Байланыс формасы

Субсидиялар және өтем шаралары туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 441 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 8 маусымдағы № 316-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 08.06.2015 № 316-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң мүдделі тұлғалар арасында шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импорты кезінде, сондай-ақ істі қарауды жүргізу және өтем шараларын енгізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылған негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

      1) уақытша өтем шаралары - Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауар берушіге істі қарауды жүргізу процесінде кепілдік берілген ақша депозиттері және (немесе) Қазақстан Республикасы банкінің кепілдігі түрінде қолданылатын шаралар; 

      2) мүдделі тұлғалар – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
      істі қарау объектісі болып табылатын ұқсас тауарды отандық өндіруші не қатысушыларының көпшілігі осындай тауар өндіретін отандық өндірушілер бірлестігі;
      істі қарау объектісі болып табылатын тауарды шетелдік экспорттаушы және тауарды шетелдік өндіруші;
      тауарды отандық импорттаушы немесе қатысушыларының көпшілігі осындай тауарды импорттаушылар болып табылатын отандық импорттаушылар бірлестігі;
      шет мемлекеттің үкіметі, тауарды шығарған немесе осындай тауарды экспорттаған елдің уәкілетті органы не осындай тауарды шығарған немесе оны экспорттаған елдер кіретін шет мемлекеттер одағының уәкілетті органы;
      тауар тұтынушы немесе тұтынушылар бірлестігі;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының уәкілетті органы;
      құқықтары мен мүдделері осы іс қарауда қозғалатын және осы Заңның 6-бабында көрсетілген уәкілетті органның пікірінше осы іс қарауды жүргізуге жәрдемдесе алатын өзге де тұлғалар;

      3) өтем бажы - Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының негізінде шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импортына өтем шараларын енгiзу кезінде қолданылатын және оған кеден бажының негiзгi ставкасынан тыс белгіленетін баж; 

      4) өтем шаралары - отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық зиянды немесе оның келтiрiлу қаупiн жою үшін уақытша өтем шарасы, өтем бажы және баға мiндеттемелерi түрiнде шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импортына қолданылатын әкiмшiлiк-экономикалық ықпал ету құралдарының жиынтығы; 

      5) құпия ақпарат-ашылған жағдайда бәсекелестерге едәуiр артықшылық беретiн немесе ақпарат берушi мүдделi адамға едәуiр қолайсыз зардаптар келтіретін ақпарат; 

      6) материалдық зиян - шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауар беруден отандық өндiрушiлер ұшырайтын нақты зиян және (немесе) олар алмаған табыстар (алынбай қалған пайда); 

      7) қолайсыз аймақ - шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауарды өндiрген және (немесе) экспорттаған елдiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген, iстi қарау кезеңiне қарай соңғы үш жылда даму деңгейi: халықтың жан басына шаққандағы табысымен, отбасының әр мүшесiнiң табысымен немесе халықтың жан басына шаққанда 85 проценттен аспайтын жалпы iшкi өнiммен және шығарылған елдiң және (немесе) экспорттаушы елдiң тиiстi орташа көрсеткiштерiнiң 110 процентiнен аспайтын жұмыссыздық деңгейiмен сипатталған әкiмшiлiк және (немесе) экономикалық аумақ; 

      8) отандық өндiрушiлер - ұқсас немесе тiкелей бәсекелесетiн тауардың қазақстандық өндiрушiлерi, ондай тауарды өндiрудiң жиынтық көлемi Қазақстан Республикасының аумағында осындай тауарды өндiрудiң негiзгi бөлiгi болуы керек; 

      9) ұқсас тауар - сыртқы экономикалық қызметiнiң тауар номенклатурасының нақ сол кодымен топтастырылатын және басқа тауарға толық сәйкес келетiн, өзiнiң жұмыс iстеу мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары мен басқа да негiзгi қасиеттерi жағынан онымен салыстыруға болатын тауар; 

      10) өнiм берушi - шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауардың шетелдiк өндiрушiсi немесе экспорттаушысы; 

      11) iстi қарау - Қазақстан Республикасына әкелiнетiн, сатылған жағдайда ұқсас тауардың отандық өндiрушiлерiне материалдық зиян келтiретiн немесе сондай зиян келтiру қаупiн төндiретiн шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауар беруге байланысты құжаттар мен басқа да айғақтарды қарау рәсiмi; 

      12) аймақтық өндiрушiлер - аймақтық рынокта ұқсас тауар өндiрушiлердiң жиынтығы, олар мынадай талаптарға сәйкес келедi: 
      өндiрушiлер өз тауарының бәрiн немесе көпшiлiк бөлiгiн осы рынок iшiнде сатады; 
      өндiрушiлер тауарды осы аймаққа жiберетiн бiрден-бiр өндiрушiлер болып табылады; 

      13) аймақтық рынок - Қазақстан Республикасының жеке әкiмшiлiк- аумақтық бөлiнiсiнiң рыногы; 

      14) ерекше субсидия - қол жеткiзiлуi шектеулi және нақты өнiм берушiге немесе нақты өнiм берушiлер одағына, немесе экономиканың нақты саласына берiлетiн не тауар экспортын ынталандыруға немесе тауар импортының орнын толтыруға арналған субсидия; 

      15) субсидиялаушы орган - үкiмет немесе өнiм берушiге субсидия беретiн өзге де мемлекеттiк орган; 

      16) субсидия - шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) көрсететiн қаржылық қолдау, ол ақша қаражатын тiкелей аудару арқылы артықшылықтан немесе осындай аударым жасау мiндеттемесiнен, 
      салық, кеден немесе өзге де мiндеттi төлемдерден толық немесе iшiнара босатудан, 
      борышты жоюдан немесе осындай борышты төлеу үшiн көмек көрсету мақсатында кредит беруден, 
      нақты өнiм берушiмен ғана байланысты емес инфрақұрылымды қолдау мен дамытуға арналған тауарлар мен қызмет көрсетудi қоспағанда, энергияны, материалдарды, компоненттердi, жартылай фабрикаттарды, қызмет көрсетудi жеңiлдiкпен немесе тегiн беруден, 
      тауарларды жеңiлдiкпен сатып алудан, 
      үкiметтiң мемлекеттiк емес ұйымдарға жоғарыда келтiрiлген қолдау шараларының бiрiн немесе бiрнешеуiн жүзеге асыру туралы тапсырмасынан, егер қосымша табыс табуға қол жеткiзетiн болса, бағаға немесе табысқа қандай да болсын қолдау көрсетуден тұрады; 

      17) материалдық зиян шегу қаупi - залал келтiру мүмкiндiгi туралы субъективтi ой-пiкiрлердi жою мақсатында нақты айғақтармен қуатталған материалдық зиянның айқын орын алуы; 

      18) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының сауда және өндiрiс практикасының мониторингiн жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, ол материалдық нұқсан келтiрiлгенiн немесе сондай қатер төнгенiн және өтем шараларын енгiзу қажеттiгiн анықтау жөнiндегi iстiң қаралуын жүзеге асырады.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.09 N 114; 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

         2-бап. Осы Заңның мақсаттары

      Осы Заңның мақсаттары iшкi рынокты шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауар берушiлер тарапынан жасалатын терiс пиғылды бәсекеден қорғау және отандық өндiрушiлер үшiн келтiрiлетiн келеңсiз зардаптарды жою болып табылады. 

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңда уәкiлетті орган мен мүдделi тұлғалардың арасында және мүдделi тұлғалардың өз арасында Қазақстан Республикасының аумағына шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған импорттық тауарды жеткiзiп беруге байланысты, сондай-ақ отандық өндiрушiлердiң субсидиялаушы елдiң рыногындағы және үшiншi елдiң рыногындағы бәсекелесу мүмкiндiгiнiң нашарлауына байланысты, ұқсас тауардың отандық өндiрушiлерiне материалдық зиян келтiретiн немесе зиян келтiруге қауiп төнгiзетiн жағдайда туындайтын қатынастар реттеледi. 

       4-бап. Қазақстан Республикасының субсидиялар және
             өтем шаралары туралы заңдары

      1. Субсидиялар және өтем шаралары туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық келiсiмде немесе шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық келiсiмнiң немесе шарттың ережелерi қолданылады. 

       5-бап. Шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы)
             субсидиялаған тауар импортына бақылау
             жасауды ұйымдастыру

      1. Шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импорты жағдайында бақылау жасау мен iстi қарауды жүргiзу және өтем шараларын енгiзу жөнiндегi қызметтi уәкiлеттi орган жүзеге асырады. 

      2. Өтем шараларын енгізудi, қайта қарауды және олардың күшiн жоюды уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.

      6-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Уәкiлеттi орган өзiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде берiлетiн өкiлеттiктер шеңберiнде iс-қимыл жасайды.
      2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде iстi қарау рәсiмдерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер шығара алады, iстiң қаралуын жүргiзедi, Қазақстан Республикасының Yкiметiне өтем шараларын қолдануды енгiзу үшiн қорытынды дайындайды.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  2-Тарау. Субсидияларды анықтаудың өлшемдері
мен шарттары

       7-бап. Ерекше субсидияның анықтамасы

      1. Егер шет мемлекеттің (шет мемлекеттер одағының) субсидиясын берудiң объективтi өлшемдерi мен талаптары нақты кәсiпорынды немесе экономика саласын көрсетпей белгiленсе, ол ерекше субсидия деп қарастырылмайды. 
      Егер: 

      1) субсидиялаушы орган немесе субсидиялаушы орган негiзге ала отырып, жұмыс iстейтiн заңдар, кәсiпорындардың шектеулi санынан басқа, өзге барлық тұлғалардың субсидия алуына шек қойса; 

      2) субсидиялар беру нақты аймақта орналасқан кәсiпорындардың шектеулi санымен байланысты болса; 

      3) субсидиялар бiрнеше шарттардың бiрден-бiрi немесе бiреуi ретiнде экспорт нәтижелерiмен немесе импорттық тауарлардың орнына жергiліктi тауарларды пайдаланумен байланысты болса, субсидия ерекше болып табылады және оны беру өтеу шараларын қолдануға әкеп соғады. 

      2. Егер оны беру отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтірсе немесе келтiретiндей қауiп төндiрсе және оны берудiң шарттары мен нысаны мынадай факторларға: 

      1) субсидияларды кәсiпорындардың шектеулi санының басымдықпен пайдалануына; 

      2) кәсiпорындардың шектеулi санына берiлген субсидиялар мөлшерiнiң орынсыз үлкен болуына; 

      3) субсидиялардың пайдаланылу бағыттарына; 

      4) субсидияландырудан бас тарту немесе оған өтiнiмдi қанағаттандыру жиiлiгi және шет мемлекеттің (шет мемлекеттер одағының) үкіметтiк органдарының тиiстi шешiмдерiнiң дәлелдерiне; 

      5) бюджеттік субсидияларды пайдаланатын кәсiпорындар санына;

      6) субсидиялар беру кезiнде кәсiпорындардың экономикалық қызметi диверсификациялау дәрежесiне сәйкес келсе, ерекше емес субсидия өтеледi. 

      3. Уәкiлеттi орган жүргiзген iстi қарау нәтижесiнде өндiрген және (немесе) экспортқа шығарған кезде шет мемлекеттiң (шет мемлекеттер одағының) ерекше субсидиясы пайдаланылған әлдеқандай тауарды импорттау отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiретiнi немесе зиян келтiру қаупiн туғызатыны анықталса, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өтем шараларын қолдануға құқығы бар. 

      4. Егер ерекше субсидия тауар құнының бiр процентiнен кем болса, оның мөлшерi болмашы деп қарастырылады. 

      5. Егер тауарлар Қазақстан Республикасына экспорттың шыққан елiнен емес, аралық елден импортталса, осы Заңның нормалары толық қолданылады және мәмiлелер (мәмiле) оның шыққан елi мен Қазақстан Республикасының арасында жасалған мәмiлелер сияқты қарастырылады.
       Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.09 N 114; 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

         8-бап. <*>

       Ескерту. 8-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.01.09. N  114 Заңымен.

    3-тарау. Материалдық зиян келтірілуін анықтау

       9-бап. Материалдық зиян келтірілуін анықтау

      1. Материалдық зиян келтірілуін анықтау дәлелдемелерге негізделеді және шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауар көлемін, оның Қазақстан Республикасының ішкі рыногындағы ұқсас тауарлар бағасына жасайтын ықпалын және осындай тауар импортының ұқсас тауарларды отандық өндірушілерге тигізетін салдарын объективті түрде зерделеуді қамтиды. 

      2. Егер бір елден көп елдерден шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған әлдеқандай тауар импорты бір мезгілде қаралатын мәселе болса, егер әрбір елден жасалатын импорт жөнінде белгіленген өтелуге тиiстi субсидиялардың мөлшерi анықталса және шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының көлемi елеулi болып, осы Заңның 7 және 10-баптарында белгiленген деңгейден асып түссе, онда ондай тауар импортының жиынтық ықпалы бағалануға тиiс.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.09. N  114 Заңымен.

          10-бап. Болмашы материалдық зиянның мөлшерiн анықтау

      Егер өтiнiш берiлген елдiң тауар беруi салыстырып алғандағы уақыт кезеңi iшiнде жалпы импорт көлемiнiң 1 процентiнен кем болса, ал жинақтап алғанда мұндай елдердiң үлесi Қазақстанға сондай тауар берудiң 3 процентiнен кем болса, материалдық зиянның мөлшерi болмашы деп қарастырылады. 

       11-бап. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/
              субсидиялаған тауар импортының отандық
              өндiрушiлерге ықпалын анықтау

      1. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының отандық өндiрушiлерге ықпалын зерттеу уәкiлеттi органның iске қатысы бар отандық өндiрушiлердiң жай-күйiне ықпал жасайтын барлық экономикалық факторлар мен көрсеткіштердi, оның iшiнде: 
      өнiм шығарудың нақты және ықтимал қысқаруын, сатылуын, рыноктағы үлесiн, пайданың, өнiмдiлiктiң, инвестициялардан түсетiн кiрiстердiң, қуаттардың пайдалануын; 
      Қазақстан Республикасында ұқсас тауарлар бағасының қалыптасуына ықпал ететiн факторларды, ақша ағысының қозғалысына, тауар қорларына, жұмыспен қамтылуға, жалақыға, өндiрiстiң өсу қарқынына, инвестициялар тарту мүмкiндiгiне нақты немесе ықтимал терiс ықпал етудi қамтиды. 

      2. Егер қолда бар деректер өндiрiс процесi, өнiмдi өндiрушiлерге тиеп-жөнелту және пайда сияқты өлшемдер негiзiнде белгiлi бiр өндiрiстi бөлiп көрсетуге мүмкiндiк берсе, шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының ықпалы ұқсас тауардың отандық өндiрiсiне қатынасы бойынша бағаланады. Егер белгiлi бiр өндiрiстi бұлайша бөлiп көрсету мүмкiн болмаса, шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының ықпалы тауарлардың сол сияқты тауарды қамтитын, ол бойынша қажеттi ақпарат алуға болатын, мүмкiндiгiнше неғұрлым шағын номенклатурасын өндiрудi зерделеу негiзiнде бағаланады. 

       12-бап. Материалдық зиян жасалғанын анықтау

      1. Уәкiлеттi орган шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты кезiнде отандық өндiрушiлерге материалдық зиян жасалғанын және шет мемлекет / шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты мен ол келтiрген материалдық зиянның немесе оның қаупi арасында себеп-салдар байланысы болуын анықтайды. 

      2. Уәкiлеттi орган шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортымен қоса нақ сол кезеңде отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiретiн басқа да белгiлi факторларды зерделейдi, бiрақ бұл материалдық зиян шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортына телiнбеуге тиiс. Бұл факторлар, атап айтқанда, шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидияламаған тауар импортының көлемi мен бағасын, сұранымның азаюын немесе тұтыну құрылымындағы өзгерiстердi, шетелдiк және отандық өндiрушiлер арасындағы шектейтiн сауда практикасы мен бәсекенi, технологиялық жетістiктердi, сондай-ақ экспорт нәтижелерi мен отандық өндiрушiлердiң өнiмдiлiгiн қамтиды. 

       13-бап. Материалдық зиян келтiру қаупін анықтау

      Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортынан отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiрiлу қаупiн уәкiлеттi орган мынадай көрсеткiштерге: 

      1) субсидияның сипатына және оның саудаға жасайтын ықпалына; 

      2) шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының Қазақстан Республикасының рыногындағы өсу қарқынына; 

      3) өнiм берушiде шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар өндiрiсi мен экспортының оны Қазақстан Республикасының рыногына берудiң көбею мүмкiндiгiн көрсететiн резервтердiң болуына талдау жасауға негiздеуге тиiс. Бұл орайда кез-келген қосымша экспортты iске асыру үшін басқа экспорт рыноктарының мүмкiндiктерi ескерiледi; 

      4) iшкi рыноктың бағасын төмендетуге ықпал етуiне және қосымша өнiм беруге сұранымның артуына қол жеткiзуi мүмкiн бағамен шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортына; 

      5) iстi қарау жүргiзiлiп жатқан өнiм берушi елiндегi тауар қорларының көлемiне талдау жасауға негiздеуге тиiс.

       14-бап. Аймақтық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiру

      Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауар беру Қазақстан Республикасының жекелеген аймақтық рыногына шоғырланған жағдайда, оларды беру аймақтық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiруге немесе оның пайда болу қаупiне әкеп соққан кезде уәкiлеттi орган осы заңның нормаларына сәйкес сол аймаққа бейiмдеп iс қарауды жүргiзуге құқылы.

  4-тарау. Iсті қарау

  15-бап. Субсидиялар және өтем шаралары бойынша
iстi қараудың мәнi

      Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасына шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импорты фактiсiн және сол арқылы отандық ұқсас тауарларды өндiрушiлерге материалдық зиян келтiрiлгенiн немесе оны келтiру қаупi пайда болғанын анықтауы шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импорты бойынша iс қараудың мәнi болып табылады. 

       16-бап. Субсидияның болуы және ол келтiретiн
              материалдық зиян немесе оны келтіру қаупi
              туралы арыз

      1. Субсидияның болуы және оның келтiрген материалдық зиянды немесе оны келтiру қаупi туралы арызды отандық өндiрушiлер немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы уәкiлеттi органға жазбаша түрде бередi. 

      2. Егер уәкiлетті орган арызда келтiрiлген мәлiметтердi жеткiлiктi деп танып, ол жөнiнде арыз берушiге жазбаша түрде хабарласа, арыз қабылданған болып есептеледi. Егер уәкiлеттi орган мәлiметтердi жеткiлiксiз деп тапса, бұл жөнiнде ол арыз берушiге арыз алынған кезден бастан он күн мерзiмде хабарлауға және оның өз арызын өзгертуiне немесе толықтыруына мүмкiндiк беруге тиiс. Арыз берушi өз арызын өзгерткен немесе толықтырған жағдайда арызды қарау мерзiмi толықтырулар немесе өзгерiстер алынған күннен басталады. 

      3. Арызда мынадай мәлiметтер болуға тиiс: 

      1) арыз берушiнiң, арыз берушiлердiң атауы (бұдан әрi - арыз берушi), арыз берушiнің тауар өндiруi туралы деректерi (көлемi және бағасы), сондай-ақ арыз берушiге белгiлi отандық өндiрушілердiң сондай тауарды өндiруi туралы деректер; 

      2) шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауардың сипаттамасы, өнiм берушi немесе өнiм шығарылған елдiң атауы, сол тауарды белгілі берушiлер, импорттаушылар туралы мәлiметтер; 

      3) субсидиялардың болуын, мөлшерiн, сипатын және ерекшелiгiн растайтын дәлелдемелер; 

      4) шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауар беру көлемiнiң серпiндiлiгiн қоса алғанда, материалдық зиян келтiрiлуiнiң немесе келтiру қаупiнiң айғақтары, оның сондай тауардың iшкi рыноктағы бағасына ықпалы және осындай тауар берудiң келеңсiз зардаптары. 

      4. Отандық өндiрушiлердiң арызы бойынша iстi қарау рәсiмiнiң басталуы үшiн уәкiлеттi органның бұл арызда өз пiкiрiн бiлдiрушiлердiң үлесіне отандық өндiрушілердiң тауар өндiру көлемінің елу процентiнен астамы келетiнiн анықтауы мiндеттi шарт болып табылады. Бұл пiкiрлер "жақтайтын", "қарсы" пiкiрлер болуы, сондай-ақ өзiнiң айқын көзқарасын бiлдiрмеуi мүмкiн. Бұл орайда отандық өндiрушiлер өндiрген тауардың үлесiне отандық өндiрушiлер өндiрген барлық осындай тауарлардың жиырма бес процентiнен астамы келедi. 

       17-бап. Уәкiлеттi органның бастамасымен iстi қараудың
              басталуы

      Ерекше субсидиялардың және шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауар импортын беру келтiретiн материалдық зиянның болуына және олардың себеп-салдарлы байланысына жеткілiктi дәлелдемелер болған жағдайда уәкiлеттi орган өз бастамасымен iстi қарай бастау туралы шешiм қабылдауға құқылы. 

       17-1-бап. Консультациялар жүргізу

      1. Уәкiлеттi орган арызды қабылдағаннан кейiн және iстi қарау басталғанға дейiн тауарлары iстi қараудың нысанасы болуы мүмкiн шет мемлекеттерге (шет мемлекеттер одағына) осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көрсетiлген мәселелер бойынша жағдайды нақтылау және келiсiлген шешiмге қол жеткiзу үшiн онымен консультациялар жүргiзу туралы ұсынысты жiбередi.

      2. Iстi қараудың барлық кезеңi iшiнде тауарлары iстi қараудың нысанасы болып табылатын шет мемлекеттерге (шет мемлекеттер одағына) iс жүзiндегi мән-жайларды нақтылау және келiсiлген шешiмге қол жеткiзу үшiн уәкілеттi органмен консультацияларды жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

      3. Консультацияларды жүргізу істі қараудың басталуына, қорытындылар шығаруға, осы Заңға сәйкес уақытша немесе түпкiлiктi өтем шараларын қолдануға кедергi жасамауға тиiс.

