараптамасы органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет мемлекеттердiң сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын органдарымен және қызметтерiмен бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзу, ғылыми және әдiстемелiк ақпараттар алмасу, сот сарапшыларын даярлау мақсатымен халықаралық байланыстар орнатуға хақылы.

      26-бап. Шет мемлекет мемлекеттiк органының тапсыруы
               бойынша сот сараптамасын жүргiзу

      Сот сараптамасы Қазақстан Республикасы тиiстi халықаралық келiсiм жасасқан шет мемлекет мемлекеттiк органының тапсыруы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда, егер халықаралық келiсiмде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.

      27-бап. Шет мемлекеттiң сот сарапшыларын тарта отырып,
               сот сараптамасын жүргiзу

      1. Қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процесс жүргiзушi орган /адам/ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шет мемлекеттiң сот сараптамасы саласындағы мамандарын тартуға хақылы. 

      2. Сот сараптамасы органы басшысының сараптаманы тағайындаған органның /адамның/ келiсуi бойынша жүзеге асырылатын шет мемлекет сот сарапшысын тарту құқығы болады. 

      3. Шет мемлекет сот сарапшысының қатысуымен сот сараптамасын жүргiзу Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу азаматтық iс жүргiзу заңдарына не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      28-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Заңның 4-бабының 3)-тармақшасы 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады