Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi қаулы етедi:
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация қабылдансын.
Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң | |
Председателі | Е. Асанбаев |
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы
ДЕКЛАРАЦИЯ
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi
Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып,
Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып,
Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып,
Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып,
қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып,
iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып,
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды.
1. Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы - егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады.
Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады.
2. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады.
Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады.
3. Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды.
Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық бiрлестiктер, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тарапынан Қазақ ССР-інің конституциялық құрылысына қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттерi, оның территориясының тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланады.
4. Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды әрi ол Қазақ ССР-інде егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік өкiмет билiгiн Қазақ ССР Конституциясы негiзiнде тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады.
Республиканың бүкiл халқы атынан Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң iс-қимыл жасауға правосы бар.
5. Қазақ ССР-інің өз азаматтығы бар және ол әрбiр азаматқа ССРО азаматтығын сақтауға кепiлдiк бередi.
Республика территориясында тұратын азаматтарға олардың қай ұлтқа және партияға жататындығына, тегiне, әлеуметтiк және мүлiк жағдайына, жынысына және дiни нанымына, жұмысының түрiне, тұрғылықты жерiне қарамастан, ССРО Конституциясы мен Қазақ ССР Конституциясында көзделген барлық праволар мен бостандықтарға кепiлдiк берiледi. Азаматтық және ұлттық тең праволылыққа қол сұғу заң бойынша жазаланады.
Қазақ ССР Конституциясы шеңберiнде жұмыс iстейтiн қоғамдық, саяси және дiни ұйымдардың, бұқаралық қозғалыстардың мемлекет және қоғам өмiрiне қатысуы үшiн Қазақ ССР-і тең праволы мүмкiндiктерге кепiлдiк бередi.
Қазақ ССР-і Республика iшiндегi, Республика мен басқа республикалар арасындағы көшу-қону процестерiн реттеп отырады.
6. Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi Республика iшiнде, сондай-ақ Одақтық шартта белгiленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық болады.
Қазақ ССР-і Республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтiк және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкiмшiлiк-территориялық құрылымына байланысты барлық мәселелердi дербес шешедi, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарының құрылымы мен компетенциясын, сондай-ақ Республиканың символдарын белгiлейдi.
7. Республикада мемлекеттiк өкiмет билiгi оны заң шығару, атқару және сот билiгiне бөлу принципi бойынша жүзеге асырылады.
Заң шығару билiгiн Қазақ ССР Жоғарғы Советi жүзеге асырады.
Президент Республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары өкiмшiлiк-атқару билiк болады.
Ең жоғары сот билiгiн Қазақ ССР Жоғарғы Соты жүргiзедi.
Қазақ ССР территориясында оның заңдарының мүлтiксiз және бiрыңғай атқарылуын қадағалауды оның Бас прокуроры жүзеге асырады. Қазақ ССР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi ССРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады және Қазақ ССР Жоғарғы Советi бекiтедi.
8. Қазақ ССР территориясында, оның өз еркiмен Одаққа берген мәселелерiн қоспағанда, Қазақ ССР Конституциясы мен заңдарының үстемдiгi орнатылады, оларды барлық мемлекеттiк органдар, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар, азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар сақтауға және орындауға тиiс.
Қазақ ССР-і өз территориясында Республиканың егемендi праволары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңдары мен оның жоғары органдарының басқа да актiлерiнiң қолданылуын тоқтата тұруға праволы.
9. Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал - Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады.
Қазақ ССР-інде меншiк формаларының алуан түрлi және тең болуы қамтамасыз етiлiп, олардың қорғалуына кепiлдiк берiледi.
Қазақ ССР-і Одақтың, басқа одақтас республикалардың, шет мемлекеттердің, олардың азаматтары мен ұйымдарының мүлiктiк праволарын қорғауға кепiлдiк бередi.
10. Қазақ ССР-і Республиканың Жоғарғы Советiне бағынатын мемлекеттiк ұлттық банк, өзiнiң финанс-кредит жүйесiн құруға праволы, мемлекеттiк бюджетiн дербес қалыптастырады, салық және одақтық-республикалық таможня жүйесiн ұйымдастырады.
Қазақ ССР-і Республика үлесiне сәйкес жалпыодақтық мүліктегi, оның iшiнде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесiне праволы.
11. Қазақ ССР-і Республиканың экологиялық ортасын қорғаудың, табиғи ресурстарды пайдаланудың тәртiбiн, ұйымдастырылуын дербес белгiлейдi, халықтың экологиялық хауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi және өз территориясында экологиялық қатер төндіретін көз болып табылатын кез келген кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, басқа да объектiлердiң құрылысына тыйым салуға және олардың жұмыс iстеуiн тоқтатуға праволы.
Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады.
Қазақ ССР-і одақтық органдардың, одақтас республикалардың және өзге мемлекеттердiң iс-қимылынан, сондай-ақ өз территориясындағы ядролық және басқа полигондардың, әскери-өнеркәсiптік кешен объектiлерiнiң қызметiнен Республика халқының денсаулығына, табиғи ортасы мен экономикасына келтiрiлген зиянды өтетіп алуға праволы.
12. Өздерiнiң ұлттық-мемлекеттiк және автономиялы құрылымдарынан тыс Қазақ ССР-інде тұратын немесе Одақ территориясында ондай құрылымдары жоқ ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерiне қоғам өмiрiнiң барлық салаларында праволық теңдiк пен тең мүмкіндiктерге кепiлдiк берiледi.
Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды.
13. Қазақ ССР Жоғарғы Советi мен Қазақ ССР Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мемлекет хауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға, Қазақ ССР-нің правосы бар.
Одақ Үкiметiмен келiсiм бойынша Республиканың өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының тәртiбi мен шарттарын белгiлеуге, өз территориясында әскерлер мен қару-жарақтарды орналастыру мәселелерiн шешуге правосы бар.
14. Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға правосы бар.
Республика шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын ерiктiлiк пен тең праволылық принциптерiн сақтай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi.
15. Республиканың егеменді праволарын қорғауды Қазақ ССР-і мен Одақ жүзеге асырады. Республиканың ажырағысыз правосын құрайтын мәселелерді шешуге араласудың қандайы болса да оның егемендігін бұзу деп бағаланады.
16. Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің символдары - герб, жалау, гимн - қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады.
17. Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.