БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 268 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18580 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 27) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 27) тармақшасына сәйкес әзірленді.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) авиациялық бөлім (әскери бөлім, құрылымдық бөлімше) – Қазақстан Республикасы жойғыш, бомбалаушы, шабуылдаушы, көлік, армиялық және оқу-жаттығу мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің (бұдан әрі – ӘК) ұшуын жүргізуді, оларды пайдалануды, жөндеуді және сақтауды жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік мекеме, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҚМ), Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Авиация қызметінің (бұдан әрі – ҚР ҰҚК АҚ) авиациялық басқармасы, бөлімі, авиациялық комендатурасы, авиациялық мүлік қоймасы, құрамына пилотсыз әуе кемесін (бұдан әрі – ПӘК) пайдаланатын бөлімше, сондай-ақ авиациялық персоналды даярлайтын оқу-жаттығу орталығы, ПӘК-ні жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу-жаттығу орталығы кіретін құрылымдық бөлімшелері;
2) авиациялық орнитология – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде фаунаны, экологияны, құстардың әрекеті мен миграциясын зерделеумен, сондай-ақ ӘК-нің құстармен соқтығысуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды әзірлеумен және жүзеге асырумен айналысатын қолданбалы жалпы орнитология пәні;
3) жыл құстары – қыста осы жергілікті жерден басқа жерге ұшып кететін және тек көктемде жұмыртқа салу және ұрпағын шығару үшін қайта оралатын құстар;
4) күрделі орнитологиялық жағдай – ӘК-нің ұшу жолында (ұшу-қону жолағында екпін алу және жүру немесе ұшу траекториясы кезінде) онымен соқтығысуға әкеп соқтыруы мүмкін құстардың болуы немесе пайда болуы;
5) құстар – анағұрлым көп таралған омыртқалы жануарлар тобының бірі, олардың басым көпшілігі ұшуға қабілетті. Қазіргі заманғы есептеулер бойынша құстар түрінің саны 8600-ден аспайды.
Олардың көп түрлілігі, кең таралуы, ұшуы (миграциясы) ӘК үшін елеулі қауіп төндіреді;
6) құстар тобы – ұзақ уақыт бойы ортақ кеңістікте тіршілік ете алатын құстар түрінің жиынтығы;
7) қыстайтын құстар – қыста осы жергілікті жерге ұшып келетін, ал көктемде ұшып кететін құстар;
8) орнитология – омыртқалы зоологияның құстарды, олардың эмбриологиясын, морфологиясын, экологиясын, жүйеленуін және географиялық таралуын зерделейтін бөлімі;
9) орнитофауна – белгілі бір аумақта қоныстанған немесе онда жылдың қандай да бір мезгілінде кездесетін құстар шоғыры;
10) орнитологиялық жағдай – бұл құстардың әуеде және жерде, орны мен уақыты бойынша нақты таралуы, сандық және түрлік құрамы, мекендеу және әрекеті сипаты;
11) отырықшы құстар – осы жергілікті жерде жыл бойы мекендейтін құстар. Отырықшы көшпелі құстарға өте жақын. Сонымен қатар, олар белгілі бір жергілікті жерде тіршілік етеді, бірақ жаздың екінші жартысынан бастап, келесі көктемге дейін қорек іздеумен орын ауыстырып отырады;
12) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету – ӘК-нің құстармен соқтығысуын болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешені.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Іс-шаралар жоспары әуеайлақта (тікұшақ айлағында) және оған іргелес аумақта құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды анықтауды және жоюды, метеобөлімше мамандарымен (бұдан әрі – метеомамандар) авиациялық-орнитологиялық тақырып және ұшуды қамтамасыз етудің өзге де ерекшелігі бойынша сабақ өткізуді қамтиды.";
5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5-1. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарында әуежай басшылығымен келісу бойынша метеомамандар және орнитологиялық қамтамасыз етуге жауапты адамдар тәжірибе алмасу, әуежайдың штаттық авиациялық орнитологымен тікелей өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастыру және құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды анықтау және жою тәртібі жөніндегі іс-шаралар бойынша іс жүзінде тағылымдамадан өтеді.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Метеомамандар, кезекші инженер-синоптик орналасқан әуеайлақта (тікұшақ айлағында) ұшуды қамтамасыз ету кезінде:
1) осы Қағидаларға сәйкес орнитологиялық тұрғыдан ұшу қауіпсіздігі мақсатында ұшуды қамтамасыз етуді;
2) орнитологиялық жағдайды талдауды және болжауды;
3) командирге (ұшу ауысымының жетекшісіне) және ұшқыш құрамына әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) орнитологиялық жағдай туралы ақпарат беруді;
4) ұшқыш құрамына, басшылық тобына, жауынгерлік басқару офицерлеріне (бұдан әрі – ЖБО) және метеорологиялық қызметтің (бөлімшенің), жақын жетекті радиомаркер пунктінің, алыс жетекті радиомаркер пунктінің жеке құрамына консультация беруді және сабақ өткізуді;
5) ӘК-нің құстармен соқтығысуын болдырмау жөніндегі шаралардың дұрыстығын және уақтылы қабылдануын бақылауды жүзеге асырады.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Авиациялық орнитология сабағы жылдың көктем және күз мезгілі алдында өткізіледі. Авиациялық орнитология сабағында:
1) жылдың әртүрлі мезгілінде әуеайлақ және тікұшақ айлағы ауданындағы орнитологиялық жағдай ерекшеліктері (құстардың түрлік құрамы, шоғырлану орны мен ӘК-нің ұшуы үшін қауіп төндіретін ұшып өтетін негізгі маршруттары);
2) осы әуеайлақта (тікұшақ айлағында) ӘК-нің құстармен соқтығысу жағдайын жыл мезгілі, тәулік кезеңі, биіктік бойынша бөлу;
3) әуеайлақта (тікұшақ айлағында) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
4) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы орнитологиялық жағдайды көзбен шолып және радиолокациялық бақылау;
5) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданында құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды жою;
6) экипаждың ұшуда ӘК-нің құстармен соқтығысу ықтималдығы мен қаупін азайту бойынша әрекет етуі;
7) ӘК-нің құстармен соқтығысуы салдары (материалдық залал, ұшудағы қауіпті жағдай) зерделенеді.
Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) ұшу қауіпсіздігін орнитологиялық қамтамасыз ету сабағын ұйымдастыру және өткізу үшін штаттан тыс орнитологиялық комиссияның төрағасы жауап береді.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) аға авиациялық бастығы ұйымдастырады және метеобөлімше, командалық пункт кезекші есептобының жеке құрамы, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімшесі және МТҚ инженерлік-әуеайлақтық (әуеайлақтық-пайдалану) бөлімшесі, старттық наряд адамдары және ұшуды орындайтын экипаж жүзеге асырады.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. ӘК-ні құстармен соқтығысудан сақтандыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін әуеайлақта (тікұшақ айлағында) авиациялық бөлім командирі орынбасарының (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасы, бөлімі бастығы орынбасарының) төрағалық етуімен штаттан тыс орнитологиялық комиссия құрылады және жылына 2 рет ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіледі. Егер әуеайлақта бірнеше авиациялық бөлім (ҚР ҰҚК АҚ басқармасы, бөлімі) орналасса, командирі (ҚР ҰҚК АҚ басқармасы, бөлімі бастығы) осы әуеайлақта үлкен авиациялық бастық болып табылатын бөлім командирі орынбасарының (ҚР ҰҚК АҚ басқармасы, бөлімі бастығы орынбасарының) төрағалық етуімен бірыңғай комиссия құрылады.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға:
1) әскери бөлімнің (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасының, бөлімінің) лауазымды адамдары:
әскери бөлім командирінің орынбасары (жауынгерлік даярлық жөніндегі) – жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы бөлімінің бастығы (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасы, бөлімі бастығының орынбасары);
әскери бөлім командирінің орынбасары (материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі) – материалдық-техникалық қамтамасыз ету (бұдан әрі – МТҚ) бөлімінің бастығы (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасы, бөлімі бастығының орынбасары);
МТҚ бөлімі инженерлік-әуеайлақ қызметінің бастығы (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасының, бөлімінің бастығы, консультанты, аға офицері, МТҚ бөлімшесінің офицері);
байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету (бұдан әрі – РТҚ) торабының бастығы (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасының, бөлімінің, консультанты, аға офицері, РТҚ бөлімшесінің офицері);
штабтың метеорологиялық қызмет бастығы (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасының, бөлімінің аға офицері, метеорологиялық қамтамасыз ету тобының офицері);
2) ұшуды басқару тобының адамдары:
ұшу жетекшісі (бұдан әрі – ҰЖ);
ұшу жетекшісінің көмекшісі;
таяу аймақ жетекшісі;
қону аймағының жетекшісі;
алыс аймақ жетекшісі;
жауынгерлік басқару офицері;
ұшақты қабылдау және ұшыру жөніндегі кезекші;
3) ұшуды қамтамасыз ету тобы:
кезекші инженер-синоптик;
кезекші метеобақылаушы;
қонуға кіретін ӘК-ні бақылаушы;
байланыс торабы объектісіндегі қадағалау бекеті, командалық- диспетчерлік пункт (бұдан әрі – КДП), старттық командалық пункт (бұдан әрі – СКП), радиотехникалық қону жүйесі, радиотехникалық жақын навигация жүйесі, алыс жетекті радиомаркер пункті (бұдан әрі – АЖРМ), жақын жетекті радиомаркер пункті (бұдан әрі – ЖЖРМ);
4) қоршау командасы және орнитологиялық бекеттер;
5) әскери бөлім МТҚ әуеайлақтық-пайдалану бөлімшесі қатысады.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Әскери бөлімнің метеомамандары орналасу әуеайлағында (тікұшақ айлағында) ұшуды қамтамасыз ету барысында:
1) көзбен шолып, аэровизуалды орнитологиялық бақылауды, КДП, СКП, радиолокациялық қону жүйесі, ЖЖРМ және АЖРМ есептоптарынан, қоршау командаларынан, басқа да метеобөлімшеден, ауа райын барлаушылардан және ұшуды орындаған ӘК экипажынан келіп түсетін ұшу және құстардың ұшуы туралы деректерді жинауды. Орнитологиялық жағдайды көзбен шолып бақылауды беруді осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес орнитологиялық жағдай туралы деректерді беру коды (бұдан әрі – МАК – ОЖ) код схемасымен жүзеге асырады;
2) қолбасшылыққа, басқару пункттерінің есептобына, ұшқыш құрамына орналасу және ұшу ауданындағы нақты және күтілетін орнитологиялық жағдай туралы деректерді, ал маусымдық миграция кезеңінде биіктік, маршрут және тәулік уақыты бойынша ұшуды шектеу немесе тоқтату бойынша ұсынымдар мен ұсыныстарды жеткізуді;
3) орнитологиялық бақылау деректерін Әскери-әуе күштері командалық пунктінің метеорологиялық қызметіне (бұдан әрі – КП метеоқызметі), ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқару органына және сұрау салу бойынша басқа да метеобөлімшеге беруді;
4) орнитологиялық жағдайға әуеде және радиолокациялық барлау жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді;
5) әуеайлақты орнитологиялық тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге қатысуды, жылдың әртүрлі маусымында орналасу және ұшу ауданындағы орнитологиялық жағдайдың тән ерекшеліктері туралы анықтамалық деректерді дайындауды және жинақтауды;
6) орналасу және ұшу ауданы орнитологиялық жағдайының карта- схемасын жасауды;
7) ұшатын аппараттардың құстармен соқтығысуына байланысты авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексеруге қатысуды;
8) құстарды әуеайлаққа (тікұшақ айлағына) тартатын факторларды жою бойынша және құстарды үркіту құралдарын пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысуды;
9) орнитологиялық жағдайды бағалаудың және болжаудың, оны көрнекі түрде көрсету нысандарының жаңа тиімді тәсілдерін іздеуді және жұмыс тәжірибесіне енгізуді және басшы және ұшқыш құрамына жеткізуді жүзеге асырады.";
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. КП метеоқызметі мынадай іс-шараларды орындайды:
1) авиациялық бөлімдер орналасқан аудандағы орнитологиялық жағдай туралы, оның ішінде орнитология мәселелерімен айналысатын ұйымдардан (аңшылық шаруашылығынан, қорықтан, шағын қорықтан) деректер жинауды ұйымдастырады және оларды бөлімдер метеобөлімшесіне ортақталықтандырып жеткізуді жүзеге асырады;
2) бөлімде ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етудің жүргізілуіне бақылауды жүзеге асырады және оларға қажетті көмек көрсетеді;
3) ұшу ауданы және ұшу маршруты бойынша күтілетін орнитологиялық жағдай болжамын жасаған кезде метеобөлімшеге консультация және ұсыным береді;
4) жылдың әртүрлі маусымында метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне құстар миграциясы параметрінің (ұшып өту биіктігі, мерзімі, қарқындылығы және басқа) тәуелділігін зерделейді, авиациялық орнитология бойынша ғылыми зерттеулерге қатысады;
5) орнитологиялық тұрғыдан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі әдістемелік құжаттаманы әзірлейді.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) құстарды үркіту құралдарын орналастыру орнын әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) аға авиациялық бастығы айқындайды.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) авиациялық бөлімнің байланыс және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімшесі:
1) құстарға ЖЖРМ және АЖРМ радиолокациялық және көзбен шолып бақылау жүргізуді және нәтижесі туралы ұшуды басқару тобының адамдарына және метеобөлімшеге баяндауды;
2) құстардың ұшуы туралы мәліметтерді беру үшін орнитологиялық бекеттерді (жедел топтарды) байланыс құралдарымен қамтамасыз етуді;
3) құстар тобының ұшуын планшетте (калькада) тіркеуді және ұшу кезеңінде олардағы белгімен айналаны шолу индикаторын суретке түсіруді;
4) командалық пункт, радиолокациялық қону жүйесі есептоптарымен, радиолокациялық жүйе операторларымен және метеомамандармен радиолокатор индикаторында құстарды тану және табу бойынша практикалық сабақ өткізуді жүзеге асырады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Ұшуды қамтамасыз ету кезінде ӘК-нің құстармен соқтығысуын болдырмау бойынша жылына 2 рет ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуге талдау жүргізіледі, ол:
1) көзбен шолып және радиолокациялық бақылау, орнитологиялық тексеру нәтижесі бойынша әуеайлақта (тікұшақ айлағында) және оған іргелес аумақта құстардың жиналу орнын және ұшып өту мерзімін нақтылауды;
2) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданында құстардың шоғырлану және жаппай ұшып өту себебін нақтылауды;
3) ӘК-нің құстармен соқтығысуының анағұрлым жиі қайталанатын жағдайын анықтауды (ӘК типі, ұшу биіктігі мен жылдамдығы, соқтығысу орны, құстардың түрі, тәулік уақыты және жыл мезгілі);
4) соқтығысу салдарын айқындауды (ӘК зақымдануының саны мен сипаты, ӘК-ні жөндеуге, тоқтап тұруға, тоқтатылған ұшуына және мәжбүрлі қонуына байланысты материалдық залал);
5) бөлімшенің ӘК-ні құстармен соқтығысудан қорғау шараларын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін талдауды;
6) көзбен шолып, аэровизуалды, орнитологиялық бақылауды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды;
7) ұшу және әуеайлақ (тікұшақ айлағы), полигон ауданында және ұшу маршрутында құстардың ұшуы туралы деректерді жинауды, қорытындылауды және талдауды;
8) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы орнитологиялық жағдайға радиолокациялық бақылауды ұйымдастыруды және жүргізуді;
9) қолбасшылықты, әуе қозғалысын басқару орталықтарын және ұшқыш құрамын орналасу және ұшу ауданындағы нақты және күтілетін орнитологиялық жағдай туралы хабардар етуді, оның күрделенуі туралы уақтылы ескертуді;
10) құстарды әуеайлаққа (тікұшақ айлағына) тартатын факторларды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуді;
11) әуеайлақтан (тікұшақ айлағынан) құстарды үркіту мақсатында акустикалық, биоакустикалық, пневматикалық, механикалық және пиротехникалық құралдарды қолдануды;
12) ӘК-нің құстармен соқтығысу жағдайын талдауды, құстарды үркітудің жаңа тиімді құралдарын іздеуді және ұшу қауіпсіздігін орнитологиялық қамтамасыз ету тәжірибесіне енгізуді қамтиды.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. ӘК-нің құстармен соқтығысуы туралы деректерді кезекші метеомаман дереу ауызша КП метеоқызметіне және ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқару органына баяндаумен ұшу (ұшып өту) аяқталғаннан кейін 1 сағат ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес әуеайлақта (тікұшақ айлағында) әуе кемесінің құстармен соқтығысуы туралы деректер журналына енгізеді.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. ӘК-ні құстармен соқтығысудан сақтандыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін авиациялық бөлімде әскери бөлім командирі орынбасарының (ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқармасы, бөлімі бастығы орынбасарының) төрағалық етуімен штаттан тыс орнитологиялық комиссия жылына 2 рет әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын көктем (наурыз-мамыр) және күз (қыркүйек-қараша) мезгілінде орнитологиялық тексеруді жүргізеді.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Сонымен қатар, орнитологиялық тексеру:
1) көзбен шолып, аэровизуалды және радиолокациялық бақылау деректері бойынша құстардың саны мен белсенділігі артқан;
2) адамның тіршілік әрекетіне байланысты әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы жағдай өзгерген жағдайда (ауыл шаруашылығы жерін игеру, тұрғын ғимараттарды және бау-бақша кооперативтерін қарқынды салу) жүргізіледі.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Штаттан тыс орнитологиялық комиссия әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданы орнитологиялық жағдайының ерекшеліктерін зерделейді және оның қауіптілік дәрежесін айқындайды, сондай-ақ ӘК-нің ұстармен соқтығысуын болдырмауға бағытталған қажетті алдын алу шараларын қабылдайды.
Әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданына орнитологиялық тексеру жүргізу нәтижесі бойынша акт жасалады, онда тексеру жүргізу уақыты, маршруты, топ құрамы, тексеру нәтижесі көрсетіледі, сондай-ақ:
1) құстарды үркітудің пассив техникалық құралдарының жай-күйі (механикалық және механикалық емес қарақшы, айна элементі мен айналмалы бөлігі бар үркіткіш, жыртқыш құстардың макеті);
2) құстарды үркітудің штаттық (табельдік) акустикалық құралдарының (стационарлық және жылжымалы нұсқадағы құстардың үрейлі шулы даусын, сирена дыбысын жазу трансляторының) болуы және ақаусыздығы;
3) құстарды үркітетін акустикалық қондырғының, ракетница мен аңшы қаруының болуы және ақаусыздығы;
4) бақылау бекеттері есептобының бақылау құралдарымен қамтамасыз етілуі бағаланады.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) штаттан тыс орнитологиялық комиссиясы жылына 2 реттен сиретпей осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әуеайлақта (тікұшақ айлағында) әуе кемесін құстармен соқтығысудан сақтандыру бойынша ұшу қауіпсіздігін орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Жоспарда іс-шараларды орындау мерзімі көрсетіледі.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Профилактикалық іс-шаралар жоспарын орындау мерзімі аяқталған соң әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) штаттан тыс орнитологиялық комиссиясы жүргізілген іс-шаралардың сапасы мен толықтығын, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы орнитологиялық жағдайдың өзгеру үрдісін бағалайды және қосымша профилактикалық шараларды және құстарды үркіту тәсілдерін қабылдау туралы шешім қабылдайды.
Әрбір оқу кезеңінің соңында ӘК-ні құстармен соқтығысудан сақтандыру жөніндегі іс-шаралардың тиімділігі хаттама жасаумен авиациялық бөлім әдістемелік кеңесінің отырысында қаралады.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) орнитологиялық ақпаратты жедел алу мақсатында құстарды бақылау ұйымдастырылады. Құстар мекендейтін жері бойынша шартты түрде бірнеше үлкен топқа бөлінеді:
1) суда жүзетін – тіршілік етуі өзенмен, көлмен және басқа да су айдынымен байланысты (үйрек, қаз, шағала);
2) су маңы – тіршілік етуі ылғалды аумақпен байланысты (балшықшы құс, аққұтан, тырна);
3) дала және шөл дала – құрғақ ашық кеңістігі бар аумақта тіршілік ететін (дуадақ, безгелдек, шіл);
4) орман немесе дентрофильді – тіршілік етуі ағаш өсімдіктерімен байланысты (саңырау құр, құр, сауысқан);
5) ауыл шаруашылығы алқабында тіршілік ететін мәдени ландшафт құстары (қарға, ұзақ, торғай).";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Егер олар осы әуеайлақта (тікұшақ айлағында) құстардың шоғырлануының нақты себебін жоюға немесе оның аумағы арқылы құстардың жиі жаппай ұшып өтуіне мүмкіндік берген жағдайда әуеайлақ (тікұшақ айлағы) төңірегіндегі экологиялық-орнитологиялық жағдайды құстар үшін қолайсыз жағынан өзгерту жөніндегі іс-шара жүргізіледі (әйтпесе, әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) құстар саны артады).
Экологиялық жағдайды, яғни құстардың тіршілік етуі үшін жағдайды өзгерту олардың әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) санын реттеу бойынша анағұрлым тиімді нәтиже береді. Құстарды биоакустикалық, акустикалық, макеттік, пневматикалық, механикалық және пиротехникалық құралдармен, сондай-ақ ату арқылы үркіту уақытша әсер етеді және құстарды тартатын негізгі факторларды жою жөніндегі іс-шараларды ауыстырмайды.
Құстардан арылту жөніндегі осындай іс-шараларды жоспарлау және жүргізу кезінде биологиялық тұрғыдан дұрыс әрекет етпеу жағымсыз, тіпті қарама-қайшы салдар тудыруы мүмкін екенін ескеру қажет, өйткені әуеайлақта (тікұшақ айлағында) бір құстардың орнына ұшу үшін анағұрлым қауіпті басқа құстардың түрі пайда болуы мүмкін.
Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) құстардың аз санынан арылту және ұстап тұру тек экологиялық жағдайды жүйелі, мақсатты түрде өзгерткен кезде мүмкін болады.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. МТҚ инженерлік-әуеайлақ (әуеайлақтық-пайдалану) бөлімшесінің лауазымды адамдары ұшу-қону жолағында (бұдан әрі – ҰҚЖ) құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды жояды, ҰҚЖ-дан және оның жанынан табылған ӘК соғып кеткен құстардың сүйектерін анықтауды және жинауды жүргізеді.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Ұшуды жүргізу кезінде қоршау (орнитологиялық бекет) командасы ҰЖ-дан құстардың шоғырлануы туралы нұсқау алып, дереу ӘК-ге ықтимал қауіп төндіретін құстар анықталған әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағына барады.
Қоршау командасы тегіс ұңғылы (аңшы) мылтықпен, пиротехникалық құралдармен, жарық-сигнал беру ракетницасымен құстардың ӘК-нің ұшуына және қозғалысына қауіп төндірмейтін сәтіне дейін әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағынан құстарды үркіту бойынша әрекет етеді.";
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Көктем-қыс, жаз-күз мезгілінде ұшуды жүргізу кезінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданында құстар жаппай жиналған жағдайда мынадай жерлерге атқыштар қойылады:
1) ӘК-нің қону нүктесіне, ұшып көтерілу нүктесіне (ұшу жолағынан тыс);
2) басқару жолының ҰҚЖ-ға шектескен жерінде ҰЖ-ның "тоқта" командасына дейін.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды жою жөніндегі барлық іс-шара мынадай топтарға бөлінеді:
1) әуеайлақта (тікұшақ айлағында) жүргізілетін;.
2) әуеайлақ маңындағы аумақта жүргізілетін.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) құстардың шоғырлану себебін әскери бөлім МТҚ инженерлік-әуеайлақ (әуеайлақтық-пайдалану) бөлімшесінің лауазымды адамдары жояды.";
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Әуеайлақта және тікұшақ айлағында өткізілетін негізгі іс-шаралардың қатарына мыналар жатады:
1) ұшу алаңы шегіндегі бұта өскіндерін шабу;
2) ұшу алаңындағы шөпті шабу;
3) ұя салу, демалу және түнеу үшін құстарды тартатын әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағына жақын жердегі ағаштар мен бұталарды шабу;
4) көп жылдық бақылауды талдауды және штаттан тыс орнитологиялық комиссияның ұсынымдарын ескеріп, әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) шөпті оңтайлы биіктікке дейін шабу;
5) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) құрылысжайында құстардың ұя салу мүмкіндігін азайту;
6) әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) батпақты (ылғалды) учаскесіндегі мелиорациялық жұмыс, дренаждау және топырақ себу;
7) тамақ қалдығын жабық контейнерде сақтау жолымен асүйдің, асхананың тамақ қалдығына қолжетімділікті жою, құстардан жабық үй-жайда қалдықты толық кәдеге жарату;
8) құстарды аулау үшін тұзақ құру;
9) құстар шоғырланған жерде өлі құстың ұшасы мен тұлыбын орнату;
10) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағын құстарды тартатын ауыл шаруашылығы дақылдары үшін пайдалануға жол бермеу;
11) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында құстарды тартатын жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу;
12) құстардың ұялас лектері орналасқан ағаштардың жоғарғы бұтақтарын құстар ұя салуды бастағанда аралап кесіп тастау немесе су атқыштың көмегімен ұяларды қағып түсіру;
13) әуеайлақтан (тікұшақ айлағынан) 15 километр (бұдан әрі – км) радиуста тамақ қалдықтарын құрту немесе олардың жиналуын болдырмау немесе оларды қоқысқа ұшатын құстар ҰҚЖ-ны және оған баратын жолдарды кесіп өтпейтіндей есеппен жиналған жерден басқа жаққа ауыстыру;
14) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) қоршайтын дәнді дақыл егілетін ауыл шаруашылығы алқабын тек түнгі уақытта жырту және қайта жырту;
15) әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) бақылау нүктесінен 15 км жақын қашықтықта ӘК-нің ұшуы үшін қауіпті құстардың жаппай жиналуына ықпал ететін аң өсіретін ферманы, қасапхананы және басқа да объектіні, сондай-ақ құстардың жаппай жиналуына ықпал ететін қосалқы шаруашылықты (шошқа қорасын, сиыр қорасын, құс фермасын, аң фермасын, балық тоғанын) салуға жол берілмейді;
16) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) маңындағы аумақ арқылы ұшып өтетін құстардың жиналу орны болып табылатын әуеайлаққа жақын шағын су тоғандарын құрғату;
17) құстардың жаппай ұя салатын, демалатын және түнейтін орны болып табылатын әуеайлаққа (тікұшақ айлағына) жақын орналасқан жағасы биік су тоғанындағы шөпті шабу;
18) құстарды үркіту құралдарын (зырылдауық, қарақшы, үркіткіш) жасау және жөндеу;
19) осы Қағидаларға 3-қосымша әуеайлақта (тікұшақ айлағында) құстарды үркіту құралдарын орналастыру схемасына сәйкес әуеайлақта құстарды белсенді үркіту құралдарын орнату және орналастыру;
20) ұшу кезеңіне бекеттерді бөлу (қоршау командасы құрамынан) және оларды құстарды үркітуге арналған құралдармен қамтамасыз ету.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Құстарды әуеайлақтан (тікұшақ айлағынан) үркітуді әскери бөлімнің МТҚ инженерлік-әуеайлақтық (әуеайлақтық-пайдалану) бөлімшесі әртүрлі құралдардың (биоакустикалық қондырғының, қарудың, ракетницаның, пиротехникалық құралдардың, пневматикалық пистолеттің, механикалық үркіткіштің, айналы шардың, лазерлік қондырғының, өлген құстар ұшасының, тарсылдақтың, газды зеңбіректің, жыртқыш құстар макетінің, өрт сөндіру машинасының, жалаушаның және өзге де құралдардың) көмегімен өрт қауіпсіздігі жөніндегі шараларды сақтаумен және қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаумен жүзеге асырады.";
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Әртүрлі шөп түрі де, олардың тұқымы да құстарды тартады. Сондықтан әуеайлақтағы (тікұшақ айлағындағы) шөп жамылғысының нақты құрамын зерделеу және оның құстар үшін тартымдылығын айқындау және бөлім орнитологиялық комиссиясының актісінде көрсету қажет.
Құстарды тартатын шөптер болған кезде оларды біртіндеп ауыстыруды көздеу мақсатқа сәйкес болады. Әрбір әуеайлақ (тікұшақ айлағы) үшін шөп қоспасының құрамын климаттық ерекшелікті және осы жергілікті жердегі құстардың түрлік құрамын ескеріп таңдаған жөн (мысалы, гүлдеген беде жәндіктерді, демек, жәндікпен қоректенетін құстарды тартады. Тұқым көгершін, құр үшін азық болады, ал жапырақ суда жүзетін құстардың азығы болады).";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) және әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында құстардың жиналуына ықпал ететін жою жөніндегі іс-шаралар тек жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша жүргізіледі.";
35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"35. Әуеайлақта және тікұшақ айлағында құстарды аулау тұзақпен, тормен, өрмек тормен, қақпанмен, ұйықтататын заттармен және басқа да құралдармен жүргізіледі.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Әуеайлақта және тікұшақ айлағында құстарды аэровизуалды, көзбен шолып және радиолокациялық (болған кезде) бақылау жүргізіледі.
Көзбен шолып бақылау құстардың саны, әрекеті және түрлік құрамы туралы ақпаратты жинаудың негізгі тәсілі болып табылады. Оған метеобөлімшенің, ЖЖРМ және АЖРМ, МТҚ және РТҚЕ бөлімшесінің жеке құрамы тартылады.
Көзбен шолып бақылау КДП-да, командалық пунктте, СКП-да, метеорологиялық алаңда, ЖЖРМ-да және АЖРМ-да орналасқан бақылау пункттерінен таңғы және кешкі уақытта 2 сағаттан және түскі уақытта 1 сағаттан жүргізіледі. Сонымен қатар, осы мақсат үшін ұшуды жүргізу күндері арнайы бекеттер қойылады.";
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Көзбен шолып бақылау кезінде бақылаушы жергілікті және миграцияланатын құстардың түрлік құрамын және сандық арақатынасын дәл анықтайды, ала бұлтты ауа райында және күндізгі уақытта әуеайлақта және тікұшақ айлағында көзбен шолып бақылау екі түрге бөлінеді:
1) сағат сайын бақылау тәуліктің жарық уақытында сағат сайын жүзеге асырылады (әрбір сағаттың басында 5-10 минуттан);
2) авиацияның ұшуы уақытында жедел бақылау.
Көзбен шолып бақылау метеорологиялық бақылаумен бір уақытта, ал ЖЖРМ-да және АЖРМ-да ҰЖ қолбасшылығының нұсқауы бойынша жүзеге асырылады.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Көзбен шолып бақылау уақытында аспанның көрінетін бөлігі және қоршаған жергілікті жер тексеріледі, бұл ретте ұшып көтерілу және қону бағыты бойынша ҰҚЖ-ға іргелес аумаққа анағұрлым көп назар аударылады. Метеорологиялық алаңдағы кезекші бақылаушының жауапкершілік аймағы 1,5 км радиусты, ал КДП-да, СКП-да, жақын жетекті радиомаякта, алыс жетекті радиомаякта 1 км құрайды. Әуеайлақта (тікұшақ айлағында) көзбен шолып бақылау үшін жауапкершілік аймағының көлемін бақылаушы дүрбісіз осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес құстарды бақылау бойынша жауапкершілік аймағын орналастыру схемасында көрсетілген көлемі орташа жалғыз құсты және ұсақ құстардың шағын тобын ескеріп, белгілеген мақсатқа сәйкес болады.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Үлкен топта құстардың саны кейін барлық топты қайта санаумен олардың бір бөлігіндегі саны бойынша айқындалады. Бұл ретте құстардың саны топтың мөлшеріне байланысты: шағын, орташа және үлкен топ (5-20, 20-50, 50-100 құс) – онға дейін; ірі топ (100-ден астам құс) – жүзге дейін, ал 1000-нан астам құс бар топ – мыңға дейін дөңгелектенеді.
Бақылаушы өз әуеайлағындағы (тікұшақ айлағындағы) жергілікті (отырықшы) және миграцияланатын құстардың негізгі түрлерін зерделейді. Ұшып өтетін таныс емес құстар анықталған кезде бақылаушы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес жерде, осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес ұшуда және суда құстардың бейнесі бойынша шамамен алғандағы мөлшерін көрсетуі қажет: кішісі – торғайдан бастап, орташасы – көгершіннен бастап, ірісі – қаздан бастап. Бақылау нәтижесі осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес АВ-20 нысаны бойынша арнайы орнитологиялық бақылау журналына жазылады.";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Жедел орнитологиялық бақылау тек ұшу кезеңінде жүзеге асырылады. Оны жүргізу тәртібі мен уақытын ҰЖ әрбір ұшу ауысымына белгілейді. Метеорологиялық алаңдағы, ЖЖРМ-да және АЖРМ-да бақылаудан басқа құстарды жедел бақылауды ҰЖ көмекшісі, КДП кезекші синоптигі, қонуға беттейтін ӘК-ні бақылаушы, арнайы қойылған бекеттер, сондай-ақ старттық наряд пен қоршау адамдары жүргізеді.";
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Бақылаушылардың негізгі міндеті – нақты орнитологиялық жағдайды үздіксіз қадағалау және ол туралы ҰЖ-ға уақтылы баяндау. Бұл ретте ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін орнитологиялық жағдайдың күрделенуін уақтылы анықтау ерекше маңызды.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Құстарды радиолокациялық бақылауды штаттық радиолокациялық құралдар болған кезде осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес РЛС экранында құстардан көмескі жарықты сәйкестендіру ерекшеліктерінде көзделген радиолокациялық станция (бұдан әрі – РЛС) индикаторларының экранында құстар тобының көмескі жарығын тану бойынша кезекші есептоптар жүзеге асырады.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Орнитологиялық тұрғыдан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуеайлақта және тікұшақ айлағында штаттық РЛС құстарды бақылауды жүргізу үшін негізгі техникалық құралдар болып табылады. Оларға мыналар жатады:
1) табу және бағыттау РЛС, ұшу биіктігіне байланысты 25-30-дан 60-70 км дейін сенімді табу аймағы;
2) диспетчерлік радиолокаторлар, 500 метр (бұдан әрі – м) биіктікте ұшатын құстарды сенімді анықтау аймағы 15-20 км шегінде болады;
3) қондыру жүйелері, 2000 м дейінгі биіктікте 1 – 15 км дейінгі қашықтықтағы құстарды табу аймағы.
Курстық және қондыру локаторы құстар мен қонуға беттеген ұшақтың жағдайын бір уақытта айқындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл радиолокациялық жүйеде қону аймағының басшысына ҰЖ-ны, ал қажет болған кезде ұшқышты құстармен қауіпті жақындасу туралы ескертуге және оған курс пен биіктікті өзгерту туралы немесе екінші айналымға кету туралы команданы уақтылы беруге мүмкіндік береді.";
47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"47. Құстарды аэровизуалды бақылау және жағдайды бағалау әдісі құстарды көзбен шолып бақылауға, олардың түрлік құрамын, санын, шоғырлану ерекшеліктері мен ұшу сипатын, топта жас құстардың болуын және басқа да маңызды сипаттамаларды айқындауға мүмкіндік береді. Тікұшақты немесе көлік ұшағын пайдаланып, құстарды бақылау және орнитологиялық жағдайды бағалау елеулі аумақта салыстырмалы түрде аз уақытта жүргізіледі және алынған нәтиже ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел пайдаланылуы мүмкін. Тек ұшатын ғана емес, ағашта, жерде немесе суда қонып отырған құстарды бақылау жүргізіледі.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Орнитологиялық жағдайды анықтау немесе нақтылау мақсатында әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) аумағын және тікұшақта (ұшақта) ұшу ауданын аэровизуалды тексеруді жылдың ауыспалы маусымында және ұшуды ұйымдастыру кезеңінде орнитологиялық жағдай күрделенген кезде жүргізу ұсынылады.
