*1992 жылғы 2 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 10, 65-құжат.
Осы Келiсiмге Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi мен Ресей Федерациясының Отын және энергия министрлiгi атынан қатысушы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы, бұдан әрi "Уағдаласушы тараптар" деп аталады,
халықаралық норма мен практиканы басшылыққа алып;
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы шеңберiнде бұрын қол жеткiзiлген экономикалық келiсiмдердi дамыта отырып;
Уағдаласушы тараптардың мұнай-газ кешендерi өзара терең интеграцияланғанын және Уағдаласушы тараптар экономикасының көптеген салаларын дамытудың базасы болып табылатынын мойындай келiп;
бiрлескен мұнай нарығын жасау мақсатын басшылыққа алып;
мұнай нарығын қалыптастырудың және оның жұмыс iстеуiнiң бiрыңғай принциптерiн белгiлеу Уағдаласушы тараптардың экономикалық реформасының қажеттерi мен тұтынушыларының мүдделерiне неғұрлым толық сай келетiнiн мойындап;
мұнай бизнесiнде үшiншi елдер жөнiнде ортақ саясат жүргiзу Келiсiмге қатысушылардың мүдделерiне сай келедi және олардың халықаралық байланыстарға қатысуының тиiмдiлiгiн арттыруға көмектеседi деп санап;
мыналар жайында уағдаласты:
1-бап
Уағдаласушы тараптардың территориясында өнiмдердi өңдеу мен көлiктi қоса алғанда мұнай-газ кешенiнiң жұмысын реттейтiн тәртiптердiң, ережелердiң, нұсқаулардың, стандарттардың, техникалық шарттардың және басқа нормативтiк актiлердiң қолданылуы сақталсын. Соның өзiнде Уағдаласушы тараптар өз территориясында қолданылып жүрген мұнай заңдарын бiр iзге келтiру жөнiнде шаралар қолданады және халықаралық нормаларға жақындатуға ұмтылады.
2-бап
Уағдаласушы тараптар мұнай-газ кешенi проблемаларын зерттеу мен игеруде, ғылыми және инженер-техник кадрларын даярлауда қалыптасқан ғылыми-техникалық байланыстарды сақтайды.
3-бап
Уағдаласушы тараптар мұнай-газ кешенiн машина жасау, электртехника, химия және басқа салалардың өнiмдерiмен материалдық-техникалық қамтамасыз етуде бұрынғы байланыстарды сақтауға келiстi. Соның өзiнде бұрғылау және мұнай кәсiпшiлiгiнiң жабдықтары мен материалдарының аса маңызды түрлерiн бiрлесiп өндiру жөнiнде күш-жiгерiн бiрiктiредi.
4-бап
Уағдаласушы тараптар 1992 жылы өзара мұнай, газ және олардан өңделген өнiмдердi өзара берiп тұрудың келiсiлген көлемiн сақтайды. Алдағы уақытта Тараптар мұнай өнiм берiп тұру көлемiн күнтiзбелiк жыл басталардан бiр ай бұрын келiседi және хаттама жасау жолымен түзету енгiзедi.
5-бап
Тараптар мұнай-газ кешенi бойынша бiр-бiрi жөнiнде бiрыңғай баға саясатын жүргiзуге және бағаға түзету енгiзу қажет болған жағдайда бiрiн-бiрi алдын ала хабардар етуге келiстi.
6-бап
Уағдаласушы тараптар магистралды труба құбыры тасымалының ортақ жүйесiн сақтайды және экспортқа берiп тұруды қоса алғанда мұнай мен газ ағысын бөгетсiз жiберiп тұруды қамтамасыз етедi. Соның өзiнде ерекше келiсiлгеннен басқа реттерде ақы төлеу сом арқылы жүргiзiледi.
7-бап
Уағдаласушы тараптардың мұнай өнiмдерi құбыры тасымалының кәсiпорындарының функционалдық қызметi құрылыс салу мен пайдалануда, мұнай өнiмдерiн айдау мен сақтауда, мұнай өнiмдерi құбыры тасымалының пайдаланушылармен және басқа көлiк түрлерiмен өзара iс-әрекетiн қамтамасыз етуде бiрыңғай, келiсiлген техникалық-экономикалық параметрлер негiзiнде жүзеге асырылады.
8-бап
Уағдаласушы тараптар 1992 жылғы 1 қаңтарда қалыптасқан мұнай өнiмдерi құбыры тасымалы кәсiпорындарының технологиялық шекарасын сақтауға келiстi.
9-бап
Тараптар Теңiз-Гурьев-Астрахан-Тихорецк-Новороссийск мұнай құбыры құрылысын аяқтау, сондай-ақ Новороссийск кеме тұрағын тиiсiнше дамыту мәселелерiне назар аудара отырып, ресей кәсiпорындарының Теңiз және Королев кен орындарын игеруге қатысуы туралы мәселенi қарастыруға уағдаласты.
10-бап
Тараптар өздерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасында келiспеушiлiк туа қалған реттерде өкiлеттi органдар тағайындаған жанжал комиссияларын құруға уағдаласты.
11-бап
Тараптар осы Келiсiмдi түсiндiру мен қолдануға байланысты пайда болуы ықтимал даулы мәселелердiң бәрiн келiссөз жүргiзу және консультация алысу жолымен шешуге уағдаласты.
12-бап
Осы Келiсiм 10 жыл мерзiмге жасалады және Келiсiмге қатысушы мемлекеттер қол қойып, бекiткеннен кейiн бiр айдан соң күшiне енедi. Барлық өзгерiстер мен толықтыруларды талқылау және келiсу үшiн Тараптардың кез келгенi жыл сайын, бiрақ күнтiзбелiк жыл аяқталардан кемiнде үш ай бұрын енгiзуiне болады.
13-бап
Орал қаласында 1992 жылғы 23 наурызда екi дана етiп әрқайсысы орыс және қазақ тiлдерiнде жасалған, әрi екi текстiң де күшi бiрдей.
(Қолдары)