Қазақстан Республикасының Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 15 желтоқсандағы N 317-I Заңы.

      Қазақстан Республикасы 1951 жылғы 28 шілдеде қабылданған Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және 1967 жылғы 31 қаңтарда қабылданған Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылсын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
 

      

Босқындардың жағдайы туралы Конвенция
(Женева, 28 шілде 1951 ж.)

      (1999 жылғы 15 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

Кіріспе

      Жоғарғы мәртебелі келісім жасап жатқан Тараптар
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және Бас Ассемблея 1948 жылғы 10 желтоқсанында қабылдаған Дүниежүзілік декларациясының бекіткен барлық адамның алаланбастан негізгі құқықтар мен бостандыққа ие екендігі туралы ұстанымын ескере отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар тағдырына өзінің терең алаңдаушылығын әлденеше рет танытқанын және босқындардың аталған құқықтар мен бостандықты кеңінен пайдалануы үшін барынша күш салғанын ескере отырып,
      бұрын жасалған босқындардың ахуалы туралы халықаралық келісімдерді қайта қарау қажеттілігін және жаңа келісімдер жасау арқылы олардың қолданыс аясын кеңейту қажеттігін ескере отырып,
      босқындарға бассауға берудің кейбір мемлекеттерге ауыр салмақ салатынын және Біріккен Ұлттар Ұйымының мойындаған халықаралық көлемдегі мәселелердің шешілуі халықаралық ынтымақтастықсыз жүзеге асырылмайтынын ескере отырып,
      барлық мемлекеттер босқындардың мәселесінің әлеуметтік және гуманитарлық сипатын мойындай отырып, осы мәселе бойынша мемлекетаралық қақтығыстарды болдырмауға шара қолдануын қалай білдіре отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар мәселесі бойынша Жоғарғы комиссарына босқындарды қорғау туралы халықаралық конвенцияларының орындалуын қадағалау тапсырылғандығын атай отырып және аталмыш мәселені шешу шараларының тиімділігі мемлекеттердің Жоғарғы комиссармен әрекеттестігіне байланысты екендігін құптай отырып;
      төмендегі келісімді жасады:

I Тарау
Жалпы ережелер
1 Бап
"Босқын" сөзінің анықтамасы

      А. Осы Конвенцияда "босқын" терминінің мағынасы былай қарастырылады:
      1) 1926 жылғы 12 мамырдағы және 1928 жылғы 30 маусымдағы келісімдердің аясында, 1939 жылғы 14 қыркүйектегі Хатама немесе Босқындар мәселесі бойынша Халықаралық ұйымның Жарғысының аясында;
      Босқындар мәселесі бойынша Халықаралық ұйымның әрекет ету кезіндегі шығарылған босқын ретінде мойындамау туралы қаулылар осы бөлімнің 2 тармағы бойынша босқын ретінде танылған тұлғаның осы мәртебеге ие болуына кедергі бола алмайды;
      2) 1951 жылдың 1 қаңтарына дейін орын алған оқиғалардың себебінен және нәсілдік, діни, азаматтық, әлеуметтік, саяси қудалаудың құрбаны болу қаупінің себебінен өзінің азаматтығы бар мемлекеттен өзге мемлекетте жүріп өзінің құқықтарын пайдалана алмай жүрген және аталған қауіптердің себебінен орналасқан мемлекетте құқықтарды пайдалануға мүмкіндігі жоқ немесе құқықтарды пайдалануға ықылассыз; немесе нақты азаматтығы болмай, жоғарыдағы аталған себептерге байланысты өзінің тұрғылықты мекенінен жат елде жүріп, өз еліне қайтуына мүмкіндігі болмаған немесе қайтуға ықылассыз тұлғалар;
      Бір адам бірнеше мемлекеттің азаматтығына ие болса, "өзінің азаматтығы бар мемлекет" тіркесі – оның азаматтық алған кез-келген мемлекетін білдіреді, және мұндай тұлға азаматтығы бар қандай да бір мемлекетте негізді қауіптердің себебінен сол елдің панасын сұрамаса, өзінің мемлекетінің азаматтығынан айрылмайды
      В. 1) Осы Конвенцияның 1 Бабының А бөліміндегі "1951 жылдың 1 қаңтарына дейін орын алған оқиғалар" мынаны білдіреді: а) "1951 жылғы 1 қаңтарға дейін Еуропада орын алған оқиғалар"; немесе b) "Еуропада немесе басқа елдерде 1951 жылдың 1 қаңтарына дейінгі орын алған оқиғалар", және әрбір Келісім жасап жатқан Мемлекет қол қою, бекіту немесе бірігу кезінде осы Конвенция негізінде дәл қай мағынадағы жауапкершілікті мойнына алатынын нақтылап көрсетуі керек.
      2) Кез-келген Келісім жасап жатқан а мағынасындағы жауапкершілікті мойнана алған Мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын хабардар ету арқылы b мағынасындағы жауапкершілікті мойнына ала алады.
      С. Осы Конвенцияның ережелері А бөлімінің түсініктемесіне жататын тұлғаға төмендегі жағдайлар орын алғанда жүрмейді:
      1) азаматтығы қай елге қатысты болса, сол елдің қорғанышын өз еркімен қайта қабылдаған болса;
      2) өзінің азаматтығынан айрылғаннан кейін, өз еркімен оны қайта алған болса; немесе
      3) жаңа азаматтық алып, сол алған елінің азаматтығының қорғанышын қабылдаса; немесе
      4) өз еркімен тастап кеткен немесе қудалау қаупінің себебінен шығып кеткен еліне өз еркімен қайтып келіп орналасса; немесе
      5) азаматтығы бар өз елінің қорғанышынан бас тарта алмайтын болса, немесе босқын ретінде тануға негіздемелер бұдан былай күшінде болмаса.
      Осы тармақтың күші өзінің бұрынғы мекеніне қайтып оралудан бас тартуға жеткілікті негіз болатын дәлелдер келтіре алған босқындарға А бөлімінің 1 тармағының анықтамасына жататын босқындарға жүрмейді.
      D. Осы Конвенцияның күші Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар мәселесі бойынша Жоғарғы Комиссарынан басқа ұйымдардың немесе мекемелердің қорғанындағы тұлғаларға жүрмейді.
      Олар қандай да бір себептерге байланысты аталмыш ұйымдардың қорғанынан шығып қалса немесе көмегінен айрылса, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қабылдаған қарарларына орай реттелгенше осы Конвенцияның аясындағы құқықтарға автоматты түрде ие болады.
      Е. Осы Конвенцияның күші сол елдің құзырлы органдары азаматтығына байланысты құқықтары мен міндеттерін мойындаған тұлғаларға жүрмейді.
      F. Осы Конвенцияның күші мына жағдайлар орын алғаны негізді түрде ұйғарылған тұлғаларға жүрмейді:
      а) егер ол бейбітшілікке қарсы қылмыс жасаған болса, әскери қылмыс жасаған болса, және осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында шығарылған халықаралық актілерде көрсетілген мағынадағы адамзатқа қарсы қылмыс жасаған болса;
      b) бассауға берген мемлекеттің тысында саяси сипаты жоқ қылмыс жасаған болса, және сол қылмысты сол елге босқын ретінде жіберілгенге дейін жасаған болса;
      с) Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен ұстанымдарына қайшы әрекеттерге себеп болса.

2 Бап
Жалпы міндеттемелер

      Әр босқынның мекендеген жеріне қатысты міндетті түрде ұстануы тиіс заңдар мен үкімдерге, қоғамдық тәртіпті ұстап тұруға қажетті шараларға бағынуға міндеттейтін міндеттемелері бар.

3 Бап
Кемсітушілікке жол бермеу

      Келісуші Мемлекеттер осы Босқындарға қатысты Конвенцияның ережелерін нәсілдік, діни немесе ұлттық алалаусыз қабылдайды.

4 Бап
Діни нанымдар

      Келісуші Мемлекеттер өз аймағындағы босқындарға діни еркіндікке және өз балаларына діни тәрбиеге қатысты өз азаматтарына жасаған жағдайды да босқындарға жасайды.

5 Бап
Осы Конвенция ережелерінен тыс құқықтар

      Осы Конвенциядағы ережелерге қарамастан, осы Конвенция Келісуші Мемлекеттер беретін құқықтар мен артықшылықтар арқылы ешқандай құқықтарды бұзбайды.

6 Бап
"Ұқсас жағдайларда" тіркесі

      Конвенциядағы "сол жағдайларда" тіркесі егер босқын босқын емес, қарапайым жеке тұлға болған жағдайда орындауға міндетті талаптарды білдіреді (оның ішінде мемлекетте тұрақтау және өмір сүру мерзімдері мен шарттарына байланысты талаптарды қосқанда), алайда мұның ішіне босқын орындауға мүмкіндігі жетпейтін талаптар жатпайды.

7 Бап
Өзаралық принципін алып тастау

      1. Осы Конвенцияның негізінде құқықтық жағдай жасалғаннан басқа жағдайда Келісуші Мемлекет босқындарға шетелдіктерге жасалатын құқықтық жағдай жасайды.
      2. Келісуші Мемлекеттің аймағында үш жылдан аса уақыт тұрғаннан кейін, кез-келген босқын заңнамалық тұрғыда бекітілген өзаралық принципі талаптарынан босатылады.
      3. Әрбір Келісуші Мемлекет алдағы уақытта да босқындарға осы Конвенция күшіне енген күннен бастап берілген құқықтар мен артықшылықтарды ешқандай өзаралық принципінсіз береді.
      4. Келісуші Мемлекеттер ешқандай өзаралық принципінсіз,босқындарға берілетін 2 және 3 тармақтарда көрсетілген тиісті құқықтар мен артықшылықтарға және аталмыш тармақтарда көрсетілген өзаралық принципінен босатылуына ниеттестікпен қарайды,
      5. 2 және 3 тармақтарындағы ережелер осы Конвенцияның 13, 18, 19, 21 және 22 Баптарында аталған құқықтар мен артықшылықтарға, сондай-ақ оларда қарастырылмаған басқа да құқықтар мен артықшылықтарға қатысты қолданылады.

8 Бап
Төтенше шараларды алып тастау

      Келісуші Мемлекеттер Шетелдік азаматтардың мүлкі мен мүдделеріне қатысты қолданылатын төтенше шараларды мекендеп жатқан мемлекетінің азаматтығының негізінде өмір сүріп жатқан босқындарға қатысты қолданбайды. Заңнамасында осы тармақтағы жалпылық принципін қолдануды рұқсат етпеген жағдайда, Келісуші Мемлекеттер сол тармақтарды осындай босқындардың мүддесі үшін тиісті жағдайларда алып тастап отырады.

9 Бап
Уақытша шаралар

      Осы Конвенциядағы ешбір ереже соғыс кезінде немесе басқа да төтенше және айрықша жағдайлар кезіндегі мемлекеттік қауіпсіздіктің мүддесінде қандай да тұлғаны босқын ретінде Келісуші Мемлекет анықтағанға дейін қабылдайтын уақытша шараларды орындау құқығынан Келісуші Мемлекетті айырмайды.

10 Бап
Үздіксіз мекендеу

      1. Егер босқын екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Келісуші Мемлекеттердің бірінің аймағына жер аударылып жіберілген болса, және ол сол жерде мекен етіп жатса, онда сондай мекен ету мерзімі аталмыш аймақтағы заңды өмір сүру уақыты болып саналады.
      2. Егер босқын екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Келісуші Мемлекеттердің бірінің аймағынан жер аударылған болса, және осы Конвенцияның күшіне енгенге дейін сол жерге тұрақты мекендеуге қайтып оралған болса, онда мұндай жер аударуға дейінгі және кейінгі мерзім бір үздіксіз мекендеу мерзімі болып саналады.

11 Бап
Босқын-теңізшілер

      Егер босқын ретінде танылған тұлға Келісуші Мемлекеттердің бірінің туымен теңізде жүзуші кемелердің бірінде қызмет етіп жүрсе, онда сол мемлекет аталмыш тұлғалардың өз аймағында еркін қозғалуына мүмкіндік береді және оған жүріс құжаттарын алуына және өз аймағына оңайлықпен уақытша кіріп-шығуы үшін жүріс құжаттарын алуына мүмкіндік береді.

II Тарау
Құқықтық мәртебе
12 Бап
Жеке статус

      1. Босқынның жеке статусы оның домицилінің елінің заңдарымен анықталады немесе ол болмаса, тұрғылықты елінің заңдары арқылы анықталады.
      2. Босқындардың осыған дейін ие болған жеке статусына қатысты құқықтары, айрықша некесіне қатысты құқықтары, нақты тұлға босқын болып табылмаған жағдайдағы сақталатын құқықтардың бірі болған жағдайда, аталмыш құқықтар Келісуші Мемлекеттердің тарапынан сақталады.

13 Бап
Жылжымалы және жылжымайтын мүлік

      Келісуші Мемлекеттер босқындарға Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып еркәсалу, жалдау және басқа да әрекеттерге қатысты мәселеде шетелдіктерге беретін құқықтардан да қолайлы барлық құқықтар береді.

14 Бап
Авторлық және өнеркәсіптік құқықтар

      Өнеркәсіптік құқықтарға қатысты: яғни өнертапқыштыққа, сызбаларға, модельдерге, сауда белгілеріне, фирма атауларына, әдеби, көркем, ғылыми шығармаларға қатысты құқықтарға келсек, босқындар мекендеген жердегі өз азаматына берілетін құқықтар босқындарға да беріледі. Кез-келген Келісуші Мемлекеттің аймағында оларға сол мемлекеттің азаматтарына берілетін қорғаныштар босқындарға да беріледі.

15 Бап
Қауымдастық құру құқығы

      Келісуші Мемлекеттер Сипаты саяси болмаған және пайда табуды көздемеген қауымдастықтар мен кәсіптік одақтарды құруға байланысты өз елдеріндегі ұқсас жағдайлардағы шетелдік азаматтарға берген құқықтарға тең құқықтар береді.

16 Бап
Сотқа шағымдану құқығы

      1. Әрбір босқын барлық Келісуші Мемлекеттің аймағында сотқа шағымдану құқығына ие.
      2. Өзінің тұрғылықты мекендейтін Келісуші Мемлекеттік аймағында әрбір босқын заңгерлік көмек және сот шығындарын өтеу (cautio judicatum solvi) мәселесі бойынша сол ел азаматтарының құқықтарымен тең құқықтарға ие.
      3. 2 тармақтағы мәселелер бойынша өзінің тұрғылықты мекенінен басқа мемлекеттерде сол ел азаматтарының мәртебесіне тең құқықтар беріледі.

III Тарау
Табыс әкелетін кәсіптер
17 Бап
Жалдамалы жұмыс

      1. Келісуші Мемлекеттер өз елінде заңды мекендеуші босқындарға жалдамалы жұмыс бойынша шетелдік азаматтарға берілетін құқықтарға тең құқықтар береді.
      2. Қандай жағдайда да, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жасалған шетелдіктерге және олардың жалдамалы еңбегіне қатысты жасалатын Конвенцияның күшіне ену кезінде босқындарға жүрмеген шектеуші шаралар босқындарға жүрмейді немесе төмендегі шарттардың бірі орындалса, босқындарға аталмыш шаралар жүрмейді:
      а) егер босқын сол мемлекет аумағында үш жылдан аса уақыт мекендесе;
      b) тұрғылықты мемлекетте ерлі-зайыптының бірінің азаматтығы болса. Босқын отбасын тастап кеткен болса, бұл қаулыны негіз қыла алмайды;
      с) Босқындардың балаларының бірінің немесе бірнешеуінің сол елде азаматтығы болса.
      3. Келісуші Мемлекеттер барлық босқындарының жалдамалы жұмыс бойынша құқықтарын басқа азаматтармен теңестіруіне жағдай жасайды, әсіресе жұмыс күшін жалдау немесе иммиграция жоспарларына сәйкес сол елдің аймағына келген босқындарға байланысты олардың жалдамалы жұмыс бойынша құқықтарын сол елдің басқа азаматтарымен теңестіруге жағдай жасайды.

18 Бап
Өз кәсіпорнында жұмыс

      Келісуші Мемлекеттер сол елдердің аймағында мекендеуші босқындарға жеке ауылшаруашылық кәсібімен, өнеркәсіппен, қолөнермен және саудамен айналысуына және өзінің жеке сауда және өнеркәсіптік серіктестіктерін құруына шетелдіктерге жасайтын жағдайдан төмен емес жағдай жасайды,

19 Бап
Тәуелсіз мамандықтар

      1. Әрбір Келісуші Мемлекет өз елінде заңды тұрып жатқан және осы мемлекеттің құзырлы органдары растаған дипломы бар, тәуелсіз мамандықтармен айналысуға ниетті босқындарға осындай жағдайлардағы шетелдіктерге жасайтын жағдайлардан артық болмаса, кем емес жағдай жасайды.
      2. Келісуші Мемлекеттер өз заңдары мен конституциясының мүмкіндік берген шегінде осындай босқындарды халықаралық қарым-қатынасына жауапты метрополиялық аймақтардан тыс жерлерге орналастыруға қажетті барлық шараларды жасайды.

IV Тарау
Әлеуметтік қамқоршылық
20 Бап
Паектік жүйе

      Тапшы өнімдерді таратуды реттейтін міндетті паектік жүйе жүріп тұрған елде босқындар сол елдің басқа азаматтарымен бірдей жағдайға ие болады.

21 Бап
Тұрғын үй мәселесі

      Тұрғын үй мәселесі заңдармен және өкімдермен реттелетіндіктен немесе қоғамдық бақылаудың назарында болғандықтан, Келісуші Мемлекеттер өз аймақтарында заңды мекен ететін босқындарға ұқсас жағдайлардағы шетелдіктерге жасайтын жағдайлардан артық болмаса, кем емес жағдай жасайды.

22 Бап
Жалпы білім

      1. Бастауыш білім мәселесі бойынша Келісуші Мемлекеттер азаматтарына жасайтын құқықтық жағдайларды босқындарға да жасайды.
      2. Бастауыш білімнен басқа да жалпы білім мәселелеріне қатысты, әсіресе оқу, шетел аттестатын, дипломдарын және дәрежелерін қабыладау, оқу ақысын төлеуден босату, сондай-ақ шәкіртақы ұсыну мәселелеріне орай, Келісуші Мемлекет босқындарға ұқсас жағдайлардағы шетелдіктерге жасайтын жағдайлардан артық болмаса, кем емес жағдай жасайды.

23 Бап
Үкіметтік көмек

      Келісуші Мемлекеттер өз аймағында заңды мекен етуші босқындарға үкіметтік көмек және қолдау мәселесі бойынша өз азаматтарының құқықтық жағдайындай жағдай жасайды.

24 Бап
Еңбек заңнамасы және әлеуметтік қамсыздандыру

      1. Келісуші Мемлекеттер өз аймақтарында заңды тұрып жатқан босқындарға төмендегі мәселелер бойынша өз азаматтарына жасаған жағдаймен тең жағдай жасайды:
      а) еңбекке сыйақы төлеу, еңбек сыйақысының ішіне отбасына жәрдемақы төлеу кіретін болса, оны төлеу, еңбек күнінің ұзақтығы үшін ақы төлеу, қосымша еңбекке ақы төлеу, еңбек демалысына ақы төлеу, үйде жұмыс жасау, жалданушының, үйренушінің, кәсіптік дайындықтан өтушінің жасы бойынша, әйел және жасөспірімдер еңбегі, ұжымдық келісім-шарттардың артықшылығын пайдалану бойынша шектемелер (бұлардың барлығы заңдар мен өкімдер арқылы реттеледі немесе әкімшілік билік тарапынан бақыланатындықтан);
      b) әлеуметтік қамсыздандыру (жұмыс кезіндегі жазатайым жағдайларға, кәсіптік науқастарға, бала тууға, ауруларға, мүгедектікке, қарттыққа, өлімге, жұмыссыздыққа, отбасы мүшелерінің алдындағы міндеттемелерге және ішкі заңдар мен өкімдерге сәйкес әлеуметтік қамсыздандыруға жататын заңнамалық ережелер), алайда төмендегі шектемелерімен:
      i) берілген құқықтар мен берілу барысындағы құқықтардың сақталу тәртібі бар болса;
      ii) Мемлекеттің заңдары мен өкімдері түгелімен мемлекеттік қаржыдан бөлінетін толық немесе жартылай жәрдемақыны берудің және толыққанды зейнетақыны алуға қатысты шарттардың барлығын қанағаттандырмайтын тұлғаларға арналған жәрдемақыны берудің арнайы тәртібін енгізген болса;
      2. Босқынның жұмыс кезіндегі жазатайым жағдай немесе кәсіптік ауру салдарынан қайтыс болуына төленетін өтемақы құқығын алуға өтемақы алушының Келісуші Мемлекеттердің бірінде тұрмауы кедергі бола алмайды.
      3. Келісуші Мемлекеттер өзара жасалған немесе келешекте жасалуы мүмкін келіссөздердің аясында босқындарға ұсынылған және ұсынылу барысындағы құқықтардан тарайтын артықшылықтарды өз азаматтарына қолданылатын шарттарды сақтай отырып береді.
      4. Келісуші Мемлекеттер арасында және келісім-шартқа қатыспаған мемлекеттер арасында күшінде тұрған аталмыш келіссөздердің аясында таралатын артықшылықтарды ұсыну мәселелеріне мүмкіндігінше ниеттестікпен қарайды.

V Тарау
Әкімшілік шаралар
25 Бап
Әкімшілік ықпалдастық

      1. Егер қандай да бір құқықты пайдалану шетелдік мемлекеттің билік органдарының араласуын қажет етсе, және оған босқын хабарласа алмаса, сол босқын мекен ететін Келісуші Мемлекеттер сол мемлекеттің билігінің немесе қандай да бір халықаралық биліктің ықпалдастық етуіне барлық шараларды жасайды.
      2. 1 тармақта аталған билік немесе биліктер босқындарды шетелдіктерге берілетін құжаттармен немесе жеке куәліктерімен қай елдің азаматы болса, сол елдің мемлекеттік билігіне ықпалдастық жасау арқылы қамтиды немесе өз бақылауы арқылы қамтылуын қадағалайды.
      3. Осындай тәртіпте берілген құжаттар немесе куәліктер олар азаматы болып табылатын мемлекеттердегі билік беретін немесе сол мемлекеттердің билігінің ықпалдастығы арқылы берген шетелдіктерге арналған ресми құжаттардың орнына жүреді және жарамсыз екені дәлелденбейінше, жарамды болып табылады.
      4. Ауқатсыз тұлғаларға ұсынылатын ерекше жеңілдіктерден басқа осы бапта аталған қызметтерге төленетін ақы осы қызметтер үшін сол елдің азаматтарынан алынатын ақылармен бірдей болады.
      5. Осы Баптағы ережелер 27 және 28 Баптарындағы ережелерді қозғамайды.

26 Бап
Қозғалыс еркіндігі

      Әрбір Келісуші Мемлекет шетелдіктерге қойылатын ережелердің орындалу шартымен өз аймағында заңды мекендеп жатқан босқындарға мекен-жайды таңдау және өз аймағында еркін жүріп-тұру мүмкіндігін береді.

27 Бап
Жеке куәлік

      Келісуші Мемлекеттер өз аймағындағы жарамды жол құжаттары жоқ босқындарға жеке куәлік шығарады.

28 Бап
Жол жүру құжаттары

      1. Келісуші Мемлекеттер мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке зиян келтірмесе, өз аймағында заңды тұрып жатқан босқындарға өзінің территориясынан тыс елдерге барып-келуі үшін жол жүру құжаттарын береді; ондай құжаттарға қатысты осы Конвенция қосымшаларының ережелері қолданылады. Келісуші Мемлекеттер өз аймағындағы кез-келген босқынға осындай жол жүру құжаттарын бере алады, сондай-ақ осындай жол жүру құжаттарын өзінің заңды тұрып жатқан мемлекетінде ала алмаған босқындарға да беру мәселесіне оң көзқараспен қарайды.
      2. Келісуші Мемлекеттер бұрынғы халықаралық келісімдердің негізінде берілген жол жүру құжаттарын осы баптың негізінде берілген құжаттармен тең мойындайды және қабылдайды.

29 Бап
Салықтар

      1. Келісуші Мемлекеттер босқындарға өз азаматтарына салатын баж салықтарынан, алымдардан, салықтардан басқа немесе одан да артық салық салмайды.
      2. Алдыңғы тармақтағы ережелер шетелдіктерден жеке куәлік іспеттес әкімшілік құжаттары үшін алынатын алымдардан босқындарды босатпайды.

30 Бап
Мүлікті елден шығару

      1. Келісуші Мемлекеттер босқындарға өзімен бірге әкелген мүлкін сол мемлекеттен мекендеу құқығын берген басқа мемлекетке шығаруға өзінің заңдары мен өкімдеріне сәйкес тәртіп бойынша рұқсат береді;
      2. Келісуші Мемлекеттер босқынның мекендеу құқығын берген басқа мемлекетке мүлкін көшіруге байланысты өтінішіне ол мүлік қайда орналасқан болса да, қарсы болмайды.

31 Бап
Бассауға берген мемлекетте заңсыз жүрген босқындар

      1. Келісуші Мемлекеттер 1 Бапта көрсетілгендей тұрғылықты мекенінің өмірге және бостандығына қауіпті болуына байланысты заңсыз кірген немесе заңсыз және Келісуші Мемлекеттің тарапынан рұқсат алмай жүрген босқындарға егер олар өзінің заңсыз келу себебін уақыт өтпестен жергілікті билікке хабарлаған болса және қанағаттандырарлық түсініктеме берген болса, оларға айып төлем салмайды.
      2. Келісуші Мемлекеттер осындай босқындардың қозғалысына орынсыз шектеулер арқылы кедергі келтірмейді; алайда қажеттілікке орай қойылатын шектеулер аталмыш босқындардың статусы реттелгенше немесе басқа мемлекетке кіру рұқсатын алғанша әрекет етеді. Келісуші Мемлекеттер осындай босқындарға құқықтарды алуға немесе басқа мемлекетке кіруге қажетті жеткілікті мерзім мен барлық жағдайларды ұсынады.

32 Бап
Жер аударып жіберу

      1. Келісуші Мемлекеттер өз аймағында заңды мекендеуші босқындарды мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатынан басқа жағдайларда жер аударып жібере алмайды.
      2. Мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында босқындарды жер аударып жіберу тек сот тәртібімен іске асырылады. Мемлекеттік қауіпсіздікке байланысты себептер кедергі болмаған жағдайда, мұндай босқындарға өздерін ақтауға дәлелдер келтіруге және тиісті инстанцияларға шағымдануға, сондай-ақ сол инстанциялар бекіткен тұлғалардың алдында шағымдануға немесе өзінің өкілін жалдауға құқылы болады.
      3. Келісуші Мемлекеттер мұндай босқындарға басқа мемлекетке кіру рұқсатын алуы үшін жеткілікті мерзім береді. Келісуші Мемлекеттер осы мерзім ішінде қажетті деп тапқан шараларды қолдану құқығына ие болып қалады.

33 Бап
Босқындарды жер аударып жіберуге тыйым немесе оларды күшпен қайтару (келген елдеріне)

      1. Келісуші Мемлекеттер босқындарды олардың өміріне, еркіндігіне нәсілдік, діни, азаматтық, әлеуметтік, саяси алалаушылықтың себебінен қауіп төнген еліне жер аударуына немесе кері жіберуіне қандай жағдай болмасын тыйым салынады.
      2. Алайда, осы үкім дәйекті себептердің негізінде мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп табылған немесе аса ауыр қылмыс жасаған және мемлекетке қатерлі деп танылған тұлғаларға қолданылмайды.

34 Бап
Қоластына алу

      Келісуші Мемлекеттер босқындардың сіңісіп кетуін және азаматтық құқықтар алуын мүмкіндігінше жеңілдетеді. Әсіресе, оларды қоластына алуға байланысты құжатнама жұмыстарының жылдамдатылуына және оларға байланысты алымдар мен шығындарды барынша азайтуға қолынан келген әрекеттерді жасайды.

VI Тарау
Конвенцияны қолдануға және өтпелі кезеңге қатысты ережелер
35 Бап
Ұлттық билік пен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы ынтымақтастық

      1. Келісуші Мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар мәселесі бойынша Жоғарғы Комиссарымен немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар мәселесімен айналысатын кез-келген басқа органымен ынтымақтасуға міндетті, және айрықша осы Конвенцияның ережелерінің талаптарының орындалуына ықпалдасуға міндетті.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті органдарына баяндамалар жасауы үшін Жоғарғы Комиссарға немесе оның қызметтерін орындаушы Жоғарғы Комиссардың орнына келген кез-келген басқа органға Келісуші Мемлекеттер олар талап еткен үлгіде төмендегілер жөнінде тиісті мәліметтер мен статистикалық деректер беруге міндеттеледі:
      а) босқындардың жағдайы туралы;
      b) осы Конвенцияның жүзеге асырылуы туралы;
      с) Күшінде тұрған немесе алдағы уақытта күшіне енуі мүмкін заңдар, босқындар жөніндегі үкімдер мен декреттер туралы;

36 Бап
Ұлттық және заңнамалық актілер туралы мәліметтер

      Келісуші Мемлекеттер Біріккен ұлттар Ұйымының Бас хатшысына осы Конвенция талаптарын жүзеге асыру мақсатында шығарған заңдар мен үкімдердің мәтіндерін жеткізеді.

37 Бап
Алдыңғы Конвенциялар

      Қатысушы тараптар үшін осы Конвенция 28 баптың 2 тармағының күшін сақтай отырып, 1922 жылдың 5 шілдесіндегі, 1924 жылдың 31 мамырындағы, 1926 жылдың 12 мамырындағы, 1928 жылдың 30 маусымындағы, 1935 жылдың 30 шілдесіндегі актілерді, 1933 жылдың 28 қазанындағы және 1938 жылдың 10 ақпанындағы Конвенцияларды және 1946 жылдың 15 қазанындағы Келісімді алмастырады.

VII Тарау
Қорытынды ережелер
38 Бап
Дауларды шешу

      Осы Конвенцияның тараптарының арасында Конвенцияны түсіну немесе қолдану бойынша орын алатын ешқалай шешілуге жатпайтын барлық даулар кез-келген дауласушы тараптың талабымен Халықаралық Сотқа жіберіледі.

39 Бап
Қол қою, бекіту және біріктіру

      1. Осы Конвенция қол қоюға 1951 жылдың 28 шілдесіне дейін Женевада ашылады және одан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қорға жіберіледі. Конвенция қол қою үшін 1951 жылдың 28 шілдесінен 31 тамызына дейін ашылады және 1951 жылдың 17 қыркүйегінен 31 желтоқсанына дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде қол қою үшін қайта ашылады.
      2. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар ұйымына мүше барлық мемлекеттің атынан, сондай-ақ босқындар мен апатридтер мәселесі жөнінде өкілетті өкілдердің шақыруымен Конференцияға қатысатын кез-келген мемлекеттің немесе Бас Ассамблея ұсынған кез-келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық. Осы Конвенция бекітілуге тиіс, бұл ретте бекітетін құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға беріледі.
      3. Осы Конвенция 1951 жылдың 28 шілдесінде осы баптың 2 тармағындағы аталған мемлекеттерді қосып алу үшін ашылады. Қосып алу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына Қосып алу актісін сақтауға тапсыру арқылы жүзеге асырылады.

40 Бап
Конвенцияның аймақтық қолданысы туралы Қаулы

      1. Кез-келген мемлекет Конвенцияға қол қою және бекіту кезінде немесе оған қосылу кезінде осы Конвенцияның күшінің халықаралық қатынасына жауапты өз аймағының барлығына немесе кейбіріне жүретінін, мәлімдей алады. Мұндай мәлімдеме сол мемлекет үшін Конвенция күшіне енген уақыттан бастап заңды күшіне енеді.
      2. Басқа жағдайларда Конвенцияның осындай әрекет ету күші туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы мәлімденеді және Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы осы хабарламаны алғаннан соң тоқсаныншы күнінде немесе Конвенцияның нақты осы мемлекет үшін заңды күшіне енген уақытында өз күшіне енеді.
      3. Конвенцияға қол қою, бекіту немесе қосып алу кезінде Конвенцияның күші жүрмеген территорияларға қатысты, әрбір мүдделі мемлекет осы Конвенция күшінің таратылу территориясын кеңейтуге қажетті шараларды қарастырады және сол территориялардың үкіметтерінің келісімін алуға шаралар қолданады.

41 Бап
Федеративтік мемлекеттер туралы қаулылар

      Федеративтік немесе унитарлы емес мемлекеттерге қатысты келесі ережелер қолданылады:
      а) осы Конвенциядағы федералды заңнамалық биліктің заңнамалық құзіретіне сәйкесетін баптары бойынша, федералды үкіметтің міндеттемелері федералды емес үкіметтің міндеттемелеріне белгіленген шамада сәйкесетін болады.
      b) федерацияға кіретін және федерацияның конституциялық құрылысына сәйкес заңнамалық шаралар қабылдауға міндетті емес штаттар, провинциялар немесе кантондардың заңнамалық юрисдикциясына жататын осы Конвенцияның баптарына қатысты мәселелерде федералдық үкімет алғаш мүмкіндік болған кезде осы баптар туралы штаттар, провинциялар мен кантондардың тиісті билік органдарына жағымды пікірмен бірге қоса хабарлайды.
      с) Осы Конвенцияның тарабы болып табылатын федеративтік мемлекеттер басқа кез-келген Келісуші Мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы жіберілген талабымен федерациялардағы Конвенцияның ережелеріне сәйкес күшіндегі заңдар мен оларды қолдану тәжірибесі мен жүзеге асырылу деңгейі туралы анықтаманы ұсынады.

42 Бап
Сылтаулар

      1. Қол қою, бекіту немесе қосып алу кезінде кез-келген мемлекет Конвенцияның 1,3 және 4 баптарынан, 16 баптың 1 тармағынан, 33, 36-46 баптарынан басқа баптарына ескертпелер қосуына болады.
      2. Осы баптың 1 тармағына сәйкес ескертпе жасаған кез-келген мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын ескерту арқылы өз ескертпелерін кез-келген уақытта алып тастай алады.

43 Бап
Күшіне ену

      1. Осы Конвенция алтыншы бекітуші құжат немесе қосып алу актісі сақтауға берілгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
      2. Конвенция бекітіліп және алтыншы бекітуші құжат немесе қосып алу актісі сақтауға берілгеннен соң тоқсаныншы күні қосылған мемлекеттер үшін Конвенция сол мемлекеттің бекітуші құжаты немесе қосып алу актісі сақтауға берілгеннен соң тоқсаныншы күні күшіне енеді.

44 Бап
Бас тарту

      1. Кез-келген Келісуші Мемлекет кез-келген уақытта осы Конвенциядан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын ескерту арқылы бас тарта алады.
      2. Мұндай бас тарту тиісті мемлекет үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы ескертуді алғаннан соң бір жылдан кейін күшіне енеді.
      3. Осындай мәлімдеме жасаған және 40 Баптың негізінде ескерту жолдаған мемлекет осыдан кейін кез-келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы аталмыш ескертуді алғаннан кейін бір жылдан соң уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын ескерту арқылы Конвенцияның тиісті территорияларға жүрмейтінін хабарлай алады.

45 Бап
Қайта қарау

      1. Кез-келген Келісуші Мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын ескерту арқылы кез-келген уақытта осы Конвенцияны қайта қарауды талап ете алады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осы талап бойынша қандай да бір шаралар жасау керек болса, тиісті шараларды ұсына алады.

46 Бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы жолдайтын ескертулер

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелеріне және мүшелігінде жоқ 39 Бапта аталған мемлекеттерге:
      а) В бөлімінің 1 Бап негізінде түскен шағымдар мен ескертулер туралы;
      b) 39 Бапта қарастырылған қолдар, бекітулер және қосып алулар туралы;
      с) 40 Бапта қарастырылған шағымдар мен ескертулер туралы;
      d) 42 Бапта қарастырылған ескертпелер және ескертпелерден бас тартулар туралы;
      е) 43 Бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы;
      f) 44 Бапта қарастырылған бас тартулар мен ескертулер туралы;
      g) 45 Баптың негізінде түскен қайта қарау талаптары туралы хабарлап отырады;
      Жоғарыдағылардың куәлігі ретінде төмендегілер өкілеттілігімен осы Конвенцияны өз үкіметтерінің атынан қол қойып отыр.
      Женева қаласында мың тоғыз жүз елу бірінші жылдың жиырма сегізінші шілдесінде бір данада жасалды, ағылшын және француз мәтіндері тең; және осы нұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатына сақтауға берілді және оның куәландырылған көшірмелері Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшесіне және 39 бапта аталған мүше емес мемлекеттерге таратылады.

Босқындар мәртебесіне қатысты 1967 жылғы 31 қаңтардағы хаттама

      (1999 жылғы 15 қаңтарда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
      Осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері,
      1951 жылғы 28 шілдеде Женевада қол қойылған босқындар мәртебесіне қатысты Конвенцияның (бұдан әрі "Конвенция"), тек 1951жылғы 1 қаңтарға дейінгі оқиғалар нәтижесінде босқын болған тұлғаларға таратылатынын ескере отырып,
      Конвенцияны қабылдау уақытынан бастап босқындарға қатысты жаңа жайттардың пайда болғандығын және осыған байланысты қатысы бар босқындардың Конвенция ықпалына түспеуі мүмкін екендігін ескере отырып,
      1951жыл 1қаңтар деп көрсетілген күнге қарамастан Конвенция ұйғарымына түсетін барлық босқындардың тең мәртебені пайдалануы қажет екендігін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Жалпы ережелер

      1. Осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері төменде баяндалған ұйғарымға түсетін босқындар үшін Конвенцияның 2-34 баптарын қолдану міндеттемесін алады.
      2. Хаттама мақсаты үшін келесі тармақты қолдануға қатысты жағдайларды қоспағанда, "босқындар" термині 1 А (2)баптағы "1951 жылдың 1 қаңтарына дейін болған оқиғалар нәтижесінде..."деген сөздерді және "...осындай оқиғалар нәтижесінде" деген сөздерді алып тастау арқылы Конвенцияның 1-бабының ұйғарымына түскен кез келген тұлға дегенді білдіреді.
      3. Осы Хаттама Конвенцияның 1 В (1)(а)бабына сәйкес өтініш Конвенция қатысушысы болып табылатын мемлекеттермен жасалған жағдайды қоспағанда, қандай да бір географиялық шектеулерсіз қатысатын мемлекеттермен қолданылады, сонымен бірге Хаттама осы Хаттамаға сәйкес 1 В (2)бабы бойынша ұзартылмағанда қолданылады.

2-бап Ұлттық биліктің Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығы

      1. Осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссар Басқармасымен немесе оның қызметін орындау міндеті берілуі және ішінара осы Хаттама ережелерінің қолданылуын бақылау бойынша оның міндеттерін орындауға көмектесуі мүмкін Біріккен Ұлттар Ұйымының басқа мекемесімен қызмет етуге міндеттеледі.
      2. Жоғарғы Комиссар басқармасына немесе оның қызметін орындау міндеті берілуі мүмкін Біріккен Ұлттар Ұйымының басқа мекемесіне Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы органдарына баяндаманы таныстыру мүмкіндігін беру үшін осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері оларға тиісті үлгіде
      а) босқындардың жағдайы;
      b) осы Хаттаманың орындалуы;
      с) күші бар немесе күшіне енетін босқындарға қатысты заңдар, қаулылар және декреттер туралы сұралған мәлімет пен статистикалық мәліметтерді беруге міндеттеледі.

3-бап Ұлттық заңнама туралы мәлімет

      Осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері осы Хаттаманы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қолданатын заң мәтіндері мен қаулыларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлайды.

4-бап Дауларды шешу

      Түсіндіруге немесе қолдануға қатысты осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттері арасындағы барлық даулар басқа тәсілдермен шешілмесе, осы дауға қатысты тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша Халықаралық Сотқа жіберіледі.

5-бап Хаттамаға қосылу

      Осы Хаттама Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттер және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекет немесе Хаттамаға қосылу туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шақырту жіберген кез келген мамандандырылған мекеме немесе мемлекет мүшесі атынан қосылу үшін ашық. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтау үшін қосылу туралы актіні тапсыру арқылы жүзеге асырылады.

6-бап Федеративтік мемлекеттер туралы бап

      Федеративтік немесе біртұтас емес типтегі мемлекеттерге келесі ережелер қолданылады:
      а) осы Хаттаманың 1 бабы, 1 тармағына сәйкес қолдануға жататын және федералдық заң шығару биліктерінің қарауына түсетін Конвенция баптарына бойынша федералдық үкіметтің міндеттемелері көрсетілген шекте федеративтік мемлекеттер болып табылмайтын тараптардың міндеттемелеріне сәйкес келеді;
      b) осы Хаттаманың 1 бабы, 1 тармағына сәйкес қолдануға жататын және федерацияның конституциялық құрылысы бойынша заңнамалық шараларды қолдануы міндетті емес штаттар федерациясына, провинцияларға, кантондарға енетін, заңның қарауына түсетін Конвенция баптары бойынша федералдық үкіметтер мүмкіндік болған жағдайда осы баптарды жақсы сипатпенен штаттардың, провинциялар мен кантондардың тиісті биліктеріне жеткізеді.
      с) осы Хаттамаға қатысушы федеративтік мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының тапсыруы арқылы кез келген қатысушы мемлекеттің талап етуімен аталған ереженің өмірде қалай және қандай жолмен,заңды немесе басқа жолмен орындалғандығын көрсету арқылы осы Хаттаманың 1 бабы, 1тармағына сәйкес қолданылуы тиіс Конвенцияның кез келген ережесіне бойынша федерациядағы және оның құрамдас бөлігіндегі заң мен тәжірибе туралы анықтама береді.

7-бап Ескертпелер мен мәлімдемелер

      1. Қосылу кезінде кез келген мемлекет осы Хаттаманың 4 бабына және 3, 4, 16(1) және 33баптардағы ережелерден басқа, осы Хаттаманың 1 бабына сәйкес Конвенцияның кез келген ережесін қолдану туралы ескертпе жасауына болады, Конвенцияның қолданылуына қатысты Конвенцияға қатысушы мемлекеттің осы бап бойынша жасаған ескертпесі босқындарға таратылмайды.
      2. 42 бапқа сәйкес Конвенцияға қатысушы мемлекеттермен жасалған ескертпелер алынбаған болса, оларға осы Хаттама бойынша міндеттемелер беріледі.
      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ескертпе жасаған кез келген мемлекет осы жайтты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлау арқылы кез келген уақытта осы ескертпені алып тастай алады.
      4. Егер қосылу кезінде қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысына осы Хаттама жайында қарсылық туралы хабарлама жібермесе, Конвенцияның 40 бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес осы Хаттамаға қосылатын Конвенцияның қатысушы мемлекеттерімен жасалған мәлімдеме қолдануға жарамды деп саналады. Конвенцияның 40 бабының 2 және 3тармақтары мен 44баптың 3тармағының ережелері осы Хаттамаға қолдануға жарамды деп есептелінеді.

8-бап Күшіне ену

      1. Осы Хаттама қосылу туралы алтыншы актіні сақтау күні өз күшіне енеді.
      2. Қосылу туралы алтыншы акті сақталғаннан кейін Хаттамаға қосылған барлық мемлекеттер үшін осындай мемлекеттермен қосылу туралы өз актісін сақтау күні Хаттама күшіне енеді.

9-бап Бас тарту

      1. Хаттаманың кез келген қатысушы мемлекеті Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының атына хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта осы Хаттамадан бас тарта алады.

10-бап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы жіберген хабарлама

      Бас хатшы осы Хаттаманың жоғарыдағы баптарында аталған күшіне ену, қосылу,түсіндіру және алу және одан бас тарту туралы, сонымен бірге осыған қатысты мәлімдеме мен хабарламалар туралы барлық мемлекетке хабарлайды.

11-бап Біріккен Ұлттар Ұйымы Хатшылығының мұрағатында сақтау

      Бас Ассамблеяның Төрағасы және Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы қол қойған, тең дәрежеге барабар болып табылатын ағылшын, испан, қытай, орыс және француз мәтіндеріндегі осы Хаттаманың көшірмесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Хатшылығының мұрағатында сақталады. Бас хатшы осы Хаттаманың расталған көшірмелерін Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болатын барлық мемлекеттерге және жоғарыдағы 5бапта аталған мемлекеттерге жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады