Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы "Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы Үлгі ережені бекіту туралы" № 294 бұйрығына сәйкес Тереңкөл ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже (бұдан әрі – Ереже) бекітілсін.
2. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:
бір ай ішінде Ереженің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалына жіберілуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
Аудан әкімі | А. Маңғұтов |
Тереңкөл ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 7 желтоқсандағы № 339/9 қаулысымен бекітілген |
"Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – әкім аппараты) Песчан ауылдық округі әкімінің (бұдан әрі – әкім) қызметін қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында көзделген функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.
2. Әкім аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Әкім аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Әкім аппараты өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
5. Әкім аппараты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес өкілеттілігі болған жағдайда мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Әкім аппараты туралы ережені, оның құрылымы мен штат санының лимитін Тереңкөл ауданының әкімдігі бекітеді.
7. Әкім аппаратының мемлекеттік тілдегі толық атауы - "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде - государственное учреждение "Аппарат акима Песчанского сельского округа".
Әкім аппаратының заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 140609, Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы, Песчан ауылы, Шоссейная көшесі, 5.
8. Әкім аппаратының жұмыс тәртібі келесі тәртіпте белгіленеді: бес күндік жұмыс аптасында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі-жексенбі.
9. Әкім аппаратын Тереңкөл ауданының әкімдігі құрады, қысқартады және қайта ұйымдастырады.
10. Әкім аппараты жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме болып табылады.
11. Әкім аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен әкім аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
12. "Тереңкөл ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі әкім аппаратының құрылтайшысы болып табылады.
2. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мақсаты, қызметінің мәні, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттері
13. Әкім аппараты қызметінің мақсаты ауылдық округ аумағында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша әкімнің қызметін қамтамасыз ету болып табылады.
14. Әкім аппараты қызметінің мәні Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында белгіленген құзыреті шегінде әкімнің өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету және тиісті аумақты дамытудың мүдделерімен және қажеттіліктерімен үйлесімде атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге жәрдем көрсету болып табылады.
15. Міндеттері:
Әкімнің қызметін ақпараттық-аналитикалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу.
16. Функциялары:
Әкім аппараты өз құзыреті шегінде:
жергілікті қоғамдастық жиынының, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының, жергілікті қоғамдастық жиынының және жиналысының шақырылу уақытын, орнын және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді;
жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған және ауылдық округінің әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді;
ауылдық округтің бюджетін жоспарлауды және атқаруды қамтамасыз етеді;
жергілікті қоғамдастықтың жиналысына және аудан мәслихатына ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есебін ұсынады;
ауылдық округінің бюджетін іске асыру туралы шешім қабылдайды;
ауылдық округінің жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиналысының бекітуіне ұсынады;
ауылдық округінің коммуналдық мүлкіне жататын объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырыс беруші болады;
ауылдық округінің жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
ауылдық округінің жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі мәселелері бойынша мемлекет мүддесін білдіреді, ауылдық округтің меншік құқығын (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) қорғауды жүзеге асырады;
сенімгерлікпен басқарушының ауылдық округтің жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;
ауылдық округтің жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін есепке алуды ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
2) Жергілікті қоғамдастық жиынымен келісу бойынша әкім аппараты:
өз құзыреті шегінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
егер Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында өзгеше көзделмесе, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
шешім қабылдайды және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз не кейіннен сатып алу құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;
Тереңкөл ауданы әкімінің келісімі бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларын құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешім қабылдайды;
коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) Мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді қарайды, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында көзделген жағдайларда келіседі және бекітеді;
ауылдық округтің жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітеді;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды.
17. Әкім аппаратының өз құзыреті шегінде:
аудан әкімдігінің, әкімнің және жоғары тұрған ұйымдардың қарауына ауылдық округтің негізгі даму бағыттары, өзекті мәселелерін жедел шешу жөнінде ұсыныстар енгізуге;
мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
мүліктік және мүліктік емес құқықтарды сатып алуға және жүзеге асыруға;
мемлекеттік басқару органдарының, мұрағаттардың, ғылыми мекемелердің ақпараттық деректер базаларын пайдалануға;
шарттар, келісімдер жасасуға құқылы.
18. Өз құзыреті шегінде әкім аппаратының міндеттері:
Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңына сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс, аудан әкімі мен әкімдігінің, ауылдық округ әкімінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау.
3. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметін ұйымдастыру
19. Әкімінің аппаратын басқаруды, әкім аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын ауылдық әкім жүзеге асырады.
20. Ауылдық округтің әкімі Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес қызметке сайланады, қызметінен босатылады немесе өз өкілеттігін тоқтатады.
21. Әкімнің өкілеттіктері:
әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;
жергілікті қоғамдастықтың жиынында немесе жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қабылданған шешімдерді қарайды, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында көзделген бюджет қаражатын үнемдеу және (немесе) түсімдер есебінен қызметкерлерді еңбек шарты бойынша қабылдайды;
мемлекеттік мекемелердің өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді;
аудан әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісім бойынша ауылдық округтің авариялық тұрғын үйлерін бұзуды ұйымдастырады;
мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары аясында ауыл халқына микрокредит беруге жәрдем көрсетеді;
Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексімен белгіленген, ауылдық округ аумағында жасалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза қолдануға құқылы;
өз өкілеттігі шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға міндетті және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін дербес жауапты болады;
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 35-бабында көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
22. Әкім болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
23. Әкім аппараты қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер этикасының нормаларын сақтауын әкім қамтамасыз етеді.
24. Әкім аппараты мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына және ұжымдық шартқа сәйкес белгіленеді.
25. Әкім аппараты мен коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (аудан әкімдігінің атқарушы органы) арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңымен реттеледі.
26. Әкім аппараты мен тиісті саланың уәкілетті органы арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңымен, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңымен реттеледі.
4. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі
27. Әкім аппаратының Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Әкім аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
28. Әкімнің аппаратына бекітіліп берілген мүлік ауылдық округтің (жергілікті өзін-өзі басқарудың) коммуналдық меншігіне жатады.
29. Егер бюджет заңнамасында және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңында өзгеше белгіленбеген жағдайда, әкімнің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруы немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуі мүмкін.
5. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату
30. Әкімнің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
31. Әкімнің аппараты таратылған кезде кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлік аудандық коммуналдық меншікте қалады.
6. "Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы кәсіпорын
32. Әкім аппаратының қарамағында келесі кәсіпорын бар:
"Песчан ауылдық округі әкімінің аппараты Песчан ауылының Мәдениет үйі" мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны.