Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 5 желтоқсан N 198


     1996 жылғы 16 қыркүйекте Бакуде қол қойылған Қазақстан
Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi
арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы
келiсiм бекiтiлсiн.

     Қазақстан Республикасының
           Президентi


          Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан
         Республикасының Үкiметi арасындағы инвестицияларды
                ынталандыру және өзара қорғау туралы

                               КЕЛIСIМ 
     


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының

Үкiметi (бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады).
     Уағдаласушы Тараптардың екеуiнiң де өзара пайдасы үшiн ұзақ
мерзiмдi негiздегi экономикалық ынтымақтастықты күшейтудi қалай отырып,
     бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторлары үшiн басқа Уағдаласушы
Тараптың аумағында қолайлы жағдайлар жасау және қолдап отыру
ниетiмен,
     осы Келiсiмге сәйкес инвестицияларға жәрдемдесу және оларды
өзара қорғау осы саладағы iскерлiк бастамашылықты ынталандыратынын
қолдап,
     мыналар туралы келiстi:

                                1-бап

                            Айқындамалар

     Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:



      1. "Инвестиция" терминi бiр Уағдаласушы Тарап инвесторының басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғысының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес экономикалық қызметке байланысты инвестицияланған активтерiнiң кез келген түрiн қамтитын болады және, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес:
      а) кепiлдiк салымдары, займ бойынша ұстап тұру, қамтамасыз ету құқықтары және осы сияқты кез-келген басқа да құқықтар секiлдi жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi;
      б) акцияларды, бағалы қағаздарды, борыштық мiндеттемелердi, керi инвестицияланған табыстарды, инвестицияларды жүзеге асырумен байланысты мақсатты банкiлiк және қаржылық салымдарды;
      в) қаржылық маңызы бар, қызметке байланысты ақша талаптарын немесе өзге де ақшалай талаптарды;
      г) парасат меншiгi құқықтарын, соның iшiнде авторлық құқықтарды, тауар белгiлерiн, патенттердi өнеркәсiптiк үлгiлердi, технологиялық процестердi, ноу-хауды, коммерциялық құпияларды, фирмалық атауларды және инвестицияларға байланысты гудвилдi;
      д) керi инвестицияланған табыс пен негiзгi борыш және кредиттiк келiсiмдер бойынша проценттер төлемдерiн;
      е) заңдарға сәйкес лицензиялар мен рұқсаттарды, оның iшiнде табиғи ресурстарды барлауға, өндiруге, өңдеу мен пайдалануға концессияны қамтитын болады.
      2. "Инвестор" терминi:
      а) Уағдаласушы Тараптардың кез-келгенiнде оның заңдарына сәйкес азаматтығы немесе тұрақты тұратын жерi бар кез келген жеке тұлғаны;
      б) Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес құрылған және басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқығы бар кез-келген заңды тұлғаны бiлдiредi.
      3. "Табыстар" терминi инвестициялардың нәтижесiнде алынған ақшалай соманы бiлдiредi және, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес, табыстарды, проценттердi, капитал өсiмiн, дивидендтердi, роялтидi және қызметтер үшiн төленген ақыны қамтиды.
      4. "Аумақ" терминi:
      Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аумағын, оның iшiнде Қазақстан Республикасы халықаралық құқыққа сәйкес өзiнiң егемен құқығын және юрисдикциясын жүзеге асыратын әуе кеңiстiгiн, теңiз түбiн, еркiн экономикалық аймақтарды, континенттiк шельфтi, табиғи ресурстар мен жер қойнауын бiлдiредi.
      Әзiрбайжан Республикасына қатысты - Әзiрбайжан Республикасының аумағын, оның iшiнде Әзiрбайжан Республикасының iшкi суларын, Әзiрбайжан Республикасына тиiстi Каспий теңiзiнiң (көлiнiң) секторын, Әзiрбайжан Республикасының үстiндегi әуе кеңiстiгiн, сондай-ақ сол аумақ шегiнде Әзiрбайжан Республикасы жер қойнауына, теңiз түбiне, континенттiк шельфке және табиғи ресурстарға қатысты өзiнiң егемен құқығын жүзеге асыратын, халықаралық құқық және Әзiрбайжан Республикасының ұлттық заңдарына сәйкес айқындалған немесе болашақта

айқындалатын кез-келген аумақты.
     5. Аумағында инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптар
Мемлекетiнiң заңдары мен басқа нормативтiк актiлерiне сәйкес рұқсат
етiлген инвестициялар нысанның өзгеруi оның инвестиция ретiндегi
сипатын өзгертпейдi.

                                2-бап

                      Осы Келiсiмнiң қолданылуы

     Осы Келiсiмнiң шарттары бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторлары
басқа Уағдаласушы Тараптың аумағына осы Келiсiм күшiне енгенге дейiн
де, енгеннен кейiн де жүзеге асырған барлық инвестицияларға
қолданылатын болады.

                                3-бап

               Инвестицияларды ынталандыру және қорғау

     1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында инвестицияларды жүзеге
асыру үшiн басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларын ынталандырып, олар
үшiн қолайлы жағдайлар жасап отырады және өзiнiң заңдары мен
ережелерiне сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат ететiн болады.
     2. Кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына
басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында әдiлеттi және тең құқықтық
жағдай, толық қорғау және қауiпсiздiк қамтамасыз етiледi.

                                4-бап

                 Ұлттық тәртiп және неғұрлым қолайлы
                        жағдай жасау тәртiбi



      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына әдiлеттi әрi тең болып табылатын және ол өзiнiң төл инвесторларының инвестицияларына немесе кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларының инвестицияларына жасайтын жағдайға қарағанда қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына осы инвестицияларды басқаруға, қызмет iстеуiне, пайдалануға немесе иелiк етуге қатысты әдiлеттi әрi тең болып табылатын және ол өзiнiң төл инвестицияларына немесе кез-келген үшiншi мемлекеттiк инвесторларына жасайтын жағдайға қарағанда қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды.
      3. Бұл баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi:
      а) Уағдаласушы Тараптардың бiрi қатысушысы болып табылатын немесе бола алатын инвестициялардың ынтымақтастық тәртiбiне немесе аймақтық ынтымақтастықтың басқа нысандарына әсер ететiн кез-келген кедендiк одақ немесе еркiн сауда одағынан, немесе осындай халықаралық Келiсiмдерден;
      б) толық немесе iшiнара салық салуға қатысты кез-келген халықаралық Келiсiмдерден немесе уағдаластықтардан туындайтын артықшылықтарды немесе басымдықты Уағдаласушы Тараптардың бiрi басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторына қолдануға мiндеттемейдi.
                                5-бап




                       Шығындар үшiн өтем жасау

      1. Кез-келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыстың немесе басқа қарулы жанжалдың, төтенше жағдайдың, азаматтық қақтығыстардың немесе осындай жағдайлардың салдарынан зиян шеккен жағдайда оларға өзiнiң және кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларына жасайтын жағдайлардан қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды. Бұл сомалар шет елге еркiн аударылуы тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағының шарттарына қайшы келмей, Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң инвесторлары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында осы тармақта айтылған қандай да бiр жағдай кезiнде:
      а) бұлардың меншiгiн оның күштерiмен немесе өкiметiмен өз

қарамағына алуы;
     б) соғыс қимылдары немесе әлдебiр жағдай мәжбүр етпесе де
бұлардың меншiгiн олардың күшiмен немесе өкiметiмен қиратуы
салдарынан зиян шексе,
     инвесторлардың реквизиция кезiнде немесе меншiктi қирату
нәтижесi ретiнде шеккен зияны үшiн әдiл және соған барабар өтем
жасалады.
     Туындаған төлемдер еркiн айналыстағы валютада кiдiрiссiз
аударылады.

                                6-бап

                            Экспроприация



      1. Кез-келген Уағдаласушы Тараптың инвестициялары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында халықтың немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiретiн айрықша жағдайлардан басқа кезде национализацияланбайды, экспроприацияланбайды немесе национализациялаумен немесе экспроприациялаумен (бұдан әрi "экспроприация" деп аталады) барабар әсерi болатын шараларға ұшырамайтын болады. Экспроприациялау Уағдаласушы тараптардың заңдарына сәйкес, кемсiтпейтiн негiзде жүргiзiледi және кiдiрiссiз баламалы әрi тиiмдi өтемақы төлеу туралы шарттармен бiрге жүргiзiлетiн болады. Мұндай өтемақы инвестициялардың нарықтық бағасына тең болады, экспроприациялау немесе экспроприациялау қаупi жалпыға бiрдей белгiлi болған кезде LIBOR ставкасы бойынша экспроприациялау күнiнен бастап алынатын проценттi қамтиды, инвестиция жүзеге асырылған валютамен немесе Уағдаласушы Тараптардың келiсiмi бойынша инвестор үшiн қолайлы кез-келген басқа валютамен кешiктiрiлмей төленедi, тиiмдi түрде өткiзiледi және еркiн аударылады.
      2. Зардап шеккен инвестор өзiнiң жағдайын осы Уағдаласушы Мемлекеттiк сот билiгiнде дереу қайта қаратып, осы бапта айтылған қағидаттарға сәйкес өзiнiң инвестицияларын бағалатуға құқықты болады.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi, сондай-ақ Уағдаласушы Тарап акционерлiк қоғам мәртебесiн алған немесе қолданылып жүрген заңдарға сәйкес оның өз аумағының кез-келген бөлiгiнде құрылған және басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары онда пайларға ие болып отырған компанияның активтерiн экспроприациялаған жағдайда да қолданылады.
                                7-бап




             Инвестицияларға байланысты төлемдердi аудару

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестициялар мен табыстарға қатысты төлемдердiң Уағдаласушы Тараптардың қолданылып жүрген заңдарында белгiленген мынадай рәсiмдер көзделiп, еркiн және кешiктiрiлмей аударылуына кепiлдiк бередi:
      - мұндай аударымдарды еркiн аудару құқығына нұқсан келмеуiн ескерiп рәсiмдеу тәртiбi;
      - Уағдаласушы Тараптардың заңдарына сәйкес аударылатын сомалардан салықтар, алымдар және ұстап қалулар жүргiзу;
      - кредиторлардың заңды құқықтарын қорғау немесе сот талқылауы кезiнде шығарылған шешiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету.
      Осы бапта аталған ресiмдер әдiл және кемсiтпейтiн болуы керек.
      Осы Келiсiмде аударулар:
      - бастапқы инвестицияланған капитал, сондай-ақ инвестицияларды қолдау және кеңейту үшiн қолданылатын кез келген қосымша шетелдiк капиталды;
      - пайданы;
      - осы Келiсiмнiң 5-бабына сәйкес өтемақының;
      - инвестициялық дауларды шешу кезiнде туындайтын төлемдердi;
      - кредиттiк келiсiмге сәйкес төлемдердi, сондай-ақ парасат және кәсiпорындық меншiкке құқығымен байланысты сыйақыларды, басқару, техникалық және сервистiк қызмет көрсету бойынша төленетiн ақыны;
      - инвестицияларға байланысты қызметтi жүзеге асыратын басқа Уағдаласушы Тараптың жеке тұлғаларына еңбегi үшiн тұрақты негiзде төленетiн ақыны;
      - түсiм құзыреттi органдардың рұқсатымен ғана еркiн аударылатын

болса, инвестицияларды түгелдей немесе iшiнара сатудан немесе
таратудан түскен түсiмдердi қамтиды.
     2. Аударымдар ешқандай кiдiрiссiз, аударым жасалған күнi
қолданылатын бағам бойынша еркiн айналыстағы валютамен жүзеге
асырылады.
     "Ешқандай кiдiрiссiз аударым" деп аударымға байланысты
қалыптасқан қызметтердi орындауға қажеттi қалыпты уақыт iшiнде жүзеге
асырылатын аударымдарды есептейдi.

                                8-бап

                             Суброгация



      1. Уағдаласушы Тарап немесе оның делдалы өздерiнiң төл инвесторларына төленетiн төлемдердi басқа Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестицияларға байланысты өзi берген кепiлге сәйкес төлесе, соңғы Уағдаласушы Тарап:
      а) не осы елдiң заңды бойынша немесе заңды келiсiмге сәйкес инвестордың қандай да болсын құқығының яки бiрiншi Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындаған делдалға талап қою құқығының берiлуiн, сонымен бiрге
      б) бiрiншi Уағдаласушы Тарап суброгация нәтижесiнде осы инвестордың құқықтарын пайдалану және талап қою құқығын алғанын таниды және осы инвестицияларға байланысты өзiне мiндеттемелер алады.
      2. Суброгация нәтижесiнде алынған құқықтар немесе талаптар инвестордың құқықтары мен талаптары шеңберiнен шықпайтын болады.
                                9-бап




             Уағдаласушы Тарап пен басқа Уағдаласушы Тарап
            инвесторының арасындағы дауларды ретке келтiру

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы мен басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасында Уағдаласушы Тараптардың соңғысының аумағындағы инвестицияларға байланысты туындауы мүмкiн кез-келген дау Уағдаласушы Тараптар арасында келiссөздер жүргiзудiң негiзi болады.
      2. Егер бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы мен басқа Уағдаласушы Тарап арасындағы қандай да болсын дау жазбаша талап берiлген күннен бастап алты айдың iшiнде осындай жолмен шешiлмейтiн болса, инвестор ол iстi:
      а) аумағында инвестиция жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптың сот органының қарауына, немесе
      б) 1965 жылдың 18 наурызында Вашингтонда, Колумбия округiнде қол қою үшiн ашылған Мемлекеттер мен басқа Мемлекеттердiң азаматтары арасындағы Инвестициялық Дауларды шешу туралы Конвенцияның тиiстi шарттарын ескере отырып, Уағдаласушы Тараптың екеуi де осы Конвенцияның қатысушылары болған жағдайда Инвестициялық Дауларды Шешу жөнiндегi Халықаралық орталыққа (IСSID), немесе
      в) төрешiге немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Сауда Құқығы жөнiндегi комиссиясының (UNCITRAL) Төрелiк Ережелерiне сәйкес құрылған халықаралық ad hoc төрелiк сотына беру құқығын алады. Дауласушы тараптар бұл Ережелердi жазбаша өзгертуге келiсуi мүмкiн. Төрелiк шешiмдер түпкiлiктi және дауласушы Тараптардың екеуi үшiн де мiндеттi болады.

                                10-бап

                    Уағдаласушы Тараптар арасындағы
                             дауларды шешу

      1. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келiсiмдi пайымдауға немесе қолдануға қатысты даулар, егер бұл мүмкiн болса өзара консультациялар және келiсiмдер арқылы шешiледi.
      2. Егер мұндай дау ол басталғаннан кейiнгi алты айдың iшiнде осындай жолмен шешiлмейтiн болса, ол кез-келген Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi бойынша осы баптың ережелерiне сәйкес Төрелiк Сотқа берiледi.
      3. Төрелiк Сот әрбiр жеке жағдайға арналып былайша құрылады: төрелiк шешiм туралы жазбаша өтiнiш алынғаннан кейiнгi екi айдың iшiнде Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы осы Соттың бiр-бiр мүшесiн тағайындайды. Содан соң осы екi мүше үшiншi мемлекеттiң азаматын сайлайды, ол Уағдаласушы Тараптар мақұлдағаннан кейiн Соттың Төрағасы (бұдан әрi - "Төраға") болып тағайындалады. Төраға басқа екi мүше тағайындалған күннен бастап үш айдың iшiнде тағайындалады.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында айқындалған қандай да болсын кезеңдердiң iшiнде қажеттi тағайындаулар жасалмаса, кез-келген Уағдаласушы Тарап, басқалай уағдаласу болмаған жағдайда, қажеттi тағайындаулар жасау үшiн БҰҰ Халықаралық Сотының төрағасын шақыра алады. Егер оны қандай да болсын Уағдаласушы Тараптың азаматты екенi анықталса немесе егер басқа бiр себептер оған аталған қызметтi орындауға кедергi келтiрсе, қажеттi тағайындаулар жасау үшiн Төрағаның орынбасары шақырылады. Егер Төрағаның Орынбасары да қандай да болсын Уағдаласушы Тараптың азаматы екенi анықталса немесе аталған қызметтi орындай алмаса, Уағдаласушы Тараптардың қандайының болсын азаматтығын алмаған БҰҰ Халықаралық Сотының үлкендiгi жағынан келесi мүшесi қажеттi тағайындаулар жасауға шақырылады және ол аталған қызметтi кедергiсiз атқара алады.
      5. Төрелiк Сот өз шешiмдерiне көпшiлiк дауыс арқылы қол

жеткiзедi. Мұндай шешiмдер әрбiр Уағдаласушы Тарап үшiн мiндеттi
болады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап соттағы өз мүшелерiне және төрелiк
сот өндiрiсiндегi өз өкiлдiгiне қатысты шығындарды көтерiп алады;
төрағаға қатысты шығындарды және басқа да шығындарды Уағдаласушы
Тараптардың екеуi тең бөлiп көтередi. Төрелiк Сот өзiнiң төл рәсiмiн
айқындайды және өзiнiң шешiмi арқылы Уағдаласушы Тараптардың қайсысы
шығындардың басым бөлiгiн көтеретiнiн айқындайды.

                               11-бап

                     Басқа ережелер мен арнаулы
                     мiндеттемелердiң қолданылуы



      1. Егер мәселе бiр мезгiлде осы Келiсiм арқылы және Уағдаласушы Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық Келiсiм арқылы реттелетiн болса, осы Келiсiмде ешнәрсе де Уағдаласушы Тараптардың немесе олардың басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын кез-келген инвесторларының олардың жағдайына қатысты неғұрлым қолайлы болып табылатын ережелердiң артықшылықтарын пайдалануына кеселдiк жасамайды.
      2. Егер бiр Уағдаласушы Мемлекет өзiнiң заңдары мен ережелерiне немесе келiсiм шарттардың басқа да арнаулы ережелерiне сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына жасауға тиiстi жағдай осы Келiсiмге жасалатын жағдайға қарағанда неғұрлым қолайлы болса, жағдайдың неғұрлым қолайлысы жасалады.

                                12-бап

                  Келiсiмнiң күшiне енуi, өзгертулер
                        мен толықтырулар енгiзу

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңдарында халықаралық келiсiмдердiң күшiне енуiне қатысты көзделген мемлекеттiк iшкi рәсiмдердiң орындалғаны туралы хабарлайтын ноталар алмасады.
      Соңғы нотаны алған күн осы Келiсiмнiң күшiне ену күнi болып табылады.
      2. Осы Келiсiм он (10) жыл бойы күшiнде болады және осы баптың 6-тармағына сәйкес оның күшi жойылғанға дейiн күшiнде бола бередi.
      3. Осы Келiсiмнiң шарттары оның күшiне ену сәтiнен бастап 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады.
      4. Осы Келiсiмнiң қолданылу күшi тоқтатылғанға дейiн жасалған инвестицияларға қатысты осы Келiсiмнiң барлық алдыңғы баптарының шарттары оның қолданылу күшi тоқтатылған күннен бастап он (10) жыл бойы күшiнде қала бередi.
      5. Тараптардың арасындағы жазбаша келiсiм бойынша осы Келiсiмге өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Егер Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк iшкi рәсiмдердiң орындалғаны туралы орындалғанын басқа Уағдаласушы Тарапқа хабарласа, кез-келген түзету күшiне енуi тиiс.
      6. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы басқа Уағдаласушы Тарапқа осы Келiсiмнiң күшiнде болу мерзiмi аяқталудан бiр жыл бұрын алғашқы тоғыз жыл өткен соң немесе бұдан кейiнгi кез-келген уақытта жазбаша хабарлауына болады.

     Осыны куәландыра отырып, төменде қол қойған тиiсiнше өкiлеттi
өкiлдер осы Келiсiмге қол қойды.

     Баку қаласында 1996 жылғы 16 қыркүйекте әрқайсысы қазақ,
әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде iс жүзiнде екi дана етiп жасалды, бұл
ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
     Осы Келiсiмнiң ережелерiн пайымдауда үйлеспеушiлiк болған
жағдайда орыс тiлiндегi мәтiн анықтамалық болып табылады.

     Қазақстан Республикасының          Әзiрбайжан Республикасының
         Үкiметi үшiн                          Үкiметi үшiн
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады