"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-2-бабының 12) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес:
1. Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар осы өкімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі аппаратының Сот оқуы және біліктілік емтиханын ұйымдастыру бөлімі осы өкімнің Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы өкім оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы |
Д. Малахов |
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының 2024 жылғы 4 қарашадағы № 1-8/53 өкіміне қосымша |
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясынның ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-2 бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Талаптар Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының (бұдан әрі – Академия) ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарының мазмұнын, қызмет етуін анықтайды.
3. Ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстары Академияның білім беру қызметін ұйымдастыру мен бақылаудың тиімділігі мақсатында, сонымен қатар оқу, ғылыми, тәрбиелік процесінде және инновациялық қызметте Академияның жетістіктерін танымал ету және тәжірибесін тарату мақсатында пайдаланады.
4. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
2) ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстарды басқару - ақпараттық жүйе мен интернет-ресурстың қауіпсіздігі және жұмыс қабілетін қамтамасыз ету;
3) динамикалық ақпарат – бұл ақпарат уақытша сипаттамадағы Академияның ағымдағы қызметін көрсетеді (перспективті дамуы, өзекті оқиғалар, басым бағыттар);
4) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде көрсетілетін мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге түрде бейнелейтін электронды ақпараттық ресурс, біріңғай желілік мекенжайы бар және (немесе) Интернетте істейтін электронды ақпараттық ресурс;
5) контент –ақпараттық жүйе мен интернет-ресурстың мәтіндік, мәтіндік емес немесе медиа мазмұны;
6) қолданушыларды анықтау – электрондық ақпараттық ресурстар мен арнайы бағдарлама көмегімен пайдаланушының жеке басын растауын жүзеге асырылатын рәсім;
7) статикалық ақпарат – ақпарат тұрақты сипаттамасы бар (анықтамалық) Академияның ішкі қызметін көрсетеді (нормативті құқықтық актілер, Академияның құрылымы, ережесі);
8) электрондық құжат – электронды-цифрлық нысанда берiлген және электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған ақпарат ұсынылған құжат;
9) электронды-кітапханалық жүйе – білім беру процесінде пайдаланылатын, тақырыптық және мақсатты белгілері бойынша бірлескен, қосымша сервистермен жабдықталған, құжаттарды іздеу және олармен жұмыс істеуді жеңілдететін және өзге де нормативтік құқықтық актілердің барлық талаптарына сәйкес келетін электронды құжаттар жиынтығы.
5. Талаптар әрекеті Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар мәліметтерін қамтитын электрондық құжаттарға қолданылмайды.
6. Академияның ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарының (басқару) жұмыстарын күні-түні ұйымдастыруды, техникалық қолдауды Академияның тиісті құрылымдық бөлімшелері қамтамасыз етеді.
7. Академияның ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына ақпараттық толтыруларды және оларды жандандыру Академияның тиісті құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
8. Академияның ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарын жандандырудың мониторингін, толтыруды, контент сапасы мен анықтылығын Академияның уәкілетті тұлғасы жүзеге асырады.
2. Ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар
9. Академия өз функцияларын автаматтандыру мақсатында Академияның оқу, ғылыми және инновациялық қызметінің тәжірибесін және жетістіктерін көпшілікке тарату, оларға жүктелген функцияларды іске асыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді құрайды және қолданады.
10. Академияның ақпараттық жүйелері "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 38 бабының 2) тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағындағы қолданыстағы стандарттар, ақпараттық жүйенің циклдық өміріне сәйкес құрылады, дамиды және қолданылады:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында бірыңғай талаптарды және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мониторинг жүйесімен Академияның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігі іс-шарасы мониторингі жүйесінің ақпараттық өзара әрекеттестігі.
11. Академияның ақпараттық жүйесіне мыналар кіреді:
1) электронды-кітапханалық жүйе;
2) қашықтықтан оқыту жүйесі.
12. Академияның электронды-кітапханалық жүйесі кітапханалық процестердің кешенді автоматтандыруды және электрондық каталогтарын, сондай-ақ толық мәтінді деректер базасын құруын қамтамасыз етеді.
Академияның электронды-кітапханалық жүйесі мынадай негізгі модульдерді қамтиды:
әкімшілік ету;
жинақтау;
каталогтау;
оқырман іздеуі;
мақалалар картотекасы;
пайдаланушылар картотекасы;
кітап беру.
13. Қашықтықтан оқыту жүйесі келесі міндеттерді қамтиды: әкімшілік ету;
тіркелу және пайдаланушы рөлін тағайындау;
онлайн-оқыту;
қорытындылау.
Қашықтықтан оқыту жүйесі білім беру бағдарламаларын, оқу жұмыс жоспарларын, оқу-әдістемелік кешендерін, ғылыми-әдістемелік құжаттарын және білім беру мониторингін қамтиды.
Академияның қашықтықтан оқыту жүйесіне тек авторландырылған қолданушылардың: білім алушылардың, профессорлық-оқытушылық құрамның және әкімшілік-басқару персоналдың білім беру порталына қолжетімділігі шегінде қолжетімді.
Авторландырылған қолданушылардың қолжетімділік деңгейін Академия дербес анықтайды.
Қашықтықтан оқыту жүйесінде қолданушылардың авторландыру мен аутентификациялау ақпараттық жүйелерге әкімшілік етуді жүзеге асыратын Академияның тиісті бөлімшесімен қолданушыларды верификациялау арқылы жүзеге асырылады.
3. Интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
14. Академияның интернет-ресурстары мыналарды қамтиды:
1) ақпараттар:
1.1) Академия туралы;
1.2) оқуға түсу туралы;
1.3) білім алушыларға арналған;
1.4) түлектерге;
1.5) зерттеу қызметі туралы;
1.6) ынтымақтастық туралы;
1.7) ақылы курстар туралы;
2) жаңалықтар арнасы;
3) байланыстары.
15. Академияда өткізетін халықаралық іс-шаралар, форумдар, семинарлар, конференциялар, жарыстар, оқу-әдістемелік жиындар туралы ақпарат Академияның интернет-ресурстарына орналастырылады.
Шұғыл және жоспарланбаған іс-шараларды өткізу барысында берілген ақпаратты орналастыру Академия басшылығының нұсқауымен бастамашыны және міндетті түрде себептерін көрсете отырып өткізуге болады.
16. Академияның интернет-ресурстарында орналастырылатын динамикалық ақпарат жаңа ақпараттың келіп түсуіне қарай кезең-кезеңімен жаңартылып тұрады.
17. Академияның интернет-ресурстарында орналастырылатын статикалық ақпараттар тоқсан сайын жаңартылып отырады.
18. Академияның интернет-ресурстарына ақпараттарды орналастыру мен жаңарту тәртібін Академия дербес анықтайды.
19. Академияның интернет-ресурстарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік символдары, сондай-ақ Академияның логотипі орналастырылады.
20. Интернет-ресурстар Академияның Жарғысына сәйкес оның қызметіне қатысты ақпаратты, меншікті ақпараттық ресурстарға, сондай-ақ құқық иеленушілермен жасалған шарттар мен келісімдер негізінде басқа да ұйымдардың ресми сайттар мен жоғары оқу орындарының білім беру порталдарындағы ресурстарға сілтемелерді қамтиды.
Интернет-ресурстарда Академия қызметіне жатпайтын өзге де мәліметтерді орналастыруға жол берілмейді.
21. Интернет-ресурстарда ақпарат мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылады.