Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы №122 "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткiзудiң үлгiлік қағидаларын бекiту туралы" бұйрығына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Бәйтерек ауданының аумағында жергiлiктi қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткiзудің және жергiлiктi қоғамдастық жиынына қатысу үшiн ауыл, көше, көппәтерлi тұрғын үй тұрғындары өкiлдерiнiң санын айқындау тәртiбi туралы қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекiтiлсiн.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | Н.Хайруллин |
Бәйтерек ауданы мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы №9-26 шешіміне қосымша |
Бәйтерек ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі туралы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бәйтерек ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі туралы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы №122 "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленді және Бәйтерек ауданының аумағындағы жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің және ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі
3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.
4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
5. Ауылдың, ауылдық округтің әкімі ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын шақырады және өткізуді ұйымдастырады.
Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған кезде көппәтерлі үйдің бөлек жиындары жүргізілмейді.
6. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жергілікті қоғамдастықтың халқын ауылдың, ауылдық округтің әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.
7. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ашудың алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
Кәмелетке толмағандардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысуына жол берілмейді.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдың, ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Ауылдың, ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.
9. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауданның мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының қатысушылары ұсынады.
10. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп есептеледі.
Егер жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында дауыс беру кезінде қатысушылардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, бөлек жиынның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
11. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасына төраға мен хатшы қол қояды және бөлек жиын өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жиын хатшысы тіркеу үшін тиісті ауыл, ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.
Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының өткізілген күні мен орны;
2) тиісті аумақта тұратын және жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;
3) қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;
4) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше тұрғындары өкілдерінің санын айқындау
12. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны төмендегідей айқындалады:
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны:
халық саны 2000 адамға дейінгі елді мекенде 2 өкілге дейін;
халық саны 2000 мен 4000 адам аралығындағы елді мекенде 4 өкілге дейін;
халық саны 4000 адамнан жоғары елді мекенде 6 өкілге дейін.
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің саны:
құрамына 2-3 ауыл енетін ауылдық округтерде 7 өкілге дейін;
құрамына 4-6 ауыл енетін ауылдық округтерде 9 өкілге дейін;
құрамына 7-8 және одан көп ауыл енетін ауылдық округтерде 15 өкілге дейін.