Байланыс формасы

Байланыс туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 18 мамырдағы N 382 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 567 Заңымен

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттігін, байланыс қызметін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін анықтайды. 

  І-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Байланыстың мақсаты

      1. Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырағысыз бөлігі болып табылады және оның аумағында қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың байланыс қызметіне деген қажеттігін қанағаттандыруға арналып өзара үйлестірілген өндірістік-шаруашылық кешен ретінде жұмыс істейді. 
      2. Байланыс құралдары мен есептеу техникасы ақпаратты жинау, сұрыптау, жинақтау және тарату процесін қамтамасыз етудің техникалық базасын құрайды. 

       2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар <*>

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) телефон жалғау қызметiне ақы төлеудiң абоненттiк белгiленген жүйесi (бұдан әрi - қызметке ақы төлеудiң абоненттiк жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегі төлемдер сомасы абоненттiк желiнi, оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру ақысын және бiр абонентке шаққанда оның орташа ұзақтығына қарай жергiлiктi телефон жалғау ақысын қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесi;
      2) байланыстың ведомстволық желiлерi - телекоммуникациялардың өндiрiстiк және арнайы мұқтаждарды қамтамасыз ету үшiн құрылатын, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шыға алатын желiлерi;
      3) телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсi - Қазақстан Республикасының аумағындағы телекоммуникациялардың технологиялық жағынан септестiрiлген, орталықтандырылған басқарумен қамтамасыз етiлген желiлерiнiң кешенi;
      4) байланыстың бөлектелген желiлерi - жеке және заңды тұлғалардың пайдаланушылар шеңберiн сол желiнiң иесi белгiлейтiн, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шыға алмайтын, телекоммуникациялар желiлерi;
      5) жалпы қолжетiмдi қызметтер - кез келген пайдаланушыға көрсетiлетiн, сапасы қанағаттандырарлық бiрiншi кезекте қажеттi байланыс қызметтерi;
      6) байланыс операторы - байланыс қызметтерiн көрсетуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
      7) телекоммуникациялар желiлерiнiң күзетiлетiн аймағы - ондағы өсiмдiктерiмен және құрылыстарымен қоса алғанда, байланыс желiсiн бойлай және байланыс объектiлерiнiң айналасына орналасқан жер учаскесi;
      8) телефон жалғау қызметiне уақытына қарай ақы төлеу жүйесi (бұдан әрi - қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi төлемдер сомасы тұрақты құрамдас бөлiктен - абоненттiк желiнi, оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға бергенi үшiн төленетiн ақыдан және уақытына қарай құрамдас бөлiктен - тарифтеу бiрлiгiнiң iс жүзiндегi ұзақтығына қарай жергiлiктi телефон жалғау ақысынан тұратын ақы төлеу жүйесi;
      9) байланысты пайдаланушы - байланыс қызметiн тұтынушы, соның iшiнде байланыс операторларымен жасасатын шарттар негiзiнде тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға (абонент);
      10) почта байланысы - почта жөнелтiлiмдерiн қабылдау, сұрыптау, тасымалдау және жеткiзу, сондай-ақ ақша аудару;
      11) почта жөнелтiлiмдерi - хаттар, почта карточкалары, бандерольдер, пакеттер, посылкалар, почта  контейнерлерi, сондай-ақ тиiсiнше буылып-түйiлген баспа басылымдары;
      12) трафиктi өткiзу - байланысты пайдаланушылар (байланыс желiлерi) арасында жалғауды жолға қою мен ақпарат беру процесiн жүзеге асыру;
      13) радиожиiлiк спектрi - радиожиiлiктердiң белгiлi бiр жиынтығы;
      14) байланыс - ақпарат пен почта жөнелтiлiмдерiн қабылдау, жинау, сұрыптау, жинақтау, беру, жеткiзу және тарату;
      15) телекоммуникациялар желiсi - хабар берудiң бiр немесе бiрнеше түрiн: телефон, телеграф, факсимиле түрлерiн, деректер мен құжаттық хабардың басқа да түрлерiн берудi, телевизиялық, дыбыстық және радио мен сым-өткiзгiш арқылы хабар таратудың өзге де түрлерiн қамтамасыз ететiн технологиялық жүйелер;
      16) жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсi телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсiнiң барлық жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшiн ашық құрамдас бөлiгi;
      17) жергiлiктi телефон жалғау құнын уақытына қарай есептеу жүйесi (бұдан әрi - жергiлiктi телефон жалғауды уақытына қарай есептеу) - жергiлiктi телефон жалғауды есептеудiң жергiлiктi телекоммуникациялар желiсi қызметiн пайдаланғаны үшiн төлемдер сомасының есебiн қамтамасыз ететiн технологиялар мен тәсiлдер жиынтығы;
      18) байланыс құралдары - телекоммуникациялар хабарламаларын не почта жөнелтiлiмдерiн қалыптастыру, сұрыптау, беру немесе қабылдау үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар;
      19) телекоммуникация - көмегiмен сым-өткiзгiш, оптика, радио және басқа электромагниттiк жүйелер бойынша белгiлер, сигналдар, мәтiндер, бейнелер, дыбыстар беру немесе қабылдау жүргiзiлетiн құралдар жиынтығы;
      20) трафик - телекоммуникациялар желiлерi арқылы берiлетiн хабарламалар жиынтығы;
      21) байланыс қызметтерi почта жөнелтiлiмдерiн немесе телекоммуникациялар хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру және жеткiзу жөнiндегi қызмет. <*>
       Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.01.08. N 379   Заңымен.

       3-бап. Байланыс саласындағы заңдар

      Байланыс саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың нормаларына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

       4-бап. Байланыс саласындағы қызметтің негізгі
             принциптері

      Байланыс саласындағы қызмет:
      1) байланыс қызметін пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтау;
      2) телекоммуникациялар желілері мен құралдары арқылы хабарламалар беру еркіндігі, почта жөнелтімдерін қабылдау, жеткізу және транзиттеу еркіндігі;
      3) жеке және заңды тұлғалардың байланыс саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерін пайдалану құқықтарының теңдігі;
      4) адал бәсеке;
      5) Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай стандарттардың негізінде желілік технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, байланыстың сенімділігі мен басқарылуын қамтамасыз ету;
      6) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, дүниежүзілік байланыс жүйесіне интеграциялануға жәрдемдесу негізінде жүзеге асырылады.

  2-тарау. Байланыс саласындағы қызметті реттеу

       5-бап. Байланыс саласындағы уәкілетті орган

      1. Байланыс саласындағы қызметті реттеуді мемлекеттік орган жүзеге асырады. Уәкілетті мемлекеттік орган шығаратын нормативтiк құқықтық актiлер және оның өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдайтын шешiмдерi байланыс қызметiн көрсететiн немесе оны пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар үшiн олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан мiндеттi болып табылады. 
      2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның негiзгi мiндеттерi мыналар: 
      1) байланыс саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру және оның iске асырылуын қамтамасыз ету, байланыс саласындағы жалпы реттеу; 
      2) телекоммуникациялардың жұмыс iстеуi мен дамуын алқалық негiзде салааралық үйлестiрiп отыру; 
      3) байланыс саласындағы қызметке мемлекеттiк техникалық қадағалау мен бақылау жасауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету; 
      4) радиожиiлiк спектрiн бөлу мен пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға қатысу және оның iске асырылуын қамтамасыз ету; 
      5) байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау және радиожиiлiк спектрiн пайдалану; 
      6) байланыс қызметiн көрсету кезiнде адал бәсекелестiктi қолдау; 
      7) почта төлемiнiң мемлекеттiк таңбаларын (почта маркалары, блоктар, маркалы конверттер мен карточкалар) шығару; 
      8) байланыс саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және жобалау жұмыстарына, сондай-ақ кадрларды оқытуға, даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру. 

       6-бап. Радиожиiлiк спектрi мен байланыс жерсерiктерiнiң
             орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу

      1. Радиожиiлiк спектрi мен жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу мемлекеттiң ерекше құзыретiнде болады. 
      2. Радиожиiлiк спектрiн бөлу, сондай-ақ радиожиiлiк пен байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын мемлекет мүдделерiне тиiмдi пайдалану саласындағы саясатты жасау мен iске асыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi қамтамасыз етедi. 
      3. Шектеулi табиғи ресурс болып табылатын радиожиiлiк спектрiн пайдалану ақылы негiзде жүзеге асырылады. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн мемлекеттiк бюджетке ақы төлеудiң жылдық ставкалары, оны есептеу және төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi. 
      4. Қазақстан Республикасының аумағында радиожиiлiк спектрiн бөлу мен тиiмдi пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында байланыс саласындағы уәкiлеттi орган: 
      1) радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғыларды жобалау, салу, пайдалану және шетелдерден әкелу тәртiбi жөнiндегi; 
      2) байланыс құралдарын, соның iшiнде телерадиохабарын тарату мақсаты үшiн пайдаланылатын құралдарды және электромагниттiк сәулелену көзi болып табылатын өзге де техникалық құралдарды мiндеттi түрде тiркеу жөнiндегi; 
      3) радио бақылауын және радио қабылдауын индустриялық кедергiлерден қорғауды жүргiзу жөнiндегi, радиожиiлiк спектрiн пайдалануды мемлекеттiк техникалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi; 
      4) Халықаралық электр байланысы одағының Радио байланысы регламентiне сәйкес радиожиiлiктi халықаралық үйлестiру жөнiндегi рәсiмдердiң әзiрленуiн және орындалуын қамтамасыз етедi. 
      5. Байланыс құралдары, соның iшiнде телерадиохабарын тарату үшiн пайдаланылатындары, электромагниттiк сәулелену көздерi болып табылатын өзге де техникалық құралдар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тәртiппен мемлекеттік тiркелуге тиiс. 
      Радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды мемлекеттiк тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады. 
       Ескерту. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .  

       7-бап. Ұлттық байланыс операторы

      1. Кез келген елді мекенде кез келген пайдаланушыға жалпы жұртқа ыңғайлы байланыс қызметінің көрсетілуін қамтамасыз етуді өз міндетіне алған жалпы пайдаланыстағы байланыс желісінің операторы ұлттық байланыс операторы болып табылады. 
      2. Ұлттық оператор туралы ережені Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 

       8-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде байланыс желiлерiн
             басқару

      1. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде байланыс желiлерiн басқаруды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Үкiмет анықтайтын тiзбе бойынша мемлекеттiк органдардың байланысты басқару орталықтарымен және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен, сондай-ақ қарауында ведомстволық байланыс желiлерi бар атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасай отырып, байланыс саласындағы уәкiлетті орган жүзеге асырады. 
      2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар кезiнде мемлекеттiк органдардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, кез келген байланыс желiлерi мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар. 
      3. Байланыс желілерi мен құралдарының иелерi теңiздегi, жердегі, әуедегi, ғарыш кеңiстiгiндегi адам өмiрiнiң қауiпсiздiгіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауiпсiздiк пен құқық тәртiбiн қорғау саласында шұғыл шаралар жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға толық басымдық беруге тиiс. 
      4. Төтенше жағдайларда пайдалануға арналған байланыс пен хабарландырудың арнаулы жүйелерiн Ұстауға байланысты шараларды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi. 

       9-бап. Байланыс операторларының жедел-iздестiру
             қызметiн жүзеге асыратын органдармен өзара
             іс-қимылы

      1. Меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында iс-қимыл жасайтын байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жедел- iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желiлерiнде жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге ұйымдық және техникалық мүмкiндiктер берiлуiн қамтамасыз етуге, аталған шараларды жүргiзудiң нысандары мен әдiстерiнiң ашылуына жол бермеу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. 
      2. Байланыс құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келтiретiн қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, кез келген байланыс желiлерi мен құралдарының қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар. 

       10-бап. Байланыстың техникалық құралдарын
              сертификаттау

      1. Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген желiсiнде пайдаланылатын барлық техникалық байланыс құралдары, электромагниттiк сәулелену көздерi болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары құрылғылар, почта байланысының техникалық құралдары белгiленген стандарттарға, өзге де нормалар мен техникалық шарттарға сәйкестiгi жөнiнен мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс. 
      2. Техникалық байланыс құралдарын сертификаттау сынақтары (сертификаттау) олардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нормативтiк актiлердiң талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатымен жүзеге асырылады. 
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнде тiркелген техникалық байланыс құралдарын сертификаттау жөнiндегi органдар сертификаттау орталықтарының немесе зертханаларының сол органдар бекiтетiн бағдарламалар мен әдiстемелер бойынша жүргiзiлетiн сертификаттау рәсiмдерi аяқталғаннан кейiн белгiленген үлгiдегi сертификаттар бередi. 
      4. Байланыс саласындағы сертификаттауды жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       11-бап. Байланыс, радиожиiлiк спектрiн пайдалану
              саласындағы қызметтi лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғалардың, соның iшiнде шетелдiк тұлғалардың байланыс қызметiн көрсетуге және (немесе) радиожиiлiк спектрiн пайдалануға байланысты қызметi лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Лицензиялардың түрлерi мен қолданылу мерзiмдерi, оларды беру, олардың қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату шарттары, лицензия берудiң өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттеледi.

       12-бап. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануды
              лицензиялау ерекшелiктерi

      1. Радиожиiлiктi - ұялы, дербес байланысты пайдаланатын қызметтердi, ғаламдық жылжымалы дербес жерсерiктiк байланыс жүйесiнiң қызметтерiн, эфирлiк-кабельдiк теледидар жүйелерiн пайдаланатын теледидар бағдарламаларын бөлу бойынша қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметке лицензиялар тек конкурстық негiзде ғана берiледi. 
      2. Радиотелефон немесе радио байланысының жылжымалы желiлерiн, телекоммуникациялардың бекiтiлген желiлерiне радионың қосылуын, деректер беру желiлерiн ұйымдастыру үшiн радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) бөлу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес конкурстық негiзде жүргiзiлуi мүмкiн. 
      Байланыс саласындағы уәкiлеттi орган өткiзген конкурс қорытындылары бойынша радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) пайдалануға алған кезде жеңiмпаз Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерлерде мемлекеттiк бюджетке бiржолғы төлем енгiзедi. 
      Конкурс қорытындылары бойынша анықталған мемлекеттiк бюджетке бiржолғы төлемдi енгiзу тәртiбiн конкурстық комиссия белгiлейдi. 
      3. Конкурс немесе аукцион өткiзу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Радиожиiлiк жөнiндегi мемлекеттiк ведомствоаралық комиссиясының шешiмдерiн негiзге ала отырып, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган қабылдайды. Конкурстарға немесе аукциондарға қатысуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға және конкурс немесе аукцион өткiзу ережелерiне сәйкес келетiн, соның iшiнде тиiстi лицензиялары бар кез келген жеке және заңды тұлғалар жiберiледi. 
      4. Теледидар және дыбыс (радио хабарлары) бағдарламаларын тарату (радиожиiлiк спектрiнiң хабар беретiн техникалық құралдары мен номиналдарын пайдалану) құқығына лицензиялар жеке және заңды тұлғаларға баспасөз iстерi мен бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып берiледi. 
      Эфирлiк-кабельдiк теледидар жүйелерiн қоспағанда, радиожиiлiк номиналдарын (арналарын) теледидар мен радио хабарларының мақсатына бөлу тәртiбiн баспасөз iстерi және бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi, соның өтiнiмi бойынша есеп айырысу, радиожиiлiктi халықаралық үйлестiру мен беру жүргiзiледi. 
      4-1. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен байланыс саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттық құжаттармен расталады. 
      Бұл ретте телевизия және радио хабарларын тарататын ұйымдарға рұқсат бергенi үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады. 
      Конкурс өткiзу арқылы радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) бөлу кезiнде радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты аталған соманы мемлекеттiк бюджетке толық көлемде енгiзгенiн растайтын құжатты төлемшi табыс еткеннен кейiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бередi. 
      5. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат лицензиялардың иелерiне өтiнiш пен есеп айырысуды жүргiзу үшiн қажеттi деректер берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей берiледi. Басқа да негiзгi пайдаланушылармен немесе шектес мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) Халықаралық электр байланысы одағының Радио байланыс регламентiне сәйкес үйлестiру жүргiзiлген жағдайда өтiнiштi қарау мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бiр айдан аспауы керек, ол жөнiнде өтiнiш берушiге алдың ала жазбаша түрде хабарлануға тиiс. 
      6. Лицензиардың: 
      1) радиожиiлiк тиiстi рұқсаттарды ресiмдемей пайдаланылған; 
      2) радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн ақы төлеудi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген күннен бастап бiр айдан астам мерзiмге кешiктiрген; 
      3) лицензиат өзiне бекiтiлiп берiлген радиожиiлiктi басқа пайдаланушыға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген; 
      4) лицензиат радиоэлектрондық жабдықтарды пайдалану ережелерiн бұзып, ол кедергiлер жасауға, электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген нормаларын бұзуға әкеп соққан жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар. 
      7. Егер лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы хабар алған кезден бастап отыз күн iшiнде оның иесi тәртiп бұзушылықты жоймаса, лицензиардың лицензиатты заңдарға сәйкес жауапқа тартуға құқығы бар. 
       Ескерту. 12-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .  

       13-бап. Байланыс қызметiне тарифтер

      1. Байланыс қызметiне тарифтердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес байланыс операторлары белгiлейдi және оператор белгiлi бiр байланыс қызметтерi рыногында басым жағдайға ие болып отырса, табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган реттейдi. 
      2. Уәкiлеттi органның тізбесі бойынша шұғыл көрсетілетін жедел қызметтерді шақыруды барлық байланыс операторлары  пайдаланушылар  үшін тегін жүргізеді.
      3. Байланыс қызметiн пайдалануға арналған жеңiлдiктердi белгiлеу кезiнде толық алынбаған кiрiстi өтеудi тиiстi жеңiлдiктi белгiлеген орган жүзеге асырады.

  3-тарау. Байланыс желілері

       14-бап. Өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар
              желiлерi

      1. Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiсiн дамыту мен жетiлдiру оларды кешендi пайдалану, тиiмдiлiгiн арттыру мен тұрақты жұмыс iстеу мүддесiнде телекоммуникациялардың барлық желiлерi мен құралдарының технологиялық бiртұтастығы ескерiлiп, саланы және Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту стратегиясы негiзiнде жүзеге асырылады. 
      2. Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсi телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсiнiң құрамдас бөлiгi ретiнде Қазақстан Республикасының аумағында барлық жеке және заңды тұлғаларға байланыс қызметiн көрсетуге арналған, сондай-ақ бөлектелген және ведомстволық желiлердi қоспағанда, бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасы телекоммуникацияларының бүкiл желiсiн қамтиды. 
      3. Байланыс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiсiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мен оны тұрақсыздандырушы факторлардың ықпалынан қорғау мақсатымен байланыс операторлары мен желiлердi жедел-техникалық басқару жүйелерiнiң өзара iс-қимыл тәртiбiн белгiлейдi. 
      4. Байланыстың ведомстволық желiлерi тиiстi мемлекеттiк органдардың өндiрiстiк және арнайы мұқтаждарын қамтамасыз ету үшiн құрылып, жұмыс iстейдi, солардың қарауында және пайдалануында болады. Байланыстың ведомстволық желiлерiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiмен септестiру байланыстың ведомстволық желiлерiнiң техникалық құралдары мен байланыс ғимараттарының жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсi үшiн белгiленген талаптар мен техникалық нормаларға сәйкестiгi қамтамасыз етiлген жағдайда шарт негiзiнде жүргiзiледi. Осы Заңның 11, 12-баптарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялардың иелерi оларды алған жағдайда байланыстың ведомстволық желiлерi халыққа және басқа да телекоммуникацияларды пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсету үшін пайдаланылуы мүмкiн. 
      5. Қазақстан Республикасының аумағында байланыстың бөлектелген желiлерiн кез келген жеке және заңды тұлғалар құра алады. Бөлектелген байланыс желiлерi операторларының байланыс қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметiне осы Заңның 11, 12-баптарына сәйкес лицензиялау туралы талап қолданылады. 
      6. Байланыстың бөлектелген желiлерi жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне септестiрiлген жағдайда аталған желiлер жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсi санатына өтедi. 
      7. Өз мұқтаждарын, iшкi өндiрiстiк мақсаттарын қанағаттандыру, халыққа қызмет көрсету үшiн жеке және заңды тұлғалар жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шығу жолы бар өзге де телекоммуникациялар желiлерiн құра алады. Әртүрлi операторлардың телекоммуникациялар желiсiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникация желiлерiмен қосу, трафик өткiзудi реттеу және желiге қосқаны үшiн өзара есеп айырысуды жүргiзу мен желiлiк ресурстарды өзара пайдалану тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. 
      8. Радио және теледидар хабарларының желiлерi өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiсiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағы мен шет елдерге теледидар және дыбыс (радиохабар) бағдарламаларын тарату мен көрсету үшiн пайдаланылатын жер бетiндегi және жерсерiктiк хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстiк- технологиялық кешенiн құрайды. Жер бетiндегi жүйелер радиорелелi және кабелдi байланыс желiлерiн, қуаты әртүрлi радиотаратқыштар мен мемлекеттiк және коммерциялық бағдарламаларды беруге арналған басқа да құралдарды қамтиды. Жерсерiктiк жүйелер халықаралық жерсерiктiк ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлi орбиталық жерсерiктiк байланыспен жер бетiндегi хабар берушi және қабылдаушы станцияларды қамтиды. 
      9. Мемлекеттiк телерадио бағдарламаларын тарату және көрсету үшiн байланыс операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiлерiне негiзделетiн республикалық және аймақтық радио және телехабарлар тарату желiлерi құрылады. Коммерциялық телерадио хабарларын таратушы ұйымдар өз бағдарламаларын тарату және көрсету үшiн өз желiлерiн де, сондай-ақ шарттық жағдайлармен телекоммуникациялардың басқа желiлерiн де пайдалана алады. 
      10. Бағдарламаларды тарату мен көрсетуден басқа, меншiк нысандарына қарамастан, радио және теледидар хабарларын тарату желiсi қорғаныс, мемлекеттiк қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау мүдделерiнде, бейбiт уақыттағы төтенше жағдайлар мен ерекше кезеңде, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде хабарлау белгiлерiн беру үшiн пайдаланылады. 

       15-бап. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс

      1. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдары мемлекеттiк органдардың ерекше маңызды хат-хабарларын және бағалы металдар, зергерлiк бұйымдар, аспаптар, аппаратуралар мен қорғаныс өнеркәсiбiнiң құрастырушы бұйымдары бар арнаулы жөнелтiмдердi, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны құрайтын мәлiметтер мен олардың көздерiн қабылдап алуды, сақтауды, тасымалдау мен жеткiзiп берудi қамтамасыз етедi. 
      2. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыстың адам құрамының нысанды киiмi болады, олар қызметтiк-штаттық қарумен, қорғаныс және байланыстың арнаулы құралдарымен қамтамасыз етiледi. 
      3. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдары адам құрамының iшкi кестесi, бағыныстылығы мен тәртiбi осы қызметтер туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi. 
      4. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысының, почта байланысы ұйымдарының өзара қатынастары байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен регламенттеледi. 

       16-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк
              органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi
              мен құқық тәртiбiн қорғаудың қажеттерiне
              арналған байланыс желiлерi

      1. Үкiметтiк байланысты Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн арнайы уәкiлеттi органдар қамтамасыз етедi. Аталған органдар өз өкiлеттiгi шегiнде мемлекеттiк құпиялардың сақталуын жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын байланыстың арнаулы түрлерiмен қамтамасыз етедi. Аталған байланыс органдарының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      2. Қазақстан Республикасында қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртiбiн қорғаудың қажеттеріне арналған байланысты жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiнiң негiзi ретiнде пайдаланылатын арнаулы телекоммуникациялар желiлерi қамтамасыз етедi. 
      3. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерi мен ведомстволық байланыс желiлерiнiң арналары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шарт негiзiнде берiледi. 
      4. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi мен құқық тәртiбiн қорғаудың қажеттерi үшiн әзiрлеу мен пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      5. Меншiк нысандарына қарамастан байланыс операторлары Қазақстан Республикасында мемлекеттiк органдардың, қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртiбiн қорғаудың қажеттерi үшiн байланыс арналарын басымдықпен берудi қамтамасыз етуге және байланыс арналары бүлiнген жағдайда оларды алмастыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезекте және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi. 
      6. Ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, байланыс операторлары соттың шешiмi болмаған ретте үкiметтiк байланыс арналарын ажыратып тастай алмайды. 

       17-бап. Почта байланысы

      1. Почта байланысының желiсi почта жөнелтiмдерiн, ақша аударымдарын қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткiзудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткiзу мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзiп берудi ұйымдастыратын ұйымдар мен көлiк құралдарының бiртұтас технологиялық жүйесi болып табылады. 
      2. Әскери жөнелтiмдердiң сұрыпталуы мен табыс етiлуiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысы жүзеге асырады. 
      3. Почта байланысы қызметiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен беретiн лицензиялардың негiзiнде почта байланысының мемлекеттiк емес ұйымдары көрсетуi мүмкiн. 
      4. Почта жөнелтiмдерiн жеткiзiп беру мерзiмдерi байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      5. Почта арқылы жiберуге тыйым салынған заттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      6. Почта жөнелтiмiн жiберушi оның бағаланымын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.

  4-тарау. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиілік
спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық
позицияларын қорғау мен күзету

       18-бап. Байланыс желiлерiнiң күзетiлетiн аймақтары

      1. Байланыс желiлерiнiң сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтары белгiленедi, олар жердi пайдаланудың ерекше жағдайлары бар аймақтар болып табылады. 
      2. Күзетiлетiн аймақтарға енгiзiлген жер сол жерде арнаулы таңбалармен көрсетiледi. Бұл жерлер жердiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды. 
      3. Күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу тәртiбiн және олардағы жер пайдалану, жұмыс режимiн жердi меншiкке немесе пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындайды. 

       19-бап. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлік
              спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң
              орбиталық позицияларын қорғау мен күзету

      1. Байланыс құралдары, ғимараттары, радиожиiлiк спектрi және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позициялары мемлекеттiң қорғауында болады. 
      2. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлiк спектрiн, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртiбiн қорғау мақсатында заңдарда электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған кедергiлер туғызатын радиоэлектрондық құралдарды Қазақстан Республикасында өндiруге және әкелуге шектеулер белгiленуi мүмкiн. 
      4. Телекоммуникациялар құралдарының, ғимараттарының зақымдануына, радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдалану мен тiркеудiң, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғылардың жұмысы үшiн радиожиiлiктi пайдаланудың белгіленген тәртiбiн бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған кедергiлер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi. 

  5-тарау. Байланыс желілерін дамыту

       20-бап. Байланыс желiлерiн дамыту

      1. Байланыс желiлерiн дамыту саланы дамытудың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. 
      2. Байланыс желiлерiн дамытуға бағытталған шараларды қаржыландыру республикалық бюджет, банк кредиттерi, өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғалардың тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларын тарту есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлер салған кезде байланыстың iшкi және кварталішiлiк желiлерiн жобалау мен жүргiзудi, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнатуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады. 
      4. Тұрғын үй алаптарын кешендi салу, өндiрiстiк объектiлер мен оларға iргелес елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, байланыстың барлық құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары нормативтерге сәйкес почта байланысы объектiлерiн орналастыруға арналған үйлер салуды көздеуге, сондай-ақ почта байланысы ұйымдарына салулы тұрған (немесе салынып жатқан) тұрғын немесе өзге де үйлерден технологиялық нормаларға сәйкес келетiн жеке үй-жайларды шарт жағдайларымен беруге мiндеттi. 
      5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа объектiлердi салған немесе қайта құрған кезде байланыс желiлерiн қайта орналастыру мен көшiру жөнiндегi жұмыстар құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылары беретiн стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес орындалады. 

       21-бап. Көлiк құралдарын пайдалану

      1. Байланыс операторларына шарттық жағдайларда темiр жол, теңiз, өзен, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық маршруттары мен желiлерi бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң iлесуiмен почта тасымалдау немесе оны тасымалдау үшiн көлiк ұйымдарының жауапкершiлiгiне беру құқығы берiледi. 
      2. Қалааралық және халықаралық жол жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымал жасауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға шарт жасасудан, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, бас тарта алмайды. 

       22-бап. Байланыс желiлерiн дамыту жөнiндегi жұмыстарды
              жүргiзген кезде жердi беру мен пайдалану

      1. Күзетiлетiн аймақтарды қоса байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерi байланыс қызметiн көрсету iсiмен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға меншiкке немесе жердi пайдалануға, сондай-ақ тиiстi лицензия алғаннан кейiн жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен {сервитут) берiледi. 
      2. Автомобиль және темiржол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалы бөлiмшелерi үшiн үйлер мен ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi автомобильдермен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтiмдерiн алмасу үшiн жағдайлар қамтамасыз етiлiп, вокзал үйлерiнiң дәл жанынан, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарының құрылысына қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс. 
      3. Жер учаскелерiн беру тәртiбi мен көлемi, күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу мен соқпақтар жасау, сондай-ақ оларды пайдалану режимдері Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгіленеді. 
      4. Жеке және заңды тұлғалардың меншiк нысандарына қарамастан атқарушы органдардың шарттары мен шешiмдерiне сәйкес көпiрлер, туннелдер, көшелер, автомобиль жолдары мен темiр жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар, сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқығы бар. 
      5. Жер пайдалануды ерекше жағдайлары бар аймақтардағы телекоммуникациялық желiлер мен объектiлер құрылысы Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгiленедi. 
      6. Байланыс желiлерiн тартқан немесе құрылыс тұрғызған кезде нұқсан келтiрiлген жағдайда байланыс ұйымдары меншiк иелерiне жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалды өтеуге, трассаларды тиiстi күйге келтiруге және жердi қалпына келтiруге мiндеттi. 
      7. Меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалар желiлер мен объектiлер салған кезде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық жағдайдың нашарлануына жол бермеуге тиiс. Қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiргенi үшiн жоғарыда аталған ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi. 
      8. Жаңадан елдi мекендер салу, кеңейту, қайта құру, жаңа жерлердi игеру, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыру, пайдалы қазбаларды игеру салдарынан байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерi иелерiнiң және (немесе) пайдаланушыларының техникалық шарттары бойынша құрылысқа тапсырыс берушiлер өз есебiнен жүргiзедi. Бұл орайда байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады. 
      9. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiнiң операторына жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар объектiлерi мен желiлерi орналасқан көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн, сондай-ақ жалпы пайдаланыстағы желiнiң жаңа объектiлерi мен жолдарын тарту мен пайдалану үшiн қажеттi көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану құқығы (сервитут) берiледi. Бұл жағдайларда көршiлес немесе өзге де учаскеге сервитут мүдделi тұлғаның жеке меншiк иесiмен немесе жердi пайдаланушымен шарты негiзiнде белгiленуi мүмкiн. 
      10. Басқа да мемлекеттiк емес байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерiне құқықтар беру жердi тұрақты немесе уақытша пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты негiзiнде, жер учаскесiн жалдау шарты негiзiнде, сондай-ақ көршiлес немесе бөтен жер учаскелерiнiң жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланудың құқық субъектiлерiмен шарт бойынша жүзеге асырылады. 

  6-тарау. Байланыс қызметтерін пайдаланушылардың
құқықтары

       23-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы

      1. Байланыс операторлары байланыс қызметiн пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметiн көрсету шартының ережелерiне сәйкес қызмет көрсетуге мiндеттi. 
      2. Байланыс қызметтерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, пайдаланушылардың барлық санаттары (халық, бюджеттiк ұйымдар, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер) үшiн бiрдей жағдайларда көрсетiледi. 
      3. Байланыс қызметiн көрсету рыногында басым жағдайға ие телекоммуникациялар мен почта байланысы желiлерiнiң операторлары жалпыға ыңғайлы қызмет көрсетуге мiндеттi. Белгiлі сапа өлшемдерiне ие жалпы қолы жетерлiк байланыс қызметiнiң ең төменгi тiзбесiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi. 

       24-бап. Байланыс қызметiн пайдаланушылардың
              құқықтарын қорғау

      1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметi көрсетiлу, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқықтарын қорғау, сондай-ақ осы құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi. 
      2. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген хат жазысудың, телефонмен сөйлесудiң, почта жөнелтiмдерiнiң, телеграф және телекоммуникациялар желiлерi арқылы берiлетiн өзге де хабарламалардың құпиялылығын қамтамасыз етедi, бұл құқықты шектеуге тiкелей заңдарда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiлетiн реттер қосылмайды.
      3. Қызметтi пайдаланушылардың хат жазысуының, телефонмен сөйлесуiнiң, почта, телеграф және өзге де хабарларының құпиялылығын заңсыз бұзған байланыс операторлары заңдарға сәйкес жауапкершiлiкте болады.
      4. Байланыс операторының жергiлiктi телефон жалғауды уақытына қарай есептеудi жүзеге асыруға техникалық мүмкiндiктерi болған жағдайда байланысты пайдаланушы - жеке тұлға қызметке абоненттiк немесе уақытына қарай ақы төлеу жүйелерiнiң бiрiн таңдап алуға құқылы.
      Қызметке уақытына қарай ақы төлеу кезiнде байланыс операторы пайдаланушының талабы бойынша ақысы төленуге тиiстi жергiлiктi телефон жалғау туралы тегiн жазбаша ақпарат беруге мiндеттi.
      Ондай ақпарат берiлмеген жағдайда пайдаланушы қызметке ақы төлеудi абоненттiк жүйе бойынша жүргiзуге құқылы.
      Байланысты пайдаланушы - заңды тұлға төлемдi жергiлiктi телефон жалғаудың уақытына қарай ақы төлеу жүйесi бойынша жүзеге асырады. <*>
       Ескерту. 24-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.01.08. N 379   Заңымен.

  7-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері

       25-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер
              мен әлiпбилердi пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, байланыс желiлерiнде меншiк нысанына қарамастан, байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жүзеге асырылады. 
      2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен почта жөнелтiмдерiн жiберушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде ресiмделуге тиiс. 
      3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жазылуға тиiс. 
      4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келiсiмдерiнiң нормаларында белгiленетiн тiлдерде өңделедi. 
      5. Мемлекеттiк тiл мен орыс тiлiндегi ақпараттық, анықтамалық, байланыс операторларының қызметiне қатысты басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланк өнiмiнiң үлгiлерi пайдаланушыларға ыңғайлы жерлерге орналастырылады. 
      6. Почта байланысы бөлiмшелерi, почтамттар, сөйлесу пункттерi, ақпараттық-анықтамалық қызметтер операторларының, байланыс кәсiпорындарының (ұйымдарының) басқа да қызметкерлерiнiң тiкелей пайдаланушылармен жұмыс процесiнде тiлдесуi мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жүзеге асырылады. 

       26-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп
              беру уақыты

      1. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асырған кезде хабарламалар мен ақпаратты беру немесе қабылдап алудағы технологиялық процестерде байланыс операторлары олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, байланыс саласындағы уәкілетті орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады. 
      2. Байланыс қызметiнiң көрсетiлу уақыты туралы пайдаланушыларға хабарлау жергiлiктi уақыт бойынша жүргiзiледi.
      3. Халықаралық байланыста есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгiленедi.

  8-тарау. Байланыс саласында қызметті жүзеге
асыру кезіндегі жауапкершілік

       27-бап. Байланыс операторлары мен пайдаланушыларының
              жауапкершiлiгi

      1. Байланыс операторлары бағалы почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, бүлiнгенi үшiн - жарияланған бағаланымы мен алынған тариф мөлшерiнде, жеделхат мәтiнiнiң мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны, жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiмi өтiп кеткен соң адресатқа табыс етiлгенi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен материалдық жауапкершiлiкте болады. 
      2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарттық жағдайларды, жабдықты пайдалану ережелерiн бұзған, желiде сертификатталмаған жабдықты пайдаланған, сондай-ақ байланыс қызметiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда байланыс операторының, осы Заңның 8-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жазбаша хабарландырудан кейiн кемшiлiктер жойылғанға дейiн заңдарға сәйкес байланысты пайдаланушыға байланыс операторының кiрiсi ысырабының орнын толтырта және жабдықтың зақымдалуы немесе бос тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген залалды өтеттiре отырып пайдаланушының байланыс желiсiн пайдалануын тоқтата тұруға құқығы бар. 
      3. Хабарламаны беру немесе қабылдап алу не почта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткiзу жөнiндегi мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін, егер мiндеттемелердiң бұлайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланысты пайдаланушының кінәсінен не шамасы келмейтін жағдайлар салдарынан болғаны дәлелденсе, байланыс операторы жауап бермейді. 

  9-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

       28-бап. Халықаралық ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      2. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
      3. Халықаралық қызметте байланыс саласындағы уәкілетті орган өзіне Қазақстан Республикасының Үкіметі берген және халықаралық шарттарда көзделген өз өкілеттігі шегінде халықаралық байланыс одақтары мен ұйымдарында өкілдік етіп, Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғайды.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

       Заңның мәтіні ҚР Парламентінен түскен ресми жіберілімнен алынды.

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады