Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне (жалпы бөлiм) және "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiн (жалпы бөлiм) күшiне енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1998 жылғы 2 наурыз N 211

      Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн: 
      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi 1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiне  (жалпы бөлiм) (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24 (қосымша); 1995 ж., N 15-16, 109-құжат; N 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 2, 187-құжат; N 14, 274-құжат; N 19, 370-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 5, 55-құжат; N 12, 183, 184-құжат; 1997 жылғы 9 шiлдеде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 1997 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңы; 1997 жылғы 17 шiлдеде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының банк қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 1997 жылғы 11 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн: 
      1) 3-баптың 1,2,3 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын: 
      "1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң қаулыларынан (заң актiлерiнен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1,2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларынан тұрады. 
      2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады. 
      3. Банктердi құруға, қайта ұйымдастыруға, олардың банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылауға және оны аудиторлық тексеруге, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға байланысты қатынастар банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi. 
      Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi."; 
      "5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады."; 
      2) 21-баптың 4-тармағында: 
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: 
      "2) екiншi кезекте қамтамасыз ету сомасы шегiнде, жеке кәсiпкерге тиесiлi мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылады;"; 
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: 
      "4) төртiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстеп жүрген тұлғалардың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiндегi есеп айырысулар жүргiзiледi;"; 
      3) 34-баптың 2-тармағы "нысандарында" деген сөзден кейiн "ғана" деген сөзбен толықтырылсын. 
      4) 35-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: 
      "1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн. 
      Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн. 
      Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады."; 
      5) 37-бапта: 
      1-тармақ "арқылы" деген сөзден кейiн "ғана" деген сөзбен толықтырылсын; 
      2-тармақ алып тасталсын; 
      3-тармақ 2-тармақ болып есептелсiн; 
      6) 38-баптың 2-тармағының бiрiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын: 
      "2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тiркелгеннен кейiн оның фирмалық атауы болып табылады. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атауымен заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi."; 
      7) 39-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын: 
      "3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынаста заңды тұлға өзiнiң нақты мекен-жайының бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайға сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Бұл орайда үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайына да, нақты мекен-жайына да почталық және өзге де хат-хабарлар жiберуге құқылы,"; 
      8) 41-бапта: 
      1-тармақтағы "тек құрылтай шарты" деген сөздер алып тасталсын; 
      3-тармақтың екiншi абзацы мына редакцияда жазылсын: 
      "Шаруашылық серiктестiгi мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн."; 
      мынадай мазмұндағы 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын: 
      "6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда: 
      1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының; 
      2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс. 
      7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы."; 
      9) 42-баптың 4-тармағында "және оларды құрған заңды тұлғаның жарғысында көрсетiлуге тиiс" деген сөздер алып тасталсын; 
      10) 44-бапта: 
      1-тармақтың екiншi абзацындағы "меншiк иесi қаржыландырылатын" деген сөздер алып тасталсын; 
      2,3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын: 
      "2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды. 
      3. Егер заңды тұлғаның бан