Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабы 8) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес, Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
2. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Қ. Қ. Беготаеваға жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Павлодар қаласының әкімі | А. Байханов |
Павлодар қаласы әкімдігінің 2022 жылғы "16" мамыр № 774/2 қаулысымен бекітілген |
"Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ) экономика, бюджеттік жоспарлау, стратегиялық бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және қала бюджетін атқару саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Павлодар қаласы әкімдігінің мемлекеттік органы болып табылады.
2. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ ведомстволары жоқ.
3. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік -құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ азаматтық құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 140000, Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Қайырбаев көшесі, 32.
10. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ жұмыс тәртібі: дүйсенбі - жұма күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі-жексенбі.
11. Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілдегі толық атауы: "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: Государственное учреждение "Отдел экономики и финансов города Павлодара".
12. Мемлекет Павлодар облысы Павлодар қаласы әкімдігі атынан "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы болып табылады.
13. Осы Ереже "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ құрылтайшы құжаты болып табылады.
14. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.
15. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
16. Мақсаттары:
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала бюджетін тиімді жоспарлау мен атқаруға, бюджеттік есепке алу мен есептілікті жүргізуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру.
17. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
- Павлодар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және бюджеттің атқарылуы мәселелері бойынша қала бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру;
Павлодар қаласы әкімдігінің және әкімінің қарауына:
- Павлодар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша;
- қабылданған актілерге өзгерістер енгізу немесе Павлодар қаласының даму бағдарламаларын іске асыруға кедергі келтіретін жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар актілерінің күшін жою туралы ұсыныстар енгізу;
- келісім бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, кәсіпорындардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан белгіленген тәртіпте "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер жөнінде ақпарат сұрату және алу;
- қала бюджетінен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының бұзылуын жою қажеттігі туралы ұсынымдар беру;
- мемлекеттік органдарда, соттарда "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ мүддесін білдіру;
- өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасасу;
2) міндеттері:
- азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;
- ҚР заңнамасына және осы Ережеге сәйкес "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ берілген құқықтар шегінде өкілеттілікті жүзеге асыру;
- тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;
- қала бюджетінің атқарылуы бойынша бухгалтерлік және бюджеттік есептің, қаржылық және бюджеттік есептіліктің жүргізілуін үйлестіру;
- Павлодар қаласының бірыңғай мемлекеттік қаржы саясатын жүзеге асыру;
- Павлодар қаласының әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне сәйкес басымдықты ескере отырып, қала бюджетіне түсетін түсімдердің көлемдерін айқындау және қаражатты пайдалану бойынша ұсыныстарды мониторингілеу және жинау;
- электрондық құжат айналымын тиімді пайдалану.
18. Функциялары:
1) әлеуметтік-экономикалық паспортты әзірлеу, Павлодар қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалына талдау жүргізу және ақпарат дайындау;
2) әкімшілердің бюджеттік бағдарламаларды орындауын мониторингілеу;
3) бюджеттік инвестициялық жобалардың және Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының сараптамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесінің негізінде дайындалған инвестициялық жобалардың экономикалық орындылығы, олардың қала экономикасына әсері және стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі тұрғысынан экономикалық қорытындылар әзірлеу;
4) қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясына, сессиясына және әкімдікке Павлодар қаласының даму бағдарламасын іске асыру барысы туралы ақпарат дайындау және ұсыну;
5) қала әкімдігі мен әкімі актілерінің жобаларын қаланың экономикалық, әлеуметтік даму жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкестігіне келісуді жүргізу;
6) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу;
7) Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп алдағы үш жылдық кезеңге арналған қала бюджетінің кірістерін болжауды жүзеге асыру;
8) Павлодар қаласының алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу;
9) қала бюджетін жоспарлау бойынша әдіснамалық басшылықты жүзеге асыру;
10) Павлодар қаласының бюджетін, даму бағдарламаларын бекіту, өзгерістер, толықтырулар енгізу, нақтылау кезінде және өз құзыреті шегінде басқа да мәселелер бойынша қала әкімдігі қаулыларының және қалалық мәслихат сессиялары шешімдерінің жобаларын дайындау;
11) қала жергілікті атқарушы органының резервін жоспарлауды және есебін жүргізуді жүзеге асыру;
12) "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы" мемлекеттік қызметін көрсету;
13) жоспарлы кезеңге арналған қалалық бюджеттің жобасын әзірлеу және тиісті қаржы жылына арналған қалалық бюджетті нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар енгізу;
14) "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде қаланың экономикалық дамуына көмек көрсету;
15) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен өзара қарым-қатынасты жүзеге асыру;
16) Павлодар қаласы әкімдігінің және әкімінің актілерін, оның тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру;
17) жұртшылықпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты байланыс орнату және дамыту;
18) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ қызметінің перспективтік және ағымдағы жоспарларын әзірлеу;
19) қала бюджетінің атқарылуын ұйымдастыру және мониторингін жүзеге асыру;
20) қала бюджеті бойынша міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарын, төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау, бекіту және жүргізу және оларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу;
21) қаланың мемлекеттік мекемелерінің иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарларын келісу;
22) кірістер бойынша түсімдер болжамының жылдық сомаларын бекіту, қаржы активтерін сатудан түсетін бюджеттік кредиттерді және қала бюджетінің қарыздарын өтеу;
23) жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен қаражат бөлу туралы жергілікті атқарушы орган шешімдерінің жобаларына қорытындылар дайындау;
24) жергілікті ауқымда әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда жергілікті атқарушы органның резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатты қарау, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу;
25) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бюджеттік есептілікті, атқарылуы туралы есепті жасау және ұсыну, сондай-ақ қала бюджетінің шоғырландырылған қаржылық есептілігін жинақтау;
26) жоғары тұрған бюджеттерден берілетін бюджеттік кредиттердің мониторингін жүзеге асыру, оларды есепке алу мен қайтаруды қамтамасыз ету;
27) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі әкімшілік ететін сыныптама кодтары бойынша қала бюджетіне түсетін түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын қала бюджетінен қайтаруды және (немесе) есепке алуды қамтамасыз ету;
28) қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашуға, қала бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің кодтарын беруге және жабуға рұқсаттар беру;
29) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджет қаражатын басқару жөніндегі қызметіне бағалау жүргізу үшін деректерді жинау, қалыптастыру және облыстың бюджетті атқару жөніндегі мемлекеттік органына ұсыну;
30) қоғамдық кеңестің отырысында талқылауды өткізу, сондай-ақ қала бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қала мәслихатына және облыстың тексеру комиссиясына ұсыну.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
19. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ басшылықты "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
20. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ бірінші басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
21. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ бірінші басшысының мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
22. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ сектор меңгерушілерін, мамандарын, қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында және бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ қызметкерлерін көтермелеуді, оларға материалдық көмек көрсетуді, тәртіптік жазалар қолдануды жүзеге асырады;
3) бұйрықтар шығарады және "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ барлық қызметкерлерінің міндетті орындауы үшін өзінің құзырына жататын мәселелер бойынша нұсқаулар береді;
4) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ секторлары туралы Ережені, қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ мүддесін білдіреді;
6) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ құрылымын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
7) "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ перспективтік және ағымдағы жұмыс жоспарларын бекітеді;
"Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
23. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.
24. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ алқалы органдары жоқ.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
25. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
"Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
26. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
27. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
28. "Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімі" ММ қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.