Тікұшақ (көлік ұшағы) бортында білікті бақылауды жүргізетін бақылаушының немесе орнитологтың болуы толық және сапалы орнитологиялық деректерді алуға мүмкіндік береді.";
49-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) деректерді қолбасшылыққа, ҰЖ-ға, КП метеоқызметіне және ҚР ҰҚК АҚ авиациялық басқару органына баяндау.";
52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"52. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) орнитологиялық тексеру орнитологиялық жағдай сипатын, құстардың ұшу бағыты мен биіктігін, олардың тәуліктік белсенділігі мен маусымдық миграциясы сипатын, жиналатын құстардың саны мен түрлік құрамын, олардың әрекетіндегі ерекшеліктерді (ұя салу, тамақтану, демалу) анықтау, сондай-ақ әуеайлақ және тікұшақ айлағы ауданында құстардың шоғырлануына ықпал ететін жағдайды анықтау мақсатында жүзеге асырылады.";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Іс-шараларды жоспарлау кезеңінде әуеайлақтың орнитологиялық комиссиясы орнитологиялық жағдайды алдын ала бағалауды жүргізеді, алдағы әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы құстарды еліктіретін факторларды жою жұмысының көлемін белгілейді.
Орнитологиялық жағдайды алдын ала бағалау барысында соңғы 5-7 жылда әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданында ӘК-нің құстармен соқтығысу статистикасы талданады, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы алдыңғы экологиялық-орнитологиялық зерттеу деректері зерделенеді, соңғы айдағы орнитологиялық жағдайды көзбен шолып, әуеден және радиолокациялық бақылау нәтижесі қорытындыланады.";
54-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"54. Орнитологиялық жағдайды алдын ала бағалау нәтижесі бойынша әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын орнитологиялық тексеру жоспары жасалады, оны әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) аға авиациялық бастығы бекітеді.
Әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын орнитологиялық тексеру жоспарында:
1) жерүсті орнитологиялық тексеру маршруттары;
2) құстарды көзбен шолып және радиолокациялық бақылау жауапкершілігі аймағы (секторы);
3) орнитологиялық тексеру процесінде пайдаланылатын жерүсті және су көлігінің түрі;
4) құстарды бақылауға тартылатын радиолокациялық құралдар;
5) құстардың тәуліктік миграциясын анықтау уақыты (таңертең, түске таман және кешкі сағатта);
6) тексеруді жүргізу мерзімі және жауапты адамдар көрсетіледі.";
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"55. Әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын орнитологиялық тексеру автомобильді, қайықты және басқа да көлік құралын пайдалана отырып, 1-2 тәулік ішінде құрамы 3-5 адамға дейін мамандар тобының орнитологиялық жағдайды жерүсті және аэровизуалды зерделеуі жолымен жүзеге асырылады.";
56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"56. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) орнитологиялық тексеру процесінде ұшу алаңын жерде тексеру, сондай-ақ әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) бақылау нүктесінен 4-6 км радиустағы жергілікті жерді және әуе кеңістігін тексеру жүзеге асырылады, бұл ретте:
1) әуеайлақта (тікұшақ айлағында) тұрақты тіршілік ететін, жем және демалуға қолайлы орын іздеп жиі ұшып келетін, аялдап ұшып өтетін немесе әуеайлақ және тікұшақ айлағы ауданына кездейсоқ ұшып келген құстар саны мен түрлік құрамы белгіленеді;
2) әуеайлаққа және тікұшақ айлағына жақын қаратағандардың, ұзақтардың қарғалардың, торғайлардың, көгершіндер мен бірқатар басқа да құстардың ұя салатын аудандары айқындалады;
3) құстарды әуеайлаққа (тікұшақ айлағы) тартатын факторлар анықталады, оған: тамақ қалдығын төгетін жер, ҰҚЖ ауданындағы биік шөп жамылғысы, әуеайлаққа жақын жерде элеватордың, саяжай кооперативінің, ауыл шаруашылығы алқабының, жеміс бағының, жүзімдіктің болуы, жаңбырлы ауа райында бетонды басқару жолағында және ҰҚЖ-да жаңбыр құрттарының көп мөлшерде жиналуы, жергілікті жердің батпақты учаскесінде ұсақ жәндіктердің таңертең, кешке және жауын-шашынды күндері шоғырлануы жатады;
4) құстардың тәуліктік ұшуының белсенділігі нақтыланады, олардың ұя салатын, түнейтін, күндіз болатын және жиналу орындары белгіленеді;
5) құстардың жем іздеп ұшатын бағыттары айқындалады.";
57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"57. ҰҚЖ-ға жақын жергілікті жерді орнитологиялық тексеру аяқталғаннан кейін әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы (ұшу және қону курстары, полигондар, шағын биіктіктегі маршруттар) жергілікті жердің анағұрлым қашық учаскелерін тексеру жүргізіледі. Ең бастысы, бұл кезеңде тексеру радиолокациялық және жерүсті тәсілдерімен жүргізіледі.";
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"58. Орнитологиялық тексеруді жүргізу уақытында әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданында құстардың ұялас лектері анықталған жағдайда мынадай мәліметтер тіркеледі:
1) ұялардың орналасуы (жерде, шөпте, қоймада, ағашта, қамыста);
2) құстарға жем беру орындары (су тоғаны жанында, аң фермасында, қоқыс үйіндісінде, ауыл шаруашылығы алқабында);
3) лектің жасы;
4) құстар санының жылдық динамикасы (ұлғаяды, төмендейді, ауытқиды, өзгермейді);
5) лек орналасқан жердің күзетілу дәрежесі (қорық, қаумал, санитариялық аймақ);
6) лек маңайындағы адамдар қызметінің түрі (жидек жинау, аң аулау, мал жаю, ауыл шаруашылығы жұмысы);
7) адамдар тарапынан алаңдаушылық дәрежесі (күшті, әлсіз, жоқ);
8) лектегі құстар санын санау мынадай әдістермен жүргізіледі:
шағын лектер болған жағдайда барлық ұяны даналап қайта санау;
басқа жағдайда кейіннен лектің барлық алаңына алынған мәліметтерді экстраполяциялаумен қандай да бір алаңдағы барлық ұяны қайта санау. Бұл ретте құстардың әртүрлі тығыздықта ұя салу орнында лектің ортасындағы және шегіндегі 1 шаршы метрдегі (бұдан әрі – ш.м) ұя саны ескеріледі, содан кейін лектің барлық ауданына экстраполяцияланатын 1 ш.м орташа тығыздығы шығарылады.
Су тоғандары әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) бақылау нүктесінен 5-20 км радиуста орналасқан кезде олар қайықтан немесе су тоғанының жағасында өсіп тұрған ағаштардан немесе өзге де биік жерден дүрбінің көмегімен зерттеледі.
Су тоғандарын тексеру кезінде:
су тоғанының алаңы;
жағалау түрі (жайпақ, тік, тік жарлы, жырылған, құмды, лайлы, сазды, қиыршық тасты, жартасты);
жерүсті және су өсімдіктерінің басым құрамы;
қоға, қамыс және құрақ өсінділерінің болуы;
су қоймасының ашықтығы (жағасында ағаш және бұта өсімдіктерінің болуы).
Мұз жабынының қатуы мен бұзылуының орташа күндері нақтыланады.";
61-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"61. Құстардың жылдық белсенділігінің әртүрлі кезеңінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын орнитологиялық тексеру әдістемесі осы іс-шараларды жоспарлау және жүргізу кезінде ескерілуі қажет белгілі бір ерекшеліктерге ие.";
64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"64. Әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданын орнитологиялық тексеру жөніндегі іс-шаралар аяқталғаннан кейін әуеайлақты (тікұшақ айлағын) тексеру актісі жасалады және ӘК-нің құстармен соқтығысуының алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешені дайындалады.";
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"65. Әуеайлақта құстарды үркітуге саны көп әртүрлі құралдар – биоакустикалық қондырғының, қарудың, ракетницаның, газды зеңбіректің, тарсылдақтың, айналы шардың, тордың көмегімен қоршау командасы құрамынан адамдар, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету жеке құрамы тартылады.
Құстарды үркітудің анағұрлым орынды құралдарын таңдау және қолдану орнитологиялық жағдайдың жергілікті ерекшеліктеріне сүйене отырып, әрбір әуеайлақта (тікұшақ айлағында) жүзеге асырылады. Бұл ретте мыналар ескеріледі:
1) кез келген үркітетін затты үздіксіз немесе тым жиі қолданған кезде уақыт өте келе құстардың оған үйренуіне байланысты оның тиімділігі төмендейді;
2) үркітудің бірнеше тәсілін бір уақытта (мысалы, апат айқайын ойнату және ракетница мен қарудан ату, үркітетін заттарды орнату және ракетницадан ату) немесе оларды кезектесіп қолданған кезде үркіту тиімділігі артады;
3) құстар миграция уақытында (көктемде және күзде) анағұрлым тез үріккіш болып келеді, бұл кезеңде көптеген құс аумаққа әлі үйренбейді;
4) жергілікті құстар (әсіресе жазғы уақытта) үркіту құралдарының әсерін аз қабылдайды, бірақ көктемде және күзде оларды әуеайлақтан (тікұшақ айлағынан) үркіту қажет, өйткені олар жиі миграцияланатын құстардың жиналуына себеп болып табылады;
5) ракетницадан ату және биоакустикалық үркіту кейде құстардың әуеге көтеріліп, ұшып кетпес бұрын біраз уақыт (1-2 минут) үркіту орнын айналып ұшуына әкеледі, бұл ӘК-нің ұшуына одан да үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты, үркітудің осы тәсілдерін ӘК-нің ұшуына (қонуына) дейін 5-10 минут бұрын қолдану не ҰҚЖ-дан 150 м қашықтағы құстардың тобын уақытша үркітпеу керек.";
66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"66. Биоакустикалық үркітуді (құстардың үрейлі шулы даусын дауыс зорайтқыш арқылы ойнатуды) байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету жеке құрамы жүзеге асырады. Бұл ретте осы бөлімше биоакустикалық қондырғыға регламенттік жұмысты уақтылы жүргізумен оның сақталуын және дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз етеді.";
67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Әуеайлақта және тікұшақ айлағында мынадай төрт типті биоакустикалық қондырғы қолданылады: стационарлық (дауыс зорайтқыш ұшу алаңына немесе ЖЖРМ-ға орнатылады), жылжымалы (барлық аппаратура жеңіл автомашинаға орнатылады), жартылай жылжымалы (аппаратура арнайы арбаға орнатылады, аппаратураны қосу және ажырату радио арқылы жүргізіледі) және алып жүретін.";
72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"72. Биоакустикалық үркіту тиімділігі төмендеген жағдайда өрт қауіпсіздігі шараларын сақтаумен және қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаумен шынайы қауіпті көрсетумен (яғни ракетницадан, аңшы қаруынан атумен) сигналды ауыстыру керек.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"76. Құстарды әуеайлақтан (тікұшақ айлағынан) әртүрлі заттардың (тарсылдақ, жалауша, өлі құстардың ұшасы және тағы басқа) көмегімен үркіту құстардың тұрақты жиналатын орнында (құстардың жиналу себебін жоюға болмайтын жағдайда) жүргізіледі. Осы заттарды орнатуды әскери бөлім әуеайлақ бөлімшесінің лауазымды адамдары (әскери қызметшілер, азаматтық персонал) жүзеге асырады, бұл ретте олар жергілікті биологиялық мекемелерден келген орнитолог-мамандардың ұсынымдарын басшылыққа алады.";
79-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"79. ӘК қону курсына беттеген кезде ұшу басқару тобынан күрделі орнитологиялық жағдай туралы ақпаратты алғаннан кейін әуеайлақта (тікұшақ айлағында) немесе құстарды көзбен шолып тапқан кезде экипаж:
1) сақтықты күшейтеді;
2) егер олар бұрын қосылмаған болса, қону шамын қосады;
3) қажет болған кезде ҰЖ-ға баяндап, екінші айналымға шығады.";
80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"80. Ұшуға шешім қабылдау алдында ӘК командирі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы және ұшу маршрутындағы орнитологиялық жағдайды ескереді.
Орындау стартында ұшу басшылығы тобынан орнитологиялық жағдайдың күрделенуі туралы ақпаратты алғаннан кейін ӘК командирі ұшуды орындау мүмкіндігін бағалайды. Мұндай жағдайда ұшу шамды қосумен жүргізіледі.".
1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) осы бұйрықты қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы басқару органдарының басшыларына жүктелсін.
3. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
Р. Жақсылықов |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі |