"Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті осы бұйрықтан туындайтын қажетті (өзге) шараларды белгіленген мерзімде қабылдасын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр | С. Нұрбек |
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы "15" қыркүйектегі № 45 бұйрығына қосымша |
"Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің
ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құзыреті шегінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Комитет егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттілік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен өз құзыретінің мәселелері бойынша Комитет Төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдерді қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 11-кіреберіс.
9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен мақсаттары
13. Мақсаттары:
1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау.
14. Құқықтары мен міндеттері:
1) Комитеттің құзыретіне жатқызылған салаларда заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
2) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан және азаматтардан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік саясатын қалыптастыру және іске асыру үшін қажетті ақпарат пен материалдарды, сондай-ақ басқа да мәліметтерді сұрату және алу;
3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану мәселелері бойынша түсіндірмелер мен түсініктеме беру;
4) Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
5) өз құзыреті шегінде қоғамдық және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
6) Комитеттің ұйымдастыру-әдістемелік және материалдық-техникалық қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
7) орындалуы міндетті құқықтық актілерді қабылдау;
8) өз құзыреті шегінде консультативтік-кеңесші және сарапшылық комиссиялар құруға құқылы;
9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу;
10) Комитеттің жұмыс жоспарларын бақылауды және орындауды қамтамасыз ету;
11) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
12) Комитеттің құзыретіне жатқызылған салаларда қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асыру және Министрлікке ақпарат беру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеуге міндетті;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу;
2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін жалпы білім беретін пәндер циклі бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеу;
3) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімдерін жүргізу қағидаларын, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және оны алып тастау негіздерін әзірлеу;
4) бейресми білім беретін танылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген ұйымдар беретін формальды емес білім беру арқылы ересектер алған оқыту нәтижелерін тану қағидаларын әзірлеу;
5) бейресми білім беретін ұйымдарды тану қағидаларын әзірлеу және бейресми білім беретін танылған ұйымдардың тізбесін қалыптастыру;
6) мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;
7) оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу;
8) білім беру ұйымдарына қашықтықтан оқытуды ұсыну бойынша талаптарды және қашықтықтан оқыту бойынша және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу;
9) мүдделі орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын әзірлеу;
10) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат беру қағидаларын әзірлеу;
11) экстернат және онлайн-оқыту нысанында оқытуға жол берілмейтін жоғары білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының тізбесін әзірлеу;
12) кадрларды даярлау бағыттары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесін және оқу-әдістемелік бірлестіктерді құру және олардың қызметі туралы ережені бекіту;
13) ұлттық біліктілік жүйесін құруға және Білім саласы біліктілігінің салалық шеңберін және кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қатысу, сондай-ақ кәсіптік стандарттарды ескере отырып, модульдік білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру;
14) медициналық, фармацевтикалық және әскери білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын келісу;
15) педагогикалық және инклюзивті білім беруді жаңғырту, Цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау жөніндегі жұмысты үйлестіру;
16) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, оның ішінде ересектердің формальды емес білім беру арқылы алған оқу нәтижелерін тануы бойынша дуальді білім беруді дамыту бойынша әдіснамалық қолдау көрсету;
17) Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімді әдіснамалық сүйемелдеу, сондай-ақ жоғары білімді интернационалдандыру бойынша жұмысын үйлестіру;
18) өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру (үздіксіз оқыту);
19) білім беруді интернационалдандыру, шетелдік топ-менеджерлер мен ғалымдарды тарту, білім алушылардың академиялық ұтқырлығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын үйлестіру;
20) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша бөлімнің ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруын үйлестіру;
21) қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және қос дипломды білім беруді дамыту жөніндегі жұмысты үйлестіру;
22) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының халықаралық және Ұлттық рейтингтердегі, сондай-ақ шетелдік университеттермен және ұйымдармен жұмысын үйлестіру;
23) шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту және тұрақты форумдар мен халықаралық конференциялар өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
24) Еуропа Кеңесі, Болон процесі Хатшылығы өткізетін іс-шараларға және Болон параметрлерін іске асыру жөніндегі басқа да іс-шараларға Қазақстанның қатысуы жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
25) шетелде, оның ішінде академиялық ұтқырлық шеңберінде оқуға жіберу тәртібін әзірлеу;
26) Болон процесінің орындалуын бақылау жөніндегі жұмыс тобымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ Қазақстанда Болон декларациясының қағидаттарын имплементациялау мәселелері бойынша жұмыс топтарының жұмысын үйлестіру;
27) академиялық тану және ұтқырлық бойынша еуропалық ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің жұмысына қатысу (ENIC-NARIC Network);
28) Болон процесінің параметрлеріне сәйкес жоғары білімнің еуропалық аймағына интеграцияны қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүзеге асыру;
29) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру жөніндегі жобаны іске асыру;
30) шетелдік студенттерді тарту бойынша жұмыстарды үйлестіру;
31) Қазақстанда шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
32) Министрлікке ведомстволық бағынысты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жобалар мен инновацияларды ілгерілету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
33) ведомстволық бағынысты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорларын тағайындау рәсімін үйлестіру;
34) ғылыми-инновациялық және әдістемелік сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ жобалар мен инновацияларды ілгерілету бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына консультациялық қолдау көрсету;
35) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жобалар мен инновацияларды ілгерілету үшін бизнес-қоғамдастықты тарту жөніндегі жұмысын үйлестіру;
36) Ұлттық экономика және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері іске асыратын инвестициялар тарту жөніндегі жобаларды қосу жөніндегі мәселені үйлестіру;
37) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жанындағы эндаумент-қорлардың жұмыс істеуі жөніндегі жұмысты үйлестіру;
38) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің бағыттары бойынша жобалық кеңселерін құру;
39) жобаларды ілгерілетудің халықаралық тәжірибесін қолдану жөнінде ұсыныстар енгізу, сондай-ақ инновациялық сипаттағы халықаралық жобаларға қатысу;
40) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бизнес-инкубаторларды, технопарктерді, инновациялық кластерлерді құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі жұмысты үйлестіру;
41) Министрлікке ведомстволық бағынысты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының корпоративтік хатшылары Директорлар кеңесінің, басқарма мүшелерінің құрамы бойынша ұсыныстар енгізу;
42) Министрлікке ведомстволық бағынысты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорларын тағайындау мен проректорларын тағайындауға келісу жөнінде ұсыныстар енгізу;
43) салалық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлары мен проректорларының кандидатураларын келісу;
44) Министрліктің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде стратегиялық-бағдарламалық құжаттар, операциялық жоспардың және жұмыс жоспарының негізгі бағыттарын әзірлеу, үйлестіру және іске асыру, мониторингілеу;
45) кадрларды қайта даярлауды және педагогикалық кадрлар мен ЖЖОКБҰ басшы құрамының біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
46) білім беру бағдарламаларының топтары және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары бөлінісінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу (квоталау);
47) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларын әзірлеу;
48) стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын әзірлеу;
49) оқытудың кредиттік технологиясын ескере отырып, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін әзірлеу;
50) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібін айқындау;
51) "жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағын беру қағидаларын әзірлеу;
52) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын әзірлеу;
53) мемлекеттік білім беру кредитін беру және орналастыру қағидаларын әзірлеу;
54) еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлеу;
55) қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру қағидаларын әзірлеу және осындай кепілдік беру мөлшерін айқындау;
56) мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедек адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау және төлеу тәртібін әзірлеу;
57) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту және орналастыру бөлігінде білім беру жүйесін басқару органдарын ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
58) қағидаларын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін денсаулық сақтау саласындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды нысаналы даярлауды қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының философия докторларын (PhD) нысаналы даярлау қағидаларын әзірлеу;
59) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді (бұдан әрі-ҰБТ) және кешенді тестілеуді ұйымдастыру және өткізуді үйлестіру;
60) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау қорытындысы бойынша мониторинг жүргізу;
61) Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын әзірлеу;
62) Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларын әзірлеу;
63) еңбек нарығына және жұмыс берушілер күтетін қажеттіліктеріне сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру;
64) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды қабылдау бойынша жұмысты ұйымдастыру, дайындық бөлімдерінің жұмысын үйлестіру;
65) Білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның жұмысын ұйымдастыру;
66) ақылы негізде білім алушыларды мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
67) Комитет жүзеге асыратын көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын әзірлеу және осы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне талдау жүргізу;
68) атаулы стипендияларды тағайындау тәртібі туралы ережені бекіту және студенттерге, магистранттарға және докторанттарға мемлекеттік атаулы стипендияларды тағайындау жөніндегі мәселелерді қарау;
69) шетелдік студенттер мен қазақ студенттері үшін стипендиялық бағдарламаны іске асыру туралы ережені бекіту;
70) қатысушы банк пен оператор немесе оператор мен білім беру ұйымы арасындағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы Үлгілік келісімді әзірлеу және бекіту;
71) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың түрін, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың мемлекеттік үлгідегі нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын әзірлеу;
72) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы білім туралы құжаттарды ресімдеу жөніндегі талаптарды әзірлеу және бекіту;
73) Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету және олардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;
74) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын әзірлеу;
75) маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтардың жұмысты өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе міндетін тоқтату қағидаларын әзірлеу;
76) білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын әзірлеу;
77) жоғары оқу орындарының студенттердің жыл сайынғы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуінің қорытындыларын шығару;
78) Министрлікке ведомстволық бағынысты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлары мен проректорлары үшін шет елдерге іссапарларға рұқсаттар беру;
79) жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл, сондай-ақ академиялық адалдық мәселелерін үйлестіру;
80) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедралардың қызметін үйлестіру;
81) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының республикалық және өңірлік кеңестерінің жұмысын үйлестіру, олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
82) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының статистикалық көрсеткіштерін жинау және өңдеу, сондай-ақ білім алушылар контингентінің қозғалысын, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша сүйемелдеу;
83) З-НК және 1-НК жоғары оқу орындарының мемлекеттік статистика көрсеткіштерін жинау, талдау мен өңдеу;
84) ЮНЕСКО халықаралық статистикасының статистикалық есептілік жинақтарын жыл сайын толтыру;
85) наградаларға ұсыну үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ОПҚ және қызметкерлерінің тізімдерін қалыптастыру;
86) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлары мен проректорларының есептерін кезінде анықтамалық материалдар дайындау;
87) жоғары және (немесе) жоғары оқу орындарының кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін, соның ішінде ауылдық квотаны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа орналастыру мониторингі;
88) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу мониторингі;
89) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында халықаралық және республикалық қоғамдық-маңызды іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
90) студенттер арасында волонтерлікті дамытуды үйлестіру;
91) жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты үйлестіру;
92) Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
93) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы жастардың құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі қызметін үйлестіру;
94) студенттік өзін-өзі басқару органдарының қызметіне мониторинг жүргізу (жастар ісі жөніндегі комитеттер, студенттік парламенттер және т. б.);
95) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында салауатты өмір салтын және жаппай студенттік спортты дамыту жөніндегі қызметін үйлестіру;
96) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларды құқықтық тәрбиелеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
96-1) әкімшілік рәсімдер шеңберінде арыз иелері жолданымдарда көтеретін жүйелі проблемаларға талдау жүргізу және оларды анықтау;
97) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 16.10.2023 № 529 бұйрығымен.3-тарау. Комитет басшысының мәртебесі мен өкілеттігі
16. Комитет басшылығын Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Төраға жүзеге асырады.
17. Комитет Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Комитет Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
19. Комитет Төрағасының өкілеттігі:
1) Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді;
2) Министрлiктiң Аппарат басшысына Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi әзiрлеу бойынша ұсыныстар енгiзедi;
3) Министрліктің Аппарат басшысына Комитет персоналын іссапарға жіберу, біліктілігін арттыру, көтермелеу, оларға тәртіптік жаза қолдану және алып тастау мәлелелері бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) Министрліктің Аппарат басшысына лауазымға тағайындау және лауазымнан босату, сондай-ақ төрағаның орынбасарын және Комитеттің басқа да қызметкерлерін көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
5) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитеттің барлық қызметкерлері орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді шығарады, нұсқаулар береді;
6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жұмысына басшылық жасайды, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;
8) қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін, орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауын бақылайды;
9) Қазақстан Республикасы заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
Төраға болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті және оның аумақтық органдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
_______________________________________________