      4. Уәкiлеттi орган тауарлары iстi қараудың нысанасы болып табылатын шет мемлекеттердiң (шет мемлекеттер одағының) өтiнiшi бойынша iстi қарауды бастау немесе жүргiзу үшiн пайдаланылатын құпия емес ақпаратқа қол жеткiзуге рұқсат бередi.
      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.09. N  114 Заңымен.

          18-бап. Iстi қарау рәсiмiн бастаудан бас тарту үшiн
              негiздер

      Егер осы Заңның 7-бабында көзделген субсидияның мөлшерi мен осы Заңның 10 және 16-баптарында көзделген шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының көлемi болмашы екенi анықталса, уәкiлетті орган iстi қарау рәсiмiн бастаудан бас тартады. 

       19-бап. Отандық өндiрушiлердiң атынан берiлген арызды
              қайтарып алу

      Арыз берушi арызды оны қарау басталғанға дейiн немесе оның барысында қайтарып алуы мүмкiн. Арыз iстi қарау басталғанға дейiн қайтарып алынса, ол берiлмеген болып есептеледi. Егер арыз iстi қарау барысында қайтарылып алынса, уәкiлеттi органның iстi қарауды жалғастыруға не оны шара қолданбай тоқтатуға құқығы бар. 

       20-бап. Iстi қарау рәсiмiн өткiзудi бастау туралы шешiм

      1. Iстi қарау рәсiмiн бастау туралы не оны бастаудан бас тарту туралы шешімдi уәкiлеттi орган осы Заңның 16 және 18-баптарының талаптарын ескере отырып, барлық табыс етiлген деректердi зерделеу негiзiнде арыз қабылданған кезден бастап екi ай iшiнде қабылдайды. 

      2. Iстi қарау рәсiмiн бастау туралы шешiм қабылданғаннан кейiн уәкiлеттi орган ресми басылымдарда хабарлама жариялайды. 

      3. Iстi қараудың басталуы туралы хабарламада мынадай ақпарат болуға тиiс: 

      1) iстi қарауды жүргiзетiн уәкiлеттi органның атауы; 

      2) iстi қарауды бастайтын күн; 

      3) iстi қараудың нысанасы болып табылатын шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауарды шығарған немесе экспорттаған елдiң атауы; 

      4) iстi қарауды бастау үшiн негiздеме; 

      5) материалдық зиян келтiру немесе зиян келтiру қаупiн төндiру туралы пiкiр негiзделетiн фактiлердiң қысқаша мазмұны; 

      6) мүдделi адамдардың iспен танысуға мүмкiндiк алу үшiн өз өтiнiштерiн беруiне, өз пiкiрiн және мүдделi адамдармен кездесулер қажет екенiн мәлiмдеуiне болатын мерзiм. 
      Істi қарауды жүргiзуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлетті орган бас тартудың себептерi мен негiздемесiн көрсете отырып, арыз қабылданған кезден бастап екi ай iшiнде арыз берушiнi хабардар етуi керек. 

       21-бап. Ақпарат сұрату

      1. Iстi қарау басталғаннан кейiн уәкiлеттi орган мүдделi тұлғаларға сауалдар жiбередi. 
      Мүдделi тұлғаларға сауал алынған күннен бастап оған жауап дайындау үшiн бiр ай уақыт берiледi. Салынған сауал оны почта арқылы жiберiлгеннен кейiн немесе мүдделi тұлғаның өкiлiне берiлгеннен кейiн жетi күннен соң алынған болып есептеледi. 
      Уәкiлеттi орган мүдделi тұлғалардың көрсетiлген бiр айлық мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiшiн назарға алуы керек және негiздемелер жеткiлiктi болған кезде мұндай ұзарту iстi қарау барысында табыс етiлуге тиiс.
      Iстi қарау барысында уәкiлеттi орган мүдделi тұлғалардан жауап қайтарылуға тиiстi мерзiмдi көрсете отырып, қосымша ақпарат сұрауы мүмкiн. 

      2. Мүдделi тұлғаның өзi қажет деп санайтын кез-келген дәлелдеменi жазбаша түрде табыс етуге құқығы бар. 

      3. Егер қайсыбiр мүдделi тұлға қажеттi мәлiметтердi уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде табыс етпесе немесе iстi қарауды қиындатса, уәкiлеттi органның қолда бар деректер негiзiнде қорытынды шығаруға құқығы бар. 

      4. Мүдделi тұлғалар iстiң қаралуын жүргiзуге жәрдемдесуге және уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша қажеттi ақпарат, оның iшінде құпия ақпарат беруге тиiс.
       Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.09. N  114 Заңымен.

          22-бап. Ақпаратты тексеру және iстi қарау мерзiмдерi

      1. Мүдделi адамдар табыс еткен және iстi қарау нәтижелерi бойынша тұжырымдар негiзделетiн ақпараттың анықтығы тексерiлуге тиiс. 

      2. Ақпараттың анықтығын тексеру немесе қосымша деректер алу мақсатымен, тиiстi өнiм берушiлермен келiсе отырып және олардың елдерi ресми органдарының қарсылықтары болмаған жағдайда уәкiлеттi орган iстi қарауды сол елдердiң аумағында өткiзедi. 

      3. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты жөнiндегi ақпарат тексерiлетiн кезең белгiлi бiр кәсіпорынның қаржы есебiнiң соңғы жылы не, егер бұл мүмкiн болмаса, iстi қарауға қатысы бар анық қаржылық және басқа деректер болған iстi қарау басталғанға дейiнгi алты ай болып табылады. 

      4. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты жөнiндегi iстi қарау мерзiмi оның рәсiмi басталған кезден алты айдан аспауға тиiс. 

       23-бап. Құпия ақпарат

      1. Iстi қарау барысында уәкiлетті органға табыс етiлетiн құпия ақпарат мүдделi адамдардың жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс. 

      2. Құпия ақпаратты табыс етушi мүдделі адамдар бұл ақпарат бойынша құпия емес сипатта жазбаша түсiндiрмелер беруге тиiс. 
      Түсiндiрмелер ақпараттың мәнiн түсiну үшiн жеткiлiктi дәрежеде егжей-тегжейлi болуға тиiс. 

      3. Құпия ақпаратты уәкiлеттi органның лауазымды адамдары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке мақсаттарда жария ете алмайды, пайдалана алмайды, үшiншi бiр тұлғаларға, сондай-ақ өзге мемлекеттiк органдарға бере алмайды. 

   5-тарау. Уақытша шаралар

       24-бап. Субсидия мен материалдық зиянның болуын
              алдын ала анықтау

      1. Iстi қарау барысында алынған нақты деректер негiзiнде уәкiлеттi орган ерекше субсидиялардың және отандық өндiрушілерге келтiрiлген материалдық зиянның немесе оны келтiру қаупiнiң болуы немесе олардың болмауы, сондай-ақ iстi қарауды жалғастыру немесе тоқтату туралы алдын ала қорытынды шығарады. 

      2. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының және материалдық зиянның немесе оны келтiру қаупiнiң болуы туралы алдын ала қорытынды шығарғаннан кейiн уәкiлеттi орган барлық мүдделi тұлғаларға және олардың елдерiнiң ресми органдарына уақытша өтеу шараларын енгiзу ниетi туралы хабарлама жiбередi. Iстi қарауға тартылған мүдделi тұлғалар хабарлама жiберiлгеннен кейiн он күн iшiнде уақытша өтеу шараларын қолданудың негiздемесi жөнiнде жазбаша ескертпелер беруге құқылы, оларды уәкiлеттi орган назарға алады немесе iстi қарауды өткiзу кезiнде қабылдамай тастайды. 

      3. Уәкiлеттi орган iстi қарау жүргiзiлiп жатқан тауардың тұтынушыларына, мұндай тауар бөлшек саудада көп болған жағдайда, iстi қарауға жататын және субсидиялауға, материалдық зиян мен олардың арасындағы себеп-салдар байланысына қатысты ақпарат беру мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. 

       25-бап. Уақытша өтем шараларын енгiзу

      1. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортының болуы және оның материалдық залал келтiруi немесе оны келтiру қаупi туралы уәкілеттi орган шығарған алдын ала қорытынды негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi уақытша өтем шараларын енгiзу туралы шешiм қабылдайды. 

      2. Қазақстан Республикасы банкiнiң ақша депозиттерi және (немесе) кепiлдiгi нысанындағы уақытша өтем шаралары өнiм берушiге iс қарала басталған кезден бастап екi айдан ерте қолданылмайды. 

      3. Уақытша өтем шараларын қолдану төрт айдан аспауға тиiс. 

      4. Уақытша өтем шараларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары өз аумағына еркін айналысқа шығарылған шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялайтын импорттық тауар берушiлерге олар ресми жарияланғаннан соң күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданады. Кепiлдi ақша депозиттерi түрiнде алу тәртібін мемлекеттік кіріс органы белгiлейдi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

       26-бап. Уақытша өтем шарасының мөлшерi

      Уақытша өтем шарасының мөлшерi ерекше субсидиялардың алдын ала белгiленген мөлшерiнен аспауға тиiс, бiрақ ол отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық залалдың орнын толтыру үшiн жеткiлiктi болса, оның мөлшерi азырақ болуы мүмкiн.

       27-бап. Уақытша өтем шараларын енгiзу туралы шешiмдi
              жариялау

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң уақытша өтем шараларын енгiзу туралы шешiмi ресми басылымдарда жариялануға тиiс.
      Жарияланымда мынадай деректер болуға тиiс:
      тауар берушiлердiң немесе тауар әкелiнген елдiң атауы;
      тауардың егжей-тегжейлi (кедендiк мақсаттар үшiн жеткілікті болатын) сипаттамасы;
      субсидияның белгіленген көлемi;
      материалдық залалды бағалау өлшемдерi;
      уақытша шараларды енгiзудiң негiзгi дәлелдерi;
      уақытша өтем шарасының ставкасы және оны қолдану мерзiмдерi.
      Жарияланымда құпия ақпарат болмауға тиiс.

  6-тарау. Баға бойынша міндеттемелер

       28-бап. Баға бойынша мiндеттемелер қабылдаудың
              талаптары

      1. Iстi қарау рәсiмi баға бойынша мiндеттеме алынғаннан кейiн уақытша немесе түпкiлiктi өтем шаралары енгiзiлмей аяқталуы мүмкiн, оған сәйкес: 

      1) тауар шығарылған немесе экспорттаған елдiң үкiметі субсидияны жоюға немесе шектеуге келiсiм бередi; 

      2) өнiм берушi өз бағасын қайта қарауға немесе шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар экспортын тоқтатуға мiндеттенедi. 

      2. Мұндай мiндеттемелер бойынша бағаны көтеру ерекше субсидиялар мөлшерiнiң орнын толтыру үшiн қажет мөлшерден көп болмауға тиiс. Егер шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауарды осы бағамен беру отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтiрмесе, бағаның көтерiлуi ерекше субсидиялардың мөлшерiнен кем болуы мүмкiн. 

      3. Баға бойынша мiндеттеменi уәкiлеттi орган ұсынуы мүмкiн, бiрақ өнiм берушi өзiне осындай мiндеттеме қабылдауға мәжбүр етiлмеуге тиiс. 

      4. Баға бойынша мiндеттеменi уәкiлеттi орган осы Заңның ерекше субсидиялардың және отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық зиянның немесе оның туындау қаупiнiң болуы жөнiндегi 25 және 26-баптарына сәйкес өзi ерекше субсидияның және материалдық зиянның немесе зиян келтiру қаупiнiң болуы туралы алдын ала қорытынды шығарғаннан кейiн ғана қабылдауы мүмкiн. 

      5. Егер уәкiлеттi орган баға бойынша мiндеттеменi қабылдау өнiм берушiлер санының көп болуы салдарынан не уәкілеттi орган өнiм берушiге хабарлауға тиiс болатын басқа себептер бойынша iс жүзiне аспайды деп есептесе, оның қабылданбауы мүмкін. 

       29-бап. Баға бойынша мiндеттемелердiң сақталуын бақылау

      1. Уәкiлеттi органның баға бойынша мiндеттемесi қабылданған өнiм берушiден баға бойынша қабылданған мiндеттеменiң орындалуы туралы деректер берудi талап етуге, сондай-ақ берiлген деректердiң анықтығына тексеру жүргiзуге құқығы бар. 

      2. Өнiм берушi баға бойынша мiндеттеменi бұзған жағдайда уәкiлеттi органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң алдын ала хабарламай, дереу уақытша шаралар қолдануға құқығы бар. 

       30-бап. Баға бойынша мiндеттемелердiң қолданылуы

      1. Уәкiлеттi органның өнiм берушi баға бойынша қабылданған мiндеттеменi адал орындаған жағдайда iстiң қаралуын тоқтатуға құқығы бар. 

      2. Уәкiлеттi орган баға бойынша мiндеттемелер қабылданғаннан кейiн шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импортына байланысты iстiң қаралуын өзiне баға бойынша мiндеттеме қабылдаған өнiм берушi талап еткен жағдайда немесе өз бастамасы бойынша ерекше субсидия мен материалдық зиянның немесе оны келтiру қаупiнiң болуын анықтау үшiн одан әрi жалғастырады. 

      3. Материалдық залал немесе оның қаупiнiң болмауы баға бойынша қабылданған мiндеттеменiң салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, ерекше субсидияның немесе материалдық зиянның болмау фактiсi анықталса, уәкiлеттi орган баға бойынша мiндеттеменiң күшiн жояды. 

      4. Баға бойынша мiндеттеме ерекше субсидиядан болатын материалдық зиянға қарсы iс-қимылға қажеттi уақыт iшiнде және мөлшерде күшiнде қалуға тиіс. 

  7-тарау. Өтем бажын салу және оны өндіріп алу

       31-бап. Өтем бажын белгілеу және оның мөлшерін анықтау

      1. Егер уәкiлеттi орган ерекше субсидиялардың және соларға байланысты отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық зиянның немесе оны келтiру қаупiнiң болу фактiсiн анықтаса және бұл орайда субсидиялар қайтарып алынбаса, онда өтем бажын енгiзу туралы мәселе қаралады. 

      2. Өтем бажын енгiзу үшiн барлық талаптар орындалған жағдайда оны енгiзудiң дұрыстығы туралы шешiмдi уәкiлеттi орган шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауарларды пайдаланатын, мүдделерiне өтем бажын енгiзу жайсыз әсер етуi мүмкiн жергiліктi мүдделi тұлғалардың пiкірiн ескере отырып қабылдауға тиіс. 

      3. Өтем бажының мөлшерi ерекше субсидиялардың осы Заңға сәйкес анықталатын мөлшерiнен аспауға тиіс, бiрақ ол отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық зиянды немесе оны келтiру қаупiн жою үшiн жеткілiктi болса, бұл субсидиялардың жалпы мөлшерінен азырақ болуы мүмкiн. 

       32-бап. Өтем бажын енгiзу

      1. Өтем бажын енгiзу және оның ставкасының мөлшерi туралы шешiмдi уәкiлеттi органның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдайды және ол ресми басылымдарда қаулы жарияланған күннен бастап күшiне енедi. Жарияланымда осы Заңның 27-бабында көзделген мәліметтер, сондай-ақ өнiм берушiлердiң дәлелдерiн немесе талаптарын қабылдау немесе қабылдамай тастау себептерi болуға тиіс. 

      2. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң өтем бажын енгiзу туралы шешiмiнде шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауарды берушi немесе берушiлер көрсетiлуге тиiс. 
      Iске бiр елдiң бiрнеше өнiм берушiлерi тартылып, барлық өнiм берушiлердi атау мүмкiн болмаған жағдайда ел ғана аталады. 
      Егер iске бiр елден көп елдiң бiрнеше өнiм берушiлерi тартылса, не барлық тартылған өнiм берушiлер, не бұл iс жүзiнде мүмкiн болмаса, тартылған өнiм берушi елдердiң әрқайсысы аталады. 

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өтем бажын енгізу туралы шешiмiнiң негiзiнде мемлекеттік кіріс органдары оны, баға бойынша мiндеттемелер қабылданған өнiм берушiлердiң тауарын қоспағанда, істі қарау жүргiзiлген, барлық әкелiнетін тауардан алады.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

       33-бап. Өтем бажының қолданылу мерзiмi

      1. Өтем бажы, осы баптың 2 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi күшiне енгеннен кейiн Қазақстан аумағына еркiн айналысқа шығарылатын тауарларға қолданылуға тиiс. 

      2. Уақытша өтем шаралары енгiзiлген жағдайда олар енгiзiлген күннен бастап өтем бажы қолданылады. 

      3. Егер өтем бажының көлемi уақытша өтем шарасының мөлшерiнен көбiрек болса, олардың арасындағы айырма өндiрiп алынбауға тиiс, ал егер азырақ болса, айырма заңдарда белгіленген тәртiппен өнiм берушiге қайтарылуға тиiс. 

      4. Егер уәкiлеттi орган ерекше субсидия берудi және отандық өндiрушiлерге келтiрiлген материалдық зиянның немесе оны келтiру қаупiнiң болуын терiске шығаратын түпкiліктi қорытынды шығарса, уақытша өтем шараларын қолдану кезеңiнде енгiзiлген кез-келген ақша депозитi немесе банк кепiлдiгi заңдарда белгiленген тәртiппен өнiм берушiге қайтарып берiлуге тиiс. 

      5. Уәкiлеттi орган отандық өндiрушiлерге шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты келтiрген материалдық зиян қысқа уақыт аралығында субсидияланған тауар берудiң ұлғайған көлемi салдарынан болды деп анықтаған жағдайда, өтем бажы уақытша өтеу шаралары енгiзiлген күнге дейiн үш ай iшiнде айналысқа түскен тауар импортынан өндiрiлiп алынуы мүмкiн. 

  8-тарау. Өтем бажының қолданылу мерзімі, қайта
қаралуы және орнының толтырылуы

       34-бап. Өтем бажының қолданылу мерзiмi

      1. Өтем шаралары өтелуге тиiстi шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған тауар импорты келтiретiн материалдық зиянды немесе оны келтiру қаупін жою үшiн қажеттi уақыт iшiнде және мөлшерде қолданылады. 

      2. Өтем бажының қолданылу мерзiмi ол енгiзiлген немесе соңғы қайта қаралған күннен бастап 5 жылдан аспауға тиiс. Бұлайша қайта қарау уәкiлеттi органның бастамасы бойынша немесе мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша басталады. 

      3. Уәкiлеттi орган өтем шараларын қолдануды тоқтату мерзiмi туралы оның бiтуiне алты ай қалғанда ресми басылымдарда хабарлама жариялайды. 

       35-бап. Өтем бажын қайта қарау

      1. Өтем бажын қайта қарауды уәкiлеттi орган өз бастамасы бойынша немесе мүдделi тұлғалардың өтеу бажының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей берген дәлелдi өтiнiшiнiң негiзiнде жүзеге асырады. 

      2. Өтем бажының қолданылуын тоқтату отандық өндiрушiлерге материалдық зиян келтіретiнi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметiне бұрын енгiзiлген өтем бажының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш жасайды.

       36-бап. Өтем бажының күшiн жою

      Егер осы Заңның 35-бабына сәйкес жүргiзiлген қайта қараудың нәтижесiнде уәкiлеттi орган өтем бажын қолдану ақталмады деп анықтаса, өтем бажының күшi жойылуға тиiс.

       37-бап. Өтем бажы қайта қаралған жағдайда iстi қарау

      Осы Заңның 35-бабына сәйкес өтем бажы қайта қаралған жағдайда уәкiлеттi орган қолданылып жүрген бажды қарау мен енгiзу кезiнде қолданылған әдiстердi пайдаланады. 

       38-бап. Iстi қарауға тартылмаған өнiм берушiлерге өтем
              бажының жеке мөлшерін белгілеу

      1. Шет мемлекет /шет мемлекеттер одағы/ субсидиялаған импорттық тауар жөнiнде өтем бажын енгiзген кезде өтем бажы субсидиялар мен материалдық зиянның және немесе) оны келтiру қаупiнің болуы анықталған барлық көздерден келетiн ұқсас тауар импортынан кемсiтпейтiн негiзде әрбiр жағдайда тиiстi мөлшерде өндiрiлiп алынады.

      2. Түпкiлiктi өтем бажы салынған, бiрақ істі қарауға жәрдемдесуден бас тартудан өзге себептер бойынша жеке iстi қарау өткiзiлмеген тауар берушiнiң арызы бойынша уәкiлеттi орган өтем бажының жеке мөлшерiн белгiлейдi.

       39-бап. Өзiне қатысты iстi қарау жүргiзiлетiн тауарды
              кедендiк декларациялау

      Ескерту. 39-баптың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Iстi қарау оның кедендiк декларациялауды өткiзуге кедергi жасауға негiз болмайды.
      Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      40-бап. Мемлекеттік кіріс органдарының шет мемлекет (шет
               мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импортын
               есепке алуы

      1. Уәкілетті органның өтініші бойынша істі қарау басталғаннан кейін мемлекеттік кіріс органдары өтем шаралары осы импортқа одан әрі қолданыла алуы үшін шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялаған тауар импортын есепке алуды жүргізеді.
      2. Мемлекеттік кіріс органдары оларға қатысты ісі қаралатын шет мемлекет (шет мемлекеттер одағы) субсидиялайтын тауарлар импортының көлемдері туралы ақпаратты уәкілетті органға ай сайын хабарлап отыруға тиіс.
      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

       41-бап. Шешімдерге шағымдану тәртібі

      Істі қарау кезеңінде қабылданған уәкілетті органның шешімдері мен іс-әрекеттеріне мүдделі тұлғалар сот тәртібімен шағым жасай алады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады