Абай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Абай аудандық мәслихатының 2018 жылғы 21 маусымдағы № 32/353 "Абай ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4859 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Абай ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламентінде:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Абай ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының осы Регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.";
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару жөніндегі Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
Абай қаласының, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін Абай ауданы әкімінің Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.";
6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады."
12 және 13-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне беріледі.
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні Абай аудандық мәслихатының қарауына беріледі.
13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл осы регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Абай қаласы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті Абай аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Абай аудандық мәслихатының хатшысы | Д. Сакенов |