Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңдарына, Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 2/12-VIII "Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 19/235-VII "Түркістан облысының басқару схемасы туралы" шешіміне толықтырулар енгізу туралы" шешіміне сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі құрылсын.
2. "Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
3. "Түркістан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Б.Д.Тәжібаевқа жүктелсін.
Облыс әкімі | Д. Сатыбалды |
Түркістан обылысы әкімдігінің 2023 жылғы "12" маусымдағы № 118 қаулысына қосымша |
"Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Түркістан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма) Қазақстан Республикасының Түркістан облысы аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, азаматтық қорғау, мемлекеттік шекара, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру салаларда басшылық жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көшесі, ғимарат 20, индексі 161200.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
14. Мақсаттары:
жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру қызметтерін үйлестіру, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша күш құрылымдарымен өзара іс қимыл жасау.
15. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық аткілер қабылдау;
мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрату және алу;
қолданыстағы заңнамаларға және осы Ережедегі функцияларда қаралған басқа да құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
Басқармаға жүктелген функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету;
Басқармаға келіп түскен арыз және шағымды қарау;
Қазақстан Республикасының заңнамаларында қаралған басқа да міндеттер.
16. Функциялары:
1) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсету, облыс аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;
2) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;
3) облыс шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;
4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін облыс шегінде арнаулы құралымдарды құру бойынша облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу және олардың қызметін қамтамасыз ету;
5) әкімшілік-аумақтық бірліктердің жұмылдыру жоспарларын әзірлеу, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келісу және облыс әкімдігіне бекітуге ұсыну, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің шегінде жұмылдыру дайындығы бойынша іс-шараларды өткізу;
6) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға беру;
7) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
8) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
9) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздеу;
11) облыс көлемінде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
12) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тиісті облыс шегінде шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пункттеріне немесе әскери бөлімдерге және арнаулы мемлекеттік органдарға техника беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өздерінің басқаруындағы облыстың коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына береді;
13) облыс шегінде жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасу;
14) жұмылдыру жарияланған кездегі іс-қимылдар тәртібі туралы халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу;
15) халық пен ұйымдарға азаматтық қорғау саласындағы шаралар туралы хабар беру;
16) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру;
17) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;
18) азаматтық қорғауды басқарудың аумақтық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарын құру және оларды ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
19) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;
20) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;
21) төтенше жағдайларды жойғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
22) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;
23) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;
24) игеріліп жатқан кен орындары аудандардағы және сейсмикалық қауіпті өңірлердегі бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
25) құлақтандыру мен хабар берудің техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;
26) облыстың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың авариялық және шұғыл қызметтерінің, азаматтық қорғау қызметтерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік "112" қызметімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру;
27) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету;
28) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын бекіту;
29) дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіруді ұйымдастыру;
30) төтенше жағдайларды болғызбау, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі салдарларды жою және нұқсанды азайту жөнінде шараларды әзірлеу және қолдануды ұйымдастыру;
31) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;
32) әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;
33) облыстың аумақтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыс әкімдігінің бекітуіне ұсыну;
34) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3- тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
17. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
18. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
19. Басқарманың басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
20. Басқарманың басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет жасайды және барлық ұйымдарда Басқарма мүдделерін білдіреді;
2) заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде Басқарма мүлігіне билік жасайды;
3) шарттар жасасады, сенімхаттар береді, Басқарманың жұмыс тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
4) заңда белгіленген тәртіппен меморандумдарға қол қояды;
5) банктерде есеп-шоттар ашады, Басқарманың барлық қызметкерлеріне міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
6) Басқарма қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады, басқарма қызметкерлерін көтермелейді және тәртіптік жазаға тарту шараларын қолданады, басқарма қызметкерлерінің міндеттерін белгілейді.
Басқарманың басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
21. Басқарманың басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі:
Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының "Мамандандырылған базасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.